Негізгі бөлім
Мұқағали Мақатаевтың «Наурыз» өлеңіне сатылай кешенді талдау
Наурыз
Ақпан кетті араз боп наурызбен,
Наурыз жүр жоғалған бағын іздеп.
Көктем жетті көрісіп, жанын үзген,
Қыс аттанды қоштасып тағы бізбен.
Көктем жетті көл көсір шуақ қуып,
Қыс барады қиылып, жылап тұрып.
Шатырында үйлердің наурыз жүр,
Мұз көргісін ақпанның лақтырып.
Тозған тонын бойына кие алмай бір,
Қайда барса қарт Аяз сыя алмай жүр.
Асқар таулар атасын шақырады,
Ой мен қырын атасы қия алмай жүр.
Қарар емес наурыз атағына,
Алар емес ақпанды қатарына.
Күні бойы жылаған қарт пенденің,
Түні бойы мұз тоңды сақалына.
Авторы:М.Мақатаев (1931- 1976). Қазақтың ақиық ақыны.Алматы облысы Райымбек ауданының Қарасаз ауылында дүниеге келген. «Бәсеке»,«Соғады жүрек», «Қош бол ,махаббат» т.б жинақтарының авторы.
2. Тақырыбы: Туған жерінің әсем де, көркем, сұлу табиғатының көрінісі.Ақын табиғатқа жан бітіре, ерекше мейірлене жырлаған.Қаламгер табиғаттың көктем мезгілі келгенде оянуын, құлпыруын, қыс мезгілін қарт ата мифологиялық образын жасап, нағыз суреткерше қуана білген.
Тақырып автордың айтайын деген ойының негізгі арқауы. Бұл өлеңің тақырыбы- табиғаттың әдемі, жанды көрінісі.
3. Жанр түрі поэзия (өлең) .Себебі, өлең - дегеніміз белгілі бір өлшеммен қиыннан қиыстырып, үйлесімді ырғақпен ұйқасып келетін өрнекті сөз жүйесі. Ақын поэзия құдіретін адамдық асыл сезіммен байланыстыра қабылдайды.Өмірдегі сұлулық, жақсылық, махаббат атауларының негізі де осы аяуды сезім күшінде жатыр деп түсінеді, сезіне біледі.
4. Идеясы - автор тақырып арқылы табиғат көріністерін суреттегенде, оны өз көзқарасы, өз дүниетанымы тұрғысынан бейнелейді.Ақын сөз арқылы өз мақсат- мүддесін, арманын білдіреді. Мұқағали Мақатаев осы «Наурыз» атты өлеңін өзінің керемет тіл байлығымен, әдебиеттің көркем сөздері арқылы сөзбен салып, суреттеп бізге бай қазынасын қалдырып кеткен.Ақынның табиғатқа, өмірге деген құштарлық адам рухын жандандырып, сезімін сілкіп оятатындай күшті де тегеуірінді де өмір гимні іспетті. Автордың айтайын деген ойы табиғаттың көктем мен қыс мезгілдерінің ерке мінездерін дәріптеу, яғни ақынның өз ойы, қуанышы бақытты сәті.
5 . Шумақ – Бұл өлең 4 шумақтан тұрады. Шумақ -дегеніміз аяқталған синтаксистік біртұтас ойды білдіреді.
6.Тармақ - дегеніміз бұл өлеңің әр жолы. Өлең 16 тармақтан тұрады.
7. Бунақ саны – 3 бунақты. Бунақ –бұл өлең жолының белгілі бір дауыс ырғағымен бөлінуі.
Ақпан кетті\\ араз боп\\ наурызбен,
Наурыз жүр\\ жоғалған \\бағын іздеп.
Көктем жетті\\ көрісіп,\\ жанын үзген,
Қыс аттанды\\ қоштасып \\тағы бізбен.
8. Буын саны- сөздің құрамындағы дауысты дыбыстардың санына байланысты болады. Өлең жолының буын саны-10 буынды.
Ақ-пан кет-ті а-раз боп нау-рыз-бен,
Нау-рыз жүр жо-ғал-ған ба-ғын із-деп.
Көк-тем жет-ті кө-рі-сіп, жа-нын үз-ген,
Қыс ат-тан-ды қош-та-сып та-ғы біз-бен.
9. Ұйқас түрі - қара өлең ұйқасымен жазылған. (А-А-Б-А). Ұйқас - бұл соңғы сөздері бір-бірімен үндес, дыбыстары да бірегей жақын, ол өлеңнің бүкіл бітімімен, мазмұнымен тамырлас келіп, оған ерекше саз, әуен беретін өлең тармақтарындағы сөздер үндестігі.
10. Әдеби теориялық ұғымдар:
Троп немесе құбылту дегеніміз - сөздерді тура мағынасында емес, бұрма мағынада қолдану, шындықты бейнелеп, кейде тіпті перделеп таныту, ойды өзгертіп, кейде тіпті өңін айналдырып айту. Тропқа жататын эпитет пен кейіптеу.
Эпитет дегеніміз - заттың айрықша белгілерін, ерекше сипаттарын, қасиеттерін білдіретін сөз. Эпитеттер- Көл-көсір шуақ, тозған тон, асқар таулар, қарт Аяз.
Кейіптеу- жансызға, жансыз көрініске, затқа жан бітіре суреттеу.
Кейіптеулер- Ақпан кетті араз боп наурызбен,
Наурыз жүр жоғалған бағын іздеп.
Көктем жетті көрісіп, жанын үзген,
Қыс аттанды қоштасып тағы бізбен.
Көктем жетті көл көсір шуақ қуып,
Қыс барады қиылып, жылап тұрып.
Шатырында үйлердің наурыз жүр,
Мұз көргісін ақпанның лақтырып.
Тозған тонын бойына кие алмай бір,
Қайда барса қарт Аяз сыя алмай жүр.
Асқар таулар атасын шақырады,
Ой мен қырын атасы қия алмай жүр.
Метафора яки ауыстыру - сөз мәнін өңдендіре өзгертіп айту. Суреттеліп отырған затты не құбылысты айқындай түсу үшін, ажарландыра түсу үшін оларды өздеріне ұқсас, өзге затқа не құбылысқа балау, сөйтіп, мағынасын үстеу, мазмұнын тереңдетіп, әсерін күшейту.
Метафора- Тозған тонын бойына кие алмай жүр.Көктем жетті көрісіп,жанын үзген.
Параллелизм (егіздеу) - бұл екі ұдай нәрсені, құбылысты, ұғымды сезімді қатар қойып, жұптап суреттеу. Ақын - адамның көңіл-күйін табиғат құбылыстары мен салыстыра егіздеудің, яки психологиялық параллелизмнің классикалық үлгісін пайдалана отырып, қыс мезгілі мен көктем мезгілдерін, ақпан айы мен көктемнің жаршысы наурыз айын қатар алып, образ тудыра бейнелеген.
Гипербола (үлкейту, ұлғайту)- қарт пенденің
11. Түсіндірме сөздік.Мұз көргісін-мұз лақтыру
12. Тәрбиелік мәні. Өлеңде табиғатқа деген құштарлық адам рухын жаңғыртып, сезімін сілкіп оятатындай күшті де, әсерлі бейнеленген. Ақын суреттеген табиғаттан ерекше сыр мен сымбат, түр мен түс көргендей, дала табиғатының жұпарын сезгендей күй кешеміз. Өлең жолдарын оқи отырып, ол суреттеген жерде өзің де жүргендей боласың. Шын суреткерлік шеберлікпен жасалған көктем мен қыс көріністері адам жанын тебірентеді. Өлеңде жыл мезгілдеріне жан бітіріп,ақпанды қарт бейнесінде, көктем жаршысы наурызды ерке, назды, сұлу бойжеткен бейнесінде көз алдымызға елестейді. Қыстың қатал сынына ұшыраған қарт пенденің күні бойы жылаған көз жасы, қыстың қатал суығында сақалына мұз болып тоңуы ерекше әсерге ие.
Өлең табиғат мезгілдерінің сан түрлі құбылыстарының қызығын көріп, қызықтай білуге шақырады. Табиғат мезгілдерінің әрбір көрінісінен тамсана ләззат алуға, әр мезгілдің жанымызға сыйлар рахатын көре біліуге тәрбиелейді.
Мұқағали Мақатаевтың «Наурыз» өлеңі мен Абай Құнанбайұлының «Қыс» өлеңінің ұқсастығы.
Қуат алып Абайдың тіл күшінен,
Жыр жазамын Абайдың үлгісімен.
Абай болып табынсам бір кісіге,
Абай болып түңілем бір кісіден...-
ақиық өзі айтқандай ұлы Абайды өзіне үлгі тұтады.Абай салған сара жолдың тарихын жалғаушы іспетті.
Мұқағали Мақатаевтың «Наурыз» өлеңінде табиғаттың қыс мезгілінің құбылыстарының қаталдығы, қарт Аяз бейнесі суреттелген. Бұл өлеңі дана Абайдың «Қыс» өлеңіндегі кәрі құдаң қыс бейнесімен ұқсас.
Мұқағали Мақатаевтың «Наурыз» өлеңі мен Абай Құнанбайұлының «Жазғытұры» өлеңінің ұқсастығы.
Абайдың «Жазғытұры» өлеңінде жазғытұры мезгілінің өзіне тән көрінісі, табиғат әлеміне енген жаңалық, табиғат көрінісі мен ел өмірі суретелсе, ал Мұқағали ақынның «Наурыз» өлеңінде көктем мезгілінің жаршысы наурыз айындағы табиғат құбылыстары, көл-көсір шуағы суреттеледі.
Қортынды
Мұқағали Мақатаев – ешқашан ортаймайтын, ешқашан сөнбейтін мол қазына қалдырған ақын. Өзінің көзі тірісінде «Ильич», «Армысыңдар достар» (1966), «Қарлығашым келдің бе?» (1968), «Мавр» (1970), «Шөп жапырақтары», «Сонеттер», «Құдіретті комедия», «Дариға жүрек» (1972), «Аққулар ұйықтағанда» (1974), «Шуағым менің» (1975), «Өмір-дастан» (1976) секілді барлығы 11 кітабы жарық көріпті. Олардың әрқайсысында таңдамалыға ұялмай ұсынатын ғажайып жырлар орын алған. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ», - деп қазақ атамыз тегін айтпаған. Қазіргі айтылып, жазылып жатқан астатөк мақтау, марапат сан алуан естеліктердің ол кезде бір де біреуі жоқ еді. Тек тарих беттерін парақтағанда, көзге ілінетін кейбір деректерді бүгінгі үлкен тойдың мінберінен ерекше тоқталып айту біздің парызымыз .
Мұқағали өмір сүрген кеңестік дәуірде Әлмерек би, Райымбек батыр, Қабай жырау, Сырымбет, Хангелді, Түке бабалардың есімін атаудың өзі үлкен қылмыс болып саналушы еді. Соған қарамастан, ақынның батылдығы арқасында тарихи шындық жыр тілінде өрілді. Бұл да Мақатаев поэзиясының ұлттық рухты көтерудегі зор үлесінің дәлелі.
Ол ел ертеңіне қатты алаңдады. Мұқағали Мақатаевтың мемлекет, қоғам, саясат жайлы ой-пікірлері бастапқы кезде өзі өмір сүрген кезеңмен үндес болса, өмірінің соңына қарай мүлде өзгерген болатын. Ақын өз халқының Одақ құрамындағы мүшкіл халін, болашағының бұлыңғырлығын түсініп, ел ертеңіне алаңдаулы болды десек, қателеспейміз. Мұқағали Мақатаев шығармаларын зерделей отырып, бір нәрсеге анық көзіміз жетеді, адамдардың санасына да билік жүргізілген кеңестік кезеңде тірлік кешкен ақынның ойы ешнәрсеге тәуелсіз болған, ол өзі өмір сүрген ортаға қатысты өмірінің әр кезеңінде дербес көзқараста болған, орын алып жатқан жағдайларға өздігінше баға бере білген, мұның өзі оның артында қалған мұраның құндылығын арттыра түседі.
Мұқағали ақын қазақтың салт-дәстүрлерінің поэзиядағы тұтас галереясын жасады деуге де толық негіз бар. Мұқағали жырлары – қазақи болмыс тіршілігіміздің, атадан балаға дарып келе жатқан асыл салт-дәстүріміздің де айнасы бола білді.
Пайдаланған әдебиеттер:
1.М.Мақатаев«Аманат», 2002жыл.
2.М.Мақатаев «Соғады жүрек»( таңдамалы 2 томдық) 1982 жыл.
3.Х.Сүйінішәлиев «Қазақ әдебиетінің тарихы» 1997 жыл.
4.Н.А.Оразахынова «Сатылай комплексті талдау» 1999 жыл.
5.Ә.Қоңыратбаев «Қазақ әдебиетінің тарихы» 1994 жыл.
Достарыңызбен бөлісу: |