«Жеміс шаруашылығы» пәні бойынша ДӘрістер жинағы тараз 2021 ж


Дәріс-12: Ағаштарды шырпу



бет39/49
Дата27.01.2022
өлшемі293.91 Kb.
#454887
1   ...   35   36   37   38   39   40   41   42   ...   49
4 дәріс

Дәріс-12: Ағаштарды шырпу.

1. Жеміс ағаштарын шырпу, шырпудың түрлері.

2. Шырпудың қосымша тәсілдері.

3. Шырпуды әртүрлі жас шамасы кезеңдерінде қолдану.

Жеміс ағаштарын шырпу – бұтақтарды, өркендерді немесе тамырларды ішінара немесе толығымен аластау; өсімдіктерді баптаудағы маңызды тәсіл. Шырпу топырақүстілік бөлік пен тамыр жүйесі арасындағы қалыптасқан физиологиялық тепе-теңдікті бұзады.

Кез келген жеміс өсімдігінің тіршілігі кезінде шырпуды қолданудың мақсаты, ол: толыққанды, берік және қою емес бөрікбасты қалыптастыру; жапырақтардың қарқынды ассимиляциясы жүруіне қажетті жарық өткізетін бөрікбаспен және жемістік бұтақтардың ұзақ өміршеңдігін және өнімділігін қамтамасыздандыру; жеткілікті жапырақ санын, сондай-ақ сола бастаған кәрі жеміс бұтақтарының орнын толтыруда маңыздылыққа ие қаңқалы және қаптай өсетін бұтақтардағы қуатты өсімдерді сүйемелдеу немесе қалпына келтіру; өнімнің шамасын және сапасын реттеу; бөрікбасты жасарту – оның қартайған бөліктерін алмастыру; бөрікбастың бойлап өсіп кетуіне ырық бермей, оны белгіленген шамада ұстау.

Шырпудың барлық түрлері, тәсілдері, деңгейі және оны жүргізу мерзімімен өзгешеленеді. Шырпудың негізгі екі түрін ажыратады: сирету (таңдап кесу) және қысқарту (келтелеу). Шырпу деңгейі бойынша шамалы, орташа және тұқырта шырпуға бөлінеді, мезімі бойынша – қысқы және күзгі.

Сирете шырпуда (таңдап кесуде) тармақтардың біреуі тұтастай аластатылады, ал негізгі бұтақтың ұзындығы кемімейді. Сиретудібөрікбастың қоюлануын болдырмауға немесе оны сиретуге және жарықтану жағдайын жақсартуы үшін қолданады.

Қысқарта (келтерте) шырпығанда тармақтардың ұшын келтертеді, нәтижесінде олардың ұзындығы кемиді және тамыр мен топырақүстілік бөліктің қоректік заттар алмасу жолы қысқарады. Қысқартуды бұтақтардың жалаңаштануын азайту, бұйыққан бүршіктердің өсуін және бұтақтануын күшейту, бөрікбастың белгіленген нысанында тармақтануы жүруі, бұтақтардың қажет бағытта өсуін күшейту немесе баяулату үшін қолданады. Қысқарту ағаштың бөрікбасының пішінін және көлемін қатты өзгертеді.

Әдетте келтертуді сиретумен үйлестіреді, ағаштың күйіне және шырпудың мақсатына қарай тәсілдің біреуі басымдылықта болуы мүмкін. Шырпудың сипаты тәсілдердің қайсысы басымдылықта болуына, қай жастағы тарам және бөрікбастың қай бөлігіндегісі қысқартылады немесе сиретіледі, сондай-ақ шырпудың деңгейі мен мерзіміне байланысты анықталады.

Шамалы келтерткенде өркен өсімінің 1/4, 1/3 бөлігін шырпиды, орташасында – ½-на дейін, ал тұқырта келтерткенде өркеннің – 2/3-і бөлігі.

Қысқы деп, өсімдіктің тыныштық кезеңінде жүргізілген шырпуды айтады. Айталық, жазғы шырпу өсімдіктің өсінді кезеңі өтіп жатқанда жүргізіледі. Қазақстанның солтүстігінде шырпуды ағаштың кесілген жерінде мұздануы болмайтын, жуықтап наурыз-сәуірде, тыныштық кезеңінде жүргізу керек (В.К.Путий, 1984). Шырпуды сөл жылжығанша аяқтау керек. Кешірек шырпуды ағаш қатты мұзданғанда, жібуі әрең-әрең жүргенде және шырпу деңгейін анықтау қиындау соққанда ғана жүргізуге рұқсат етіледі. Ондайда шырпуды мұзданған бұтақтардың өсу аймағы толық байқалғанша шегере тұрады, бұтақтың сау сүрегінде аязға ұрынған бөлігін кесумен шектеледі.

Шырпудың қосымша тәсілдері

Тарамдалу қуатын реттеу үшін, сондай-ақ еңкіштігін өзгертуді қолданады. Күшейтуге белгіленген тарамдарды (бұтақтарды) тік өсіру үшін тартып, байлайды; әлсіретуге белгіленген бұтақтарды кергішпен кереді немесе еңкіштетіп, тіпті бүгіп байлайды.

Тұқылдандыру (22-сурет) немесе өсіп тұрған өркеннің шөптесін ұшын мыту, оның өсуін уақытша тежейді, өркендердің ағаштануын және қолтықтық бүршіктердің дамуын жеделдетеді. Бұтақтарды еңкіштігін өзгертуді және тұқылдандыруды қолданумен, жас ағаштарды қалыптастыру кезіндегі қысқы-көктемгі шырпудан дерлік толық құтылуға болады.

Қабықты ажымдау. Діңнің өсуін немесе қаңқалы бұтақтардың жуандануын күшейту үшін қолданады. Ажымдауды немесе бойлап тілімдеуді ерте көктемде бақ пышағының ұшымен қабықтың қалыңдығына және шелқабыққа сәл тигізіп жүргізеді. Осы тәсілдің нәтижесінде жарақаттанған жердің айналасында жаңа ұлпаның пайда болуы күшейеді, дің мен бұтақтардың жуандануы бірқалыпты жүріп жатады. Сүйектілерде бұл тәсіл жиі шайыр ағуын туындатады, сондықтан оны дерлік қолданбайды.

Діңді және бұтақтарды сақиналау. Жеміс ағашы ұзақ уақыт жеміс салмаса қабықты сақиналайды: қабықтан ені 5-6 см етіп жолақ тіліп алады, қабықты, ұштары біріне-бірі өтетін жартылай сақина түрінде немесе шиыршық түрінде сақиналап тіліп алады. Қабығынан айырылған жерге бақ нұмын, петролатум жағады немесе оқшаулағыш таспамен, полимерлі таспамен байлайды. Сақиналау діңнің сақиналап тілінген жерінде пластикалық заттардың жиналуын туындатады, ол өз кезегімен өсу үдерстерін төмендетеді және болашақ өнім үшін гүл бүршіктерінің байлануына себепші болады. Сақиналауды өркендердің бойлап өсуі күшейген кезінде, дұрысы маусымның соңы – шілденің басында жүргізу. Сүйектілерде сақиналауды қолданбайды, себебі ол шайырдың мол ағуын туындатады да, кейін діңнің немесе көп жылдық бұтақтардың құрғауы жүреді.

Өркендерді бұрау, сындыру, жаншу. Бұларды, өркен әлі ағаштанбағанда, өсуін әлсірету үшін, тұқылдандырудың орнына қолданады. Бұл тәсілдің жағымды жағы – өркенде бүкіл жапырақтарының сақталатындығы. Күзде немесе қыс түсер алдында осы тәсілдердің бірі жүргізілген жерде, өркендердің бір бөлігі шырпылады.

Айшықтау – қабықты сүрегін ала бүршік үстінен және бүршік астынан көлденең немесе жартылай айшықтап тілу. Біріншісінде бүршіктің өсуі үдесе, екіншісінде – тамырдан қоректік заттардың келуі нашаралайды да, оның өсуін әлсіретеді, генеративтік түрде дамуын жеделдетеді. Айшықтауды ертерек, көктемгі сөл жылжудың басында жүргізеді.

Шырпуды әртүрлі жас шамасы кезеңдерінде қолдану

Жас шағында, ағаш қаңқасын қалыптастыру кезінде, әдетте, қысқартып кесуді қолданады да, сиретуді сирек қолданады. Бөрікбасты қалыптастыруды аяқтағаннан кейін қысқартуды тияды. Сирету бұл кезде кесудің негізгі тәсілі болады. Сирету мұндайда жемістік сүректің қалыптасуына оң ықпал жасайды.

Шекілдеуіктілер (алма, алмұрт), әдетте, көп жылдық сүректерде – жемісті бұтақтарда, жемістік шыбықтарда, жемістік бұтақшаларда жеміс байлайды. Олардың жемістік бүршіктері ұштық болады. Сүйектілер бір жылдық сүректерінде жеміс байлайды және жемістік бүршіктері оларда өркендерінің бүйірінде қалыптасады.

Шекілдеуікті екпе ағаштарда жемістік бүршіктері аралас, яғни жемістік мүшелері және жапырақтары болады; сүйектілердің жемістік бүршіктері қарапайым келеді, яғни тек жемістік мүшелері болады және жаңадан өсуі жүрмейді.

Сүйектілерде өркендерін қысқартуды еппен жүргізу керек, себебі өркендерді гүлдік бүршікке қысқарту өркендердің бір бөлігінің солуына жетелейді. Шекілдеуіктілер қысқартуға шыдамды келеді.

Өркен жайғыштығы күшті сұрыптар қысқарақ қысқартуды (кесуді), ал нашар өркенжайғыштар, керісінше, көбірек қысқартуды тілейді.

Жаппай жеміс салу кезеңіндегі шырпу ағаштың өнімділігін арттыруға және жемістің сапасын жақсартуға ықпал етуі тиіс. Бұған сирету мен шырпуды дұрыс үйлестіру мүмкіндік жасайды.

Ағаштың қартаю кезеңінде, оның өсуі тоқтағанда және жемістік сүрегі жаппай сола бастағанда, нәтижесінде өнімділігі төмендегенде, шырпу жаңа жемістік сүрек қалыптасатын жаңа өсінді өсімнің пайда болуына ықпал етуі керек. Осы кезеңде жиі қысқартуды қолданады, себебі ол өсінді өсімнің күшеюіне мүмкіндік жасайды.

Жеміс ағаштарының дамуына қолайлы жағдай қалыптасқанда кесудің, ағаштар нашар агротехникалық жағдайларда өскенмен салыстырғанда, қажеті шамалы. Қазақстанның солтүстігінде жеміс ағаштары республиканың оңтүстігімен салыстырғанда кесуді азырақ қажетсінеді.

Алманы және алмұртты кесу. Жеміс ағашы алғашқыда жақсы өсіп және жеміс байлағанда кесуді ептеп қолданады, өсуі әлсірей бастасымен ұзынырақ кесуді қолданады. Жеміс байлауының ең жоғары деңгейінде жылдық өсімі әлсіздеу болғанда немесе бір жылдық өркендері үсігенде көп жылдық сүрекке кесуді жүргізеді. Мұндайда кесуді сыртқы бүйірлік бұтаққа немесе жақсы дамыған жемістік бұтақшаға жүргізеді. Қаңқалы бұтақтар қурай және балақ сабақ-бұтақшалары пайда бола бастағанда кесудің негізгі мақсаты – жасартуға және балақ сабақ-бұтақшалардың есебінен жаңа бөрікбас қалыптастыруға бағыттау. Жасарту үшін негізгі қаңқалық бұтақты оның ұзындығының 1/3-не немесе ½ кесу.

Шиені кесу. Шиені кесудің өзіндік ерекшелігі бар. Жас шағында (өсінді кезеңіндегі күшті өскенінде) кесуді сұрыптық ерекшеліктерін ескеріп жүргізеді. Шиенің бұта тәрізді сұрыптарында жылдық өсім қалыпты 25-30 см болғанда сирету типтес кесуді қолданады. Қаңқалы бұтақтардың ұшында жылдық өсімі 15-18 см-ге дейін кемігенде оның барлық бұтақтарының тарамдарын жеңіл-желпі жасарту типі бойынша қысқартады. Мұндайда екі-үш жылдық сүректерде бүйірлік бұтақтарға дейін кесу жүргізеді.

Ағаш тәрізді шиені жеміс салуының басында сиретеді және жылдық өсімін сәл қысқартады. Өсуі әлсіреген ағаштарды дүркін-дүркін (5-6 жылдан кейін) үш-төрт жылдық сүрегіне қысқартады.

Алхорыны кесу. Бойлап өсетін және әлсіз бұтақтанатын ағаштарға жеміс салу кезеңінде бұтақтануын жақсарту үшін қысқарта кесуді қолданады; қысқартуды күшті өсінділерге (60-70 см) қолданады, ал өсіндісі әлсіз ағаштардың көп жылдық сүрегіне, бүйірлік өсіндісіне немесе балақ сабақ бұтақшаларына жеңіл-желпі жасарту қолданады.

Кесу техникасы

Жеміс ағаштарын кескен кезде мынадай кесулерді қолданады: бүршікке, сақинаға, бүйірлік тарамға, жоғары қарай өсетін бұтаққа және сыртқы тарамға бағыттай қысқарту; бұтақты қорғағыш буын қалдыра кесу; ірі бұтақтарды кесу (23-сурет).

Бір жылдық өсімдерді бүршікке кескенде кесуді, кішкентай түбіршік (10-15 мм) қалдырып оның негізінен ұшына бағыттай кеседі. Бұл жұмысты жеделдетеді және бүршіктің сақталуына кепіл болады. Түбіршік бірте-бірте құрғап, түсіп қалады. Кесік беті 30-45о бұрыштай болуы керек. Көтеріңкі бұтақа кесуді сыртқы бүршігіне, еңістісін – ішіне қарай, ал қабаттағы бұтақты бұру керек болса – бүйірлікке кеседі.

Өркендерді және бұтақтарды сиреткенде кесуді «сақинаға» жүргізеді. мұндайда кескіннің беті бұтаның негізіндегі шормен параллель болады, сонда кесудің жарасы тез бітеді. Кесуді сақиналы шордан төмен жүргізсе жараның көлемі үлкен болады және нашар жетіледі.

2-3 жылдық бұтақтарда бүйірлік тарамдарға қысқартқанда кішкентай түбіршіктер қалдырады. Бөрікбас көлемі шектеулі және олардың биіктігі шамалы болғанда ауыстырып кесуді қолданады. Бөрікбасы көтеріңкі ағаштардың негізгі бұтақтарын сыртқы тарамдарға ауыстырады. Мұндайда ірі бұтақтарға ауыстыру орнында ұзындығы шамалы, кішкентай тармақпен, жемістік бұтақшамен аяқталатын, қорғағыш буын қалдырылады. Қорғағыш буын орталық жетекші ағаштың бұтақтануының қасынан ұзақ уақыт жазылмайтын жара жасағанда да керек болады. Ауыстырып кескенде бүйірлік тарамдардың орталық жетекшісін қысқартпайды.

Ірі бұтақтарды екі рет кеседі. Алдымен астыңғы жағынан негізінен 8-15 см қашықтықта бұтаның диаметрінің 1/3 бөлігін кеседі, сосын бұтақты үстінен және пайда болған түбірді сақиналап кеседі. Жуан бұтақтарда түбір қалдырып кесу кеуектің пайда болуына әкеледі.

Бақ ағаштарын кесетін құралдар мен саймандар. Жеміс шаруашылығында көптеген жұмыстарды бақ ағаштарын кесетін құрал-саймандармен жүзеге асырады (24, 25-суреттер).

Телуді пышақтармен (телуші, көзшелеуші, құрама, А.А.Ильинскийдің көзшелеу пышағы) жүргізеді. Кесуге бақ қайшысын, араны, бұтақкескіштері қолданады. Бақ қайшысымен жуандығы 1,5-2 см аспайтын бұтақтарды кеседі. Бақ пышақтары диаметрі 2,5-3,0 см дейінгі ірі бұтақтарды кесуге арналған. Кесуге арналған саймандар жақсы қайралған болуы тиіс. Бақ қайшысымен (секатормен) жұмыс істегенде кескіш бөлігін (кең, өткір) кесушіге бағыттайды. Бұтақты бүршікке кескенде сол қол бұтақтың қалатын жағында болуы тиіс. Көп жылдық бұтақтардың кесілуін жеңілдету үшін оны сол қолмен секатордың кесуге қарсы бөлігіне еңкейтеді.

Биік ағаштарды кесу үшін ЛС-2, ЛСП-2, ЛСУ-3,5 басқыштарын пайдаланады. ПАВ-600 қолдық пневматикалық секаторлар және ВТС-3,5 гидравликалық көтергіштер кесуді жеңілдетеді және еңбек өнімділігін арттырады. Ағашты пішіндеп кесуді ОКМ-4,5; МКО-3,0;

ПКО-6Б машиналарымен орындайды. Пішіндеп кесуді әдетте отырғызғаннан 5-6 жыл өткен соң бөрікбастарын төмендетуден бастайды. Бөрікбастың бүйірлік шектеуін, 8-10 жылдан ерте бастамайды. Кесуді кезектестіріп жүргізеді: алдымен жоғарыдан, келесі жылы – бір жағынан, 2 жылдан кейін – ағаштың екінші жағынан. Бір мезгілде жоғарыдан және бір жағынан ағаштар 15-18 жаста және одан да үлкен болғанда кеседі.

Кесілген бұтақтарды ЛВН-2,5 жүзім шыбығын жинағышымен, СТС-4 – бұтақтарды жинағыш-тасымалдағышымен жинайды.

Жеміс ағаштарын жасарта кесу – ағаштың қартайған, жапырақсызданған бұтақтарын жаңаларымен алмастыру мақсатында кесу; өсімдіктердің тіршілік мерзімін ұзартудың маңызды тәсілдерінің бірі. Жеміс ағаштары әлсізденгенде, қуатты өркендер немесе балақ сабақбұтақтар пайда болғанда, гүл бүршіктері көптеп байланғанда қолданады. Жиі алма, алмұрт, өрік және шабдалы, сирек тәттішие, шие және алхоры ағаштарын жасартады. Жасарту барысында мына ережелерді ескерген жөн. Кесуден төмен бұтақтардың қабығы сау, кесілген жері тегіс болғаны жөн, ол үшін кесілген жерді өткір пышақпен тазалау керек және міндетті түрде бақ нұмы жағылады. Алманың және алмұрттың ағаштарын жасартуды әдетте 20-25 жасында, шабдалынікін, шиенікін 10-15 жасында бастайды. Жеңіл-желпі, жасаңдатқыш кесуді және күшті жасартуды ажыратады.

Жеңіл-желпі жасаңдату (шырпу) деп қаңқалы бұтақтарды көп жылдық сүрекке қысқартуды айтады. Жеміс беруші алма ағашын 2-3 жылдық және одан да ересегінде шырпуды ірі бұтақтарының (диаметрі 5-7 см дейін) ұштарында өсіндісі әлсірегенде жүргізеді. Мұндайда сүректің жасын емес, ондағы өсіндінің мөлшерін ескереді, яғни қысқартуды қаңқалы бұтақтардың ұштарының өсіндісі 25-30 см дейін кемігенін қысқартады. Қаңқалы бұтақтардың қолайлы жағына бағытталынған, бүйірлік тарамын қысқартады.

Жеміс салуының соңғы жылдары және жеміс салатын өсімдіктің ағашы жиі гүл бүршіктерін артығымен салады және әлсіз өседі. Осы кезеңде жасаңдатқыш кесудің маңызы арта түседі. Мұндайда бұтақтарды кесіп, онда соңғы жылдары өскен жекелеген өсінділерін (үш, бес жылдық және т.б. сүректерін), кейде гүл бүршіктерінің үштен бірін аластайды. Сондай-ақ жартылай қаңқалы және күрделі жемістік бұтақтарын да (жемістік бұтақшалар) жеңіл-желпі жасартады (жасаңдайды). Алманың жеміс салатын жас ағаштарының қаңқалы бұтақтарын 3-5 жылдық сүректеріне кеседі, 40-50 жылдықтарында – 7-10 жастағыларына. Бүйірлік тарамдарына немесе тіпті жоғары жақсы өсетін балақ сабақ-бұтақшаларына кеседі. Мұндай жасарту өсуді күшейте отырып, өсуді және жеміс салуды теңестіретіндей ықпал етеді. Жапырақтарының санының молаюы жемістердің сапасы мен көлемінің артуына және жүйелі жеміс беруіне мүмкіндік жасайды. Жасарта кескенде ағаш қоректік заттарды мол гүлдеуге шығындамайды және оның түйіндерінің шашылуы азаяды. Жасарта кесуді 3-6 жылда бір рет жүргізеді және оны жылда бөрікбасты сиретумен бірге жүргізеді.

Күшті жасартқанда бірінші жылы қаңқалы бұтақтарды 2/3 ұзындығына, әдетте бұтақты жалғастырушы болатын қуатты балақ сабақ-бұтақшаларына дейін кеседі. Тамыр жүйесін қоректендіру үшін бір қаңқалы бұтақты қалдырады да, оны бөрікбас қалпына келгеннен кейін, бірнеше жылдан кейін жасартады. Күшті жасартқаннан бір жылдан кейін жаппай өсетін бұтақтарын толығымен кесіп, күшті өсіндіні қалыптастырады. Жеміс шаруашылығының солтүстік аудандарында жарақат көлемі шамалы болуы және ағаштардың өсінді кезеңі тым ұзақ болмауы үшін жасарта кесуді әлсіз бұтақтарға жүргізеді. Жеміс ағаштарын өскен аймақтарында кесуді белгіленген мерзімде жүргізеді. Жасарта кескеннен кейін бірнеше өркен өсіп шығады, солардан 3-4 жылдан кейін жаңа бөрікбас қалыптастырады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   35   36   37   38   39   40   41   42   ...   49




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет