5.2. Әлеуметтік – педагогикалық үдерістің негізгі құрамдас бөліктеріне жалпы сипаттама
Кез-келген үдерістің даму кезеңдері (сатылары) болады. Сапалы өзгеруі оның сатылары ретінде жиі сипатталады (уакытша кезеңдер). Кезең мен саты синоним ретінде жиі қолданылады.
Кезеңдер (сатылар) тәрбие, даму үдерісінде қандай жағдайда, қанша уақыт ішінде нелердің іске асатындығына тәуелді түрде анықталады. Олардың белгілері тиісті әлеуметтік-педагогикалық құбылыста тұлғаның жас мөлшерінің өзгеруі болуы мүмкін. Олардың әрқайсысындағы неғұрлым сипатты (типтік) сапалық өзгерістер (танылуы) бір кезеңнің басқа кезеңнен өзгешелігін ажыратуға мүмкіндік береді.
Егер адамның бүкіл өміріндегі әлеуметтік даму үдерісін қарасақ, даму кезеңдері адамның әлеуметтік мәртебесінің өзгешеліктерімен: бала, оқушы, студент, сондай-ақ, оның әлеуметтік даму және танылу ерекшеліктерімен анықталады.
Осы заманғы жасқа байланысты психология және педагогика жас ерекшеліктеріне қарай дамудың нақтылы кезеңдері мен сапалық және сандық сипаттарын, сондай-ақ, олардың әрқайсысындағы адамның даму ерекшеліктерін анықтап берді. Бұл білімдер әлеуметтік педагогқа адамның әрбір даму кезеңдеріндегі әлеуметтік дамуы барысын бағалауға және соған сәйкес әлеуметтік-педагогикалық қызметтің мақсаты мен сипатын анықтауды бағдарлауға көмек береді.
Ішкі мазмұнның мүмкіндіктерін іске асыру пәрменділігі көбіне сыртқы әлеуметтік-педагогикалық үдеріспен анықталады. Ол қандай деңгейде қажетті қолайлы жағдайларды қамтамасыз етеді, мақсатқа сай ынталандырады немесе жағымсыз жағдайды тежейді, сондай мөлшерде ішкі үдерістің әлеуетін іске асырады. Әлеуметтік педагог үшін сыртқы әлеуметтік-педагогикалық үдерістің мәнісін білу және оны өзінің кәсіби қызметінде іске асыра білу маңызды фактор болып табылады.
Әлеуметтік-педагогикалық үдерістің мазмұнын қарауда екі түрлі тәсілдеме негізге алынады, олар: функционалдық және құрылымдық.
Функционалдық тәсілдеме нақтылы маманның кәсіби қызметінің әрбір кезеңіндегі (кезең бөліктеріндегі) ерекшелігін анықтайды. Ол әлеуметтік педагогтың белгілі тұлғамен (топпен) кәсіби қызметінде неғұрлым мақсатқа сай нұсқасын іздеу, сондай-ақ, оның ұтымдылығын бағалау үшін маңызды.
Құрауыштарының құрамы бойынша бұл тәсілдеме құрылымдық тәсілдемеден субъекті мен объектісінің болуымен, сондай-ақ, функционалдық мақсаты бойынша әрбір кезеңге (кезең бөліктеріне) және оның маңызды құрауыштары ретінде кезең бөліктеріне (мысалы, диагностикалық-бағдарлаушы кезең: бағалаушы-жағдаяттық; диагностикалық; болжамдаушы кезең бөліктерін қамтиды) бөлінуімен ерекшеленеді.
Әлеуметтік педагогикалық үдеріс субъектісі – бұл әлеуметтік педагог. Оның ұстанымы көбінесе уәждемемен, әзірлікпен, әлеуметтік тәжірибемен, жеке кәсіби қызметінің стилімен анықталады.
Әлеуметтік-педагогикалық үдерістің мазмұны мен бағыты әлеуметтік-педагогикалық қызметтің белгілі объектісіне (адамдардың түрлі топтары – нормаға сәйкес келетін, сонымен бірге, қайсыбір ауытқушылықтары бар, түрлі жастағы, әлеуметтік қорғалмаған адамдар), оның жеке ерекшеліктеріне, мүмкіндіктеріне, әлеуметтік проблемаларына деген көзқарасына, оны шешу мүмкіндіктеріне бағдарланды.
Субъект пен объект әлеуметтік-педагогикалық үдерістің өзгешелігін анықтайды.
Субъектінің әлеуметтік-педагогикалық қызметі оның кәсіби мақсатына сәйкес іске асырылады, бұл маман қызметінің негізгі мақсатымен байланысты және нәтижесінің идеалдық көрінісі болып табылады. Бұл ретте, оның ақиқатқа сәйкес келуі де, келмеуі де мүмкін.
Функционалдық тәсілдеме бойынша әрбір кезеңнің функционалдық мақсаты болады, ал әдебиетте педагогикалық үдеріске функционалдық тәсілдеменің мынадай кезеңдері көрсетіледі:
-диагностикалық-болжалдық;
-технологияны таңдау;
-тікелей дайындық;
-іске асырушы;
- бағалаушы – нәтижелік
Құрылымдық тәсілдеме белгілі мақсатқа жету бойынша қызметтің сипатын зерттеу және талдау үшін маңызды. Оның құраушы құрам шартты белгілері бойынша мынадай кезеңдерді қамтиды:
- дайындық;
- тікелей қызмет (таңдап алынған педагогикалық технологияны іске асыру үдерісі)
- нәтижелік;
Оларға толығырақ тоқталайық.
Достарыңызбен бөлісу: |