Смағұлова Әсел
Ө.А.Жолдасбеков атындағы
экономика және құқық академиясы
«Қаржы» мамандығының 217 топ студенті
Егеубаев Жақсылықбай
Егеубаев Жақсылықбай 1921-ші жылы 19-шы мамырда қазіргі Алматы облысы Кербұлақ ауданының Жоламан ауылында дүниеге келген екен. Атамыз басынан кешкен қиыншылықтарды былай әңгімелейді.
- Әкем тоғыз ағайынды еді. Ал әкемізден біз Бейсембай, Жақсылықбай, Орымбай, Қатымтай, Бөрібай атты бес ұл мен Қыдырбике атты қыз болып тудық.
1928 жылдың жаймашуақ күндері ел ішіндегі байларды кәмпескелеу науқаны қызу жүргізілді. Кәмпескеге ілінетіндердің ішінде ел билеген байлар мен билер, болыстар мен старшындер, сол кездегі әл-ауқаттылар бар. Мен 8 жасымда едім, әкем де кәмпескеге ілініп, мал-мүлкімізден айырылдық.
Әкемнің екі бауыры Кербұлақ ауданындағы Бостан ауылында тұратын. Біз сол ауылға көшетін болып жолға шықтық. Жолда келе жатқанымызда Қыдырбике атты қарындасымыз қатты ауырып, қайтыс болды. Біз жолда қарындасымызды жерледік те ары қарай жүре бердік...
Бостан ауылына да жеттік. Байлардан алынған мал- мүлік белсенділер арқылы колхозшыларға, үкіметке тапсырылды. Бірақ «тапсырылды» деген атақ қана, жырындылардың пайдасына шешіліп, орынсыз, жүйесіз ит рәсуәға ұшырады. «Мұртқа өкпелеп жүргенде, сақал шықты», «Жығылғанның үстіне жұдырық» дегендей 1930-шы жылы бай-кедей демей қазақ елінен ет салығы алынды, мал құны топыраққа айналды. Диқаншылықты кәсіп етіп, жер емшегін емуді енді пайдаланып келе жатқан қазақ үшін малдан айырылу - жаннан айырылумен бірдей болды.
1931-ші жылы мен 10 жаста едім. Ауылдағы ел- жұрт көшіп, Қытай асып кетіп жатты. Біздің әкемізді бауырларымен бірге кеңес үкіметінің белсенділері келіп, «Сендер бидай, мал сатасыңдар!» деп айыптап, « абақтыға жабамыз» деп алып кетті, - деп Жаксылықбай қария терең күрсініп алды.
- Е, балам,- деп әңгімесін қайта бастады шал бірер уақыттан кейін. – Біз – шешем, бауырларым – сөйтіп аш қалдық. Шешем байқұс ағам екеуі ертеден қара кешке дейін табандары тілім-тілім болып, масақ теріп әкелетін. Біз олардың алдыларынан шырылдап жүгіріп шығатынбыз...
Мен үйде үш ініме қарап қалатынмын. Бір күні Қатымтай мен Бөрібай катты аштықтан науқастанып шыдамай қайтыс болды. Біз сол жерге екі інімді жерледік...
Адамдар ашыққаннан бірін бірі жеді. Аштықтан қырылған адам сүйектері әр жерде шашылып жатты. Жеуге ештеңе таппағандықтан шөптердің тамырларын кеміріп жеген күндеріміз де болды... Мың өліп, мың тірілген қазағым осындай күндерді де бастан өткерген! - деп өткен өмірін есіне түсірген қарияның жүрегі елжіреп көзіне жас келді.
- Мұндай ашаршылық сендердің бастарыңа бермесін! - деп қарт сөзін аяқтады.
Жазып алған
Достарыңызбен бөлісу: |