Генетикалық теория: тұқымқуалаушылық.
Психологиялық теория: жақын адамын мәңгіге жоғалтудан туатын ауыр қайғы, үнемі жолы болмаушылықтан, арманына қол жеткізе алмаудан туындайтын жан күйзелісі.
Әлеуметтік теория: қоршаған ортамен келіспеушілік, жұмыс пен үйдегі ұрыс-керістен туатын қақтығыс, талас-тартыс, өзара қарым-қатынастағы шиеленіс, қарама-қайшылық.
Діни теория: адам күнәсінің артуының салдары.
Жеткіншек жас кезеңі адам тұлғасының қалыптасуындағы аса маңызды кезең екені белгілі. Психологияда бұл кезең «өтпелі», «бетбұрыс», «қиын», «сыналатын» кезең деп сипатталынады. Өмірдің бір дәуірінен екінші дәуіріне өтумен байланысты жастардың даму процесінде күрделілік туындайды. Осы кезеңде жеткіншектердің «Мен» деген қасиетін үлкендердің түсінуі оңайға түспейді. Жеткіншек айналасынан өзімен санасуды талап ете бастайды. Ересектердің өз құқығын үнемі шектеуіне қарсы туындайтын қарсылық бірте-бірте жеткіншекті жан күйзелісіне ұшыратуы мүмкін. Мектептегі оқушылар арасында жиі болатын дағдарыстың себебі осында жатыр.
Күйзеліс көбінесе ең алдымен үлкен қала тұрғындарына тән. Көптеген психолог мамандар депрессияның қалалы жерлерде басым екендігін айтады. Үлкен қаланың жақсылығы мен жамандығы қатар жүреді, оған қала тұрғындары төзіп, қымбатшылықта күнелтуге мәжбүр. Нарықтың басты құндылығы ақша болғандықтан, ақша табу үшін жанталаса өмір сүруге, сөйтіп әке-шеше, туған-туыстардан, құрбы, дос-жарандардан алыстау арқылы өз-өзінен тұйықталу адамның жүйкесін шаршатып, күйзеліске ұшыратады. Оның ойында сан түрлі сұрақтар туып, пәтерақының уақыты жақындауы, жұмыстың жүрмеуі, үйдің тірлігі, ақшаның жоқтығы, банктегі несие секілді сан сұрақтар туындап, сары уайымға әкеліп күйзелтеді. Қала тұрғындарының отбасын асырау үшін бірнеше жерде жұмыс істеп, кешкі тоғыз, онға дейін жұмыста болып, дұрыс демалмауы да бұған әсер етіп, күйзеліске ұшыратады.
Зерттеулерге қарағанда, таралуы жағынан бірінші орында күйзеліс сырқаты тұрғандығын айттық. Айта кетерлік жайт, наркологиялық диспансерлер мен ішкі істер органдарында есепте тұрған адамдардың басым бөлігі белгілі дәрежеде жүйке жүйесінің қызметі ауытқығандар. Демек, депрессияның қауіптілігі біз ойлағаннан әлдеқайда күрделі. Оның үстіне, суицид деген қасірет адамзатты қынадай қыруда. Бұл қасіреттен Қазақстан дүниежүзі бойынша алдыңғы орындардың қатарында тұр.
Күйзелістен арылудың жолдары
Кішігірім күйзелісті асқындырмай, депрессияның алдын алу үшін, кез-келген адам өзінің қажыр-қайратын қалыпты ұстауы керек. Мәселен, дер кезінде тамақтану, дұрыс демалу, спортпен шұғылдану.
Екінші, адам өмірде өзіне не керек екенін бағамдап алса, құба-құп. Жоқ дегенде, күнделікті уақытын тиімді, мақсатты пайдалануға дағдылану аса қажет. Сонда ғана өзінің ісі мен өміріне көңілі толып, қажетсіз ойдан арылады. Үшінші, әркім өзі бағалайтын құндылықтарды сақтауға күш салса, жақсылыққа бір табан жақындайтыны анық.
Адамның жан күйзелісіне ұшырамауы үшін тың күш жинап, сарқылған күш-қайратты қалпына келтіруі өте маңызды. Мүмкіндігінше әрине, тамақты ұйықтарда жемеу керек. Күш-қуатты қалпына келтіру үшін тойып тамақ ішу керек деген ойдағы адамдар қатты қателеседі. Керісінше жатарда тойып тамақ ішкен адамның бүкіл энергиясы түні бойы асты қорытуға кетеді де, таңертең ұйқысы қанбай, қалжырап тұрады. Ал аш жатқан, керісінше құр аттай болып, сергіп оянады
Күні бойы компьютер үстелінің басынан шұқшиып шықпайтын немесе көлік рулінен түспейтін жастардың көбісі сарқылған күш-қуатын қайта қалпына келтіру үшін түнгі клубқа барып немесе бір бокал сырасын алып, телевизор алдына жайғасқанды жөн көреді екен. Мұндай демалыс түрінің адамды тыңайтудың орнына, керісінше шаршата түсетіні күнделікті өмірде дәлелденген.
Адам күш-қуатты бойда дұрыс ұстап тұруы үшін таңғы асты тастамағаны абзал. «Таңғы ас – Тәңірден» делінген. Американдық ғалымдар үнемі таңғы ас ішіп жүретін адамдардың жұмыс істеу қабілеті мен ел-жұртпен араласуы басқаларға қарағанда әлдеқайда артатынын әлдеқашан тәжірибе жүзінде дәлелдеген.
Адамның жан күйзелісіне ұшырамауы үшін тың күш жинап, сарқылған күш-қайратты қалпына келтіруінің жолдары көп. Өмірлік жағымды энергия алу үшін ағын суға қарайсыз ба, жоқ лапылдап жанған отқа үңілесіз бе, әлде табиғат аясында жаяу қыдырасыз ба, патша көңіліңіз біледі.
Ислам діні бойынша, анығында, жан күйзелісі кірленген жүректен туады. Жүрек жаман ойлаудан, лас істерге үйір болудан кірленеді. Жүрек ауырса, адамның барлық мүшесі ауырады, жүрек тазарса, барлық мүше қалыпқа келеді. Жүрек ауырмау үшін иманмен нұрлануы керек. Иман көбейіп не азайып отырады. Иманның азаюы тек сырты көрініске ғана емес, ішкі ағзаға да әсер етеді.
Жан күйзелісі ішке жын кіріп кетуден туа ма?
Мұндай сұраққа діндарлар адамның теріс жолға түсуі, өзіне-өзі қолсалушылығы көбіне жынның бұйрығын орындаудан болатынын айтады. Адам бойынан жынды шығара алатын емші молдалар қазіргі күнде аз емес.
Жындардың адамдарға аурулардың емін және керекті дәрілерді білдіргендері, қояншық, талма аурулармен ауырғандардың денесіне кіріп, оған зиянын тигізгені, адамдарға көздерінің тиетіндігі туралы түрлі діни кітаптарда жазылған.
Жындардың мұсылманы да, мұсылман емесі де бар делінеді. Мұсылман жындардан адамдарға ешқандай зиян келмейді. Олар тек ғибадат жасайды. Оларды Әһли сүннет ғалымдары таниды. Салих (тақуа) адамдар секілді көрініп, сөйлеседі. Ал кәпір жындар адамдарға әртүрлі жолдармен зиян тигізеді. Адамнан айрылмай әртүрлі кейіпке енеді. Мысалы микроп пішініне еніп, адамның тамырларында жүреді. Тек мұсылмандардың жүрегіне кіре алмайды. Ешкі, жылан, мысық кейпіне кіргендері көп көрілген.
Кәпір жындар жақсы адам бейнесіне кіріп жақсы және пайдалы нәрселер де істеуі мүмкін. Жындар адамдардың кәпірлерімен және пасықтарымен жолдас болатын болса, оларға жабысып, оларды күпірге және күнәға сүйрейді.
Жындар мен шайтандар түсте де көріне алады делінеді. Әдемі, сұлу бейнеге еніп, жүніп болуға себеп болады екен.
Әр адамның қасында бір кәпір жын жүреді. Періштелер адамды жындардың зиянынан қорғайды. Аяттар мен дұға оқып, Алла тағалаға сыйынғандарға да жындар еш нәрсе істей алмайды.
Жын ауа және оттан жаралғандықтан, өте нәзік (жеңіл, көзге көрінбейтін) болады, жылдам қимылдайды, жеңіл бір соққы жасалса өліп қалады. Өмірлері өте қысқа, дін ілімдері аз және тәкаппар болады. Ылғи да бір-бірлерін төмпештеп, соғысып жүреді. Жынның өлімі жер бетінен жоқ болып кетуімен іске асады. Қартайғандары жасарып, балалық шағына оралады да өліп, жер бетінен жоқ болады делінеді.
Достарыңызбен бөлісу: |