Зертханалық және аспаптық зерттеулердің нәтижелері.
Қанның жалпы анализі.
Жара ауруында эритроциттер және гемоглобиннің көбеюіне бейімділік анықталады.
Асқазанның секрециялық функциясы.
Зерттеу мәліметтері нақты болу үшін стимуляцияны пентагастринмен жасаған тиімді. Пентагастриндік стимуляциямен (МСС) тыстаушы жасушалардың санын шамалап анықтайды, мысалы, пентагастриндік стимуляциямен анықталған 1 ммоль/сағ МСС 50 млн. шамасындағы тыстаушы жасушаларға сәйкес келеді, ал 22 ммоль/сағ деңгейдегі МСС асқазанның кілегей қабығында 1 млрд. тыстаушы жасушалардың болуын дәлелдейді.
Ер кісілердің қалыпты ВСС көрсеткіші 5 ммоль/сағ. аспайды, МАО 18-26 ммоль/сағ.аралығында. Әйелдердің қалыпты көрсеткіші бұдан 1/3 төмен.
Асқазанның жарасында секрециялық функция айтарлықтай өзгермейді, ол қалыпты күйде сақталады немесе сәл биіктейді. Секрецияның төмендеуі сирек кездеседі, төмендесе де сәл ғана төмендейді.
Әдетінде, ұлтабардың жараларында базальдік (БСС) және максимальді стимуляцияланған секрецияның (МСС) көрсеткіштері 1,5-2 есе жоғары болады. Секрецияның күшеюі, бұдан басқа антральдік және пилорикалық жараларда байқалады. Жара ауруына асқазан обырынан айрықша ахлоргидрия тән емес.
Рентгенологиялық зерттеу.
Рентгендік зерттеуде анықталатын жараның тікелей және жанама белгілерін айырады. Жараның тіке белгісі – асқазанның немесе ұлтабардың қабырғасында анықталатын ойық. Ойықтың пішіні сопақша, дөңгелек, саңылау немесе конус тәрізді болады. Жараның жанама белгілері:
барийдің жараның қуысында тұрып қалуы (тұрақты контрастты дақ түрінде көрінетін);
барий сульфатының асқазанда бөгелуі немесе одан тез өтуі;
дуоденогастральдік рефлюкс;
бүрмелердің жараның ауызына қарай бағытталуы (конвергенциясы);
кардийдің шамасыздығы, асқазан-өңештік рефлюкс;
асқазанның немесе ұлтабардың кейбір аймақтарының түйілуі;
жараға қарама-қарсы қабырға аймағының, бұлшықеттің циркулярлық жиырылысынан, қуыс ішіне тартылуы – де Кервеннің сұқ саусақ белгісі; жара табылмағанның өзінде, бұл белгі оның болуын дәлелдейді;
перигастриттің, перидуодениттің салдарынан асқазанның немесе ұлтабардың деформациясы.
ФЭГДС – жараны анықтайтын ең нақты әдіс.
Эндоскопиялық көріністердің түрінен жараның бірнеше күйлерін айырады: активті жара, тыртықталып (жазылып) келе жатқан жара және жара орнындағы тыртық. Өршу кезінде жараның шеті қызарады және жұмырланып сәл төмпектеу болады, түбінде ақшыл сұр немесе сарғыш некроздық заттар көрінеді. Жараның айналасындағы кілегей қабық ісініп қызарады.
Жара жазыла бастаса, оның айналасындағы гиперемия азаяды, жараның шетіндегі қабыну мен ісінудің белгілері басылады, түбі тазарып грануляциялық тінге тола бастайды, соңыңда жараның аузына қарай бағытталған нәзік, қызғылт түсті тыртықшалар пайда болады.
Жара жазылуының «қызыл» және «ақшыл» тыртық аталатын 2 фазасын айырады. «Қызыл тыртық фазада, жараның орнында ошақты гиперемиямен бірге сызықша немесе жұлдызша тәрізді ойық көрінеді (жаңа жазылған жараның көрінісі). Жүре-бара тыртықтың жас грануляциялық тіні коллагендік тінге ауысады. Бұл кезде тыртықтың түсі ағарады, жара толық жазылған боп саналады. Жара жазылғаннан кейін көбіне асқазанның немесе ұлтабардың деформациясы қалыптасады. Эндоскопиялық зерттеуде обырдан күдік туатын болса, жара шетінің және түбінің бірнеше нүктелерінен биоптаттар алынуы тиіс.
5. Нәжісті жасырын қанға зерттеу. Грегерсен-Вебер сынамасын аз мөлшерде қан кетуден күдіктенгенде жасайды, мәселен, анемия болса.
Достарыңызбен бөлісу: |