2.4. Лексика
Əлеуметтік - тұрмыстық , əлеуметтік -мəдени жəне мəдени, əлеуметтік, кəсіби салаларда қолданылатын сөздер.
Синоним сөздердің қолданылуындағы ерекшеліктер.
Омоним сөздер.
Көп мағыналы сөздер.
Тұрақты сөз тіркестері.
Орта деңгейдің лексикалық минимумы 2200 - 2500 тілдік бірлік шамасын құрайды. Оның ішінде – заттың атын білдіретін сөздер (30%), қимылды білдіретін сөздер (30%) және зат пен қимылдың сынын білдіретін сөздер - үстеулер, сын есімдер (30%), қалған бөлігі – есім сөздер орнына жұмсалатын есімдіктер, көмекші сөздер.
Орта деңгей бойынша күтілетін нәтижелер:
1. Елтану тақырыбына байланысты мәтіндерді оқып, ондағы негізгі ойды түсіну;
2. Өз пікірін, ойын дұрыс жеткізе білу, оң немесе теріс жауап бере алуы;
3. Елінің тарихы, табиғаты, өзінің қызығушылығы туралы әңгімелеп айтуы;
4. Қарапайым сұрақтар қоя білу және жай сөйлемдердің көмегімен өзінің ойын дәлелдей білу;
5. Өтінішті, бұйрықты, қолдауды, өкінішті, сенімсіздікті, болжауды айтуы;
6. Өзін қызықтыратын тақырып бойынша мәтін құрастыра алу;
7. Өтілген тақырыптар негізінде шағын эссе, баяндама, шығарма жаза білу;
8. Теледидар, радио арқылы берілген ақпараттарды түсіне алу.
IV В2 ДЕҢГЕЙІНДЕ БІЛІМ БЕРУ БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ МАЗМҰНЫ
І. Коммуникативті-сөйлеу құзыреттілігіннің мазмұны
Сөйлеу интенциялары
Ортадан жоғары деңгейде білім алушы сөйлеу актісіне қатысып, ақпарат алмасуға ұмтылады, бағалау-эмоциялық және коммуникативтік-ақпараттық, ақпараттық сипаттамалық ниеттеріне қатысты жағдаяттар мен тақырыптар көлемінде коммуникативтік құзыреттіліктері қалыптасады. Осы мақсат үшін ортадан жоғары деңгейге арналған қоғамдық-әлеуметтік, қоғамдық-саяси, ресми-іскери және кәсіби салалардағы жағдаяттарға қатысты лексикалық, грамматикалық тілдік бірліктерді толыққанды, әдеби нормаларды біршама сақтай отырып, сауатты пайдаланады.
Орта деңгей стандартында қамтылған сөйлеу актілері интенцияларының мазмұны ортадан жоғары деңгейдің мазмұны мен сипаттамасына қарай біршама толықтырылады.
Сұхбаттасушымен сөйлеу актісіне қатысып, ақпарат алмасуға бағытталған ниеттер (интенциялар):
коммуникацияға түсу (күнделікті-тұрмыстық, әлеуметтік-тұрмыстық, қоғамдық-әлеуметтік, қоғамдық-саяси, ресми-іскери және кәсіби салаларға қатысты жағдаяттардың барлығында);
ақпарат алмасуға бағытталған ниет үшін қолданылатын сөйлеу әдебі формулалары: сәлемдесу/қоштасу түрлерінің варианттары және оның лингво-мәдени ерекшеліктері; танысу/таныстыру; кешірім сұрау; тілек айту; алғыс білдіру; белгілі бір жағдаятқа сәйкес эмоциясын білдіру және осы мақсатта қолданылатын варианттардың лингво-мәдени ерекшеліктері;
қатысым үдерісіне еркін түрде араласу және өз кәсібі мен мамандығына, лауазымы мен қызметіне байланысты лексикалық-грамматикалық бірліктерді (оның ішінде өз мамандығына қатысты терминдерді, сондай-ақ, бейнелі сөз орамдарын) сұхбат барысында дұрыс қолдану.
Сұхбаттасушыға коммуникативтік ықпал жасауға бағытталған реттеуші ниеттер:
Әлеуметтік-тұрмыстық, қоғамдық-әлеуметтік, қоғамдық-саяси, ресми-іскери және кәсіби салаларға қатысты жағдаяттарда коммуникативтік актіге қатысатын тарапқа (жеке адамға немесе бірнеше адамға, адамдар тобына) өз пікірін жеткізу, өз ойын логикалық түрде дәлелдеу, әртүрлі репликалар арқылы әрекет жасау, қорыту және т.б. үшін реттеуші-ықпал етуші формалар.
Бағалау-эмоциялық ниеттер (іс-қимыл, оқиға, зат, адамдарға эмоциялық қатынастың және көзқарастың, бағалаудың берілуі):
Әлеуметтік-тұрмыстық, қоғамдық-әлеуметтік, қоғамдық-саяси, ресми-іскери және кәсіби салаларға қатысты жағдаяттарда коммуникативтік қарым-қатынастар үшін қажетті бағалау, көңіл-күй формалары (іс-қимылдың, оқиғаның немесе заттың артықшылығын/кемшілігін көрсету, жағымды/жағымсыз әрекетке баға беру; оқылған, тыңдалған, көрген ақпаратқа қызығушылық таныту; болжам жасау, оны растау немесе жоққа шығару; есту, оқу, көру арқылы алынған мәліметке баға беру).
Коммуникативтік-ақпараттық және ақпараттық-сипаттамалық ниеттер:
- қоғам өмірі, кәсіби сала, ресми сала, әлеуметтік-мәдени сала бойынша орындалатын/орындалған іс-әрекет туралы сипаттама ақпарат беру, тұжырым жасау, негіздеу, дәлелдер келтіру;
- қажетті білік-дағдылар (өзі білетін ақпараттар мен мәліметтер бойынша пікір алмасу, пікір білдіру, қорытынды жасау, баяндау, мазмұнын айту, түсіндіру, дәлелдеу, толықтыру, бірқатар түзетулер енгізу; оқиға мен кейіпкерге сипаттама беру, негізгі және қосымша ақпаратты табу.
Тіл үйренушінің білуі тиіс сөйлеу әдебі формулалары және олардың варианттары мен лингво-мәдени ерекшеліктері:
танысу кезінде;
амандасқанда, қоштасқанда;
алғыс айту, тілек білдіру, кешірім сұрау кезінде;
өтініш айтқанда;
кеңес беру кезінде;
шақыру және құттықтау кезінде;
таңдану, күдіктену, сенімсіздік білдіру жағдайында;
өзіне көңіл аударту немесе айтылған тілекке реакция жасауда;
ресми-іскери сөйлеу актісінің кезінде қолданылатын сөйлеу әдебі формулалары мен олардың лингво-мәдени ерекшеліктерге ие варианттары.
Достарыңызбен бөлісу: |