Кемел ойдың алыбы


ӘДЕБИЕТ МАМАНДЫҒЫ – МАМАНДЫҚТЫҢ ПАТШАСЫ



бет3/4
Дата14.06.2016
өлшемі363 Kb.
#135566
1   2   3   4

ӘДЕБИЕТ МАМАНДЫҒЫ – МАМАНДЫҚТЫҢ ПАТШАСЫ
Бүгінде әдебиетке деген ынты-ықылас ХХ ғасырдың 60–70- жылдардығыдай емес дейді. Көркем әдебиет аз оқылады. Сұраныс жоғары емес. Қазірде теледидар, компьютер, интернет әдебиетті ығыстырып әкетті. Мінеки, осындай жағдаяттар бүгінгі ұрпаққа көркем әдебиет оқуға кері әсерін тигізуде дейді кейбір жандар өз ой-пікірлерін осылайша түйіндеп. Рас, бұндай пікірлермен де келісесің.

Әйтсе де, әдебиет жайлы жанға жайлы ой-пікірлер айтып, оның қашанда бола беретіндігіне, өміршең екендігіне қылаудай көлеңке түсірмеген әдебиетші-ұстаз, ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, қазақ-өзбек әдебиеті байланысының жанашыры Қалдыбек Сейданов ағамен болған сыр-сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

– Қалдыбек аға, жалпы әдебиет, соның ішінде көркем әдебиет жайлы ой-пікірлеріңізбен бөліссеңіз деп едік.

– Мен студент-жастарға әдебиеттен сабақ беретін болғандықтан, оларға әрдайым қайталап айтудан жалықпайтын бір сөзім бар. Құрметті студенттер деймін. Сендердің әдебиет мамандығын таңдағандарың қандай бақыт! Әдебиет қоғам өмірінің барша саласын қамтиды. Әдебиеттің араласпайтын саласы жоқ. Әдебиет, шын мәнінде, адам жанының елшісі. Әдебиет адам жанының тереңіне барлау жасайды. Ал адам тұнып тұрған жұмбақ. Оны аша отырып, талай сырға қанығасың, ортақтасасың, ғажайып көңіл-күйге бөленесің. Осының өзі адам баласына аздық етпейді. Әдебиет – өнердің патшасы, падишасы.

Әдебиетті сүю, жақсы көру аздық етеді. Бүгінгі әдебиет айтулы ғылымға айналды. Әдебиетті білу – ол жайлы жан-жақты білім алуды қажет етеді бүгінде. Ұлы Мұхтар Әуезовтың «Білім – бақтың жібермейтін қазығы, Білімсіз бақ – әлемнің азабы» деп айтқан сөзін әдебиетке де қолдануға болады. Әдебиет жайлы терең білім алу – жан рахаты.

Бүгінде әдебиетке, әсіресе, көркем әдебиетке деген ынта-ықылас айрықша. Тәуелсіз ел болғанымызға жиырма жылға жуық уақыт болды. Осы мерзім ішінде қазіргі қазақ әдебиеті белгілібір құнды да құнарлы шығармалармен толықты. Осының өзі әдебиеттің өсіп-өркендеп, демып келе жатқандығына дәлел бола алады.

– Қалаға, әдебиетті таңдауыңызға не себеп болды? Әдебиет сізді несімен баурады? Рас, сіз әдебиетті шынайы түрде оқыған ұрпақтың өкілі болсаңыз да, нақтырақ біле түссек деген қызығушылығымыз бар.

– Әдебиетке 1963 жылы келдім. Мен Ташкенттегі Низами атындағы пединституттың «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына студент болып түскенімде қазақтың айтулы ақыны Төлеген Айбергенов осы жоғары оқу орнын бітіріп кеткен еді. Сонда ақынның «Арман сапары» кітабы енді ғана баспадан шыққан болатын. Қазақтың және бір көрнекті ақыны Өмірзақ Қожамұратов маған осы кітапқа рецензия жазуымды өтінді. Институтта сол кезде Сәкен Сейфуллин атындағы әдеби бірлестік жұмыс жасайтын. Содан, рецензия жаздым. Рецензия «Үмітті үн» деп аталатын. Ақын Төлегеннің кітабы жөнінде осылайша жылы пікірімді білдірдім. Өзімше кемшілігін де көрсеттім. Мақалам 1963 жылы 18 тамызда «Лениншіл жас», қазіргі «Жас алаш» газетінде жарық көрді.

Әңгіме жазуды да студенттік жылдарда бастадым. «Ақ қыз», «Өмірде не болмайды» атты әңгімелерім жарық көрді. Бұлардың бәрі де әдебиеттегі алғашқы қадамдар еді. «Ақ қыз» әңгімесінің кейіпкері өмірде болған. Медик қыз жайлы. Ақ халат киіп жүретін. Ол кезде ауылда ақ халат киіп, дәрігерлік қызметте жүретін қыздар сирек кездесетін. Ауыл адамдары ақ халатты киіп жүргені үшін атын атамай, Ақ қыз деп атап кеткен-ді.

– Қазақ, өзбекке ортақсыз. Өзбекстанда тұрасыз. Қазақ жастарына Қазақстанда әдебиеттен сабақ бересіз. Өзбекстандағы қазақ мектептерінің саны қанша, оқулықтары, әсіресе, әдебиеттен жеткілікті ме?

– Өзбекстанда тұрғандықтан мен қазақ-өзбек туыстығын көбірек әңгімеге арқау етемін. Шынында да, қос халық бір шынардың қос бұтағы секілді. Екеуі Алла қосқан көрші. Қазірде Өзбекстанда 521 қазақ мектептері бар. Сол елдегі 10–11-сыныптарда оқылатын «Қазақ әдебиеті» оқулықтарын жаздым. Бұл қолғабысымды алдағы кезде де жалғастыру ниетіндемін.

– Бүгінгі ұрпаққа тәрбие беру жайына көңіліңіз тола ма?

– Менің ұстанымым сол – білім беруде тәлім-тәрбиенің ролін жоғары бағалаймын. Әл-Фараби да «Тәлім-тәрбиесіз берілген білім – ең қауіпті» демей ме? Ата-бабамыз да тәрбиеге ерекше назар аударған. Қарасаңызшы, бесіктің өзін тербеу арқылы баланың тәнін тәрбиелесе, әлди әуенімен сәбидің сана-сезімін қалыптастырған. Бұл тәрбиенің бастауы, қағылар қазығы ғой.

– Отбасында ер мен әйелдің орны жөнінде не айтасыз?

– Ер азаматтың бағы – әйелінде. Үнді елінде мынадай түсінік бар: Әйелі үйінде жарқырып жүрсе, үйдің іші де жап-жарық, жарқырап тұрмақ. Ал әйел қабағын шытып жүрсе, үйдің іші қараңғы тартады, көмескіленеді. Дұрыс қой. Келісесің. Сондай-ақ, ерді сөзіне қарап, әйелді көзіне қарап таңда деген де ғибрат бар. Бұны жастар үшін айтып отырмын. Өйткені, бір сөзді болу, сөздің үдесінен шығу – ер азаматтың тірегінің мықты екендігін білдіреді. Ал қыздың көзі – оның мөлдірлігін, тұңғиық сырын, инабаттылығын мейілінше аңғартады деп санаймын.

– Арақ – шарап туралы не айтасыз?

– Арақ, әсіресе, жас тән мен жанды жаулап алса, бұл – айықпас дерт. Егерде дүкен ішінің төрт бұрышы араққа, шарапқа самсап тұрса, бұл да қасірет. Отбасын ажырататын – арақ. Адамның санасын тұмандататын – арақ. Өткенің мен келешегіңді және бүгініңді ұмыттыратын – арақ. Арақ – ұлттың басты жауы.

– Бүгінгі жігіттерге көңіліңіз тола ма?

Менің ойымша, ер азаматтардың бір бөлігі бүгінде болбырап, босап, суға малынған бөлке нандай былжыраған күйде секілді әсер қалдырады. Босбелбеулік танытатын жігіттер де аз емес. Бүгінде әскерге жігіттердің көпшілігі дерлік барғысы келеді. Әсіресе, жоғары білім алғандары. Олар жұмысқа тұруы үшін, тіпті, жекеменшік фирмалар да жастардың әскери билетінің болғанын қалайды. Ал, әскерге барғысы келмейтін, одан қашатын жігіттер де бар. Олар жұмыс та істемейді. Тиісті кәсіби мамандықтары жоқ жастар. Бұндай қасиет нағыз жігіттерге, мейлінше, тән болмауға тиіс. Түске дейін ұйықтайтындар да бар. Әйелін ұратындар да кездеседі. Арақ көрсе жайнайтындарды айтсам ше. Сөйлегенде сөз бермейтіндер ше. Ата-анасының табысын шашатындарды да есітіп жатамыз. Отбасына сүйеніш, таяныш бола алмай жүретіндер де жоқ па. Жоқ емес. Бар. Мінеки, осындай қасиеттер ер жігітке абырой әпермейді.

– Күні кеше ғана «Жетпіс – жердің түбі» деп жүрген жалынды жаста едіңіз. Келер жылы жеті қырдан асасыз. Осы мерейтойға орай қандай жоспарларды жүзеге асырсам деп ойлайсыз.

– Шығармалылық жұмыста, меіңше, жоспар болмайды. Оған стихия тән. Табиғилық қажет секілді. Қай шығармам болсын, осыны жазсам деп ойлаған жоқпын. Өмірден көрген, білгендерім, сезгендерім мен түйсінгендерім қағаз бетіне түсті. Қаламгерлік тірлік жоспарды қажет етпейді. Өмірден жинаймыз. Содан оқиға өрбиді, кейіпкерлер пайда болады. Біреудің сөз сөйлеу мәнері, сөзі, қимыл-әрекеті, портреті, тұла бойы, болмысы белгілібір кейіпкерге жамалып, тұтас бейнеге айналады. Шығармашылық құпиясының бір сыры осында.

– Сіз Өзбекстанда қазақ тілінде жарық көретін «Нұрлы жол» республикалық басылымда қызмет жасадыңыз. Бас редактор болдыңыз.

– Ия. Өзбекстанда 1991 жылдың 10 қаңтарынан бастап, қазақ тілінде «Достық туы» республикалық газеті жарық көре бастайды. Бұл кезең кеңестік империяның шаңырағы шайқала бастаған уақыт еді. Кеңестік жүйедегі республикалық, облыстық, аудандық газет-журналдардың атауларының айдары ретінде «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!» деген сөз жазылатын. Осы айдарды алып тастадық біз де. Оның орнын «Бақыт – достықта, ырыс – ынтымақта!» деген сөздермен алмастырдық. Аталмыш газет осы қағидаға адал қызмет етті.

Қазірде осы газеттің заңды жалғасы іспетті «Нұрлы жол» газеті жарық көруде. Еліміз, жеріміз жүруге тиісті жолымыз нұрлы болсын деп, «Нұрлы жол» атадық. Осы басылымға 10 жыл 6 ай бас редактор болдым. Газет өзбек тіліндегі экономикалық, саяси-қоғамдық, әлеуметтік-мәдени мәселелерді жан-жақты жазуымен ерекшеленеді.

Осы газетке белгілі журналист, менің шәкіртім Ақан Ташметов ендігіде басшылық жасауда. Газеттің абыройы мен беделі қашанда биік болатындығына сенімім кәміл.

Жалпы алғанда, Ташкент шаһары – қазақ зиялыларының саналы ғұмыры өткен қасиетті мекен. Мұнда Мұхтар Әуезов, Ахмет Байтұрсынов, Сәкен Сейфуллин, Мағжан Жұмабаев, Сұлтанбек Қожанов, Мұхамеджан Тынышбаев және тағы басқа да ұлт тұлғалары қызмет жасаған. Солардың табанының ізі, рухы қалған жерде жұмыс істеуге мүмкіндік туғанына әрдайым қуанамын, мақтанамын.

Мұхтар Әуезов кезінде қырғыз елінің «Манас» дастанын қандай қорғаса, Шыңғыс Айтматовқа қаншалықты мықты қамқорлық көрсетсе, өзбектің тұлғалы әдебиетші-ғалымы Иззат Сұлтановқа да дәл сондай қорған болғанын айта кеткенін жөн деп білемін. Иззат Сұлтанов өзбек әдебиетінің өте бай тарихқа ие екендігін студенттерге ашық айтқанына байланысты қуғындауды бастан өткерді. Өзбек әдебиеті тек кеңестік дәуірде ғана дами бастады деген сыңаржақ пікірді ту еткен әсіре қызыл әдебиетшілер Иззат Сұлтановқа қарсы шығады. Мұхтар Әуезов сол кезде ара түседі. Өзбек әдебиетінің бай тарихқа ие болғандығы жөнінде нақты деректер жинақтаған Иззат Сұлтановтың еңбегін неге қоштамасқа деп, өзінің пайымды парасатын алға тартады. Ұлының аты қашанда ұлы деген осы да.

– Дәстүрлі сауал берсек дейміз. Отбасыңыз жайлы айтсаңыз.

– Отбасымда үш ұл, екі қызым бар. Ташкентте тұрамыз. Бір қызым АҚШ-та оқуын жалғастыруда күйеуімен біргелікте. Менің шығармашылық ісімді жалғастырған ешқайсысы жоқ. Институтта екінші курста оқып жүргенімде үйлендім. Бастапқыда келіншегім ата-анама қарады. Соңыра маған жағдай жасаумен болды. Үй бикесі. Жұмыс істеген жоқ. Өмірімде дүкен, базарға барған адам емеспін. Әйелім шығармашылығыма ешқашан кедергі келтірген емес. Алғашқы сыншым да, оқырманым да өзі болды.

– Және бір сұрақ. Қазақтың ақын-жазушыларынан кімдерді аса қадірлейсіз?

– Қадыр Мырзалиев – философ ақын. Шығыстың, батыстың әдебиетін терең меңгерген. Мұхтар Шаханов баллада жанрын дамытты. Бұрын Қайнекей Жармағанбетов еді. Қазақтың көкейкесті мәселелерін қазір де көтеріп жүр. Фариза Оңғарсынова, Ақұшап Бақыгереева, Марфуға Айтқожина... Жазушылардың ішінен әлі күнге дейін Мұхтар Әуезовті қайталап оқудан жалыққан емеспін. Оның шығармаларын қайталап оқыған сайын жаным жарқырап, жадырай түседі.

«АҚБІЛЕК» – КӨРКЕМ ТІЛМЕН АЙШЫҚТАЛҒАН РОМАН

Қазақ әдебиеті әлемдік әдебиетпен иықтаса алатын деңгейде екендігіне еш күмән жоқ. Бір ғана «әттегенайы» – әлемдік тілдерге толыққанды аударылмай, насихаты кемшін түсіп жатқаны дер едік. Әйтпесе, тәуелсіздік алған ел әдебиетіндегі көркем туындылардың арасында бәйге атындай суырылып шығып, мәреге сынаптай ағатын дүлдүл шығармалар аз емес. Тіпті, көп те. Оларды көре білу қажет. Талдап, сараптау да керек.

ХХ ғасырдың басында-ақ қазақ әдебиетінің көсегесі көгеріп, жапырағы жайқала бастаған-ды. Оған мысал ретінде халқымыздың айтулы қаламгері Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романын айтсақ та жеткілікті. Көркем сөзбен тілдің майын тамыза кестелей өрнектелген осынау романды оқып шыққанда, ескірмейтін, мәңгі құлпырып, жайнай беретін төл тіліміздің құдіретімен қайтадан қауышқандай боласың. Тіл тағдыры алмағайып болған заманда қолдан жасалынған саясаттың салқыны тиіп, ұзақ уақыт оқырманның назарынан тыс қалған «Ақбілек» романы қазақ әдебиетіндегі көркем әдебиет үдерісінде жаңашылдық дәстүрінің алғашқы қарлығаштарының бірі болғандығынан хабар береді.

Роман жанры бастауының бастапқы шебінде болған «Ақбілек» романы, нақтырақ айтқанда, қазақ әдебиетіндегі классикалық туындының дүниеге кездейсоқ келмейтіндігін, бұл мақсатты жүзеге асыруда төл тіліміздің қабілеті мен қуаты әбден жеткілікті екендігін бірден-ақ аңғартты. Қуатты шығарма қазақ әдебиетінде роман жанры мектебінің қалыптасуына, нығаюына елеулі түрде ықпал етті.

Шығарманың басты ерекшелігі – тілінің көркемдігінде. Романның бір деммен оқылатынында. Поэтикалық, ақындық тілдің проза үлгісіндегі асыл шығармада кібіртіктемей, көсіле шапқан тұлпардай толқын-толқынымен үстемелете, орамды ойларымен орайласа келуінде. Мысал келтірелік: «Марқакөлдің шыныдай тынық суы да, көл жиегіндегі иірім-иірім ауыл да, пырылдап, кісінеп, оқыранып, өріске тартып бара жатқан жылқы да, жылқышының қызыл ала тысты тымағы да, анау қозы алып жүрген қайқы төс келіншектің жасыл көйлегі де, аттың жалы да, жеңгесінің басындағы күлдібадам орамалы да батар күннің сарғылтым сәулесіне шомылып, жер-дүние сары көзілдірікпен қарағандай жымыңдап, саңғырап тұрғанда, Ақбілек туып өскен ауылына жетті. Ауылда иттер шуылдайды, қорада қой маңырайды. Аспанда торғай шырылдайды. Қырындап ұшқан құс. Сары ала керенаулап, мыңқылдайды. Енесін іздеп ауылда лақ безілдейді».

Мінеки, суреткер жазушының кең көлемді жанды сергітер табиғат суретімен оқырман қауым жаны жадырап, осылайша табысады. Бұндай көркем көріністер романның басынан аяғына дейін ешбір үзіліссіз кездесе береді десек, артық айтқандық емес. Жазушы роман жанрына тән табиғатты, кейіркерлер әлемін суреттеу тәсілдерінде қарымды қаламгерге тән биік талғаммен бай да құнарлы тілді игеру, туындының талап деңгейінен көріне білуі секілді әдеби-көркем, теориялық және табиғи талант қырларын жете меңгергендігін анық байқауымызға болады.

Елімізге аты да, заты да мәлім Алтай өңіріндегі ел, ондағы суы тұнық Марқакөлді суреттеуден басталған романда қазақ қызы – Ақбілек тағдыры туындыға өзек болады. Табиғаты айрықша өр Алтай мен оның айнадай жарқыраған Марқакөлінің жанында Мамырбай мен оның бәйбішесінің мал-дүниесі, қызы Ақбілегі тып-тыныш ғұмыр кешіп жатқан-ды. Бірақ, бір күні салт атқа мініп ауылға келген орыстың үш ақ офицерлері өз нәпсілерінің жетегіне еріп, Ақбілекті іздеп, оны тауып алуға ірекет жасап, елді ойран-топыр етеді.

Бірақ, Ақбілекті дұшпан көздерден анасы қаншама жасырғанмен, оны қараңғыда жүрген бір ала атты тауып береді. Қызын арашалап алмақ болған ананы дұшпан ниетті үш офицер құлатып, өз дегендеріне жетеді. Ақбілекті атқа өңгеріп әкетеді. Олардың соңынан қуған жігіттердің бірі оққа ұшады.

Оққа ұшқан жігіттің есімі – Бекболат. Ол бұрын байдың баласы болған. Ендігіде сол байлықтың аты бар да, заты кемейген. Әкесі бұрын ауылнай, би болған. Бекболат Ақбілекті елден таңдап жүріп айттырады. Ғашық болады. Ақбілекті іздеп, оның ауылына келеді. Қараңғылықта Ақбілектің жанұшыра көмек сұрап айқайлаған дауысын есітіп, екі аттылы адамның соңынан қуа жөнеледі. Бірақ оң иығына оқ тиіп, жарадар болады.

Ал Ақбілекті аттың үстіне өңгеріп алып кеткен офицер Ресейден келген. Ол ақтардың офицері. Большевиктерге бағынбаймыз деп, қашып жүрген жан. Олардың кейбірі Қытайға да өтіп кеткен. Жетпіс шақты офицер Алтайға келіп тығылады. Күнкөріс қамымен қазақ ауылдарына қырғидай тиіп, оларды әуре-сарсаңға түсіреді. Қазақ қыздарының қара көздеріндегі сиқырлы күштің Еуропа әйелдерінен кем емес екендігін орыс офицері жақсы біледі. Қылымсуды, еркекке жағынуды үйренбегенінен де хабардар. Бірақ, өздері жас болғандықтан, сезімдері жетілгендіктен, олар іштері пысып, тыныш жатқан ауылдың қыздарына тиісетіні де рас-ты. Сол үшін өмірден ләззат алып қалу үшін бастарын өлімге тіккендері де жасырын емес-ті. Сондықтан да, орыс офицері бәрібір алда өлім күтіп тұрғандықтан, Ақбілекті зорлап әкеткенін өзінше ақтап айтады да.

Романда суреттелетін Мұқаш бейнесі де күрделі. Ол Тойбазардың ұлы. Жастай байдың малын баққан. Кейінірек жылқыға қараған. Етінің тірілігінің арқасында қалың беріп, үйленген де. Соңыра өзге біреулердің есігінде жүргенді қорлық санап, Өскемен, Зайсан, Семей жаққа барып жұмыс істеген. Азын-аулақ орыс тілін меңгереді. Өзі сонымен бірге күшті де. Қарсы келгенге әлі де жетеді. Елде төңкеріс орнаған соң, большевиктердің жағына өтіп кетеді. Өзіне қарсылық білдіргендерді қалайша жасырып, жасқантып алудың да айла-тәсілдерін меңгереді. Қолына берген бес атарын мойнына салып, қорқытып, үркітіп, олардың басынан асыра атып, өз пайдасын ойлай да біледі. Бірақ, ел ішіне көрсеткен теріс іс-әрекеттері, пара алғаны мәлім болады. Өзі болыстыққа сайлауға түспек болғанда, бұның үстінен Мамырбайдың ұлы арыз жазады. Мұқаш мылтығынан айырылады. Сөйтіп жүргенде, ақтарға жолығады. Соларға қосылады. Олар оған жақсы қыз тауып бер дегенде, Мамырбайдың Ақбілегін айтады. Қыздың ағасына ол осылайша кек қайтарады. Ақбілек зорлықтың тауанына тап келеді.

Ақбілектің әдемілігі, ақылдылығы, әрине, орыс офицерлерін де қызықтырады. Оладың басшылары да өзара өшігеді. Дуэльге шығып, бірін-бірі өлтіреді. Тілмаш арқылы Ақбілек ендігіде өзін дуэльде тірі қалған орыс офицері әйелдікке алмақ болғанын біледі. Бірақ Ақбілек бойындағы қасиет өз дінінен, әдет-ғұрпынан бөлек өзге ер кісіге деген сүйіспеншілікті емес, жек көрушілік сезімін оятады.

Ақ пейіл, адал көңіл, тұнық сезімді Ақбілек өзі үшін құрбан болған анасы үшін қайғырады. Қалыңдығына келген күйеу жігітін де еске түсіреді. Қызының қандай халде екенін ойлап отырған әкесін де ойға алады. Ақбілек өзін бір сәтке тірі өліктей сезінеді. Бұл шынында да, қазақи болмысты бойжеткен қыздың табиғи бейнесі. Жүсіпбек Аймауытов ХХ басындағы кеңестік жүйенің кері әсері тимеген ұлттық менталитетті өз бойына жинай білген бойжеткен қыздың бейнесін тарихи нақтылық тұрғысынан шебер көрсете білген. Ақбілек тағдыр талайымына көнеді. Қорғансыз халінің жетегіне еріп, өзіне көндірмек ниетте болған орыс офицерінің дегенінен аса алмайды. Қарсылық танытпайды.

Романда суреттелетін Мұқаш бейнесі космополиттік бейне. Онда ұлттық қасиет, ар, намыс атымен жоқ, тіпті, жоққа тән. Ақбілекті өз қолымен ұстатып, зар қақсатуы оның өзінің жеке мүддесінен туындаған. Ар, намыс ол үшін жеке мүддесінің орындалуымен шектеледі. Бірақ, Мұқаш та адам баласы. Адамзатқа ортақ қасиет оған да тән. Өзінің жауыздық қара ниетінің дұрыс еместігін де біледі. Әйтсе де, алған бетінен қайта алмайтынын ұғынатын, ішкі өз дауысы жоқ жан. Оның ойы да тарихи замандағы кеңесшіл жүйенің философиясымен үндес кееді. Романнан үзінді оқылық: «Бай неліктен бай болады? Малайдың арқасы, елдің арқасы ғой, олардың құтырғаны. Төрт түлік малын малшы бақпасыншы, шөбін малай шаппасыншы, отын жақпасыншы, құдығын аршымасыншы – көрейін байдың бай болғанын. Асқанға тосқан деп, Совет үкіметі байлардың пейіліне бола келген бір тосу ғой».

Мұқаштың әйелі де «Үй міндеті – әйелде, түз міндеті – байында» дегенге көндіккен көзқарастың адамы. Мұқаш большевиктердің жағына өткелі бері, кішігірім болса да, билік иесі. Әйелінің де тілі шыға бастаған. «Қызметпен болыс ауылына кетті», «Ауылына шақыртқан екен» деп сөйлеп, күйеуінің қайда жүргенін маңғаздана айтып, тұмсығын керіңкіреп жүруі соны аңғартады. Күйеуінің үйге анау-мынау әкелмей, атының қанжығасы бос келсе, көңілі толмаған әйел секілді торс ететін мінезі де бар.

Мамырбай өзінің қызы Ақбілектен айырылып қалады. Бәйбішесін орыс офицерлері өлтіріп, апанға тастап кетеді. Болашақ күйеуі Бекболатқа да оқ тиеді. Күндердің күнінде тауда тығылып жүрген ақ офицерлерді Мұқаш қызылдардың құрған қақпанына әкеп түсіреді. Ішкі әлемі, іс-әрекеттері қулық- сұмдыққа толы Мұқаш ендігіде қызылдарға болысады. Ақбілек ендігіде қара мұртты ақ офицерге үйрене бастайды. Екеуі бірге болады, жастық сезімнің алауға тола ыстық отын бірге кешеді. Бірақ та Ақбілек дене жақындығын сезгенімен, жанының мүлдем алшақта екендігін байқайды.

Шығармада оқиға дамуы бірте-бірте ширыға дамып, шарықтай түседі. Ақ офицерлер мен жауынгерлер бір күні Ақбілектін өзін жалғыз тастап, басқа жаққа аттанады. Ақбілек олардан құтылғанына қуанады. Түнді елегізіп өткізіп, қасқырларды отпен аластатып, арпалысып, жанының аман қалғанына разы болады. Өзінің ауылын таба алмай жүргенде, жолда дуана Іскендір жолығады. Ешкімге зияны жоқ, адам баласына қиянат жасай алмайтын Іскендір дуана Ақбілекті аулына жеткізбек болады.

Күн кешкіріп қалған соң, Ақбілектің өтініші бойынша дуана Іскендір екеуі кедейлеу бір үйге құдайы қонақ болып кіреді. Үй бикесі Күмсінай үйге келген Мамырбайдың қызы Ақбілек екенін білген соң, көрші-қолаңдарға айтып қояды. Әйелдер де орыс офицерлері алып кеткен Ақбілектің жайын білмек болып, таңырқай әрі қызыға Күмсінайдың үйіне жиналады.

Ақбілек сол үйде таңертең немере ағасы Әмірдің отырғанын байқайды. Онымен бірге аулына қайтады. Ақбілек жол бойында өзімен-өзі іштей сырласады. Оның ішкі монологы – оқырманды сол кездегі иманды, пәк әйел адамының жан сарайындай әсер етеді. Қыз бала үшін он екіде бір гүлі ашылмай жатып, арамдықтың не екенін, ендігі тағдыры не болатынын, кім үшін өмір сүретінін, бәрін-бәрін де тағдыр таразысына салып, ой, сезім елегінен өткізеді. Өзінің ендігі өмірі қараң қалғандай күй кешеді. Күңіренген көңілі құлазиды. Әрине, бойжеткен қыз болмысындағы зорлық пен қорлықты бастан кешкен іс-әрекеттерді ұмыту үшін едәуір уақыт керек еді. Жан жарасы, рух қиналысы Ақбілектің ішкі дүниесінің астан-кестеңін шығарған еді. Жазушы-суреткер Жүсіпбек Аймауытов осынау табиғи мінез-құлықты, яғни характер келбетін көркем тілмен жеткізе білген. Қазақ қызының әу бастағы уыз қалпының шырылдаған үні мен күйін дәл шерткендегі ойға ой қосады, сезімді сергек халге биіктетеді.

Жазушының Ақбілекті суреттегендегі портреті, бейнесі қыл қаламмен салған көркем туындыдай әсерге бөлейді. Қөңіл аударалық: «Маңдайы қақсиып, мойны қаздиып, көзі мөлдіреп, ерні үлбіреп, үріп ауызға салғандай жұтынып тұр еді-ау! Тал бойында бір міні жоқ, жаңа шығып келе жатқан сүйріктей еді. Шашбауын сылдыр еткізіп, сып етіп түрегелгені, тізесімен ақ көйлегін серпе тастап, аяңшыл бедеудей кербездене аяқ басқаны, тысқарыда жүріп, жеңгесімен сыбырлап сөйлесіп, дауысы күмістей сыңғырлап тәп-тәтті күлгені, әнтек жымиып келіп, шай жасап, өп-өтірік сызылғансып, үш саусағының ұшымен шыны аяқ ұсынғаны, салалы қою кірпігін салмақпен қағып, анда-санда көз астымен бір қарап қалғаны, мұның шыны аяғына білдірмей бір қант тастап жібергені...» романда Бекболаттың көзқарасымен беріледі. Және де Ақбілектей қыз үшін өзін құрбандыққа да қиюға әзір Бекболат оның жүрісіне, күлкісіне, көзқарасына елітіп, шынында да, есі кетіп, өзі өмір сүрген өңірде ондай қызды кездестірмегендіктен де, айттырғаны рас еді.

Романда қала қыздарының да емін-еркін өмірі баяндалады. Имандылық жолын аттаған эпизодттық бейнелер де жетіп артылады. Оның бірі – Мадише. Бұндай суреттеулер, яғни суреткер-жазушының роман жанрына сай өмірді және кейіпкерлердің іс-әрекеттерін жан-жақты көрсете білуі шығарманың шырайын аша түскен.

Романда саналуан кейіпкерлер әлемі бар. Олардың бірде-біреуі бір-біріне ұқсамайды. Сонысымен де туынды қызғылықты оқылады. Оқиғалар барысы оқырманды енжар қалдырмайды. Адам бойындағы қасиеттердің қай- қайсысын да көркем шығармадан таба аласыз. Сондай кейіпкерлердің бірі – Жылтыр. «Жылтыр – аты-шулы алаяқ. Оның қылмаған бұзақылығы жоқ. Ол әуелде Матайдың Әбеніне тілмаш болған. Ол қазынаның ақшасын да жеген... Ол абақтыға жүз түсіп, жүз шыққан. Ол бір – сынап. Оның өтірігіне найза бойламайды. Ол бір су, орысшаға да, қазақшаға да бірдей. Ол талай қызды алып қашқан, талайды тастаған, қатын алу, тастау оған тымақ ауыстырып кигенмен бір есеп... Жүріс-тұрысына, бет құбылысына, қол сермесіне көз ілеспейді, бір минутта жүз құбылады» деп суреттейді қаламгер өз кейіпкерлерінің бірін. Күрделі бейне табиғаты, минеки, осындай. Өмірді әбден көрген, ыстық-суығын әбден тартқан Жылтыр бейнесі қаншалықты жағымсыздау болса да, өмірді түрлі деңгейде сезінуімен есте қалады.

Романдағы негізгі кейіпкерлердің бірі Ақбілектің ағасы – Төлеген. Ол еті тірі жігіт. Қай қоғам болмасын, оған қызмет етуді өз міндеті санайды. Жеке ой-пікірі де бар. Қолы ашық, қошеметшіл. Жақсы тұрғанды, мол дастарханды болғанды дұрыс деп біледі. Ол қызылдар билік басына келгенде азық-түлік жағын басқаратын қызметке тұрады. Өзінің жағдайын да жақсартуға көңіл бөледі. Дастархан жайып, белсенділігімен көзге түсіп жүрген ел азаматтарының басын қосып, дәм татқызады. Әрі өз ой-пікірлерімен ашық түрде сырласады.

Қызылдар да төңкеріс болған соң, билік басына бірден келмегендігін романды оқи отырып, көз жеткіземіз. Бастапқыда коммунистер партиясына жазылу жүріп жатқанда, Төлеген мүше болып кірмейді. Оған да өзіндік себебі бар болатын. Қызылдар құлап қалса, екі ортада жан тапсырған шыбын секілді болмайын дейді. Сондықтан да әліптің соңын байқайын дегендей сезімде жүреді.

Романда Ресейде жүзеге асқан төңкерістің қазақ жерінде де жасалуы қажет деген ой-пікірді коммунист Ақбала да айтады. Сол себепті көркем туындыны оқи отырып, Ресейдегі төңкерісшіл идеяны қазақ коммунистері де қолдаған-ау, деген ойға келесің. Кезінде қазақ елін басқарған Ф. И. Голошикеннің «Қазақстанда кіші Октябрь жасау керек» деп, Сталинге ұсыныс жасауының қазақ даласында негізі болғандығына көңіліңіз жете түскендей болады. Ақбала былай деді: «Тегінде біз орыс еңбекшілеріне бөлек ешбір жол таба алмаймыз. Біз солардың соңынан еріп, солармен қол ұстасып, теңдікке жетеміз. Қазақтың өз алдына саясаты да, тарихы да бола алмайды. Сондықтан орыстан бөлініп, іс қыламыз деп ойлаудың, терең мәселелері тексерудің бізге бұл күнде пәлендей қажеті жоқ». Мінеки осындай тәуелділік, отаршылдыққа көндігу ой-пікірі күні кешегі кеңестік жүйе ауқымында жүзеге асты. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында да жеке ел бола алуымыз неғайбыл деген күманға әрі күдікке тола күпті көңілден арыла алмағанымыз да шындық. Бұл – отаршылдық психологиясы тамырының тым тереңге жайылғанының көрінісі еді.

Романда тату-тәтті тіршілік жасап, өмірде бірін-бірі толықтырып жүрген жандар Бекболат пен Ақберген. Олардың айнымас дос болуына себепкер нәрсе – аңшылық. Бекболат – бай баласы. Ақберген – кәрі ананың баласы. Әйелі, екі сиыры мен бір атынан өзге ешқандай дүниесі жоқ. Ол құсбегі, мерген және адал дос. Бекболат та оны жанындай жақсы көреді. Екеуінің әңгімесі де аң мен құс жайлы. Өзге дүние оларды қызықтырмайды. Сол себепті де Бекболат саясат жайлы Ақбілектің ағасы Төлегеннің үйінде айтылған сөздерді ұқпай, өзін қай дүниеде отырғанын білмегендей күй кешеді.

Романда екі достың достығы авторлық баяндау арқылы да толықтырылған. Көркем туындыда бұл жәйт былайша ұғындырылады: «Есептеспеген досты көргеніміз жоқ. Сыртына шығармағанмен, екі достың есебі ішінде жүреді. Есепсіз кетсе, бірін-бірі алдаған, арбаған боп табылады. Оның түбі теңдік емес – зорлық. Міндетсіз, сілетсіз, мақтансыз, қаяусыз, айнымас дос болады дегенге нанбаңыздар, өйткені, өзін ұмытып кететін адам табылмайды: әркімге алдымен тіршілік керек, тамақ керек. Әрі өз басынан, әрі достың пайдасы бірдей табылған соң адам шын дос болып жүреді (әлде шын әлеуметшілдерде де сондай ма екен?). Бекболат пен Ақберген де сондай достар еді».

Роман әртүрлі психологиялық мінез-құлыққа ие кейіпкерлерге тола. Мәселен, Сайлаубай, Аязбек секілді күншілдер. Олар тілеулес ниеттен гөрі ел ішіндегі артық сөздерді айтуға бейімдеу. Аузы жеңіл Жанболат та өмірде бар екендігі шындық. Кейіпкерлердің саналуан болуы – шығарма шырайын келтіре түскен. Өмір шындығын толықтырған. Өмір шындығын мейлінше ашқан деуімізге болады. Олардың іс-әрекеттері де нанымды, сенімді.

Мұқаштың большевиктерге ұнағаны және сол үшін жаңа қызмет сұрағаны, болыс болғысы келетіні, бірақ, одан ешнәрсе шықпағандығы, төңірегіндегі жағымпаздардың бұның көңіліне қарап сөйлегені, ал өкіметтен жақсы қызмет ала алмаған кезінде, олардың бірде-бірінің жанында қалмай, жалтарғандары да өмірдің өзіндей әсер етеді.

Ақбілектің орыс офицерінен зорлық көріп, намысы тапталғанына алғашқыда қорынса да, анасының о дүниеге аттануы және өзімен көрісуге келген ауыл адамдарының жылышырай танытып, мейірлене сөйлесуі, аяушылық танытуы өзіне деген сенімді бірте-бірте нығайтады. Бірақ әкесінің қабағын ашпай, үнемі тұнжырып жүруі, сөйлеспеуі Ақбілекке ауыр тиеді. Ақбілек әкесінің немере інісі Әмірдің әйелі, жеңгесі Ұрқияға іштегі сырын жасырмай айтады. Ақбілектің әкесі Мамырбай табиғатынан балажан адам. Ақбілекті кезінде еркелеткен. Бекболатқа атастырмақ болғанда, бәйбішесінің іс-әрекетін қолдап, қуаттаған. Бірақ Ақбілектің қолды болып, атқа өңгертіліп кеткеніне қатты күйінеді. Жай кетпей сүйекке таңба салғаны жанына батады. Өзгелердің сырттай масқаралап сөйлегені де еңсесін езеді.

Әйтсе де, Мамырбайдың қызы Ақбілекке деген көзқарасын күрт өзгертуге замандасы Әлдекейдің келуі, дастархан басында ашық-жарқын отырып сөйлесуі, өзіне серік етіп, әйел алуы керектігі жайлы айтқан ақыл-кеңестері оң әсерін тигізеді.

«Ақбілек» романында да түс көру ерекше орын алады. Ұрқия – баласы жоқ әйел. Оның есіл-дерті балалы болу еді. Сөйтіп, зарығып, тарығып жүргенде түс көреді. Оны Ақбілекке айтады. Түсінде Ақбілекті бір қара бүркіт іліп алып, аспанға әкетеді. Ұрқия соңынан қуалай жөнеледі. Ақбілек балапанға айналады. Лезде ойда-жоқта Іскендір дуана пайда болады. Ол балапанды ұстап алады. Ұрқия дуанадан балапанды сұрайды. Ол оған береді. Түсті Ақбілек болжай алмайды. Және де қауіп-қатерге жолығармын деп шошиды.

Романдағы оқиғаның дамуы барысы Ақбілекке Бекболаттың хаты келуімен ширыға, шиеленісе түседі. Бекболат Ақбілекке разы пейілмен хат жолдайды. Ақбілек те өзінің ақ ниетімен әдеп сақтай отырып, өзінің ой-пікірін ақ қағазға түсіреді. Ақбілектің Бекболатпен жолығысуы да романтикалық леппен жазылған. Ақбілектің таза көңілі, жүрегінің пәктігі қаламгер шеберлігінің арқасында өте көркем тілмен өрнектелген: «Балалар ұйықтаған кезде Ақбілек мәре көйлегін, таза кемзалын киіп, жұпар иісін аңқытып, шапанын жамылып, аяғын ептеп басып, есікті ептеп ашып, буыны дірілдеп, табалдырықтан аттады. Ай жарық. Қар күмістей жылт-жылт етеді. Жұлдыздар жайнап тұр. Екі үйдің арасындағы жалғыз аяқ жол қарауытып жатыр. Бұл жол – жұмаққа апаратын жол секілді. Осы жолмен барып, қызықты, тәтті сұлу өмірдің есігін ашатын секілді. Басқан сайын бақ есігі жақындайды. Жүрегі дүрсіл қағады».

Өмірді сүйген, оны адал жүрегімен сезінгісі келген Ақбілек аузы күйгенімен, жаны жараланғанымен, үкілеген үмітін үзгісі келмеген, жарға берік, сенімге серік кейіпкердей жадымызды жаңғыртады. Ішкі өзегі майысса да сынбаған, қорлық пен зорлықты бастан кешсе де, боркемік мінез танытпаған қазақтың ар-намыс пен әдепті мінез үлгілерін бойға жинаған нәзік жанын көз алдымызға елестетеді.

Ақбілек пен Бекболаттың арасындағы сүйіспеншілік сезімі нығая бастағанда, оның аяғы ауыр екендігі білінеді. Ақбілек қайтадан қара уайымға салынады. Іштегі баласын түсіруді де ойластырады. Өз ойын жеңгесі Ұрқияға да жеткізеді. Көпті көрген, бір балаға зар болған жеңгесі Ұрқия Ақбілектің қайғысын өз мойнына алуымен ерекшеленеді. Сөйтіп, ол өзінің екіқабат екендігін ел ішіне сездіреді. Сендіреді де.

Романда халқымыздың шешендік сөз өнері дәстүрінің үлгілері де аз кездеспейді. Бұндай тәсілді жазушы Жүсіпбек Аймуытов шығарма кейіпкерлері арқылы туындыда шебер үйлестірген. Мысал келтірелік. Бұл сөзді сөзге шешен, бір тілді Бөкет айтқан екен: «... батыр мен батыр майдандасқан жауда бас қосады; шешен мен шешен таңдайласқан дауда бас қосады; ит пен ит ошақта бас қосады.»

«Алла тағала кешірімді келеді» демекші, осы орайда романда бұған байланысты ғибратты мысал бар. «Таптазани мен қожа Баһаудден бір мәжілісте отырса, біреу: «Язилжалал!» депті. Таптазани ғалым кісі екен! «Зұлжалал емес, залжалал деген дұрыс» десе, қожа Баһаудден қызарып кетеді: «Лауқылмақбұздың өзінен қарайық» дейді. Қараса, «Зұлжалал» екен. Сонда Таптазани назаланып: «Ей тәңірі! Залжалал еді ғой! Мынау үтірді сызып тастайын ба?» дегенде, құдай тағала: «Сенікі де дұрыс: «Залжалал еді, бірақ мына Баһаудден кереметті құлым еді, осыны ұялтпайын деп, «Зұлжалал» қып түзетіп қойып едім» деген екен. Сол айтпақшы, Алла тағала да өзінің сүйген құлдарына рахымы мен мейірі күшті екендігіне көзіміз және бір рет жете түседі.

Ата-бабаларымыздың «әдет-ғұрыптары, жөн-жосықтары және тағлымы бүгінгі ұрпаққа ғибрат әрі үлгі-өнеге. Оларды білген жөн. Зияны тимейді. Пайдасы көл-көсір. Әрине, ондай іс-әрекеттерді тура мағынасында ғана емес, ішкі иірімдерін түсіне, пайымдай ұғынған жөн. Сондай ғибратты сөз мазмұнын мына сөйлемнен де аңғаруға болады: «Қаз дауысты Қазыбек өлгенде, Бегі Мысық әулие өлікті асасымен үш салып, төртінші сала бергенде: «Жындымысың?» деп, біреу қолын ұстай алған екен. Сонда Бегі Мысық әулие: «Ой, қолымды бекер ұстадың-ау! Енді бақ-дәулет үш атасына шейін-ақ барар» деген екен дейді». Бұл әрине, біле білгенге сөз маржаны, ұлағатты сөздің діңгегі. Тағылым дарытар түйіні.

Шығармада қаламгердің сөзді ойната білу тәсілін де шебер меңгергендігі, сол арқылы туындыдағы оқиға мен іс-әрекеттерді қоюлата, ширата білетіндегі оқырмандарды тәнті етеді. Мысалы: «Табақ жайылған кезде Әлдекей көңілденіп: Тоқтар ишанның айтатын қазы-ю, қозы-ю, қымызы-юы болған екен!» деп, байдың бай да мол дастарханының көркін сөз қасиетімен көріктендіруі – сөзіміздің дәлелі.

«Көп жылқыға, үйірге қосылмаған үйір іздемейді» демекші, романда суреттелетін торы шолақ та құл мінезді адамды көз алдымызға елестетеді. Ол арғымақ та тұлпар мінезден ада болған жануар. Адуындылық, асаулық, сұлулық, тізгін салдырмас, құрық ілдірмес мінез оған жат. Жазушы сипаттағандай: «Қойға мінген мал құл болып кетеді ғой. Қалайда торы шолақ үштің біріне қосылған мал. Ол үшеуі: жаман қатын, шабан ат, өтпес пышақ қой».

Романда бай мен кедей өмірінің ара салмағы жер мен көктей екендігіне шығарманы зер сала оқыған оқырманның көзі ә дегеннен-ақ жетеді. Байдың сән-салтанаты, тұрмысы, кең жайылған дастарханы, сол жерде мақтана және масаттана сөйлеген сөздер таразысының бір басында болса, бес түйені торы шолақпен қайтарып әкелмек болып, суық та, қарлы түнде атқа жарымай, үсік шалып, ауырып, о дүниелік болған Қойтекенің өмірі тағдыр таразысының екінші жағында менмұндалайды. Қойтекенің әкесі де қойдың соңында жүрумен басы көрге кірген жан. Аянышты типтер, адам есебіне кірмеген кейіпкерлер. Бұлар ХХ ғасырдың басындағы қазақ даласындағы шынайы шындық әлемінің бір үзік көркем әрі типтік бейнелері.

Романда суреттелетін Әбен бейнесі де күрделі бейне. Ол бір елді аузына қаратқан атақты бай. Шаруға мығым. Көрген-білгені, ұғынып, түсінгенін ұсақ-түйек демейтін ірі мінез иесі. Ол өзінен жоғарыға шәкірт, өз теңдесіне кекірт, өзінен төменге ұстаз да бола алады. Оның билері, нөкерлері де айтар сөздің «майын ағызып, қанын тамызып, әңгіменің иін қандырып, пісіріп, түсіріп әкетіп, тек тоқетерін естіртеді. Бай не мақұлдайды не өз қалпына келтіреді».

Өзін-өзі құрметтеу және қадірлеу жеке адамның өзінен басталады. Оның азан шақырып қойған аты да, әке-бабасының есімдері де, ойда сақталардай, көңілге жатталардай болғаны да жақсы деп білеміз. Кей-кейде халқымыз ырымдап, өз перзенттеріне құлаққа ерсі естілетін есімдер беріп жатады. Бұл өз уақытында дұрыс та болған шығар. Бірақ, замана, уақыт тұрғысынан кереғар екендігін де есте тұтқан жөн. Романда сондай кейіпкерлер де бар. Олар: Мамырбайдың атқосшысы Ұлтарақ. Оның әкесі Итаяқ. Итаяқтың әкесі – Бақыраш. Ал оның әкесінің есімін ешкім де білмейді. Мінеки, жазушы шығармасындағы мәңгүрттік мәселесі. «Жеті атасын білмеген – жетесіз» деген принциппен өмір сүретін ұрпақ үшін мұндай тағлым өте толғақты әрі көкейкесті екендігі қазіргі таңда аса маңызды мәнге ие екендігі белгілі.

Роман ХХ ғасырдың басындағы қазақ даласындағы отбасы тыныс-тіршілігі жайлы көркем сөзбен оқырманға жан-жақты мағлұмат береді. Отбасына екінші әйелдің келуі, оның шаңырақ ішіндегі бала-шағаларға әсері, тоқалдың келуімен бірге үй ішіндегі хал-ахалдың өзгеруі секілді психологиялық иірімдер романда терең әрі әр қырынан суреттеледі. Шығарманы жанр жағынан отбасылық әлеуметтік роман деуімізге болады.

Өмір болған соң адам тағдыры да қилы-қилы болады. Бір-біріне мүлдем ұқсамайтын адам тағдыры романда көрініс табады. Мамырбайдың әйелі өлген соң, тоқал етіп Өрікті алуы, оның Ақбілекке және сіңлісі Сара мен інісі Қажыкенді өгейсіте сөйлеуі, тіпті, басынуы шаңырақтағы бұрынғы берекені сетінетеді.

Үйдегі келеңсіз жағдайдан Мамырбай хабарсыз еді. Біле қалған жағдайда да, ол ондай-ондай мәселелерге көңіл аудармас-ты. Автордың жазғанындай, Мамырбай секілді ер кісілер «Неге десең, қатын-баланың сөзін уақ, бос сөз көреді. «Қатын – ит отайды да қояды, бала шіркін жыламай жүрмейді» деп, өздерін үй ішінің шыр-шырынан жоғары, ірі санайды» деген ой айтады.

Өгейлік танытқан тағдыр талқысы Ақбілек пен тоқал анасы Өрікпен екеуінің арасын одан да бетер шиеленістіре түседі. Өрік – адуынды, кекшіл әйел. Өштессе, алға бетінен қайтпайтын, өмір бойы кешіруді білмейтін жан. Табиғаты солай. Бір қарағанда, әдеби типтік бейне. Ақбілекпен өштескен оның ішкі әлемін автор былай түйіндейді: «Жығылғанды – жұдырықтау – оған өнер, мақтан есепті көрінуші еді. Өйткені, адам – айуанның айуаны ғой. Кімнің басына зобалаң туса, соны табалауға, мұқатуға, одан әрі батпаққа батыруға құмартып тұрады. Табаласа, аяғымен таптаса, сонда айызы қанады. Әсіресе, ел мақтаған кірсіз адамды – кірлеуге жаны өш болады. Өйткені кір көңіл адам кірсізді көре алмайды, күндейді, оны да өзімен бастас, өзіндей қылуға тырысады.»

Осы орайда Шығыстың ұлы ойшыл шайыры Әлішер Науаидың мына бір сөзі еске түседі. «Адамдар бар, адамдардың көркемідүр, адамдар бар, хайуан одан жақсыдүр». Шынында да, өмір атты әлемнің кеңістігінде талай-талай адамдар бар. Сондай-сондай кездерде адамдардың саналуан мінездері мен іс-әрекеттерінің біліп болмас сандаған иірімдеріне деген таңданыстан іштей жарылардай, жағаңды қалай ұстағаныңды байқамай да қаларсың. Бәлкім, типтік бейнелердің әрқилы болуы оқырман қауымының өмірді тереңірек түсінуіне, өзіне сабақ алуына, ширығып өсуіне, асау да айла-тәсілі молдау заманда боркемік болмай өсуге үйретеді деп ойлаймыз.

Әділі керек, қаламгер Ақбілектің тағдырын суреттегенде қара бояуды орынсыз жаға бермеген. Қаламгер тілі көркем әрі табиғи. Мамырбайдың психологиясы шығарма оқиғасының және бір шарықтау шегінде өзгеше мінезімен танылады. Ол – Ақбілектің толғатқан кезін әкесі Мамырбайға тоқалы Өріктің одан бетер күйінсін дегендей естірте айтқан кезі дер едік. Әкесі Ақбілекті мүлдем жек көріп кетеді. Тіпті, көзін жоғалт деп, тоқалына әмір етеді. Жалған намысты ту етіп, жаны жаралы қызына араша болуды, қорғауды қамқор ниет танытуды жөн деп санамайды.

Ақбілек босанады. Өз үйінде емес, әрине, Ұрқия жеңгесінің үйіне таяу, жалғызілікті Көркембай кемпірдің үйінде. Ұл баланы дүниеге әкелген Ақбілек жас сәбидің көзін жоғалтуды кемпірден сұранады. Кемпір оның өтінішін орындайды. Бір балаға зар Ұрқия жеңгесі баланы бауырына басып, сол түні өзінің босанғандығы жөнінде хабар таратады ел ішіне. Ол сәбиін жас балалы бір әйелге емізіп, өсіреді, күтіп бағады. Сол кезде де Ақбілек Бекболатқа бармайтынын айтады. Бірақ, Бекболат қайткенде де Ақбілекті аламын деген райынан қайтпайды. Алайда ел ішіндегі әңгімені ол да есітеді, Ақбілектің аяғы ауыр екендігінен хабардар болады. Осы сөздің рас, өтірігіне көз жеткізу үшін Ақбілекке хат жазады. Рас болса, біржолата түңілетіндігін де сездіреді. Ақбілек те ендігіде ойын баласының тірлігін жасайтын жаста емес-ті. Өтірік айтудың реті, тіпті, жоқ-ты. Бәрібір шындықтың бірде болмаса бір күні беті ашылатынына көзі жеткендіктен, өзінің қиын тағдырының шешімін таба алмаған сәтке тап келеді.

Арада біраз уақыт өткенде Ақбілектің өмірінде өзгеріс болады. Ақбілекті бір ағасы өзімен бірге қалаға әкетеді. Ол қала тіршілігіне бірте-бірте үйрене бастайды. Алты айлық курста оқып, сауатын ашады. Орынбордағы рабфакта оқиды. Сол жерде большевик комиссарлар Ақбала және Балташпен кездеседі. Екеуі де Ақбілекке сүйіспеншілік сезімдерін хатпен білдіреді. Ақбілек Ақбаланы ұнататынын сездіреді.

Бірақ Балташ қалай дегенде де, Ақбаланы Ақбілекке тұрақты жолдас бола алмайтынын айтады. Оның Күлән есімді қызға ғашық болғандығы жөнінде сөз айтып, ақ қағазға түсірген жігіттің күнделігін әкеліп көрсетеді. Балташтың осынау іс-әрекетін қызғанғандықтан, көре алмаушылықтан болар дейді Ақбілек. Әйтсе де, қызығушылық белең алып, Ақбілек күнделікпен танысады.

Шығармада қаламгер Ақбаланың күнделігі арқылы эпистолярлық жанрдың да оқиға дамуы барысындағы мәні мен маңызын көркемдік шеберлік сипатында қолданған. Қаламгердің бейнелерді ашу, олардың іс-әрекеттерін даралау секілді тәсілдері табиғи әрі дәстүрлі түрде көркем тілмен өрнектелген.

Өмір жолында кездескен Балташтың Ақбаланы жамандай сөйлегеніне ашу-ызасы келген Ақбілек өзінің де басынан өткен тағдыр талайымын ашық айтады. Сөйтіп, Балташты өзінен мүлдем түңілдіреді. Екеуара әңгімені Балташ Ақбалаға лезде жеткізерін де Ақбілек пайымдайды. Солай болады да. Ақбала да Ақбілекпен арадағы қатынасты үзеді. Алайда Балташ Ақбілектің өткеніне емес, оның адами қасиеттеріне бас иіп, өзінің көңілін білдіреді. Ақбілек те Балташпен көңіл қосады.

Басшы қызметте болмаса да, басшыға таяныш бола білетін Балташ табандылығымен, ақыл ауанымен, дүниетанымының кеңдігімен оқырмандар есінде қалатын тұлғалы кейіпкерлердің бірі. Ақбілектің жан дүниесін түсінген Балташтың іс-әрекеттері де қазақ қызына деген қазақ жігітінің ақ адал мінез- құлқының көріністері.

Романның шешуші оқиғасында Ақбілектің Балташпен бірге өз аулына келгені, өз баласы – Іскендірмен табысқаны суреттеледі. Ақбілектің бауырынан алып, өзінің перзентіндей етіп өсірген жеңгесі Ұрқиямен әңгімелесуі нәтижесінде баланың бүгінде сүйкімді, зерек болып өсіп келе жатқандығын мінездеу арқылы көрнекті қаламгер Жүсіпбек Аймауытов күрделі жанрда жазылған көркем де елеулі әлеуметтік мәнге ие романға нүкте қояды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет