ТҮСІНІКТЕР
«Тағдыр»
Жазушы Қабдеш Жұмаділов 1962
жылы ата жұртқа оралғанда, біраз
тарихи деректер жинақтап, болашақта жазсам деп армандаған екі үлкен
шығармасы болған екен. Оның бірі — «Соңғы көш» роман-дилогиясы да,
екіншісі — «Тағдыр» романы.
Алайда көңілдегі кітаптарды жазуға бірден кірісіп кете алмайды.
Белгісіз жас автор жұртшылық назарына шетел тақырыбына арналған кесек
роман ұсыну үшін, алдымен шағын жанрларда күш сынап, танылуы керек
болады. Алғашқы жылдарда «Жас дəурен» атты өлеңдер жинағын, «Қаздар
қайтып барады» атты əңгімелер
топтамасын шығарып, «Көкейкесті»
романын жазады. Міне осыдан кейін ғана «Соңғы көшті» жазу, жарыққа
шығару, сараптан өткізу əлегі басталады. Шыңжаң қазақтарының өмірінен
жазылған романды жариялау керек пе, жоқ па деген сұраққа төрелік айтуды
Қазақстаннан бірде-бір мекеме, не
жеке адам өз мойнына алмай
(Жазушылар одағы, Ғылым академиясы, Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті)
қолжазбаны Мəскеудегі Қиыр Шығыс институтына жолдап, солардан
сараптама алдырады. Мəскеудің алғы сөзімен «Соңғы көш» 1973-жылы
«Жұлдыз» журналына зорға басылады. Содан «Соңғы көштің» екінші
кітабына кіріседі. Сөйтіп жүргенде, жетпісінші жылдар өте шығады. Бұл
аралықта басқа да шығармалар дүниеге келеді. Сонымен, не керек, автор
«Тағдыр» романын жазуға 80-жылдардың ортасында ғана мүмкіндік алады.
Бірақ,
оның есесіне, бұл кезде роман оқиғасы баста пісіп болған еді.
Онсыз да бəрі авторға қанық жайлар болатын. Ел таныс, жер таныс. Күні
кеше Шəуешекте болған оқиғалар. Төртуыл тайпасының үкірдайы —
Демежан басындағы трагедияны (Демежан 1908 жылы Шəуешекте дарға
асылды) автор бала жастан жаттап өскен. Ру арасындағы тартыс,
Демежанның достары да, қастары да белгілі еді. Енді тек шекара бөлісіне
қатысты деректерді айқындау, қағанат тарихы
мен Маншың ұлықтарының
тұрмыс тіршілігін, салт-санасын зерделеу ғана қалған-ды. Əрине, романға
кірісер алдында бұған да біраз уақыт кетеді.
Бір тəуірі, жазушы 80-жылдардын басынан бастап, кеңсе қызметін
қойып, бірыңғай шығармашылық жұмысқа шығып алған-ды. Уақыт
жеткілікті еді. Бұған енді осы уақытқа дейін бес роман, бəленбай əңгіме-
хикаят тудырған жазушы тəжірибесін қосыңыз.
Автордың жасы елуге
таяған, нағыз толысқан шағы еді.
«Таңғажайып
дүние»
ғұмырнамасында
айтылуына
қарағанда,
жазушының ең армансыз, қапысыз жазылған шығармасы — осы «Тағдыр»
болса керек. Роман 1985-жылы қазан айында басталып, 1987-жылы ақпанда
аяқталыпты. 1986-жылдың жазында бір-екі ай тыныстап алғаны болмаса,
автор əл-Фараби атындағы жазушылардың шығармашылық үйінен ешқайда
қозғалмаған.
Бір тыныспен, үзбей отырып бір жарым жылда жазып
шыққан. Жазушы өз ғұмырнамасында əрқандай шығарманы екі рет
көшіретінін айтады. Алғашқы жолда «құдайдың құлаққа сыбырлағаны»
қағазға түссе, екінші рет аққа көшіргенде, өндеу, қырнау жұмыстары қоса
атқарылады. Автордың айтуынша: «Тағдыр» романы тұсында мың беттік
қолжазбаны екі қайта жазып шыққан. «Құймышық
сірі болып, саусақ
сүйелденіп» кеткен.
«Тағдыр» романы — көркемдік өресі, мазмұн жағынан ғана емес, форма
жағынан да кемелдікке жеткен шығарма. Романда таразы басын тең
тартатын төрт бөлім бар. Əр бөлімі он тараудан — қырық тарау бар.
Классикалық туындыларда ғана болатын симметрия шарты толық
сақталған.
Артық сөз, артық бояу, қосалқы көріністер ұшыраспайды.
Оқиғалар шашау шықпай негізгі желіге көгенделіп берілген.
Көлемі 36 баспа табақ «Тағдыр» романы ең алдымен «Жұлдыз»
журналында (1988 ж. № 4 — 5 — 6) жарияланды. Таралымы — 158 437
дана. Сол жылы «Жазушы» баспасынан 40 000 данамен жеке кітап болып
басылды. Оқырман қауым кітапты бір айдың ішінде талап əкеткен.
Романды əдебиетші қауым бірден жоғары бағалады: «Тағдыр» —
ұлтжанды қаһарманды биік өреге көтерген роман. Ол — қазақ əдебиетінің
өз қойнауынан шыққан туынды. Басқа тілдерге аударылғанда ғана бағы
ашылатын кейбір шығармалардай, батыс я Латын Америкасы роман үлгісі
бойынша пішілмеген. «Тағдырды» оқып отырғанда қазақтың кең даласына
сүңгіп кеткендей рахатқа бөленесің» деп жазды
кейін ол туралы профессор
Шериаздан Елеукенов.
Жазушының елеулі еңбегін əдебиет сүйер қауым ғана емес, жоғарғы
ресми орындар да бірден мойындады. 1990-жылы «Тағдыр» романына
Абай атындағы мемлекеттік сыйлық берілді. Тағы бір атап өтетін нəрсе, сол
жылы əдебиет пен өнерге бөлінген бес сыйлықтың төртеуі бос қалып,
Қабдеш Жұмаділов бəйгеден жалғыз қара боп келді.
«Тағдыр» романы көп томдықта бірінші рет қайта басылып отыр.
Түсініктерді жазған Арман Жұмаділов
Оглавление
БІРІНШІ БӨЛІМ
ЕКІНШІ БӨЛІМ