Емі.
Тыныс жетіспеушілігін жоюға бағытталады. Тыныс жетіспеушілігінің II-III дәрежелерінде науқасты ауруханаға жатқызу керек. Кереуеттің бас жағы 30-40 градусқа жоғары тұруы қажет. Науқасқа ылғалды оттегін қолдану тағайындалады. Бұл шаралардың тиімділігі болмаған жағдайда, өкпеге қосымша ауа үрлеу (вентиляция) жүргізіледі. Сонымен қатар 2% натрий гидрокарбонаты, 5-10% ацетилцистеин, гидрокортизон аэрозолдары қолданылады. Ентікпе кезінде әрдайым сусыздану үрдісі жүретіндіктен, науқасқа жылы сұйықтықтар қолдану қажет. Қатты сусыздану мен электролиттердің бұзылысы кезінде инфузионды ем қолданылады. Осы уақыттағы «ылғалды өкпе», яғни сол жақ қарыншаның жетіспеушілік белгісі диуретиктер мен жүрек гликозидтерін тағайындауға негіз болады[18,19]. Рибавирин (виразол)-РНК-вирустарын тежейтіндіктен, оны 3-7 күн бойы бір тәуліктегі 12-18 сағат аралығында аэрозоль ретінде қолданға болады. Ем қабылдай бастаған соң, 3-4 күнінде балалардың көпшілігінің жағдайлары жақсарады. Науқастарға бронхиолиттің айқын гипоксемиясы кезінде, орташа және ауыр түрлерінде, туа пайда болған жүрек ақауында, муковисцидозда рибавирин тағайындалады. Бронхиолитпен ауырған, атопиялық диатезі бар балаларға селективті β2-агонистері тағайындалады. Олар әрбір 20 минут сайын 0,15 мг/кг мөлшеріндегі сальбутамол қабылдап тұруы тиіс (3 кесте). Глюкокортикостероидтар жергілікті және парентаралды түрде қолданылады (бірінші тәулікте преднизолон көктамырға 3-5 мг/кг мөлшерде енгізіледі).
Егер балада созылмалы инфекция ошақтары анықталса, сонымен бірге ол жуық арада іріңді-септикалық аурулармен ауырған болса ғана оған антибиотиктер ғана тағайындалады. Бронхиолиттің ұзақтығы 5-7 күн. [16, 17,18, 19]. Кейбір науқастарға 2,4% эуфиллин 0,1-0,2 мл/кг мөлшерінде көктамырға енгізу тағайындалады. 0,1% эуфиллин сұйықтығы апноэсы бар барлық науқастарға, сондай-ақ өкпелік гипертензияның белгілерін азайту мақсатында қолданылады. Седативті дәрілер тыныс орталығын тежейтін болғандықтан, оларды қолданған дұрыс емес. Науқастың жағдайы жақсарғанда (тыныс және жүрек-қантамыр жетіспеушілігі азайған кезінде) постуралды және дірілді (вибрациялық) ысқымақ (массаж) қолдану тиімді. Білте (дренаж) кезінде Квинке қалпын қолданады, яғни баланың басы және кеуде жасушасы төмен түсіп тұруы, ал жамбасы аздап жоғары көтеріліп тұруы қажет. Бұл қалыпта күніне 2-3 рет, арасында үзіліс жасап, 15-20 минуттай тұруы керек. Сәбилерге дірілді ысқымақ саусақтың ұшымен қабырға араларын бойлай жасалады.
Бронхиолитте екіншілік алдын алу – сапалы тамақтану, дене шынықтыру, РС-инфекциямен ауырған адамдармен қарым-қатынаста болудың алдын алу. Жедел респираторлы вирусты инфекцияның алғашқы белгілері кезінде интерферонды, сондай-ақ алдын алу ретінде анаферонды қолдану қажет. РС-инфекцияға қарсы вакциналар жоқ.
Достарыңызбен бөлісу: |