Алтыншыдан, Ш.Уәлиханов жазғандай: «Қазақтарда құрметті би атағы халық тарапынан қандай да сайлау жолымен немесе халықты билеп отырған өкіметтің бекітуімен емес, тек сот рәсімін терең білетін, оған қоса шешендік өнерін меңгерген қазаққа ғана берілген. Би атану үшін қазақ халық алдында әлденеше шешендік сайысқа түсіп, өзінің заң-жораны білетіндігін, шешендігін танытатын болған. Мұндай адамдардың есімі желдей есіп, әлейім жұртқа таралып, біріне емес, бәріне де танылған. Сөйтіп би атағы сот пен адвокаттық істегі патентке айналды да, бидің балалары заңнан тәлімі болғандықтан, әке орнына мұрагер болып қала берді».
Ресей империясының отарлау саясатының жолындағы үлкен кедергі қазақ жерінің тұтастығына негіз болған билердің соттық жүйесі, сондай-ақ көшпенділердің өмір-салтына «халық билігіне», демократия мен әділ сотқа бейім әдет-ғұрып құқығы мен «жарғы» заңдары болды. Бұл «Далалық құықтық тәртіп» ең қиын-қыстау жағдайда өзінің таңғаларлық өміршеңдігімен ерекшеленеді және көшпелі қазақ қоғамы қандай қиындық көрседе соған негізделеді. Патшалық өкіметтің көптеген жылдар бойы іске асырған шаралары мен өзгерістерінің ішінде салыстырмалы түрде карағанда сәтті шыққаны, отарлаушылық мақсатқа сай келмесе де қазақтың «Жарғы» кұкығының нормаларына негізделген билер сотының коллегияларын заңдастыру болды. Бұл жерде айта кететін мәселе, казақтар туралы аса маңызды кылмыстық соттық істердің барлығы Империяның жалпы заңдарының негізінде кызмет ететін әскери соттардың қарауына берілетін, тек мүліктік даулар ғана әдет-ғұрып құқығы мен «жарғы» заңдарының негізінде қызмет ететін «халық соттарына» берілді. Қазақ кұқығы бойынша қылмыстардың ең ауыр түрлері мүліктік деп есептелінген. Патшалық өкімет мұны іс жүзінде ескерген болатын. 1868 жылғы 21 қазандағы далалық өлкелерді басқару туралы қабылданған ережеге байланысты би атағының маңызы уақытша сақталды. Халық сотымен қаралатын істерді шешуге халықтың сайлауымен губернатор бекіткен адамдар би қызметіне тағайындалды. Қызметке тағайындалған мерзім аралығында ғана би атанды. Патша үкіметінің 1891 жылғы 25 наурызында дала ережесінің заңын енгізуіне байланысты қазақ қоғамындағы би атағы мүлдем жойылды. Би, батыр бабаларымыз қай заманда да бірлікке, ынтымаққа шақырып отырған. Ел арасында, ру-тайпа арасына сына қағушыларды тоқтатып, жөн сөз айтып, ел бірлігін сақтауға, халықтың тұтастығын сақтауды мұрат тұтқан. Ел билеген хандар мен билер ел бірлігін халқымыздың тұтастығын сақтауға, бірлік ынтымақта болуға шақырып отырған. «Тәуке заңдары» «билік ақыны», яғни дауды шешкен бидің пайдасына талап-арыздың 1/10 бөлігі көлемінде міндетті соттық төлемді бекіті. Тәуке хан заңдары бойынша ханның өзі немесе талапкер мен жауапкердің руының билері істі тергеуі тиіс дейді. Бұл жағдайда «Тәуке заңдарының» мақсаты билердің экономикалық жағдайын көтеру ғана емес, сонымен бірге олардың ханмен байланысын нығайту болды, себебі соттық функция ханға да, бигеде бірдей қолданылады. Сонымен бірге билердің билігін нығайту олардың қауымдағы рөлін күшейтті. Билер қызметі әділ сотпен тығыз байланысты адамдардың ерекше тобына жатты. Тарихи далалық соттық биліктің екі мағынасы болды: дауларды қарастыру және құқық түзушілік. Қазақ билері жерлер мен рулардың әкімшіліктерін бөлек, тек қана әділ билермен заңгерлер қызметін ғана атқарды. Бұл қазақ билерінің алыс жақын түркі тілді елдердегі бек- билерден айырмашылығы – бидің құқықтық қызметі жеңіл болған жоқ. Би тарихи құқықтық біліммен қатар Ұлы Далада қолданылатын құқық жүйесін де жетік меңгеруі тиіс еді. Ал, XVIII ғасырда бұл жағдай түбегейлі өзгеріске ұшырады деу қиын. Себебі, XVIII ғасырдағы дәстүрлі қазақ қоғамында сот қызметінбилермен қатар хан-сұлтандар да қатар атқарғаны тарихымыздан мәлім. Патша шенеунігі Андренің жазбаларына қарағанда, бидің мақсаты «кінәліні жазалау емес, тәртіпке шақырып, дау-дамай, жанжалдардың ушығып кетуіне жол бермеу, ауылдың, елдің тыныштығын сақтау. Дәстүрлі қазақ қоғамындағы, сот-билерді әскербасы-билермен шатастыруға болмайды. Әскербасы билердің міндеті білгірлігімен қол бастап, халықтың қамын ойлау, отандастарын жаудан қорғау». Зерттеушілер дәстүрлі қазақ қоғамында би лауазымының мұрагерлікке еш негізделмейтінін атап өтеді. Деректерге жүгінсек, хандар ата-салт, әдет-дәстүр ғұрыптың заңдарын жетік білмегендіктен, сот мәселелерін билердің құзырына өз еріктерімен беріп отырған. Бұл заңды талқылайтын ұйым іспетті болған. Ру билері соттың әкімшілік биліктің міндеттерін қатар атқарды. Егер ру аралық даулар туралы мәселе қаралған болса сот үкімін сұлтандар, билер кейде бірнеше би «ақсақалдар» кеңесіп отырып шығарған. Дәстүрлі қазақ қоғамында билердің ықпалы олар басқарған рулардың көптігіне және күшіне, сондай-ақ олардың байырғы шыққан тегімен үлкендігіне қарап айқындалған. Билер ғұрыптық құқықпен шариғат белгілеп берген ережелеріне сәйкес үкім шығарып отырған. Қалыптасқан дәстүр бойынша үкім шығарушы билерге жауапкерден алынатын мал-мүліктің оннан бір бөлігін билік шығарғаны үшін алуға құқық берілген. Дәстүрлі қазақ қоғамында би әрі рубасы, әрі жергілікті әкімшілік биліктің өкілі болып саналды. Билер кеңесінің шешімі міндетті түрде жүзеге асырылды. Оның бірде-бір шешімін немесе үкімін келесі билер кеңесінің мәжілісіне дейін ешкім де өзгерте алмайтын еді. Соттау құқығы тек ханның, билер мен рубасылардың қолында болды. Билердің кеуделеріне тағылатын айрықша лауазымдық белгілері және шешім кітабына басылатын мөрлері болған. Жәнібекұлы Қасым ханның (XV ғ. соңғы ширегі мен — XVI ғ.бірінші ширегі) есімімен «Қасым ханның қасқа жолы» деп аталған кешенді заң жинағы — қазақ тарихында сүбелі орны бар маңызды құқықтық құжат болды. Мұнан кейінгі «Есім ханның ескі жолы» деп аталатын заң жобасы Қасым ханның туысы, Жәдік ханның немересі, Шығай ханның баласы Есім хан (1598-1628 жж. билік құрған) заманында қабылданған. Халық Есім ханды «Еңсегей бойлы Ер Есім» деп атап, қатты құрметтеген. Ол «Қасым салған қасқа жол» заңдар жинағына сәл ғана өзгеріс енгізіп, толықтырған болатын. Тәуке хан билігі (1680 -1718 жж.) тұсындағы «Тәуке хан заңдары» («Жеті Жарғы») деп аталатын әдет-ғұрып құқығы кодефикациясы хан саясатының нақты бағытын көрсетеді. Тәукенің хандық құрған жылдарында Билер кеңесі тұрақты жұмыс істейтін мекемеге айналды. Ол кеңесушілік функцияларды атқарды, яғни билердің шешіміне хан бағынды. Осылайша ханның билердің билік шешіміне бағынғанын көреміз. Бірақ сонымен бірге хан әрбір шешімін және әрекетін Билер кеңесімен ақылдаса отырып, хан билер тарапынан қолдауға есептей алған болатын. Тәуке хан кезінде Билер кеңесі кейбір заң шығарушылық функцияларды да иеленді. (Тәуке заңдарын құрастыруға билердің қатысуы). Сонымен бірге оның құзырында соттық істерде болды. Мұндайістердің көпшілігін билер жеке дара шешетін, бірақ аса маңызды жағдайларда билер өз шешімінің дұрыстығы үшін жауаптылықта болмау үшін өз ұсыныстарын Күлтөбедегі кеңестің мақұлдауына беретін. Ертедегі қазақ халқының әдет-ғұрып заңдары өте қарапайым әрі өз коғамына ыңғайлы есептелініп, үлкен демей, кіші демей, бай демей, кедей демей бәрі бас иіп, ол заңдарды мүлтіксіз орындап отырған. Оның орындалуын ханнан бастап ру ақсақалдары, билер қадағалаған. Ол замандағы заңгерлерді ешкім сайлап қоймаған. Билер билік айтуға қаршадайынан әуестеніп, көп ізденген. Барлық дау-жанжалды ата-баба жолымен әділ шешкен. Қара қылды қақ жарып билік айтпаса, өз халқының әдет-ғұрып қағидаларын жетік білмесе, ел бірлігін ыдыратса, онда ол заңгер емес. Ердің құнын екі ауыз сөзбен бітіріп, айтқанын оңай орындатқан билерді халық қастерлеген. Ол замандағы басты қағида - сот түзелмей, мін түзелмейді. Әрине, хан ел ішіндегі ірі, маңызы зор мәселелерді шешкен. Ал ел арасындағы қылмыстық және азаматтық құқық мәселелерімен билер соты айналысқан. Билік айту сонау ертеден түгел сөздің түп атасы Майқы биден басталады. Билік атақ мирас болмаған. Билікке құмартқан адам кішкентай кезінен билік айтуға икемделіп, ел жағдайын жақсы білетін көнекөз қарттардан үйренген. Би - өз халқының тірі шежірешісі, заңын көп білетін заңгері болып қана қоймай, тілдің майын ағызатын суырып салма төкпе ақын, халқымен біте қайнасып, тұрмысына, әдет-ғұрпына жетік болған саясаткерлер. Мұндай билердің кесімі жерде қалған емес. Дәстүрлі қазақ қоғамындағы билер екі жақтың қатысуымен ашық аспан астында, жиналған қалың көпшілік алдында, ешқандай даярлықсыз, қағаз-қаламсыз бітістіреді екен. Көпшілік қауым олардың сыншысы болған. Әділетсіз билерді халық құрметтемеген, екіншілей билік айтуға қатыстырмаған немесе екіншілей оның алдына ешкім жүгінуге келмеген. Ондай би абыройдан жұрдай болған. Керісінше, туғансыз билердің тура сөзін халық табанда жаттап алып, жалпақ жұртқа жайып отырған. Сондықтан мұндай билердің шешімі хатқа түспей-ақ осы күнге келіп жеткен. Әлбетте, әділ би болу әркімнің қолынан келе бермеген. «Жүзден-жүйрік» дегендей, мыңнан біреуі ғана шығып, елді аузына қаратқан. Тәуке хан заманында үйсін Төле би, Қаздауысты Қазыбек би, алшын Әйтеке би, қырғыздан Қоқым би, карақалпақтан Сасық би басқалардан суырылып алға шыққан. Қазақтың атақты билері: Төле, қаз дауысты Қазбек, Әйтекеден қалған сөз билігі дәстүрі ғасырлар бойы үзілген емес. Олардың заманында, Ахмет Байтұрсынов пікірімен айтқанда, «әділ билердің қолындағы билік қазақтың неше түрлі дертін жазатын таптырмас дәрі еді». Билер жақсы мен жаманды, жақын мен алысты, қымбат пен арзанды, қиын мен жеңілді салыстырып алға тартқан. Мал дауы мен жер дауына, ар дауы мен намыс дауына кесімді билік айтып, «тілмен түйіп, тіспен шеше алмас» тұжырым жасаған. Кез келген қазақ ол кезде мылжыңдықты, далбасалықты, жағымпазды мін көріп, қорлық санаған. «Сөз шынына тоқтайды, пышақ қынына тоқтайды» деп шындықтың туын көтерген «от ауызды, орақ тілді» шешендерін қастерлеп өткен. «Су түбін шым бекітеді, дау түбін сөз бекітеді» деп те ретіне қарай келістіріп отырған. Бейнелі, дәлелді, қисынды уәж айтқан. Билер билік айтарда ауытқып, бұра тартқан тұстары болса, бірін-бірі тоқтатып, әділетке шақырған, «айтқан сөзі-құрған қақпандай» болған беделді билер қазақ қоғамындағы әділеттіліктің жаршысы болған. Бүгінде «би» сөзінің шығу тегі жайлы бірауызды кесіліп-пішілген пікір жоқ. Осы мәселені зерттеген ғалымдар Г.Вамбери, В.Радловтар «би» сөзінің төркінін түркі тіліндегі биіктік, жоғарылылық деген мағыналардан іздесе, Леонтьев, Ш.Уәлиханов, Халид және т.б. зерттеуші ғалымдар өзге де пікірлерге тоқталған. Турасына келер болсақ, «би» сөзі ежелгі түркінің «бек» сөзінен бастау алып, негізінен «басқару», «билеу», «билік ету» деген ұғымдарды білдірсе керек. Осы пікірге тоқталсақ «би» терминінің шығу уақыты да ежелгі түркі заманы екені талас тудырмайды.
Қазақ халқының өмірінде билер институтының алар орны мен үлес-салмағы, маңыздылығы айрықша болды. Өйткені, оның – мемлекеттің саяси және әлеуметтік жағдайын тек әдеттегі құқықпен ғана емес, рухани-мәдени салт-дәстүр негізінде де ұштастыра әрі теңестіре отырып қамтамасыз етуші бірден-бір құрылым ретіндегі рөлі ерекше. Бұл құрылым ол кезде мемлекеттік басқару жүйесімен тығыз астасып жатты. Билер ел, жер, жесір дауын, мал-жан, кәсіп мәселесін түйінді төрт-ақ ауыз сөзбен тындырып отырған. Тындырғанда да хатсыз, қарарсыз, ауызша жүзеге асырып, бітіріп отырған. Қазіргідей алтын уақыттарын жиын, мәжіліс съезбен өткізіп, құлаш-құлаш қаулы–қарар қабылдап, оны жоғары-төменді бұйрықпен таратып, төрешілдікке, қағазбастылыққа салынбаған. Ол кезде бір бидің өзі осы күнгі соттың да, прокурордың да, полицияның да, өзге де құқық қорғау органдарының қызметтерін атқарған ғой. «Би – әлеуметтік категория ретінде қазақ халқының тарихында ерте заманнан бері қолданылып келе жатыр... Әлеуметтік қатынастардың дамып шиеленісумен бірге, кейде билердің көпшілігі қанаушы таптардың уәкіліне айналған. Билердің әдет-заң нормаларын талқылауда, билік айтуда, ол биліктің орындалу әдістерін белгілеуде кең құқықтары болды. Билер соты Қазан төңкерісіне дейін қылмыстық және азаматтық істердің көпшілігін қарайтын ресми орган болып, құн, барымта, қалың мал, әмеңгерлік, көп әйел алу, т.б. патриархтық кертартпа қалдықтарды қорғап келеді» – деп билердің қоғамдағы рөлін әдейі төмендетіп көрсеткен. Ел басқаруда билердің орны ханнан кем еместігін, тіпті ханның өзін «Билер кеңесі» сайлайтынынан сескенген Ресей империясы Қазақстанды отарлау барысында олардың рөлін шектеп, мүлдем жойып тынды. Ал, қарауындағы бодан елдің күшті хандықтардан тұруы, ондағы билердің кей жағдайда хандардан да беделдері асып тұратындығы Ресей империясының отарлау саясатын ойдағыдай жүзеге асыруына кедергі деп білді. Осы себептен билердің қызметін мүлдем жою көзделді. 1868 жылы қабылданған «Жаңа устав» қазақ даласында сұлтандық пен елді басқарудың ежелден келе жатқан дәстүрлі жүйесін жойып тынды. Енді «бөліп ал да, билей бер» деген саясатпен қазақ даласы ұсақ болыстарға бағынышты болды. Осындай ұсақталған болыстарды, бұрын көсемдігімен, шешендігімен халыққа танылғанда ғана өздігімен би атанатындарды енді халық сайлап, Ресей патшасының еркеше құқықты өкілдері заңдастырып бекітетін болды. Мұндай қадамға бару ғасырлар бойы мінсіз қызмет етіп, тарихтың, қоғамның қалыптасуына олардың бойындағы сан-алуан тума таланттарын біржолата жою еді. Өйткені, енді болыстыққа би – қазылыққа өзінің дара қасиеттерімен би атанғандар емес, пара беру арқылы, халықтың емес, қара басының құлқынын ойлайтын, Ресей патшасы өкілдерінің айтқанын істеп, айдағандармен жүретін дарынсыз, жетесіз мансапқорлар «сайланды». Бұл жөнінде дана Абай өзінің «Үшінші сөзінде» әрбір старшын басы бір би сайлау саясатын сынай келіп, былай деген еді: «Бұл билік деген біздің қазақ ішінде әрбір сайланған кісінің қолынан келмейді. Бұған бұрынғы «Қасым ханның қасқа жолын», «Есім ханның ескі жолын», әз Тәуке ханның күлтөбенің басындағы күнде кеңес болғанда «Жеті Жарғысын» білмек керек. Бұл ескі сөздердің қайсысы заман өзгергендікпен ескіріп, бұл жаңа заманға келіспейтұғын болса, оның орнына татымды толық билік шығарып, төлеу саларға жарарлық кісі болса керек еді, ондай кісі аз, яки тіпті жоқ». Абайдың-«бас-басына би болған өңшең қиқым» деп қынжылуы осы кездің көрінісіне айқын куә деп білеміз. Ал, шығыс жұлдыздарының бірі Ш.Уәлиханов «Билер сотының ертеден келе жатқан халықтық түрі» деген мақаласында, «Би атағын беру қазақта халық тарапынан бір сайлау арқылы немесе халықты билеп отырған үкімет тарапынан бекіту арқылы болған емес, тек сот ғұрыптарына әбден жеттік, сонымен қатар, тілге шешен қазақтар ғана бұл құрметті атаққа өз бетімен ие болып отырған. Мұндай би атағын алу үшін би болам деген қазақ өзінің ісіне жетіктігі және шешендік қабілеті бар екендігін халық алдында сан рет көрсетуге тиіс болған. Ондай адамдардың атағы бүкіл қазақ даласына тез жайылып, олардың аты жұрттың бәріне мәлім болып отырған». Тап осындай пікірлерді қазақ сахарасын көп кезіп, ауыз-әдебиетіміз, әдет-ғұрып, салт-санамыз туралы көптеген еңбектер жазған Ә.Диваев, А.Васильев, В.Радловың шығармаларынан да көптеп кездестіреміз. Басқаны былай қойғанда, жат жұрттың өкілдерінің өзі «би үстем таптың өкілі, ол тек қана хан-сұлтандардың, бай-манаптардың сойылын соғып, халықты қанаушы» деген пікірді бірде-бірі жазбапты. Арғы-бергі ауызша тараған немесе жинақталып қағазға түскен көне шежірелерімізге зер салсақ, бидің тек байлардың ғана арасынан емес, жоқ-жітікті кедейлер арасынан да талай шыққанын, «Ердің құнын екі ауыз сөзбен бітірген» саңлақ билер болғанын тарих растайды. Сонымен, би дегеніміз – ел жұртының әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, өткен шежіресін, тарихын, қоғамының даму барысын, айнала қоршаған табиғаттың сан-алуан қасиеттері мен құпияларын білетін, адамдардың көкірек көздеріне ой көзімен қарай алатын, қырлы-қырлы мінез-құлықтарды айтқызбай-ақ тап басатын, ғылым-білімнен хабардар, кемел пікірлерін шешен тілмен жеткізіп беруде дара қасиеті бар жандар болды. Біз бұл тұжырымымызбен би атаулының бәрі бірдей шетінен кемеңгер, көсем болған деген ұшқары пікір айтудан аулақпыз. Өзінің азды-көпті көрген-түйгенімен, бір қағар шешен тілімен ортаға түсіп, қара басының, құлқынының қамы үшін малы барлардың, хан-сұлтандардың теріс екендігін көре-тұра бұрыс тартып, өз руларының сойылын соққан бисымақтар да ел арасында аз ұшыраспағанын айтпасақ, ақиқат ауылынан іргемізді аулақ салғанымыз болар еді. Әрине, ондай бисымақтар ақыға алған атымен, киген тонымен бірге тозып, халық жадынан тез ұмыт болып отырған. Би дегенге үш арысымыз – Төле, Қазыбек, Әйтеке жеткен заңғар биіктен қарағанымыз абзал. Енді халық даналықтарына сүйене отырып, билер бойындағы дара қасиеттерге қысқаша болса да жеке-жеке тоқталып, сараласақ. Ол қасиеттер бірін-бірі толықтырып, төрт аяғынан тең басып тұрмаған жағдайда атышулы билер додасында қарсы жағы осал тұстан орып түсіп, омақастырып кете беретін болған. Иә, би-көпті көрген, яғни «көре-көре көсем болған», көкірек көзі қиядағыны шалатын, ойы орамды, көнені ғана біліп қоймай, болашақты да тап басып, байламды, бағаналы болжам жасай алатын, әрдайым халық көңілінен шығатын жан болуы шарт. Шешендік – көп халықтарда ертеден ұшырасатын қасиет. Тіпті, Ежелгі Рим империясы мен Грек, Мысыр елдеріндегі оқу орындарында шешендік өнер «Риторика» аталып, негізгі пәндердің бірі болып саналған. Ал, қазақ даласында билер біздегі секілді ешбір пәнді оқымай-ақ салиқалы ойдың түйінін дәл жеткізуге шебер болған. Биді бұрынғы да, қазіргі де жазба тілдерімізде сот деп жүрміз. Бұл бір жақты пікір. Әдетте, даулы мәселені шешкен жерде кемі үш би қатысқан, бірі – айыптаушы (прокурор), екіншісі – ақтаушы (адвокат), үшіншісі –төбе би (судья). Ал, сот дегеніміз бір ғана үкім шығарушы судья деген мағынаны ғана білдіреді. Сондықтан биді сот деп емес, заңгер деп қараған дұрыс секілді. Әйтпесе, жалпыға түсінікті жағдайда «би» – деп атаған да жөн. Осы арада тағы бір айта кететін жай – қазақта, сондай-ақ жалпы түркі елдерінде би секілді қазы деген сөз жиі кезігеді. Қазы да билік айтушы, төрелік етуші болып саналады. Әйтсе де би мен қазы сөздерінің арасы жер мен көктей. Қазы бір өзі ғана даулы іспен жүгінушілерге шешім шығарып, төрелік айтады. Ал оның әділдігі мен әділетсіздігі көп жағдайда тең түсіп жатуы ықтимал. Ондай жағдайда даушылар қазыдан асып, билер алдына жүгінетін болған. Әрі жоғарыда айтқан және төменде баяндалатын тек биге тән қасиеттерді қазыдан талап ету – орынсыз, білместік болады. Яғни, қазы өзінің дүниетаным, көзқарасына қарай дұрыс болсын, бұрыс болсын – төрелік айтушы ғана. Биге орай тағы бір ескере кететін жайт бар. Халық арасында «би екеу болса, дау төртеу» деген астарлы сөз бар. Бұл сөзді кейде билер жүрген жерде дауда көп деп сыңаржақты ұғып қаламыз. Мұндай пікір қате. Бұл арада даулы мәселені екі би емес, үш би (яғни, тақ санды) шешсін дегені. Яғни, бірі айыптаушы, екіншісі – ақтаушы болса, ал үшіншісі – ортақ, әділ шешім айтатын Төбе би болсын дегенді меңзегені. Бұл әдіс сол кезеңдегі дала демократиясының таптырмас туындысы болып табылады. Би елші (дипломат) мәмілегер ретінде де тарихтан орын алған. «Жауластырмақ-жаушыдан, елдестірмек-елшіден», «Елшісіне қарап елін таны» деген секілді тек қана қазаққа тән емес, түркі дәуірінен келе жатқан көптеген мақал-мәтелдерде қаншама терең мағына жатқанын біз әлі де жете пайымдай алмай келеміз. Яғни, би тек ел ішіндегі даулы мәселені шешеді екен деп қарауымыз да жете бағамдамаушылық. Әрине, жеке адамдар, ру, тайпа, ұлыс аралығындағы кикілжіңді ел мен ел арасындағы даулы істермен қатар қоюға болмайды. Сол себепті де, соңғы мәселені шешу үшін жат жұртқа нағыз беделді билерді жіберіп реттеп отырған. Қазақтармен жауласып келген Жоңғар хандығына соғысты тоқтатып, тату көршілік қатынас орнату үшін кезінде Қазыбек би бастаған елші жіберілген. Сонда Қазбек бидің Жоңғар ханына елшілікке барғанда айтқаны: «Сен темір де мен көмір, Еріткелі келгемін. Екі еліктің баласын, Теліткелі келгемін. Егесетін ел шықса, Иілткелі келгемін. Тұтқыр сары желіммін, Жабысқалы келгемін. Жаңа үйреткен жас тұлпар Шабысқалы келгемін. Танымайтын жаттарға, Танысқалы келгемін. Қазақ-қалмақ баласы, Табысқалы келгемін. Табысуға келмесең, Тұрысатын жеріңді айт, Сен қабан да мен арыстан Алысқалы келгемін». Ел басшылары сол заманда билер арқылы барлық түйінделген мәселелерді мүмкіндігінше бейбіт жолмен шешіп, бәтуаластыруды мұрат тұтқан. Билер саясатпен де айналысып, қоғам қайраткері дәрежесіне дейін көтеріліп отырған. Би – жекелеген адамдар, ру мен ру, тайпа мен тайпа арасындағы дау-жанжалды шешумен ғана шектелмегені баршаға мәлім жай. Олар ел мен ел арасындағы қоғамдық мәні зор саяси мәселелерді шешуде хан-сұлтандардың негізгі тірегі, кеңесшісі болған. Хан қаншама қаҺарлы болғанның өзінде «Билер кеңесінде» көпшілік дауыспен қабылданған шешімді жеке билікпен бұза алмаған. Әйгілі әз Жәнібек ханның жанында ел ішінің сыртқы саясатының барлық мәселелерін талқылап, баға беріп, жөн-жоралғы сілтейтін алпыс би болған екен дейді. Атақты Абылай ханның жанында үнемі кеңесші 8 би болғаны тарихтан белгілі. Ал, иісі қазақтың кемеңгер ханы әз Тәуке, бүгінде ежелгі гректердің заңгері Салон шығарған заңмен пара-пар делініп жүрген, «Жеті Жарғыны» жазғанда ошақтың үш аяғындай тең тұрған билеріміз – Төле, Қазыбек, Әйтекелердің ақыл-кеңесін басшылыққа алғанын ешкім жоққа шығара қоймас. Күлтөбе, Мәртөбе бастарында өткен талай әйгілі кеңестерде ел бірлігі, ас-ауқаты, амандығы мен болашағы жайында келелі іске кеңес берген де осы билеріміз болатын. Ел ішінде би ой түйіп, сөз ұстап, әділ төрелік айтумен бірге, бүкіл бір халықтың болашақ ұрпағын тәрбиелеуде де теңдессіз қызмет атқарумен қадірменді саналған. Қалай болғанда да сан ғасырлар бойы халқымызбен бірге жасасып, оның ел басқару жүйесінде айрықша қоғамдық маңыз атқарып келген билердің рөлін қайта жандандырсақ, ұлттық қадір-қасиеттерімізді сақтауға көмектесер еді. Осы қастерлі мұра, даналық, «қара қылды қақ жарар» әділдіктің адал оғы, сатылмаған қазақтың киелі ауызды билерінен шыққан сөздер бүгінгі таңда да қазақ қоғамына үлгі болуы қажет екендігіне ешкімнің таласы жоқ деген ойдамыз.Қазақ қоғамындағы билердiң саяси-құқықтық көзқарастарында әдiлеттiлiк, теңдiк, әдiлеттi басқару мәселелерi ерекше орын алған, тiптi даулы мәселенi шешуде басты қағида болған десек те артықшылығы жоқ. О бастан-ақ, қазақ билерi ел iшiнде кездесiп отыратын дауларды екi жақтың қатысуымен ашық аспан аясында, жиналған қалың көпшiлiк алдында, ешқандай даярлықсыз, қағаз-қаламсыз даудың бiтуiн сөз бұйдаға салмай бiтiстiрiп отырған. Даудың қалай шешiлетiндiгiн қарап отыратын халық оның сыншысы болған. Негiзiнен, осы билер сотының шешiмдерiнiң түпкi негiзi мен мақсаты шындық пен әдiлдiкке жету болып саналған. Бидiң әдiл шығарған шешiмiнен тек қана жазықты адамның өмiрi ғана емес, бүкiл қазақ елiндегi билер институтының қоғамдағы маңыздылығы тәуелдi болды. Себебi, әдiлетсiз шығарылған шешiм қоғамда бұл құқықтық институтқа деген халықтың сенiмiн кетiрiп, оның қоғамда алатын рөлiнiң, дәрежесiнiң төмендеуiне әкелетiн едi. Керiсiнше, туғансыз билердiң әдiлеттi, тура сөзiн халық табанда жаттап алып, жалпақ жұртқа жайып отырған. Бұл билердiң шешiмдерi хатқа түспей-ақ осы күнге дейiн жеткен. Әлбетте, әдiл би болу әркiм- нiң қолынан келе бермеген. “Жүзден-жүйрiк” дегендей, мыңнан бiреуi ғана шығып, елдi аузына қаратқан. Мұндай билердiң әдiлеттi шешiмдерi тек өздерiнiң аттарын ғана шығарып қоймай, бүкiл билер институтының қазақ қоғамындағы маңыздылығын көтердi. Елдiң билер институтына деген сенiмiн нығайтты. Өз кезегiнде халық та әдiлеттiлiктi басты қағида қылып ұстаған билердi мадақтап көтермелеп отырған. Билердiң әдiлеттi шешiмiне байланысты тағы бiр тұжырым, ол қазiргi кезде газет-журналдар бетiнде Тәуке хан мен “билер кеңесiнiң” бiрiгiп қабылдаған “Жетi жарғының” – “Жарғы” деген термин турасында айтылып жүрген пiкiрлермен байланысты. Мұнда “Жарғы” сөзi iс, билiк, жарлық, шешiм, дау деген сөздермен алмастырылып айтылып жүр. Менiң ойымша, бұл терминнiң пайда болуы билердiң дауда айтылған әдiлеттi шешiмдерiмен ұштасып жатыр. Егер, бiз, бұл тұжырымды шешiп алуда, яғни, “Жарғы” сөзiнiң iшкi табиғатын ашуда С.Зиманов пен Н.Өсерұлының “Жарғы” сөзi қазақша әдiл шешiм деген ұғымды бiлдiрген. Түпкi мәнi жарудан, нәрсенiң салмағын бiр жағына аудармай дәл де әдiл айырудан шыққан”,-деген пiкiрiн және “Қазақтың көне тарихы” атты кiтаптың авторы Нығмет Мыңжанның “Жарғы” қазақша әдiлдiк деген ұғымды бiлдiредi,-деген тұжырымы мен академик Ә.Марғұланның “қазақша “жарғы” – (хақиқат) деген ұғымды бiлдiредi. Дауды әдiл, тура шешкен билердi халық бұқарасы ардақтап “Қара қылды қақ жарған” деп мадақтаған. Оны екi жағының бiреуiне артық жiбермей дәл айыру әдiлдiктiң мегзеуi болған. “Жарғы” заңының негiзгi мәнi осында” деген пiкiрлерiн есепке алып, сонымен қатар, “Жетi жарғының” түп төркiнiне қазақ қоғамында кездесiп отыратын жер дауы, жесiр дауы, құн дауы, мал-мүлiк дауы, ар-намыс дауы және тағы басқадай сол сияқты дауларды шешкен билердiң әдiлеттi шешiмдерi енгiзiлгенiн ескерсек, мәселенiң күрмеуi өзiнен-өзi шешiле қалады.
Яғни, нақтырақ айтсақ, “Жетi жарғы” бұл жетi әдiл шешiм дегендi бiлдiрiп, ол сол замандағы билердiң құн дауы, жер дауы, жесiр дауы, мал-мүлiк дауы, барымта және тағы басқа сол сияқты дауларға қатысты билердiң жарғылық-қағидалық және үлгiлi-прецеденттiк билiк шешiмдерiнiң жинағын бiлдiредi. Осыған байланысты белгiлi заңгер ғалым З.Кенжалиев билердiң шығарған билiк шешiмдерi туралы мынандай пiкiр бiлдiредi: “Қазақи санада құқықтық принцип, нормалардың туындауы үлгiлi сөздiң, аталы сөздiң өмiрге келуiмен байланыстырыла қарастырылуы тегiннен-тегiн емес едi. Бұл шындықтан қияс кете қоймайтын түсiнiк едi. Себебi, шын мәнiнде, қазақ қоғамында билер сотының шешiмдерi прецеденттiк роль ойнады және осы шешiмдер халық арасында құқықтық қағида (принцип), жарғы (норма) есебiнде қабылданып бағаланды. Яғни, елге кең таралған билер сотының шешiмдерi құқықтық мәнге ие болатын да, кейiн принцип, норма есебiнде өзiнiң жеке-дара өмiрiн сүре беретiн”. Кеңес дәуiрi кезiнде ұлттық саяси-құқықтық тарихымызды еркiн зерттеп, шынайы нәтижесiн жариялауға сол кезеңдегi идеологияға байланысты мүмкiндiк болмағанды. Бiрең-сараң шындықты жариялауға тырысқан ғалымдарды кеңестiк үкiмет “ұлтшылдар” деп айыптап, түрмеге қамады. Сондықтан да кеңестiк дәуiрдегi “билер институты” туралы зерттеулер таптық тұрғыда жүргiзiлiп, қазақ елiнiң алып қайраткерлерiнiң өз халқына жасаған қызметтерi жоққа шығарылу, даттау, қаралау негiзiнде жүргiзiлдi. Сол себептi де, жалпы “би” тұлғасы өзгертiлiп өзiнiң шынайы бет-бейнесiнен айрылып, “хандардың қолшоқпарлары”, “ханның, билеушi топтың сөзiн сөйлеушiлер”, “парақорлар, жемқорлар”, “халықты алдаушылар” деген теңеу алды.
Қазақ хандығы құрылғаннан бастап, оның сыртқы саясатындағы қарым-қатынастарды бақылап, iштей мазмұнын талдап қарасақ, оның негiзгi мазмұны басқа хандықтардың экспансиясынан жердi, елдi қорғау болып табылды және де хандықтың сыртқы саясатындағы екiншi бiр жағы бұл өзiнiң жерiн кеңейту, керуен жерлерге ие болу болды. Мұның өзi де түсiнiктi едi, өйткенi, көшпелi халықтың негiзгi тiршiлiк көзi төрт түлiк мал болғандықтан, оны өсiру үшiн әрқашанда жақсы жайылым жерлер керек болып отырды және осы малдарды сату, айырбастау қазақ халқының сауда жолдарға деген қажеттiлiгiн туындатты. Қазақстанда халықаралық қатынастар ерте кезден бастап қалыптаса бастады. Бұл жөнiнде М.Сарсенбаев мынандай ой бiлдiрдi: “В Казахстане и Средней Азий международные отношения начали складываться в глубокой древности. Уже с конца I тысячелетия до н.э. этот регион играл важнейшую роль в транзите товаров из государств востока на запад. Через Среднюю Азия пролегал прямой торговый караванный путь, соединяющий восточную Азию Индия со Средиземным морем, а через несколько столетий Среднюю Азию пересекли мировые караванные дороги в самых разных направлениях. Вместе с международными торговыми отношениями развивались политические и культурные отношения государств этого региона”. Негізінен, қазақ елiн басқарған хандардың елдiң сыртқы саясатын жүргiзудегi құқықтарының ауқымы кең болды. Бiрақ та хан елдiң сыртқы саясатындағы маңызды деген мәселелердi жалғыз өзi шеше алмайтын. Мұндай мәселелер, негiзiнен, “билер кеңесі” мен “хан кеңесінде” өзiнiң шешiмiн тауып отырды. Ол жөнiнде Н.Г.Аполлова былай жазды: “Самым широким по своему составу было так называемые “великое собрание”, которое в русских источниках называется сеймом. Она созывалась в исключительных случаях-во время серьезных осложнений внешнеполитической обстановки, когда требовалось избрание вождя и решительный отпор врагу. Такое собрание было созвано в “годы великого бедствия” для избрания Абулхайра предводителем обьединенного ополчения трех жузов”. Бұл “халық жиналыстары” елдiң ең маңызды деген iшкi және сыртқы мәселелерiн (хан сайлау, соғыс жариялау, келiсiмге келiп бейбiтшiлiк орнату, ел iшiндегi даулар бойынша сот iсiн жүргiзу) қарастырған. Осы көрсетілген кеңестерде қаралатын негiзгi мәселелер көп жағдайда елдiң сыртқы саясатымен байланысты болды. Мұның себебi де түсiнiктi едi, өйткенi, феодалдық бөлшектенген кезде өз алдына жеке-дара билiк жүргiзген ру басшылары мен ел басқарған сұлтандар бiр-бiрiне деген экономикалық та, iшкi саяси мәселелердi шешуде де тәуелсiз болса да, бiрақ сыртқы саяси мәселелердi шешуде (ортақ жауға қарсы тұру, соғыс немесе бейбiтшiлiк жариялау, басқа елдермен әскери одақ құруда және т.б. саяси мәселелерде) олар бiрiгуге мәжбүр болды. Осы көрсетiлген “билер кеңесі” мен “хан кеңесі” елдiң сыртқы саясатына байланысты мынандай мәселелердi қамтып қарады:
-Басқа елдермен дипломатиялық қарым-қатынастар жасау;
-Шет елдермен келiсiмшарттық қатынастарды жасау;
-Шет елдерден келген елшiлердi қабылдау және басқа елдерге елшiлер жiберу;
-Соғыс ашу немесе басқа елдерге әскери көмек көрсету;
-Бейбiтшiлiкке, бiтiмге келу сияқты мәселелердi қараған. Байқап отырғанымыздай, қазақ елiнiң сыртқы саясатындағы мәселелерді шешуде “билер кеңесі” мен “хан кеңесі” маңызды рөлдi атқарды. “Бiзге қазақ халқының тарихынан мұндай кеңестiң екi түрi белгiлi. Бiрiншiсi, бұл жоғары билiк жүргiзу кеңесi Тағанақ кеңесi деп аталса, ал екiншiсi, Тұрымтай кеңесi деп аталды. Тағанақ кеңесi жылына бiр рет өткiзiлiп отырған, оның ауқымы кең, қатысатын адамы мол болған, оған ханға қарасты елдiң басты-басты ру-басылары, бiлектi билер, қолбасылар, жыраулар қатысқан. Онда хандықтың iрi-iрi мемлекеттiк iстерi талқыланып, ел iшiндегi үлкен дау-дамайлар жөнiндегi шешiм жасалатын болған, алдағы жұмыстар, халықтың соғыс дайындығы талқыланып, соған сәйкес жарғылар қабылданған. Ендi қазақ хандығы құрылғаннан бастап, оның сыртқы саясатындағы аса маңызды саяси факторларды атап өтiп және ондағы билердiң рөлiне тоқтала кетсем. Негiзгi саяси факторларға төрт мәселенi жатқызуға болады. Бiрiншiден, бұл XVII ғасырда қазақ хандығының шығысында пайда болған, өз алдына қуатты мемлекет болып, қазақ елiне қауiп төндiрген Жоңғар мемлекетiмен арадағы саяси қарым-қатынастарды бақылауда ұстап, оның бұзылуына жол бермеу болатын. Екiншiден, шығыстағы алып мемлекет Қытаймен қарым-қатынасты реттеу арқылы саяси тұрақтылыққа қол жеткiзу. Үшiншiден, Орта Азия мемлекеттерiмен арадағы байланысты жақсарту. Төртiншiден, солтүстiктегi ежелгi көршi мемлекет Ресеймен қарым-қатынасты дұрыс жолға қою. Қазақ жерiндегi қоғамдық-саяси ойдың өзiндiк өткен жолы және заңдылықтары бар. Бұл Батыс елдерiндегi қоғамдық ойдың дамуымен жалпы тұтастықта болғанмен, әр уақытта ол өткен сара жолдың соқпағына бағына бермеген. Ол өзiндiк ерекше иiрiмдi, қатпарлы даму жолын бастан кешкен. Оның сонылығын тану үшiн өзiндiк бiр шынайы сезiмталдық, қырағылық, пайымдылық қажет. Сонда ғана бiз оның iшкi қатпарын, мәйегiн түсiнуге талпына аламыз. Осындай терең ойлылықты, ақылдықты талап ететiн нәрсе-ол-көшпелi қазақ елiндегi әдiлеттi басқару мәселесi. Билер бұл мәселенi шешуде, яғни, мемлекетте әдiлеттi басқаруды орнатудың қайнар көзi, негiзi Шыңғыс хан тұқымынан шыққан, сұлтан, төрелердiң билiкке тартылуын шектеу болып табылады. Ондағы басты мақсат-“мемлекеттiк басқару iсiне әр ортадан шыққан қабiлеттi, туа бiткен дарынды адамдарды тарту едi”. Сол кездiң өзiнде мұндай айтылған тұжырымдардың астарынан казiргi кезеңде барлық мемлекеттер құруға ұмтылып отырған құқықтық мемлекет, демократия деген идеялар көрiнiс табады. Мәселен, билердiң пiкiрiнше, елдiң бiрлiгiн, еркiндiгiн сақтау үшiн халыққа ақылымен басшы, қамқор болатындай азаматтар керек. Ондай азаматтарды халық арасынан таңдай алу керек, сонымен қатар оларға елдi басқаруды, әр түрлi қоғамда кездесетiн дауларды шешудi үйретiп қана қоймай, оларды көтермелей бiлу керектiгiн айтып отырды. Мұндай тұжырымды ойларды Әйтеке бидiң мына бiр сөздерiнен көруге болады: “Елдiң бағын ашпаса, ер мұратқа жетер ме! Ерiнiң сағын сындырса, ел мұратқа жетер ме! Ел тiрегi-ер, ер тiрегi-ел бола бiлген қауымның басынан бағы кетер ме! Естi ерiңдi ез тұтсаң-өзiңдi-өзiң қорларсың, есерiңдi ер тұтсаң-iргеңiзден жау кетпей, төрiңiзден дау кетпей, сойқанға сойқан жолығып, сорларсың да зорларсың. Ел мұраты-көрешек, ер мұраты-келешек, көрешегiн күйттеген-түбi қоймас сүрiнбей, келешегiн күйттеген-түбi қоймас сүйенбей. Жетелi ер адаспас-бабадан қалған сөз бар ғой, жетелi ел адаспас бағзыдан қалған сөз бар ғой”,-деп, елiнiң келешегiн ойлайтын естi азаматтарға ел тiзгiнiн берудi насихаттады. Сонымен бiрге билер ел басқаратын тұлғаға мынадай талаптар қояды. Ол, бiрiншiден, асқан ақылды, данышпан болу керек, екiншiден, ақылды, жөндi сөйлей бiлетiн би – шешен болу керек (оратор болу), үшiншiден, елiне қауiп төнгенде қол бастай алар жаужүрек, нағыз қас батыр бола бiлуi керек болды. Билер осындай қасиеттердi бойына дарыта алған адам ғана ел басқаруға жарайды деген көзқараста болды. Мұндай тұжырымды ойды ұлы ақын Абайдың да сөздерiнен аңғаруға болады: “Бұл билiк деген бiздiң қазақ iшiнде әрбiр сайланған кiсiнiң қолынан келмейдi. Бұған бұрынғы Қасым ханның “Қасқа жолы”, Есiм ханның “Ескi жолын”, Әз Тәуке ханның “Күл төбенiң басында күнде кеңес” болғанда “Жетi жарғысын” бiлмек керек. Әм, ол ескi сөздердiң қайсысы заман өзгергендiкпенен ескiрiп, бұл жаңа заманға келiспей-тұғын болса, оның орнына татымды толық билiк шығарып, төлеу саларға жарарлық кiсi болса керек едi, ондай кiсi аз, яки тiптi жоқ”,-дедi. Ұлы Абайдың ойы бойынша ел басқаратын адам бұл қазақ елiнiң ерте кезден ел басқару жөнiндегi жинақталған тәжiрибесiн бiлу керек және бұл тәжiрибенi заманына қарай ыңғай-лай алатын адам болу керек дегенге саяды. Құқықтық мемлекеттердiң пайда болуының өзi бұл мемлекеттiк-құқықтық процестердiң ұзақ та заңды даму салдарынан, яғни, ескi, тиiмсiз институттарды өзiндiк бiр сұрыптаумен және мұқият таңдау нәтижесiнде алынған алдыңғы қатарлы, тиiмдi институттармен алмастырудан пайда болғанын ескерсек”, онда қазiргi кезде мемлекетiмiзде құқықтық мемлекеттi, демократияны құру жолында елiмiздiң ұлттық құқық тарихындағы билерiмiздiң әдiлдiк, теңдiк, әдiлеттiлiк, әдiлеттi басқару, адамгершiлiк туралы айтқан тұжырымдарын, дана ойларын қолданысқа алып, елдi басқаруда басты қағида ретiнде алсақ, одан бiздiң ұтарымыз көп болар еді.Қазақ даласындағы құқықтық ережелердің қолданылу тарихы тереңде жатыр және оның өзіндік қайталанбас ерекшеліктері бар. Онда туындаған әдет-ғұрып нормалары ұлттық сана-сезімнің көрінісі әрі құқықтық мәдениеттің іргетасы. Қазақтарға ар-ождан қашанда қымбат, «малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деген сөзге бас иген. Қазақтың әдет-ғұрып нормалары адамгершілік қасиеттерге тұнып тұруы да сондықтан. Бір сөзбен айтсақ, көшпелі қазақтардың құқықтық мәдениеті халықтың болмысы мен тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық салт-санасына лайық еді. Яғни, әдет-ғұрып нормалары ұлттық болмыстың туындысы болды.
Сан ғасырлар бойына қазақ халқының қоғамдық өмірінде әділеттілікті сақтау мен құқықтық қатынастарды дамытуда, құқықтық-саяси сана мен мәдениеттің дамуына от ауызды, орақ тілді билер белсенді ықпал етті. Шын мәніндегі би атанған кісілер – қазақ халқының тарихында қайталанбас ерекше, біртуар тарихи тұлғалар, өз заманында халық би деп танығандар – шешендігі мен әділдігі зор қоғам қайраткерлері еді.
Хандықтағы билер кеңесінің беделі күшті болғаны соншалық, хандар кеңестің келісімі мен қолдауынсыз мемлекеттік маңызы бар мәселелерді шеше алмаған. Ханның қолында негізінен атқарушы билік шоғырланса, заң шығарушылық қызмет пен сот билігін билер кеңесі атқарған. Қазақ қоғамының әлеуметтік құрылымын қарастырған зерттеушілердің көбісі билер институтын хандық және сұлтандық институттардан кейінгі үшінші орынға қояды.
Билер кеңесі ханның қызметіндегі кейбір мәселелер бойынша таласқа түсіп, оны қайта қарауға құқылы болды. Дәстүр бойынша хандық билік мұрагерлік жолмен беріліп отырса да (оның өзінде халық ақ киізге көтеріп сайлауы тиіс), мемлекеттік маңызды мәселелер билер кеңесісіз шешілмеген. Біз бұдан қазақ даласында атам заманнан ақ билік бөлінісі принципінің болғанын көреміз.
Ұлы билер Төле, Қазыбек, Әйтеке өмір сүрген кезең – тарихымыздың тәлімі көп, ел үшін үлгі болатын ерекше кезеңі. Олар жаугершіліктің кесірінен ыдыраған халқының есін жиған, әділетті билік шешімдерінен айнымай, келешекке көз салып, үміт отын жағу арқылы көрегендік пен ұйымдастырушылық көрсете білген. Билердің оқығаны көп болмаса да, тоқығаны мол, парасатты, азаматтық тұғырлары биік қасиеттерін, рухани мол қазынасын жария ететін аңыздар мен шежірелер бүгінгі күнге де жеткен. Дегенмен, билердің атқаратын қызметі негізінен қоғамдағы әділеттілікті қамтамасыз етуге, яғни сот билігіне келіп саяды.
Қазақ билерінің өзіне тән ерекшелігі мен басқа халықтарда кездеспейтін қасиеті – дау-жанжалдарды мағыналы, шешендік сөздермен шешуі. Мұны қазақ халқына тән феномен деп бағалауымыз қажет. Арнайы том-том болып жазылған кодекстерге, толып жатқан құқықтық-нормативтік актілерге сүйенбей-ақ, өз орнымен қисынды айтылған бір сөзбен дауды тоқтатуды қалыптастырған қазақ ұлты сөз мағынасына, оның шексіз мүмкіндігіне ертеден-ақ назар аударған. «Қап салмағы дәнінде, сөз салмағы мәнінде» деп білетін билер әділдікті шешендікпен ұштастырып, елдің қамын жеген. Алты алаштың да бүтіндігін, татулығы мен басының амандығын тілеп, сол үшін еңбектенді.
Тарихи деректерге сүйене отырып, зерттеушілер қазақ билерінің іс қарауы қоғамдық іс-шара ретінде қаралып, қандай дау болса да билердің шешімі бүкіл жұртшылықты қанағаттандырғанын көрсетеді. Жалпытанылған пікір бойынша билер сотының мынадай қайталанбас ерекшеліктері болған:
1) қылмыстық жауапкершілікке тарту 13 жастан бастап жүзеге асқан. Қазақтардың арасында «он үште отау иесі» деген ұғым қалыптасқан.
2) билер институтының қоғамдық қызметі мен құқықтық бағыт-бағдарын айқындауда өзіндік дала конституциясы ретінде танылған «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Жеті жарғы» құқықтық ережелері құнды болды. Егер де даулы істерді қарау барысында шешім шығаруға қатысты мәселелер осы аталған заңдарында қаралған болса, онда соларда көрсетілген ережелерге сүйенген.
Ол туралы ұлы Абай өзінің үшінші қара сөзінде: «…Бұл билік деген біздің қазақ ішінде әрбір сайланған кісінің қолынан келмейді. Бұған бұрынғы Қасым ханның «Қасқа жолы», Есім ханның «Ескі жолын», Әз Тәуке ханның «Күл төбенің басында күнде кеңес» болғандағы «Жеті жарғысын» білмек керек. Әм, ол ескі сөздердің қайсысы заман өзгергендікпенен ескіріп, бұл жаңа заманға келіспейтұғын болса, оның орнына тартымды толық билік шығарып, төлеу саларға жарарлық кісі болса керек еді, ондай кісі аз, яки тіпті жоқ. Бұрынғы қазақ жайын білетін жақсы білген адамдар айтыпты: «Би екеу болса, дау төртеу болады» – деп. Оның мәнісі – тақ болмаса, жұп билер таласып, дау көбейте береді дегенмен айтылған сөз. Өйтіп би көбейткенше, әрбір болыс елден толымды-білімді үш-ақ кісі билікке жыл кесілмей сайланса, олар түссе, жаманшылығы әшкере болғандықтан түссе, әйтпесе түспесе» – деуі көп нәрсені аңғартады.
Қазақ қоғамын саяси басқару мен сот жүйесін модернизациялаудың жемісті болуы – саяси реформалардың бұрынғы қалыптасқан саяси дәстүрлермен, қоғамдық құндылықтармен сабақтасуына тығыз байланысты екендігін Абай тәжірибелі саясаттанушыға тән көрегендікпен ашып көрсетеді. Қазір Қазақстан Республикасы құқықтық мемлекет құру жолына түскенде осы мәселе қайтадан алдымыздан шығып отыр: сот судьяларын өмір бойына тағайындау өзекті болып отыр.
3) Сонымен қатар, билер сотының шешімі әрқашан да әділеттікке негізделіп, олардың кескен үкімдері мен шешкен даулары өзіндік құқықтық норма сипатына ие болған. Сол арқылы жаңадан туындаған дау-жанжалды, нақты бір қиын істі шешкен ереже, қағида, нақыл сөздер норма, сот прецеденті ретінде ел арасына тарап, келешекте орын алған ұқсас сот істерінде, дау-жанжалдар туындағанда қолданылған. «Кезінде осындай дауды Едіге би былай шешкен екен, мұндай дауға қатысты Төле бидің мынадай шешімі болған» деген сияқты, немесе қандай да бір рудағы ерекше әдіс-тәсіл арқылы әділ шешілген даулы прецеденттердің тәжірибесін келтіре отырып, дәстүр сабақтастығы негізінде әділетті шешімдер шығарылған. Сондықтан да, қазақ билерінің адал қызметіне арқау болған прецедент ұғымының мәнін ашып, арнайы тоқтала кеткеніміз жөн. Бүгінгі күні прецеденттік құқық шеңберінде екі түрлі бұтақ қалыптасқан: жалпы құқық және әділет құқығы.Мінеки, көріп отырғанымыздай, қазіргі кезде құқықтық мемлекет деп танылған батыстық елдердің қолданып жүрген сот прецеденті ұғымын қазақ билері өз заманында түрлі дауларды шешуде шебер пайдалана білген.
4) Егер бидің шешіміне тек бір тарап қана разы болса, онда істің әділетсіз шешілгені, мұндай келеңсіз жағдай бидің беделін түсірген. Болашақта мұндай сыңаржақ шешімді билерге дауласқан адамдар іс қарауға өтініш бермеген. Соның нәтижесінде билердің әділ шешім шығаруға деген жауапкершілігі мен кәсіби мүдделігі артқан, оған қоса мұндай жағдайда жарыспалылық ұстанымы бойынша кәсіби тұрғыдағы әділ бәсекелестіктің орнайтыны да сөзсіз.
5) қазақ билерінің билік айтуы, іс қарауы көпшілікке ашық, жария түрде өткен. Соның арқасында әділ сот ісінің барлық оқиғалары: дауласушы тараптарыдң пікірталасы, тартқан куәгерлері мен келтірген дәлелдеулері істі талқылауға қатысушы барша халыққа құпия болмаған, яғни, кез-келген даулы істі құпия қарауға тыйым салынған. Қазіргі кезде қол жеткізуге талпынып жүрген транспраренттілік, яғни, ашықтық, мөлдірлік деген қасиеттер билер сотына тән болған. Мұның бәрі далалық демократияның, жариялылықтың, тең құқықтық пен сөз бостандығының да көрінісі. Тіптен, соңғы сөз айтуға мүмкіндік берген «дат» ұғымының да құқықтық қуаты зор болған.
6) қазақ билері дауласушы тараптардың қалауларына сай, өзара келісім бойынша сайланған. Ал егер де істі қараушы би тек бір ғана тараптың қалауымен таңдалса, оның шығарған билігі әділ деп саналмаған. Мұндай жағдайда іс қайта қаралатын болған. Өзара консенсус арқылы таңдалған би «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген ұстанымға берік болып, сол арқылы сотта ұтылғандардың өзі шығарылған үкімнің әділдігіне ешбір күмәнсіз болған, себебі билік айтушы биді өзі қалап, оған билік айтуға құқық береді. Бұл дегеніміз қазақ қоғамында таңдау құқығының еркін қолданыста болғанын айғақтайды.
7) билер сотында апеляциялық құқық та сақталған, мысалы, дауласушы тараптар бидің айтқан билігіне риза болмаса, шағым беруге құқылы. Сонымен қатар, билер сотында ант беру рәсімі жүргізіліп, барлық қаралған істер бойынша қорғаушылар қатысқан.
Достарыңызбен бөлісу: |