- Ал, жігіттер, неміс деген қандай екен? Татып көрдіңдер ме?-деді Мұрат.
Жауынгерлер дабырласып жамырай жауап қайтарды:
- Зеңбірегі көп екен иттің.
- Біздің ротаны снарядпен соқты дейсің ... Соқты дейсің... Кісінің есін тандырып жібере жаздады.
- Біздің рота бір танкін өртеді... жақсы жанады екен. Жұрт дабыры толастай бергенде бір жауынгер:
- Дәмін таттық-ау , соның өзі тәтті көрінбейді, - деді.Ол ақырын айтса да жұрттың құлағына естіліп жатты. (Т.Ахтанов. «Қаһарлы күндер»).
Біріншіден, мұнда, әсіресе 3-репликада кейіпкер ойы өте айқын, образды, эмоциялы берілген.
Бұл мысалдан диалогтің стильдік қызметінің зор маңызын білуге болады.
Қарапайым сөздердің диалектизмдерге қарағанда қолданылу территориясы ауқымды, тіпті жалпы халыққа ортақ десе де болады, сондай-ақ олардың әлеуметтік, саяси-әлеуметтік мәні болатын кездері де болады. Қарапайым сөздердің тілімізде атқаратын рөлі жөнінде ғалым Б.Қалиұлы: «Күнделікті ауызекі тілде де, көркем әдебиет тілінде де сөйлеу тіліне тән сөздер мен қарапайым сөздер тобы жиі ұшырасады. Олар тілімізде экспрессивтік, стильдік қызмет атқарады» [67, 70], - деп көрсетеді.
Кейін барактағы жолдастары «Қалай қолға түсіп қалдыңдар?» - деп сұрағанда:
- Неміс жерінде Қоспан екеуміз сияқты ірі немелерге қашуға болмайды екен,- деп жауап береді. Неге? - десе, айтатыны:
- Анаңның көрі жанғыр, мұнда орман сияқты орман бар ма. Кілең бір шөкімдей нәрсе. Басыңды жасырсаң, бөксең көрініп жатыр. (Т.Ахтанов. «Боран»).
Автордың персонаждар қарым- қатынасын диалог түрінде беруінің мақсаты да сол - кейіпкердің тіл ерекшеліктері, мінезі, іс-әрекетке себепші болуы, яғни автор идеясы айқын ашылады. Осындай жағдайларда персонаждың тіл ерекшелегі бойынша диалогтер бірнеше түрге бөлінеді.
1) Халықтың тіл ерекшелігі, яғни халықтың түрлі таптарының
сөйлеу мәнері;
Жергілікті тіл ерекшелігін сөйлеу;
Белгілі бір кәсіпке байланысты;
Ресми сөйлесу;
Осындай алуан түрлі диалогтер түрлі жағдайларды бейнелеуге байланысты синтаксистік құрылымы, құрамы жағынан да:
Жалаң синтаксистік құрылымды (жай сөйлем);
Күрделі синтаксистік құрылымды (құрмалас сөйлем);
Толымсыз сөйлемнен тұратын;
Бірнеше сөйлем қатарларынан жасалған деп саралауға болады.
Монологтер күрделі синтаксистік тұтастық ретінде келсе, диалог өз алдына бір диалогтік бірлік жасайды; яғни екі-үш не одан да көп репликадан тұрады.
- Жауап жазбаймыз ғой,-деп сұрады хатшасы.
- Жоқ (Ғ.Мүсірепов. «Оянған өлке»).
Мұнда бірінші сөйлемнің бастауышы жоқ, жақты сөйлем. 2-репликада бастауышы да, баяндауышы да жоқ. Бұлай бір ғана сөзбен жауап беру бір құрылымдағы екі сөйлемнің бір диалогтік бірлікте екенін білдіреді.
Прозадағы диалогтердің көптеген қасиеттеріне байланысты мынадай алғашқы екі топқа ажыратуға болады: Сыңар диалогтар; Екі не одан да көп диалогтер.
1) Сыңар диалогтер. Бұл көркем әдебиетте кездесіп отыратын нәрсе. Олар негізінен өзінен кейін жалғастыруды тілемейді, көбіне біреулерге арналады.
...Сол бала қазір Игілік пен Қожаның арасына келіп қалғанда, ел арасының ондай-мүндайына қүлағы түрік жүретін Байжан жымың қағып, тықыршып кетті. Кіммен болса да ығыспай қалжыңдасатын әдеті бойынша:
– Қарағым, әкеңе қарай жақынырақ отыр ...- деді Байжан, әке деп кімді айтқанын аңдатпайтын ойнақылау үнмен.
(С. Балғабаев. «Ең әдемі келіншек»).
2)Екі не одан да көп диалогтер. Бұлар көркем әдебиеттегі диалогтердің негізін құрайды. Әдеби шығармаларда сан алуан мазмұнда кездесуіне байланысты бұларды мағынасына қарай былай саралауға болады: 1.Сұрақ-жауап диалогі 2.Қарама-қарсылық диалогі 3.Интонация арқылы көңіл-күйді білдіретін диалог 4.Жарыспалы диалог.
Сұрақ-жауап диалогі. Бұл көркем әдебиетте көп кездеседі. Сонау ауыз әдебиеті үлгілерінен бастап, қазіргі дәуірімізге дейін келе жатқан өнімді форма.
Бес-алты отарын ықтырып алып, ызасын кімнен қайтаруға білмей тұрған Құмарға Қасболаттың сөзі қамшы болды:
Тіптен бар-ау. Бала емес, шаға емес. Күннің райын байқамай ма?! Осындай да ақкөздік бола ма екен?
Түйенің үлкені көпірден таяқ жейді деп. Шынында да, Қоспанның мынау ісі...
Қасболат булығып сөзінің аяғын жұтып қойды. Қаламүш мына үп-үлкен адамның өздерін қиналтып қойғаны үшін Қоспанға ызаланып, дәрменсіз булығып тұрған кескінін көріп, шыдай алмады:
– Сонда, немене? Ағам ерікеннен айдап кетіп пе қойларын?! Күннің райына қарамағанын айтам да,- деді Құмар қинала шытынап.
– Сонда, күннің райына қарағанда, қайтеді? Қораның маңын тақырлап болған жоқпыз ба? Үюлі тұрған шөбі болса, қойларына күрт-күрт шайнатып, үйде отыруды білмейді дейсің бе?
Қасболаттың ноқаттай қара көзі Қаламүшке қадалып, үнсіз бағып түр.
– Өрікпемей, қоя тұршы, шырағым, - деп Құмар кіржің ете қалды.
Қаламүштің екі-үш күннен ішінде булығып келген ызасы ағытылып кетті:
– Жоқ, өрекпимін, Құмар аға! Отарға үш жүз қой тағы қостың. Бірақ үш шөмеле шөп берген жоқсың. Әлде біз қардан қатық жасап береміз бе?! Шопандар бригадасын құрыңыз, бәрін өзіміз қамдайтын болайық деп қақсай-қақсай жағымыз талған жоқ па! Малдың барлық өлім-жітімін шопанның мойнына асып қоясыз да, қарап отырасыз. (Т.Ахтанов. «Боран»).
Осындағы диалогтерді өзіміз ажыратқан түрлерге топтасақ: біріншіден, құрамына қарай толымсыз сөйлемдерден тұрады, синтаксистік құрылымы жалаң, екіншіден, персонаж тілі жалпы халық тіліне жатады.
Сұрақ-жауап диалогтері әртүрлі болады. Бұлардың кейбіреулері міндетті түрде жауап беруді қажет етеді. Ал, кейбіреулері қажет етпей, риторикалық сұраулы сөйлем түрінде болады.
Бұларды мағынасына, ұғым беруіне қарай ашық репликалы, жабық репликалы (реплика-диалог) деп ажыратуға болады. Бұл туралы зерттеуші В.В.Одинцов өзінің «О языке художественной прозы» деген еңбегінде көрсеткен [68, 77]. «Ашық» – біреудің бір мәселеде әңгіме бастауы, реплика тастап,бір нәрсе, оқиға туралы келесі адамды сөзге тартып,сұрақ қоюы. «Жабық» – келесі адамның жауап бергісі келмеуі яғни бір-екі сөзбен мардымсыз жауап беруі.
Кеңседен Қасболат пен Құмар шықты. Қасболаттың түріне қарағанда, бұл ауылдан жүргелі тұрған сияқты. Машинасына беттей түсті де, Қадыржанға бұрылып:
- Балаларға бас-көз бол. Егер біреу-міреуін үсітіп алсаң, өзің жауап бересің,- деді.
Айтуын Қадыржанға айтса да , көз қиығын атына мінгелі жатқан Қаламүшке тастап қойды. (Т.Ахтанов. «Боран»).
Достарыңызбен бөлісу: |