Жамбыл облысы әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының «Мемлекеттік тілді оқыту орталығы» Кенбаева Гүлназ Жасталапқызы


Қазақ тілінің негізгі емле ережелері/ Орфография



бет4/5
Дата11.06.2016
өлшемі0.71 Mb.
#128680
1   2   3   4   5

Қазақ тілінің негізгі емле ережелері/ Орфография

1.Әріптердің емлесі

1.Дауысты дыбыс әріптерінің қолданылуы
а, ә, е, о, ө, ұ, ү, ы, і, э әріптері жалаң дауыстылардың,ал ё (йо), и, у, ю, я, әріптері йо, ый, ій, ұу, үу, йұу, йүу, йа деген қосынды дауыстыларды да (мысалы: заём, қи, ки, қиын, жиі, су, шумақ, күлу, келу, аю, кею, ядро, саясат), кірме сөздерде жалаң дауыстылардың да таңбасы ретінде (мысалы: слёт, кино, бюджет, отряд) жұмсалады.

а, е, ы, і әріптері сөздің барлық буындарында жазылады. Мысалы: ал, қала, шағала, ер, ересек, ыс, бақытты, айыр, қатысты, қорыту, құмырсқа, жапырақ, іс, білімді, көкірек,үкімет, әсіресе, мәжіліс.

Ескерту: а) Сөз басындағы ж,ш дыбыстары мен й дыбысының ортасында келген а дыбысы көбінесе жіңішке ә болып айтылады,бірақ а әрпі жазылады. Мысалы:барлық мағынадағы жай сөзі және оның туынды тұлғалары (жай сөйлем, жайыңа жүр, жай түсті, дастархан жайды, жайғызу, жайбарақат, жайдан-жай, жай-жапсар, жай-күй, жайлы орын, жайсыз тию, жайлап айту), шай(шай іш,шайға кел), шайы(шайы орамал);

ә) Сөздің алғашқы буынындағы не алдыңғы буындарындағы жіңішке дауыстылардың әуенімен келесі буында жіңішке айтылатын(естілетін)ә дыбысының орнына а әрпі жазылады: ләззат(айтылуы-ләзәт), рәсуа(айтылуы-рәсуә),Жәмила(айтылуы-Жәмилә),Фәрида(айтылуы-Фәридә), тәкаппар(айтылуы-тәкәппар).



ә, о, ө, ұ, ү әріптері жалаң сөздердің екінші буындарында жазылады. Мысалы; ән, әнші, сән, дәлел, дәрігер, орын, жолаушы, өлең, көлем, көбелек, төртеу, ұлы, құлын, үндеу, үтік.

Бұл әріптер біріккен сөздер мен қос сөздердің екінші сыңарларының басқы буындарында да жазылады. Мысалы: Есенәлі, дәрі-дәрмек, тәлім-тәрбие; Қызылорда, Талдықорған, жөн-жосық, өте-мөте, басқұр, қаламұш, жазғытұрым, кешқұрым, тарс-тұрс, бүрсігүні, еңбеккүн, сайгүлік.



Ескерту: ә,ұ,ү әріптері мына сияқты сөздердің, мысалы, мәжбүр, әңгүдік, дүлдүл сірә, кінә, күнә, күмән, шүбә, зәмзәм, мүсәпір, дүдәмал, Күләш, Күләнда, Мүтән, Күләй; мағлұм, бұлбұл, мақұл, байғұс, екінші буындарында жазылады.

и әрпі мынадай орындарда жазылады:

а) орыс тілінен енген түбір сөзде де, туынды сөзде де жіңішке естілетін жалаң и дыбысының және қазақ тілінде қосарлы ый, ій дыбыстарының таңбасы ретіне и әрпі қолданылады Мысалы: иіс, иін, ине, имек, илеу, тиын, тиін, қиын, киін, сирек, сирақ, ти, тиімді, тиіс, жиналыс, тарихи, саяси, яғни, ылғи, қағида, ақиқат, Иса, Иманбай, Қали, Әли, Сағира, Қалима, Кәлима, кино, кредит, комиссия, идея, иероглиф.



Ескерту: Қосарлы ый әріптері тек сый, тый сздерінде (оларға қосымша жалғанғанда да ) жазылады. Мысалы: сыйлық, сыйлау, сыйымды, сыю, сыяды, тыйым, тыйылу, тыю, тыяды.

б) йы, йі дыбыстар тіркесі мен ы,і дыбыстарына бітетін етістіктерге көсемшенің –и жұрнағы жалғанғанда соңғы ый,ій әріптерінің орнына бір ғана и әрпі жазылады. Мысалы: байы+й+ды – байиды (байыйды, байыды емес), ірі+й+ді – іриді (ірійді емес), оқы+й+ды – оқиды (оқыйды емес), суы+й+ды – суиды (суыйды емес), шірі+й+ді – шіриді (шірійді емес), құры+й+ды – құриды (құрыйды емес).

в) и дыбысына бітетін етістіктерге жалғанатын тұйық райдың –у жұрнағы –ю түрінде, көсемшенің –а жұрнағы – я түрінде жазылады. Мысалы: и- ию (иу емес), ки-кию (киу емес) қи- қию (қиу емес), жи – жию (жиу емес); қи – қияды (қиады емес), жи- жияды (жиады емес).

у әрпі мынадай орындарда жазылады:

а) орыс тілінен енген түбір сөздерде бірде жуан, бірде жіңішке естілетін дауысты у дыбысының, сондай-ақ ұу, үу дыбыс тіркесінің және дауысты дыбыстан бұрын және кейін келетін үнді у дауыссыз дыбысының таңбасы ретінде қолданылады. Мысалы: су, гуіл, у, руль, университет, жуа, қуат, уыз, қалаулы, селеу, тіреу, түйреуіш, уақыт, уәде, дәулет, шу-шуледі, гу-гуледі, тулады.

ә) ы,і дыбыстарына бітетін етістіктерге тұйық райдың –у жұрнағы жалғанғанда ы,і әріптері түсіріліп жазылады. Мысалы: оқы- оқу, тоқы-тоқу, жібі-жібу, ірі-іру, суы-суу;

б) у дыбысына бітетін етістіктерге тұйық райдың –у жұрнағы жалғанғанда, оның түбірі өзгертілмей жазылады. Мысалы: сау-сауу, бу-буу, ту-туу, қу-қуу, ау-ауу, жу-жуу.



э,е (йо) әріптері орыс тілінен және орыс тілі арқылы өзге тілдерден енген сөздерде ғана жазылады. Мысалы: экономика, этика, дуэт, эволюция, этнография, экспорт, электр, пулемет, Петр.

Ескерту. Жазу тәжірибесінде е (йо) таңбасының орнына көбінесе е әрпі қолданылады, бірақ сөзді е (йо) дыбысымен айту қажет: заем(айтылуы - зайом),Петр (айтылуы - Пиотр), пулемет(айтылуы – пулемьйот)



ю әрпі мынадай орындарда жазылады:

а) сөз құрамындағы дауысты дыбыстан кейін қосынды й+ұ+у, й+ү+у дыбыстарының орнына қолданылады. Мысалы: аю, ою, үюлі, кею, көркею;

ә) орыс тілінен енген сөздерде сөз басында және дауыссыз дыбыстан кейін де жазылады. Мысалы: бюджет, полюс, люкс, адьютант.

Ескерту. Айуан, айуанат, хайуан, хайуанат, кейуана, миуа, диуана, қиуа, қиуаз деген сөздер осында таңбаланғандай жазылады.

я әрпі мынадай сөздерде жазылады:

а) сөз басында және дауысты дыбыстардан кейін қосынды й+а дыбыстарының орнына қолданылады. Мысалы: яки, яғни, қоян, таяқ, ая, мая, сая, мия, қияқ, тұяқ, саяқ;

ә) орыс тілінен енген кейбір сөздерде дауыссыз дыбыстардан кейін де жазылады. Мысалы: отряд, снаряд, аккумулятор.
2. Дауыссыз дыбыс әріптерінің қолданылуы
ң әрпі сөздің ортасында және соңында ғана, ал ғ әрпі сөздің басында және ортасында ғана жазылады. Мысалы: жаңа, аң, таң, ғалым, аға, ағартушы.

ф,ц щ әріптері орыс тілінен енген сөздерде жазылады. Мысалы: физика, кафе, кофе, щи, борщ, лифт, цифр, шифр, очерк, центнер.

Ескерту: щ әрпі қазақтың байырғы сөздерінен ащы, тұщы, кеще деген сөздерде ғана жазылады, ф әрпі араб, парсы тілдерінен енген кейбір жалқы есімдер мен бірен-саран жалпы есімдер және одағайларда жазылады. Мысалы: Фазыл, Фәрида, Фәтима, Марфуға, саф, фәни, тіфу.

х әрпі мынадай орындарда қолданылады:

а) орыс тілінен енген сөздерде жазылады. Мысалы: химия, хлор, археология, бухгалтер, цех, хирург, зоотехник;

ә) араб, парсы тілдерінен енген кейбір жалпы, жалқы есімдерде жазылады. Мысалы: хал, хат, халық, тарих, кітапхана, асхана.

һ әрпі араб, парсы тілінен енген сөздерде дауыстыаралығында және у дыбысы мен дауысты арасында, сондай-ақ одағайларда жазылады.

Мысалы: қаһарман, қаһарлы, еһе, гауһар, уһ, аһылады, уһіледі.


3. ь,ъ белгілерінің қолданылуы
ь,ъ таңбалары орыс тілінен енген сөздерде айыру және жіңішкелік белгісі ретінде ғана жазылады. Мысалы: съезд, объект, субъект, альбом, асфальт, руль, вексель
ІІ. ТҮБІР СӨЗДЕРДІҢ ЖАЗЫЛУЫ

Сөз тіркесіндегі жеке сөздер естілуінше (айтылуынша) жазылмай, негізгі тұлғалары сақталып жазылады. Мысалы: ала ат (алат емес), бара алмаймын (баралмаймын емес), көк орамал (көг орамал емес), ақ лақ (ағ лақ емес), барса игі еді (барсигеді емес), келсе игі еді (келсигеді емес),барып па екен (барыппекен емес).

Орыс тілінен енген атау сөздердің тұлғасы негізінен орыс орфографиясы бойынша өзгертілмей жазылады. Мысалы: вагон, паровоз, гидрология, биология, комитет, агроном, агротехника, педагог, медицина, спорт, хирург, конституция, клуб, кино, радио, адвокат, ракета, планета, молекула, бюджет, банк, транш.

Ескерту: Сс, лл, кк, тт сияқты қосар әріппен келген кірме сөздердегі екі әріптің біреуі қосымша жалғанғанда түсіріліп жазылады. Мысалы: прогресс-прогреске, металл-металдар, грамм-грамы, балл-(баға)-бес балдық жүйе, Донбасс- Донбастан.

Ал орыс тілінен енген бірқатар кірме сөздер, әсіресе тұрмыс- салтқа қатысты зат, бұйым атаулары ерте кездерден дыбысталуы қазақша қалыптасқан түрінде жазылады. Мысалы: жәшік, бәтеңке, сіріңке, божы, бөкебай, бөшке, қалаш, шөген, кір(гиря), келі(кило), сот, болыс, облыс, зауыт, тауар ). Соңғы дауысты дыбысын түсіріп қалыптасқан газет, минут, гранат, цифр,координат сияқты он шақты сөзден басқа кірме сөздерде соңғы а дыбысы түсірілмей қолданылады және солай жазылады: оптика, капсула, тирада.

Араб, парсы тілдерінен енген сөздер негізінен қазақша дыбысталып, өзгерген күйінде жазылады. Мысалы: әділ, амал, пейіл, ақпар, әлем, мектеп, пән, кітап, бұқара.

Кірме араб сөздерінің ішінде екі- үш түрлі мағынаны білдіру үшін тұлғасын сәл өзгертіп, қалыптастырылғандары сол екі-үш вариантта жазылады. Мысалы: үкімет және өкімет, хабар-ақпар, әрекет-қарекет, пейіл-пиғыл, ақирет-ақырет(кебін), мәлімет- мағлұмат, қазына-қазине (қазинелі қара нар), қазір-әзір, қақы- ақы- құқы, хақ-ақ, ғашық- асық, ғылым-ілім.

Араб, парсы тілдерінен неген бірқатар кісі аттары әркімнің әртүрлі ат қоюына байланысты сол қалыптасқан күйінде жазылады. Мысалы: Хасан, Хасен; Зәуре, Зура, Зухра; Бәтима, Фатима, Пәтима; Қали, Ғали, Али, Алі; Жүсіп, Түсіп, Нүсіп; Омар, Ғұмар.


ІІІ. БӨЛЕК ЖАЗЫЛАТЫН СӨЗДЕР
Күрделі атаулардың (мемлекет, республика, облыс, мекеме, ұйым аттарының ) әрбір сөзі бөлек жазылады. Мысалы: Қазақстан Республикасы, Мәдениет министрлігі, Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы.

Екі зат есім қатар айтылып, бір ғана затты, құбылысты, ұғымды атап, алдыңғысы соңғысының тегін (неден жасалғанын), неге, кімге арналғанын, немен жұмыс істейтінін және өзге заттардан ажыратылатын белгілерін білдірсе, олар бір-бірінен бөлек жазылады, мұндай күрделі тіркестердің алдыңғы сөзі анықтаушы, соңғысы анықталушы болып келеді. Мысалы: ат қора, қой қора, жол азық, ағаш күрек, сан ет, қол ет, сұрпы ет, ұл бала, қыз бала, қос етек (көйлек), мысық мұрт (жігіт), ала бұлт.

Ескерту: Анықтаушы – анықталушы қатынастан ажырап, бір заттың атауы болып кеткен сөздер бірге жазылады: беторамал, қолорамал, асқасық, шәйқасық, кірсабын, иіссабын, ішкиім, ішкөйлек, кіреберіс, шығаберіс, қолайна, қолара т.б.

Күрделі сан есімдердің, күрделі сын есімдердің әрбір сөзі бөлек жазылады. Мысалы: он бір, он сегіз, жиырма бір, жиырма сегіз, жүз он жеті, екі жүз жетпіс төрт, бір мың тоғыз жүз елу үш, төрт жарым, отыз екі жарым; қара ала, көк ала, қара көк, ақ сұр, құла қасқа, құла жирен, торы төбел, ақ шабдар.

Күрделі етістіктердің әрбір сөзі бөлек жазылады: Мысалы: Жаза бер,

жазып отыра бер, жүгіре жөнелді, жүгіріп ала жөнелді, бара алмады, бара алмай қалып еді, жығылып қала жаздап барып қалды.

Есім, еліктеуіш сөздер мен етістіктерден құралған күрделі сөздердің әрбір сөзі бөлек жазылады. Мысалы: Қызмет ету, жұмыс қылу, жәрдем ету, шап ету, лап қою, тап беру, қол шапалақтау, ду ете түсу, баж ету.

Идиомалық, фразалық тіркестердегі әрбір сөз бөлек жазылады. Мысалы: таяқ жеді, бас тартты, бас бұрды, қол жалғады, қол ұшын берді.

Ескерту: а) Бірінші сыңары зат есім, кейде етістік, екіншісі –ты, - (-ті, -ды,-ді) қосымшалы өткен шақтағы етістік немесе – па, (-пе,- ба, -бе,) қосымшалы сөз болса, мұндай бейнелі тіркестер қосылып жазылады. Мысалы: алыпқашпа (сөз), жүрекжарды (қуанышты хабар), жолсоқты (болу), қағазбасты (болу), пышақкесті (тыйылу), баукеспе (ұры);

ә) о баста идиомалық, фразалық тіркестер болғанымен, терминдік, атауыштық мәнге ие болып бірігіп кеткен тұлғалар қосылып жазылады.

Мысалы: ақсақал, атқамінер, көзқарас, ақсүйек, ойтолғақ, ойтүрткі.



б) әртүрлі қосымшалардың жалғануы арқылы жеке сөзге айналған есімді тұрақты тіркестердің түбір қалпы да, қосымшалы түрі де бірге жазылады. Мысалы: ержүрек, ержүректік, ақниет, ақниеттік, дүниеқоңыз, дүниеқоңыздық, дүниеқоңыздану, ақкөңіл, ақкөңілдік, жанпида, жанпидалық ,алақол, алақолдық т.б.
IV. БІРГЕ ЖАЗЫЛАТЫН СӨЗДЕР
Тұлғасы өзгертіліп барып біріккен сөздер қосылып жазылады. Мысалы: бүгін, биыл, қыстыгүні, күздігүні, жаздыгүні, алаңғасар, ашудас, белбеу, апар, әпер, түрегелді, ерғашты, жарғанат.

Еш, әр, кей, бір, қай, әлде сөздерімен біріккен есімдік, үстеу сөздер түбір тұлғалары өзгертілмей, бірге жазылады. Мысалы: әркім, әрбір, әрдайым, әрқашан ешкім, ешбір, ешқандай, ештеңе, кейбір, қайбір, қайсыбір, бірдеңе, бірнеше, бірталай, біраз, бірсыпыра, біржолата, бірыңғай, біркелкі, бірқыдыру, әлдеқалай, әлдеқайда, әлдеқандай, әлдеқашан, әртүрлі.

Ескерту. Еш, әр, кей, қай, әлде сөздері зат есімдерімен тіркескенде, бөлек жазылады. Мысалы: еш адам, әр бала, қай үй, кей адам, бір жұмыс, әлде жылқы, әлде сиыр.

Екі түбірден құралып, ғылымның әр алуан (саяси-әлеуметтік, лингвистикалық, филологиялық, химиялық т.б.) саласында терминдік мәнге ие болған атаулар бастапқы тұлғаларын сақтап, бірге жазылады. Мысалы: баспасөз, өнеркәсіп, кәсіподақ, арасалмақ, арақатынас, келіссөз, көзқарас, еңбеккүн, шикізат, көкжиек, кемпірқосақ, шоқжұлдыз, оттегі, сутегі, қостотық, үшбұрыш, сегізжақ, көпмүше, тозаңқап, гүлтабан, тамыржеміс, сүтқоректілер, оңқанаттылар, сөзжасам.

Екі, кейде үш түбірден құралған аң-құс, жан-жануар, құрт-құмырсқа, өсімдік атаулары түбір тұлғалары сақталып бірге жазылады. Мысалы: қосаяқ, қарақұйрық, ақбөкен, тасбақа, құрбақа, бірқазан, аққұтан, көкқұтан, аққу, қарақұс, есекмия, өгізшағала, жаужұмыр, түйеқарын, шегіргүл, айдаршөп, қырықаяқ, қаракүйе.

Ботаника, зоология терминдерінің ішінде мынадай жолмен жасалған күрделі атаулар біріккен сөз болып, сыңарлары қосылып жазылады:



  1. бірінші сыңары ақ, қара, сары, көк, қызыл, ала, боз деген түс атауларымен келген аң-құс, өсімдік аттары және қой, сиыр, түйе, бота, қозы, ат, қоян, аю, бөрі немесе ит, құм, су деген жалпы атаулар мен жеке тұрғандағы лексикалық мағынасынан айрылған сөздер тіркесі болып келген терминдер қосылып жазылады: алақоржын (тышқан), қарақанат, қарабай, ақиық (құстар), ақбілек, көкқасқа, көкнайза, қызылбас, (өсімдік атаулары), ақкөз, қаракөз, алабұға (балықтар), Ескерту: Ақ, қара, қызыл ,қоңыр, шұбар сияқты сын есімдер аң-құс, өсімдіктердің түсін айыру үшін қолданылатын болса, бөлек жазылады: ақ аю, қоңыр аю, қара бұрыш, қызыл бұрыш, сұр жылан, шұбар бақа.

  2. бірінші сыңары түсті білдіретін сын есімдер немесе әртүрлі есім сөздер, екінші сыңары ағаш, шөп, гүл, тікен, жапырақ, тамыр, құс, балық, тауық, құрт, жидек, жеміс сияқты жалпы атаулар болып келетін тіркестер қосылып жазылады: қараторғай, қарағаш, қарақұрт, қаражидек, қарабидай, қызылжидек, қызылбалық, сарышөп, сужапырақ, әретікен.

Екі түбірден құралып, терминге айналған техника, шаруашылық, тұрмыс, мәдениет, өнер, спорт т.б. салаларға қатысты зат, құрал-жабдық, ұғым атаулары мен әр алуан мамандық, кәсіп, қызмет иелерінің аттары бірігіп жазылады. Мысалы: шаңсорғыш, еттартқыш, бесатар, өнертапқыш, жанкүйер, бессайыс; ақсүйек, қосқұлақ, соқыртеке (ойын аттары); беташар. Тоқымқағар, ақсарбас (ырым, дәстүр атаулары), тоғызқұмалақ, асатаяқ, алыпсатар.

Екінші сыңары аралық, тану, тас, таным, жай, хат, қағаз, ішілік, сымақ деген сөздер және бірінші сыңары ,әсіресе, көп сөздерімен келетін қазақ сөздері, сондай-ақ бірінші сыңары фото, электр, радио, авто, авиа, аэро, кино,гидро, агро, транс, инфра, ультра, изо, гипер, ал екінші сыңары қазақ сөздері болып келетін тіркестер бірге жазылады. Мысалы: халықаралық, ауданаралық, континентаралық; жаратылыстану, шығыстану, абайтану; тілтаным, дүниетеаным, жартас, қойтас, жылыжай, саяжай, мекенжай, ашықхат, қолхат, ауруханаішілік, рұқсатқағаз, тұсқағаз, шешенсымақ, фотосурет, электрұстара, радиоқабылдағыш, автоқалам, аэрошана, агрошаралар, ультракүлгін, гипержазықтық, көпбалалы, көпдінді, көпұлтты.



Ескерту: Бірігіп жазылуы дәстүрге айналған дүниежүзілік, бүкілодақтық, бүкілхалықтық, қиыршығыстық, ортаазиялық сияқты сын есімдер осы түрінде жазылады.

Екі кейде үш сөзден құралған кісі аттары мен географиялық атаулар, негізінен, түбірі сақталып, бірге жазылады. Мысалы: Досжан, Өтепберген, Әбдіманап, Мергенбай, Қартбай, Талдықорған, Жезқазған, Екібастұз, Қызылжарқұдық, Ақтүйесай, Ақдаласор.

Алдыңғы сыңары дауысты дыбысқа аяқталып, екіншісі дауыстыдан басталатын, негізінен, кісі есімдеріндегі қатар келетін екі дауыстының бірі (алғашқысы) түсіріліп жазылады. Қожа+ Ахмет- Қожахмет, Торы+Айғыр-Торайғыр, Мырза+әлі-Мырзалы.

Ескерту: а) адам аттарының ішінде бек, хан, мырза, әлі, әли, ғали сияқты сөздермен жасалатын есімдердің сыңарлары да әрдайым бірігіп жазылады: Мырзалы, Тұрсынзада, Әбдуәлі, Құлмұхамет,Бекмұхамет.

Ұлы, қызы сөздері фамилияны және әкесінің атын білдіретін сөздермен тіркескенде жалқы есімге қосылып жазылады. Мысалы: Бауыржан Момышұлы, Мұқтар Омарханұлы Әуезов, Сара Сәтбайқызы Есова;

а) екі түбіірден құралған бірқатар кісі аттары түбір тұлғалары өзгеріп біріккен түрінде жазылады. Мысалы: Дәметкен, Ұлмекен, Ұлбосын (Дәмееткен, Ұлмаекен, Ұлболсын емес);

б) екінші сыңары қ, к дыбыстарынан басталатын кейбір кісі аттары екі түбірдің үндесу ыңғайына қарай да жазылады: алдыңғы түбір қатаң дыбысқа аяқталса, келесі сөз де қатаң қ, к әріптерімен жазылады. Мысалы: Күсепқали, Қоскелді, Айткелді, Айтқожа, Сейтқұл, Аққыз; алдыңғы түбір дауысты дыбыстар мен ұяң, үнді дыбыстарға аяқталғанда, келесі түбірдің басқы дыбыстары ұяңдап, ғ, г болып айтылса, ғ, г әріптері жазылады . Мысалы: Амангелді, Нұргелді, Төрегелді, Нұрғиса, Нұрғожа, Есенғұл, Қарагөз, Ботагөз, Айғыз. Ал қатаң түрде айтылса, қ, к әріптері жазылады. Мысалы: Әбілқайыр,Әбілқасым, Қаламқас, Бибікамал, Шәмшіқамар;

в) Қазақтың төл сөздері мен араб, парсы тілдерінен енген сөздерден жасалған кісі аттары қатарынан екі дауыссыз дыбыстан басталмайды, оларды не алдынан, не ортасынан ы, і әріптерінің бірі жазылады. Мысалы: Ысқақ (Сқақ емес), Ысқақбай (Сқақбай емес), Сымахан (Смахан емес), Сыматай (Сматай емес), Сыланов (Сланов емес), Ысмағұл немесе Сымағұл (Смағұл емес), Ырза (Рза емес), Ырзабай (Рзабай емес), Ырсалды (Рсалды емес);

г) Аттас жерлерді бір-бірінен ажырату үшін алдарынан қолданылатын анықтауыш есімдер бас әріптен басталып бөлек жазылады. Мысалы: Кіші Азия, Орта Азия, Орталық Азия.

Y. Қосымшалардың жазылуы

Қосымшалар сөздің соңғы буынындағы дауысты дыбыстың әуеніне қарай буын үндестігі бойынша я жуан, я жіңішке болып жазылады. Мысалы: жұмыс-шы-лар-дың , инсти-тут-тар, пле-нум-да, бюлле-тень-дер, мұға-лім-ге, по-ляк-тар.



Ескерту: күнә, кінә, шүбә, іңкәр, күмән, Күләш, Күләй, Мүтән сияқты соңғы буынында жіңішке ә әрпі жазылатын сөздерге қосымшалар жіңішке түрде жалғанады, тек барыс, жатыс, шығыс жалғаулары мен етістік тудыратын –ла жұрнағы жуан түрде айтылып, жуан жалғанады. Мысалы: күнәсіз, күнәлі (бірақ кінәға, кінәдан, кінәсіна, күнәлау ), шүбәсіз, шүбәлі (бірақ куәға, куәдан, куәда), куәсі, куәлік (бірақ куәға, куәдан, куәда), күмәнсіз(бірақ күмәндану, күмәнға, күмәнінан), Күләштің(бірақ Күләшқа).

Соңғы дыбыстары рк, рг, нк, нг, кс, кт, ск, лк, нкт, кль, брь, бль сияқты дауыссыздар тіркесіне біткен сөздерге қосымшалар әрдайым жіңішке түрде жалғанады. Бірақ к,г дыбыстарының және жіңішкелік белгісімен келген р,л дыбыстарының жіңішке айтылуына байланысты. Мысалы: митингілер, митингіге, фактіге, фактісі, полкке, полктер, полкі, ансамбльге, ансамблі.



Ескерту: Жіңішкелік белгісіне аяқталған бір буынды сөздер мен соңғы буынында е, э дыбыстары бар сөздереге қосымша әрдайым жіңішке жалғанады. Мысалы: рульдер, рулі, Пётрдің, Пётрге, актёрге, актёрлер, дуэттер.

Сөздің соңғы дыбысы қатаң болса, дауыссыздан басталатын қосымшаның басқы дыбысы да қатаң, ал сөздің соңғы дыбысы ұяң я үнді болса, қосымшаның басқы дыбысы да ұяң я үнді болып жалғанады. Мысалы: астық-ты, астық-тан, табыс-пен, айт-тыр, трактор-лар, қағаз-дар, мал-мен, құм-мен, ауыз-бен.



Ескерту: б, в, г, д әріптеріне бітетін сөздерге дауыссыз дыбыстан басталатын қосымшалар тек қатаң дыбыстан басталып жалғанады. Мысалы: штаб-тан, клуб-қа, парад-тан, парад-қа, актив-ке, пассив-тен, резерв-тік, педагог-тер, геолог-тер, геолог-қа, Ашғабад-қа, Мадрид-тен.

Сөздің соңғы дыбысы с немесе з болып, оған с, ш дыбыстарынан басталған қосымша жалғанғанда, алдыңғы дыбыс өзгертілмей жазылады. Мысалы: күнге (күңге емес), жанбайды (жамбайды емес), жанға(жаңға емес).



-ов, -ев жұрнақтары арқылы жасалған фамилияларға қосымша түбір сөздің соңғы буынындағы дауысты дыбыстың жуан-жіңішкелігіне қарай жалғанады. Мысалы: Әділбаевқа (соңғы буыны – бай-жуан) Әділбековке (соңғы буын-бек) Жүсіповтің (соңғы буын-сіп).

Қосымшалар дауысты дыбыстан басталғанда, түбірдің соңындағы қ, к, п дыбыстары ұяңдап, ғ, г, б (немесе у) болып өзгерген түрінде жазылады. Мысалы: тарақ-тарағы, тайлақ-тайлағы, қызық-қызығы, жүрек-жүрегі, тік-тігеді, кітап-кітабы, жап-жауып-жабады; тап-тауып-табады, кеп-кеуіп-кебеді. Бірақ қазақы (ат), қалмақы (ер), сап-сапы (еңбек сапында) сияқты бірер сөздердің түбірі сақталып жазылады.



Ескерту: а) соңғы буында ы і дыбыстары бар кейбір сөздерге дауысты дыбыстан басталатын қосымша жалғанғанда, ы і дыбыстары түсіп қалады. Мысалы: орын +ы - орны, құлық+ы – құлқы, әріп+і - әрпі, ерін+і – ерні, көрік+і – көркі, халық+ы –халқы, ойын+а – ойна, үрік+ек – үркек.

ә) ауыл, дауыс сияқты бірен-саран сөздерге тәуелдік жалғауы жалғанғанда, айтылу (дыбысталу) ыңғайына қарай соңғы буындағы ы, і әріптері түсіріліп те, түсірілмей де жазыла береді .

б) п, х дыбыстарына аяқталатын кірме сөздерге дауыстыдан басталған қосымша жалғанғанда п, х дыбыстары ұяңданады: принцип-принципі, тип-типі, объект-і-ге; ромб-ы-ның.

нд, мп, кт, нк, мб, ск, фт сияқты дыбыстар тіркесіне бітетін сөздерге қосымшалар ы, і дәнекері арқылы қосылады. Мысалы: штамп-штамп-ы-лау; факт-факт-і-ге; митинг-митинг-і-ге; объект-объект-і-лер, объект-і-ге; ромб-ромб-ы-ның.

ст, сть, зд дыбыстар тіркесіне біткен сөздер түбір күйінде ешбір өзгеріссіз жазылады да, оларға қосымшалар жалғанғанда түбірдегі соңғы дауыссыз дыбыс түсіріліп жазылады. Мысалы: трест-трес-тің, трес-інде, ведомость-ведомос-қа, ведомос-ы, съезд-съез-ге, съез-і-нің, социалист-социалиске, социалистік.

Бас әріптерден қысқарған сөздер тек қана дауыссыз дыбыстардан тұрса, оларға қосымшалар соңғы әрпінің жуан я жіңішке айтылуына қарай үндесіп, я жуан я жіңішке болып жалғанып, дефис арқылы жазылады. Мысалы: ТМД-ға, АҚШ-қа. Ал араларында немесе соңында дауысты дыбыс әріптері тұрса, қосымша сол дыбысқа үндесіп, жуан не жіңішке болып дефис ( - ) арқылы жазылады. Мысалы: ЮНЕСКО-ның , НАТО-ға, БҰҰ-ның.

Тырнақшаға алынған сөздерге жалғанатын қосымшалар тырнақшаның ішіне жазылады. Мысалы: Ол өлең «Қазақ әдебиетінде» басылады. Лев Толстойдың «Соғыс және бейбітшілігін» қазақ тілінде де, орыс тілінде де оқыдық.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет