Жоба мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы Қазақстан Республикасының Заңы 1-тарау. Жалпы ережелер



жүктеу 172.5 Kb.
Дата05.07.2016
өлшемі172.5 Kb.


ЖОБА
Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы

Қазақстан Республикасының Заңы
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңмен реттелетін қатынастар

Осы Заң Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесiнiң құқықтық негiздерiн белгiлейдi және осы жүйенiң жұмыс iстеуiне байланысты оның субъектiлерiнiң арасындағы қатынастарды, сондай-ақ оны мемлекеттік ынталандыру жағдайларын, нысандарын және мазмұнын реттейдi.


2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

1) білім беру жинақтау салымы – енгізуші (салымшы) немесе үшінші тұлғалардың жарналарын, капиталдандырылған қатысушы-банктің сыйақысы мен мемлекеттің сыйлықақысын қамтитын қатысушы-банктегі салымшының шотындағы ақшалай қаражат;

2) білім беру жинақтау салымы туралы шарт – енгізуші (салымшы) қатысушы-банкпен жасасқан білім беру қызметтеріне ақы төлеу үшін қаражат жинақтауға арналған банк салымы шарты;

3) білім беру қызметтері – білім беру ұйымының білім алушыларға жеке тұлғаның білім алу қажеттіліктерін іске асыруға және білім бағдарламаларын игеруге бағытталған қызметтерді ұсыну жөніндегі қызметі



4) білім беру ұйымы – техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім бағдарламаларын іске асыратын оқу орны;

5) енгізуші – салымшының пайдасына жасалған білім беру жинақтау салымы туралы шарттың тарабы болып табылатын Қазақстан Республикасының резиденті немесе резиденті емесі;

6) кредитор – банк қарызы операцияларын жүргізуге лицензиясы бар және мемлекет уәкілеттік еткен ұйымның кепілдігіне білім беру кредиттерін ұсыну туралы бас келісім жасаған екінші деңгейдегі банк;

7) кредиттік желі – қарыз алушыға кредитордың оған банк қарызы шартымен белгіленген уақыт ішінде келісілген лимит шегінде білім беру кредитін беру жөніндегі заңды түрде ресімделген міндеттемесін ұсыну;

8) қайталап оқу – білім алушының «қанағаттанарлықсыз» деген қорытынды баға алған пәнін қайталап оқуы немесе Қазақстан Республикасының білім туралы заңнамасымен белгіленген жағдайларда білім алушының алдыңғы курста қайтадан қалдырылуы;

9) қарыз алушы – кредитормен білім беру қызметтерінің ақысын төлеу үшін жетіспейтін сомаға банк қарызы шартын жасаған салымшы;

10) қатысушы-банк – Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы заңнамамен белгіленген талаптарға жауап беретін және оператормен ынтымақтастық туралы келісім жасаған Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банкі;

11) Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі – Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттелетін және екінші деңгейдегі банктердің баланың (балалардың) пайдасына халықтың салымдарын тартуына, оларға екінші деңгейдегі банктің сыйақысын және мемлекеттің сыйлықақысын есептеуге, сондай-ақ салымшының таңдауы бойынша білім беру қызметтеріне ақы төлеуге банктік қарыз ұсынуға негізделген білім беру қызметтеріне ақы төлеуге арналған ақшалай жинақтар жүйесі;

12) мемлекеттің сыйлықақысы – жыл сайын республикалық бюджеттен бөлінетін және белгіленген мерзімде білім беру жинақтау салымының нақты жинақталған қалдығына есептелетін ақшалай қаражат;

13) оператор – білім саласындағы уәкілетті орган белгілейтін, Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі қатысушыларының қызметін үйлестіруді жүзеге асыратын және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шекте оның қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ететін ұйым;

14) салымшы – өзінің пайдасына білім беру жинақтау салымы туралы шарт жасаған немесе оның пайдасына білім беру жинақтау салымы туралы шарт жасалған Қазақстан Республикасының азаматы;

15) ынтымақтастық туралы келісім – Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесін іске асыру шеңберінде оператор мен қатысушы-банк немесе білім беру ұйымы арасындағы өзара іс-қимылдың шарттары мен тәртібін белгілейтін келісім.


3-бап. Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесінің жұмыс істеуінің құқықтық негіздері

1. Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заңнан, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

2. Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі Қазақстандағы техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білімге (магистратура, резидентура), сондай-ақ шетелдегі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімге қолданылады.

Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі қайталап оқуға және кез келген деңгейдегі екінші білімді алуға қолданылмайды.

3. Енгізуші, салымшы, оператор, қатысушы-банк, білім беру ұйымы, білім саласындағы уәкілетті орган Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесінің қатысушылары болып табылады.
4. Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі мынадай қағидаттардың негізінде жұмыс істейді:

1) заңдылық;



2) жариялылық;

3) білім беру жинақтау салымының нысаналы мақсаты;

4) азаматтар мен қатысушы-банктердің Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне қатысуға еркін қосылуы;

5) білім беру жинақтау жүйесінің қатысушыларының тең құқылылығы;

6) Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне қатысуға халықты мемлекеттік ынталандыру.
4-бап. Білім саласындағы уәкілетті органның құзыреті

Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесінің қатысушысы ретінде білім саласындағы уәкілетті орган:

1) тиісті республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі болып табылады;

2) жыл сайын Қазақстан Республикасының бюджеттік заңнамасында көзделген тәртіпте бюджеттік жоспарлау саласындағы уәкілетті органға мемлекеттің сыйлықақысын есептеудің болжамдық есептері енген кезекті жоспарлы кезеңге арналған бюджеттік өтінімді ұсынады;

3) республикалық бюджеттен ақшалай қаражат келіп түскеннен кейін бес жұмыс күні ішінде салымшыларға мемлекеттің сыйлықақысын есептеу үшін оларды операторға аударады;

4) жыл сайын Қазақстан Республикасының білім беру ұйымдарының түрлері бойынша орташа оқу құнының ұзақ мерзімді болжамдарын әзірлейді.



2-тарау. Білім беру жинақтау салымы туралы шарт
5-бап. Білім беру жинақтау салымы туралы шарт

1. Білім беру жинақтау салымы туралы шарт қатысушы-банк пен кәмелетке толмаған салымшының пайдасына кәмелетке толған енгізуші немесе салымшы арасында қарапайым жазбаша нысанда жасалады.

2. Бір салымшының атынан немесе оның пайдасына тек бір ғана білім беру жинақтау салымы туралы шарт жасалады.

3. Жергілікті атқарушы органдар осы Заңның 10-бабы 2-тармағымен салымшылардың басымды санатына жатқызылған балалардың пайдасына жергілікті бюджет қаражатынан білім беру жинақтау салымдарын ашуға, сондай-ақ қосымша жарналар енгізуге құқылы.

4. Білім беру жинақтау салымы туралы шарт ұзарту мүмкіндігімен кем дегенде үш жылдық мерзімге жасалады.

Білім беру жинақтау салымы туралы шарттың мерзімі білім беру ұйымдарында оқудың нормативтік мерзімін қамтуы мүмкін.

5. Білім беру жинақтау салымы туралы типтік шарттың нысаны оператордың басқару органымен бекітіледі.
6-бап. Білім беру жинақтау салымы туралы шарттың талаптары

1. Білім беру жинақтау салымы туралы шартта мынадай мәліметтер болуға тиіс:

1) шарттың мәні;

2) бастапқы бір жолғы жарна мөлшері;

3) шарттың мерзімі;

4) қатысушы-банк сыйақысы мөлшерлемесінің мөлшері;

5) мемлекет сыйлықақысының мөлшері;

6) тараптардың құқықтары мен міндеттері;



7) енгізуші (салымшының) Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесінің операторына берген банк құпиясын ашуға жазбаша рұқсаты;

8) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес өзге де баптар.

2. Білім беру жинақтау салымы тек ұлттық валютада ашылады.

3. Білім беру жинақтау салымын ашуға арналған бастапқы ең төменгі бір жолғы жарна айлық есептік көрсеткіштің үш есе мөлшерін құрайды.

4. Қатысушы-банк білім беру жинақтау салымы туралы шарт жасасқан кезде білім беру жинақтау салымына жарна енгізудің ұсынылатын кезеңділігін және қосымша жарналар мөлшерін есептейді.
7-бап. Қатысушы-банктің сыйақысы

1. Қатысушы-банк салымшыға білім беру жинақтау салымы туралы шартта белгіленген мөлшерде депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым ұсынған номиналдық мөлшерлеме шегінде салым сомасына сыйақы төлейді.

2. Қатысушы-банктің сыйақысы білім беру жинақтау салымы туралы шарт қолданыста болған мерзім ішінде есептеледі және білім беру жинақтау салымының негізгі сомасына қосылады (капиталданады).
8-бап. Білім беру жинақтау салымын билік ету

1. Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі шеңберінде он төрт жасқа толмаған салымшының заңды өкіліне немесе он төрт жасқа толған салымшыға білім беру жинақтау салымының ақшалай қаражатын толық көлемде бір қатысушы-банктен басқа қатысушы-банкке жылына бір реттен артық емес ауыстыруға рұқсат етіледі.

2. Салымшыға білім беру гранты тағайындалған жағдайда салымшы:

1) білім беру жинақтау салымында қаражат жинақтауды жалғастыруға;

2) білім беру жинақтау салымының қаражатын кез келген үшінші тұлғаның пайдасына ашылған (ашылып жатқан) білім беру жинақтау салымына жіберуге (қайта ресімдеуге);

3) жоғары оқу орнынан кейінгі білімді қоса алғанда, білімнің басқа деңгейлерін алу мақсатында білім беру жинақтау салымының қаражатын білім беру қызметтеріне ақы төлеуге жұмсауға;



4) мемлекет сыйлықақысын сақтай отырып білім беру жинақтау салымының қаражатын алуға құқылы.

3. Білім беру ұйымына шарттық негізде түскен жағдайда білім беру қызметінің ақысы енгізушінің немесе кәмелет жасқа толған салымшының өтініші бойынша транштармен (әрбір академиялық кезең немесе оқу жылы үшін) немесе бір мезгілде толық көлемде (оқытудың барлық мерзімі үшін) төленеді.

4. Салымшы қайтыс болған немесе денсаулық жағдайына байланысты оқуды жалғастыра алмаған жағдайда, білім беру жинақтау салымы:

1) кез келген үшінші тұлғаның пайдасына ашылған (ашылып жатқан) білім беру жинақтау салымына жіберілуі (қайта ресімдеу);

2) білім беру жинақтау салымы туралы шартты мерзімінен бұрын бұзу шарттары бойынша салымшыға немесе оның мұрагерлеріне төленуі мүмкін.

5. Оқытудың барлық кезеңі үшін білім беру қызметтерінің ақысын төлеген соң білім беру жинақтау салымында қаражат қалдығы болған жағдайда салымшы бұл соманы мемлекеттің сыйлықақысын сақтай отырып шешіп алуға құқылы.



3-тарау. Мемлекеттің сыйлықақысын есептеу және төлеу
9-бап. Мемлекеттің сыйлықақысы

1. Білім беру жинақтау салымы туралы шарт бойынша мемлекеттің сыйлықақысы кем дегенде жиырма жыл есептеледі.

2. Мемлекеттің сыйлықақысын есептеу білім беру жинақтау салымы туралы шарт жасалған күнінен басталады, жинақтаудың ең қысқа мерзімі бір жыл болған жағдайда 1 шілдедегі жағдай бойынша жыл сайын салым сомасының нақты жинақталған қалдығына оператормен жүзеге асырылады. Мемлекеттің сыйлықақысы есептеу мерзімі аяқталғанға дейін, немесе білім беру жинақтау салымы туралы шарттың мерзімі аяқталғанға дейін, немесе салымшыға білім беру гранты тағайындалған күнге дейін не білім беру қызметтерінің ақысы толық көлемде төленгенге дейін есептеледі.

3. Мемлекеттің сыйлықақысын төлеу үшін қажетті ақшалай қаражат бюджеттік өтінімнің және білім саласындағы уәкілетті орган ұсынған білім беру жинақтау салымдары бойынша мемлекеттің сыйлықақысын есептеудің болжамдық есептерінің негізінде жыл сайын тиісті қаржылық жылға арналған республикалық бюджетте қарастырылады.

4. Мемлекеттің сыйлықақысы салымның негізгі сомасына қосылады (капиталданады).
10-бап. Мемлекет сыйлықақысының мөлшері

1. Мемлекеттің сыйлықақысы білім беру жинақтау салымы сомасына жылдық бес пайыз, бірақ жүз айлық есептік көрсеткіштен артық емес мөлшерде есептеледі.

2. Мемлекеттің сыйлықақысы басымды санатқа жатқызылған салымшылардың пайдасына ашылған білім беру жинақтау салымы бойынша жылдық жеті пайыз, бірақ жүз айлық есептік көрсеткіштен артық емес мөлшерде есептеледі:

1) мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда тәрбиеленіп жатқан жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;

2) даму мүмкіндігі шектеулі балалар, мүгедектер мен бала кезінен мүгедектер, мүгедек балалар;

3) көп балалы отбасынан шыққан балалар;

4) жан басына шаққандағы орташа айлық табысы кедейлік шегінен төмен отбасынан шыққан балалар.

3. Мемлекет сыйлықақысының мөлшерін білім және бюджеттік жоспарлау салаларындағы уәкілетті органдар инфляция деңгейінің өзгеруін ескере отырып, әрбір үш жыл сайын ұлғаю жағына қарай қайта қарап отырады.


11-бап. Мемлекеттің сыйлықақысын төлеуге қойылатын шектеулер

1. Есепті жылдың ішінде қаражат енгізілмеген білім беру жинақтау салымына мемлекеттің сыйлықақысы есептелмейді.

2. Есептелген мемлекеттің сыйлықақысы мына жағдайларда республикалық бюджетке қайтарылуға тиіс:

1) нысаналы мақсаты сақталмай білім беру жинақтау салымы туралы шарт енгізушінің (салымшының) бастамасы бойынша мерзімінен бұрын бұзылса немесе шартты қолдану мерзімі аяқталуына байланысты бұзылса;

2) салымшы білім беру ұйымына түсуден бас тартса;

3) студент өз еркімен немесе кері себептер (білім беру ұйымымен байланысты жоғалту, оқу және (немесе) ішкі тәртіпті бұзу және басқалар) бойынша білім беру ұйымынан шығарылса;

4) бір немесе бірнеше қатысушы-банктердегі білім беру жинақтау салымы туралы шарттар бойынша бір салымшыға екі және одан да көп есепшоттар бойынша мемлекет сыйлықақысының төленгені анықталған жағдайда. Бұл орайда алдыңғы жылдары есептелген мемлекеттің сыйлықақысы салымшының таңдауы бойынша білім беру жинақтау салымы туралы шарттардың бірі бойынша есептелген сыйлықақыны ескермей республикалық бюджетке қайтарылуға тиіс;

5) білім беру жинақтау салымы бойынша жинақтау мерзімі осы Заңмен белгіленген мерзімнен аз болған білім беру жинақтау салымына мемлекет сыйлықақысының төленгені анықталған жағдайда;

6) салымшылардың басымды санатына жатпайтын тұлғаның білім беру жинақтау салымына өсірілген мөлшерде мемлекет сыйлықақысының төленгені анықталған жағдайда. Бұл жағдайда артық есептелген мемлекет сыйлықақысының сомасы қайтарылуға тиіс.

4-тарау. Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесi қатысушыларының өзара іс-қимылы
12-бап. Ынтымақтастық туралы келісім

1. Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесiне қатысу үшін екінші деңгейдегі банк оператормен ынтымақтастық туралы келісім жасайды.

2. Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесiне қатысу үшін екінші деңгейдегі банктерге мынадай талаптар қойылады:

1) депозиттерді қабылдауға, жеке тұлғалардың банктік шоттарын ашуға және жүргізуге, банк қарызы операцияларын, кассалық операцияларды жүргізуге берілген қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдарды реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның лицензиясы бар болуы;

2) депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысуы;

3) ынтымақтастық туралы келісім жасардың алдындағы үш кезекті айдың ішінде пруденциялық нормативтердің орындалуы;

4) Қазақстан Республикасының кем дегенде он облыс орталығында филиал желісінің болуы;

5) ынтымақтастық туралы келісім жасаған (қайта жасаған) кезде қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдарды реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган қолданған күші бар санкциялардың болмауы.

3. Оператор білім беру қызметтерінің ақысы білім беру жинақтау салымының қаражаты есебінен жүзеге асырылатын білім беру ұйымымен ынтымақтастық туралы келісім жасайды.

4. Ынтымақтастық туралы келісім нысанын оператордың басқару органы бекітеді және онда келісімнің мәні, тараптардың құқықтары мен міндеттері, олардың өзара іс-қимылдарының тәртібі және жауапкершілігі көрсетілуге тиіс.


13-бап. Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесi қатысушыларының білім беру жинақтау салымы шартын жасаған және ол қолданыста болған кездегі өзара іс-қимылдары

1. Білім беру жинақтау салымы шартын жасаған кезде қатысушы-банк енгізуші мен салымшының осы Заңда белгіленген талаптарға сәйкестігін, сондай-ақ салымшының атына ашылған қолданыстағы білім беру жинақтау салымы шартының жоқтығын тексереді.

2. Әрбір білім беру жинақтау салымы шарты бойынша қатысушы-банк ынтымақтастық туралы келісімде белгіленген мерзімдер мен тәртіпте операторға салымшы, шоттың жағдайы, салымшылардың ақшаларының қозғалысы, мемлекет сыйлықақысының есептелуі және сомасы туралы мәліметтерді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмесе, өзге де қажетті мәліметтерді ұсынады.
14-бап. Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесi қатысушыларының мемлекеттің сыйлықақысын есептеу кезіндегі өзара іс-қимылдары

1. Оператор жыл сайын есепті жылғы 1 сәуірге дейінгі мерзімде қатысушы-банктер білім беру жинақтау салымы туралы шарттар бойынша ұсынған мәліметтердің негізінде білім саласындағы уәкілетті органға республикалық бюджетке қосу үшін мемлекеттің сыйлықақысын есептеудің болжамды есептеулерін ұсынады.

2. Есепті жылдың қорытындысы бойынша оператор есепті жылдан кейін келетін жылғы 10 шілдеге дейін білім саласындағы уәкілетті органға мемлекет сыйлықақысының түпкі есептеулерін ұсынады.

3. Білім саласындағы уәкілетті орган оператордан мемлекеттің сыйлықақысы сомасының түпкі есептеулерін алған соң есепті жылдан кейін келетін жылғы 10 тамызға дейін оператордың шотына мемлекет сыйлықақысының жалпы сомасын аударады.

4. Оператор білім саласындағы уәкілетті органнан мемлекет сыйлықақысының жалпы сомасын алған күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде жасалған әрбір білім беру жинақтау салымы туралы шарт бойынша мемлекет сыйлықақысының мөлшері туралы мәліметті ұсыну арқылы қатысушы-банкке мемлекеттің сыйлықақысын есептеуді жүргізеді.

5. Қатысушы-банк оператордан сыйлықақының жалпы сомасын алған күннен бастап банктік екі күн ішінде салымшылардың шоттарына мемлекеттің сыйлықақысын есептейді.
15-бап. Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесi қатысушыларының білім беру қызметтерінің ақысын төлеу кезіндегі өзара іс-қимылдары

1. Білім беру жинақтау салымының көмегімен білім беру қызметтерінің ақысын төлеу енгізушінің өтініші бойынша жүзеге асырылады. Білім беру қызметтерін көрсету шартының көшірмесі ұсынылған жағдайда қатысушы-банк білім беру жинақтау салымынан қаражатты білім беру ұйымының банктік шотына аударады.

3. Бір білім беру ұйымынан басқаға ауысқан, академиялық демалыс ресімдеген, академиялық демалыстан оралған, білім беру ұйымына қайта қабылданған немесе соның ішінде оқуды аяқтауына байланысты шығарылған жағдайда салымшы үш жұмыс күнінен кем емес мерзімде банкке және операторға растайтын құжаттардың көшірмелерін ұсынады.

4. Білім беру ұйымы:

1) қатысушы-банктің сұрауы бойынша тиісті құжаттардың көшірмелерін жіберу арқылы оны салымшыны оқуға қабылдау, ауыстыру, академиялық демалыс беру, соның ішінде оқуды аяқтауына байланысты оқудан шығару туралы ескертеді;

2) салымшының немесе қатысушы-банктің сұрауы бойынша анықтама берілген күндегі талап етілетін академиялық кезеңдегі оқу құны немесе оқудың толық құны туралы анықтама береді;

3) оператордың сұрауы бойынша білім беру ұйымында білім алатын салымшы туралы қажетті мәліметтерді ұсынады;

4) салымшы басқа білім беру ұйымына ауысқан жағдайда қабылдаушы білім беру ұйымының шотына төленген білім беру қызметтерінің ақысының артығын аударады, ол туралы үш жұмыс күнінен кешіктірмей операторды ескертеді;

5) салымшы осы Заңның 11-бабы 3) тармақшасында көзделген негіздер бойынша оқудан шығарылған жағдайда оператор арқылы мемлекет сыйлықақысының сомасын республикалық бюджетке қайтарады.
16-бап. Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесi қатысушыларының мемлекет сыйлықақысының сомасын республикалық бюджетке қайтару кезіндегі өзара іс-қимылдары

Мемлекеттің сыйлықақысын республикалық бюджетке қайтаруды қатысушы-банк немесе білім беру ұйымы оператор арқылы оның республикалық бюджетке қайтарылуға тиісті мемлекеттің сыйлықақысы сомасының мөлшері туралы анықтама-үзіндісі бойынша салымшыдан мемлекет сыйлықақысының сомасы қайтарылған күнінен кейін келетін бір жұмыс күнінен кешіктірмей жүзеге асырады.


17-бап. Оператордың Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесінің жұмыс істеуіне мониторинг жүргізуі

1. Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесінің жұмыс істеуіне мониторингіні оператор жүзеге асырады және ол мыналарды қамтиды:

1) білім беру жинақтау салымына мемлекет сыйлықақысының дұрыс, толық және уақтылы есептелуінің мониторингі;

2) білім беру жинақтау салымы қаражатының мақсатқа сай пайдаланылуының мониторингі;

3) мемлекет сыйлықақысының республикалық бюджетке қайтарылуының мониторингі.

2. Оператор Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесінің жұмыс істеуіне мониторингі жүргізген кезде:

1) қатысушы-банктен, білім беру ұйымынан, енгізуші мен салымшыдан білім беру жинақтау салымы туралы шартты жасасуға, оның қолданысына, мемлекет сыйлықақысын есептеуге, білім беру қызметтерінің құны және оны төлеуге, білім алушының мәртебесіне қатысты қажетті мәліметтерді сұратады;

2) жасалған білім беру жинақтау салымы туралы шарттардың есебін жүргізеді;

3) бұқаралық ақпарат құралдарында қатысушы-банктің Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне қатысу үшін осы Заңда қойылатын талаптарды орындауы туралы мәліметтерді жариялайды;

4) қатысушы-банктің білім беру жинақтау салымына мемлекеттің сыйлықақысын дұрыс, толық және уақтылы есептеуін тексереді;

5) осы Заңның 11-бабымен көзделген жағдайларда мемлекеттің сыйлықақысын қайта есептеуді жүргізеді;

6) республикалық бюджетке қайтарылуға тиіс мемлекет сыйлықақысының сомасының мөлшері туралы анықтама-үзіндіні дайындайды;

7) қатысушы-банк немесе білім беру ұйымының республикалық бюджетке мемлекет сыйлықақысының сомасын толық және уақтылы қайтаруын қамтамасыз етеді;

8) енгізуші (салымшы), қатысушы-банк, білім беру ұйымы осы Заңда және (немесе) ынтымақтастық туралы келісімде қойылған талаптарды бұзғаны анықталған жағдайда оларды Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіпте жауапкершілікке тарту үшін шаралар қабылдайды.



5-тарау. Қорытынды ережелер
18-бап. Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесiн мемлекеттік қолдау

1. Мемлекет Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесiнің енгізушілері (салымшылары) үшін салықтық жеңілдіктер белгілейді.

2. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес білім беру жинақтау салымы жеке тұлғалардың салымдарына (депозиттеріне) міндетті кепілдік беру объектісі болып табылады.

3. Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесi шеңберінде салымшы жеңілдетілген шарттармен білім беру қызметтеріне ақы төлеуге арналған банк қарызын (білім беру кредитін) алуға құқылы. Білім беру қызметтеріне ақы төлеуге арналған банк қарызы жинақтаған соманың мөлшері оқу ақысын толық көлемде төлеу үшін қажетті соманың кем дегенде елу пайызын құраған жағдайда білім беру ұйымында оқу құнының өсу сомасына қарап оны түзету мүмкіндігімен қалған сомаға кредиттік желі ашу арқылы мемлекет уәкілеттік еткен ұйымның жүз пайыз кепілдігіне ұсынылады.

4. Қарыз алушыға Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі шеңберінде үлгерімнің тиісті деңгейі және кепілзат түрінде міндеттеменің орындалуын қамтамасыз ету талаптары қойылмайды.
19-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу

Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.



Қазақстан Республикасының

Президенті



©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет