К І Р І С П Е
“Жеті жарғы” қазақ халқының дəстүрлі мемлекеттік жəне құқықтық мəдениетінің алтын қорынан
сақталған қымбат қазына. Бұл ұлы құжатқа байланысты ауызша жəне
жазба деректерді
қарастырып отырып “Жеті жарғының” мемлекет пен қоғамның тіршілігін үйлестіретін негізгі заң
қағидаларының жинағы немесе мемлекеттік биліктің үлгісі ғана емес, соныменен бірге ұлттық
танымның айшықты айнасы, халық рухының қамқоры, ұлттық мүдденің жаршысы екенін
аңғарамыз. Жер жүзіндегі қандай да бір елдің арман-тілегі де, мақсат-мүддесі де мемлекеттік жəне
ұлттық тəуелсіздігі, осы ұлы түсінік “Жеті жарғының” ел құрметіне бөленіп, ел ақсақалдарының
жадына берік жазылуына негізгі себепкер.
Біз қолда бар деректерді қарастыра отырап “Жеті жарғы” туралы мəліметтер
негізінен ауызша
түрде, қазақтың шежіресі, аңыз-хикаялары, өлең-жырлары арқылы сақталған деп есептейміз.
“Жеті жарғының” түп өзегі Евразия көшпелілерінің бірнеше мың жылдар бұрын қалыптасқан
əдет-ғұрып заңдарына негізделген. Сонымен бірге “Жеті жарғы” XVII ғасырдың соңы мен XVIII
ғасырдың басындағы саяси-əлеуметтік ахуалға ыңғайланған əдет-ғұрып ережелерінің жаңа
редакциясы. Көшпелі қауым арасындағы саяси билік бірде күшейіп, бірде əлісіреп замана əсеріне,
əсіресе сыртқы ортаның ықпалына тікелей ыңғайланып отыратын құбылыс. Саяси билік белгілі
дережеде не сырттан қауіп төнгенде, не сыртқа бағытталған көшпелілердің ірі қозғалыстарының
кезінде күшейіп, ал қауым ішінде бейбітшілік тенденциялары нығайғанда əлсіреп отырады.
Зерттеушілердің көпшілігі “Жеті жарғыны” тек құқықтық мəселелермен ғана байланыстырады.
Бұл таңдау белгілі дережеде тарихи институттарға ретроспекциялық
тұрғыдан қараудың тікелей
жемісі. “Жеті жарғыға” байланысты əдет-ғұрып ережелері жинақталып хатқа түсе бастаған
уақытта қазақ мемлекет дəстүрлері аса құлдырап, оның реттегіш механизмдері, заңдары
қолданыстан шыға бастаған еді. Қазақ мемлекетінің негізгі ұйытқысы, құрылымдық жүйесінің
негізі болып табылатын туысқандық қарым-қатынастар “ақтабан шұбырынды” заманында үлкен
соққы алып, қалыпты жүйесін бұзып алды. Бұл дағдарыс əлеуметтік
топтар арасындағы қарым-
қатынасқа да тікелей əсер етіп қоғамдағы төре мен қараша, төре мен төлеңгіт, отырықшы мен
көшпелі элементтер, субэтникалық топтар мен сословиелер арасындағы қалыпты қатынас
бұзылды.
М.Тевкелев күнделігіндегі Бөкенбай батырдың əңгімесінде: “У них, киргис-кайсаков,
прежде
были города, а именно: Ташкент, Тюркестан, Сейрам с принадлежащими ко оным городками и
деревнями, и оными владели киргис-кайсацкие ханы и старшина. В тех городех живут сарты, то
есть посацкие мужики, с которых брали они дань. А из тех городов выслал их хонтайша тому с 15
лет. А ныне оными никто не владеет и дань не забирает, живут праздно…” (37, с.62) – деп
суреттелетін жағдай саяси-құқықтық құрылымға да қатысты.
XVIII ғасырдың ортасына қарай қазақ жерінде мемлекеттік дəстүрлердің қайта күшеюі басталды.
Оның барысын біз қазақтардың Жоңғария жеріндегі белсенді саясатынан, Сыр бойындағы
қалаларды қайтарып өнеркəсіп пен сауданы қолға алуынан, Сыр бойына əсерін азайту үшін Қоқан
хандығын ығыстыру саясатынан т.б. салмақты істерден көріп қаламыз.
Қазақ халқының
мемлекеттік мүддесі бұл кезеңде Абылай атымен байланысты болды. Бірақ бір жағынан Ресей, бір
жағынан Қытай шеңгелі қазақ мемлекетінің күшейіп, іргелі ел болуына тосқауыл қойды.
Көшпелілер билігінің Евразиядағы үстемдегі осыменен біржолата тиылды да, Европа нақты жеңді.
Абылай хан қанша күш салғанымен елді өз бетімен басқарып кетуге, қазақтың басын түгел қосып
алуға дəрмені жетпеді. Оның ең басты себебі Ресейдің қазақтың Кіші жүзіне енуі, Əбілқайырдың
алауыздық туғызған саясаты, Ресейдің Есілді өрлеп Көкшеге жақындап қалуы. Жалпы қазақ қанша
жанкешті болғанымен Евразиядағы түбегейлі өзгеріске түскен геополитикалық жағдайды өзгерте
алмайтын еді. Қазақ мемлекетінің дағдарысымен бірге ірі-ірі мемлекеттік институттар, əдет-
ғұрыптар, қоғамдық, мемлекеттік, азаматтық түсініктер жүдеушілігі басталды. Осылайша “Жеті
жарғы” заңдарынан мемлекетке қатысты ережелердің көпшілігі ұмытылып, тек жеке адам, немесе
қауымға тікелей қатысты ережелер көбірек сақталды. “Жеті жарғының” өзі қалыпты ережелер
жинағы жəне ереже туғызушы тетік есебінде өмірден XVIII ғасырдың басында – ақ озған еді.
XVIII ғасырдың ортасындағы жағдайда “Жеті жарғыны” мемлекет мүддесін ойластыратын
Жоғары кеңес есебінде жаңғырту мүмкіндігі аяқталды.
Қолда бар тарихи-этнографиялық мəліметтер “Жеті жарғы” қызметіне жəне қазақтың əдет-ғұрып
заңдарына жан-жақты, терең қарауға мүмкіндік береді. Бірнеше ғасыр бойы жинақталған тарихи
деректер дəстүрлі зерттеу тəсілдерімен қатар, тың ғылыми зерттеу əдістері
мен аспаптарын
(инструментари) енгізу жемісті болатынына кепілдік береді. Оның біршама тəжірибесі кəзіргі
“Нормативті этнография” аталып жүрген ғылым саласында қалыптасып қалды (18; 46; 68; 74; 82).
Сонымен бірге дəстүрлі құқықтық көзқарастарды, жүйелерді, құндылықтарды зерттеуге
“Құқықтық антропология” тікелей араласқаны зор пайда береді. Қалай дегенмен де дəстүрлі
қоғамды, оның рухани мұрасын, тек қана саяси-құқықтық мұрасы ғана емес, рухани қазынасы
болып табылатын əдет-ғұрып
заңдарын, соған байланысты қалыптасқан нақыл, ақыл сөздерін,
шешендік өнерін, салт-дəстүрін игеруге кəзіргі уақытта гуманитарлық ғылымның басты
саласының бірі ретінде этнологияның араласу мүмкіндігі мол. Классикалық тарих жəне заң
ғылымдары тек сыртқы (жазба) дерекке негізделсе, этнология ізденіс барысында халықтың (этнос)
ішкі құрылымына, жабық байланыс жүйелеріне, жан сақтау жəне өмір сүру заңдылықтарына
үңілетін зерттеу əдістеріне сүйенеді. Бұл қоғамдық ғылымдарды, соның ішінде құқықтану саласын
алға алып баратын жол.
Біз бұл еңбегімізде “Жеті жарғы” тек
құқықтық ескерткіш қана емес, сонымен қатар институт,
билік жүргіу тетігі деген пікірді негізге алдық. Бұл жерде екі бағытты да бөле жармай тұтас
қарастыру біздің негізгі мақсатымыз болды. Тақырып аясын кеңейту үшін мүмкіндік келгенше
əдет-ғұрып заңдары мен ережелерін жас оқырмандарға көбірек таныту міндетін алдық. Болашақта
жас заңгерлер бұл жинақты толықтырып, оның құрылымына, жүйелеу ретіне өзгерістер кіргізетіні
даусыз. Мемлекеттігін құрып, заңын түзеп жатқан тəуелсіз Қазақстан үшін “Жеті жарғы” əлі де
маңыздылығын жоғалтқан жоқ. Тек қазақ қоғамының көп жағдайда синкретті мəдениет өкілі
екенін, көп құбылыстар бір-бірімен астасып жататын ескерген жөн. Солардың ішінде “Жеті
жарғы” аталып бір-бірімен ажырамастай бірігіп кеткен мемлекет жəне құқық құбылыстары жатыр,
бұл біле білген адамға бөле жаруға болмайтын қасиетті дүние.