Кортынды
Белгілі заңгер С. Зимановтың көрсетуінше, қорғаушы болуға Тәуке ханның «Жеті Жарғысының» талаптары барлық ниет білдірген адамдарды қатыстырған. Қорғаушылар барлық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, айыпкерді қорғау құқығына ие. Егер қаралған іс бойынша куәгер болатын адамдар жоқ болса, ант, яғни жан беру рәсімі іске асырылады. Жан беруге дауласушылардың құқы жоқ. Айып тағылған адам үшін аймаққа, руға, елге танымал адамның оның кінәсіздігін көрсетіп, өз атынан ара түсуі және қорғауы. Жан беру рәсіміне беделсіз, елге танымал емес адамдар жіберілмейді. Себебі сенімсіз адамдардың жан беруі әділетсіз билік шығаруға жол ашуы әбден мүмкін. «Жеті Жарғыға» сай қазақ билері құқық бұзушыларға жаза белгілеуді жасаған қылмыстың ауырлығы мен қауіптілігіне байланысты жан жазасы, мал жазасы, ар жазасы деп белгілеген. Жан жазасы атынан көрініп тұрғандай, қылмыскер өлім жазасына кесіледі, бұл «қанға қан, жанға жан» ұстанымының жүзеге асу көрінісі. Сонымен қатар, көтеріліс жасап, бүлік шығарғандар, еліне опасыздық жасағандар өлім жазасына кесілген. Үкім түрлі жолдармен орындалған (ат құйрығына байлап жіберу, садақпен ату, арқанмен қылқындырып өлтіру т.б.). Ар жазасына келсек, ол негізінен адамның абырой-намысына тиетін, немесе оғаш қылықтар жасағандарды халық алдында ұялтып, өзгелерге сабақ ретінде қолданылған. Мысалы ата-анаға, қарияларға тіл тигізіп, қол көтергендер, түрлі оспадар іс-әрекетке барғандар т.б. Ар жазасы масқаралау және елден қуу арқылы орындалған. Масқаралау үшін айыпты адамның мойнына құрым киіз ілініп, бетіне күйе жағып, есекке немесе өгізге теріс қаратып мінгізіп, ауылды айналдыра алып жүреді. Ол елге мазақ болып, қарабет атанады. Осылайша, айыптыны ел алдында ұялтып қана қоймай, одан екінші рет нашар қылыққа бармайтыны туралы уәде алынады, халық алдында кешірім сұратады. Ал елден қуылу қазақтар үшін тіптен ауыр жаза болған. Жазаның бұл түрі аз қолданылған. Билер құн дауларын негізінен «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті Жарғысын» басшылыққа ала отырып шешкен. Осы жерде аталған заң жинақтарында адам өліміне немесе тәнге жарақат салғаны үшін қандай жазалар белгілегеніне қысқаша тоқталғанымыз жөн сияқты. Дәстүрлі қазақ қоғамы туралы зерттеуінде А.И.Левшин «Жеті Жарғыға» сілтеме жасай отырып, «жанға жан, қанға қан» ұстанымы бойынша өлген адамның туыстары кісі өлтірушіні өлтіруге құқылы, ал қолын, аяғын, құлағын кескендердің сондай дене мүшелерін шауып тастауына құқығы бар екендігін көрсетеді. Сонымен қатар, мұндай қанды жазалар айыптаушылардың келісімі бойынша бидің шешімімен жұмсартылып, айыпты жасаған қылмысы үшін белгіленген құн төлеу арқылы жазасын өтейді. Құн төлеу арқылы кісі өлтіруші өзінің өмірін сақтап қалады, яғни, ер адам үшін 1000 қой, әйел үшін 500 қой төлеуі тиіс. Басқа біреуге дене жарақатын салғаны үшін немесе қандай-да бір дене мүшесін шауып тастағаны үшін белгілі бір мал санын төлеуі тиіс. Бас бармақ 100 қой тұрса, кішкене саусақ 20 қой тұрады, және сол сияқты…
Достарыңызбен бөлісу: |