2 «Қуаныш» пен «қайғы» концептілерінің тілдік ерекшеліктері
2.1 «Қуаныш» және «қайғы» концептілерінің мотивтері
«Қуаныш» және «қайғы» концептілері – әлемнің тілдік бейнесінде және әлемнің көркем бейнесінде (художественная картина мира) көрініс тапқан әмбебап концептілер, сонымен қатар олар әр мәдениетте өзінің ұлттық ерекшелігімен, бояуымен көрінген күрделі ментальді объектілер. Нәтижесінде бүкіл адамзат баласына ортақ құбылыстың түрлі мәдениеттегі түрліше көрінісін көре аламыз.
Қазақ тіліндегі күрделі эмоцияларды білдіретін «қуаныш» және «қайғы» концептілері – тақырыптық аясы кең, мазмұны терең, қамтитын мәселелері өте маңызды, концептуалды өрісі өте күрделі концептілер болып табылады.
Адамзаттың ішкі жан дүниесінің көрінісі тілде «әлемнің аңғал бейнесін» (наивная картина мира) көрсетеді. Осыған орай адамның ішкі өмірін, негізінен эмоционалды жағын да тіл өзінің арнайы құралдары және әдістері арқылы талдайды.
«Эмоция (франц. emation, лат. enoveo – толғану) – адам мен жануарлардың сыртқы және ішкі тітіргендіргіштер әсеріне реакциясы; қоршаған ортамен қарым- қатынасы негізінде пайда болатын көңіл- күй... Эмоцияның жоғары түрі адамның іс- әрекетінің өнімді болуына мүмкіндік туғызады. Оларға қуаныш, сүйіспеншілік және т.б. эмоциялары жатады. Жағымсыз эмоция адамның іс- әрекетіне азды- көпті зиян келтіреді. Оларға қорқыныш, қайғы, абыржу, налу, үмітсіздену, үрейлену және т.б. жатады» [38, 247 б.]. Қуаныш және қайғы эмоционалды көңіл- күйге жатады.
Эмоционалды концептілерді талдау көбіне когнитивті психологтар еңбектерінде кездеседі. Эмоционалды концептілер «классикалық түрде талқылана алмайды» деген пікір де бар. «Алайда осындай пікір эмоцияға дәлме-дәл анықтама берілмегендіктен туындап отыр» – дейді Ортони, Клор, Фосс сияқты ғалымдар.
«Көңіл-күй (настроение, самочувствие) – индивидтің психикалық өмірінде құптарлық немесе құптамайтын эмоциялық фонда немесе әлсіз сапада көрінетін біршама ұзақ, орнықты психикалық күй» [38, 116 б. ].
Қайғының негізгі қайнар көзі материалды объектілерден, адамның өзінің жағымды қасиеттерінен (қабілеттерінен, өзін-өзі сыйлауынан), өзге адамдармен қарым-қатынасынан айрылу. Қайғының барлық психологиялық себептерінің ортақ факторы болып құнды нәрседен айырылу сезімі есептеледі. Жағымсыз оқиға (айырылу) болғаннан кейін қайғы пайда болады. Қайғы –қажеттілікті қанағаттандыру мүмкіндігінен айырылғанға, болашақта оны қанағаттандырудың мүмкін еместігіне реакция. Қайғы жеке бастың қажеттіліктерін қанағаттандыру мүмкін болмағанның нәтижесі ретінде п.б. Қайғы эмоциясының реңктері мен оның негізінде туатын, активация интенсивтілігіне, көлеміне, әрекетке дайындық деңгейіне қарай ерекшеленетін сезімдер: уайым (печаль), мұң (грусть), сағыну (тоска), өкіну (сожаление), түңілу (уныние), қасірет (скорбь), өкпе (огорчение).
Қуаныш түрлі жағдайларда пайда болады. Ол шығармашылық жетістіктің салдары, жағымсыз аффектінің азаюының нәтижесі, физикалық мүмкіндіктерді жақсартатын жаттығу, есте қалған таныс жағымды естеліктермен байланысты нәрселерді көру кезінде, армандау кезінде және қиялдау мен танымның өзге де түрлерінде пайда болады. Қуанышты ұйқыда болып та сезуге болады, мұның дәлелі ұйқыдағы адамның ажарындағы жымиюдың болуы. Себепсіз қуанышты сезінуге болады, ол жақсы көңіл-күй деп аталады. Осы фактілер арқылы қуанышты физиологиялық процестің нәтижесі дей аламыз. Бірақ біз осы зерттеу жұмысында эмоцияларды когнитивті процесс нәтижесі деп қарастырғандықтан, қуаныш эмоциясын оның физиологиялық негізінен бөліп қарастырамыз. Кең мағынада жеке бастың қажеттілігінің қанағаттандырылуы нәтижесінде болатын эмоцияны қуаныш деп атаймыз. Сондықтан да қуаныш пен қайғы бір жағынан қанағаттану мен қанағаттанбау арқылы ерекшеленеді.
Қуаныш – қоршаған ортамен әлі таныс емес, ойлау мен қылықтың стереотиптері оған әлі телінбеген жаңа туған нәресте көрсете алатын алғашқы эмоциялардың бірі. Сәби қуанышты жымию, күлкі арқылы көрсетеді, өз анасын танып, физикалық және эмоционалды өз туыстығын, ортақтығын, әлеммен байланысын анықтайды. Барлық эмоциялардың туындауы мен көрінуі адамда физиологиялық негізді иеленеді, ол жүйке клеткалары мен одан шығатын түрлі сападағы импульстермен байланысты. Барлық жағымды эмоциялар адамға жақсы әсер береді. Қуаныш бастапқыда белгілі бір жағдайлардың салдары ретінде емес, таза түрінде көрінген, сондықтан ол сол қалпында адамның бар өмірінің бойында сақталуы керек. Қуаныш энергия мен күштің ең мықты қайнары болып есептеледі. Ол организмнің ойлауын, эмоционалды және физикалық қызметін тәртіпке келтіре алады. Эмоционалды деңгейде қуаныш барлық сезімдердің көрінуін асқындыра алады. Мұнда қуаныш өзге жағымды эмоциялардың катализаторы рөлін атқарады. Қуанышты адам әлем үшін ашық, оның жаны қоршаған ортаның көптүрлілігін қабылдауға дайын болады. Осылайша қуаныш сезімі арқылы индивид ләззат алады.
Ойлау қызметі қуаныш және қайғы күйін бастан кешірген адаммен тығыз байланысты. Мұнда ойлау қызметі мен оның организмнің өміріне әсері маңызды. Қуаныш эмоциясы позитивті ойлаудың қажетті шарты болса, қайғы эмоциясы негативті ойлаудың қажетті шарты болып табылады. Позитивті, негативті ойлау, ойлау стилі, әлемтану жоспары ретінде адамның өмірлік позициясын қалыптастыра алады. Ойлау жұқа материя, күш және энергия ретінде индивидтің өзі өзіне елестететін әлемді жасайды. Егер адам өзі болашағын тек қуанышты күйінде елестетсе, оптимистік көзқарасқа ие болады, егер қайғылы күйде елестетсе, писсимистік көзқарасқа ие болады. Сезімнен туындаған ой әлемде нақты қарым-қатынас, жағдайлар салдары, оқиғаларды жасайды.
Бақыт сезімінің өзін интенсивті қуаныш сезімі деп (В.Татаркевич бойынша), бақыт аясын тарылтып қарастыра алмаймыз. Себебі қуаныш бақыт сезімінің бастау алатын механизмі.
Л.А.Антипенконың «Опыт концептуального анализа емен негативных эмоции в русском языке» деген зерттеуінде сөздің концептуалды модельдері құбылыстың себеп- салдар байланысына негізделеді:
«1) состояние – причина (Напр.,горе – утрата, потеря, неудача, смерть, болезнь, война, рок, судьба, трагедия, катострофа;
2) состояние – способ преодоления (Напр., горе – соболезнование, сожаление, сочувствие, сопереживания, помощь, память, утешения;
3) состояние – результат выхода из этого состояния (Напр., горе– утешение)» [39, 5 б.].
Жоғарыда көрсетілген когнитивті модельдер тіл иелерінің типтік (прототиптік) түсініктеріне негізделген. Сонда қайғының себебі – айырылу, сәтсіздік, өлім, ауру, соғыс, тағдыр, апат т.б. болуы мүмкін, осы күйден шығудың амалы – көңіл айту, ортақтасу, көмектесу, есте сақтау т.б. болуы мүмкін, осы күйден шығу нәтижесі – жұбаныш болады.
Эмоционалды күй түрлі предикаттар арқылы беріледі, бірінші орында етістіктер мен етістікті конструкциялар анықталады: қуан, қуанышта, қуаныштау, қайғыр, қайғылан т.б., сын есімдер: қуанышты, қуанышсыз, қайғылы, қайғысыз т.б.
Е.М.Вольф «адамның эмоционалды күйін суреттейтін сөздер адамның ішкі әлемінің фрагменттеріне сай модельдер күйінде интерпретациялануы мүмкін» болатындығын айтып, оларды белгілі бір жай-күйлердің негізгі элементтері енетін фреймдер жүйесі ретінде алуға болады деп есептейді. Ғалым бұл модельдің негізгі үш элементін атап көрсетеді: 1. эмоция субьекті, 2. эмоционалды күйдің өзі және 3. сол эмоционалды күйдің себебі. Мысалы: Ол осы жағдайға қуанды. Осындағы ол – субъект, қуанды – предикат, осы жағдай – себеп [40, 55 б.].
Достарыңызбен бөлісу: |