Жұмыс бағдарламасы 2013 жылдың жұмыс оқу жоспарының 5В050400 «Журналистика»



бет3/5
Дата30.06.2016
өлшемі0.9 Mb.
#167642
түріЖұмыс бағдарламасы
1   2   3   4   5

Бақылау сұрақтары:

1.Тіл дыбыстарының өзара қарым-қатынасы

2.Дыбыстардың комбинаторлық өзгерістері

3.Ассимляция құбылысы

4.Диссимляция құбылысы

5.Дыбыс үндестігі

6.Анномедация құбылысы

7.Редукция құбылысы



Әдебиеттер тізімі:11,12.
Дәріс №7. Буын және екпін, олардың түрлері.

Жоспар:

1.Буын жасайтын дыбыстар және буын жасамайтын дыбыстар.

2.Әртүрлі тілдердігі сөздердің буын құрылысы.

3.Екпін және оның элементтері.

4.Түрлі тілдердегі екпін мен интонацияның ерекшеліктері.

5.Орыс және қазақ тілдеріндегі дыбыс , буын , екпін, интонациялардың ерекшеліктері.



Лекция мақсаты: буын, буынның басты теориялары; буындық және буындық емес дыбыстар туралы мәліметтер беру; екпін және оның түрлері; фразалық логикалық және эмфатикалық екпін; сөз екпінінің типтері туралы мәлімет беру.

Лекция мәтіні. (қысқаша) 1. Буын бір дыбыстан немесе бірнеше дыбыстың тіркесінен жасалады . Кез келген дыбыс буын құрай бермейді. Көпшілік тілдерде буын жасайтын дыбыстар - әдетте дауыстылар.Дауыстылар жеке-дара күйінде де, дауыссыздармен тіркесіп келіп те буын құрай береді. Буын құрайтындар тек дауысты дыбыстар ғана емес, сонымен бірге кейбір тілдерде , мысалы, чех, серб тілдерінде дауыссыз дыбыстар да буын құрай алады. Мысалы, чех тілінде lkv (волк-қасқыр), серб тіліндегі прст (палец-саусақ) деген сөздер бір өңкей дауыссыздардың тіркесінен жасалғанымен , әрқайсысы бір-бір буынды сөз третінде қаралады.

2. Сөздердің айтылуыдағы буын саны мен жазылудағы буын саны әрқашан бір-біріне сай келуі шарт емес . Кейбір сөздердің жазылудағы буын санынан айтылудағы буын саны көп болса (мысалы, литр сөзі айтылуда екі буынды сөз болып айтылады), керісінше, кейбір сөздердің айтылудағы буын санынан жазылудағы буын саны көп болады (мысалы, Сарыарқа деген сөздің құрамындағы қатар келген дауыссыздың алдыңғысының түсірілуі нәтижесінде айтылуда бір буын кемиді).

Дыбыс құрылысы жағынан буын үш түрге бөлінеді : ашық буын, тұйық буын, бітеу буын.



  1. Ашық буын . Бір ғана дауыстыдан болған немесе дауыссыздан басталып , дауыстыға біткен буын ашық буын деп аталады. Мысалы: а-ла, ә-ке, а-та, қа-ра, да-ла, і-ні, мә-се-ле т.б.

  2. Тұйық буын . Дауыстыдан басталып , дауыссызға біткен буын тұйық буын деп аталады. Мысалы: оң, оқ, ол, ақ, ас, ұл, өрт, ұрт, ант.

  3. Бітеу буын. Ортасы дауысты болып , екі жағы да дауыссыз дыбыспен тұйықталған буын бітеу буын деп аталады. Мысалы: құс, құм, құр, күн, қан, қас, қар, қап, қос, қол, түн, түр, төр, тон, төрт, бұлт, қант, тарт, т.б.

Түркі тілдерінде, соның ішінде қазақ тілінде, үш дыбысты тұйық буын мен төрт дыбысты бітеу буынның соңындағы қатар келген екі дауыссыздың ең соңғы дыбысы қатаң , оның алдындағы дыбыс дыбыс үнді болып келуі шарт. Мысалы: ант, ұлт, өрт, бұлт, тарт т.б.

3. Сөз құрамындағы буындардың айтылуы біркелкі бола бермейді . Ол буындардың біреуі, басқаларына қарағанда, айқынырақ ажыратылып, көтеріңкі айтылады. Мұндай қасиетке, әдетте, екпін түскен буын ие болады. Осыған орай, екпін түскін буынды екпінді буын деп атайды. Екпін түскіен буын басқа буындардан негізгі үш тәсіл арқылы ажыратылады.

Буының біреуі басқа буындардан айрықша күшті айтылуы арқылы ажыратылады. Екпіннің мұндай түрі лебізді екпін немесе динамикалық екпін деп аталады.

Динамикалық екпін фонациялық ауаның қарқыны , буынның күшімен байланысты болады да, басқа буындардың ішінде бір буынның көтеріңкі айтылуына негізделеді. Динамикалық екпін көптеген тілдерге караған. Екпіннің бұл түріне ие тілдер мыналар: славян тілдері, түркі тілдері, герман тілдері. Тіл тарихында динамикалық екпіннің музыкальды екпінді ығыстырып шығаруы кездеседі. Мысалы, көне грек тілі музыкальды екпінге ие тіл болса , жаңа грек тілінің екпіні – динамикалық екпін.

Басқа буындардың ішінен бір буын айтылу тонының ырғағы арқылы ерекшеленіп , дауыс шымылдығының дірілінің жйілеуіне негізделеді. Екпіннің бұл түрі тоникалық немесе музыкальды екпін деп аталады. Екпіннің бұл түріне ие тілдер: қытай , корей , дүнген , япон , серб , литва , т.б. тілдер.

Басқа буындардың ішінен бір буын өзінің құрамындағы дауыстының созылыңқы айтылуы арқылы ажыратылады. Бұл квантативті екпін деп аталады.

4. Тілде екпіннің түрлері араласып келеді де, оның бір түрі басым болады. Кейбір тілде динамикалық екпінге квантативті екпіннің қосылуы мүмкін. Мұндай лебізді екпін негізгі болады да, квантативті екпін қосымша, көмекші қызмет атқарады. Мысалы, орыс тілі лебізді екпінге ие тілдердің тобына жатады. Солай бола тұрса да, оған квантативті екпіннің қатысы бар . Орыс тілінде сөз құрамындағы екпін түскен буын, біріншіден, жоғарғы қарқынмен, көтеріңкі айтылса, екіншіден, ондағы дауысты дыбыс басқа буындардағы дауыстыға қарағанда созылыңқы айтылады. Демек , орыс тіліндегі екпін түскен буын квантативті болады.

Неміс тілі де – лебізді екпінге ие тілдің бірі . Мұмымен бірге , неміс тіліндегі екпіннің муэыкальды сипаты бар. Бұл тілде екпін түскен буын екпінсіз буыннан тонның өте-мөте жоғары көтерілу сипатымен ерекшеленіп ажыратылады. Алекпіннің сандық жағының неміс тілінде пәлендей ролі болмайды, өйткені ондағы созылыңқы дауыстылар келте дауыстыларға қарсы қойылады да, фонетикалық қызмет атқарады.

Кейбір тілдерде, мысалы, орыс тілінде, екпін сөздердің әр буынына – алғашқы, ортадағы, соңғы буынына да – түсе береді . Екпін арнаулы бір буынға байланбай, ыңғайына қарай әр басқа буынға түсе беретін болса, ондай екпін жылжымалы екпін деп аталады. Мысалы, орыс тіліндегі екпін – жылжымалы екпін .

Кейбір тілдерде, мысалы, түркі тілдерінде, екпін көьінесе арнаулы бір буынға байланып , басқа буындарға жылжи бермейді . Екпін белгілі бір буынға телініп тұрақталса, ондай екпін тұрақты екпін деп аталады. Түркі тілдері тұрақты екпінге ие тілдердің тобына жатады. Түркі тілдерінде , соның ішінде қазақ тілінде, екпін сөздің көбінесе соңғы буынына түседі.



5. Тіл-тілде сөз екпінінен басқа фразалық екпін де болады. Сөйлеу процесінде бір-бірімен тіркесіп айтылған сөздердің әрқайсысы дербес екпінге ие болуы шарт емес . Кейбір сөз тіркестерінің құрамындағы сөздердің әрқайсысы өз алдына дербес екпінмен дараланбай , айтылу жағынан жігі жымдасып , бір ғана екпінге ие болады. Мұндай сөз тіркестеріндегі екпін фразалық екпін деп аталады. Фразалық екпіннің , әсіресе сөздер бір-бірімен қосымшалар арқылы емес , орын тәртібі және дауыс тоны арқылы байланысатын және солар арқылы бірінен бірінің жігі ажыратылатын түбір тілдерде мысалы, қытай тілінде және аффикстер қолданылатын орында көбінесе жеке сөздер қолданылатын француз тілдерінде айрықша маңызы бар.

Сөзде белгілі бір буынның екпін түсіп, ерекшеленіп айтылатыны сияқты, кейде сөйлемде бір сөзге ерекше назар аударылып айтылатыны бар. Сөйлемдегі айрықша назар назар аударылып айтылған сөзде ой екпіні болады да, ол сөз басқа сөздерге қарағанда, ерекше әуенмен айтылады. Мұндай екпін логикалық екпін деп айтылады.

Жазба тілде логикалық екпіннің қай сөзге түсіп тұрғаны клнтекстен, оның мазмұнынан аңғарылады. Ауыз –екі сөйлеуде логикалық екпін сөйлеушінің қай сөзге айрықша назар аударуды қажет санап тұрғанын ажыратуға мүмкіндік береді.

Бақылау сұрақтары:

1.Буын жасайтын дыбыстар

2.Буын жасамайтын дыбыстар

3.Әртүрлі тілдердігі сөздердің буын құрылысы

4.Ашық буын

5.Тұйық буын

6.Бітеу буын

7.Жалаң буын

8.Екпін

9.Екпін элементтері



10.Түрлі тілдердегі екпін ерекшеліктері

11.Түрлі тілдердегі интонацияның ерекшеліктері

12.Орыс және қазақ тілдеріндегі дыбыс , буын , екпін, интонациялардың ерекшеліктері

Әдебиеттер тізімі:7,9.
Дәріс №8. Жазу.

