«Жалпы тіл білімі» пәні бойынша дәріс сабақтарының конспектісі



бет15/35
Дата07.05.2024
өлшемі135.74 Kb.
#500682
түріСабақ
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   35
ЖТБ дәріс сабақтары(Лекция)

Графикалық таңбалар. Бұған математика, физика, химия, логика ғылымдарында қолданылатын таңбалар және әр түрлі жазулар, мөр таңбалар жатады.Бұлар көру мүшесі арқылы қабылданады.Оларға кейбір ғылымдар ымдау, нұсқау белгілерін де, мылқаулардың мимикалық тілін де, әр түрлі іздер мен белгілерді де жатқызады.
Акустикалық таңбалар. Бұған сөйлеу мүшелерінің артикуляциялары арқылы жасалатын таңбалар, белгілі мақсат үшін берілетін алуан түрлі сигналдар, дабылдар, қоңырау мен гудоктар жатады.Олардың барлығы да есту мүшесі арқылы қабылданады.Есту арқылы қабылданатын таңбаларды олардың жасалу тәсілдеріне қарай кейбір ғалымдар вокалды таңбалар, аспапты таңбалар деп екі бөледі де, алдыңғысына дыбыстау мүшелері арқылы жасалатын сигналдарды, соңғысына әр түрлі музыкалық аспаптар арқылы берілетін арнаулы сигналдарды, дабылдарды жатқызады.
Заттық таңбалар. Бұған жол бойына, көшелерге, кәсіпорындары мен мекемелердің маңдайшаларындағы белгілер, көрсеткіштер және әлеуметтік топтардың өздеріне тән киім түрлері мен формалары, зночоктар мен гербтер, әскери белгілер, түрлі жалаулар арқылы берілетін сигналдар, ен – таңбалар жатады.
Ақша таңбалар. Бұған әр елдің, әр дәуірдің қағаз, күміс, бақыр ақшалары жатады.
Сәуле таңбалар. Бұған жарық арқылы берілетін әр түрлі белгілер, сигналдар – бағдаршамдар, су жолында қолданылатын маяктар, бакендер (су бетіне қауіпті жерлерге қойылатын қалқыма шырақтар) жатады.
Ымдау, нұсқау таңбалары. Бұл – семиотикалық таңбалардың ең күрделісі.Ол әр түрлі дене қимыл – қозғалыстары арқылы беріледі.Кейбір ғалымдар ым тілін адамдардың қатынас құралының алғашқы түрі, бастапқы тіл – ым тілі болған, дыбыс тілі ым тілінен кейін шыққан, ым тілі адамдар қатынасы дамуының дербес бір сатысы дегендерді айтқан.Мұндай пікірді Кеңес тіл білімінде Н.Я.Марр да жақтады.
Дене қимылдары арқылы түсінісу, хабарласу әрекеттерінің ежелгі замандардан бері келе жатқанын, оның адам қоғамының өте балаң кездерінің өзінде де мол кездесу мүмкіндігін ғылым бекер демейді.Бұл мәселені зерттеуші мамандар оны хайуанаттар дүниесінде қазір де кездесетін әр түрлі дене әрекеттерімен төркіндес емес пе екен; қазірде қолданылып жүрген әр түрлі ымдау, нұсқауларымыз адамдардың хайуандар тобынан бөліне қоймаған кезенің өзінде де болмады ма екен деген болжаулар айтады.Қазіргі хайуандар дүниесіндегі осыған ұқсас әр түрлі жәйттерге қарағанда дене қимылдары арқылы түсіндірудің төркіні тым арғы заманда дейтін пікірдің жаны бар.Бірақ оны дербес қатынассыз өмір сүрген дербес тіл еді деуге, қоғам дамуында ым тілі дәуірі болған деуге ешқандай дәлел жоқ.Қайта өмір тәжәрибесі дене қимылдарының дыбыспен, үнмен қосарлана, соған көмекші ретінде қолданылатынын көрсетеді.
Ымдаудың қызметі жағынан семиотикалық таңбалардан елеулі өзгешеліктері бар.Ым тілі, ең алдымен, жасанды емес, ол – ұрпақтан ұрпаққа ауысып, мұра ретінде беріліп отыратын табиғи құбылыс.Шарттылық ым тілінде тым елеусіз, сондықтан ол – негізінде интернационалдық құрал, оны бірінің тілін бірі білмейтін адамдар да түсінісе алады.Барлық халықта жұдырық көрсетуді қорқыту деп, қол бұлғауды шақыру деп түсінеді.
Семиотика ғылымы таңбаларды табиғи таңба, жасанды таңба деп те бөледі.Табиғи таңбаны кейде белгі таңба, симптом деп те айтады.Бұған заттардың өз бойына тән, одан бөліп алуға болмайтын табиғи белгілері, симптомы жатады.Олар бір затты я құбылысты екінші бір заттардан, құбылыстардан, айыруға белгі болады.Соған қарап мұны кейде көрсеткіш, танытқыш таңба деп те айтады.Көрсеткіш таңбалар өздері белгісі болатын затпен, құбылыспен тығыз байланыста, айырылмайтын бірлікте болады.Бұлар - өмір тәжірибесі арқылы танылған, заттардың, құбылыстардың табиғатына тән симптомы.Мысалы: қар қыстың, түтін оттың, дене қызуының көтеріліуі науқастың, термометрдегі сынаптың төмендеуі салқындықтың белгілері т.б.Семиотикалық таңбалар білдіретін хабардың, мағынаның, таңбалық қызмет атқарып тұрған затпен, құбылыспен ешқандай табиғи байланысы болмайды, ол екеуі тек шартты қатынаста ғана болады және оны біреулер я шағын бір қауым белгілеп береді.Тек олардың нені білдіретіні алдын ала келісілген болса болғаны.Мысалы: бағдаршамның «жүруге болмайды» деген мағынаны білдіретін қызыл жарық орнына басқа бір жарықты алуға да болады, онда тұрған түк те жоқ, тек оны пайдаланатындар алдын ала білсе болғаны.Бұл – семиотикалық таңбалар мен олар білдіретін мағына арасында айырылмайтын бірліктің жоқтығын, олардың автономиялығын байқатады.Ал табиғи белгілерде мұндай емін – еркіндік болмайды.Бірақ адам баласы табиғи белгілерді хабаршы таңба ретінде қолдана алады.От жағу, түтін салу арқылы басқаларға хабар берілуі мүмкін, тек оның нені хабарлап тұрғанын хабар алушының күні бұрын білу шарт.Олай болмаған жағдайда олар таңбалық қызмет атқара алмайды.
Семиотикалық таңбаларды өз ішінен сигналдық, символдық, тілдік, субституттық таңба деп бөлушілікте кездеседі.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   35




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет