Түйін сөздер: Алаш, ұлт-азаттық, алым-салық саясаты, патшалық, саяси-әлеуметтік, отарлау
Алаш қайраткерлері ұлтымыздың рухани мұрасын жинауда, жариялауда және зерттеуде маңызды істер атқарғаны белгілі. Олардың бұл саладағы аса нәтижелі жұмыстары – осы халық үшін маңызды мәселенің бастауында тұрғандығымен де бағалы. Айталық, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы халық ауыз әдебиеті үлгілерін, Мағжан Жұмабаев Базар жырау, Ақан сері мұраларын, Мұхамеджан Тынышбаев қазақ тарихына қатысты деректерді жинап, зерттегені, жариялағаны бүгінгі күндері көпшіліктің игілігіне айналып отыр. Алаш зиялылары ұлттың саяси бостандығы мен азаттығы жолында күреске шыға отырып, халықтың рухани болмысын түгендеуді де ұмытқан емес. Өйткені, біздің ойымызша, қандай халық болмасын өзінің мәдени-рухани дүниесін дамытпай, өркендеу жолына түсе алмайтындығын ұлт-азаттық қозғалыс өкілдері өте жақсы түсінген. Алайда, олардың алған білімдері филологиямен, тарихпен немесе өнертанушы сияқты мамандықтармен байланысты болмаған [1].
Исатай Тайманұлы бастаған Кіші жүз қазақтарының ұлт-азаттық қозғалыс тарихына қалам тартқан белгілі зерттеушілердің ішінде Алаш қайраткері профессор Халел Досмұхамедұлы еңбектерін де көрсетуге тиістіміз. Мәселен, Х.Досмұхамедұлы құрастырып 1925 жылы Ташкентте бастырып шығарған «Исатай-Махамбет» атты кітапта халық намысының алаулай тұтанған отты жылдары, Кіші жүз өлкесі ғана емес, бүкіл қазақ тарихында елеулі із қалдырған ұлттық бас көтеруге қатысты мол дерек алғаш рет топтастырылған болатын. Х.Досмұхамедұлының көлемді алғысөзімен жарық көрген бұл еңбектің күні бүгінге дейін мәнін жоймаған екі тұсы бар: біріншіден, дауылпаз ақын Махамбет Өтемісұлының өлең-жырлары осы кітапта тұңғыш рет толық топтастырылып, тасқа басылды, сол арқылы бүгінгі хұрпаққа жетті. Екіншіден, Исатай-Махамбет бастаған бас көтерудің ащы шындығы, яки оның отаршылдық буғауына шыдамай толқыған халықтық, ұлттық көтеріліс екендігі ашық айтылды [2].
Бұл топтамадағы алғысөз орнына Халел жазған «Тайманұлы Исатайдың қозғалысы турасында қысқаша мағлұмат» деп аталған мақаланың ғылыми құндылығы сонда, Исатай мен Махамбет бастаған ұлт-азаттық көтеріліске қатысты тұңғыш рет сол кездің өзінде берілген баға мен айтылған ой-байламдары, пікір-тұжырымдары, деректік мол мағлұматтары күні бүгін де өз маңызын жойған жоқ. Автор Қазақстанның батыс бөлігіндегі Кіші жүз қазақтарының ХҮІІІ-ХІХ ғғ. aралығында Ресей патшалығының бодандығына қарсы тәуелсіздік пен бостандық жолындағы жанқиярлық ерлік күрестерінің басты-бастыларына шолу жасай келіп, Исатай мен Махамбет бастаған ұлт-азаттық көтерілістің шығуы һәм жеңіліске ұшырауының тарихи себеп-салдарына терең талдау жасаған. Мақалада сонымен бірге қос арысты дүниеге әкелген туған-өскен ортасы, тұқым зәузаты, елдің саяси-әлеуметтік тыныс-тіршілігі жан-жақты баяндалған.
Өкінішке орай, көп жылдар бойы Xалел Досмұхамедұлының есімі мен шығармашылық қызметін «ататпауға» мәжбүр еткен саяи ағымға байланысты жоғарыда аталған еңбектері ғылыми айналысқа түспей келді.
Қазақ ұлтын алдаусыратып, арбау сөз молынан айтылған кешегі кеңестік-тоталитарлық дәуірде большевиктік-таптық идеология тек Халел сынды арыстардың ел үшін еңіреп өткен еңбектерін ғана тұмшалап, халық жадынан өшіруге ұмтылады, сонымен бірге Махамбеттің отты жырларын да қолдан «жуасытып», қиянатқа барып, ұлы ақынның біртуар өлеңдерін қырнап-жөндеп, құбылмалы саяси ағымның ығына бағыттады.
Қазақстан тәуелсіздік алған және Исатай батырдың туғанына 200 жыл толған 1991 жылы Xалелдің бұл кітабымен оқырман қауым қайта қауышты. Еліміз тәуелсіздік алғанға дейін сол тәуелсіздік жолындағы ұлы күрестердің бірегейі Исатай-Махамбет бастаған көтеріліс те бар-жоғы хандық құрылысқа (Жәңгір ханға) бас көтерген «шаруалар қозғалысы» деп түсіндіріліп, насихатталып келгендіктен де бұл бұрмалаушылықтың шындық-ақиқатына көз жеткізуде, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында және күні бүгінге ұлттық сана-сезім мен ұлттық тарихты қалыптастыруда атақты ғалым Х.Досмұхамедұлының аталмыш зерттеуінің ерекше маңызы бар деп білеміз.
Бөкей ордасындағы ауылдық-қауымдық жерлерді ірі орыс помещиктері, хан туыстары мен басқа да ақсүйек топтардың иемденіп алуы, феодардың озбырлығы, патшаның және Астрахань губернаторының қолдауына арқа сүйеген Жәңгір билігінің бұқара мүддесіне қайшы келуі Х.Досмұхамедұлы еңбегінде көтерілістің себептері ретінде сипатталады. Қазақтың жерін «Жәңгір өзімнің жерім деп түсінді. Қара халықтың жері ханның мүлкі деген пікірді жүргізді... өзіне жақпаған ауылдың, рудың жерін тартып алатын болды... Жәңгірдің заманында Бөкейдің елі көшуді кемітіп, отырықшы бола бастады. Жазы қолайсыз, не қысы қатты жылдары көршілес нудағы елдермен қазақтың арасына күшті жанжалдар пайда болады. Жұт көбейді. Eл жарлы бола бастады. Жәңгір қазақты қорғамады, қорғауға да әлі келмеді. Еділ-Жайық бойындағы казак-орыстар, Теңіз бойындағы байлар қазақтың меншікті жеріне ауыз салды. Қазақтың мойны потрав (мал егінді, шабындықты таптағаны үшін шығынын төлеу), штраф дегеннен босамады. Aйналасындағы жерге бай көршілеріне түк (тұяқ) ақы төлеп, қазақ жан сақтайтын болды» [2, 14-15 бб], - деп автор жер мәселесіндегі ушыққан қайшылықтарды, келеңсіз алым-салық саясаты мен әлеуметтік өмірдегі қолдан жасалған ауыртпалықтарды ашып көрсетеді.
Халел Досмұхамедұлы ой-пікірінің құндылығы сонда, ол – көтеріліс қарсаңындағы Бөкейлік халқының ішкі өмірінің қатпарларына терең үңіледі. Қазақ халқының психологиялық ерекшеліктерін ескере отырп, ұлттық менталитеттің моральдық ауыр соққы алған жайын, өлкедегі саяси-әлеуметтік қайшылықтармен байланыстыра келе, халық көтерілісінің шығу себептерін айшықты баяндап береді.
Х.Досмұхамедұлы тұжырымдары Бөкей ордасындағы басқару жүйесін өзгерту, хандық билеп-төстеу саясатының күшеюі, алым-салықтар көлемінің жылдан-жылға ұлғаюы қазақтар өмірінде дәстүрлі құқықтың әлсіреуіне, шонжар-феодал топтардың билеп-төстеуінің күшеюіне, халықты езіп-жаншудың тереңдей түсуіне алып келгендігін дәлелдей түседі.
Қарауылқожаның бассыздығы, Жәңгір және оны қоршаған феодалдық күштердің халық мүддесімен санаспауы еңбекте әлеуметтік тартысты жылдан-жылға шиеленістерген жәйттер ретінде көрінеді. Халел Досмұхамедұлы көтерілістің барысын, жеңілуін кеңес тарихшысы Г.Сербариновтың еңбектері негізінде жазған. Aвтордың неғұрлым көңіл аудартатын пікір-талдауларының ішінде, әсіресе, оның көтеріліс көсемі – Исатай Тайманұлының тарихи тұлғасын сипаттаудағы тұжырымдары өте дәйекті де, бағалы, Исатай-Махамбет бастаған көтерілістің тұтас тарихын жазуда аса ескеретін көзқарастар болып табылады.
Халел Досмұхамедұлының «Исатайдың көтерілісі қазаққа қандай пайда, зиян берді, патша өкіметіне қандай ой түсірді» деген сұрауларға берген жауап-пікірлері де көтерілістің тарихи маңызы мен тарихи тағылымдарын танып білуде үлкен көмек екендігі хақ.
Tақырыптың бұдан кейінгі кезеңде зерттелуі С. Д. Асфендияровтың есімімен тығыз байланысты. Ол алғаш рет ежелгі уақыттан бастап 1917 жылға дейінгі қазақ халқының тарихы бойынша толық ғылыми еңбек құрап, бұның ішіне азаттық көтерілістері тақырыбын рет-ретімен және көтерген мәселесіне қарай енгізді. «Қазақстан тарихы» 1935 жылы жарыққа шықты. Оның жариялануына дереккөздерін негізге ала отырып жасалған тынымсыз еңбек себепкер болды. С. Асфендияров патшалықтың Қазақстандағы отарлау саясатының негізгі бағыттары мен жолдарын қарастырды. Ол далада отарлау билігін орнықтырудың әскери, саяси және экономикалық жолдарын атап көрсетті. Оның ойынша, қазақ қоғамының әлеуметтік құрылымына терең өзгерістер алып келген орыс сауда-өнеркәсіптік капиталдың енуіне баса назар аударылды. Патшалық таптық қақтығыстарды күшейтті, оларды бұрынғыдан да кең базаға, атап айтар болсақ, билік етуші тап тарапынан өзіне жақтас адамдарды тартып, отарлық тонау мен қанау базасына дейін жеткізді [3]. Aсфендияров отарлауға ұшыраған қоғамның топқа жіктелуін және қазақ қоғамының билік етуші жоғары табымен отарлаушылар мүддесінің бір жерден шығуын көрсетті. Mүдделер ортақтығын ол қазақ еңбекшілерінің қанаудан көрді, осылайша «екіжақты феодалдық қанау» туралы тезис пайда болды. Осылайша, «Қазақстан тарихы» еңбегінде әлеуметтік әркелкіліктің ұлт-азаттық көтерілістер дамуы мен барысына әсер етуі туралы ереженің ресімделуі логикалық түрде аяқталды. Дәл осы тұрғыдан жұмыста 1836-1838 жылдары Бөкей ордасында белең алған көтеріліске сипаттама берілді. Тарихшының ойынша, бұл патшалыққа қарсы бұқаралық бас көтерулер болатын.
Қолданылған әдебиеттер тізімі:
Тілешова Қ.Е., Алаш қайраткерлерінің ғылыми зерттеушілік қыры. «Ана тілі аясы: тіл мен әдебиет теориясы және лингвистика» атты республиалық ғылыми-теориялық және әдістемелік конференция материалдары.- Астана: ЕҰУ баспасы, 2012.- 323-326-б.
Досмұхамедұлы Х. Исатай-Махамбет. Алматы: Қазақстан, 1991. – 256б.
Асфендияров С. Д. История Казахстана (с древнейших времен). – Алма-Ата, 1993. – С. 167.
Достарыңызбен бөлісу: |