Жоспар:

1.Пиктографиялық жазу.

2.Идеографиялық жазу.

3.Буын жазуы.

4.Әріп жазуы.

Лекция мақсаты: жазудың шығуы мен дамуы, жазу түрлері туралы мәлімет беру.

Лекция мәтіні. (қысқаша) 1. Тіл өзінің қатынас құралы болу қызметін ауызша түрде де, жазбаша түрде де атқара алады. Дыбыстық тіл жазу арқылы таңбаланады. Соның нәтижесінде оның қатынас құралы ретінде қолдану шеңбері кеңейеді. Жазу – адамдардың кеңістік пен уақытқа тәуелді болмай, өмірдің барлық салаларында кең түрде қарым-қатынас жасауына мүмкіндік беретін құрал.

Қазірде біз жазба тілді ауызша тілдегі сөздердің жазбаша түрде әріптердің тіркесімен белгіленуі деп түсінеміз. Бірақ алғашында бұлай болмаған. Жазудың тарихына көз жіберсек, әріппен таңбалаудың кейіннен пайда болғанын көреміз. Жазу өте ерте заманда жасалып, мыңдаған жылдар бойы өзгеріп, дамып келді. Жазудың мыңдаған жыл бойына дамып жетілуімен бірге, оның принциптері де өзгеріп отырды.

Пиктографиялық жазу. Бұл жазудың ең алғашқы түрі. Пиктографиялық жазу – суретке негізделген жазу. Сондықтан оны кейде сурет жазуы деп те атайды. Пиктографиялық жазудың таңбалары пиктограммалар деп аталады.

2. Әрбір сурет өздігінен бүтінднй хабарды білдіре алады . Ол хабар графикалық жағынан жеке сөздерге бөлшектенбейді. Осыған орай пиктограмма тілдік нормаларды емес , оның мазмұнын бейнелейді. Осылай болғандықтан пиктограммалардың мағынасын әр түрлі тілдерде сөйлейтін адамдар түсіне алатын болған . Пиктографиялық жазуға таңба ретінде адамның, қайықтың, малдың, тоғайдың… т.б. суреттері қолданған . Мысалы, “мен аң аулауға кеттім” дегенді білдіру үшін адамның суретіне қоса тоғайдың және аңның суреті салынған.

Пиктографиялық жазу өте жабайы жазу болды, оның кең мазмұнды ойды түгелімен жазып жеткізуге мүмкіндігі болмады. Пиктографиялық жазудың тәсілін қазірде де кездестіруге болады. Мысалы, көшеде жүрудің тәртібін аңғартатын әр түрлі белгілердің , магазиндео мен шеберханалардың жарнамасындағы бас киімнің, аяқ киімнің түрлерінің суреттері, сағаттың, примустың және т.б. суреттерінің пиктографиялық сипаты бар.

Пиктографиялық жазудың біртіндеп даму барысында идеографиялық жазу пайда болды. Идеографиялық жазудың таңбалары идеогрммалар деп аталады.Пиктографиядан идеографияға көшу өте баяу болды және пиктограммалардан пайда болған идеограммалардың алғашында пәлендей айырмасы да болмады. Идеографиялық жазудың даму барысында идеограммалар пиктограммалардан біртіндеп алшақтап, ақырынды идеограммалар белгіленетін заттың сыртқы формасына дәлме-дәл негізделуден қалып, шартты таңбалар ретінде қолданыла бастады. Идеографияның пиктографиядан басты айырмашылығы таңбалардың формасында емес, олардың мағынасында. Идеографиялың таңба (идеограмма) не жеке сөзді немесе оның атауыш бөлшегін (мысалы, қытай тілінде бір буынды сөздерден құралған күрделі түбір морфемаларды немесе жапон және корей тілдеріндегі грамматикалық жақтан өзгеретін сөздердің негіздерін ) белгілейді.

Идеографиялық жазудың үлгілерін өтө ертедегі қытай жазуы мен шумер жазуынан көруге болады. Қытай жазуының идеографиялық жүйесі осыдан төрт мың жыл бұрын жасалған болатын.Қытайдың жазу жүйесі әрбір таңбаның дыбыстық тілдегі белгілі бір сөзге сәйкес келіп, соған телінуіне негізделген. Қытай жазууындағы таңбалар біртіндеп өзгеріп, жетіліп, белгілейтін заттар мен құбылыстардың шартты таңбаларына айқындалған.



3. Идеографиялық жазудағы графикалық таңбалар цифрлар тәрізді: олар сөздің дыбысталуын емес, мағынасын білдіреді. Сондықтан қытай тілінде омонимдер әр түрлі иероглифтермен белгіленеді, бірақ олардың дыбысталуы мен морфологиялық құрылысы біркелкі болады. Жазудың идеографиялық принципін қазіргі тілдердегі сандардың таңбаларынан да көруге болады. Мысалы, “5” деген цифрды алалық. Бұл цифрдың сандық мағынасын орыс та, қазақ та, неміс те, ағылшын да, басқалар да түрліше емес, бірдей ұғынады. Бірақ бұл цифрлардың атының дыбысталуы әр тілде әр түрлі: орысша – пять, қазақша – бес, ағылшынша – fiue.

Цифр белгілі бір ұғымды санның таңбасы ретінде көрсетеді,бірақ ол таңбаның цифр атының дыбысталуына ешбір қатысы болмайды. Осы ерекшелік – идеограммалдар мен идеографиялық жазуға да тән нәрсе. Идеограммаларды цифрлар тәрізді таңбалар деп түсіну керек.

Қазіргі кездегі идеограммалар (математикалық, химиялық, астрономиялық, және т.б. ғылыми-техникалық таңбалар) жеке сөзбен немесе сөз тіркестерімен айтылатын ғылыми терминдерді білдіреді. Мысалы, О-“кислород”, -түбір, -“Атом ядросы”, һ-“Планк тұрақтысы”. Ғылым саласында жаңадан пайда болған ұғым, ең алдымен, сөз тіркесімен айтылады да, осыдан кейін барып ол арнаулы таңбамен белгіленеді.

Пиктографиялық жазуға қарағанда, идеографиялық жазудағы идеограммалар өзінің мағыналары арқылы тілді дәлірек бейнелейді. Идеографиялық жазу сөйлеудің мазмұнынын білдірумен бірге, оның бөлшектері – сөздерді , сөздердің синтаксистік орын тәртібін, кейбір жағдайда сөйлеудің фонетикалық жағынан да ажыратып бере алады.

Жазудың даму барысында буын жазуы пайда болады. Жазудың буын жүйесінде таңба буынды белгілейді. Жазудың буын жүйесі шығу тегі мен таңбалардың фонетикалық мағынасы жағынан бірнеше түрге бөлінеді. Таңбалардың фонетикалық мағынасы жағынан буын жазуын негізгі үш топқа бөліп қарауға болады.

Мұның бірінші түріне ассиро-вавилон, элам, урарт, сына жазулары, майя жазуы, лигатуралы дыбыстық дыбыстық корей жазуы жатады. Жазудың бұл жүйелерінде таңбалар кез-келген буынды, атап айтқанда , буынның мынадай түрлерін белгілейтін болған: дара дауыстының өзі, А(дауысты)С(дауысыз), СА, САС; майя жазуында сөз соңындағы дауыссыздарды да белгілеген.

Буын жазуының екінші түріне крит-микен буын жазуы, кипр, эфиопия және жапон буын жазулары жатады. Жазудың бұл жүйесінде таңбалар тек дара дауыстыларды және дауыссыздардың тіркесі мен белгілі бір дауыстың қосындысын белгілейді.

4. Буын жазуының үшінші түріне үнді, жазуының әр түрлі жүйелері ( кхарошти, брахми, жәнет.б.) енеді. Жазудың бұл жүйесінде негізгі таңбалар жеке –дара дауыстыларды (“а”) және дауысыз бен дауыстының (“ ка”) қосындысын белгілейді.

Жазудың буын жүйесі шығу тегі жағынан да үш топқа бөлінеді.



  1. Логографиялық жазудың даму барысында жасалған крит, майя, кипр буын жазулары,

  2. Эфиопия, индия (брахма, кхарошти және осылардан жасалған жазулар) буын жазулары.

  3. Жапон буын жазуы мен дигатуралы-дыбыстық жазу жүйесі (корейлік кун-мун).

Әріп жазуы буын жүйелі жазудан кейін пайда болды. Таза күйінде консонантты-дыбыстық жазу ІІ мың жылдықтың екінші жартысында пайда болса, вокалданған-дыбыстық жазу біздің дәуіріміздің І мың жылдығының басында пайда болды.

Әріп жазуының пайда болуының дүние жүзілік мәдениеттің дамуы үшін үлкен маңызы болды.Жазу жүйелерінің ішінде әріп жазуы - ең қолайлы жазу. Әр түрлі тілдерде буын саны мен сөздің санынан дыбыстың саны әлдеқайда аз. Осыған орай дыбыстарды таңбалау үшін , әдетте, 20-дан 40-қа дейінгі таңба санының өзі жеткілікті болады. Әріп жазуындағы таңбалардың мұндай шағын мөлшері жазуды меңгеруді, сауаттылыққа үйретуді жеңілдетеді. Әріп жазуы – сөздерді ғана емес, сонымен бірге, олардың дыбыстық жағы мен грамматикалық формаларын да дәлме-дәл белгілеу үшін өте-мөте қолайлы жазу.



Бақылау сұрақтары:

1.Қоғамның және тілдің дамуындағы жазудың рөлі

2.Жазудың шығуы мен даму кезеңдері

3.Жазу және әліпби

4.Грек әліпбиі

5.Латын әліпбиі

6.Араб әліпбиі

7.Кириллица

8.Пиктографиялық жазу

9.Идеографиялық жазу

10.Буын жазуы

11.Әріп жазуы



Әдебиеттер тізімі:13,15.
Дәріс №9. Лексикологияның міндеті мен зерттеу нысаны.

Жоспар:

1.Лексикологияның салалары.

2.Ономосиология.

3.Семасиология.

4.Фразеология.

5.Этимология.

6.Лексикография.

Лекция мақсаты: лексикология және лекесикография қарастыратын шешуші ұғымдарды меңгерту.

Лекция мәтіні. (қысқаша) 1. Лексикология сөзді және сөздердің жиынтығы – тілдің сөздік құрамын (лексикасын) зерттейді. Сөз лексикологияда лексикалық единица ретінде қарастырылады. Лексикалық единицалардың жиынтығынан тілдің сөздік құрамы құралады. Әрбір тілдің сөздік құрамындағы сөздер қаншама көп және алуан түрлі болғанымен, олар бір-бірімен байланысты, өз ара шарттас элементтердің жүйесі ретінде өмір сүреді және дамиды. Осыған орай, лексикологияда тілдің сөздік құрамы лексикалық жүйе ретінде құралады да, сөз тілдің лексикалық жүйесінің элементі ретінде қаралады.

2. Жалпы қатынас құралы ретіндегі тіл атаулының лексикалық жағына тән құбылыстар мен жалпылама заңдылықтар мен ұғымдар жалпы лексикологияда қарастырылса, лексикалық құбылыстар мен жалпы заңдылықтардың жеке, нақтылы тілдердің лексикасына икемделіп көрініс табуы және әрбір тілдің сөздік құрамы мен оның дамуы, өзіндік ерекшеліктері жалқы лексикологияда (жеке, нақтылы тілдің лексикологиясында) қарастырылады. Әрбір тілдің лексикологиясы жалпы лексикологияның жалпы теориялық қағидаларына негізделеді де, нақты бір тілдің лексикасын зерттейді.

3. Жеке лексикология белгілі бір тілдің сөздік құрамын шығуы мен тарих бойында дамуы тұрғысынан немесе тілдің сөздік құрамын сол тілдің белгілі бір дәуірдегі, мысалы, қазіргі дәуірдегі қалпы тұрғысынан қарауы мүмкін. Осыған орай, лексикология тарихи лексикология және сипаттама лексикология болып бөлінеді. Тарихи лексикологияда тілдің сөздік құрамы шығуы, замандар бойына қалыптасуы жәнге дамуы, лексиканы құрастырушы арналар және олардың тарихы тұрғысынан зерттелінеді. Ал сипаттама лексикологияда “Қазіргі ағылшын тілі”, “Қазіргі қазақ тілі” атты пәндердің лексикология бөліміндерінде, аталған тілдердің лексикасының осы заманғы қалпы, сөздің мағыналық құрылымы, лексиканы құруышы арналар мен қат-қабаттар, сөздердің активті және пассив ті топтары, сөздік құрамның даму жолдары, лексиканың стилистикалық жақтан дифференциалануы, сөздердің қолдану аясы және т.б. мәселелер қарастырылады.

4. Тарихи лексикологияның бір саласы – этимология. Этимология сөздердің шығу тегін зерттеп, олардың ең алғашқы мағынасының қандай болғандығын айқындайды. Этимологиялық зерттеулердің жеке сөздердің шығу тарихын ғана емес, сонымен бірге жалпы тілдің тарихын танып білуде маңызы өте-мөте күшті.

Тілдің лексикасындағы әрбір сөзде белгілі бір мағына бар. Сөздердің мағыналық жақтары семасиологияда қарастырылады. Семасиология сөздердің мағыналарын және ол мағыналардың өзгеру жолдарын, семантикалық заңдарды зерттейтін арнаулы бір сала болып саналады. Семасиология – лексикологияның ең басты және маңызды саласы, өйткені оның зерттейтін мәселесі – мағынаны әрбір сөздің “жаны” десекте болады. Семасиалогияның лексикографиялық жұмыста да маңызы айрықша. Сөздіктерде, әдетте, сөздің мағыналық жақтары талданады. Семасиологиялық зерттеулердің топшылаулары мен қорытындылары сөздік жасау жұмысын ғылыми және практикалық тұрғыдан дұрыс жолға қоюға көмеектесіп, бағыт-бағдар сілтейді.



5. Лексикологияның семасиология тарауымен тығыз байланысты бір саласы – ономосиология деп аталады. Семасиология сөздің мағыналарын, семантикалық заңдарды зерттесе, ономосиология зат немесе құбылыс ұғымының белгілі бір сөзбен аталуының неліктенекендігін қарастырады. Анығырақ айтқанда, сөз семасиологиялық тұрғыдан қарастырылғанда, оның мағыналық жағына назар аударылады да, ономосиологиялық тұрғыдан қарастырылғанда, ұғымның сөзбен аталу, белгілену жағына назар аударылады. Сонымен, ономосиология заттар мен құбылыстардың аталуы, белгіленуі туралы ілім дегенді білдіреді.

Ономосиологияның диалектологияға да қатысы бар. Ономосиологияның диалектологияға қатысы әсіресе лингвистикалық географиядан айқын аңғарылады. Әр түрлі тілдердің диалектологиялық атластарының лексикологиялық картасы ономосиологиялық негізге сүйеніп жасалады да, бір заттың немесе құбылыстың диалектілердегі әр түрлі атауларының таралу шегі көрсетіледі.

Ономосиологияның айрықша бір саласы – онамастика жалқы есімдерді зерттейді. Ономастика өз ішінде екі салаға бөлінеді: оның бірі – антропонимика кісі аттарын зерттеу объектісі етіп алса, екіншісі – топонимика географиялық атауларды зерттеу объектісі етіп қарастырады.

6. Лексикология сөздерді тілдің сөздік құрамын құрастыратын единицалар, яғни лексикалық единицалар ретінде қарастырады. Шындық болмыстағы заттар мен құбылыстар жеке сөздермен ғана емес, тұрақты сөз тіркестерімен де аталады. Тіл-тілдің лексикасында жеке сөздердің айрықша синонимі ретінде қолданылатын тұрақты сөз тіркесі жиі ұшырасады. Олар сөздердің тіркесі болғанымен, мағынасы жағынанжеке сөздермен барабар келіп, бір бүтін лексикалық единица тәрізді қызмет атқарады. Осымен байланысты лексикологияда мағынасы жағынан дара сөздермен сәйкес келетін фразеологиялық сөз тіркестері де қарастырылады. Мысалы, жүрегі тас төбесіне шығу (қорқу), қас пен көздің арасында, қас қаққанша, ауызды ашып жұмғанша (лезде), қаны қайнау (ашулану), мойны жар бермеу (еріну), тайға таңба басқандай (ашық-айқын), он саусағынан өнері тамған немесе ағаштан түйін түйген (өте шебер), ит арқасы қиянда (алыста), үріп ауызға салғандай (сүйкімді) деген фразеологиялық сөз тіркестері әбден лексикаланған да, мағынасы жағынан бір сөз тәрізді болып кеткен. Осылар тәріздес сан алуан фразеологиялық сөз тіркестерін зерттейтін лексикологияның арнаулы бір саласы фразеология деп аталады. Фразеология тұрақты сөз тіркестерінінң түрлерін, олардың құрамы мен құрылысын және жасалу жолдарын қарастырады.

Бақылау сұрақтары:

1.Лексикологияның міндеті

2.Лексикалогияның зерттейтін объектісі

3.Лексикологияның салалары.

4.Ономосиология.

5.Семасиология.

6.Фразеология.

7.Этимология.



Әдебиеттер тізімі:8,12,15.
Дәріс №10. Сөз мағынасы.

Жоспар.

1.Сөз және ұғым.

2.Сөздің лексикалық мәні.

Лекция мақсаты: сөз туралы ұғым және оның тілдік құрылымдағы орны, сөздің лексикалық мағынасы және оның құрылымы туралы мәлімет беру.

Лекция мәтіні. (қысқаша) 1. Сөз - өте-мөте күрделі тілдік единица. Оның күрделі табиғатын ашып айқындау үшін , ең алдымен, сөздің дыбыстық жағы мен мағыналық жағының ара қатысын және сөздің мағынасы мен ол арқылы білдірілетін ұғымның ара қатысын айқындап алу қажет. Сөздің екі жағы бар: оның бірі – сөздің дыбысталу жағы, екіншісі – сөздің мағыналық жағы. Дыбысталу сөздің материалдық жағын құрастырса, мағына сөздің идеалдық жағын құрайды. Екі жақ – дыбысталу мен мағына сөздің бір-бірінен бөлінбейтін бөлшектері . Осы екі жақтың бірлігі – сөздің өмір сүруінің және қызмет етуінің шарты. Демек сөз – дыбысталу мен мағынаның бірлігінен тұратын тілдік дербес единица.

Бізді қоршаған дүниедегі заттар мен құбылыстар адам санасына , оның ойлауына сәулесін түсіріп , бейнеленеді. Олар туралы ұғым пайда болады. Ұғым – заттың немесе құбылыстың жәй ғана бейнесі емес, олардың басты белгілерінің ойда қорытылып , топшыланған бейнесі.Ұғым, тілде сөз арқылы айтылады, сөз мағынасында тіркеледі, бекітіледі.Осы мағынада сөз шындық болмысты бейнелейді. Белгілі бір ұғымдарды білдіретін және ол ұғымдарды өзінің мағыналарында бейнелейтін сөздер өздері белгілейтін ұғымдар арқылы шындық болмыстың белгілі бір жақтарын, ондағы құбылстар мен заттарды топшылап бейнелейді.

Әрбір сөзде белгілі бір мағына болады дедік. Заттар мен құбылыстар сөз арқылы белгіленеді де, сөздердің білдіретін ұғымы мен мағынасы арқылы белгілі болады. Зат пен құбылыс белгілі болмаған жерде немесе олардың ұғымы болмаған жерде, сөз де болмайды. Заттар мен құбылыстар тілдегі сөздерден тыс және оларға тәуелсіз өмір сүреді, бірақ олар сөздер арқылы аталады, сөздердің білдіретін ұғымдары мен мағыналары арқылы аңғарылады. Бізді қоршаған дүниедегі заттармен, құбылыстармен және олардың алуан түрлі белгілерімен адам баласы өзінің қоғамдық өмірі мен тәжірибесінде, еңбек процесінде танысады, оларды ұғынып білуге мүмкіндік алады. Сол заттар мен құбылыстардың және олардың белгілердің өмірде қолданылуы мен түсінілуінде ең басты қасиеті мен ролі сөз мағыналарында қоғамдық ұсыныс ретінде бейнеленеді. Осылай болғандықтан, сөз мағынасын белгілі бір тілде сөйлеуші коллектив мүшелерінің әр қайсысы әр басқа түрде емес, біркелкі түсінеді. Әрбір тілдегі сөздер сол тілді жасаушы, сол тілді қолданушы коллективтің (халықтың немесе ұлтың) барлық мүшелеріне бірдей ортақ, бірдей түсінікті бола алады. Егер тілдегі сөздердің мағыналарын әркім әр басқа түсінетін болса, онда ол тілде сөйлесу, қатынакс жасау, өзара ұғынысу мүмкін болмаған болар еді.

2. Сонымен, сөздің лексикалық мағынасы дегеніміз дыбыстық комплекстің, ақиқат өмірдегі құбылыстардың бірімен белгілі бір тілде сөйлеуші коллектив арқылы белгіленген байланысы болып саналады. Дыбыстардың тіркесі белгілі бір затқа немесе құбылысқа атау ретінде тіркеледі. Бірақ дыбыс тіркесі өзі белгілеген заттың немесе құбылыстың қасиеті мен сапаларын көрсетпейді.Басқаша айтқанда, дыбысталудың табиғаты мен белгіленетін заттың табиғатының арасында тікелей етене байланыс болмайды. Сондықтан да К.Маркс заттың атының оның табиғатымен ешқандай ұқсастығы, байланысы болмайды дейді. Дыбыс тіркесі мен заттың арасында ешқандай табиғи байланыс болмағандықтан, дүние жүзіндегі әр алуан тілдерде белгілі бір зат немесе құбылыс әр басқа сөзбен аталады. Мысалы, суда өмір сүретін жәндіктің бір түрі қазақ тілінде “балық” деп аталса, орыс тілінде- “рыба”, неміс тілінде – “Fisch”делініп бір ғана жәндік әр түрлі тілдерде әр басқа единицалармен белгіленген. Егер дыбыс тіркесі өзі белгілейтін заттың немесе құбылыстың табиғатын бейнелеп , онымен етене байланыста болса, онда белгілі бір зат немесе құбылыс дүнйе жүзіндегі тілдерде бір ғана сөзбен аталған болар еді де, олардың лексикалық айырмашылығы болмаған болар еді. Егер әрбір сөз өзінің дыбыстық құрамымен заттың табиғи қасиетін бейнелесе, онда сөз мағынасының ауысуы, келтірінді мағынада қолданылуы тіптен мүмкін болмас еді: онда бір ғана затты не құбылысты әр жақтан атайтын мәндес сөздер – синонимдер де, басқа-басқа мағыналы, бірақ біркелкі дыбысталатын сөздер – омонимдер де болмаған болар еді.

Бақылау сұрақтары:

1.Сөз – тілдік единица

2.Сөзге тән басты белгілер

3.Сөздің жалпылауыштық қызметі

4.Сөз және ұғым

5.Сөздің атауыштық қызметі

6.Сөздің «ішкі формасы» жайлы ұғым

7.Дәлелдемелі (мотивированные) сөздер

8.Дәлелдемесіз (немотивировированные) сөздер

9.Сөздің лексикалық мәні



Әдебиеттер тізімі:7,8,9.
Жоспар.'>Дәріс №11. Грамматика, оның салалары мен түрлері.

Жоспар.

1.Грамматиканың негізгі ұғымдары

2.Морфема

Лекция мақсаты: грамматика туралы ұғым туралы мәлімет беру.

Лекция мәтіні. (қысқаша) 1. Тіл механизмдерінің аса маңызды бір түрі болып табылатын грамматикалық категориялар жалпы тіл жүйесінде ерекше орын алатындықтан, тіл білімі әдебиеттерінде оған айрықша мән беріледі. Грамматикалық негізгі ұғымдар – морфема, сөз, сөз тіркесі, сөйлем.

"Грамматикалық категория" терминінің үғымы жайында тіл білімінде әр түрлі пікір орын алып келеді. Л.И.Баранникова: "Грамматикалық категория деп сөзде және сөйлемде көрініс табатын, тілдің сипатын білдіретін жалпы граматикалық ұғымдарды" атайды. Д.А. Штелинг: "Грамматикалық категория дегеніміз мағыналары жағынан бір-бірінен мүлде өзгеше екі қатардағы (топтағы) формалардың қарама-қарсы қойылуы" дейді. 1970 жылғы академиялық грамматикада: "Сөздердің формалды түрде білдіретін жеке грамматикалық мағыналарының грамматикалық категорияларға бірігіп жинақталуы" делінген.

Тілдегі сөз жасаудың көне тәсіліне жататын аналитикалық тәсіл кеңес үкіметі дәуіріндегі ғылымның, техниканың өсуіне байланысты талай терминдердің жасалуына негіз болып, қызметі артты, белсенді тәсілге айналды. Мысалы, сірке суы, сірке қышқылы, радиохабар, радиоқабылдағыш, таңдай безі, көркемөнер, сутегі тамыр жүйесі, азот қышқылы, халықаралық сияқты сөздер тілімізді байытты. Күрделі сөздер түрлі-түрлі, өйткені олар аналитикалық тәсілдің әр түрімен жасалады. Аналитикалық тәсілдің ішкі мынадай түрлері монографияда былай берілген – 1. Сөзқосым 2. Қосарлау 3. Тіркестіру 4. Қысқарту. Осы тәсілдердің әрқайсысы тілде әр түрлі күрделі сөзжасамда, олар – 1. Біріккен, кіріккен, 2. Қосарланған сөздер, 3. Тіркескен күрделі сөздер, 4. Қысқарған сөздер.

Грамматика-тілдің құрылысын зерттейтін тіл білімінің саласы. Грамматиканың негізгі зерттеу нысаны – тілдің морфологиялық және синтаксистік жүйесі; оның ішінде грамматикалық форма, грамматикалық мағына, грамматикалық категория, бір тілдегі грамматикалық формалардың көріну амалдары мен сол арқылы айтылмақшы мағыналардың берілу тәсілдері, олардың байланысуы, тіркесу жолдары мен тәсілдері. Түрлері: тарихи және сипаттамалы..



2. Морфема дегеніміз-сөздің ары қарай бөлшектеуге келмейтін ең кіші мағыналық бөлшегі Құрамына қарай морфемалар үшке бөлінеді: түбір морфема, негіз морфема, аффикстік морфема. Аффикстік морфемалардың түрлері: префикс, постфикстер, инфикс, интерфикс, трансфикс, конфикс. Грамматикалық мағына грамматикалық форма арқылы беріледі.Грамматикалық мағына дегеніміз- сөздің лексикалық мағынасына үстеме мағына, сөздердің түрлі-түрлі қарым-қатынасын білдіретін қосалқы мағыналар. Грамматикалық форма дегеніміз – грамматикалық мағына туғызушы тілдік құралдар. Сөз формаларының екі түрі: синтетикалық және аналитикалық. Грамматикалық мағыналар әр түрлі грамматикалық тәсілдер арқылы беріледі. Ол тәсілдер: афиксация, ішкі фиксия, қосарлану, көмекші сөздер, сөздердің орын тәртібі, екпін, интонация.

Грамматикалық категория-грамматикалық мағына мен грамматикалық формадан тұрады. Ол сөз топтарына қатысты болады. Түрлері: род, септік, көптік, жақ, шақ, рай етіс.



Бақылау сұрақтары:

1.Граматика – туралы ұғым

2.Грамматикаға тән басты белгілер

Әдебиеттер тізімі:1,5,6.
Дәріс №12. Тілдің грамматикалық құрылысы.

Жоспар.

1. Сөз бен грамматиканың қатысы, морфема

2. Аффикстер

Лекция мақсаты: грамматика туралы ұғым туралы мәлімет беру.

Лекция мәтіні. (қысқаша) 1. Морфема сөз құрамында қолданылып, белгілі бір мағынаны білдіреді. Ол-сөздің ары қарай бөлшектенбейтін ең кіші мағыналық бөлшегі. Сөз морфемалардан құралып, заттарды, құбылыстарды, іс-әрекетті, сапа-белгіні, олардың бір-біріне қатынасын белгілейтін, басқа сөздермен сан алуан қарым-қатынасқа түсетін, дыбысталу мен мағынаның бірлігінен тұратын бірлік.

Сан алуан грамматикалық құбылыстар сөзден тарайды. Сөзге келіп тірелмейтін, оның қатысы болмайтын бірде-бір грамматикалық құбылыс жоқ.Сөз біріншіден, морфемамен бірлікте болып, грамматикалық құрылыстың морфологиялық саласын құраса, екіншіден, -сөз тіркесі мен сөйлеммен өз ара қатынасқа түсіп, олармен бірге грамматикалық құрылыстың синтаксистік саласын құрайды.

Грамматикалық мағынаның лексикалық мағынадан басты айырмашылығы мынада, грамматикалық мағына логикалық мағынамен ұштасады да, шындық өмірдегі заттармен тікелей ұштаспайды. Ал лексикалық мағына логикалық ұғыммен де, шындық өмірдегі заттармен де ара қатынаста болып, екеуімен де ұштасады.

Грамматика өзінің ережелерін жасағанда, сөздер мен сөйлемдердің мағыналық нақтылығынан дерексізденеді, сөздердің өзгеруі мен тіркесуінің негізіндегі жалпылық нәрсені негізге алады.

Грамматика сөздердің өзгеруін, түрленуін, сөздердің сөйлемде тіркесу формалары мен заңдылықтарын зерттейді. Сөздер бір-бірімен грамматикалық қалыпқа түскенде ғана, олардан сөз тіркестері мен сөйлемдер жасалады. Грамматикалық қатынастар сөздердің аралығында ғана емес, сөз тіркестерінң аралығында, сөйлемдердің аралығында да болады. Грамматика сөздердің аралығындағы, сөз тіркестерінің аралығындағы, сөйлемдердің аралығындағы грамматикалық қатынастарды зерттейді.

Морфема дегеніміз - сөздің ары қарай бөлшектеуге келмейтін ең кіші мағыналық бірлігі. Морфема түбір морфема, аффикстік морфема болып екіге бөлінеді. Мысалы, оның анасы кім? дегендегі ана+сы сөзінде екі морфема бар. Ана — түбір морфема, -сы (тәуелдік жалғауы) — аффикстік морфема. Оның деген сөз де солай: о — түбір морфема, ның — аффикстік морфема, кім - түбір морфема. Морфемалар мағынасы мен қызметі жағынан әр түрлі. |Морфемалардың ішінде негізгі лексикалық мағынаны білдіретіндері, грамматикалық мағынаны білдіретіндері де бар. Мысалы, үйшіктерге деген сөзінің құрамында төрт морфема бар. Оның біріншісі — үй, ол заттық мағынаны білдіреді; екіншісі - шік, бұл кішірейткіш мағынаны білдіреді, үшіншісі — тер, көптік мағынаны білдіреді, төртіншісі — ге, бағыт мағынасын білдіреді. Бұлардың ішіндегі үй морфемасы түбір сөз болғандықтан - заттық, лексикалық мағынаны, үйшік туынды түбір болғандықтан - лексика-грамматикалық мағынаны, ал қалғандары (-тер, -ге) аффикстік морфемалар болғандықтан - грамматикалық мағыналарды білдіріп түр. Лексикалық мағынаны білдіретін морфема түбір морфема немесе негізгі морфема деп аталады да, лексика-грамматикалық немесе грамматикалық мағыналарды білдіретін морфемалар — аффикстік морфема немесе көмекші морфемалар деп аталады. Түрлі тілдердегі түбір морфема мен аффикстік морфемалардың табиғаты әр түрлі болып келеді. Мысал үшін қазақ тілі мен орыс тілін салыстырып көрелік. Қазақ тіліндегі жаз+у, жаз+ба, жаз+ыл+ған деген сөздерді орыс тіліндегі пис+ать, за+пис+ка, пере+пись деген сөздермен салыстырсақ, қазақ сөздерінің түбірі жаз — орысша сөздердің түбірі - пис. Жаз түбірі өздігінен жеке, сөз ретінде қолданыла алады, ал орыс тіліндегі пис- түбірі өздігінен дербес қолданыла алмай, сөз құрамында ғана (письмо, писание, письменный) қолданылады. Оның үстіне пис- түбірі тек заттық мағынаны ғана білдірсе, жаз түбірі әрі заттық мағынаны (жаз ісі), әрі лексикалық мағынаны (бір нәрсені хатқа түсіру), әрі грамматикалық мағынаны (етістіктің бүйрық райы, екінші жақ) білдіреді.

Пис- сияқты орыс тілінде дербес қолданыла алмайтын түпкі түбірлерді тіл білімінде "өлі түбірлер" деп атайды. Жоғарыда айтылғандарға қарап, қазақ тілінде өлі түбірлер мүлде жоқ екен деген қорытынды шықпауға тиісті. Онда да өлі түбірлер бар. Бірақ тым аз. Мысалы, бүл+ік, бүл+ін, бүл+дір деген сөздерді бір-бірімен салыстырсақ, олардың өлі түбірі - бүл деген де, ал -ік, -ін, -дір дегеңдер - сөз тудыратын аффикстер. Семіз, семір сөздерінің өлі түбірі сем-, ал жақ, жан сөздерінің өлі түбірі — жа-. Тырдай, жұрдай, нарттай сөздерінің аффикстері - дай да, ал олардыц түбірлері — тыр-, жұр-, нарт-.

Бұлардың өлі түбір болатын себебі - олар өздеріне тиісті қосымшаларынсыз жеке тұрып, қолданыла алмайды. Тек қосымшаларымен бірге алынғанда ғана олар сөз ретінде ұғынылады. Бұл жерде біз тарихи тұрғыдан алғанда ғана олар түбір бола алатындығын айтып отырмыз. Әйтпесе бұлар қазақ тіл білімінде қосымшалармен бірге бір сөз ретінде қабылданып кеткен. Сондықтан да, қазақ тіліндегі түбір мейлі мағынасы жағынан болсын, мейлі формасы жағынан болсын түбір ретінде де, бір-бірімен сәйкес келе береді.

Бұл жердегі "түбір" деген мен "түбір сөз" деген бір емес. Мәселен, орыс тіліндегі пис- морфемасы - түбір, ал писать – түбір сөз. Қазақ тіліндегі жаз морфемасы — әрі түбір, әрі түбір сөз. Өйткені пис морфемасы дербес қолданыла алмаса, жаз түбірі дербес сөз ретінде қолданыла береді. Қазақ тіліндегі бұл қасиет түркі тілдері мен ағылшын тіліне де тән.

Жоғарыда біз "пис — түбірі тек заттық мағынаны ғана білдіреді» дегенді айттық. Орыс тіліндегі кейбір түбірлер (негізгі морфемалар) мағынаны да білдіруі мүмкін. Мұндай жағдайда заттық мағынаны білдіретін түбір лексикалық мағынаны білдіретін сөз ретінде қолданылады да, заттық мағына мен лексикалық мағына бір-бірімен астасып, қабаттасып кетеді. Мысалы, орыс тіліндегі бег (бежать), дар (дарить), дом (домик) дегендер - пис түбірі сияқты түбір морфемалар. Солай бола тұрса да, бұлар лексикалық мағыналары бар дербес сөздер ретінде де қолданылады. Демек, орыс тілінде түбір (корень) деген үғым өз алдына дербестігі жоқ пис(писать), веж- (вежливый) тәрізді түбірлерді де, өз алдына дербестігін сақтаған бег, дар, дом тәрізді түбір сөздерді де (пис-, веж-, деген сөздер емес, олар тек түбірлер) қамтиды. Ал қазақ тілінде пис-, веж- сияқты түбірлер жоқ, онда оқы(-ған), жаз(-ған), бүлін (-ген) деген тәрізді түбір сөздер бар.

Енді түбір мен негіз деген терминдердің мән-мағынасына келелік.

Түбір (корень) деп - сөздің ешбір жұрнақсыз-ақ, заттық (кейде лексикалық) мағына бере алатын, ары қарай бөлшектеуге келмейтін түп бөлшегін айтамыз. Мысалы, письмо, писать, выписка, опись сөздеріндегі пис- морфемасы немесе столик, столовая, настольный, сөздеріндегі стол - морфемасы түбір болып саналады.

Негіз (основа) деп - сөздің ешбір жалғаусыз-ақ (жұрнақсыз емес) өз алдына тұрып, лексикалық мағына бере алатын, өзгермейтін, түрленбейтін негізгі бөлшегін айтамыз. Негіз әдетте түбірден де, түбір мен жұрнақтың қосындысынан да жасалына береді. Яғни, түбір сөз де, туынды сөз де негіз бола алады. Осыған орай олар түбір негіз, туынды негіз деп те аталынады. Мысалы: дом, холод, один, завтра, комнат+а, бел+ый, смотре+ть — бұлар түбір негіздер; надомн+ый, комнатушк+а, холодноват+ый, побелеев+ший посмотре+ть - бұлар туынды негіздер. Болмаса қазақ тіліндегі егіншіліктің деген сөзді талдап көрелік. Мұның түбірі (түбір негізі) - ек, бірінші туынды негізі — егін, екінші туынды негізі — егінші, үшіншісі туынды негізі — егіншілік; ал -тің — аффикстік (көмекші) морфема.

Түбір әр түрлі сөз таптарына ортақ морфема ретінде қызмет ете алады. Мысалы, бас түбірі бастық, басшы, басшылық, баспа, баспалдақ деген зат есімдердің де, басты, бассыз деген сын есімдердің де, баста, басқар, бастат деген етістіктердің де түбірі болып саналады.

Негіз белгілі бір сөз табына жататын әр түрлі формаларға ортақ морфема ретінде қызмет етеді. Мысалы, басқар+ып, басқар+ғалы, басқар+ған, басқар+ар, басқар+атын дегендердің бәрі етістіктер. Бұлардың ортақ негізі (основа) — басқар морфемасы. Дәл осылар сияқты бастық+тар, бастық+қа, бастық+тан, бастығ+ың деген зат есім формаларының ортақ негізі - бастық сөзі.

Аталған мысалдардан байқалатын бір нәрсе — орыс тіліндегі көптеген негіздердің құрамында олардың қай сөз табына тән екендіктерін аңғартатындай грамматикалық көрсеткіштер (аффикстер) болады. Мысалы: комнат +а, комнатушк+а — бұлар зат есімдер; бел+ый, побелевш+ий - бұлар сын есімдер; смотре+ть, посмотре+ть - бұлар етістіктер. Егер осы сөздердің кұрамындағы -а, -ый/ий, -ть грамматикалық көрсеткіштерін негіздерден бөліп алсақ, онда ол негіздер өздігінен дербес қолданыла алмайды. Ал қазақ тіліндегі негіздердің құрамында ол сөздердің қай сөз табына қатысты екендігін аңғартатындай грамматикалық көрсеткіштердің болуы шарт емес. Мысалы: бас — I) зат есім, 2) етістік; бастық- (зат есім, етістік), басшы (зат есім, етістік); ақ- 1) сын есім, 2) етістік. Соған қарамастан бұл түбір негіздер (бас, ақ) және туынды негіздер (бастық, басшы) дербес сөз ретінде жеке қолданыла береді.

Бұл құбылыс жалғыз қазақ тілінде ғана емес, бүкіл түркі тілдері мен ағылшын тілінде де солай. Оны мына салыстырудан көруге болады: книг+а — кітап — Ьоок; больш+ой — үлкен — big; чита+ть— оқы - read. Мұндағы орыс сөздері екі морфемадан - аффикстік морфемадан, ал қазақ, ағылшын тілдеріндегі балама сөздер бір ғана түбір морфемалардан құралған.

Қазақ тіліндегі түбір (негізгі) морфемаларда дербестік бар. Олар дербес сөз ретінде қолданыла алады. Ал аффикстік морфемаларда мұндай дербестік жоқ. Олар әрқашан сөз құрамында ғана қолданылады және сөзден тыс ешқандай мағына білдіре алмайды. Түбір морфема мен аффикстік морфемалардың тағы бір айырмашылығы — егер аффикстік морфемалар сөздердің белгілі бір тобының (мысалы, зат есімнің немесе сын есімнің) кұрамында ғана қолданылса, түбір морфемалар бір емес, әр басқа сөз табына қатысты сөздердің кұрамында ұшыраса береді. Мысал, білімнен (біл+ім+нен) деген сөздің кұрамындағы -ім және -нен аффикстік морфемалары сөздердің зат есім деп аталатын тобында ғана ұшырасса, біл деген түбір морфема сөздердің зат есім (мысалы: білім) тобында ғана емес, сонымен бірге, етістіктер тобында (білдіру, біліну, білісу), сын есімдер тобында да (білгіш, білімді) ұшыраса береді. Бір сөзбен айтқанда, аффикстік морфемалар белгілі бір сөз табына ғана телулі болады.



2. Аффикстік морфемалар мағынасы мен қызметі жағынан түрліше болып келеді. Олардың ішінде түбір морфемаға жалғанып, ол түбірдің мағынасын нақтылай, саралай түсетін аффикстер бар. Ол аффикстің атын — жұрнақ деп атайды. Мысалы, көлшік деген сөздің құрамындағы -шік жұрнағы заттық ұғымды білдіретін көл деген түбірге жалғанып, оның лексикалық мағынасын нақтылап тұр (ойыс жерге жиналып қалған су, кішкентай ғана көл).

Сондай-ақ, түбір морфемаға жалғанып, бір сөзді екінші сөзбен байланыстыратын, олардың өзара қарым-қатынасын білдіретін аффикстер болады. Олардың атын - жалғау деп атайды. Мысалы, көлдің жағасы дегендегі -дің мен -сы аффикстері сөз тудырып тұрған жоқ, көл, жаға деген сөздерді бір-бірімен байланыстырып тұр.

Түбір морфемадан сөз тудыратын аффикстерді - сөз тудырушы аффикстер дейміз. Сөз тудырушы аффикстердің мағынасы деривациялық мағына деп аталады. Сөз бен сөзді байланыстырып, олардың бір-біріне қатынасын білдіретін аффикстер — сөз түрлендіруші аффикстер, ал олардың грамматикалық мағыналары реляциялық мағына деп аталады.

Сөйтіп, аффикстер (аффикстік морфемалар) екі үлкен топқа бөлінеді екен. Олар: жұрнақ пен жалғау. Жұрнақ (суффикс) — сөз тудырады, ал жалғау (окончание немесе флексия) — сөз түрлендіреді. Ескерте кететін нәрсе — жұрнақтардың ішінде де жаңа сөз тудырмай, сөз формасын өзгертетін, сөздерді бір-бірімен байланыстырып тұратын жүрнақтар болады. Мәселен, қазақ тіліндегі көсемше, есімше жұрнақтары сондай жұрнақтар. Мысалы: кел+іп кетті, жүр+гелі отыр, т.б.

Әрбір жеке тілде олардың грамматикалық құрылысының ерекшеліктеріне қарай жұрнақ үш түрге жіктелінеді. Олар: 1)приставка, 2) инфикс, З) суффикс (постфикс). Префикс түбірдің алдына қосылады. Мысалы: в+ходи+ть, ис+ходи+ть, на+ходи+ть, по+ходи+ть, с+ходи+ть, у+ходи+ть, со+труд+ник/ница, пре+по+дава+тель+ница. Инфикс түбірдің ішіне қыстырылады. Бұл латын тілінде бар, орыс тілінде жоқ. Ал суффикс түбірден соң жалғанады. Мысалы: бала+лық, жылқы+шы, работ+ник, учи+телъ, дом+ик.

Орыс тілінде префикс пен суффикс бар. Казақ тіліндегі жұрнақ орыс тіліндегі суффикске сәйкес келеді де, түбірден соң жалғанады. Түркі тілдерінде орыс тіліндегі тәрізді префикстер жоқ. Түркі тілдерінің бірі — казақ тіліндегі бей+маза, бей+таныс, бей+уак, бей+хабар, на+разы, на+мақүл деген сөздердің құрамындағы бей-, -на морфемаларының префикс екендігі рас. Бірақ ол қазақ тілінде префикс ретінде қызмет атқармайды. Бей-, на- префикстері иран тілдерінен енген сөздердің құрамында ғана қолданылып, сол сөздермен бірге келген, бөлшектенбейтін біртұтас тұлға (форма) ретінде ұғынылады.

Жалғаулардың жұрнактардан айырмашылығы — жұрнақгар сөз тудырса, жалғаулар форма тудырады. Сөз тудырушы жұрнақ өзі жалғанған сөзіне жаңа мағына үстеп, туынды сөз жасайды.

Жасалған туынды сөздердің әрқайсысы дербес лексикалық бірлікке (сөзге) айналып, бүтін сөз ретінде қаралады. Мысалы, су деген түбірге жұрнақ жалғасақ, су+лы, су+лык, су+ла, су+лан+дыр+у деген туынды сөздер жасалады. Бұлардың мағыналары әр басқа. Ал сол су деген түбірге жалғау жалғасақ, су+ға, су+ым, су+лар деген сөз формалары жасалады. Бұл соңғы сөздердің лексикалық мағыналары — біреу ғана, ал формалары - әр түрлі. Ол жалғаулар тек грамматикалық мағыналар туғызады. Айталық, су+ға дегенде - септік мағына, су+ым дегенде — тәуелділік мағына, ал су+лар дегенде - көптік мағына бар.

Жалғаулар әр уакыт тек грамматикалық мағына туғызады десек біз қателесеміз. Кейде оның жұрнақ орнына жұмсалып, лексикалық мағына да туғызатын кездері болады. Мысалы, босқа, текке, бекерге, кешке деген сөздерді тарихи түрғыдан бос+қа, тек+ке, бекер+ге, кеш+ке деп, түбір және аффикстік морфемаларға жіктеуге болады. Мүндағы -қа/-ке, -ға/ге аффикстері барыс септік жалғауы екендігі ақиқат. Бірақ олар бүл жерде сөз түрлендіруші қызметінен айырылып, сөз тудырушы қызметке ауысқан. Сөйтіп, олар өзі жалғанған сөздерді үстеулерге айналдырған. Тіліміздегі жатыс, шығыс, көмектес септіктерінің жалғаулары да дәл осындай қызмет атқара алады. Мысалы: баяғы+да, күн+де, әуел+ден, кенет+тен, төте+сі+нен, рет+і+мен, кезек+пен т.б.

Қазақ тілінде -у жалғауы жалғанған біраз етістіктер тұйық етістік формасынан зат есімдерге айналған. Мысалы: жабу, егеу, көсеу, қашау, бояу т.б. Бұлардың құрамындағы -у морфемасы о баста форма тудырушы (тұйық етістік формасы) қосымша болған. Қазір ол форма тудырушы емес, сөз тудырушы жұрнақ ретінде танылып жүр. Шындығында да солай. Ол тұйық етістіктің жалғауы бола тұрып, кейінгі ғасырларда зат есім, сын есім (бітеу, түзу) тудыратын жұрнақтарға айналған. Сондықтан, қазіргі кезде оны (У морфемасын) қазақ тілі оқулықтарында "тұйық етістіктердің жұрнағы" деп атайды.



Бақылау сұрақтары:

1.Граматика – туралы ұғым

2.Грамматикаға тән басты белгілер

Әдебиеттер тізімі:1,3,6.
Дәріс №13. Сөз таптары.

Жоспар.

1.Сөз таптары.

2.Сөз таптарының бір-біріне ауысуы.

Лекция мақсаты: сөз таптары туралы ұғым және оның тілдік құрылымдағы орны туралы мәлімет беру.

Лекция мәтіні. (қысқаша) 1. Сөз таптары туралы ғалымдардың пікірлеріне шолу. Олардың пікірлеріне сүйене отырып, сөз таптарының түрлі топтарына талдау жасау. Сөз таптарының шығуы мен дамуы туралы алған теориялық жүйелі, тиянақты баяндауға дағдыландыру. Өз бетінше ізденуге ықпал жасау.

Сөз таптарының жалпы теориясы таза практикалық міндеттер үшін, яғни тілдердің ғылыми грамматикаларын жасау үшін, көптеген тілдерге тән, жалпылама ортақ жайларды айқындау үшін қажет.



Сөз таптарының шығуы мен дамуы

Бірсыпыра зерттеушілер сөз таптарының шығуын мүшелерімен байланыстырады. Мысалы, акад. И.И Мещанинов өзінің "Сөйлем мүшелері мен сөз таптары" (М., 1945) деген кітабында былай деп жазды: "Сөйлемде зат есім - бастауыш немесе толықтауыш, сын есім - анықтауыш, үстеулер – пысықтауыш, етістіктер — баяндауыш ретінде жұмсалады. Олай болса, сөз таптары сөйлем мүшелері болу арқылы бөлініп шықты", - дейді (203б.).

Бұл пікір онша дәл емес. Мүмкін кейбір сөз таптары (мысалы, үстеу) солай жасалынса, жасалған шығар. Бірақ барлық сөз табы сөйлем мүшелерінен бөлініп шықты деу әр уақыт дұрыс бола бермейді. Мәселен, зат есім, сын есім, етістік дегендер өз алдына жеке-жеке жасалуы немесе бірінен-бірі бөлініп шығуы әбден мүмкін.

Ескерте кететін нәрсе: бұл құбылыс бірден бола салған жоқ. Ол тарихи даму барысында біртіндеп жасалып қалыптасты. Аталған ойды тіл білімінің әйгілі білгірлері А.А.Потебня мен В.М.Жирмунскийлер де айтқан болатын.

Мәселен А.А.Потебня: "Сын есімдер зат есімдерден бөлініп шықты.Зат есімнен сын есімнің бөлініп шығуы дегеніміз зат есімнің (анықтауыш) мүше ретінде қолданылуы деп жазды, өзінің 1899 жылы шыққан «Из записок по русской грамматике» деген еңбегінде ( ІІІ бөлім, 86-6.).

Көне дәуірде зат есімдер мен сын есімдердің жігі ажырамаған. Мысалы, жас, көк сөздерінің әрі зат есім (жас келсе іске, ертең көкке шығалық) , әрі сын есім (жас бала көк шөп) болуы сол көне кұбылыстың ізі екендігін көрсетеді. Тілімізде әрі зат есім, әрі сын есім болатын сөздер (ыстық, жарық, салқын, суық) ғана емес, әрі зат есім, етістік болатын сөздер де бар. Мысалы: көш (көш келе жатыр, бүрсігүні жайлауға көш) той, тоң, ық, т.б. Кейде тіпті бір сөздің өзі үш түрлі сөз табына жатуы мүмкін. Мысалы: ауыру — зат есім (ескі ауру), ауыру — сын есім (ауру жүрек) ауыру — етістік (ішінің ауыруы жанына қатты батты). Бұлар — лексикалық омонимдер. Бұлардың зат есім сыңары - зат есімдерше, сын есім сыңары — сын есімдерше, етістік сыңары —етістіктерше түрленеді, олардың әр қайсысына тән категориялармен сипатталады.

Бұл нені көрсетеді?

Бұл— зат есімдер мен сын есімдердің, етістіктердің, үстеулердің дамуы барысында біртіндеп жігі ажырап, дербес лексика-грамматикалық категориялар ретінде қалыптасқандығын көрсетеді.

Яғни сөздер қолданылу ыңғайына, атқаратын қызметіне, мағынасына карай сараланады, топтасады. Осылайша дамудың барысында сөз таптары жасалады.

Сөз таптарының бірден пайда болмай, тілдің тарихи даму барысында біртіндеп жасалатындығын үстеулердің сөз табы ретінде қалыптасуынан да көрінеді. Мысалы: қазақ тілінде босқа, зорға, бірге (барыс сеп.); кейде, қапыда, бірде (жатыс сеп.) жүресінен, кенеттен, (шығыс сеп.); жайымен, ретімен (көмектес сеп.); орыс тілінде: вечером, порой, издавна, вплотную т.б. Бұлар — үстеулер. Олардың түбірлері — зат есімдер (қапы, жайы, реті), сын есімдер (бос, зор), сан есімдер (бір), есімдіктер (кей). Бұл есім сөздерге септік жалғаулары жалғаньш, пысықтауыш қызметінде жұмсалу барысында үстеулерге айналған. Көрсетілген үстеулердің құрамындағы жалғаулары сол сөздердің айрылмайтын бөлшегіне айналып, көнеленіп кеткен. Оларды сөздердің түбірінен бөліп алып қарастыруға болмайды. Олар түбірге сіңісіп кеткен. Сөйтіп, сөз лексикаланып, пысықтауыштық қызмет атқарып, басқа сөз табына айналған.

Яғни есімдерден үстеу сөздер жасалыну үшін үш түрлі шарт керек екен. Олар:

1) есім сөздерге септік жалғауларының біреуі жалғанып, оның әбден орнығып калыптасуы және көнеленуі;



  1. олардың мағына жағынан әуелгі төркіндерінен алшақтауы;

  2. пысықтауыш қызметінде жұмсалынуы.

Қазақ тілінде көсемше формалы етістіктердің пысықтауыш қызметінде үнемі жұмсала келіп, әбден қалыптасуынан және ондай формалардың көнеленуінен жасалған үстеулер де бар. Мысалы: аздап, аз-аздап, қайыра, жағалай, таласа-тармаса, т.б. Бұлардың көсемшелерге тек форма жағынан ғана ұқсастығы бар. Әйтпесе олар — үстеулер.

Олардың үстеу екендіктерін мыналардан көруге болады:

1) бұларға тікелей жіктік жалғаулары жалғанбайды;

2) олар сөйлемде баяндауыш болып қызмет аткармайды;

3) бұл сөздерде етістіктерге тән шақтық, жактық т.б. қасиеттер жоқ;

4) бұлар сөйлемде тек пысыктауыш болып қызмет атқарады;

5) бұларға етістіктерге жалғанатын болымсыздық жұрнағы (-ма, -ме) қосылмайды.

Қазақ тіліндегі сүзеген, тебеген, қабаған, жатаған тәрізді сөздер формасы жағынан — есімшелер. Бірақ бұлар тілдік табиғаты жағынан - сын есімдер. Өйткені олар ұдайы анықтауыш қызметінде жұмсала келіп, өздерінің есімшелік мағыналарынан айырылып калған да, сын есімдерге айналып кеткен.



2. Сөз таптарының бір-біріне ауысуы сөздің лексикалық мағынасының өзгеруімен тығыз байланысты. Лексикалық мағынада өзгеріс болмай тұрып, бір сөз табының басқа бір сөз табына ауысуы мүмкін емес. Мәселен, жоғарыда айтылғандай, ауыру деген тұйық етістік семантикалық жақтан дами келіп, бұл күнде сын есім мағынасында да (ауру адам), зат есімі мағынасында да (ауруды емдеу) қолданыла береді. Қазір зат есімдер болып қалыптасып кеткен егеу, көсеу, бояу, жабу деген сөздер де тұйық етістіктердің заттануынан жасалғандар. Бұл сөздер, сонымен бірге, етістік қалпын да сақтап қалған. Сондай-ақ, батыр, ер, қарт деген сын есімдер субстантивтеніп, зат есім түріңде де қолданыла береді.

Сөйтіп, сөз таптары бір-біріне ауысып жатады. Ол ауысу сөздердің лексикалық мағыналары мен грамматикалық мағыналарының өзгеруі нәтижесінде іске асады. Бір сөз табының екінші бір сөз табына ауысуына карай ғылымда олардың атаулары да әр түрлі болып келеді. Мысалы, басқа бір сөз табы зат есімге ауысса, оны субстантивтену (больной, ученый, трое), сын есімге ауысса — адьективтену (қашаған, сүзеген), есімдікке ауысса — прономиналдану (біреу келіп кетті), үстеуге ауысса - адвербиалдану (күнде, кешке, босқа, лажсыздан, қайта, жата-жастана), шылауға ауысса — конъюнктену (күн ашық, әрі ыстық), етістікке ауысса – вербалдану (Махамбет – ақын, Махамбет - батыр) деп атайды.

Шылаулар да бір кездері жеке-дара қолданылатын дербес мағыналы атауыш сөздер, олардың кейбіреулері мағыналары солғындап, дербестігінен айырылып, көмекші сөздерге айналуы нәтижесінде бірте-бірте қалыптасты, сөйтіп, жеке категория болды. Мысалы: шейін (шек+ін), сияқты (сиық+ты), бойы (бой+ы), жөнінде (жөн+ін+де), шамалы (шама+лы) деген септеулік шылаулар есімдермен тектес, ал дейін (де+й+ін), қарай (қара+й) тәрізді септеулік шылаулар етістіктермен тектес.

Қорыта келгенде, сөз таптары бірден емес, тілдің тарихи дамуы барысында біртіндеп сараланды, дамыды. Олардың әрқайсысы өзіндік жалпы категориялды мағынаға ие болады, морфологиялық жағынан тұлғаланады. Сөз тудырушы және сөз түрлендіруші арнайы формаларға ие болып, сөйлемде белгілі бір синтаксистік қызмет атқаруға икемделеді.

Бақылау сұрақтары:

1. Сөз таптары – туралы ұғым

2. Сөз таптарының бір-біріне ауысуына тән басты белгілер

Әдебиеттер тізімі:2,3,6.
Дәріс №14. Сөйлем мен сөз тіркесі.

Жоспар.

1.Сөйлем және оның жасалу жолдары.

2.Сөз тіркесі.

Лекция мақсаты: сөйлем мен сөз тіркесі туралы ұғым және оның тілдік құрылымдағы орны туралы мәлімет беру.

Лекция мәтіні. (қысқаша) 1. Сөйлем — ең басты тілдік бірліктердің бірі. Ол - коммуникативтік қызметі бар синтаксистік бірлік. Мұндағы коммуникативтік деген сөз - "бір нәрсе жайында хабар беру" дегенді білдіреді.

Сөйлем мен сөз тіркесінің айырмашылығы бар. Мысалы, жер жыртты деген мен жер жырту дегенді салыстырып көрелік. Мұның біріншісі — сөйлем, екіншісі — сөз тіркесі. Сөйлем — бірдеме жайында хабар береді. Ал сөз тіркесі - бір нәрсені атайды. Бұл сөйлем - коммуникативтік (қарым-қатынастық) қызмет, ал сөз тіркесі— номинативтік (атауыштық) қызмет атқарады деген сөз.

Демек, сөйлемнің өзіне тән құрылымдық үлгісі болады екен. - бастауыш-баяндауыштық кұрылым, яғни предикативтік

Сөйтіп, сөйлем дегеніміз — кұрылымдык үлгісі бар синтаксистік бірлік. Ол бірдеме жайында хабарлайды, коммуникативтік қызмет атқарады. Осы түрғыдан қарағанда тілімізде кездесетін Қап! Бәрекелді! Жақсы. Амо! Немене? Кеш жарық! Рахмет! Жок,- Бар.Иә. Ей, жігіттер! - деген сияқты айтылыстар (высказывание) сөйлем бола алмайды. Өйткені бұларда сөйлемдік, яғни, бастауыш- баяндауыш құрылым жоқ және олар бір нәрсе жайында хабар бермейді.

Сөйлемге тән белгілердің бірі - интонация. Өйткені кез келген сөйлем белгілі бір интонациямен айтылады. Сондықтан да, сөйлем сөз бен сөз тіркесінен құрылымдық үлгісі жағынан ғана емес, интонациясы жағынан да ажыратылады.

Беретін хабардың мақсатына және құрылымына қарай сөйлемдер екі топқа бөлінеді. Оның бірі — хабарлы сөйлемдер екіншісі — сұраулы сөйлемдер.

Хабарлы сөйлем бір нәрсені хабарлау үшін жұмсалып, хабарлау интонациясымен айтылады. Мысалы: Балалар Алматыдан шықты Ал сұраулы сөйлем бірдеме жайында хабар алу үшін жұмсалып, сұрау интонациясымен айтылады немесе сұрау есімдіктері (кім? не?) мен сұраулық демеуліктердің (ма/ме) бірі енгізілу арқылы жасалынады, Мысалы: Кімдер Алматыдан шықты? Балалар қайдан шықты? Немесе: Балалар Алматыдан шықты ма?

Хабарлы сөйлем де, сұраулы сөйлем де интонациялық тәсілдер арқылы лепті сөйлемге айналуы мүмкін.

Мұндайда лепті сөйлем эмоциялы-экспрессивті қасиетке ие болады да, адамның көңіл кұйіне байланысты жайларды, мысалы, қуану, шаттану, шошу, күдіктену, еркелету т.б. білдіреді. Ол үшін сөйлемде арнаулы модаль сөздер мен одағай сөздер де пайдаланылады. Мысалы: Бәрекелді (айналайындар-ай), балалар Алматыдан шығыпты ғой (шықты дей ме?)!

Сөйлемдер өзін құрастырушы сыңарлардың (компоненттердің) сипатына қарай жай сөйлем және құрмалас сөйлем болып екі топка бөлінеді. Жай сөйлем 2-3 сөз тіркестерінен жасалса, құрмалас сөйлем екі не үш жай сөйлемнен жасалады.

Құрмалас сөйлем сыңарларының арасындағы байланыс салалас байланыс және сабақтас байланыс түрінде болуы мүмкін. Осыған орай құрмалас сейлемдер 1) салалас құрмалас сөйлем, 2) сабақтас құрмалас сөйлем және 3) аралас құрмалас сөйлем болып, үш топка бөлінеді.

Салалас құрмалас сөйлем деп - құрастырушы сыңарлары байланысқан сөйлемді айтамыз. Сабақтас құрмалас сөйлем — құрамындағы сыңарларының бірі екіншісіне бағына байланысқан сөйлемді айтамыз. Ал аралас кұрмалас сөйлем деп - құрмаластың құрамындағы үш (не төрт) сөйлемнің бірі екіншісімен , ал екіншісі үшіншісімен сабақтаса байланысқан кұрмалас сөйлемді айтамыз.

Синтаксис - қазақ тіл білімінің негізгі салаларының бірі. Бүгінгі күні қазақ тілінің синтаксисі төрт тармаққа бөлініп карастырылуда. Олар - сөзтұлға синтаксисі, сөз тіркесі синтаксисі, сөйлем мен мәтін синтаксисі, әрі бұл тармақ бірліктерінің тексеру жүйесі де бір: жалпы синтаксиске катысты мәселелер. Синтаксис ілімі синтаксистік тұлғалардың байланысын, қатынасын зерттейді. Ал синтаксистік тұлға тарапынан жеке сөз, күрделі сөз және оның түрлері; тіркес түрлері (тұрақты, түйдекті, салаласа байланысқан, сөз тіркесі); сөйлем мен оның түрлері, ақыры синтаксистік күрделі тұтастық нысаналары түсіндіріледі. Бұлар жеке-жеке тұрып, ешқандай қызмет атқара алмайды, олардың "жандануы" бір-бірімен иек артып қатынас жасауында. Мұндай қатынасуды, басқаша айтқанда категорияны, синтаксистік байланыс деп атаған дұрыс.

Қазіргі қазақ тілінде синтаксистік байланыстың төмендегідей түрлерін айыра қарауды жөн санаймыз.

1. Салалас байланыс - түрлі синтаксистік тұлғалардың тең дәрежеде келіп байланысуы. Бұлардағы ерекшелік сол, олардың орнын алмастырып қолдануға болады, бірақ бірінен-біріне қатысты ортақ сұрақ қойылмайды. Синтаксистік байланыстың бұл түрі мынадай ыңғайда кездеседі.

а) Жай сөйлем ішіндегі толық мағынаға ие сөз тұлғалардың өзара байланысы: Қонақтар дөңгелек стол мен самаурынға орын берісті (М.Әуезов). Сөйлемде стол мен самаурын сөзі бір-бірімен тең дәрежеде байланысқан, әрі бұл байланысу – сөзтұлға синтаксисінің объектісіне тән. Жеке сөздік тұлғалар түрлі құрамдық күрделенуге де түседі. Сөйлемдегі күрделі сын есімдердің өзара байланысуларына көңіл аударыңыз: Орта бойлы, ашаң жүзді қас-кірпігі төгілген балғын қыздың бой түзегені енді ғана (Қ.Казыбеков).

б) Құрмалас сөйлем ішіндегі жай сөйлемдік құрылымдардың өзара байланысы: Ай-Шешектің саулығы да жақсарған, көңіл- күйі де көтерілген (М.Мағауин). Бұл байланыс салалас күрмалас сөйлемге бағынышты болып келген. Синтаксистік байланыстың салалас түрі сөзтұлға мен құрмалас сөйлемнің салалас түріне тікелей қатысты болады.

С.Аманжолов қиысу, меңгеру, қабысу, жанасу деген терминдерді қалыптастырды. Бұл терминдер осы күнге дейін кеңінен қолданылуда.



Бақылау сұрақтары:

1. Сөйлем, сөйлемге тән белгілер

2. Сөйлем түрлері

Әдебиеттер тізімі:4,6,9.
Дәріс №15. Сөйлемдерді айтылу мақсаты мен құрылысына қарай жіктеу. Жоспар.

1.Сөйлемнің айтылу мақсаты.

2.Сөйлем құрылымы.

Лекция мақсаты: Сөйлемдерді айтылу мақсаты мен құрылысына қарай жіктеу туралы мәлімет беру.

Лекция мәтіні. (қысқаша) 1. Сөйлемдер айтылу мақсатына және дауыс ырғағына қарай хабарлы, сұраулы, лепті, бұйрықты болып төртке бөлінеді.

Хабарлы сөйлем — сөйлемнің бір түрі. Хабарды, ақпаратты баяндау мақсатында айтылады.

Хабарлы сөйлемнің негізгі грамматикалық белгілері:


  1. Баяндауыштары негізінен ашық рай формалы етістіктен (немесе осы формаға сипаттас жұмсалатын есімдерден) жасалады;

  2. Өзіне тән интонациясы болады. Хабарлы сөйлемдер баяу әуенмен айтылады. Жалаң сөйлемдер бірте-бірте қайырылса, жайылма сөйлемдерде дауыс сөйлемнің соңында бәсеңдей түседі. Мысалы, Түн жым-жырт. Жел де жоқ. Бірақ сәл ғана білінген салқын бар. сөйлесінің мазмұны әр түрлі болғандықтан, олардың мазмұны сөйлемге қатысқан сөздердің, мүшелердің, әсіресе, баяндауыштардың мағыналық, тұлғалық ерекшеліктеріне байланысты болып келеді. Хабарлы сөйлем баяндауыштарының тұлғалық ерекшеліктеріне қарай болымды (Жаңбыр жауды), болымсыз (Жаңбыр жаумайды), қалаулы (Енді қырманға барайықшы), болжамды (Маржан ертең келетін шығар), ал баяндауыштарының қай сөз табынан жасалуына қарай етістікті (Үйдің іші жылынды), есімді (Күн жылы. Аспан ашық) болып бөлінеді. Хабарлы сөйлем екі негізді және бір негізді құрамда болады. Құрамында екі негізгі мүше бастауыш пен баяндауыш болып, сөйлем оларды тірек етіп құрылған болса, екі негізді болып келеді. Мысалы, Енді, міне, үш бала қатар келе жатырмыз. (С.М.) Бір негізді сөйлемдер грамматикалық сипаты жағынан екі түрлі:

  3. Арнаулы құрылысы бар баяндауыш мүшені тірек етіп құрылады. Мысалы, Оны бұзуға болмайды;

  4. Бастауыш, баяндауыш деп тануға келмейтін, тірек мүше деп аталатын компонентті негіз етіп құрылады. Мысалы, Мидай дала. Жарқыраған ай.

Хабарлы сөйлем деп біреу я бірдеме туралы хабарлай айтылған сөйлемді дейміз.

Хабарлы сөйлемді айтқанда, оның аяғында дауыс бәсеңдейді. Жазуда хабарлы сөйлем соңына нүкте қойылады.

Сұраулы сөйлем деп біреу я бірдеме жайында білу мақсатымен сұрай айтылған сөйлемді атаймыз.

Сұраулы сөйлем соңына сұрау белгісі қойылады.



2. Сұраулы сөйлемнің жасалуы:

  1. сұраулы сөйлемдер сұрау есімдігі қатысуы арқылы айтылады;

  2. сұраулық мағына ма (ме), ба (бе), па (пе) және ше деген сұраулық шылаулардың қатысуы арқылы да білдіріледі;

  3. сұраулық мағына кейде ғой, -ау шылаулары мен болар, шығар, қайтеді деген көмекші сөздердің және ә деген одағайдың қатысуы арқылы беріледі;

  4. сұраулық мағына сұрау дауыс ырғағының өзі арқылы да беріледі.

Сұраулы сөйлемдер негізгі сұрақты, жетек сұрақты, анықтауыш сұрақты білдіреді

Лепті сөйлем деп ерекше көңіл күйіне, сезімге байланысты (қуану, ренжу, таңдану, аяу, бұйыру және т. б.) айтылған ойды білдіретін сөйлемді дейміз.

Лепті сөйлем ішіндегі сөздер түгелімен (әсіресе баяндауышы) көтеріңкі дауыспен айтылады. Лепті сөйлем соңынан леп белгісі қойылады.

Лепті сөйлем ішінде сұраулық мәнді сөздер де аралас келуі мүмкін. Мұндайда сөйлем соңында леп белгісі мен сұрау белгісі қатар қойылады. Егер сұрау мағынасы басым айтылса я сұрау мәнді сөздер бұрын айтылса, сұраулық бұрын (?!) қойылады, леп мағынасы басым айтылса я леп мәнді сөздер бұрын айтылса, лептік бұрын (!?) қойылады.



Бақылау сұрақтары:

1. Сөйлемнің айтылу мақсаты

2. Сөйлемді жікте

Әдебиеттер тізімі:4,6,9.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет