Кемел ойдың алыбы



бет4/4
Дата14.06.2016
өлшемі363 Kb.
#135566
1   2   3   4

ШАБЫТЫ ШАЛҚАР ШЕРАҒАҢ
Қазақ әдебиетіне өзіндік қолтаңбасымен танылған қаламгердің бірегейі – Шерхан Мұртаза. Айтулы қаламгер жайлы соңғы жылдарда аз жазылып, аз айтылып жүрген жоқ. Түйіндеп айтсақ, Шерхан Мұртаза қазақ әдебиеті мен қазақ журналистикасына елеулі үлес қосқан талантты тұлға. Журналистика кеңестік кезде де, қазір де айрықша рөл атқаруда. Әсіресе, публицистика, очерк жанрында жазылған туындылар көркем әдебиет үлгілерімен тепе-тең мәнге ие болғаны да шындық. Ал тәуелсіздік жылдарында журналистика көркем әдебиеттің алдына шығып кетті. Неге? Себебі, кеңестік кезеңдегі ой мен санаға тұсау болған тиым, яғни терминдік үлгіде айтылатын цензура алынып тасталды. Тақырыпты елеп-екшеу, бұрын-соңды жазылмаған мәселелерді көтеру – журналистика еншісіне тиді. Сондықтан да тәуелсіздік басталар-басталмас уақытта-ақ халық жадынан өшірілген арыстарымыз хақында, ашаршылық жылдары жөнінде жазылған материалдарға жол ашылды. Өткенімізге үңілдік. Тарихымызды қайта парақтадық. Көзімізді ашқан октябрь, кеңес өкіметі деген бір жақты тұжырымға сыни тұрғыда қарап, оң және кемшін тұстарымызды салмақтай бастадық. Октябрьден де бұрын өмір болғанын, ата-бабаларымыз көшпенді ел болса да, өркениетке әлімсақтан қол жеткізгендігінен хабардар болдық. Қазақ мемлекеттігі болғандығы, хандық жүйенің іргелілігі жайлы біліміміз бен білігіміз тереңдей түсті. Хандық жүйені әдейі бұзып, ел тұтастығына сына қағылған, тағдыры талайлы еліміз туралы емін-еркін, уәжбен, дәлелмен сөз сөйлеп, ақиқат жолын ұстанған зиялы қауым өкілдерінің көсемсөзбен өрілген мақалаларын шөліркей оқыдық. Өз тіліміздің нәрі мен құнарына қанбай қалған ұрпақ өкілі ретінде тамсана тыңдадық. Сондай зиялы қауым өкілдерінің бірі – Шерхан аға Мұртаза еді.

Өз елінің рухы үшін жаратылған ерлері болмаса, сол халықтың, ұлттың болашағы күңгірт болады. Рас, біздің ұлтта көш бастаған, ұлт тағдырын ұлық тұтқан ер азаматтарымыз аз емес. Шерхан Мұртазаның публицистикасынан көркем шығармаларынан біз осыны аңғарамыз.

Өзінің қаламгерлік жолын әу бастан журналистикадан бастаған Шерағаң көркем әдебиетте де көш бастады. Бастапқыда алғаш рет «Табылған теңіз» повесімен оқырмандар сүйіспеншілігіне бөленді. Повесть жеке қаламгердің өмірді көрмей жатып-ақ жазған туындысы емес. Өмірдің сан-саласын, адамдар тағдырының иірімдерін көріп-біліп, танып-талғап болғаннан кейінгі жазушылық, суреткерлік, ойшылдық елегінен сұрыпталып өткен шынайылығымен ерекшеленетін шығарма келді дүниеге. Көркем туындыға қойылар басты талап сондай болуы керек деген қағиданы әлі күнге дейін қолдайтындығымыз да сол себепті. Өмірді әр қырынан, әр тұсынан терең біліп қана өміршең туынды жарық дүниеге келмек деген сөзде жан бар.

Шерхан Мұртаза көркем әдебиетке өмірлік тәжірибені мол жинап алған соң келді. Журналистік өмір адам тағдырын білуде, түсінуде, ұғынуда үлкен мектеп. Керек болса – университет. Журналистика – елді, өмірді, адамды танып-білуде аса қажетті құрал. Сол себепті де әлемнің әйгілі жазушылары – Эрнест Хемингуэй, Габриэль Гарсиа Маркес, Шыңғыс Айтматов бәрі-бәрі де журналистикадан келген, қатардағы қарапайым репортаждар жазып, роман жанрын игерген. Шерхан Мұртаза да осы ақиқат заңдылығымен, көрнекті жазушы деңгейіне көтерілген. Жазушыны суреткер десек те, Шерхан Мұртаза шығармалары байыпты ой айту, ойға шомдыру, айналаны аңғара білу дағдыларын оятуымен ерекшеленеді. Оған алғашқы повестерінен кейін жарық көрген «Белгісіз солдаттың баласы», «Бұлтсыз найзағай», «Мылтықсыз майдан» секілді повестері дәлел бола алады.

Бүгінде Шерхан Мұртаза – көрнекті жазушы, журналист, айтулы қоғам қайраткері болғандықтан, қаламгер шығармалары хақында бірер мақалалармен толық танып білуге болмайды. Қазақ әдебиетінде қазірде шерхантану дәрістері де басталып кетті. Бұл орынды әрі заңды. Көркем-әдеби туындылары арнайы зерттеуді, сараптауды, талдауды қажет етеді. Жазушының шағын проза жанрында жазған шағын жанрда жазылған әңгімелері, оқырмандарымен орта жанрда қауыштырған повестері, халқымыздың біртуар перзенті Тұрар Рысқұловтың бейнесін сомдаған күрделі проза жанрындағы романдары хақында солай деуімізге болады. Ақиқаты да сол.

Қазақ әдебиетінде әңгіме жанры – әлі де өте қиын әрі өте күрделі жанр ретінде сипатталады. Өйткені әңгіме тек жалаң оқиғаға құрылмайды. Мұнда кейіпкерлердің ішкі дүниесі, сезімі, ойға тербер құдіреті болуға тиіс. Бәлкім бүгінде осынау қағида әбден өзгеріске түсуі де мүмкін. Оқиғасыз, ойсыз, сезімсіз де әңгімелердің туындап жатқаны мәлім. Оған кінәлі қаламгер яки әдебиет теориясы емес. Бұған себепкер елді мекендердің урбанизацияға ұшырауы, ірі қалаларға, яғни мегаполистерге айналуы. Сондықтан да, әлемдік әдебиетте бүгінде халықтан гөрі жеке адамдардың тағдыры, ой-ниеттері, сезімдері жеке-дара күйінде, халықтан оқшау суреттелуінде болып отыр. Рас, қазақ оқырмандары үшін бұндай құбылыс әлі де түсініксіздеу. Жат болмыс сияқты аңғарылады. Бірақ әлемдік әдеби үдерістен шет қалмауға тиіспіз. Хабардар болып, танысып, біліп жүргеннің зияны жоқ.

Ал Шерағаңның әңгімелері сезімді селт еткізеді. Ойға жарық сәуле дарытады. Өзге жанның сезім құбылыстары, көңіл-күй толқындары бейнебір дүр сілкіндіргендей болады. Өзіңе ғана тиесілі жәйтпен қайтадан жолыққандай күй кештіреді. Атап айтар болсақ, «Қырық бірінші жылғы келіншек», «Интернат наны», «Бір нәзік сәуле», «Сол бір күз», «Жаңбырлы той», «Сусамыр» және тағы басқа да әңгімелері әрбір адам тағдырына бейжай қарауға болмайтынын дәлелдер көркем туындылар.

Жалпы алғанда, жазушы Шерхан Мұртазаның прозалық шығармаларының қай жанрын алсақ та, журналистке тән қоғамдық сипатқа ие адами, адамгершілік құндылықтары, руханият мәселелері, әсіресе, елдікке сызат түсірмеу секілді ішкі ой ағыстары басымдау сезіледі. Бұл, әрине, бүгінде мейір мен шапағат, бауырмалдық секілді ұғымдардың екінші кезекке шегерілген кезеңдерінде маңызы артпаса, ешқашанда кемімек емес.

Шерхан Мұртазаның билік тарапынан жоғары баға алған, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығына ие болған көркем шығармасы – «Қара маржан» романы еді. Бұл роман негізінен алғанда Қаратау кеншілерінің өмірінен алынған, өндіріс тақырыбын өзек еткен туынды болса да, онда адам тағдыры басты назарда екендігін атап айтқан жөн. Рас, кеңестік әдебиетте белгілібір тақырыптар болды. Көркем әдебиетте өндірісті, жұмысшыларды, компартияны, коммунистерді, олардың бейнелерін ашып көрсету секілді арнайы тапсырыстар болды. Десек те, бұндай тапсырыспен жазылған шығармалардың бәрін күресінге лақтыра беруге бломайды. Олардың арасында көркем әдебиет талаптарына сай, оқырманның сүйіспеншілігіне бөленген шығармалар да аз емес-ті. Бұндай көркем дүниелерді қазіргі уақыт талабы биігімен бағаласақ, көп нәрсеге қанығамыз. Белгілібір уақыттың өмір шындығын көз алдымыздан өткереміз. Қалай десек те, әдебиет – өмір шындығы емес пе.

Ал шындықты әспеттеу қай әдебиетке болса да басты қағида.

Романдағы басты кейіпкерлер – Нариман мен Жарас, Ақан қарт, Әділ, Мәрзия, Таңшолпан бейнелері дара мінез иелері. Олардың іс-әрекеттері көркем әрі шебер суреттелген. Әрбірі оқырман есінде дара күйінде сақталып қалады.

Шабыты шалқар Шерағаң өзінің айтулы тарихи романдары – Тұрар Рысқұлов жайлы көркем туындылары арқылы – қалың оқырмандардың назарында болды. Тұрар Рысқұлов – халқымыздың біртуар азаматы. Оқығаны, көргендігі мен көрегендігі, мемлекеттік қызметтегі қайыспас қайсарлығы мен дипломатиялық бейімділігі Шерағаң романдары арқылы оқырман жадында жатталып қалды. Күрделі кезеңде өмір сүрген, сол уақытқа еңбегі сіңген тұлғаның трагедиялық тағдыры әлі де көпті ойлантады.

Өзі қызмет жасаған жүйе өзінің табанында таптаса, әрине, қитұрқы саясаттың жемісі бұл. Ұлттың ішінен іріктеліп шыққан ұлы тұлғалардың көзін жою арқылы тобырлық көзқарасты балалатудың нышаны деп ұғынамыз біз бұны. Текті, тектілікті сыйламаған жан өзге елдің де құрметіне бөленбестігін айшықтаған жылдар еді ол. Солай болды да. Қазақ даласында ханы да, батыры да, биі де, халқы да әдірем етілді. Ханы жауыз, батыры ойдан шығарылған құр дақпырт, биі ескі заманның қалдығы, халқы көшпенді деген теріс атақты жамылды. Береке басы – бірлік деген ұлағатты жаттап өткен ен дала перзенттері бір-біріне алакөзденіп, алауыздықтың ащы дәмін татты. Айдалды, атылды, тәркіленді, ашаршылыққа ұшырады. Топ бастаған айтулы көсемдері болған дана ел табанынан тозды. Бұл – ұмытылуға тиіс емес жағдаяттар. Көркем шығарма оқырманның намыс отын жағады. Өше бастаған рухты үрлейді. Бейнебір, сөндіріп алмағайсың деп ескерткендей. Ұлағат танытқандай аңғарылады.

Жазушының тарихи роман жанрында жазылған «Қызыл жебе» атты кітабы, әрине, өз уақытының көрінісін дәл бейнелеген туынды. Мұнда кеңестік кезеңнің көсемін әспеттеу, оның саясатын қолдау да бар. Әйтсе де, бүгінгі күн тұрғысынан алғанда, бұған мүлдем өзгеше пікір қалыптасқандығы мәлім. Сол себепті тарихи романды белгілібір уақыттың шынайы шындығы, сол жылдардың тарихи-көркем жылнамасы, шежіресі деп қабылдауымызға әбден болады. Тарихи шығармадағы тарихи деректерді зерделеумен біргелікте, автордың ұлттық мүдделерді басты нысана етіп, бойға сіңіргені, жүректен өткізгені айқын аңғарылады. Осы тұрғыдан алғанда, Шерағаң ұлтымыздың бірегей ұлдарының бірі – Тұрар Рысқұловтың талайлы тағдырын өзіндік сюжет, дара мінез арқылы ойдағыдай көрсеткендігі оқырман қауымға аян. Кеңес өкіметі тұсында тарихымыз бұрмаланды. Сол себепті, бүгінде Тұрар бейнесі арқылы төл халқымыз өзінің ерлеріне, еліне деген сүйіспеншілігін арттыра түсті. Оқырмандар кезінде жылы қабылдаған шығарма болды бұл. Тұрардың жас кезінен бастап суреттелетін оқиғалардың барлығы дерлік есте қаларлықтай байыпты, тыңғылықты өрнектелген туынды деуіміздің себебі сол. Жазушының жетістігі мен шеберолігі сонда, сол замана уақыты мен кейіпкерлер дүниесінің іс-әрекеттері, сөйлеген сөздері мен оқиғалар тізбектері жасандылықтан ада. Шынайы, табиғи қасиет кітап беттерінен менмұндалап тұрады.

Жазушының бақыты да, мақсат-ниеті де осы емес пе?! Туған тілі, өз діні, төл дәстүрі, жол-жобасы бар елсің, адаспа, өзгелердің ішінде жоғалып қалма, өздігіңді, қазақи болмысыңды сақта деп тұрғандай сезімде боласың.

Жазушының және тағы бір қыры драматургия екендігі мәлім. Шерағаңның «Сталинге хат», «Бесеудің хаты» драмалық шығармаларының да кезінде аншлагпен өткендігі әлі де есте. Неге? Негесі сол, отарлық сана меңдеген ой-пікір тәуелсіздікке ұмтылды. Біз де елміз, халықпыз. Жеріміз, суымыз бар. Өткеніміз тұнып тұрған тарих. Соны елейік, екшейік. Ұмытпалық, ұлағатты ұрпақ дегендей, сананы сәулелендірген драмалық, трагедиялық сахна қойылымдарын көрермен қалайша ұмытпақ. Жоғарыда аталған драмалық шығармалар құнының тым жоғары болу себебі осында болатын. Отар елден тәуелсіз елге бет бұрған ұлт өз рухын іздей бастаған шақ еді ол.

Пьесаларының тақырыптық, мазмұндық, тағылымдық ерекшелігі – оның көркемдігінде, көсемсөздік сипатында, тәуелсіздік мұраттарымен үйлесе, қабыса байланысқандығында еді. Мұнда да еліміздің тарихында елеулі із қалдырған тарихи тұлғалардың мінездері, сөздері, сөз қолданыстары, көзқарастары дара күйде бейнеленеді. Бір-біріне мүлдем ұқсамас кейіпкерлер әлемі өзіндік түр, сипаттармен есте қалады.

Шерхан Мұртаза шығармаларының арасында өзіндік қасиетімен қазіргі қазақ әдебиеті тарихынан өз орнын ойып алатын туындыларының бірі – «Ай мен Айша» романы және «Бір кем дүние» атты терең пәлсапалық, ғибратты кешен еңбегі. Бұл еңбектер қазірде кітап таралымы кемшін тартқан кезде оқырман қолына толық жете алмауда. Десек те, бүгінде көзіқарақты оқырман айтулы қаламгердің қаламынан шыққан дүниелеріне, теледидарда яки радиодан естілген үніне құлақ асудан әлі де бір танбаған. Өйткені, Шерағаң шерткен сыр жеке өзінікі болса да, ұлттың үніндей күркірей естіледі. Көктемнің найзағайындай бүкіл болмысыңды, жан дүниеңді ауыр тарта бастаған ой-күдіктерден арылтады. Дүркіреп, атойлап айтқан сөздері сәуір жаңбырындай тәуір күйге енгізеді. Жаның бір жадырап қалады. Қаламы мен үні сәйкестік тапқан, өзара үйлескен жазбагер жанның бір ерекше сипаты да, мінеки, осындай.

Шерағаңның қазақ әдебиетіне қосқан үлесі өте мол. Қаламгердің осы орайда аудармашылық қасиетін айтпасқа лаж жоқ. «Адамзаттың Айтматовы» деген атақты айдай әлемге таратқан да Шерағаң бастаған журналисттік жалынды басылым беттері еді. Шыңғыс Айтматовтың бірқатар романдарын қазақ тіліне тәржімалап, насихаттау жағына тер төккен Шерағаңның аудармашылық-шығармашылық еңбегінің өзі бір төбе. Әлемдік әдеби үдерісте де көркем аударма ісі ерекше рөл атқарады. Ауыр да азапты жұмыста айтулы қаламгер қазақ оқырмандарына заңғар жазушының көркемдік-философиялық әсем де көрікті әлемімен қауыштыруының өзі үлкен ерлікпен барабар.

Шерхан Мұртаза ел тәуелсіздігіне аянбай қызмет жасады. Еліміздің телерадио саласын басқарып, ұлттың мақтанышына айналды. Ұлттық бағдарламалар санын көбейтуге мүдде танытты. Соның арқасында бүгінде кәсіби білігі жоғары, замана талабына сай журналистік корпусы жасақталды. Бұл топ қазірде тәуелсіздік міндеттерімен тікелей айналысуда. Атқарылған істер, атқарылмақ шаралар аз емес дейді ел басындағылар. Дұрыс сөз. Ең бастысы – елде тыныштық бар. Ынтымақ бар. Солай болғанына тілек қосамыз. Ынтымағы, берекесі жоқ елдердің құрдымға құлайтынын тарих ескертудей-ақ айтуда. Оның бетін әрі қылғай. Бұны неге айтып отырмыз? Айтпағымыз, тәуелсіз еліміздегі жасы сексеннің сеңгіріне көтерілген көрнекті Шерағаңмен мақтанатынымыз. Ел ағасы дәргейіндегі Шерағаңның шығармаларын жата-жастана оқитынымыз. Туындылары көркем. Кітаптары байсалды. Дүниелері салмақты. Алай-дүлей ойларыңды сабырға шақырады. Жұқарған жүйкеңе жайдарылық дарытады. Ашуға мінген мінезге тізгін тартқызады. Шерағаң шығармаларын оқығанда сондай-сондай мінез иесі боласың. Бұл өзіңе де, өзгеге де бүгінде табыла бермейтін қасиет. Проза, драматургия саласында өнімді еңбек етіп, журналистикада публицистиканы көркем әдебиет биігіне жеткізген Шерағаңның шабыты әлі де талай-алай еңбектерге өзек болатыны сөзсіз. Көрнекті жазушы шығармаларына әр заман, әр уақыт өзінше баға берері де хақ. Өйткені, қаламгер де өз заманының перзенті. Ал уақыт, бәрібір, өз көрінісін, бейнесін қаламгер туындыларында бедерлейді. Сол себепті де Шерағаң туындылары арқылы кешеге, ал тарих үшін ХХ ғасыр аталатын заманның небір оқиғалы, небір тағдырлы сәттерін көз алдымызға елестетеміз. Еске түсіреміз. Жадымызды жаңғыртатын қаламы қарымды Шерхан Мұртаза есімді қазақ әдебиетінің өр тұлғалы өкілінің бар болғандығы, шын мәнінде, үлкен бедел, зор айбар.



Шерағаң шығармаларының құндылығы мынада, айтулы қаламгердің әңгімелері, повестері және романдары ешкімнің ескертуінсіз-ақ оқыла береді. Өзінше оқылуында дер едік. Себебі сол, қалам қуаты аса мол жазушының айтар ойы халқымыздың шебер тілімен айшықталған. Байыпты сөздерімен бейнеленген. Кесек те, нұсқа, көшелі де өрелі сөз бағытын аңдаудан адаспаған тау тұлғалы қаламгер елдің рухы биік болуын, намыс оты жай оғындай жарқырай түсуін әманда есте тұтатындай көрінеді. Біз білетін Шерағаң, мінеки, осындай әрдайым шабытты шағында жүретіндей сезіледі. Сол үшін де ұлғайған жасты серік етуге бет алған ұлы оғланымызды шабыттың жарқын белгісіндей болған қанатты пырақтың үстінен үнемі көре бергіміз келеді.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет