Жанқожа батыр (1774-1860)



Дата27.09.2023
өлшемі66.5 Kb.
#478767
ЖАНҚОЖА БАТЫР




ЖАНҚОЖА БАТЫР (1774-1860)



Жанқожа Нұрмұхаммедұлының есімі Қазақ баласы үшін аса қадірлі де қастерлі есімдердің бірі. Әрі батыр, әрі би бабамыздың ерлік өмірі жайында әрісі орыс, берісі қазақ тарихшыларының ғылыми еңбектерінде соңғы бір ғасырдан аса мезгілде аз айтылып, жазылып жүрген жоқ. Сонау 18-ғасырдың соңғы жылдарында өткен қазақ-қарақалпақ қақтығыстары тұсында, бар-жоғы он жеті жасында Хиуаның белгілі батырын жекпе-жекте өлтірген Жанқожа содан кейінгі 70 жыл ғұмырында тұлпарынан түспей, азаттықтың киелі Ақ туын қолынан түсірмей, қартайған жасында да қас жауларымен қандыкөз көкжалдай алысып, алыстан тоят іздеген қыранша тұғырынан таймай фәниден өтті.
Өзінің ұзақ өмірінде Қоқан, Хиуа, Ресей басқыншыларымен сан рет сұрапыл шайқастар өткізді. Жанқожа батыр сол ұрыстардың барлығына да қолбасшы, әрі басты ұйымдастырушы ретінде қатысып, теңдессіз ерлік, көзсіз батырлық көрсеткен болатын. Сонысымен, жанына ерген жауынгерлеріне үлгі болды, халқына қайрат, «елім» деген ерге ерік-жігер берді. Былтыр батырдың туылғанына 235 жыл толса, биыл батырдың дүниеден өткеніне 150 жыл болды.
Тарихшы М.Тынышбаевтың: «Жанқожа Үш жүздің ең атақты батыр-билерінің бірінен саналады. Ол қазақ тәуелсіздігі үшін күрескер ретінде орысты да, хиуалықтарды да, қоқандықтарды да, тіпті хандардың өзін де мойындаған жоқ» деген мінездемесі де жоғарыдағы пікірімізді айғақтай түседі.
Жанқожаның шыққан тегі айтулы батырлар мен белгілі билердің әулеті. Арғы атасы Киікбай да, түп нағашысы Тама Есет тархан да, өз әкесі Нұрмұхаммед те сонау жоңғар шапқыншылығынан бастап, қазақ халқы басынан өткен небір сұрапыл шайқастарға қатысып, жұртымызға ерлігімен де, билігімен де еңбегі сіңген ерен тұлғалар.
Жанқожа батырдың аталары мен өзі және үзеңгілес, жорықтас кісілер жайындағы деректі құжаттар, айғақтар мен хаттар, басқа да мәліметтер Ресей мұрағаттарында көп ұшырасады.
Жанқожа батыр 1841 жылдың шамасында Кенесары ханмен тізе қосып, атақты Созақ қамалын Қоқандықтардың қолынан азат етуге тікелей атсалысты. Хан әскеріне он сегіз күн бойы алдырмаған бекіністі, Кенесарының соңғы үміті – Жанқожа бастаған Шекті батырлары атойлаған шабуылдарымен шеп бұзып алған дейді көнеден жеткен куәгерлердің айтуы. Бұдан кейін батыр мен ханның жолы екіге айрылды. «Кенесары – Қырғызға, Жанқожа – Ырғызға» дегендей, екеуінің де көздеген мақсаты бар-ды. Бұл жолы да батыр артында қалған панасыз Сыр халқының қамын ойлады, өйткені көне Жанкент жеріне қайта-қайта қамал салып, Қызылқұмдағы Дәуқараның үстінен дүрбі салып, Хиуа сарбаздары: өзбек, қарақалпақ, түрікпен жасауылдары тұрды. Жанқожа сол 1842, 1843, 1845 жылдары оларға үш дүркін тойтарыс беріп, қамалдарын қиратты, Әйімбет, Бабажан бастаған көптеген белгілі бек, батырларын өлтіріп, елдің мыңдаған малы мен қолды болған жесірлерін, мүліктерін қайтарып берді.
Жанқожа – жай, қатардағы қазақ батырларының бірі емес, алаш жұрты үшін жанын да жақынын да аямаған нағыз ер, бекзат мүсінді баһадүр болды. Ел аузынан жеткен аңыз бойынша батыр майдан үстінде шейіт кетуді армандап өткен. Алайда, бұған ағайын-туыстары жол бермегенге ұқсайды. Мәселен, алғашқыда Арықбалық маңындағы орыс әскерімен соғыста аты да, өзі де жараланып, ақырғы демі біткенше айқасып, ата жаудың қолынан өлмекші болған Жанқожаны Құлбарақ батыр сияқты етжақын туыс, қарулас достары ажал аузынан әрең алып шықса, кейіннен «өлсем өз жерімде дұшпаныммен бір ұстасып өлейін» деп Қызылқұмнан шығып елге беттеген сексен алты жастағы есіл ерді өздерімен өмір бойы көршілес, қоныстас әрі ағайын жұрты саналатын көрші рулардың қазанбұзар тентектері дегеніне жеткізбей, көш жолында, қапияда өлтірді. Сексен жастан асып, тоқсанды алқымдаса да Жанқожа сол баяғы қайсар мінезімен, бағзыдағы батыр пішінін де, тіпті намазын да бұзбастан хақ мұсылманша Жасаған иесінен иман тілеп қасқайып тұрып пәниден бақиға өтті.
Жанқожа батыр жайында 10-нан (12 мың жол) аса тарихи жыр-дастандар шығарылып, ел арасына кең тараған. Солардың арасында Мұсабай, Нұрмағамбет, Лұқпан, Жөкей, Қарман, Нұрсұлтан, Ізжан, Орнықбай сынды ақын-жыраулардың туындыларын ерекше атаймыз. Мәселен, Мұсабай жырау нұсқасын Қазалы бекінісінде қызмет атқарған орыс офицері И.В.Аничков оның өз аузынан жазып алып, жариялады. 1894 жылы осы зерттеушінің «Қазақ батыры Жанқожа Нұрмұхаммедұлы» атты тарихи очеркі жарық көргені мәлім. Жанқожа жайындағы тарихи жырды Н.Г.Веселовскийден бері қарай С.Сейфуллин, Т.Шонанұлы, С.Мұқанов, Ә.Қоңыратбаев, Б.Шалабаев, Н.Төреқұлов, С.Садырбаев, Ж.Тілепов, Б.Жүсіпов, т.б. ғалым-әдебиетшілер зерттеді. Бүгінде М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жарық көріп жатқан «Бабалар сөзі» сериясына «Жанқожа батыр» жайында бір том дайындау үстінде. Батыр туралы тарихи жырлардың ең таңдаулыларының бірі және бұрын-соңды зерттелмегені – Лұқпан Кенжеұлы жырлаған нұсқа. Сондықтан осы нұсқаны оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
Серікбай Қосан,
филология ғылымдарының кандидаты
Жанқожа батыр
Құр тарқатып болмайды,
Әлеуметтің құрмауын.
Шын данышпан бітірер,
Шиелескен ел дауын.
Ағалар аңсап келгенде,
Құрбы құрсап келгенде,
Шешейін сөздің құрсауын.
Айта алмай кетсем осыдан,
Әңгіме болар артымнан
“Көрдің бе?” – деп бұлдауын.
Атақты жүйрік емеспін,
Тапқандай сөздің паңдауын.
Ертек пенен терменің
Сендерге бердім таңдауын.
Өлімнен ешкім құтылмас,
Ажалдың көрмей арбауын.
Екі жесір тағы алып,
Жанқожа жазды бір бойды.
Шауып, шаншып ұрыста,
Дұшманның басын көп жойды.
“Өзім жазым болам” деп,
Кей жамандар екі ойлы.
Алаңғасар кей батыр,
Ұрыстан қорқақ үрейлі.
Жақындап жуық келгенде,
Жанқожа мінді қиялға,
Шолақ қара қылышпен
Бірді сілтеп қалғанда,
Бұ да бір кетті ажалға.
Екі басшы кеткен соң,
Қалған бәрі құралма –
Екі ақ сұңқар кез болды
Жайсында жатқан құланға.
Бас кесіліп, ат босап,
Дұшмандар түсті табанға.
Ат-тондарын олжалап,
Ел адамы кенелді
Қызыл жон олжа шұбалма.
Жауды қырып жай тауып,
Жеке батыр, Жанқожа
Бастарын қосып дем алды,
Аттарын қойып ыраңға.
Осы арадан Жанқожа
Кейін қайтты еліне.
Сәлем айтты Сырдағы:
Ақтан атты еріне.
“Қыстың күні болғанша,
Дария суы тоңғанша,
Жинай берсін адамын,
Келгенінше ебіне.
Қырдың елі қайтқансын,
Бабажан сартты қазақтың
Жолатпаспын шеніне.
Оған дейін шыдасын
Сарттардан көрген кегіне”.
Жеке батыр түсінді
Мына сөздің тегіне.
Ақтанға барып айтуға
Жол тартты бұ да жөніне.
Бекбауыл, Бажақ, Ер Ақтан
Жолдасы еді батырдың
Қолдаушы болған көбіне.
Солардың ісін айтайын,
Ақмешіт, Арыс, Жөлектен
Бір ашық жер қалған жоқ
Қаразым, Төрткүл, Хоженттен.
Екі басты бүркітке
Жұмыла жұртты түнеткен.
Мың шүкірлік қыларсың,
Құтылған соң сол дерттен.
Тақысы жоқ таза сөз,
Тыңдаған сайын шөлдеткен.
Қалам алған бес саусақ,
Сен де құтыл міндеттен.
Молла Ұлықман Кенжеев
Ерініп қалған жері жоқ,
Қиялдап жазған ермектен.
ҚР ОҒК-ның Сирек Қорында (Ш. 1320) сақталған. Жыршысы Кенжеев Лұқпан (1898-1930) Қызылорда облысы, Қазалы ауданында туып өскен.
Жинаушысы: Рүстемов Қаражан. Оның әкесі Рүстем Лұқпанның бірге туған інісі.
Жыр мәтіні 1946 жылы Қызылорда қаласында қағазға түсірілген. Жыр түпнұсқасы бойынша берілді.
Қолжазбаны жүйелеп,
баспаға әзірлеген: Серікбай Қосан


Байқожа елді мекені № 258 негізгі мектеп





2014-2015 оқу жылы

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет