Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) — халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға, халықтар арасындағы достық қатынастарды дамытуға, халықаралық ынтымақтастыққа қол жеткізуге және мемлекеттердің іс-әрекеттерін үйлестіру орталығы болуға бағытталған үкіметаралық ұйым.
Ол – әлемдегі ең ірі, халықаралық деңгейде ұсынылған және ең қуатты үкіметаралық ұйым.[1]
Бас кеңсесі – Нью-Йорк, АҚШ-та орналасқан. Қазіргі уақытта БҰҰ-ның құрамына 193 мемлекет кіреді.
«Біріккен Ұлттар» атауын АҚШ президенті Франклин Делано Рузвельт ұсынды.
Декларациясы Сан-Францискода 1945 жылы 24 қазанда қабылданды. Сол күн БҰҰ күні деп жарияланды.
Біріккен Ұлттар Ұйымының ең басты әрі негізгі құжаты оның Жарғысы болып табылады. Тарихи деректерді алға тартсақ, Ұйым Жарғысының жобасы КСРО, АҚШ, Қытай және Ұлыбритания мемлекеттері өкілдерінің қатысуымен жасалған.
Құжат бес тілде – орыс, ағылшын, қытай, француз және испан тілдерінде дайындалып, оған 1945 жылдың 26 маусымында Сан-Франциско конференциясында 51 мемлекет қол қойды.
Ал Жарғы сол жылдың 24 қазанында аталмыш конференцияға қатысушы елдердің Жарғыны ратификациялауларына байланысты күшіне енгізілді. Содан бері 24 қазан халықаралық қоғамдастықта Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылған күні ретінде кеңінен аталып өтіп жүр.
Көпшілікке жақсы таныс, Ұйымға мүше барлық мемлекеттер кіретін Бас Ассамблея Біріккен Ұлттар Ұйымының бас органы саналады. БҰҰ-ға мүше елдердің әрқайсысы шешім қабылдау кезінде бір дауысқа ие болады. Жалпыға ортақ ерекше маңызды мәселелер, атап айтқанда, бейбітшілік пен қауіпсіздік, Ұйымға жаңа мүшелер мен оның бюджетін қабылдау мәселелері БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің үштен екісі қатысып, дауыс беру қорытындысы бойынша шешіледі.
Сондай-ақ, Бас Ассамблея Ұйымның бюджетін қарап, бекітеді. Ұйымның әртүрлі органдарына мүшелер Қауіпсіздік Кеңесінің ұсынуымен БҰҰ-ның Бас хатшысын сайлайды. Қазіргі таңда, Қауіпсіздік Кеңесіне Ресей, АҚШ, Қытай, Ұлыбритания және Франция мемлекеттері тұрақты мүше болып келеді. Сондай-ақ, біраз жылдардан бері Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері қатарын көбейту жөнінде мәселе қозғалып жүр. Бірақ ол әлі шешімін тапқан жоқ.[2]
Достарыңызбен бөлісу: |