Жұбаева О. ҚАзақ тілінің когнитивті грамматикасы


ПРЕДИКАТИВТІ ҚАТЫНАС ДЕҢГЕЙІНДЕГІ КОНЦЕПТУАЛДЫ МАЗМҰННЫҢ ТІЛДЕГІ КӨРІНІСІ



бет11/85
Дата23.06.2022
өлшемі1.82 Mb.
#459438
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   85
Жұбаева монография

ПРЕДИКАТИВТІ ҚАТЫНАС ДЕҢГЕЙІНДЕГІ КОНЦЕПТУАЛДЫ МАЗМҰННЫҢ ТІЛДЕГІ КӨРІНІСІ


«Уақыт» концептінің морфологиялық репрезентациясы


Морфологиялық категорияларды морфологиядағы концептуалдау деңгейлеріне қарай қарастыруға болады. Яғни бірқатар категориялар предикативті қатынастарды білдіретін концептуалды мазмұн деңгейімен байланысты болады. Оған шақ, рай, жақ категориялары жатады. Бұл категориялар тұтас сөйлем-сөйленімнің белгісі ретінде предикативтілікпен байланысты бола отырып, пропозиция шеңберінен тыс болады. Олар хабарды сөйлеу актімен байланыстырып, тілдегі актуалдану құбылысы тұрғысынан адамның болмысқа қатысын білдіреді. Т.Ермекова предикативтiлiктің сөйлемнiң негiзгi қасиетiн айқындайтын синтаксистiк категория екенін айта келіп, логикалық тұрғыдан – субъект-предикаттық қатынас, грамматикалық тұрғыдан – бастауыш-баяндауыштық қатынас, коммуникативтік аспектіден – тема-ремалық қатынас ретінде сипаттайды [132].
Предикативті қатынастар «уақыт», «модальділік», «персоналдылық» концептілері арқылы беріледі. Соның негізінде шақ, рай, жақ морфологиялық концептілері қалыптасады. Уақыт – концептуалды жүйедегі ең күрделі концептілердің бірі. Уақыт концептінде ақиқат болмыстағы байланыстар мен қатынастар көрініс табады. Онтологиялық тұрғыдан алғанда, уақыт категориясын философиялық және физикалық жағынан сипаттауға болады. Соған сәйкес нақты уақыт екі түрлі сипатқа ие: метрикалық және топологиялық уақыт.
Уақыттың метрикалық сипаты кеңістікпен байланысты болады. Кез келген оқиға қандай да бір уақыт аралығында өтетіндіктен, уақыт оқиғалармен де тығыз байланысты болады. «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясында «уақыт» былайша сипатталған: «Уақыт – материяның өмір сүруінің формасының бірі. Ол қозғалыстағы материямен үнемі байланыста болып отырады. Әрбір құбылыс белгілі бір орында және белгілі бір уақытта өтеді. Бірақ кеңістікте уақыттан тыс немесе белгілі бір уақытта кеңістіктен тыс құбылыс болмайды. Уақыттың өтуінің қайтымсыздық сипаты бар. Ол өткен шақтан келер шаққа қарай бір ғана бағытта өтеді. Олай болса, оның өлшемі біреу және оның бұрын өткен бөлігі қайта оралып келмейді» [133, 642-б.].
Уақыт мәнінің концептуалдық сипаты онтологиялық сипатының негізінде құрылғанымен, онтологиялық және концептуалдық сипаты сәйкес келе бермейді. Уақыт мәні – адамның таным әрекеттерінің негізінде адамзат дамуының кейінгі сатыларында түзілген концептілердің бірі. Уақыт мәні болмыстағы заттар мен құбылыстардың арақатынасын айқындау нәтижесінде кейін қалыптасқан. Дерексіз мәнді ұғымдар бастапқыда болмыстың нақты құбылыстарымен байланысты болған. Уақыт тікелей концептуалданбайды, оған жанама түрде оқиғалар, кеңістік пен қозғалыс атаулары уәж болады. Уақыт ұғымына нақты оқиғалар негіз болған. Адам уақытты субстанция ретінде бақылай алмайды. Нақты уақыт адам санасында қандай да бір оқиғаның өтуімен байланысты болады. Сондықтан уақыт адамның санасында да, тілінде де оқиғамен байланысты сипатталады. Уақыттың онтологиялық сипаты оқиғалар арқылы айқындалып отырады. Уақыттың реті оқиғалардың бұрын не кейін өтуіне байланысты сараланады. Уақыттың бағыты оқиғалардың қай кезде болуына қарай, «уақыт» концептінің мазмұнын құраушы концептуалды сипаттарға (уақыттың қайтымсыздығы, бағыты, реті) негіз болады.
Нақты уақыт тілде сол күйінде көріне бермейді. Өтіп кеткен оқиғалар үнемі өткен шақ тұлғаларымен беріле бермейді. Нақты уақыт ұғымдар мен түсініктер түрінде көрінеді. Уақыт мәнінің күрделігіне, алуан қырлы сипаты оның концептуалдануынан да, шақ қатынастарының тілдегі көрінісінен де байқалады. С.С.Құнанбаева темпоралдылық функционалды-семантикалық категориясының өзіндік ерекшелігін былайша сипаттайды: «Время является одной из основных содержательных универсалий текста и реализуется в нем средствами функционально-семантической категории темпоральности, которые специфичны в различных языках. Но в отличие от функционально-семантической категории темпоральности, являющейся языковой категорией и проявляющейся во взаимодействии языковых элементов различных уровней при выражении указанной семантической функции, категория времени текста формируется как интегративная категория, связанная с глубинным смыслом, и реализуется взаимодействием указанных языковых средств функционально-семантической категории темпоральности с такими факторами, как коммуникативная интенция, прагматическая установка, определяющими отбор, синтаксическую и стилистическую композицию речевого произведения» [134, 8-б.].
Философиялық тұрғыдан алғанда, уақыт кеңістік, қозғалыс пен болмыспен бірлікте, тығыз байланыста болады. Кеңістік мәні уақыт мәнінен ертерек қалыптасқан. Уақыт мәнінің концептуалдануына кеңістіктегі қозғалыс та ерекше ықпал етті. «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясында қозғалыс былайша сипатталған: «Қозғалыс шектілік пен шексіздіктің, өзгермелілік пен орнықтылықтың, тыныштық пен тынышсыздықтың қайшылығы болып табылады. Қозғалыстың өзіне қарама-қарсы сәті – тыныштық. Ол қозғалыстың белгілі бір өткінші қалпы, біршама тұрақтылығы. Шексіз тыныштыққа жету – заттың жойылып кетуімен барабар келеді. Дамумен салыстырғанда, қозғалыс – неғұрлым жалпылама ұғым, өйткені ол жүйенің дамуының ішкі заңдарына сәйкес келмейтін қандай да бір сыртқы және кездейсоқ өзгерістерді қамтиды» [135, 20-б.]. Бұл анықтамадан қозғалыс пен уақыттың диалектикалық бірлігі байқалады. Аристотель уақыт пен қозғалыстың өзара байланысты екенін уақыт қозғалысты өлшемдік тұрғыдан сипаттайтынын айтады [136]. Уақыт мәні қозғалыс атауларында да (үздіксіздік, байланыстылық) көрініс тапқан. Физиолог ғалымдардың тұжырымдауы бойынша, адам миында қозғалысты бағыттап отыратын нейрондар болғанмен, уақытты анықтайтын нейрондар жоқ [137]. Яғни қозғалысты адам тікелей қабылдап, сезіне алады. Сол себепті қозғалыс – уақыт мәнін концептуалдауда бастапқы мән болып табылады.
Уақыт мәні оқиға, қозғалыс, кеңістік концептілерімен тығыз байланысты. Қозғалыс, кеңістік пен оқиғалар туралы түсінік уақыт мәнінің қалыптасуына негіз болған. Философиялық тұрғыдан алғанда, уақыт кеңістік, қозғалыс пен болмыспен бірлікте, тығыз байланыста болады [138; 139]. Кеңістік пен уақыт бірлігі кеңістік пен уақыт өлшемдерінің ұқсастықтарынан да көрінеді. Мысалы, ілгері, кейін, алда, артта, бұрын, соң сөздері кеңістікке де, уақытқа да қатысты қолданыла береді. Мәселен, «Қазақ әдеби тілінің сөздігінде» алда сөзінің мағынасы былайша берілген:


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   85




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет