Жұбаева О. ҚАзақ тілінің когнитивті грамматикасы



бет15/85
Дата23.06.2022
өлшемі1.82 Mb.
#459438
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   85
Жұбаева монография

-а/ -е/ -й тұлғалы көсемше М.Терентьев, Н.Созонтов еңбектерінде осы шақ көсемше ретінде сипатталса, П.Мелиоранский, И.Лаптев еңбектерінде келер шақ тұлғасы ретінде беріледі. Сонымен қатар -а/ -е/ -й тұлғалы көсемшені А.Байтұрсынұлы «үнемді көсемше» деп атаса, Т.Шонанов [119], Ы.Маманов «келер шақ көсемше» деп, Қ.Жұбанов «дағдылы көсемше» деп, І.Кеңесбаев осы шақ көсемше, Н.Сауранбаев [120] созылыңқылық сипат көсемшесі (деепричастие продолжительного вида), «Қазақ тілі грамматикасы» (Ж.Болатов) [77] үнемсіз көсемше, А.Ысқақов ауыспалы осы шақ көсемше деп атаған. Яғни зерттеушілер арасында -а/ -е/ -й тұлғалы көсемшені тануда бірізділік жоқ.
Ауыспалы осы шақ тұлғалары арқылы берілген іс-әрекет белгілі бір шаққа телулі болмай, жалпылық сипат алады. Уақыттың жалпылануы арқылы сөйлемнің мағынасы да жалпылық сипатқа ие болады. Соның негізінде дағдылы, қалыпты іс-қимыл баяндалады. Ауыспалы осы шақ үшін мәнмәтіннің орны ерекше. Мұнда сөйлеп тұрған мезетте актуалды болатын заттың (немесе адамның) қандай да бір белгісіне ерекше мән беріледі. Мысалы: Ақмоншақ атқа мінеді, Беліне семсер іледі Денеге сауыт киеді Төбеге шашты түйеді Ноғай бөркін киеді (Қобыланды батыр). Он екі баулы өзбекте Әзімбай еді қара көк – Арылмаған уызы Сабада пісер қымызы Арғы атасы асыл тек Осыншаның біреуін Тал бойына көрмейді еп (Қамбар батыр). Мезгіл пысықтауыштарының қатысуы арқылы сөйлем-сөйлесім мағынасы нақтыланып отырады. Мысалы: Бір мезгілде орман жақтан бір үрейлі дауыс шыққан секілденеді. Ақбілек елегізи бастады (Ж.Аймауытұлы, Шығ.). «Біздің жігіттер әлі майданға түскен жоқ, демек, күш-қуат бар деген сөз, ал олар майданға кірсе (осы тұста өзіне жақын тұрған екі-үш адамның ұлының атын атайды), жауды еркінсітіп қоймас» деп өзі де желпініп, елді де желіктіріп тастайды (Ә.Сараев, Ақ тымық түн).
Мәнмәтін негізінде түзілетін, уақыт негізгі концептінің ауыспалы осы шақ мәнінің қалыптасуында уақыттан тыс сипат пайда болады. Морфологиялық жолмен берілетін уақыт концептінің «сөйлеу сәтімен сәйкес келуі» мен уақыттан тыс сипатының тоғысуы нәтижесінде ауыспалы осы шақ мәні қалыптасады. Ауыспалы осы шақ тұлғасы сөйлеу сәтінен бұрын басталған, нәтижесі сөйлеу сәтінде актуалды болатын іс-әрекетті білдіруі мүмкін. Мысалы: Шаруаға да біртүрлі көріпкел. Тамақты қандай ғып пісіреді! (Ж.Аймауытұлы, Шығ.). Жәдік тұқымы да мынау алдарына апарған жайпама табақты жапырта малшылап, өздері әбден кересінен шыға тойып алғасын шеңгелдерін лықа толтырып, жұрттың езуін керіп, жағын жыртып, жағалай сарқыт асатудан гөрі ішіне тобық не асық салып жіберіп, асыға қарпып, жұтына алмай қиқылдап жатқан тамақсауларға қарқылдап күліп мәз болудан гөрі қиынырақ іс шығып тұрған тұста, білектері көтере алмас шоқпарды белімізге қыстырамыз деп әуреге түсіп қайтеді, берер.. (Ә.Кекілбаев, Үркер).
Ауыспалы осы шақ тұлғалары бұрыннан болып келе жатқан, жалпы осы кезде де болу мүмкіндігі бар амал-әрекетті білдіруі мүмкін. Мысалы: Сылдыр-сылдыр су ағады. Суға қараса, Ақбілекті бұлдыр-бұлдыр ой тербетеді (Ж.Аймауытұлы, Шығ.). Күзгі күн төрдегі сары жайнамазға аппақ сәулесін төгеді (Ж.Аймауытұлы, Шығ.). Бұл орайда -а/-е/-й тұлғалары шақтық мағынадан алыстап, дағдылы әрекетті білдіреді. Мұнда да мәнмәтін факторының (мезгіл пысықтауыштары, мезгіл бағыныңқылы сабақтас) орны ерекше болады. Бүлкектен де оған налог төлегені оңай. (Желіс, шабыс түске кірмеген нәрсе ғой); өйткені кішкене бүлкектесе, қарны қорқ-қорқ етіп, шорттасы үзіліп кете жаздайды (Ж.Аймауытұлы, Шығ.).
Ауыспалы осы шақ мәнін білдіруде қимылдың өту сипаты (аспектуалдылық) мен семантикалық фактордың маңызы ерекше. Мұның басты себебі -а/ -е/ -й тұлғалы көсемшенің кез келген етістікпен тіркеспеуінен туындайды. Көмекші етістіктердің етістіктің лексика-семантикалық топтарымен тіркесімділігі және аспектуалды семантиканы сипаттай отырып, М.Жолшаева былай дейді: «Амал-әрекет етістіктері -а/-е/-й тұлғасында келіп, түс етістігімен тіркескенде іс-әрекеттің одан ары жалғасуын және жасалу әрекетінің үдей түскендігін білдіретін мән үстейді: Қазір әлім түйенің алдына өзі мінді де, қара інгенді баяғы бала кездегі дағдысы бойынша қос қабырғасына тепеңдеп, кезектеп тепкілей түсіп, жиі-жиі «атшу», «атшу» деп жіті жүргізіп кетті (М.Әуезов); Тәңірберген ілгері жағынан көзін айырмай, астындағы танау қағып ырсылдап келе жатқан көк атты тепкілей түсті (Ә.Нұрпейісов). Осы сөйлемдердегі тепкіле етістігі мен түс етістіктерінің тіркесімділін оларға компоненттік талдау жүргізу арқылы айқындаймыз: тепкіле- етістігінің семантикалық құрамы: 1) аяқ арқылы жүзеге асады; 2) дүркінді; 3) жасалу қарқыны тез; 4) уақытқа қатысты созылыңқылық дәрежесі бейтарап. Түс етістігімен тіркесуге осы семалардың ішіндегі үшінші сема себеп болған. Өйткені түс етістігі жасалу қарқыны тез қимыл болып табылады.
Сонымен, -а/-е/-й тұлғасында келген амал-әрекет етістіктері түс етістігімен тіркесіп келіп, қимылдың ары қарай жалғасуын және үдемелі түрде жалғасуын білдіреді [108, 137-б.]. Зерттеуші субъектив реңкті білдіретін етістіктер, сөйлеу етістіктері, ойлау етістіктері, сезіну етістіктері, қарым-қатынас етістіктерінің ішінде адам мен зат арасындағы қатынасты білдіретін семантикалық тобы түс етістігімен тіркескенде, оның -а/-е/-й тұлғасында келуін талап ететінін ескертеді. Бұдан -а/ -е/ -й тұлғалы көсемше кез келген етістікпен тіркеспейтінін, яғни ауыспалы осы шақ мәнін білдіруде семантикалық фактор мен қимылдың өту сипатының (аспектуалдылық) орнын көруге болады. Яғни уақыт негізгі концептінің мазмұны мәнмәтін факторы арқылы «осы шақ» сипаты үстеледі.
Уақыт негізгі мазмұнында уақыттан тыс болу, лездік, келер шақ, осы шақ сипаттарымен қатар уақыт негізгі концепті арқылы қалыптасатын морфологиялық жолмен берілетін «қимылдың өту сипаты» концептінде нәтижелік, ұзақтық сипаттары қосымша түзіледі. М.Жолшаева -а/-е/-й көрсеткіштері қайталанатын қимыл; созылыңқы қимыл және жасалу үстіндегі қимыл немесе аяқталмаған қимылды (процестілік) білдіретінін айтады [108].
Сөйлеу сәтінен бұрын басталған, сөйлеп жатқан кезде де өтіп жатқан қимылды білдіретін іс-әрекет созылыңқылық сипатты білдіріп, қимылдың ұзақтығы басты назарға алынады. Бұл мән мезгіл пысықтауыштардың қолданылуы, мезгіл бағыныңқы сабақтас сөйлемдердің қолданылуы сияқты мәнмәтін факторларының қатысуы арқылы түзіледі. Мысалы: Енді айтатын орын келді ғой деп, жеңгесіне бастан-аяқ көрген оқиғасын сөйледі. Жеңгесі тамсанып тыңдай берді (Ж.Аймауытұлы, Шығ.). Бүгін-ертең маусым аяғы бітеді, кемелерді өзенге сүйреп кіргізеді, сосын әр адам өз ошағының басына оралады (Ә.Сараев, Ақ тымық түн).


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   85




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет