Интеграция – дифференциацияға тура қарама – қарсы процесс. Интеграция - өзіндік тілдік ерекшеліктері бар қауымдардың бір – бірімен жақындасуларының, араласып біругулерінің нәтижесі.
Бір – бірімен жақындасып бірігетіндер, араласып тоғысатындар белгілі бір тілдің жеке диалектілері болуы да, туыстас, тіпті ешқандай жақындық қатынасы жоқ тілдер болуы да мүмкін.Екіншіден, интеграциялық процесс тілдердің бір – бірімен достық ынтымағы негізінде немесе бірін екіншісі күштеу, ассимиляциялау негізінде жүруі де мүмкін.
Интеграцияның күшке, теңсіздікке негізделген түрі – жеңіп алған, күшпен бағындырғандар мен жеңілген, бағынышты болғандардың тілдері арасында болады.Билеуші үстем қауымның тілі де үстемдік етеді.Ол қатынас жасаудың, пікір алысудың негізгі құралы есептеледі де, бағынышты қауым оны білуге, үйренуге міндетті болды.Ресей мен оның отары болған түрткі халықтары, солардың бірі қазақ халқы арасындағы жағдай осы айтқандардай болды.
Тілдің қоғаммен тығыз байланыстылығын бір кездерде өмір сүрген халықтардың, мемлекеттердің жойылуымен бірге олардың тілдерінің жойылғандығынан да байқауға болады.Қоғам тарихы мұндай фактілердің талайын біледі.Ассирия, Вавилон мемлекеттерінің, мәдениеттерінің құрып жойылуымен бірге, аккад тілі де жойылды.Хеттар мемлекетінің жойылуымен бірге оның халықтары сөйлеген несит, лувий, палай, хетт деп аталатын бірнеше ұсақ тілдер де жойылды т.б.
Тілдің кейде қауымның артында қалатыны, одан көбірек өмір сүретіні де болады, бірақ ондай тілде даму болмайды.Ол қолдану аясы өте тар, белгілі бір мақсатта, өте шағын топ арасында ғана қолданылатын тілге айналады.Католиктер тіліне айналған көне латын тілі, Орта Шығыста қолданылған классикалық араб тілі және Үндістанда қолданылған санскрит тілі т.б. дәл сондай тілдер.
Тілдің диалектілік, әлеуметтік жіктері туралы мәлімет беру.
5. Тілдік жағдаят (ситуация). Бір тілдің немесе бір территориялық - әлеуметтік ортада қызмет ететін тілдер тобының белгілі географиялық аймақ, болмаса саяси - әкімшілік құрылым шегінде өмір сүру формасының жиынтығы тілдік жағдаят деп аталады. Тілдік жағдаят - әлеуметтік тіл білімінің зерттейтін мәселесі. Тілдік жағдаяттың бірнеше типологиялық түрі бар, олар сандық, сапалық және бағалық белгілері арқылы анықталады.
Тілдік жағдаяттың сандық белгілеріне: тілдік жағдаятқа қатысты тілдердің саны, олардың әрқайсысында сөйлеушілердің саны, қоғамдық қатынаста әр тілдің қолданылу аясының мөлшері, қолдануда басым тілдердің саны т.б. жатады.
Тілдік жағдаят біркомпонентті (бір ғана тілден тұратын) болуы мүмкін, бірақ бұл сирек кездесетін құбылыс.Мысалы, Исландияда тек бір тілде сөйлейтіндіктен, ондағы тілдік жағдаят бір тілге ғана байланысты.Тілдік жағдаяттың көпкомпонентті болуы жиі кездеседі.Ондай жағдайда тілдердің демографиялық, қарым – қатынастық қуатты тең немесе әр түрлі дәрежеде болуы мүмкін.Мысалы, Бельгиядағы тілдік жағдаятта француз және нидерланд тілдері тең дәрежеде қызмет етеді.Ал, Батыс Африка елдеріндегі тілдік жағдаят әр түрлі сипатта: демографиялық қуаты жағынан жергілікті тілдер басым да, қарым – қатынастық қуаты жағынан Еуропа тілдері басым.
Тілдік жағдаяттың сапалық белгілеріне: тілдік жағдаятқа қатысты тілдердің бір тектес немесе әр тектес болатыны; тілдердің функционалдық сипаты тең немесе тең емес екендігі; мемлекет аумағында басымдық ететін жергілікті тіл ме, әлде кірме тіл ме екендігі жатады.Мысалы, Мали Республикасында француз тілі, Ганада ағылшын тілі басымдық етеді.
Тілдік жағдаяттың бағалық белгілері қарым – қатынастық қызметі, көркемдігі, мәдени қадірі жағынан тілді басқа ұлт, халық өкілдерінің немесе оның байырғы иелерінің бағалауына байланысты.Бұдан тілдің сырттай және іштей бағалануы келіп шығады.Тілді (тілдерді) іштей бағалау нәтижесінде белгілі тілдік ортада өзінің ана тіліне оң көзқарас қалыптасады.Қалыптасқан тілдік жағдаятқа байланысты бұрынғы Кеңестер Одағындағы ұлттық республикаларда билингвизм қалыптасты.Орыс тілі ұлтаралық қатынас құралы болумен бірге қоғамдық қарым – қатынаста да басым қолданылды.
6. Билингвизм. Көп ұлтты мемлекеттерде әр түрлі ұлт өкілдері бір – бірімен қатынас жасау үшін, өзінің ана тілінен басқа тілді де, өзімен аралас – құралас халық тілін де білу қажеттігі туады.Сөйтіп, өздерінің күнделікті өмірінде олар екі немесе одан да көп тілдерді жарыстыра қолдана береді.Осыдан барып екітілдік немесе көптілділік пайда болады.Ол – тіл білімінде билингвизм деп аталады.
Екі немесе одан да көп тілді қолданушылар жеке адамдар болуы да, бүкіл этникалық қауым болуы да мүмкін.Кеңестер Одағы – көп ұлтты мемлекет болды.Мұндағы әр түрлі ұлттар бір – бірімен қарым – қатынас жасау үшін, орыс тілін пайдаланды.Сөйтіп, орыс тілі – орыс ұлтының ана тілі болуымен қатар, екінші жағынан, Кеңес заманында халықтардың ұлтаралық тіліне де айналды.
Әр түрлі этникалық бірліктегі адамдардың бір – бірінің тілін білуі немесе ортақ тілді білуі олардың арасындағы қарым – қатынасты, бірлікті күшейтеді.Өйткені тіл бірлігі – халықтар қарым – қатынасында шешуші дәнекерлік қызмет атқарады.
Қазіргі замандағы халықтардың көпшілігінің екі тілді болуы, тіпті кейбіреулердің басқа тілге біржола ауысуы – ана тіл деген атаудың ұғымында да өзгерістер енгізе бастады.Қазір де ана тіл деген атауды бұрынғыша ұлттық тіл, этникалық, ұлттық бірліктің белгісі деп түсіну - әрдайым дұрыстыққа жатпайды. Өздерінің төл, тума тілін тастап, бөтен тілді ана тілім деп санаушы этникалық топтар, адамдар аз емес.Ол ол ма, тіпті бір жанұядағы адамдардың әрқайсысының әр түрлі тілді ана тіл деп жүргендері де бар. Бұл, негізінде, өзара некелескен әр түрлі этникалық бірлік өкілдерінің отбасында жиі кездеседі. Мұндайлардың ана тілім дейтіндері – олардың қай ұлтқа, қандай этникалық бірлікке жататынының көрсеткіші, белгісі бола алмайды. Сондай – ақ, белгілі бір тілдің бірнеше этникалық, ұлттық бірліктерге ортақ тіл болу фактілері де өмірде жиі ұшырайды. Бұл туралы басқа тарауларда айтылады. ұл жағдайлар тіл бірлігі, тіл тұтастығы дегенді этникалық, ұлттық бірліктің кепілі, соның көрсеткіші, белгісі дегенді байқап қолданудың қажеттігін аңдатады.
7. Креол тілдер. Африка, Оңтүстік – Шығыс Азия, Океания, Латын Америкасы жеріндегі Испания, Португалия, Франция отаршыларының ұрпағы – креолдардың тілдері. Креол тілдердің пайда болуы тілдердің пиджинделу процесімен, яғни пиджин (ағылшынның бұрмаланған business іс сөзінен) тілдердің қалыптасуымен байланысты.Бұл процесс жергілікті халық тілдері мен одан тегі бөлек келімсектер тілдерінің қарым – қатынасындағы (тоғысуындағы) тілдік жағдаятқа байланысты туған. Пиджин тілдер бір кездегі отарлау саясатына байланысты еуропалық келімсектер тілінің жергілікті этностар тілімен үнемі және жаппай қарым – қатынасы жағдайында жаңарып өзгеруінен пайда болған тілдер. Пиджиндерді еуропалық тілдердің табиғи, тарихи дамуының нәтижесі деп қарауға болмайды. Пиджинделу процесі кезінде келімсектер тілінің тілдік құрылымы елеулі өзгеріске түсіп жеңілдетіледі, жергілікті этностар тілінен кейбір формаларды, сөздерді қабылдайды.Мысалы, креол тілге жергілікті этнос тілінің кірмелер тілінде жоқ 2-3 фонема қабылдануы мүмкін. Креол тілдерінің көпшілігінде сөз түрлендіргіш парадигматика кездеспейді т.б.
Осылайша пиджин өзінің құрылымын жеңілдете отырып, қарым – қатынастық қызметін кеңейтеді де, этностың ана тіліне айналады.Сөйтіп, пиджиндер негізінде пайда болып, жергілікті этностардың ана тіліне айналған креол тілдер қалыптасады. Креол тілдер оларды қолданған этностардың келесі ұрпақтары үшін де ана тілі болып есептеледі. Креол тілдер мен пиджиндердің өздерінің бастапқы байырғы негіз тілдерімен генетикалық байланысы үзілмейді, белгілі дәрежеде олар байырғы негіз тілдерді жалғастырушы болып табылады.Бірақ креол тілдер мен пиджиндердің даму процесінің эволюциялық қалпы бұзылады.Креол тілдерге айналу процесі креолдану болып табылады.Еуропа елдеріндегідей оларды қолданатын тілдік ұжым жоқ.Олар жергілікті жердегі аралас, әр текті халық арасында этносаралық қарым – қатынас құралы қызметін атқарып, аймақтық – типологиялық тілдік құрылым ретінде танылады.
Қазіргі кезде 50 шақты пиджин немесе тілдік тұлғалары пиджинделген тілі бар.Олардың негізінде қалыптасқан креол тілдер Африка, Оңтүстік – Шығыс Азия, Океания, Америка жерінде тараған. Кейбір үлкен аймақтарда креол тілдер койне (тілдің функционалдық бір түрі) түрінде, кейбір жерлерде (Папуа – Жаңа Гвинея) ресми тіл дәрежесінде қызмет атқарады.Креол тілдер мен пиджиндердің зерттелуі 19 ғасыр соңынан басталады.
8. Әлемдік тілдер. Тіл басқалығы барлық дәуірде де адамдар қарым – қатынасына бөгет болған. Халық оны бірін – бірі түсінбесін, күш біріктірмесін деп сыртқы бір кереметтің адам баласына әдейі істеген дұшпандық әрекеті деп түсінген. Осы бөгеттен құтылудың жолын халықтар ежелгі заманнан бастап – ақ іздестірген. Бірыңғай ортақ тілдің болуын өзіне дейінгі қоғамдық формациялардың қай – қайсынан да көбірек қажет еткен – капиталистік қоғам. Ол капиталистерге кәсіпорындарындағы жұмыстарды жолға қою, отар елдерде сауда – саттық істерін дамыта түсу үшін қажет болды.
Қоғамның, ғылым мен техниканың, халықтар қатынасының дамуы түрлі халықаралық кеңестердің, ұйымдардың, информацияның молаюы әлемдік тілдің болуын қай замандардағыдан да молырақ қажет етуде.
Қазіргі заманда кейбір ұлтаралық тілдердің бір мемлекет шеңберінде қалмай, дүгие жүзінің түрлі аймақтарына таралу фактілері бар.Мұндай тілдер қоғам дамуының барлық дәуірінде бірдей болған емес, тіл қызметінің әлемдік дәрежеге көтерілуі ол тілдің иесі болып табылатын халықтың халықаралық қатынастардағы салмағына, орнына, ғылыми, мәдени, шаруашылық өрісіне байланысты болады.Антикалық Еуропада латын тілінің бүкіл Еуропа халықтарына канондық тіл болғаны сияқты, араб тілі де ислам діні тараған аудандар үшін канондық тіл болған, 17-18 ғасырларда жер шарының әр түрлі аймақтарына кең тараған испан, француз, неміс тілдері болса, 19 ғасырда мұндай дәрежеге ағылшын тілі, 20 ғасырда орыс тілі көтеріліп отыр.Бірақ бұл тілдер халықаралық деп аталғанымен, олардың ешқайсысы да әлемдік тіл болған жоқ.Алайда, бұл бағыттағы ізденістер толассыз жүріп жатыр.Сондай ізденістің нәтижесінде бірнеше жасанды, көмекші тілдердің жобасы ұсынылды.Солардың ішіндегі ең елеулісі
- волапюк, эсперанто деп аталатындар.Мұның алғашқысы - әлемдік тіл деген мағынаны білдіретін ағылшынның вола, пюк деген екі сөзінің бірігуінен жасалған.Бұл жобаны 1880 жылы неміс католигі Шлейер жасаған.Кейбір әдебиеттерде бұл жасанды тілді 200 мыңдай адам қолданған дегенді айтады.Бірақ волапюк өріс ала алған жоқ.
Жасанды тілдер ішінде көптеген елдерде тарап, кең етек алған қазіргі түрі эсперанто деп аталады. Эсперанто 19 ғасырдың екінші жартысынан бері қарай белгілі болып келеді.Оны қалыптастырушы және оған осы атауды беруші – поляк дәрігері Заменгоф.Ол 1887 жылы жарық көрген «Лингвоинтернация» (халықаралық тіл) деген кітабына эсперанто деген бүркеншік атты автор еткен. Эсперанто үміттенуші деген мағынаны білдіреді.Асылы, Заменгоф өз жобасына әлемдік тіл болады деп сенетіндігін білдіргісі келген болу керек. Эсперанто келе – келе осы атпен дүниенің төрт бұрышына тегіс тарады, бастапқы түрі біраз өзгерістерге ұшырап, жетіле де түсті.Бұл күнде эсперантомен шұғылданушылар саны едәуір артты, ел – елде бұл жасанды тілді зерттеуші, таратушы арнаулы одақтар құрылды.Кейбір мәліметтерге қарағанда, 56 елде эсперантистердің ұлттық бірлестіктері бар көрінеді.Бұлар бірнеше рет халықаралық эсперантолық конгрестер, конферанциялар өткізген.25 – тей радиостанция эсперанто тілімен хабар таратып тұратын көрінеді. Эсперанто тілінде оқулықтар, әр түрлі зерттеу еңбектері, жобалар, журналдар шығарылған және шығарылып та тұрады.Лондондағы арнаулы эсперанто кітапханасында осы тілде жазылған 30 мыңдай еңбек жиналған көрінеді.Россияда эсперанто одағы 1920 жылы құрылып, жұмыс істеп келеді.
Эсперантоның тілі жеңіл де қарапайым.Оның сөздік құрамы үндіеуропа және басқа да тілдерге белгілі ортақ сөздер негізінде жасалған. . Эсперантода не бары 16 грамматикалық ереже, 40 – қа жұрнақ пен сөз алды қосымша бар.Әліппесі латын графикасы негізінде жасалған, ол 28 таңбадан тұрады.Ғылыми – техникалық терминдер есебінен эсперантоның сөздік қоры молайып отырады: түбір сөздер саны 1887 жылы 927 болса, 1970 жылы 16000-ға дейін көбейген.
Эсперанто – нағыз тіл емес, тілге көмекші, тәжірибе ретіндегі дүние.Оның сипаты мен мәні, қызметі, болашағы туралы ғалымдар арасында бірізділік жоқ. Эсперантоның тар шеңберлігі, материалдық құрылымының тапшылығы, тым қарапайым жұпынылығы, қызметтік мүмкіндік өрісінің тарлығы оның болашағына күдікпен қарауды арттыра түседі.
Ұлтаралық қатынастардың, билингвизмнің қазіргі даму барысы әр ұлттың өз туған тілі шеңберінде ғана қала алмайтынын, өз тілімен қатар ұлтаралық тілді де жете меңгеру қажеттігін байқатып отыр.Әр түрлі ұлттардың бір – бірімен бөгетсіз қатынас жасау қызметін атқарушы ұлтаралық тілдер қазірдің өзінде де жер шарының біраз аймақтарында қалыптасқаны белгілі.Көп ұлтты мемлекеттерде халықтардың өмірлік қажеттілігі туғызған осы фактілерді ескере отырып, ғалымдар халықаралық қатынастар жолында зор қырсық болып отырған тілдік бөгетті адам баласы бұзбай қоймайды, сөйтіп, халықтардың барлығына ортақ әлемдік тілдің қалыптасатыны даусыз, бірақ бұл міндетті эсперанто сияқты жасанды, көмекші тіл атқара алмайды, әлемдік тіл нақтылы бір тілдік фактілер негізінде пайда болмақ, бірақ оның қандай тіл болатынын қазір тап басып айту қиын дегенді айтады.
Ұлттық өзгешелік, ұлттық тіл дегендердің тарихи категория екендігін, дүние жүзінде коммунистік қоғамның жеңуімен ол өзгешеліктердің де бірте- бірте жойылатынын, сөйтіп, адам баласының бүкіләлемдік бір тілде сөйлейтінін марксизм классиктері айтқан.В.И.Ленин ешбір ұлтқа, ешбір тілге артықшылық берілмесін дей келе, социализмнің негізгі мақсаты – адам баласының ұсақ мемлекеттерге бөлшектенуін, ұлттардың оқшаулығын жою ғана емес, олардың қосылуын да көздеу деген болатын. В.И.Лениннің бұл айтқандарын бүкіл Кеңес тіл ғалымдары өз жұмыстарында басшылыққа алуға, бағдарлама деп түсінуге міндетті болды.Түптеп келгенде, Л.Брежневтің Ресей отарындағы ұсақ ұлттардың дербестігін жойып, орыс халқының құрамына қосып, Совет халқы деген бір ғана атаумен атауды ұсынуы да, Н.Хрущевтің коммунизмге Кеңес одағы құрамындағы ұсақ ұлттар тілдерін жойып, бір ғана тілде, орыс тілінде, сөйлеп жетуін уағыздауы да жоғарыда келтірілген В.И.Ленин өсиетінен туындаған болатын.
Белгілі бір этникалық топ немесе ұлт өкілдері арасында қатынас құралы қызметін атқаратын ортақ тілді – жалпыхалықтық тіл деп атаушылық бар.Бірақ бұлай атаудан жалпыхалықтық тіл тұтас, бөлшектенбейтін, абсолюттік бірліктегі құбылыс деген ұғым тумайды.Тілдің жалпыхалықтық оның құрылымдық, жүйелік тұтастығында, грмматикалық құрылысы мен дыбыстық жүйесінің және сөздік құрамының негізгі салаларының бірыңғайлығында, сөйлеу, дыбыстау, интонация дағдыларының бір тектестігінде.Ал, жеке сөздерді, жеке дыбыстарды, кейбір сөздердің мағыналарын түсіну жағынан алғанда, жалпыхалықтық тіл бір қалыпты бола бермейді.
Өйткені тіл өзін пайдаланушы қауымның сөйлеу әрекеті тәжірибесінде қалыптасып дамиды.Ал, тілді қолданушы қауым мүшелері әлеуметтік жағынан да, кәсібі, білімі, рухани өрісі жағынан да, жасы, жынысы жағынан да біркелкі емес.Мұндай өзгешеліктің жалпыхалықтық тілді қолдануда белгілі шамада болса да, ала – құлалық туғызбай қоймайтын табиғи нәрсе.
Сондықтан да жалпыхалықтық я бірыңғай ұлттық тіл дегенді абсолюттік бірліктегі тіл деп түсіну жөн емес.Ондай тіл өмірде болған емес және болмайды да.Өйткені тіл дамуының бүкіл тарихы бойында екі түрлі факторлар – тіл тұтастығын, тіл бүтіндігін сақтайтын факторлар мен оны жарықшақтайтын, өзгешелік тудыратын факторлар жарыса жүріп отырады.Жалпыхалықтық тілде түрлі нұсқалар туғызатын да осы ерекшеліктер.Тіл білімінде жиі қолданылатын сөйлеу тілі, кітаби тіл, әдеби тіл, жергілікті диалект, говор (сөйленіс), кәсіби тіл, жаргон дейтіндер жалпыхалықтық тіл ішіндегі жоғарыда айтылғандардай қызметтік, әлеуметтік көріністердің, түрлердің атаулары.Бұлар жалпыхалықтық тілдің жеке көріністері ғана екеніне қарамастан, бір – бірінен елеулі өзгешеліктері де болады.
9. Сөйлеу тілі мен кітаби тіл. Бұлардың екеуі де бір ғана этникалық бірлік тілінің жеке көріністері, олар бөлек – бөлек тілдер емес, тіл біреу – ақ, сондықтан оларды тіл демей, стиль, яғни сөйлеу тілі стилі, кітаби стиль деген жөн.Дәстүрге айналған атауды бұзбау үшін ғана «тіл» деп отырмыз.
Ауызекі сөйлеу де, кітаби немесе жазба тіл де жалпыхалықтық тіл қызметінің екі түрлі көрінісі, екі түрі.Сөйлеу тілі – алғашқы, кітаби – жазба тіл – соңғы.Бұл алғашқының негізінде қалыптасады, соның материалдарын пайдаланады.Сөйлеу тілі тілдік мәтін жасаушылардың сандық шамасына қарай монолог, диалог немесе полилог деп аталатын түрлерге бөлінеді. Монологта тілдік мәтін жасаушы бір ғана адам болады, ал, тілдік туынды екі я одан да көп адамдардың қатынасымен жасалса, диалог немесе полилог деп аталады.
Тілдік мәтінді мағынасына, айтылу мақсатына қарай филипика (ызалы, қаһарлы сөз), полемика (сөзбен қағысу), панегирик (көпірме сөз) деп бөлуге де болады.
Ауызекі тілде қалыптасқан дәстүрден ауытқушылық (речевой хаос) бола береді.Мұнда тілдік материалдарды екшеп, іріктеп қолдану талғамында да шалағайлықтар, жұпынылық, үйреншіліктілік мол, диалектілік, жаргондық, тіпті кейде тұрпайылық сөз қолданыс кездеседі.Жазба қалыптасқанға дейінгі ауызекі тілдің анағұрлым сымбатты түрі – фольклорлық туындылар болады.
Кітаби – жазба тіл болу үшін жазудың, баспа орнынаң болуы шарт.Бұларсыз кітаби – жазба тіл болмақ емес.Сөйлеу тілі мен кітаби – жазба тіл этникалық бірлік тілінің екі түрлі көрінісі, екі түрі дедік.Негізінен алғанда, солай екені рас, бірақ кітаби – жазба тіл этникалық бірлік тілі негізінде болмай, жат жұрттың кірме тілі болуы да мүмкін.Еуропа халықтарының ұзақ замандар бойына жазба тіл етіп латын тілін, бірсыпыра шығыс халықтарының араб тілін пайдаланғаны жоғарыда айтылады.Қандай негізден туғанына қарамастан, кітаби – жазба тілдің сөйлеу тілінен едәуір өзгешеліктері болады.Ондай өзгешелік, ең алдымен, бұлардың қолданылу орындары мен қызметтік мақсаттарында кездеседі. Кітаби – жазба тіл мемлекет басқару істерінде, ғылымда, көркем туындыларда қолданылады да, ауызекі тіл, негізінде, күнделікті тұрмыс мүддесіне қызмет етеді.Тіл қызметінің бұл екі түрі айтылған ерекшеліктерін күні бүгінге дейін сақтауда.
Жат жұрт тілі негізінде қалыптасқан кітаби – жазба тіл тек оқыған ат төбеліндей азшылық арасында ғана қолданылады және соларға түсінікті болады, жалпы халық оны қолдана білмейді, түсінбейді де.
Қазіргі заман тіл білімінде кітаби тіл дегенді өз ішінен әр түрлі стильдерге (тілдерге) бөлушілік бар.Олардың қатарына ғылыми – публицистикалық, көркем туындылар тілі (дұрысы – стилі), соңғысын өз ішінен прозалық, драмалық, поэтикалық тіл (стиль) деп бөледі.Мұндай стильдерге бөлушілік ұлттық әдеби тілдің қалыптасуына байланысты соңғы замандарға пайда болған.
Ежелден келе жатқан ауызекі тіл мен кітаби – жазба тілді бір – біріне қарсы қоя қарау әдеби тілдің, оның әр алуан стильдік түрлерінің тууына байланысты кейінгі замандарда анағұрлым күрделене түсті.Қазіргі заманда бір – біріне қарсы қойыла қаралатындары әдеби тіл, жергілікті диалект, жаргондар.
10. Әдеби тіл. Ұлттық тілдің бір белгісі онда міндетті түрде жазба әдеби тіл болады.Әдеби тіл – ұлт тілінің ең жоғарғы түрі, оның өңделген, жөнделген, ең үлгілі саласы. Әдеби тіл – жалпыхалықтық тіл маржанын жинақтап, сұрыпталған, екшелген, қызметке бай, әлеуметтік сипаты мен стильдік ерекшеліктері мол сала.
Әдеби тіл дегеннің не екенін түсіндіруде бірізділік жоқ. «Общее языкование» деп аталатын акдемиялық еңбекте «әдеби тіл дегеннен оның қандай формада іске асуына (жазба түрде ме, ауызекі ме) қарамастан, кез келген тілдің өңделген, екшелген түрі түсініледі», - деп жазады.Бұған қарағанда әдеби тіл дегенді тек жазба тіл деп түсінбеген жөн.Ал, басқа көптеген әдебиеттерде әдеби тіл жазба тілмен тығыз байланыста қаралады.
Әдеби тіл дегеніміз, негізінде, жазба тіл.Оның қалыптасуы жазба тілдің қалыптасып, дамуымен тығыз байланысты.Сөз жоқ, тілдік материалдарды іріктеп, екшеп, өңдеп қолдануға талаптанушылық қай дәуірде болса да және сөйлеу тілінде де бола береді.Жазба тілдің жоқ кезеңдерінде кең етек алған фольклорлық туындыларда тілдік материалдарды екшеп, іріктеп, өңдеп қолдану болмады деу жөн болмас, алайда, ауызекі тілдегі өңдеу, екшеулер мен жазба әдеби тілдегі өңдеу, екшеулер бір емес.Мұндағы өңдеу – жөндеулер, екшеп іріктеулер - әлдеқайда жетілген, бір ізге түсіп орныққан, бүкіл тілдік қауым таныған, қабылданған, барлығына бірдей міндетті үлгігі, нормаға айналған өңдеулер.
Әдеби тіл жазба тіл негізінде қалыптасып, орнығып, халық арасына кең тарағаннан кейін, ол тек жазба түрде ғана емес, ауызекі сөйлеу тілі арқылы да іске асып отырады. Әдеби тіл дегеніміз – жалпыхалықтық, біртұтас ұлттық тілден мейлінше бөлек жатқан дүние емес; ол солардың өңделген, жетілген, жоғарғы сатысы, жалпыхалықтық тілдің диалект, сөйленіс, жаргон, ауызекі тіл сияқты қызметінің бір түрі. Әдеби тіл де тарихи құбылыс.Сондықтан ондағы өңдеу, екшеп, іріктеп қолдану дегендердің дәрежесі барлық тілдерде және барлық дәуірде бірдей болмақ емес, олар да төменгі дәрежеден жоғары сатыға біртіндеп көтерілмек.
Ұлттық тілде әдеби тілдің болуы шарт болғанымен, әдеби тіл болу үшін ұлттық бірліктің болуы міндетті емес. Әдеби тіл ұлттық бірлікке дейін де бола береді.Ол дәуірдегі әдеби тіл оны қолданушы қауымның тарихи жағдайына, мәдени дәрежесіне қарай белгілі бір жергілікті диалект негізінде қалыптасуы да немесе күшпен енген жат жұрттықтар тілі болуы да мүмкін.
Әдеби тіл кенеттен, ғайыптан пайда болмайды.Ол бұрыннан бар белгілі тілдің негізінде жасалады. К.Маркс пен Ф.Энгельс «Неміс идеологиясы» дейтін еңбегінде ұлт тілі мен әдеби тіл қалыптасуының үш түрлі жолын көрсетеді.
1. Бұрыннан бар халықтық тіл негізінде қалыптасады.Мұндай әдеби тіл әр халықтың өзіне тән тума төл тілі болып есептеледі.
2. Әр түрлі ұлттардың, олардың тілдерінің араласып будандасуы негізінде белгілі бір тіл бірнеше ұлттар әдеби тілдерін қалыптастыруға негіз болуы мүмкін.Мысалы, мамандардың айтуына қарағанда, Латын Америкасында тұратын жиырма шақты ұлт, ұлт тілі әдеби тіл ретінде испан тілін пайдаланады; ағылшын тілі ағылшындардың да, солтүстік американдықтардың да, канадалықтар мен новозеландиялықтардың да ұлттық тілі; неміс тілі немістердің де, австриялықтардың да; португаль тілі португальдықтардың да, бразилиялықтардың да ұлттық тілі т.б. Тіл білімінде бұлар ортақ тілдер деп аталады.Әрине, негізіне ортақтық жатқанымен, бұл ортақ тілдердің әр ұлт ішінде қолдануларында, нормасында бір – біріне ұқсамайтын өзгешеліктер болмай қоймайды.
Мұндай ортақ тілдер әр ұлттың өз ішінде ұлттық бірліктің белгісі, көрсеткіші болғаны болмаса, ұлттар аралығы тұрғысынан алғанда, ол өзін қолданушы әр түрлі этникалық топтардың бір тұтастығының, бір ұлттығының көрсеткіші, кепілі бола алмайды.
Өзара туыстас, төркіндес, бір – бірімен тығыз байланысты диалектілірдің шоғырлануы негізінде қалыптасады.Мұндай жағдайда ол диалектілер ішіндегі басқаларға қарағанда жалпылық, ортақтық сипаты молырақ бірі ұлттық әдеби тілдің қалыптасуына негіз болуы мүмкін.Қазақ әдеби тілі осылай қалыптасты.
Жазба тіл деген бар да, жазу деген бар.Бұл екеуі өзара жақын болғанымен, бір ұғымды білдірмейді.Жазба тіл – баспасөз тілі, ғылым – білім тілі.Ал жазу - әліппе, ойды қағаз бетіне түсіру үшін қолданылатын таңбалар жиынтығы.Жазу болған жердің бәрінде қалыптасқан жазба тіл, әдеби тіл бола бермейді.Мысалы, басқа да түрткі халықтары сияқты қазақ халқы да араб жазуын ертеден бастап – ақ қолданды.Бірақ, біріншіден, оны қолданушылар сан жағынан мейлінше аз болды, екіншіден, жазу болғанымен 20 ғасырдың басына дейін қалыптасқан жазба тіл болған жоқ.19 ғасырдың екінші жартысында он шақты жылдар өмір сүрген «Түркістан уалаяты», «Дала уалаяты» атты газеттер, аздаған кітапшалар, Ташкентте, Қазанда басылған қиссалар болмаса басқа мардымды ештеме болған жоқ.Тіпті өзіндік баспа орны да болмады.Ал, сол шағын басылымдардың өздері де таза қазақ тілінде емес, құранды тілде шығарылды.Қазақтың жалпыхалықтық тіліне негізделген өзіндік жазба тілін қалыптастыру талабы 20 ғасырдың бас кезінен бастап мықтап қолға алынды.Бұл істі өзгелерден гөрі «Айқап» журналы едәуір алға бастырды.
20 ғасырға дейін қазақтың жалпыхалықтық тілінің шұрайлысы бейнелісі поэзиялық туындыларда қолданылды.Бірақ поэзия қаншалықты жетілген көркем болғанымен, ол әдеби тілдің бір тармағы ғана. Әдеби тілдің басқа салаларына жататын көркем туындылардың басқа жанрлары, ғылым – білім, саяси, публицистика, үгіт – насихат, оқу – ағарту, алуан түрлі іс қағаздары тілдерінің ешқайсысы да 20 ғасырға дейінгі тілімізде болмағаны баршаға аян.Ал, бұлар жоқ жерде қалыптасқан шын мәніндегі әдеби тіл болып еді деу дәлелді бола алмайды.Сондықтан 19 ғасырдың екінші жартысынан бастап негізін орнықтыра бастаған ұлттық әдеби тіліміз Кеңес дәуірінде шын мағынасындағы әдеби тіл болып кең өркен жайды, дамыды.
Бұл пікірге қарсылар да баршылық.Олар әдеби тіл бір мезгілде ғана қалыптаса қала ма екен дегенді желеу етеді.Әрине, бір мезгілде қалыптаса қалмайды.Қазақ халқының ұзақ дәуірден бері қарай келе жатқан бай ауыз әдебиеті және ақын, жыраулардың поэзиялық туындылары, кейінгі ғасырларда көріне бастаған баспасөздері – осылардың бәрі – бәрі - әдеби тілді қалыптастырудың дайындықтары, қаланып жатқан ірге тастары.Ал, дайындалу дәуірі – шын мәніндегі әдеби тілдің өзі емес, бірі жетсе, бірі жетпей жатқан құралу дәуірі.
Әдеби тілдің сипаты да біркелкі болмайды.Көп жағдайда әр ұлт тек өзіне ғана меншікті жеке әдеби тілге ие болатындарымен қатар, кейде бір этникалық бірліктің екі бірдей әдеби тілге (жазба тілге) ие болатыны бар.Мысалы: мордвалықтар – эрзя – мордва, мокша – мордва деп аталатын екі тілді; комилер – коми –зырян, коми –перм деп аталатын екі тілді; марилер- лугово –шығыс –мари, таулық –мари деп аталатын екі тілді қолданылатын көрінеді.Кейде осының керісінше, екі немесе одан да көп халықтардың, ұлттардың ортақ бір ғана әдеби тілді қолданылатыны бар.Мысалы: кабардылар мен черкестер екі түрлі халық бола тұра, кабарды –черкес тілі деп аталатын бір тілді қолданады, карачай мен балқарлар да осындай: бұл екі халық та карачай –балкар тілі деп аталатын бір тілді қолданады.Бұған дәлел болатын фактілер осының алдында да айтылды.
Әдеби тілдің өзіндік нормасы, сол нормаға негізделген әр түрлі стильдік ерекшеліктері болады. Әдеби тіл нормасы тілдік жүйемен де, жалпыхалықтық тілді қолдануда қалыптасқан тілдік дәстүрмен де байланысты, солардың негізінде қалыптасады.Сондықтан әдеби тіл нормасын осылармен байланыста қараған жөн.
11. Тілдік дәстүр және әдеби тіл нормасы. Жалпыхалықтық тілдің де, әдеби тілдің де нормасының негізі – тілдік жүйе. Жүйе – тілдің құрылымдық мүмкіндігі, дерексіз схемасы деп түсінілсе, норма – сол дерексіз құрылым, жүйе мүмкіндіктерінің тілдік мәтін жасау тәжірибесінде көрінуі, сөйлеу процесіндегі күйі. Норма тілдік жүйеде бар тұлғалардың қызметінде, тілді қолдану тәжірибесінде орныққан, заңға, дәстүрге айналған, іріктеліп екшелеген, тілдік қауым қабылдаған, жалпыхалықтық, әлеуметтік мәнге ие болған жиынтығы.
Норма тілдік жүйеге негізделеді дедік, бірақ бұдан оны тілдің тек ішкі заңдылығынан ғана туатын, тек соған ғана бағынатын, қоғамға, тілдік қауым еркіне тәуелсіз, объективтік құбылыс деп түсінуге болмайды.Тілдік норманы қалыптастырып дамытуда, реттеп оған сындарды сипат беруде тіл иелері, тілдік қауым шешуші қызмет атқарады.
Тіл білімінде тілді қолданудағы заңдылықтарды сөз еткенде узус, норма деген терминдер қолданылады. Бұл екеуінің арасында өзара байланыстылық барлығына қарамастан, бір – бірінен елеулі өзгешеліктері де бар. Узус – этникалық топ өкілдерінің тілді қолдану процесінде қалыптасқан, орныққан дәстүрі, дағдысы, ережесі. Бұл дәстүрлерді, дағдыны біраз әдебиеттерде норма, нормалық (нормативность) деп те атайды. Біздіңше, норма деген терминді тек әдеби тіл үлесіне қалдырып, жалпы тілдік норма, тілдік дәстүр дегенді узус деп атаған жөн.Өйткені узустың мағынасы кең және мұндағы талап нормадағыдай қатал да, берік те емес. Узус диалектілік, әлеуметтік ерекшеліктеріне қарамастан, тілді қолданудағы барлық көріністерді, құбылыстарды қамтиды.Ал, олардың ішінде нормаға жататыны да, жатпайтыны да болады. Мұндай еркіндік, мол кездесетін ала – құлалық әдеби нормаға түспеген тілде кездесе береді. Бірақ бұдан әдеби үлгіге, нормаға түспеген тілді бейберекет жатқан жүйесіз, әркім өз қалауынша қолдана беретін, заң – ережемен шектелмеген бірдеме деп түсінуге болмайды.Егер тілде оны қолданушыларды «олай демес, былай де, ананы қолдану теріс, мынаны қолдану дұрыс» деген тәріздес тежеп отыратын қалыптасқан тілдік дәстүр, үлгі болмаса, тіл қатынас құралындық қызметін атқара алмас еді.Тілді қолданушылардың ауа жайылуына жол бермейтін узусқа да, нормаға да тән бірнеше тежеуіш белгілер бар.Олардың қатарына мыналарды жатқызуға болады.
Бірінші, тілдік материалдарды, тіл мүмкіндігін қалай болса, солай ала салмай, іріктеп, екшеп қолдану.Бұл – тіл мүмкіндіктерінің бір тектес болмай, әр қырынан көрінуін узус пен норманың әр түрлі нұсқалы, динамикалы болуын қамтамасыз етеді.Сөйтіп, тілдің сымбаттылық, сомдық қасиетін үздіксіз жетілдіріп, тілдік қауымның сөйлеу мәдениетін дамытып, олардың тілді қолданудағы жауапкершілігін, ұқыптылығын арттырып отыруға түрткі болды.
Узус пен нормаға тән екінші принцип – тұрақтылық.Бұлар ұрпақтан – ұрпаққа көшіп отыратын тілдік норманы тілдік дәстүрге айналдырады, тілді қолданушылардың оны әлеуметтің, қоғамның, көпшіліктің ортақ мүлкі деп санауына, әлеуметтік дәстүр деп сенуіне себепші болды. Норманың тұрақтылығы арқасында әр тарихи кезеңде өмір сүрген тілдік қауымның сөйлеу әрекеттері сөйлеу үлгілері бір – біріне жалғаса, ұштаса алады.Бірақ тұрақтылық дегенді абсолюттік мәнде түсінбеген жөн.Оның да шегі бар.Заман өткен сайын тілдік норма да шыңдалып, жетіліп отырады.Белгілі бір тарихи дәуірде үйлесімді, қолайлы көрінген норма кейінгі бір замандағы жаңа ұрпақтың талап – талғамына сай келмеуі, қанағаттандыра алмауы мүмкін.
Норма мен узустың үшінші ерекшелігі – тілдік қауым мүшелерінің барлығына бірдей дәрежеде міндетті болуы. Норманың жалпыхалық, ортақтық сипаты, екінші жағынан, оны бұзбауды, тәжірибеде одан ауа жайылмай, берік сақтауды міндетті етеді. Норманың міндеттілігі – жүйенің өзіндік ішкі заңынан туатын, соған тәуелді жай емес, сыртқы әлеуметтік талаптан, тілдің қатынас құралындық қызметі қажетінен туатын талап.Тіл өзінің негізгі қатынас құралындық қызметін дұрыс атқару үшін, оның элементтерін, мүмкіндіктерін тілдік қауым мүшелерінің барлығы да біркелкі дәрежеде, біркелкі қызметте қолдануы шарт.Сөйлеуші мен тыңдаушы арасында ондай бірлік болмаса, түсінісу де болмайды. Норманың міндеттілігі осы бірлікті қамтамасыз етеді.Қоғам таныған, қабылдаған заң – ереже, норма, сол қауым мүшелеріне міндетті болғандықтан, ол бірден – бір үлгі болып та есептеледі.
Норма пайда болу үшін, алдымен, тілдік қауымның немесе оның алдыңғы қатардағы бір тобының тілдегі барды қандай орында, қалай пайдаланса дұрыс болады, дұрыс болмайтыны қайсы деген талғамының болуы шарт.Ондай талғамсыз әдеби норманың болуы мүмкін емес. Норма тіл қызметінің барлық саласында да, барлық көрінісінде де болуы шарт.Мұндай норманы қалыптастырып бүкіл этникалық топ ішіне тарату және оны тұрақтандыру тек кітаби – жазба тілдің ғана қолынан келеді.Сондықтан әдеби норманың қалыптасуы үшін кітаби – жазба тілдің болуы шарт.Өйткені нормаға орфоэпия мен орфографияның бірізді болуы да енеді.Ал, қазақ орфографиясының тілдік материалдары әр түрлі таңбалауға жол бермейтін морфологиялық принципі қазақ жазуында тек 1938 жылдан бастап қана қолданылды, бас әріпті қолдану тек 30-жылдан басталды, ғылыми – техникалық, саяси - өнерлік терминдер қолданысын бір ізге келтіру талабы да осы кездерде қолға алынды. Осыларды ескермей кейбір зерттеушілердің қазақ әдеби тілінің, оның нормасының қалыптасу тарихын көнелендіруге тырысатындықтарын мақұлдауға болмайды.
Норма тілдің ішкі заңына, жүйелік құрылымына тәуелді, соның қажетінен туатын объективтік құбылыс емес, қоғамдық қажеттіліктен туады.Оны реттеп, бір жүйеге келтіріп, заңдастырып отыратындар тілді қолданушылар, мемлекеттік орындар. Әдеби нормада узусқа қарағанда тілдік материалдарды пайдалануда саналылық, жауапкершілік мейлінше күшейеді.
Әдеби нормада бірізді, тұрақты болады дегенді абсолюттік мәнде түсінбеген жөн.Бірізділік деген бірқалыпта қатып қалу деген емес, әр түрлі нұсқада келу әдеби нормаға да тән.Олай болмаған жағдайда, ол сымбаттылықтан, тартымдылықтан, бейнеліліктен айырылған, семиотикалық таңбалар сияқты тақ – тақ тіл болып қалмақ.
12. Тілдің диалектілік, әлеуметтік жіктері. Диалект - жалпыхалықтық, біртұтас ұлттық тілдің өзіндік дыбыстық, сөздік, грамматикалық ерекшеліктері бар саласы. Диалектілер негізінде тілдік қауым қоныс ыңғайына қарай әр түрлі аймақтарға бөлінеді. Диалектінің мұндай түрі жергілікті диалект деп аталады.Жергілікті диалектіге белгілі бір аймақта тұратын адамдар тілінде кездесетін ерекшеліктердің жиынтығы жатады.
Белгілі бір этникалық бірлікке тән жалпыхалықтық тіл мен диалект арасында әлеуметтік те, функциялық та, құрылымдық та өзгешеліктер болады.Тіл бүкіл этникалық бірліктегілердің барлығына да ортақ, бәріне бірдей қызмет етеді, ал, диалект оның белгілі бір аймақта тұратын бір бөлігіне ғана қызмет етеді.Тіл қызметі сан – алуан болады, ал, диалектінің қызметтік шеңбері тар, ол, негізінде, сөйлеу тілі түрінде ғана болады.Тіл құрылымдық жағынан басқаға тәуелсіз дербес болады, ал, диалект құрылымдық жағынан жалпыхалықтық тілге тәуелді болады.
Диалектілік ерекшеліктердің пайда болуының негізгі себептері, жоғарыда айтылғандай, бір кезде жалпыхалықтық тілде сөйлейтін қауымның белгілі тарихи себептермен бір – бірінен бөлініп, қоныс аударып, ұзақ заман бойына бір – бірімен қатынастарының үзілуінен немесе көрші тілдер әсерінен болулары мүмкін.
Жалпыхалықтық немесе біртұтас ұлттық тіл құрамындағы диалектілердің бір – бірінен өзгешеліктері әр түрлі дәрежеде болады. Мысалы, белгілі бір аймақта тұратын адамдар тілінде бар сөздер екінші бір аймақта тұратын адамдар тілінде немесе әдеби тілде болмайды, болғанымен де біраз өзгешелікте айтылады, болмаса олардың әрқайсысында әр түрлі мағынаны білдіретін болады. Дәл осындай өзгешелік дыбыстық жүйеде де, грамматикада да кездесуі мүмкін. Әр аймақ тұрғындарының тілінде кездесетін ондай өзгешеліктердің жиынтығы олардың өз алдына жеке-жеке диалект екендіктерін байқататын көрсеткіш болып есептеледі.
Жалпыхалықтық тілдер сияқты жергілікті диалектілер де тарих құбылыс.Олар да қоғам дамуының белгілі бір тарихи дәуірінің жемісі. Қоғамдық жағдайларға лайықты, соған негізделе пайда болып, дамып, өзгеріп отырады. Диалектілік ерекшеліктер, негізінде, рулық, тайпалық, феодалдық дәуірлердің жемісі.
Жалпыхалықтық тілдің жергілікті диалектілерге қарағанда қызметі жағынан да, ерекшелігі жағынан да, қолданушы қауымның сандық шамасы жағынан да, едәуір шағын көлемді тармағы әлеуметтік диалектілер. Әлеуметтік диалектілерге кәсіби, жаргондық ерекшеліктер жатады.Бұлардың өзіндік ерекшелігі мынады: жергілікті диалектілердің өзіндік лексикалық та, фонетикалық та, грамматикалық та ерекшеліктері болады.Және ол белгілі бір аймақ тұрғындарын тегіс қамтиды. Ол ол ма, тіпті кейде жоғарыда аталған әлеуметтік тілдік ерекшеліктер сол жергілікті диалект ішінде де болуы мүмкін.Әлеуметтік типтер деп аталатындардың ерекшеліктері, негізінде, олардың лексикалық жағында ғана және олар белгілі шағын топ арасында ғана қолданылады.Бұлардың ішінен кәсіби ерекшеліктерді бөліп алған жөн. Ол – тек шартты түрде атағандық болмаса, диалектіге де, жаргонға да қосылмайды. Кәсіби лексика - әдеби тіл сөздігінің бір саласы және оның әдеби тілге жаттығы да жоқ. Әр кәсіпорындарының өз ерекшеліктеріне лайықты қолданатын атауыш сөздері - әдеби тілдің байлығы.
Жаргон – тілдің әлеуметтік бір жарқыншағы. Бұл табиғаты жағынан да, қызметі жағынан да, шығу төркіні жағынан да, қызметі жағынан да, шығу төркіні жағынан да диалектілерден мейлінше өзгеше. Жаргонның географиялық ұғымға, қоныс ыңғайына ешқандай қатынасы жоқ. Ол – тұрмыс, тіршілік, кәсіп ыңғайлары бір – біріне ұқсас келетін әлеуметтік шағын топтар арасында пайда болады. Өзінің жаргондары бар әлеуметтік топ әр түрлі болуы мүмкін (саудагерлер, қайыршылар, бұзақы, ұры – қарылар т.б.), солар ішіндегі елеулі де күрделісі таптық жаргондар. Таптық жаргондардың едәуір елеулігіне қарап кейбір ғалымдар, мысалы, академик Н.Я.Марр да тіл таптық болады, әр таптың өзіндік тілі болады дегенді айтқан. Дұрысында, жаргондар мейлі ол таптық болсын, мейлі таптық болмасын – бәрі бір, дербес тіл емес, жалпыхалықтық тілден өзіндік кейбір сөз өзгешеліктері арқылы ғана оқшауланатын тілсымақ қана.
Достарыңызбен бөлісу: |