2.2 Шыңжаң қазақтарының музыка өнерінің зерттелуі.
Шыңжаң жерінің қазіргі заман күйшілерінің өмірі және шығармашылығы жайында газет беттерінде немесе кітап беттерінде басылып шыққан мақалалар саусақпен санарлық. Мысалға, атап айтсақ: Дәулет Халықұлы туралы тек "Шалқар" газетінде 16/ XII 1993 жылы "Күй ғұмыр" атты мақаладан оқып таныстым, сондай-ақ қосымша, Пекин радиосынан алынған деректерден білдім. Қамал Мақайұлы жайында Д.Бекенов 1988 жылы "Өнер" баспасынан шыққан "Іле қазақтарының күйлері" атты кітабында жария еткен. Бұлардан басқа атағы шықпаған, Қазақстан жеріне белгісіз, Алтай, Тарбағатай, Іле аймақтарының күйшілері әлі қаншама. Шыңжан өңірі дегенде Алтай, Іле, Тарбағатай өңірлерін айтамыз. Бүгінде ол жердегі қазақтар саны 1.500.000-нан асады.
Тарихи деректерге сүйенсек Алтай және Тарбағатай өңірінде орта жүздің керей менен найман рулары түрақталған. "Алтай, Тарбағатай керейлер мен наймандардың ертеден келе жатқан алтын бесігі еді, бұл рулардың мемлекеті дәл осы жерде пайда болған" - деп жазады С.Мүқанов.КХР Шыңжаң жеріндегі Ұйғыр автономиялық районының құрамына Іле қазақ автономиялық облысы кіреді. Ол негізінен үш аймақтан тұрады. 1945 жылдан бері бұл үш аймақ "Шығыс Түркістан" деп аталған.
1. Іле аймағы, астанасы Құлжа.
2. Тарбағатай аймағы, орталығы Шәуешек.
3. Алтай аймағы, орталығы Алтай қаласы.
Шыңжаң қазақтарында ұлттық дәстүр, әдет-ғұрып, салт- сана, өнер қазынасы мол мұра болып сақталған. Осы мұралардың бірі ата-бабаларымыздан қалған және бүгінде өз жалғасын тауып келе жатқан күйшілік өнерге оқырмандардың назарын аудармақпыз.
Қазақ халқы музыкалық фольклорға аса бай ел. "Жалпы қазақ мәдениеті тарихтан белгілі бір тұтас тұлға болғандықтан, оны шекараның екі жағындағы қазақ көркемөнерін бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Ол ұлтымыздың бірегей құндылығы болып саналады. Күй атасы Қорқыт пен Асан қайғы, Қазақстанның батыс аймақтарында жасаған Құрманғазы мен Дәулеткерей, Арқада Тәттімбет секілді әйгілі күйшілердің туындылары мен басқа да халық композиторларының әндері Шыңжаң қазақтарына ежелден таныс". Шығыс Түркістан өңіріндегі күйшілерді атасақ, олар да Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет сынды күйшілердің замандастары, XIX ғасырдың өкілдері - Бейсенбі Дөненбайұлы (1803-1872), Қожеке Назарұлы (1823-1881), Қайрақбай Шәлекенұлы (1828-1877), Әшім Дөңшеұлы (1896-1962) секілді домбырашыларды еске аламыз.
Бұл күйшілер өздерінің туындыларымен өз заманында халық үшін жасаған еңбектері мен ерлікгері үшін ел аузында қалған. Қазақ халқының музыка өнеріне мол үлестерін қосып шығарған күйлерін киінгі ұрпаққа мирас етіп қалдырған. Бүгінде осы мол мұраны жинақтап реттеу, нотаға түсіру үлкен міндет болып отыр. Шыңжаң облыстық мәдениет басқармасы халықтың мәдениет-көркемөнер қазынасын жинап қана қоймай, арнайы адам ұйымдастырып, халық ауыз әдебиетін, ән, күй, би сияқты асыл мұраларын жарыққа шығару жағында белгілі қызметтер істеп, осы төңіректе еңбек етіп келген өнертанушыларын да өз аясына тартты. Олар: Тайыр Белгібайұлы, Байақын Әлімбеков, Қытан Көксеғенұлы, Тұрсын Қаденұлы, Мүтәліп Әлемқанұлы, Қалтай Шалұлы, Жүмжұма Жазиұлы, Әсімқан Қайсаұлы, Құттыбай Сыдықұлы, т.б. зерделі ағаларымыз еді.Жоғарыда аталған тұлғалардың өмірбаяны мен шығармашылығы жайыңда жазылған Шыңжаң баспаларынан жарық көрген көптеген кітаптар бар. Бұлардың көбі сөзбен аралас, күйлер санды-ноталық үлігісмен Шыңжаң баспаларынан шыққандар. Мысалы: "Күй қайнары" Іле халық баспасынан шыққан, Күйтің қаласы 1985; "Күй толқыны" (Қожеке Назарұлының күйлері) 1984, Үрімші; "Қытай аз санды ұлттар музыкасы" 1986, Пекин; "Әшімнің күйлерінен" 1981, Үрімші; "Күй күмбірі" 1989, Үрімші; т.б. Қазақстанда басылып шыққандар: "Іле қазақтарының күйлері" Алматы, Өнер 1998; "Жетісудың күйлері" Алматы, Өнер 1998; және Қытай қазақтарының мөдениеті туралы жазылған ағылшын этнографы Линда Бенсонның "China's last nomads" атты еңбектерін атап кеткеніміз жөн. Қарап отырсаңыз, ең көп басылымдар Қытай елінің баспаларынан жарық көрген. Жазулары араб әріптерімен теріліп, төте немесе көне жазу деп айтамыз ба, ескі жазулармен қолданылған. Күйлердің барлығы санды үлгісімен нотаға түсірілген. Әрине бұл кітаптар Қазақстанда жоқ, бар болған жағдайдың өзінде көпшілік халыққа түсініксіз болар еді. Біріншіден, жазу үлгісі төте (арабша) болғандықтан, екіншіден нотаның европалық үлгісінде көрсетілмегендіктен.
Алтай, Тарбағатай, Іле өңірлерінің ғылыми және этномузыковедтік зерттеулер тұрғысынан, арнайы музыкаға арналған, оның ішінде домбыра күйлеріне қатысты толық қамтылған және Қазақстан баспаларынан шығарылған кітаптар кемде-кем. Бұл аталған аймақтардың күйлерін зерттеу бүгінде маңызды әрі өзекті мәселеге айналып отыр. Басты мақсат, зерттеу нәтижелері арқылы Шыңжаң өлкесіндегі қазіргі замандағы күйшілік дәстүрдің жалғастырушылары мен өткен ғасырлардағы халық күйшілерінің туындыларын қалай және кімдер арқылы жеткендігін анықтап, оларды халық арасына насихаттау.
Осы мақаланы жазар бұрын, тақырыпқа байланысты мәліметтер іздегенімде, ол туралы деректер тіпті мардымсыз болып шықты. Себебі, Қытай диаспорасына қатысты, оның ішінде орындаушылық өнер туралы әдебиеттер мүлдем жоқ. Осы мәселені жолға қою үшін, алдымен музыка саласындағы мамандар, осы өңірді зерттеуге, барынша қызығушылықтарын танытып, Қытай еліне көптеп фольклорлы-этнографиялық экспедицияларға шығуды қарастыру керек. Әрине, осыған дейін ешкім ол жаққа экспедицияға барған жоқ деуге де болмайды, музыка саласында осы аймақтарға қатысты белгілі Уәли Бекеновтің баласы Дархан Бекенов 1988-1991, 1993-1994 жылдары барып қайтқан болатын. Ол барған сапарларында ҚХР, оның ішінде Шыңжаң аймақтарында тұратын белгілі күйшілерден біраз деректер жинап әкелген. Соның нәтижесінде, "Іле қазақтарының күйлері" атты алғашқы кітабы 1998 жылы жарық көрді. Әрине, осындай экспедициялар көп болса, жұртқа-жария ететін мәліметтер де, ғылыми тұрғыдан зерттелетін мәселелер де молая түсетіні айдан анық.
Ал әзірге бұл мақала тек бірнеше қазіргі заман күйшілерімен шектеледі. Бүгінгі таңда ең танымал, мықты орындаушы дегендерін сөз ете отыра, ол жақта мұндай жеткізуші, әрі дәстүр жалғастырушы, шебер орындаушы күйшілер өте көп екенін ескергеніміз жөн. Әлбетте, осы тақырыпты дамыту мақсатында, кейінгі жазуларымда Шыңжаң өңіріндегі күйшілер жайында толығырақ мағлұмат алып оқырмандарға жария етемін.
Алтай, Тарбағатай, Іле аймақтарының көпшілік күйлері негізінен шертпе дәстүріне жатады. Бірақ арасында аралас стильдегі күйлерде кездесіп қалады (төкпе мен шертпенің қатар үйлесуі). Осы аймақтардың күйлерінде музыкалық әуенінде, орындаушылық стиліне өзіндік бір қызығушылықты тудыратын, тындасақ ой салатын жағдайларда кездеседі.
Қазіргі заман күйшісі, XIX ғ. соңы мен XX ғ. ортасында өмір сүрген әйгілі Әшімнің күйлерін жинаушы, мұрагер шәкірті болып саналатын Қамал Мақайұлы.
Қамал Мақайұлы Құлжа қаласында тұратын күйші композитор, фольклорлық музыка өнерінің зерттеушісі. Ол 1926 жылы Шыңжаң өлкесінің Іле облысындағы Тоғызтара; ауданының Мұқыр-Жырғалаң деген жерінде дүниеге келген Қамалдың әкесі Мақай домбыра шертетін әрі сыбызғышы өнерпаз адам болған екен. Әшім күйші Мұқырға келісімен Мақай оны қонақ етеді. Сол жылы (1945) Қамал атақты күйшінің қасында болып, өнерінен тәлім алады. 1955 жылы Құлжадағы облыстық театрға келісімен өзінің ұстазы Әшімді қайта кездестіріп онымен бірге жұмыс істеп жақын араласады. Әшім күйші қайтыс боларда өзінің домбырасын Қамалға мұра етіп қалдырған екен. Өзі өмірден өтсе де, домбырасы шәкірті Қамалдың қолында сақталып, өнерімен бірге жалғасып келеді. Қамал Мақайұлы халық композиторы Әшім Дүңшеұлынан тікелей үйрену жолында күй орындаушылық шеберлігін дамыта келе өз жанынан да көптеген күйлер шығарған, елге танымал күйші-композиторлық дәрежеге жетеді. Өз туындыларына жиырма екі күй мен он шақты ән кіреді. Олардың көбі ел ішінде белгілі әрі сүйікті ән-күйге айналған. Атап айтсақ: әндері "Сушы қыз", "Қызғалдақ", күйлері -"Іле бойында", Менің домбырам", "Көркем Тянь-Шань", "Жайлау думаны", "Шопан жыры", "Жасыл алқан", "Шат дәурен", "Көркем Сайрам", "Қапшағай", "Ақындарға" т.б./; Шыңжаң өңірінің тағы бір дәулескер күйшісі - Дәулет Халықұлы туралы әңгіме етпекпіз. Дәулет Халықұлы 1939 жылы Шіңгіл ауданы Аралтөбе аулының Қарағаш деген жерінде дүниеге келген. 1956 жылдан бері Іле Қазақ автономия облыстық ән-би үйірмесіңде қызмет істейді. Дәулет Халықұлы қазақтың қара домбырасымен қатар скрипка, балалайка, прима сияқты музыкалық аспаптарын тамаша орындайды. Сонымен қатар, домбырада тек қазақ күйлерін орындап қана қоймай, шетел музыкасымен қоса, көршілес жатқан туысқан ұлттардың халық күйлерін аса шеберлікпен орындайды. Ол көптеген мемлекеттік байқаулардың және халықаралық өнер фестивальдерінің жүлдегері. 1994 жылы Іле Қазақ автономиялық облысы Дәулет Халықұлына, ұзақ жылдар бойы өнерге сіңірген ерекше еңбегін ескеріп "Даңқ" атты құрметті марапатын ұсынады. Дәулет аға мықты орынаушылығымен қатар белгілі сазгер. Оның көптеген күйлері бар, солардың бірі "Бақыт қайнары", "Туған жер", "Поезд келді", "Тарту", "Керуен" т.б. Барлық күйлері топтастырылып "Ақ қайнар" атгы жеке күй жинағы Шыңжаң баспасынан жарық көрген. Күйшінің репертуарында өз туындыларынан басқа көптеген халық күйлері сонымен қатар әйгілі домбырашылар Бейсенбі, Қожеке, Қайрақбай, Әшім сияқты халық сазгерлерінің шығармалары мол. Оның ішінде "Жорға аю", "Ақсақ қаз", "Желмая", "Шыңырау", "Сал торы", "Сары өзен" күйлерін орындаған.
ҚХР-ң Тарбағатай аймағы Толау ауданының Майлытау жерінен щыққан күйші Қайсабек Жанасылұлын айтар болсақ ол 1945 жылы дүниеге келген. Бүгінде сазгерлікпен қоса халық күйлерінің насихаттаушысы болып саналады. Онын. орындауындағы күйлер - халық күйлерінен өңделген "Бұлғын сусары", өз күйлері "Өкініш", "Мұңлы қыз", "Ана зары", "Әлди жетім" т.б. /55/
Қорытындылай келе, ҚХР-ң Шыңжаң өңіріндегі қазақ халқының арасында көне халық күйлері көптеп сақталғаны байқалады. Сонымен қатар бұл аймақтарда сыбызғы аспабында дәстүрлі орындаушылық өнері әлі күнге дейін өзінің құндылығын жоғалтқан емес. Қаншама ғасырлар өтсе де, өзінің ұлттық тілі мен дінін, дәстүрі мен халықтық мұра құндылықтарын осы заманымызға дейін көне қалпында сақтай білген, шетте жүрген қазақ диаспорасының халқы мен келешек ұрпағына деген жаңашылдығын, ата-бабадан қалған керегендігін көрсетеді. Республикамыздың басқа аймақтарында, кезінде жоғалтқан дәстүрлеріміздің шалғайда жатқан, немесе шетел асқан қазақ бауырластарымыздың өнері мен тұрмыс тіршілік арасынан табылып жатса, ол біздің мәдениетіміздің асқақтағаны болып есептеледі.
ІІІ тарау . XXI ғасырдың басындағы қытай қазақтарының
әлеуметтік -мәдени келбеті
3.1 Қытайдағы қазақтардың XXI ғасыр қарсаңындағы жағдайы
XXI ғасырдың алғашқы бес жылы тарихқа айналды. Бірақ осы өткен жылдардан-ақ жаңа ғасырда әлемдік ауқымнын бет алысы анықталғандай болды. Оны қысқаша атап айтар болсақ елдігі бірнеше ондаған жылдар бойы әлі де ұлы державалардың дүние жүзіне өктемдігі сакталады; жаһандану үрдісі үдей түседі; ғылым техника ұшқан құстай дамиды; дүние жүзіндегі ұлттардың өркендеуі де, өшкіндеуі де тездей түседі. Осындай әлемдік жағдай аясында әрбір ел өз шама-шарықтарына карай әркелкі деңгейде дамиды. Сондықтан дүние жүзіндегі әрбір мемлекеттің және онда өмір сүріп отырған нақтылы халықтардың ғасыр басындағы әлеуметтік-мәдени жағдайына объективті түрде талдау жасау арқылы олардың болашағына логикалық болжамдар жасауға болады.
Біздің бұл арада назарда ұстайтынымыз - Қытай Халық Рес-публикасындағы қазақ қандастарымыз және олардың әлеуметтік-мәдени проблемалары болмақ. Өйткені, олар қазақ халқының құрамдас бір үлкен бөлігі, яғни халықаралық дәрежедегі репатрианттар немесе диаспора өкілдері. Сондықтан да олар біздің маңызды зерттеу нысанамыз болып табылады. XXI ғасырдын басында Қытайдағы қазақтардың жалпы саны 1.3 миллион. Олар Шынжаң ұйғыр автономиялы районның батыс солтүстігіне орналаскан, яғни Іле, Тарбағатай және Алтай аймақтарын камтыған Іле қазақ автономиялы облысына шоғырлы қоныстанған. Кытайдағы қазақтардың негізгі әлеуметтік аруашылығы - мал шаруашылығы мен егін шаруашылығы және шағын кәсіпкерлік. Олар негізінен өздерінін дәстүрлі ислам дінін ұстанып, ұлттық тіл-жазуын (төте жазудағы) қолданып, тұрмыстық салт-санасын сақтап келеді. Дегенмен казіргі кезде Кытайдағы казактардың дәстүрлі шаруашылық формасы де, ресми тіл жазу қолданысы да, тұрмыстық салт санасы мен құндылық көзқарастарының үлкен өзгеріске ұшырау үрдісінде екендігін де айта кетуге тиіспіз.
Шынжаң - Қытайдың астанасына ең алыс орналасқан және әлеуметтік дамуда кейіндеп қалған көп ұлтты провинция. Сондықтан Пекиннін саясаты Шынжанда кешеуілдеп аткарылады немесе трансформацияға ұшырап барып іске асырылады. Сондықтан Кытайдың ішкі өлкелерінде жүргізілген ауыл шаруашылық, мал шаруашылық экономикасындағы реформалар алғашқы кезеңі Шыңжаңда 1984-1986 жылдары жүзеге асырылды /58/. Соның нәтижесіңде бұрынғы ұжымдық «Тайқазан» шағылып, оның орнына «өнімді отбасылық жауапкершілікке алу» тізімі (тәртіп, режим) орнап, көп өнім алғандар одан көп пайда алатын жағдай жасалды, сондай-ақ көп түрлі шаруашылықпен шұғылдануға да жол берілді. Сонымен қазақ дихандары мен малшылары басқалар сияқты өзінің отбасылық жылдық өнімінің нәтижесіне қарай табыс табатын болды. Сөйтіп еңбекшілердің өндіріс белсенділігі артты, отбасылық кірісі көбейді, тұрмыстары бірден жақсара бастады.
Жалпы айтқанда, Қытайдағы әлеуметтік экономикалық реформаның алғашқы кезеңінде, яғни XX ғасырдың 80 жылдардың ортасынан 90-жылдардың ортасына дейінгі аралықта, Қытайдағы қазақтардың әлеуметтік экономикасы ұдайы өсу процесінде болды. Дихандар мен малшылардың тұрмыс жағдайы айтарлықтай жақсара түсті. Соның нәтижесінде қазақ жастарының оқуға деген ынтасы бұрынғыдан күшейді, жоғары, орта оқу орындарына түсушілердің қатары көбейді. Қазақ тіліндегі басылымдардың саны еселеп артты, қазақ тілінде сөйлейтін телерадио арналар молайды. Бір ауыз сөзбен айтқанда, Қытайдағы қазақтардың әлеуметтік экономикасы мен мәдениетінде көркею көрінісі жарыққа шықты.
Бұл кездейсоқ жағдай емес, қайта ол Шынжанның әлеуметтік экономикасының дамуымен тығыз байланысты еді. Ресми орындардың мәліметіне сүйенсек, Шынжаңның 1994 жылғы ішкі өнімінін жалпы құны 1978 жылмен салыстырғанда 4.43 есеге артқан, жылдық орта есеппен артуы 11.6% болып отырған. Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы өнімдерінің құны 4 есеге көбейіп, жылдық өсуі 10.59% жеткен/3/. 1994 жылдың соңында бүкіл Шынжаң бойынша егістік жердің көлемі 3 миллион 119 мың гектарға жетіп 1949 жылдағыдан 1.58 есеге кеңейген. Оның 90% суармалы егістік жер құрайды. Аграрлық жалпы өнімнің құны 30 миллиард 647 миллион юань болған. Оны салыстыруға болатын құнымен есептегенде 1950 жылдағыдан 14 есеге көбейген; 1994 жылы Шынжан бойынша 21 жоғары оку орны, 355 әртүрлі орта кәсіптік техникумдар, 8947 орта мектеп болып, білім алушылардың жалпы саны 1 миллион 978 мың 200 адам болған; 1995 жылы кала тұрғындарының жылдық ақшалай алатын еңбек ақысы 51552 юань, дихандар мен шаруалардың табысы 1082 юаньнан жоғары болған /59/ көрінеді. Ал «Қазіргі заман Шынжаңның қысқаша тарихы» атты енбекте келтірілген мәліметтерде: «1994жылы бүкіл Шынжаң бойынша ауыл қыстақ тұрғындарының жанбасындық кірісі 935.5 юань болып, 1978 жылдағыдан 816.3 юаньға көбейген. Ауыл қыстақ тұрғындарының тұрғын үй көлемі адам басына шаққанда 16.38 шаршы метрге жетіп, ол 1978 жылдағыдан 5.31 шаршы метрге кеңейген. Кызметшілердің ортақ есеппен жылдық ақшалай алатын жалақы кірісі 4252 юаньға жетіп, 1978 жылдағыдан 3435 юаньға көбейген; қала тұрғыңдарынын жанбасындық тұрғын үй көлемі 11 шаршы метрге жетіп, 1978 жылдағыдан 3.16 шаршы метрге көбейген. Адамдардың өлімі 7.68%°, балалардың өлімі 54% төмендеген. Адамдардың орташа ғұмыры 65 жасқа жеткен. Сөйтіп Шынжаң ҚХР құрылған алғашқы жылдардағы егін шаруашылығы мен мал шаруашылығын негіз еткен агралық қоғамннан индустриялы қоғамнын алғашқы кезеңіне қадам басты» /60/. Демек, Қытай және онын Шынжаң провинциясы XX ғасырдың 90-жылдардың орта шегінде индустриялы қоғамды қалыптастыра бастаған.
XX ғасырдың сонында Қытайдың дәстүрлі әлеуметтік жүйесі негізінен нарықтық экономикалық жүйедегі осы заманғы қоғамдық қатынастарға өзгерді.
Олай болса, осындай әлеуметтік ортада өмір сүріп отырған қандастарымыздың қазіргі хал-жағдайлары қалай деген мәселеге тоқталайық. Бұл арада алдымен айта кетуге тиісті мәселе - жоғарыдағы сұраққа жауап беретіндей құжаттық деректер мен ресми әлеуметтік сандық мәліметтердің жеткіліксіздігі. Өйткені XXI ғасырдың басындағы қытайдың әлеуметтік-мәдени жағдайын көрсететін ресми деректер ашық жария болмайды, болса да толық берілмейді. Ал Қытайдағы аз санды ұлттардың (онын ішінде қазақтар да бар) әлеуметтік мәдени өміріндегі өзгерістерді айғақтайтын ресми әлеуметтік жылдық санақ қорытынды мәліметтер арнаулы түрде жеке-дара материал болып мүлде жарияланбайды. Өйткені ол Қытайда үлкен саясаттың құпиялығы болып саналады. Дегенмен, біз Қытайда жарық көрген басылымдардан тақырыбымызға қатысты деректерге сүйене отырып, көзге көрініп тұрған қоғамдық құбылыстарға талдау жасау арқылы XXI ғасырдың басындағы Қытайдағы қандастарымыздың әлеуметтік-мәдени өміріндегі өзекті мәселелерді ғылыми түрде түсіндіруге тырысамыз.
Жоғарыда пайымдағанымыздай, Қытайдағы әлеуметтік реформа алдымен Аньхуэй провинциясынан басталып, ішкері өлкелерде өріс алған сон, Шынжаң ұйғыр автономиялы ауданында жүргізілді. Шынжанда да реформа алдымен ауыл қыстақтар мен мал шаруашылықты аудандарда жүргізіліп одан кала экономикасына және жалпы саяси мәдени салаға өрістеп. XX ғасырдың соңына дейін Шыңжанды социалистік жоспарлы эко-номикадан казіргі нарықтық экономикалык жүйеге көшірді.
Қытайдағы қазақтардың басым көп бөлігі Шынжаңның ауыл қыстақтары мен мал шаруашылық аудандарында тұрады. Сондай-ақ олар ұйғыр, қытай, дүнген және де басқа халықтармен аралас қоныстанып, ортақ тіршілік ететінді. Реформаның алғашқы жылдары қазақтар да басқалар сияқты өздеріне тиесілі егістік жер, мал және мал жайылымдарына ие болып, отбасылық өз шаруашылығынын тізгінін өз қолдарына алды. Сөйтіп олар реформаның алғашқы жылдары қазақ дихандары мен шаруалары бәрі дегендей белгілі дәрежеде ауқаттанып, экономикалық жағынан еңсе көтерді. Бірақ реформа тереңдеп, нарықтық экономикалық қатынастар қалыптастып, базар бәсеке басталған кезде, яғни XX ғасырдың соңына таман қазақ дихан-дары мен шаруаларынын көп бөлігі қайтадан әлеуметтік қысымға тап болды. Қытайдағы қазақтардың өз сөзімен айтқанда оларда «қатардан қалу» мен «кедейлену» күйіне түсе бастады.
Экономистердің есептеуінше, «Қытайдағы қазақтардың 80 пайызы «ата кәсіп» аясында жұмыс істеп, малды және оның шикізатын өмір сүру мен дамудын негізі етіп келеді. Мал шаруашылығы қазақ жанұяларының отбасылық кірісінің 95 пайызынан көбірегін құрайды» /61/ екен. Демек, экономикалық салаға реформа жүрген жағдайда да, Қытайдағы қазақтардың кілең мал шаруашылығымен айналысатын өндіріс нысаны айтарлықтай өзгере қоймаған. Ал нарықтық экономика жүйесінде базарда баға заңдылығы басты рөл ойнайды. Шыңжанда базардың жетілуіне байланысты мал шаруашылық өнімдері бағасының төмендеуіне байланысты қазақ шаруаларының бірден кедейлесіп шыға келген жайы бар.
Мал шаруашылық экономикасын зерттеуші ғалым Әділхан Есханұлының айтуынша «соңғы жылдары базардағы мал шаруашылық өнімдері базары өнімдері жансызданып (депрессия), баға арзандап кеткендіктен, малшылар малды қанша өсіргенімен оның өнімдерін пұлдап сата алмайтын күйге түсті. Мәселен, Іле облысы секілді басты мал шаруашылық базарларыңда 1995 жылғы қойдың тірі бағасынын килограмы 10-12 юаньға жетсе, өткен жылы (1999 ж.) небары 4-5 юаньнан аса алмады. Биязы жүннің килограмы 20 неше юаннан 10 неше юаньға, «Жұмсақ алтын» - түбіт 400 неше юаньнан 100 юаньға дейін құлдырады. Жанбағыстың жалғыз жолы, тұтас тіршіліктін тірегі болған мал шаруашылығы өнімдерінің базар сайысында өз құнына лайық бағада сатылмауы немесе көп мөлшерде қолда басылып қалуы онсыз-да туралап тұрған қазақ малшыларының жай-күйі жөнінен сорлыға тиген сойылдай болғаны жұртқа мәлім... Реформа жасап, сыртқа есік ашудың алғашқы жылдары Шыңжанда малшы кірісі егінші кірісінен әлдекайда жоғары тұратын. Кейінгі кезде егіншілер кірісі біртіндеп алға өте бастады. 1992 жылы районымызда (Шыңжанда - Н.М.) егіншілердің жан басылық орташа кірісі 778 юань, 1997 жылы 1504 юань, малшылардікі 710 юань да 1100 юань. Базар эконмикасы түзілісіне (жүйесіне - Н.М.) көшкеннен кейін кіріс парқының алшақтауы тіпті де тездеп, 68 юаньнан 404 юаньға бірақ шыққан» /62/.
Дегенмен Қытайдағы қазақтардың экономикалық дамуда «қатардан қалып», «кедейленуінің» себептері көп. Экономист Әлілханның айтуынша, мал шаруашылығы өнімдерімен қамдау жалпы сұраныстан еселеп артып кеткен. Егіншілік өнірдегі бағылатын мал басы қас қағымда-ақ жалпы Шынжаңдағы мал басынын 50 пайызынан асып түскен. Сондай-ақ егіншілік аумақта мал бағушылардың базарға жақын орналасуы, акпаратты шапшаң қабылдауы, төрт маусымдық шектеуге ұшырамайтын абзалдықтарын пайдаланып, сахара малшыларының мал шаруашылық базарын тартып алған. Онымен қатар, мал шаруашылық өнімдерінің сапасыздығы, мал шаруашылық өнімдерін өңдеу техникасының төмендігі де қазақ малшыларының базардан ығысып шығуына түрткі болған.
Шынжанда мал шаруашылығы саласында жүргізілген реформаның алғашқы кезеңінде, малды малшыларға «темір мал» ретінде көтеруге берген. Реформаның екінші сатысында, әр отбасының еңбек күшіне және жанбасына қарай отырып, малды ақшаға бағалап малшыларға сатып берген. Сол арқылы малды меншіктену мен менеджерлігін толығымен базар экономикасына сәйкестендірген. Ал мал шаруашыдығын модернизациялаудың жолы - малшыларды отырықтандыру деп есептейді және осы бағытта малшыларды отырықтандыру жүзеге асырылып келеді.
XX ғасырдын соңында Шынжаңның мал шаруашылығында 160 мыңдай отбасы, бір миллионнан аса адам болған. Жайылымдық малға егістік жердегі мал басын қосып есептегенде, Шынжаң бойынша 40 миллион тұяқ мал бағылуда екен /63/. Мал шаруашылығын отырықтандыруды зерттеген мамандардың айтуынша: «Шыңжан бойынша 60 пайыздан астам малшы отбасы отырықтандырылғанымен, ол сан сапаға сай келмейді. Электр, су, жол, тұрғын үй, қора, жем-шөптік жері бар жан-жақты өлшемге жеткен, аты затына сай отырықтанған малшы семьясы жалпы малшылардың 30 пайызын құрайды. Осы сандық көрсеткіштен көрініп тұрғандай 70 пайыз малшы семьясы әлі төрт маусым бойы көшіп-қонып жүретін өндіріс, тұрмыс тәсілімен қоштаса алмай отырған» көрінеді. Әрине, дәстүрлі өндіріс нысанын өзгерте қоймаған қандастарымыздын қазіргі замандағы нарықтық қатынастарға жауап бере алмасы анық.
Дегенмен ұлы әлеуметтік өзгеріс Кытайдағы қазақтарды нарықтық экономиканың алғашқы майда толқынымен бір шәйіп шыққанда, олардан әр түрлі психологиялық құбылыстар көріне бастаған. Ол құбылыстарды қытайдағы қазақ зерттеушілер үш түрге жіктеген. Бірінші түрі базар экономикасының толқынана түсіп, тұрмыстық күй-жайы жақсарып, байи бастаған қазақтар, ұлттық салт-сана, мәдени дәстүр, адамдық этиканы ескеруден гөрі экономикалық мүддесін күйіттеуге бой ұратын болған; екінші түрі - шаруашылығы біраз жақсарған қазақтар. Олар бұрынғы байлардың тұрмысына еліктеп, атақ шығаруға әуестеніп, болымсыз іске бола аста-төк ас беріп, той жасап, ат шаптырып, бәйге беріп, жүлденің алдына түйе, артына бие беруді әдетке айналдырған. Сондай-ақ олар жиналып құдалық өткізу, аста-төк ішіп-жеу, қалыңмал беру (атақ шығару үшін), қонаққа қостап қой сою сияқты сырапшылықты әдетке айналдырған; үшінші түрі, кедейленіп өмірден торығып күй кешкендер. Соған қарамастан олар көл уақытын бос өткізуге, арақ ішіп маскүнемдікке салынып төбелес шығаруға, ұрлық істеуге, тіпті, қылмыс жасауға үйір болып алғандар /64/. Бұл сияқты психологиялық және әлеуметтік құбылыстар - қытайдағы қандастарымыздың өмір көзқарасының дұрыс болмағанын және олардың әлеуметтік тұрмысының тұрақсыздығын аңғартады.
Әлеуметтік экономиканың құлдырауы мәдениеттің дамуына тұсау болатыны белгілі. Шыңжаңдағы қазақтардың жалпы әлеуметтік мәдениетінің дамуы XX ғасырдың тоқсаныншы жылдардың ортасынан бастап құлдырай бастады. Себебі қазақтардың әлеуметтік экономикасының нашарлауы және білім беру мен еңбек бөлісі жүйесіндеі реформаның қазақ жастарының жоғары өрлеп оқуына және оқу бітірген соң жұмысқа ор-наласуын қиынлатып жіберген.
Өткен ғасырдың 90-жылдардын ортасынан бастап Қытайда жоғары оқу орындарында ақылы білім беру түзімі (тәртібі) жолға қойылды. Және оқу бітірушілер конкурс арқылы немесе енбек биржасы арқылы өзі жұмыс орнын табуға тиісті болды. Сонымен экономикалық құлдырау күйіне түскен қазақ шаруаларының ұл-қыздарынан өз қаржысымен жоғары оқу орындарын оқи алатындарының қатары күрт азайды. Олардың арасынан жоғары оқу орындарын, тіпті атақты университет бітіргендердің өзі жұмыс орындарын таба алмай көшеде сенделіп қала беретін болды. Сөйтіп қазақ жастары жоғары оқу орындарын оқу емес, орта мектеп бітімін толық алуға да құлықсыз болды. Оның үстіне «жоспарлы түрде бала туу» саясатының нәтижесінде қазақ отбасында бала санын азаюына байланысты, аудандық және ауылдық қазақ орта мектептері қысқаруға немесе өзара бірігуге мәжбүр болды. Бұл жағдай қазақ оқытушыларының жұмыстан қысқаруына әкеп соқты. Ал қазақ оқу-ағарту, білім берудің әлсіреуі - қазақ тіліндегі мерзімді басылымдар мен кітап шаруашылығын күйзеліске ұшыратты Сөйтіп, өткен ғасырдың соңында Қытайдағы қазақтарда әлеуметтік экономикалық және мәдени дағдарыс айқын байқалды. Атап айтқанда, жыл сайын шарықтап дамып келе жатқан Қытай қоғамында өмір сүріп отырған қазақтардың жыл өткен сайын тұрмыс-тіршіліктерінің құлдырай беруі - қытай коғамындағы үлкен бір сәйкессіздік құбылыс болып отырғаны шындық.
Қытайдағы қандастарымыздың әлеуметтік мәдени дамуындағы мәселелерді тексеріп-зерттеген жетекші ғылыми қызметкерлер Жақып Мырзаханұлы, Каһарман Мұқахұлы және Шәріпхан Әбдалиұлының «Ұлтымыздың заман талабына сай дамуына кедергі болып отырған кейбір мәселелер туралы толғаныс» /65/ атты көлемді мақаласының тұжырымдарын саралап қарайтын болсақ.
Мақала авторлары аталмыш тақырып бойынша өздерінің тексеріп-зерттеулерін 1996-1997 жылдары жүргізген. Олар зерттеу барысында негізінен төмендегідей қорытынды тұжырымдар түйіндеген:
Қытайда жиырма жылдан артық жүргізілген әлеуметтік реформаның нәтижесінде «қазақ халкының сан ғасырлық дала мәдениетіне негіз болып келген натуралды (тұйық) шаруашылық және бертінгі кезге дейінгі жартылай натурал шаруашылық жағдайында қанға сіңісті болып кеткен көптеген қасаң таным, ескі сана, әдет-дағдылардан белгілі дәрежеде арыла бастады. Көшпелі немесе жартылай көшпелі өмірге әдеттенген, оны қимайтын керанау сана мен әдеттер өзгере бастады... Шаруашылық пен мәдени өмірдің алуан саласына ден қойып араласа бастады. Жер-жерде әр салада бірсыпыра казақ азаматтарынын кәсіптену, тың тірлікке талпыну, ауқаттану жақтарынан бой көрсетуі сонын айғағы. Осынын өзі халқымыздың базар шаруашылығына ерікті - еріксіз үйлесе бастағандығының көрінісі. Қазақ халқының өндіріс тәсілі, тұрмыс формасы, ой-санасы және күн көзкарасы жақтарында азды-көпті өзгеріс болғандығы айқын байқалады».
Қытайдағы қазақтардың нақтылы жағдайы жөнінде: «Халқымыздың дені әлі де жергілікті шарт-жағдайға сай жалаң малшылық және егіншілікпен шұғылданып отыр. Тіпті сан-салалы кәсіп жолына ойысуды былай қойып, қолындағы азын-аулақ малын да жөндеп баға алмай, азғана жеріне жөндеп егін сала алмай, жан бағуы мұң болып отырғандары көп кездеседі. Сонымен кедейлер қатары көбейіп барады».
Ал кедейленудің себептерін олар төмендегідей факторлардан қарастырған:
1. Қазақтарда «тың тірлікке ұмтылу рухының, құндық (нарықтық) көзкарастың әлсіздігі; оқу-ағартудың маңыздылығын жете түсінбеуі; ұлттық оқу-ағарту сапасынын төмендігі; оқуға ынтасыздық, қазіргі кезде белең алып отырған нашар ауқым - балаларды, әсіресе, қыз балаларды жөнді оқытпау немесе оку жасындағы балаларды жол ортадан мектептен шығарып алу. Мұндай жағдай, әсіресе, ауыл қыстақтарда көптеп кездеседі. Кейбір ата-аналар балаларынын оку шығынын ауыр көреді, бірақ өздері ақшаларын аста-төк той жасауға, қонақ шақыруға аямайды. Осындай теріс ықпалдардың салдарынан және басқа да себептерден жер-жерлердегі орталау, орта мектептердегі қазақ оқушыларының саны жылдан-жылға азайып барады» екен.
2. Халқымызда сақталған «ұлттық салт-дәстүрге талғамсыздық, зиянды бәсекеге салынушылық; атақ шығару үшін үлкен той жасап, аста-төк ас беріп, ақша шашу».
3. «Мәдениет қабылдаудағы талғамсыздық. Басқа халықтардың озық мәдениетін қабылдағаннан гөрі олардың жағымсыз жақтарын тез қабылдау; спирттік ішімдікке салыну, жалқаулық, құнтсыздыктың салдарынан, олар жеке меншігіне тиген азын-аулақ малынан әлдеқашан айырылып, енді басқалардың малын бағып, әрең күн көретін күйге түскен және ондайлардың катары көбейген». Бұл талдауларды әрине жан-жақты болған деп айта алмаймыз.
Жалпы айтқанда, Қытайдағы қазақ зиялыларының өз ұлтының әлеуметтік экономикасы мен мәдениетінін нашарлауынын себеп салдарын қарастырған еңбектерінде, әлеуметтік статистикалық сандық мәліметтер аз, бірақ қоғамдық құбылыстарды теориялық танымдық жақтардан пайымдауы жоғары денгейде орын алып отырған мәселені шешетін практикалық қолданысқа енгізетіндей нақтылы ұсыныстар жоқ қазақтардың дамуына кедергі болып отырған ішкі себептерді қазбалау басым ал оның сыртқы әлеуметтік себептеріне талдау аз. Деғенмен олардың өздері тап болып отырған әлеуметтік мәдени мәселелерді ашық талқылауы, ортақ танымға келулерінің маңызы зор деп бағалаймыз.
Ал қоғамдық өмір шындығына келсек, Қытайдағы қазақтардың әлеуметтік экономикалық жақтан да, рухани, мәдениет жақтан да әлсіреген күйде XXI ғасырға аяқ басканы айқын байқалады.
Достарыңызбен бөлісу: |