Критериалды бағалау – оқушының оқу нәтижелерін білім беру мақсаттары мен мазмұнына сәйкес келетін, білім беру үдерісіне қатысушылардың (оқушылар, мектеп әкімшілігі, ата-аналар, заңды тұлғалар және т.б.) барлығына алдын ала таныс, ұжым талқысынан өткен, нақты анықталған өлшемдер арқылы оқушылардың оқу жетістіктерін салыстыруға негізделген үдеріс. Критериалды бағалаудың екі түрі бар – жиынтық және қалыптастырушы.
Жиынтық бағалау (оқуды бағалау) – оқытудың нәтижелерін жіктеу, сертификаттау және тіркеу мақсатында оқытудың қорытындыларын шығару. Жиынтық бағалау оқу циклдері мен сатылары аяқталғанда жүзеге асырылып, оқушының белгілі бір кезеңдегі дайындық деңгейінің көрсеткіші болып табылады, біртұтас бағалау критерийлері негізінде іске асырылады.
Қалыптастырушы бағалау (оқыту үшін бағалау) – мұғалімдерді, оқушыларды және педагогикалық үдерістің басқа да қатысушыларын оқуды жетілдіру үшін қажет ақпаратпен қамтамасыз ететін оқудың ағымдағы бағалануы. Қалыптастырушы бағалау сыныптағы күнделікті жұмыс барысында жүзеге асырылып, оқушының ағымдағы оқу үлгерімінің көрсеткіші болып табылады. Оқушы мен мұғалім арасында кері байланысты қамтамасыз етіп, оқу үдерісіне уақтылы өзгеріс енгізіп отыруға мүмкіндік береді.
Бөлім/ортақ тақырып бойынша жиынтық бағалау – оқу бағдарламасындағы әр бөлімді/ тақырыпты аяқтағаннан кейін оқушының оқу жетістігі деңгейін анықтауға бағытталып, баға мен балл қою арқылы өткізілетін бағалау түрі. Оқушының жұмысына қойылған баға нәтижесі оның тоқсандық бағасын қоюда ескеріледі. Бөлім/ортақ тақырып бойынша жиынтық бағалаудың ұйымдық құрылымы келесіде көрсетілген:
1. Тоқсан ішіндегі белгіленген бағалау рәсімдері.
2. Оқу бағдарламасы бөлімінің оқу мақсаттарына жеткендігі туралы шешім қабылдау.
3. Тоқсандық баға шығарудағы нәтижелерді ескеру және тіркеу.
Бөлім/ортақ тақырып бойынша жиынтық бағалауға арналған тапсырмалар бөлімдегі оқу мақсаттары мен бағалау критерийлеріне сәйкестендіріліп құрастырылады.
Бөлім/ортақ тақырып бойынша жиынтық бағалау белгілі оқу бөлімінің соңында өткізіледі де, жаратылыстану-ғылыми пәндер мен тілдік пәндер бойынша бөлімді; әлеуметтік-ғылыми пәндер бойынша ортақ тақырыпты оқып, аяқтаған кезеңде өткізіледі.
Достарыңызбен бөлісу: |