Жұмыс бағдарламасы 5В050400 «Журналистика»



бет1/2
Дата13.06.2016
өлшемі411.59 Kb.
#131736
түріЖұмыс бағдарламасы
  1   2



Пән бағдарламасының (Syllabus)титулдық парағы





Нысан

ПМУ ҰС Н 7.18.4/19






Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті

Журналистика кафедрасы

«Публицистің шығармашылық шеберханасы»
пәні бойынша оқыту бағдарламасы

(Syllabus)

5В050400 «Журналистика» мамандығының студенттеріне арналған

Павлодар

Пән бағдарламасын (Syllabus) бекіту парағы






Нысан


ПМУ ҰС Н 7.18.4/19






БЕКІТЕМІН

Факультет деканы

_________Ж.Т.Сарбалаев

«___»________201 __ж.


Құрастырушы: т.ғ.д, профессор Алдабергенов Қ.М.

Журналистика кафедрасы

«Публицистің шығармашылық шеберханасы» пәні бойынша

5В050400 Журналистика мамандығының студенттеріне арналған

ОҚЫТУ БАҒДАРЛАМАСЫ
(SYLLABUS)

Жұмыс бағдарламасы 5В050400 «Журналистика» мамандығының жұмыс оқу жоспары және пәндердің элективті каталогі негізінде жасалды.


Кафедра мәжілісінде ұсынылды «__» ______201__ж. №__ хаттама

Кафедра меңгерушісі ________Алдабергенов Қ.М. «__» ______201__ж.

ГПФ оқу-әдістемелік кеңесінде мақұлданды.

«__ » __________ 201___ж. №__ хаттама.

ОӘК төрайымы______________________ Ксембаева С.К.
1. Пәннің төлқұжаты.

Пәннің атауы «Публицистің шығармашылық шеберханасы»

Міндетті компонент пәні

Мамандық: 5В050400 «Журналистика» мамандығының 3 курс студенттеріне



Кредит саны және оқу мерзімі

Барлығы – 3 кредит

Курс: 3

Семестр: 6



Барлық аудиториялық сағат саны – 60

Дәріс -15

Студиялық - 45

СӨЖ- 75 сағат

оның ішінде ОСӨЖ- 18,75 сағат

Жалпы еңбек сыйымдылығы - 135



Бақылау түрі

Емтихан – 6 семестр


Пререквезиттер:

1.Публицистика өнері

2.Отандық публицистика тарихы

Постреквезиттер:

1.Қазақ журналистикасының тарихы

2. Мерзімді баспасөздің теориясы мен практикасы
2. Оқытушы туралы мәліметтер және байланысу ақпараттары

Алдабергенов Қырықбай Мазанұлы – тарих ғылымдарының докторы, профессор, «Журналистика» кафедрасының меңгерушісі

Кафедра №262 аудиторияда орналасқан. Байланысу телефоны 673638

3. Пәннің мақсаты мен міндеттері

«Публицистің шығармашылық шеберханасы» - әдеби жұмыстың шығармашылық қырын таныту арқылы баланың журналистердің жазу шеберлігін қалыптастыруға тікелей әсер ететін басты пәндердің бірі. Бұл пәннің негізгі мақсаты –журналистердің кәсіби шеберлігін арттырып, өзіндік творчестволық шыңдалуға жеткізу. Пән бірнеше дәрістерден, семинарлардан және тәжірибелік сабақтардан құралған; олар төмендегідей негізгі міндеттерді қамтиды.



Міндеттері:

- студенттердің мазмұндық жеке жазу стилі мен ойлау қабілеттілігін жоғары дәрежеге жеткізіп, творчестволық даму үрдісін жетілдіруге бағыттау;

- бүгінгі таңдағы жаңа методологиялық ізденістерге толы журналистика саласын қазіргі кезеңге сай шебер журналистермен толықтыруға бірден-бір үлес қосу. Сол мақсатта қазіргі қоғамдағы шебер журналистердің жазу ерекшеліктеріне үңіле отырып, олардың шығармашылық даралық әдіс мен шеберлігін арттыру формаларына назар аудару;

4. Пәнді оқу қорытындысында студент мыналарды білуі керек:

Қоғамның дамуының игеру қазіргі кезеңінде студенттер оқыту бағдарламасы бойынша белгілі бір білімді меңгеріп қана қоймайды. Білімдік үрдісте шығармашылықпен өзін - өзі дамытуына негіз болатын коммуникациялық технологияларды тиімді пайдалана алады. Олардың болашақта заманауи мәселелерді тиімді шеше білуге қабілетті, жаңашыл, кәсіби құзыретті маман болуына ықпал етуі.



Білуі қажет:

- студенттерді қазіргі қазақ журналистерінің ғылым, өнер, әдебиет, экономика тақылыптарына жазған мақалаларын жинақтап, талдап, стиль даралығы тұрғысынан бағалау, әсіресе, сараптамалық тұрғыда жазылған мақалаларға ерекше көңіл бөлу;



Жасау алуы қажет:

- ақпараттық әдістерді аудиторияға түсіндіру;

- публицистиканың жаңа талаптарын жетік меңгерген;

- журналистің тіл мәдениеті мен пубилицистика жүйесіндегі маңызды мәселелерді ғылыми тұрғыда зерделеу.


5. Пәнді оқытудың тақырыптық жоспары
Сабақ түрлеріне қарай академиялық сағатқа бөлу


р/с

Тақырыптар атауы

Сабақ түрлері бойынша байланыс аудиториялық сағат саны

СӨЖ

Дәріс

Тәжірибелік/

семинар

Зертханалық,

студиялық, жеке

Барлығы

Оның ішіндегі ОСӨЖ

1

Пән, курстың құрылымы мен міндеттері

1

-

5

8

2

2

Нақтылық пен айқындылық

1

-

5

8

2

3

Журналистік шеберліктің көрінісі

2

-

5

9

2

4

Публицистік диалог өнері және пайымдау

1

-

5

8

2

5

Деструктивті және конструктивті қақпайлау

2

-

5

8

2

6

Журналистің стиль байлығының қалыптасуы

2

-

5

9

2

7

Тіл тазалығын сақтау

2

-

5

8

2

8

Тақырыпты таңдау шеберлігі

2

-

5

8

2

9

Журналистің авторлық құқығы

2

-

5

9

2,5




Барлығы: 135 сағат (3 кредит)

15

-

45

75

18,5

6. Дәріс сабақтарының мазмұны

1 тақырып. Пән, курстың құрылымы мен міндеттері

Журналистік кәсіби шеберлікті таңдау. Нақтылық пен айқындылық. Тақырыптық-танымдық жүйе. Публицистік шығармашылық даралық. Қоғамдық пікір қалыптастыру. Шындыққа негізделген фактінің дұрыстығын тексеру жолдары. Журналистік тексеріс. Қазіргі қазақ басылымдарындағы журналистік шеберліктің қырлары. Журналистиканың коммуникативтік рөлі. Кез-келген журналистің шеберлігі тақырыпты таңдай білуінен байқалады. Өйткені мақаланың оқырманды тарта білуі тақырыпты сәтімен ойластыруға тікелей байланысты. Әрине газет тәжірибесінде әдемі тақырып таңдап отыруға уақыт бола бермейді. Алайда белгілі бір журналист өзінің талантын оқырмандарға аңғарту үшін белгілі бір тақырыпты таңдап алып, оған барлық қабілет-қарымын сала отырып, оны «жұтындырып» шығаруға күш салуы қажет. Бұл арада журналист екі нәрсеге мән беру керек: 1. Тақырыптың оқырманды тарта білуі, 2. Сол сәттегі өзекті мәселені тақырыптың қамти алуы. Егер осы екі жайт мұқият ескерілмесе журналистің еңбегі зая кетеді. Сондықтан тақырыпты таңдау мәселесінде «жеті рет өлшеп, бір рет пішу керек».


Табиғатына сәйкес тақырыптар шартты түрде төмендегідей үшке бөлінеді:
1.Оқырманды еліктіретін қызықты тақырып.

2.Күнделікті елең еткізетін оқиғалық тақырып



3. Сараптамалық сипаттағы танымдық тақырып. Егер осы айтылған үш жайттың біреуін журналист мұқият таңдап жан-жақты зерттеп жазса, мақаланың сәтті шығатыны анық. Бұл жөнінде ғалым Э. Лазарева, М. Черепахов және басқалар да жан-жақты жазған. Сонымен қатар белгілі бір журналистер тек бір тақырып төңірегінде маманданады. Бұның ұтымды тұстары жеткілікті. Себебі ол жылдар бойы өз тақырыбының нағыз шебері болып қалыптасады. Мәселен, қазақ журналистикасының һас шебері Жанболат Аупбаев сирек тұлғалар, сирек фактілер туралы танымдық материалдарымен оқырмандардың ризашылығына бөленген. Автор бұл материалдарын уақыт өте келе топтап алып, жеке жинақ етіп шығарып отырған. Яғни автор «өлмейтін» тақырыпты таңдап алған. Қазақ журналистикасында мұндай мысалдар көптеп саналады. Тақырыпты таңдау дегенде екі мәселеге назар аударған жөн. Біріншісі, журналистің белгілі бір тақырыпты игеруі. Екіншісі, белгілі бір материалға тақырып қою.
Қазақ журналистикасында өз тақырыбын тапқан талантты публицистер баршылық. Олардың қатарында Жанболат Аупбаев, Несіп Жүнісбаев, Қайнар Олжай, Бауыржан Омарұлы, Талғат Батырхан және басқаларды атауға болады. Олар белгілі бір тақырыптарға маманданып сол тұрғыда тамаша дүниелер жазды.
Екіншісіне байланысты айтпағымыз, ол – тақырып қою. Тақырып – материал идеясының жалпы көрінісі болса, ал материал дегеніміз – ойға алған тақырыпты тұлғаландырып шығаруға қажетті шикізат. Автордың сол материалды ой қазанында балқытқаннан кейін, енді қандай қалыпқа келтіріп, оған қандай рух беруі талантының дәрежесіне, қазіргі заманға көзқарасының ауқымы мен тереңдігіне байланысты. Тақырыпқа назар аудару, беттегі материалдың тақырыбына қарай талғам жасау – әр оқырманның міндеті. Ендеше тақырыпты қоя білу де тапқырлықты, білімділікті талап етеді. Тақырып – әр материалдың аты, атауы. Тақырып деген сөздің екі мәні бар: 1. кең көлемдегі тақырып (ауыл шаруашылығы, экономика, саясат т.с.с.); 2. бір хабардың, мақаланың аты.
А) Бас тақырып – біртекті бірнеше материалдың басы құралғанда берілетін тақырып (Бір бетке беріледі).

В) Жанама тақырып. Тақырыптан кейін соның мазмұнын айқындай, толықтыра түсу үшін.

Публицистика компоненттерінің ішінде тақырып мәселесі өзінше роль атқарады. Ол журналистің суреттеу объектісі ретінде өмір құбылыстарының қандайына айрықша назар аударатынын, нені маңызды деп білетінін танытады. Былайша айтқанда тақырып – автордың дүние танымын, идеялық тұрғысын анықтайтын айғақтың бірі. Бірақ оны өз орнында алып, өзге көрсеткіштердің қатарында дұрыс түсіну керек. Мұнда да екі шекке шығушылық мәселенің өңін айналдырады. Бірі – тақырыпқа шамадан тыс артық мән беріп, тақырып маңыздылығымен көркемдік кемшілікті білмеушілік, екіншісі тақырыпқа еш мән бермей, оған немқұрайды қараумен оқушы назарын өмірдің негізгі салаларынан аударып, болмашы нәрсеге бой ұрушылық. Журналистика шыңына шығуға әзірлік. Журналистика – ой-шұқыры көп ерекше әлем. Ал оның шыңына шығу екінің бірінің қолынан келмейді. Ол үшін жастық шақтан бастап ерекше әзірлену керек. Кейбір жастардың ойынша университеттің журфагін бітіргендердің бәрі журналист болып шыға келетіндей көрінеді. Шындығында бұл мүлде олай емес. Ол үшін төмендегідей мәселелерге ерекше назар аударған жөн:

Теориялық әзірлік. Шын мәнінде қарымды журналист болғысы келетін талапкер журналистиканың теориялық мәселелерін терең ұғынып алуы қажет. Ол үшін «журналистикаға кіріспеден» бастап «журналистік шеберлік» курстарына дейінгі аралықтағы барлық «теориялық жемісті» молынан тергені ләзім. Өйткені күні ертең іс жүзіндегі жұмысқа кіріскен кезде мұның қажеттігі ерекше сезілетін болады.

Тәжірибелік әзірлік. Болашақта танымал журналист болу үшін әрбір жас жастық шағынан баспасөз беттерінде материалдарды көптеп жариялауға тырысқаны жөн. Өйткені газетке мақаланы жиі жариялау – шеберліктің бір мектебі. Яғни тәжірибе жинақтау арқылы талапкер өзінің шеберлігін шыңдайды. Оның әрбір мақаласы шыңға шығудағы бір-бір баспалдақ іспетті.

Таланттыға еліктеу. Қабырғалы қаламгер болғысы келген талапкер алдыңғы толқын ағаларға, оның ішінде талантты журналистерге міндетті түрде жіті назар аударып, олардың шеберлік мектебінен ұдайы үйренгені, оларға еліктегені ләзім. Әлбетте, белгілі бір мақала немесе очеркті жазғанда басқа біреуді сол күйінде қайталамаған жөн. Мұның аты – көшіру. Еліктеудің де өз жөні бар. Ол белгілі публицистің стилі арқылы жаңаша соқпақ іздеуге талпынғаны жөн.
Еңбекқор болу. Журналист үшін еңбекқорлық аса қажет. Белгілі аксиомада айтылғанындай бір пайыз талант болса, тоқсан тоғыз пайыз – еңбек. Мұның жарқын мысалы – Қазақстан журналистикасының қыраны Әзілхан Нұршайықов. Әзаға өмір бойы тынымсыз еңбектенумен өткен. 130 әдеби күнделіктен бөлек тұрмыстық күнделіктері болған. Ол күнделіктердің іші толған фактілер. Бұл оңай-оспақ шаруа емес. Бұл – еңбекқорлықтың шыңы.

Бұқаралық ақпарат құралдары қоғамдағы ерекше құрал ретінде бағаланып жүр. БАҚ қалай төртінші билік бола алады, неге бұл сөз әлем ғалымдарының жазбаларында тырнақша ішінде қолданылады, ал, оны мүлде билікке жатқызбаушылардың көзқарастарын қалай түсінуге болады? Міне, осы сауалдарға жауап табу үшін мәселені жан-жақты қарау керек сияқты.


«Төртінші билік» деген терминді журналистика практикасына алғаш 1776 жылы атақты саясаткер, публицист Э.Берк әкелген екен. Бүгінге дейін бұл ұғым әдеби-көркем сарында қолданылғаны болмаса, ғылыми тұрғыда терең зерттелген, нақты тұжырымдамалар мен дәйектер жоқтың қасы. Осының өзі-ақ мәселеге байыпты қарауды талап етеді. АҚШ ғалымдары Э.Деннис пен Дж.Мэррилдің «Масс-медиа туралы әңгіме» атты кітабында: «Журналистер «төртінші билік» деген концепция мен көзқарас аясындағы барлық жалғандық пен алдамшы дүниелерге көз жеткізіп, түсінулері тиіс» - деп атап көрсетулері кездейсоқтық болмаса керек.

2 тақырып. Нақтылық пен айқындылық.

Нақтылық туралы түсінік. Журналистикадағы нақтылық пен дәлдіктің негізгі ерекшеліктері. Мақала мәтініндегі нақты фактілерді анықтау. Нақты фактінің публицистік шеберлікті жетілдірудегі ролі. Фактідегі айқындыққа көз жеткізу. Статистикалық цифрлар мен типологиялық материалдарды, социологиялық тұжырымдарды зерттеп, фактілер мен құжаттарды тексеру әдістерін меңгеру жолдары. Терминологиялық сөздіктерді пайдалану. Ғылыми терминдердің нақтылығы. Қазіргі қазақ баспасөзіндегі шынайылық пен саяси сауаттылықтың көрінісін бейнелейтін материалдарды іріктеу.Қазақ журналистикасының өркен жая бастаған яғни, алғашқы мерзімді басылымдар жарық көре бастаған ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында газет-журнал материалдарын саралай отырып, үлкен айырмашылық бар екенін байқаймыз. Жылдар бойы жинақталған тәжірибе негізінде көркемдік пен шеберлік деңгейі анағұрлым өсті, кәсібилік сипат айшықтала түсті. Жанр заңдылықтарын меңгерген журналистер кәсіби шеберлік мектебін қалыптастырды десе болады. Бүгінгі таңда журналистерге қойылатын талаптар – бұрынғыдан әлдеқайда қатаң. Заман ағымына сай кез-келген жағдайға бейімделе алмайтын, сөзге шорқақ адам журналистика саласында табан тіреп тұра алмайды. Бәсекеге төтеп бере алатын білікті, білімді, шебер маман ғана тұрақты қызмет ете алады. Біріншіден, таза шығармашылық талаптарға қоса, журналист жаңа техникалық құрал-жабдықтармен жұмыс істей алуы керек. Екіншіден, оның денсаулығы мен психологиясы орнықты болуы керек. Журналистің шығармашылық шеберлігі қатып қалған қағидаға байланысты қалыптасып, дамымайды. Дегенмен, төмендегі жайттарды ескерген ләзім:


1. Тақырып таңдай білу. Баспасөздегі әр материал журналист қозғаған ойдың, пікірдің шынайы айғағы. Сондықтан да, журналистің тақырып таңдай білуі – өмір құбылыстарының қандайына айырықша назар аударатынын, нені маңызды деп білетінін аңғартады. «Тақырып – өнер туындысының іргетасы» десек, журналистің танымын, идеялық тұрғысын анықтайтын айғақтың бірі деп те қарауға болады. Қарабайыр, жаттанды емес, тың әрі өзекті, оқырманның көкейінде жүргенді дөп басып, тақырып таңдаған журналист әрқашан ұтады.
2. Журналистің тіл шұрайлылығы логикалық жағынан дәлелді, көңілге қонымды болуы шарт. Публицистикалық жазбаларының тақырыбына, мазмұнына сай сөздер мен сөз тіркестерін сұрыптап қолдана білудің және қажетті құрылымдарды пайлалана алудың өзіндік үлкен мәні бар.
3. Дерек және шындық. Шындықты айту, кемшілікті сынау журналистің басты мақсаты болғандықтан, әрқашанда нақты дерекке сүйеніп, шындықты бұрмаламауы тиіс. Журналист қоғамдық пікірді тудырып, қалыптастырушы болғандықтан, ақиқаттан алшақ кетпеуі абзал. Замана шындығын дәлме-дәл көрсетуші ретінде журналист уақыт пен дәуір талабынан шығуы тиіс. Кез-келген журналист аудиториямен қарым-қатынас орнатуда, өз білімін толықтыруда, кеңес беруде, бағыт-бағдар көрсетіп, ойларын талқыға салуда жаңа, жетілген деректерді ұсынғаны жөн.

4. Тапқырлық шеберлігі. Журналист сөз етер кейіпкер өмірі, тәлімі мен іс-әрекеті, оқиғаның мазмұны мен идеясы оқырманның қызығушылығымен бағалануы тиіс. Демек, баршаға белгілі, бірақ ешқандай қызығушылық тудырмайтын кейіпкерден, оқиға желісінен гөрі, беймәлім, әлі көпшілікке таныс емес, алайда өмірі таңғажайып оқиғаларға толы адам тағдырын іздеп, көрсете білу керек.



3 тақырып. Журналистік шеберліктің көрінісі.

Қарама-қайшылық және публицистік пайымдау. Қоғамдық-саяси мәселелерге байланысты пікір таластырудан келіп туындайтын ашық ой білдіру, қарама-қарсы пікір айту, айтыс, пайымдау (полемика) мәселелерінің журналистік шеберлікті арттыруға тигізетін әсері. Автор ойының қарама-қайшылығы, өз пікірін дәлелді тұжырымдармен келтіріп, жаңа көзқарас білдіруі. Қазіргі басылымдардағы қарама-қайшылыққа құрылған жаңалықтар легіне зер салу. Әсіресе, қазіргі ауыл өмірінің проблемаларын жазудағы қарама-қайшы пікірлер. Публицистік шығармашылықты дамытудағы көркемдік құралдарды пайымдау. Адамның кез келген қызметі, әркімнің кәсби жұмысы күн өткен сайын тәжірибе түрінде жекеден жалпыға, оңайдан қиынға ұласып, жетіле түседі. Журналистің кәсіби шеберлігі де осындай толассыз үрдістерді барынша байыптап, зерделеп, пайымдаудың негізінде қалыптасады. Қоғамдық әдет-ғұрыптардың саналуан реңінде адамдардың кәсібіне қатысты әдептік белгілері болады. Әртүрлі кәсіпте өндірістік, гуманитарлық талаптар адамдардың қызметтік бағытына әсер етеді. Алайда, қоғамдағы барлық кәсіптердің өзіндік жеке дара моралі болмайды. Өйткені, кәсіби мораль басқа қоғамдық өнегенің модификациясынан ерекшеленбейді. Тек қана адамдардың әдет-ғұрып санасына және дағдыларына олардың кәсіптері бойынша атқарылатын қызметтеріндегі ерекшеліктер өзіндік әсер етеді. Мәселен, әртіс сахнада да, одан тыс жерлерде де өз рөлін атқарады, ұстаздар да аудитория да ғана емес одан тыс барлық жерде де педагогика ғылымының негізінде ұстаздық қызметін жүргізеді. Адамның қоғамға және басқа адамдарға қатысты міндеттерін анықтайтын адамгершілік өнегесі, нормалар жүйесі мораль деп аталады. Ол - қоғамдық сананың түрлерінің бірі. Мораль, адамгершілік туралы ілім, қоғамдық сананың бір түрі - әдеп (этика) болып саналады. Моральдің кәсіби ерекшелігін зерттейтін ғылым кәсіби әдеп деп аталуы осындай өмірдің даму заңдылықтарын бағамдаудан, пайымдаудан туады.


Егер қоғамдағы барлық кәсіби мамандықтарға кәсіби әдеп мәнінде зерделей қарайтын болсақ, адамдардың тағдыры мен рухани әлеміне жақын тұратын кәсіп иелері өзгелерден оқшау көрінеді. Кәсіп сөзінің алғашқы мәні - болмысымен қызмет көрсету болып саналған. Орта ғасырда кәсіп сөзінің мәні сопылық, тақуалық ант беру болды. Сондықтан, діни тұлғалармен бірге заңгерлер, дәрігерлер және әскерилер кәсіби шеберлер қатарында саналды. Қоғамның өркениеттенуіне байланысты журналистер дәрігерлермен, ұстаздармен, діни тұлғалармен, заңгерлермен, саяси қайраткерлермен қатар қоғамды дамытуға араласатын болды. Ендеше - журналистиканың қоғамдағы атқаратын қызметі ерекше. Біріншіден, журналистика - құрамына газет, журналдар кітап баспасы, телерадио редакциялары, интернет жүйесі кіретін, олардың техникалық, ақпараттық, ұйымдастыру-басқару, оқу және ғылыми орталықтар сияқты инфрақұрылымдары бар қоғамдағы әлеуметтік институттің бірі.
Екіншіден, журналистика – ақпарат жинайтын, оларды іріктейтін және әлеуметтік мәніне байланысты өңдейтін, оларды тарататын қызмет түрлері.
Үшіншіден, журналистика - осындай қызметтерді аудиторияға жеткізетін баспасөзде редактордан, журналистерден бастап, корректорге дейінгі, телерадиода ұжым басшысы, бас продюсер, бас редактор, редакторлардан бастап режиссер, оператор, дыбыс режиссеріне, бейне инженерге т.б. дейінгі кәсіптер жиынтығы. Төртіншіден, журналистика – журналистер жасайтын шығармалар жүйесі. Журналистика туралы айтылғанда қазір БАҚ-тар (бұқаралық ақпараттар құралы), ЭАҚ-тар (электронды ақпарат құралдары – телерадио, интернет), масс-медиа сияқты ұғымдар қатар жүреді. Олай болса, журналистиканың ғылымдағы орны – бұқаралық ақпарат тарату болып саналады. Бұқаралық ақпараттар таратылғанда журналистка қызметінің әлеуметтік ұстанымы - журналистиканың қоғамдық үлгісі - шығармашылық әдісі сипатына байланысты бұқаралық ақпараттардың ерекшеліктері ашылады. Одан кейін журналистиканың журналистика аудиториясымен қызметі – қызметінің нәтижесі анықталады. Осындай қызметті атқаруда журналистке қойылатын талаптар мен жасалатын жағдайлар мәселесі, атап айтқанда, журналист бостандығы – журналист жұмысының сапасы - құқығы – әдебі – жауапкершілігі турасындағы мәселелерге мән беріледі. Ең соңында хабарлар, ақпараттар тарату үшін қажетті бағдарламалар, каналдар, тарату жүйелерінің өзара іс-қимылдары журналистика қызметінің аудиториямен интерактивтілігін қамтамасыз етуге дәнекер болады.
Бұқаралық ақпараттар тарату, БАҚ-тардың саяси-тәрбиелік мақсаты, ақпараттар тараттудағы белсенді іс-қимыл журналистиканың қоғамдық рөлін айқындайды.
Қоғамдық жауапкершіліктен туындайтын талаптар негізінде жұмсалатын ақыл-ой мен тәжірибе кәсіби шеберлікке жеткізеді. Тақырыпты таңдау, ақпарат ала білу, ақпарат көзін табу, оларды қайдан, кімнен, қалай және қай негізге сүйеніп алуды білу, фактілерді іріктеу, жариялау мақсатын анықтау, осы орайда жағдайға дұрыс көзқараспен қарау, тіпті материалдың тақырыбы, мәтіні, идеясы, композициясы, стилі, мазмұны сияқты технологиялық үрдістер журналистің кім туралы және не туралы жазатынын анықтайды. Олай болса, журналистің адамгершілік қатынасы оның жұмысының мәнімен өріледі. Адамгершілік, әдеп журналист қызметінің басынан аяғына дейінгі сипатын көрсетеді. Сондықтан, адамның осы қызметке өте қажетті адамгершілік деңгейін анықтап алмай оған журналистік кәсіпке сай қызмет жасай алады деп баға беруге болмайды.

4 тақырып. Публицистік диалог өнері және пайымдау

Публицистік диалог өнері және пайымдасу; дискуссия, қарама-қарсы ойбілдіру. Аудитоияның пайымдауға қатысуы; пайымдаудан туған диалогтар жүйесі; пайымдасу жолдарының түрлері. Журналистің қызметі ауыр да, ардақты да. Шынайы журналист түн ұйқысын төрт бөлген анамен пара пар десе де болады. Журналист қоғамдық сананың қалыптасуына, ұйқыдағы ойдың оянуына, ұлттық сана сезімнің сілкініске келуіне, яғни өмірдегі өзекті мәселелерді қозғайды. Ол ойын жан¬¬ жаққа жүгіртіп, сана көзін шартарапқа салатын беймаза жан. Сырт көзге, үстірт қараған адамға журналистің қызметі оп оңай, жеп жеңіл көрінуі де мүмкін. Шын мәнінде солай ма? Мен журналистика саласы бойынша оқып жүргендіктен, әрине, жоқ деп жауап беремін. Ал, басқа мамандықтағы адамдар журналистика мамандығы оңай деп, жауап беруі де ғажап емес. Журналистер тек болған жағдайды жазады, біреудің сөзін біреуге жеткізеді, дайын сценариймен жұмыс жасайды деп ойлауы да мүмкін. Журналистика саласын журналист көзқарасымен талдайық. Ізденімпаз жанға нәтиже мол білім, тынымсыз еңбек, өз ісіне деген сүйіспеншілікпен келеді. Яғни, журналист ең бірінші ізденімпаз жан жақты болуы керек. Өйткені, өмір дегеніміз үнемі дамуда, өзгеруде, жаңаруда. Ал осы бір құпиялы әрекеттердің бастауында ой, сана, түйсік тұрады. Адамның басты қабілеті ой, ойлану. Барлық әрекет істердің, шешім ұйғарымдардың бастауы да осы ойдан, ойланудан тұрады. Ойлану адамның ең жоғарғы табиғи қасиеті, мидың атқаратын қызметі. Өмірдің көркем шындығын дәуір көшіне ілестіре отырып, тап басу қажет. Ұшқыр ой мен салиқалы талдау журналист қаламының қарымдылығына тікелей байланысты. Жақсы журналиске қандай қасиет тән? Нендей талаптың үдесінен шығу керек дегенде, әуелі алдындағы ақ қағазға, қаламға адалдық керек: ел мүддесі, халық тағдыры, Отанның бүгінімен келешегі қашанда бірінші орында тұру басты талап. Ел жұрттың жайын өткір, шыншылдықпен айта білу де оңай жұмыс емес. Жалпы журналистің атқаратын қызметі халыққа ақпарат тарату. Ақпарат әлемі шетсіз шексіз мұхит іспеттес. Онда жағалаулар байқалмайды. Оған себеп, саған бүгіннің күші ертең аласа көрініп, басқа бір ойлар үстемдік алады. Өйткені ақпарат ғарыштық жылдамдықпен құйылады. Ақпараттар тасқынын күнделікті мерзімді баспасөз, радио және теледидар еселеп толтыруда. Ақпарат тасқынының молдығы адамның саяси санасының дамуына да әсерін тигізеді. Ол адамның кәсіптік шеберлігі мен қоғамдық бағдарына да әсер ете отырып, оның жан жақты қалыптасуына көмектесуде. Теледидар әлеміндегі өмірдің құрама көріністерінен көрермен сыр түйіндеп, көңіл күйі қосыла өріліп жатады. Осы шақта кейіпкер жан дүниесімен бірге қуанып, қиналысқа бірге түсесің. Журналист өмірдегі сан алуан құбылыстарды жинақтап, оны көрермен жан жүрегін жаулап алатындай сиқырлы өнер әлеміне айналдыру керек. Онсыз көрерменді ойландыру, толғанту, үлкен тебіреніске келтіру мүмкін емес. Журналистердің қиыншылығы неде?


Теледидарда барық хабарлар сценариймен жүреді. Сценарий туралы әңгімені тақырыптан бастау орынды. Себебі, өзекті ойлардың бастау бұлағында тақырып тұрады. "Бәріне бұрын тақырып пайда болады, дейді Валентин Катаев, пайда болады да, жазушыны азапқа сала бастайды. Тақырып санаға сіңіп, ойға орныққан сайын, адам, зат образдары, болашақ пейзаж жұрнақтары туып, тұтаса береді". Сценарий авторы азапты ізденіске түсе отырып, алдымен хабардың тақырыбын табады. Ал, "тақырып дегенің ұйықтаған балық сияқты қарнын жоғары қаратып, өмірдің бетінде қалқып жүрмейді. Тақырып тереңде, ағыс арасында, нағыз тұнық тегеурінді иірімдер ішінде: оны сол арадан іздеп таба біл, дөңбекшіген толқын, сарқырама астынан тауып алып шыға біл". Демек, тақырып дегеніміз журналист еңбегінің ең бірінші бастамасы, тақырып табудың өзі қиын. Қазақ сөзінің зергері, ғұлама ғалым, академик Зейнолла Қабдолловтың "Сөз өнері" атты кітабында: "Ой мен сезім құс десек, тақырып аспан; ой мен сезім бұғы десек, тақырып орман; ой мен сезім елік десек, тақырып тау; ой мен сезім жол десек, тақырып сол жол алып баратын Шаһар" дейді. Ой мен тақырыпқа бұдан артық теңеу, сөз сірә да табылмас. Журналист өмірді көре, үйрене, біле жүріп, солардан ой тоқиды, идея жинақтайды. Идея да ғайыптан пайда болатын зат емес. Оған да ақыл ойдың тоғысы мен сезімталдық қабілеті керек. Идея шығарманың негізгі ойы. Автор идеяның көмегімен өзінің тақырыпқа деген ұнамдылық көзқарасын білдіреді. Материалды зерттеу барысында да идея ойға келуі мүмкін. Жақсы ой, идея туу үшін әрине білім қажет. Алайда, білім инемен құдық қазғандай. Білімнің жолы оңай емес. Негізінен, идея түгелімен авторға, оның ойларына, алымдылығына, сезімталдығы мен өзге де қасиеттеріне түгелдей қатысты. Сценарийдің материалы жинақталған шақта оның тақырыбы анықталып, идеясы айқындалып, одан әрі фактіні, оқиға мен кейіпкерді іріктеу процесі басталады. Ол сценарий ішіне ене отырып, сонымен бір мезгілде оның композициялық шешімді іздеу қатар өтеді. Осы кезең сценарийді жазу кезіндегі ауыр әрі азапты шақ. Жинақталған материалды елеп екшей отырып, маңыздыларын іріктеп ала білуге де көрегендік қажет.
5 тақырып. Деструктивті және конструктивті қақпайласу.

Деструктивті және конструктивті қақпайласу (конфликт); оның түрлері: мемлекетаралық, ұлтаралық, дәни,әлеуметтік, аймақтық, экономикалық қақпайласулар.Журналистика өте жауапты өндіріс алаңы. Онда кез келген жағдайда да сабырлылық керек. Егер журналист шешімі солқылдақ әрі іс әрекетінен кемшіліктің белгісі аңғарылып тұрса оған деген теріс көзқарас қалыптасады. Материал жинау кезінде оған бетпе бет келген адамдар екі ұшты ойда болуы мүмкін. Оған шындықты айту керек пе, әлде жалған сөйлеу яки қажетті мағлұматтар беру әлде бермеу керек пе, әңгімеге араласу керек пе, жоқ па? деген сияқты ойлар. Сұқбаттасудың кезеңі де күрделі. Кейіпкердің көңілін тауып, сөзді өрбітудің өзі де ауыр. Барлық адам бірдей емес. Бірі қатал, бірі менменшіл, өркөкірек, енді бірі сөзге шорқақ, кейбіреуі тым көп сөйлейтін дегендей түрлі адамдар кездесуі мүмкін. Сұрақ қою арқылы басқаның ойын білу, өзіңе керек сұрақтарға жауап алу оңай деуге болмайды. Кейіпкеріңнің алдына қаруланып бару қажет, яғни ол туралы бәрін білу деген сөз. Ол көп еңбектенуді қажет етеді. Егер ешқандай хабарың болмаса, ол адам сені менсінбей, жауап бермей, уақытым жоқ деп қашқақтауы да мүмкін. Кейіпкеріңнен жақсы ой, жауап естігің келсе, сөзден сөз туындатып, сөзді іліп алып, сөз арқылы ұмытылған деректерді есіне түсіріп, өзіңе таныс емес, керек деген сәттерді толығырақ сұрау арқылы жүзеге асырасың. Кейіпкерді ағынан жарылтып сөйлете білу үшін оның көңіл кілтін таба білу қажет. Ал, бұл кілтті табудың жолы әрқилы. Журналист алдымен кейіпкерінің мінез құлқын, адамдармен қарым қатынасын, өмірге деген көзқарасын, ой дүниесін байқап, ішкі сезім әлеміне кіріге білгенде ғана оның жан сарайын бар қырынан жарқырата аша алады. Ол үшін журналист бойында қашанда шешімділік пен жинақылық, тиянақтылық пен парасат табылып, іскерлігі үстем болуы тиіс. Шын мәнінде журналист мақтаулы материал жазып, қоғамдық ойға түрткі болса, ол негізінен сенімді, дәлелденген, өткір жайлармен өз материалын көмкерген болып шығуы керек. Журналист жаңа, тың пікірлерді қайдан алады? Ол көзге көрініп, қол созым жерде тұратын зат емес. Сондықтан да өзіңді цитата жасап, өткендерді сан мәрте құбылта қайталаулардың үздіксіз өтіп отыратындығы да кейде заңдылық аулынан өзекті ойлардың алыс еместігін аңғартқандай?! Қоғамдық ойдың қалыптасуына жаңа көзқарастардың ықпалы мол. Ал, оны кім жасайды, біз оған қаншалықты жан тәнімізбен кірігеміз және өзіміз көтеріп отырған мәселелер төңірегінде қарымды әрекет жасауға қабілеттіміз бе? деген сан сұрақтар мазалайды. Бұқараралық ақпарат құралдарындағы журналистер ерте ме, кеш пе тоқырау процесіне ұшырауы да мүмкін. Тақырыпқа деген талғамы төмендеп, шығармаларында қайталауларға, бір сарындыққа ұрынып, орындауы мен іс әрекетінде жасандылық орын алады, жаңаша ойлау қабілеті кемиді. Теледидар журналистері үшін бұл өте қауіпті. Себебі, күн сайынғы эфирге кетіп жатқан материалдар сан қилы реңке еніп, көрермендер жүрегіне жол тауып отыруы тиіс. Ел бастау қиын емес, қонатын жерден көл табылады. Қол бастау қиын емес, шабатын жерден ел табылады,
Шаршы топта сөз бастаудан қиынды көргенім жоқ", дейді сөз қадірін қастерлеген Бұқар жырау. Журналист шаршы топта сөз бастап, қоғамның пікірін қалыптастырушы. Ол еш уақытта қателеспеу керек, бұл да басты принциптердің бірі. Өйткені, журналист қателессе, ол бір адамның қателесуі емес мыңдаған, миллиондаған адамға сол қателіктің зияны тиюі мүмкін. Жұрт нағыз журналист жазған материалға сеніммен қарайтынын ұмытпау керек. Журналист қателессе, оқырмандар мен көрермендердің, яғни халықтың өзіне деген сенімінен айырылады. Бұл орайда жауапкершілікті есте ұстаған жөн. Журналистің тағы бір ұстанатын принципі жазған материалдарының нанымды болуы. Бұған жетудің жолы қиын. Яғни журналист жазды екен деп, халық оқуға міндетті емес. Халықтың көкейінен шығатын, жұртшылықты мазлайтын мәселелерді дөп басып жаза білсе ғана оқиды. Сонымен қатар ой пікірді қағазға түсіргенде, оның өзгелерге түсінікті болуын алдын ала ойластыруы қажет. Екіұшты ұғым беретін жайлар болмауы керек. Айтқалы отырған идеяңмен оқырман келісе ме, жоқ па соған назар аудару қажет. Қоғамда әртүрлі көзқарастар, ой қайшылықтар кездесуі мүмкін. Соның бәріне ортақ ой пікірлер арқылы жол таба білу керек. Жазған нәрсеңді ғалымдар оқыса да, инженер мен дәрігер оқыса да жатсынбайтын болуы жөн. Сондықтан да журналист барлық саладан хабары бар, эрудициясы жоғары маман болуға тиіс. Ол әркез өмірде бейнеленгенде ылғи объективті әрі шыншыл болғаны ғанибет. Ой шыңырауынан қайнап шыққан мағыналы сөз, ұшқыр қиял мен орамды тіл жымдаса өріліп жатса ғана көрерменнің жүрегіне жол табады. Өмірдің қат қабат қойнауларында терең бойла, замандастарының жан дүниесіне барлай үңіліп, сезіміңді селт еткізер дүниелер ғана адам жанына жарық сәуле себелейді.
Қаламгер атаулы, оның ішінде жазушы, журналист ұлт тіліне терең бойлап, жіті екшелейді. Өзге адам байқамаған қазынаны аршып, қалың көпшіліктің кәдесіне жаратады. Жансызға жан, ойсызға түйсік бітіреді. Сөз сиқыры сана ұлғайтады. Кезеңнен кезең асып, дәуірден дәуірге ұласатын тіл көзге ілікпес өзгеріске ұшырайды. Ғасырлар шындығын шежіредей шертіп, ұрпақтан ұрпаққа жалғастыратын да осы тіл. Оның қуатының әркімге әтүрлі даруында болмыстың, тәрбиенің, ортаның әсері мол. Көркем әдебиет қоғам мүшелерінің тіл байлығын, сөз саптауын, сөйлем нақышын екшейді, іріктейді, құнарландырады.
Үздіксіз ойлану, үнемі тебіреніс, толғаныс үстінде жүру творчество адамының табиғи қалпы болуы тиіс. Сонымен қатар қандай да бір ғажайып идея, ғаламат проблема болсын онымен журналистің өзі ғана тебіреніп, терең әсер алғаны, қиял әлемінде шарықтағаны жеткіліксіз. Ол өзгелердің ойына от тастап, жан дүниесін тербеп, қиялына қанат бітіруге тиіс. Тек сонда ғана оның еңбегі еш кетпейді, көпшілік қажетіне жарайды. Журналистің қайығы білім, ақыл ой, сезімталдық, идея,көрегендік, сабырлылық, жинақылық, парасаттылық, іскерлік, шыншылдық, жан жақтылық, еңбексүйгіштік сияқты қасиеттер бір арнаға тоғысқанда жағаға жетеді.

6 тақырып. Журналистің стиль байлығының қалыптасуы.

Журналистің оқырманға ақпарат жеткізудегі стиль қарапайымдылығы. Шығармашылық лейтлеотив, жаңалық іздеуге ұмтылу; тақырып таңдаудағы ерекшелік; журналистің тек қана бір тақырып төңірегіндегі қалам тартуы; мақалалардың шолулық сипатқа ие болуы; журналистің талдау, болжау әдісіне (индукция, дедукция, ассоциация, т.б.) сүйеніп отыруы. Журналистің жазу стилінің жанрлық, тақырыптық, композициялық, тілдік ерекшеліктерімен тығыз байланыста болуы. Бертінгі он-он бес жылдың айналасында алмағайып заман ауаны мүлде өзге арнаға бұрылды. Бұрынғы құндылықтардың мәні өзгерді. Әлемдік өркениет кеңістігіне иек артқан жас мемлекетіміз дүние жүзіндегі дамыған елу елдің қатарына қосылуды көксейді. Осындай жауапты кезеңде қазақ журналистикасы қандай бағытты таңдайды, әдебиетіміз бен мәдениетіміз қай межеден көрінуі керек? Міне, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының, сондай-ақ халықаралық «Тарлан» сыйлығының иегері, жазушы, республикалық «Начнем с понедельника» апталығының бас редакторы Дидар Амантай осы төңіректе ой толғайды. Пушкин: «Я пишу для себя, а печатаю только ради денег» деп жазыпты. Орыстың ұлы ақыны неге бұлай деді екен? Әңгімемізді осындай тосындау сауалдан бастайықшы. Бұл жерде Пушкиннің айтып отырғаны орынды. Және айтылған сөздің екінші бір мағынасы бар, оны ақын тұспалмен аңдатады. Пушкиннің өзі үшін жазатыны рас. Ал оның шығармасы ақ қағазға мәтін болып түскеннен кейін авторсыз-ақ өмір сүретін құқыққа ие болады. Егер оны біреулер ұнатып, мынау жақсы дүние екен басайық деп сұрап, оған ақша төлеп жатса, автор қарсы емес. Міне, осының астарына үңіліп көру керек. Одан соң Пушкин кей туындысын тапсырыспен жазуы да мүмкін. Оны да ашып айтпайды. Тек «мен өзім үшін жаздым. Сол жазғанымды енді бір жерден шығарсам, олар маған қаламақы төлесе, онда нұр үстіне нұр» дегенді мегзейді. Ақын мәселенің екінші қырын да бүгіп қалып отыр. Пушкин тек өлеңдерім мен басқа да шығармаларымды ақша үшін жарыққа шығардым дейді. Бірақ ол расында ақша үшін жазып көріп пе екен? Мәселе сонда ғой. Әдебиет мен үшін ешқашан ақша табудың жолы болған емес. Әдебиет ең әуелі менің ішкі дүниемді, өзім айтқым келген жәйттерді қағазға түсіріп, елге жеткізетін бір жол. Сондықтан, ақша үшін жазамын деп айта алмаймын және ақша үшін кітап та шығарған емеспін. Десек те, табыс табудың басқа да жолдары бар ғой. Жазушы ондай жолдармен ешуақытта айналыспасын деген шарт жоқ. Ең бастысы шұғылданған шаруаңыз сіздің шығармаларыңыздың көркемдік дәрежесіне нұқсан келтірмеуі тиіс. Сол кезде сіз ешқашан да ақшаға тәуелді болмайсыз, яғни ақша үшін қалам тербеудің қажеті болмайды. Проза мен журналистиканы қатар алып жүрген адамсың. Жаңа заманғы журналистиканың рөлі... Әдебиеттің міндеті дегендер бар. Осыған тоқтала кетсең. Ұлтқа, халықтың рухын асқақтату жолында қызмет ету ұғымы да еске түседі. Бұл да жоғарыда Пушкиннің айтқан сөзі іспеттес. Мен де өзім үшін жазамын. Ал жазған дүниелерім халқымның рухын көтеріп жатса, құба- құп. Онда мен өзімді бақытты адам санаймын. Кез-келген ақын- жазушы қолына қалам алған кезде ұлттың мүддесіне арналған белгілі бір тапсырыспен жазбайды. Тіпті, ол халықтың рухын көтеру үшін еңбек еттім дегеннің өзінде оған бір ықпал ететін, көңіл күйіне әсерін тигізетін әлдебір күш болуы керек қой. Сол кезде шабыт келуі мүмкін. Жазушы, қаламгер, театр режиссері тапсырыс бойынша балта жасайтын ұста немесе етікші емес. Шығармашылық парлап самғататын қиял дүниесін, белгілі дәрежедегі қабілетті қажет ететін ерекше еңбек. Сондықтан мұның жолы мүлде бөлек. Жалпы, өз басым мен ұлттың мүддесіне қызмет етіп жатырмын, елдің жоғын жоқтап жүрмін деп кеудесін қағып, өңешін жыртып жүрген кейбір адамдарға сене қоймаймын. Сіздің ел мүддесі жолында атқарған еңбегіңіз ешқандай бір есепсіз жасалған еңбек болуы тиіс. Сол кезде ғана ұлттық мұраттар жолында төккен маңдай теріңіз лайықты бағаланады. Ал егер де мен ұлтқа олай көмектестім, бұлай жәрдемдестім деп айқайға бассаңыз, оның артында «мен» деген үлкен мақтан тұрады. «Мынау –менмін, осыны істеген менмін, мен кереметпін» деген. Сондықтан, өз ойымша, ұлтқа қызмет ету үшін ең әуелі сол халықтың жүз пайыз өкілі болып алуыңыз қажет. Мұндағы басты шарттардың бірі – сіздің ойлау жүйеңіз ана тілінде болуы тиіс. Сондай-ақ сіз қазақ тілінің мәртебесін көтеру жолында аянбай күресе білетін, ұлт тағдырына жаны ашитын, оның мұң-мұқтажын жеке басыңыздың ауыртпалығындай көретін адам болсаңыз, сол кезде ғана өз-өзіңізден ұлтқа қызмет ету жолына шығасыз. Ал егер белгілі бір ситуацияға немесе коньюктураға байланысты мына жерде қазақ тілі деп айқайлап, ана бір орында басқаша сайрайтын болсаңыз, онда сіздің ұлт үшін жасап жатқан еңбегіңіз жай ғана есеп болып шығады. Шынын айтайық, ондай адамдар сонау парламентте отырған ағайындардың қатарынан да табылады. Ұлт мүддесі, халық тағдыры деген ұрандарды ұстанып алып, өз тірліктерін күйттеп жүрген адамдарға күмәнмен қарамасқа лаж қайсы! Неге екенін, осы ретте баяғы кеңес үкіметі тұсындағы зиялы қауым өкілдерінің ас үйде отырып алып күңкілдеп билікті сөгіп, өздері Жер бетінен пана таба алмай жүріп Айдағы келеңсіздіктерге алаңдайтын қаңғыбастарша әлемдік түйткілдерді қаузайтынына байланысты қалыптасқан "дежа вю" ұғымы ойға оралып отыр. Қалай ойлайсың, біз сол әдеттен арылып болдық па? Кеңес одағы тұсында қалыптасқан «ас үйдегі әңгіме» бүгіндері мүлде тыйылған дей алмас едім. Неге? Өйткені, біздің қоғамда көпшілік әлі де болса шындықтың алдында адал болуға тырыспайды. «Аш пәледен қаш пәле»– әркімге тыныштық керек! Көптеген БАҚ та іргесін ақ алмастай ақиқаттан алыс ұстайды. Кей әңгіменің ас үйге көшетіні сондықтан. Ол ас үйден шығып, газет бетіне қашан шығады? Ол әзірге белгісіз. Десек те, Қазақ елінде азды-көпті демократиялық құндылықтардың бой түзегені рас. Оған бір дәлел – «Тасжарған», «Республика», «Политика КZ» секілді оппозициялық басылымдар. Солай бола тұра мемлекеттік дотацияға қарайтын көптеген газет-журналдар кәсіби деңгейі қаншалықты биік, қаншалықты батыл саналғанымен ел ішіндегі шешуін күткен небір түйткілдерге дендеп бойлай алмай келеді. Шындықты айта алмаймыз. Көп күмілжиміз. Әлгінде сөз болғанындай, тіпті, халық сенімін арқалап, ел мүддесін көздеп жүр деген көптеген депутат ағаларымыздың өздері шындықтан тайсақтайды. Біздің газет – бейтарап бағытты ұстанатын газет. Егер сіз біздің басылымды қадағалап оқып жүрген оқырман болсаңыз, онда билікті жақтайтын партиялар өкілдерінің де, оппозициялық партия белсенділерінің де пікірлері мен сұхбатын оқи аласыз. Арнайы тоқталып айта кетейік, бізде Елбасының бір апталық қызметіне шолу жасап отыратын дәстүр бар. Мұны беруге міндеттіміз. Өйткені біз егер Заңға, тәртіпке негізделген мемлекет болуға талпынатын болсақ, онда біз заңды орындауымыз керек. Сондықтан, Президентіміздің қызметі бүкіл басылымдардан көрініс тауып отыруы қажет деп ойлаймын. Ал атқару билігінің жұмысы жайында, облыстық, аудандық әкімдер жайында мақтау да, сынау да болып жатады. Өз ойымша, егер сіздің газетіңіз ақиқатты, адалдықты айтуға талпынатын болса, онда ол басылымның таралымы да өседі деп білемін. Газет үшін ең ауыр нәрсе– оқырманның сенімін жоғалту. Ел сенімін жоғалтқан газеттердің көпшілігі мемлекеттік ресурс, әкімшілік ресурс арқылы оқырмандарды өз газетіне жазылтуға тырысатыны түсінікті. Бірақ біреудің күштеуі бойынша жазылған газеттің қадір-қасиеттен жұрдай болатыны белгілі емес пе! Жалпы, жаңа заманғы журналиске қандай қасиеттер қажет? Дәл бүгінгі күні журналист, әрине, біріншіден, журналистика факультетінде оқып жүрген кезінде-ақ белгілі бір бағыт бойынша мамандануы тиіс. Яғни, айталық, ауыл шаруашылығы тақырыбына немесе мәдениет, саясат, экономика, халықаралық қатынастар жөніндегі салаларға бейімделіп, әбден машықтануы қажет. Бұл бірінші саты, алғашқы қадам деп ойлаймын. Журналистің екінші қадамы– газетке немесе телевизияға барып жұмысқа орналасқаннан кейін ең әуелі Қазақстанда шығып жатқан заңдарды жетік білуге тиіс, яғни, ол заңдарда не айтылды, оның мазмұны қандай – соны білуі қажет! Әрине, баптың нөмірін жатқа білу шарт емес шығар, бірақ ол қандай заң, қашан қабылданды, міне, осының бәрінен хабардар болған жөн. Одан соң сол заңдардың электрондық нұсқасы журналистің компьютерінде тұруы керек. Сонда журналистің көзі ашылады. Ол кез келген уақытта мақаласын жаза отырып, заң шеңберінде белгілі бір жақты жақтап немесе сынап шыға алады. Бұл – журналистің міндеті. Кейінде әлемдік журналистикамен бірге қазақ баспасөзі де айтарлықтай сапалық өзгерістерге ұшыраған сияқты. Ол рас. Менің ойымша, бүгінгі күні, мәселен, Батыс пен Америка журналистикасы модернистік үлгідегі әдебиеттің талғам-талаптарын алған. Солардың сөз қолданысын, жазу тәртібін, машығын иемденген. Мысалы, бұрын модернизмде бірінші сөйлем қысқа болу қажет, сонымен қатар ойды автор емес, оқиға айтуы керек, автор бейтарап позиция ұстануы қажет деген шарт болған. Бүгінгі кез келген ақпараттық хабарда қарама-қарсы екі жақ та сөйлесін дейді. Қазақ әдебиетіне келер болсақ, біз қазақтың сөздік бай мұрасын қалайша ұтымды пайдаланып, оны белгілі формаға енгізіп, бүгінгі стильге қалайша бой ұсындыра аламыз? Міндет осы сияқты. Яғни, форма – стиль – қазақтың бай тілі. Осы үшеуінің арасынан лайықты үндестік таба білген адам ең мықты қаламгер болмақшы. Және осы үш талапқа жақсы сюжеттік желі қосылатын болса, онда сіз бірнеше астары бар ғажап шығарма жазар едіңіз.

7 тақырып. Тіл тазалығын сақтау.

Тіл тазалығының бұзылуы. Жергілікті диалектілер, варваризмдер т.б. Тілдің лексикалық – крамматикалық байлығы. Тілдің автор ойымен сәйкестігі. Тілдің семантикалық (сөздің жаңаруы) байланыстығы, тілдің синтаксистік (түрлі синтаксистік жүйелерді пайдалану) байлығы, тілдегі интонация.Тiл тазалығының өзi ұлттық ойлау жүйемiздiң логикалық тазалығын, табиғи тазалығын қалыптастырды. Қазақ тiлiнiң таңғы шықтай тазалығы өткен ғасырлардан жұрт назарын өзiне аударды. В.В.Радлов қазақ ауыз әдебиетiнiң нұсқаларынан өзi құрастырған жинаққа бiрнеше шешендiк нақыл сөздердi енгiзiп, кiтаптың кiрiспесiнде былай дейдi: ”Қазақ тiлi – исламның бүлдiргiштiк әсерiне ұшырамай, таза түрiк-түркi сипатын сақтап қалған тiл. . . Рас мұнда да бiрен-саран жат сөздердiң енгенi байқалады. Бiрақ ол сөздер қазақ тiлiнiң үндестiк заңына бағынып, бiрыңғай халық тiлiнiң қорына қосылған. Қазақ тiлiнiң осы тазалығы мен табиғилығы, сондай-ақ көп таралғандығы бұл тiлдегi мұраларды менiң көбiрек жинап, оған әдебиет нұсқаларынан құрастырылған жинақтардың толық томын арнауыма себеп болды. Оның үстiне қазақтың басқа бауырластарына қарағанда сөзге тапқырлығы мен шешендiгi де маған әсер еттi” /50:333/.

Яғни бұның өзi қазақ шешендiк сөздерiнiң бөгде халықтардың шешендiк жәдiгерлерiмен салыстыра қарағанда, стильдiк жағынан суырыпсалма (импровизировный), композициялық құрылымы жағынан кенет өсiп-өрбитiн, әлемдiк үрдiстегi дәстүрлi шешендiк сөздер теориясымен үндесе бермейтiн ұлттық арнада өсiп-өнген айрықша жанр екендiгiн байқатады.

Қандай да бiр жеке шығарма немесе шығармашылық болмаса әдеби процестер үшiн теориялық пiкiр қалыптастырудың алғашқы сатысы – әуелi материал жинау. Шешендiк сөздердi жинаудың қолға алынған тұсы ХІХ ғасыр. Әдебиетшi ғалым Ж.Қ.Смағұлов өзiнiң ”Қазақ әдебиеттану ғылымының қалыптасу жолдары” дейтiн еңбегiнде: ”Қыр баласы” ескi билердiң шешендiк сөздерiне iлтипат көрсетiп, Шортанбай, Шөже, Шернияз, Орынбай, Дулат, Күленбай т.б. ақындардың шығармаларын жариялауды қолға алу керек деп жаңа пiкiр бiлдiредi”, — деп /51:32/, қазақ әдебиеттану ғылымының ғылыми-зерттеушiлiк-эстетикалық ой түюiнiң де көш басында шешендiк сөздердiң болғандығын Әлихан Бөкейханов /52/ пiкiрiне сүйенiп атап көрсетедi. Қазақ әдебиеттану ғылымында аталмыш ел әдебиетiнiң өзге жанрларының жиналып-зерттелуiмен салыстырғанда мейлiнше, шартты түрде, ерте зерттеу объектiсiне айналған шешендiк сөздерiнiң екi ғасыр мезетiнде жанрлық құрамының түбегейлi бекiмеуi, жоғарыда атап көрсетiлген жекелеген факторларды ескермегендiктен болып отыр.



8 тақырып. Тақырыпты таңдау шеберлігі.

Қазіргі қазақ журналистерінің тақырып таңдау шеберлігі. Тақырып таңдаудың элементтері. Қазіргі басылымдардың тақырып таңдау жолдары, бағыты. Тақырып қою алдындағы оқырмандармен жүздесу; сенсациялық тақырыптар; құрылымы және түрлері; шығармашылық ізденістер. Сұрақ түрінде берілетін тақырыптар. Цитата түрінде берілетін тақырыптар. Тақырыптың көптүрлілігі. Кез келген жұмысты жазу тақырыпты таңдаудан басталады. Оған студент немесе жас ғалым үлкен жауапкершілікпен қарауы керек. Жұмыстың тақырыптарын кафедра ұсынады. Тақырыптар жалпы жобаланып алынады. Әркім өз қызығушылығына қарай және ғылыми жетекшімен ақылдасып, тақырыпты таңдай алады. Тақырыптың таңдалуы мәселенің алғашқы зерттеуіне негізделу керек.


Бұл зерттеу жұмысының материалын жинау мен тақырып бойынша әдебиет оқу сияқты бастапқы кезеңі. Ғылыми жетекші жас ғалымға ғылыми ізденісті қай жерден, қалай бастауы керектігін айтады, ақыл-кеңес береді. Тақырыпты бекіткесін материал жинақтау қажет, тақырып бойынша әдебиет іздеп, библиографияны дайындау және жеке жұмыс кестесін жасау керек.
Зерттеу жұмысы бойынша негізгі әдебиеттер тізімін ғылыми жетекшіден алу керек. Тізімнің әрі қарай кеңейтілуі оқыған ғылыми жұмыстардағы сілтемелердегі еңбектерді оқу мен зерттеу жұмысына көмегі тиетін еңбектерді оқумен байланысты болады. Ізденуші өз бетінше кітапханалар мен оқу залдарындағы алфавиттік және жүйелік каталогтарды, библиографиялық жинақ пен интернетті қолдануы қажет. Одан басқа мерзімді баспасөздегі тіл білімі мен әдіснама бойынша журналдардың соңғы санында өткен жылда жарияланған мақалалардың тізімі беріледі. Тақырып бойынша арнаулы әдебиеттерді оқу барысында ізденуші өзіне қажет жерлерін дәптерге емес, белгілі бір форматтағы (мысалы А4) параққа жазып, конспект жасауы керек және парақтың тек бір жағына жазу керек, тұтас нөмірлеу қажет. Бұл парақты қажет уақытында алып, қайтадан орынына салуға ыңғайлы. Конспект жасағанда, бәрін бірдей емес, тек қана зерттеу жұмысына қажетті ойларды конспектілеу керек. Бөтен біреудің ойын келтіргенде немесе цитата келтіргенде міндетті түрде тік жақша ішінде баспасөз атын, бетін, басылып шыққан жерін, жылын көрсету қажет, өйткені ол ертеңгі күні сілтеме жасағанда қажет болады. Арнаулы әдебиетті немесе жасаған конспектіні оқу барысында осы мәселеге байланысты да бір ойлар келсе, оны осы парақтың екінші жағына өз инициалын қойып жазу керек. Мысалы «бұл тақырыпты тағы да қандай ғалымдар зерттеді?», «материалды қайдан қарауға болады?» «ғылыми жетекшіден ақыл-кеңес алу», «сөздік бойынша тексеру», «анықтамадан қарау» т.с.с. Осы жағдайда ғана жұмыс табысты болуы мүмкін. Жоғарыда айтылған жұмыс кестесіне сәйкес бірінші нұсқаны дайындап, ғылыми жетекшіге бірінші нұсқаны тапсыру қажет. Жұмысты жетекші қарағаннан кейін ескертулер бойынша мәтінді аяқтап, ақырғы хаттамасын жасап, кафедраға тапсыру қажет.

9 тақырып. Журналистің авторлық құқығы.

Авторлық құқықтың формалары. Журналистің жазған мақалалары жазбаша немесе ауызша түрде беріледі. Оған телесценарийлер, түрлі жанрда жазылған мақалалар, аудармалар, редактордың түзетілген жұмыстар жатады. Автор - шығармашылықпен айналасушы адам. Оның авторлық құқығы белгілі бір шарттардан тұрады. Шығармашылықтың өнім мүмкіндігіне ие болады. Авторлық құқық ҚР-ның БАҚ туралы заңы негізінде құорғалады.
Бұқаралық ақпарат құралдары туралы Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 23 шілдедегі №451-1 Заңының 20-бабында журналистiң құқықтары белгіленген. Журналистiң: 1) ақпаратты iздестiрудi жүзеге асыруға, сұратуға, алуға және таратуға; 2) мемлекеттiк органдарға, барлық меншiк нысандарындағы ұйымдарға баруына және өзiнiң қызмет бабындағы мiндеттерiн жүзеге асыруға байланысты олардың лауазымды адамдарының қабылдауында болуға, жабық шара өткiзу туралы шешiм қабылданғаннан басқа жағдайда өзiн тiркеген орган өткізілетін барлық шараларға қатысуға; 3) ҚР заң актiлерiнде тыйым салынған жағдайларды қоспағанда, жазбалар, соның iшiнде оларды дыбыс бейне техникасын, кино-фото түсiру құралдарын пайдалана отырып жасауға; 4) журналистiң куәлiгiн көрсету арқылы дүлей апаттар болған аудандарда, митингiлер мен демонстрацияларда, сондай-ақ қоғамдық, топтық және жеке мүдделер мен наразылықтарды өзге де бiлдiру нысандарына қатысуға; 5) құжаттар мен материалдардың мемлекеттік құпиялар болып табылатын мәлiметтерi бар үзiндiлерiн қоспағанда, олармен танысуға рұқсат алуға құқылы.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет