Фридрих Фребель (1782-1852) неміс педагогы, мектепке дейінгі тәрбие теоретигі, мектепке дейінгі тәрбиенің алғашқы жүйесін құрушы, И.Г.Песталоццидің ізін белсенді жалғастырушы.
Неміс философы, психологы және педагогы Иоганн Фридрих Гербарттың (1776-1841) тәрбие ілімінде әлеуметтік элемент орын алды. Ол әлеуметтік мүдделі тәрбиеге назар аударуды және ежелгі антикалық дәуірде балалардың халық жанын оның әдебиеті арқылы танып-білгеніне тәнті болды.
Ағарту ғасырының индивидуалдық ағымы адамның жеке бас тәрбиесін абсолюттеуді іске асырды. Неміс философы Фридрих Ницше (1844-1900) көтерген «билікке ұмтылу» культі және «асқан адам» культі адам тәрбиесінің мақсаты - оны қоғамда (мемлекетте) өмір сүруге дайындау идеясының тууына себепші болды. Индивидуалдық идеясына қарама-қарсы қоғамдық ынтымақтастық үрдісі қалыптаса бастады. Жеке адамның еркін дамуы идеясы жария болуымен бірге оның қоғамдық дамуының жалпының жалқы бөлігі ретіндегі негіздері де іздестірілді. Бұл адамға өзінің дамуы және тәрбиеленуі барысында белгілі бір әлеуметтік-мәдени ортада өзін-өзі танытуға дайындалуы қажеттігінен туындады. Қоғамның өзі де бір-бірімен шаруасы жоқ, ештеңеге мұқтаж емес жекелеген адамдардың жиынтығы емес, тұтас бір әлеуметтік мәдени ортаны құрайтын адамдарды қажет етеді.
__________________________________________________________
1 Отандық әлеуметтік педагогика хрестоматия/ құраст. алғысөзін жазған Л.В.Мардахаев.: «Академия» баспа орталығы, 2003. 14-б.
Аталмыш факт ХІХғ. екінші жартысынан бастап Еуропада «педагогикадағы әлеуметтік бағыт» атты жаңа идеяның пайда болуына алып келді. Оның көрнекті өкілдері: неміс философы және педагогы Пауль Наторп (1854-1924), неміс педагогы Пауль Бергеманн (1862-1946), американдық философ, психолог және педагог Джон Дьюи (1859-1952), неміс педагогы Георг Кершенштейнер (Кершенштайнер) (1854-1932), швейцарлық педагог Роберт Зейдель (1850-1933) және басқалар.
«Әлеуметтік педагогика» кітабының авторы П.Наторп өз ілімінде мына жайттарды зерделеп, алға тартты:
- педагогика, бір жағынан, адамның білім алуына қызмет ететін әлеуметтік жағдайларды көрсетуі тиіс, басқа жағынан алғанда – бұл білімнің адамның жалпы жұртқа, басқа адамдарға, топтарға қатынасын сезінуі үшін қандай болуы қажет екенін көрсетуі тиіс. Бұл өзара анықтау әлеуметтік педагогиканың мазмұнын құрайды;
- «әлеуметтік педагогика» ұғымы әлеуметтік өмірге адами (яғни, шынайы – адамдық - білімдік) өмір салтын беру осындай өмір тәртібімен сәйкесетін және осы өмірге араласатын жеке адам тәрбиесіне тәуелді болатыны сияқты, жеке адам тәрбиесі әлеуметтік үдерістермен (әлеуметтік қатынастармен) байланысты екенін, осы фактіні принципті түрде тануды білдіреді.
Жеке тұлғалық әлеуметтік тәсілдеменің әлеуметтік педагогиканың қалыптасуында рөл атқаратын бірнеше бастау көздері осындай.
Достарыңызбен бөлісу: |