Кіріспе Тақырыптың өзектілігі


Ей, туғандар, қол ұстасып алға барайық



бет4/5
Дата02.07.2016
өлшемі326.5 Kb.
#171970
1   2   3   4   5

Ей, туғандар, қол ұстасып алға барайық,

Басқа милләттердің халін көріп қарайық.

Мәдениет майданынан орын алайық,

Жығыла-сүріне алға қарай табан басайық, енді [46:8]

десе, С.Дөнентаев:

Жабысайық өнерге,

Ынтықпай қарап өлерге...

Ізденбесек өзіміз,

Білімінен білгендер

Бөліп бізге берер ме?[47:38]-

дейді.


Сондай-ақ татар ақыны өз кезінде татар милләтшілерінің екі жүзді, алдауыштығын, қоян жүрек қорқақтығын, олардың олардың үлкен іске олақ екендігін айтып:

Милләтшілер елді алдап, қылмыңдайды,

Деген болып «жазылдың», жылмыңдайды,

Алданба! Алады олар бар малыңды,

Басыңа ясин оқып мылжыңдайды[46:110]-

десе, Сәбит қазақ ұлтшылдары жөнінде:



Аһ ұрып, «жұртым» дейсің, «елім» дейсің,

Қалғанын елдің артта өлім дейсің...

Қабағың қатып, бір күн ашса қарның,

Бас салып, сол милләтті өзің жейсің[47:87]

деп жазады.

С. Дөнентаев өлеңдері көбінесе саяси-әлеуметтік тақырыптарға жазылған азаматтық лирика болып келеді. Сондай-ақ, онда сықақ, мысқыл, әзіл-әжуалар мен мысалдар да баршылық. Бұл жөнінде ол қазақ ақыны Абай, татар ақыны Ғ.Тоқай, солар арқылы орыстың атақты сатиригі Салтыков-Щедриннен үлгі-өнеге алған. Оның «Ауырған арыстан», «Көзі тоймайтын ит», «Екі теке», т.б. Ғ.Тоқай әсерімен жазылған. Ал «Ібілістің шайтанға айтқанын» Ғ.Тоқайдан аударған. Сәбит мысалдарының көлемі шағын, тілі көркем, мағынасы терең, көңілге қонымды, сезімге әсерлі болып келеді. Мысал жазуда да Сәбит орыс ақыны И.А.Крылов, қазақ ақыны А.Құнанбаев, татар ақыны Ғ.Тоқай шығармашылығын өзіне үлгі еткен.

ХХ ғасырдың бас кезінде қазақтың қоғамдық, мәдени және әдеби өмірінде Спандияр Көбеев (1878-1956) есімі елеулі орын алады. Спандияр өз заманының озық ойлы, едәуір білімді адамы болған. Ол Петропавлдағы орыс-қазақ мектебінде қызмет істеп жүрген кезінде И.А. Крыловтың мысалдарын аударып, баспаға ұсынады.Онысы 1910 жылдың өзінде-ақ «Үлгілі тәржіме»деген атпен Қазан қаласында , өз алдына жеке кітап болып басылып шығады. «Тәржіме» қазақ тілінде «аударма» деген мағынаны білдіреді. Сонда «Үлгілі тәржіме»- «үлгілі аударма» деген сөз.

Мұнан кейін Спандияр өзінің құрметті ұстаздары Ы.Алтынсариннің, орыс педагогы К.Д.Ушинскийдің үлгілері бойынша өзі оқытып жүрген балаларға арнап оқу кітабын жасауға кіріседі.Осының нәтижесі 1912 жылы Қазан қаласында С.Көбеевтің екінші кітабы – «Үлгілі бала» жарық көреді.Біз жоғарыда Спандиярдың бұл кітабы Ы.Алтынсарин мен К.Д.Ушинский оқулықтарының үлгісінде жазылған дедік. Алайда, бұл кітапты жазуға татардың ағартушы- ғалымы Қаюм Насыри жазған оқулықтардың да, әсіресе оның «Қырық бақша» атты кітабының елеулі әсері болғанын да айта кеткіміз келеді.Өйткені, Қ.Насыридің кітабы сияқты Спандиядың «Үлгілі баласы» да үлкен педагогикалық шеберлікпен жасалған.Мұндағы әрбір әңгіме мен ертегі, өлеңдер мен мысал оқушыларға өмірдің барлық саласынан түсінік береді, осы арқылы оларды өнер- білімге, мәдениетке, адамгершілікке шақырады, еңбекке іскерлікке, төзімді, қажырлы болуға, қайырымдылыққа, әділеттікке үйеретеді.

Алғашқы екі кітабы жарыққа шығып, жаңа шығарма жазуға рухтанған С.Көбеев 1911 жылдан бастап өзінің әйгілі «Қалың мал» романын жазады. «Қалың мал» - қазақ тіліндегі тұңғыш романдарының бірі. Бұл роман 1913 жылы Қазан қаласында басылып шықты.

Сөйтіп ХХ ғасырдың бас кезінде татар қоғамында пайда болған бұл ағартушылық, демократиялық идлеялар қазақ әдебиетіне елеулі әсерін тигізді. Қазақ ақын-жазушылары сол кездің көкейкесті мәселелерін: халықтың хал-жағдайын жырлады, қазақ халқының саясат, шаруашылық, мәдениет жөнінен кенже,тіпті мешеу қалғанын сөз етті, еңбекшілердің, әйелдердің аянышты ауыр халін суреттеді. Оларға бостандық берілуін, теңдік тиюін аңсады. Жалпы қазақ халқын өнер-білімге, оқуға үндеді, әділеттік, шындық, ақиқат жаршысы болды. Халықты әлеуеттік теңдік алуға, азаттық өмірге шақырды.

3.2. ХХ ғасырдың II жартысындағы қазақ- татар әдеби байланыстары.

Қазақ-татар әдебиеттері байланысының тарихында жаңа дәуір- төртінші кезең басталды.

Ғалымжан Гирфанұлы Ибраһимов Башқұрт Республикасындағы Сұлтанмұрат ауылында дүниеге келді.Әуелі ауыл медресесінде оқыды. Кейін Орынбордағы және Уфадағы «Ғалия» медресесінде сабақ алады. Ғалымжан шәкірт кезінде қазақ елін, әсіресе Қостанай даласы мен Қызылжар өңірін көп аралаған, кейде қазақ ауылдарында тұрақтап тұрып, жұмыс істеген, бала оқытқан. Сондықтан да ол қазақ елінің тұрмысын, әдет-ғұрып, салт-санасын жақсы білген, қазақтың тарихын, тілін және әдебиетін еркін игерген.

1914 жылы Ғалымжан Уфадағы «Ғалия» медресесінде мұғалім болған кезінде, ол қазақтың Б.Маилин, Ж.Тілепбергенов, Н.Манаев,Ә.Мұстафин сияқты болашақ ақын-жазушыларына ұстаздық еткен.

Ғ.Ибраһимов қазақ даласында болған кездерінде халқымыздың бай ауыз әдебиетін және жазба әдебиетімен, оның ішінде Абай бастаған жаңа әдебиетімен жете танысқан, оны жоғары бағалаған, оны шынайы досы, жалынды жаршысы болған.

Ғалымжанның өзекті шығармаларының бірі – «Қазақ қызы». Бұл роман 1909-1911 жылдары жазылған болатын. Романда қазақ елінің көтерілістен бұрынғы әлеуметтік өмірін, ондағы ру таластары мен таптар тартысын, қазақ әйелдерінің аянышты ауыр халі мен оның азаттыққа ұмтылған арман, әрекеттерін шынайы суреттейді. Жазушы сонымен бірге қазақ халқының тұрмыс –салтын, салт- санасын сүйіспеншілікпен сөз етеді.

Қазақтың көптеген ақын-жазушылары Ғалымжанмен дос болды, кездесіп, әңгімелесіп жүрді. Өзара хат жазысып тұрды. Әсіресе, Сәкен Сейфуллин мен Ғалымжан достығы ерекше еді. Өйткені, олардың өмір жолы, идеялық бағыты, шығармашылық беті бір-біріне өте ұқсас еді. Бұлардың екеуі де әдебиетке ХХ ғасырдың бас кезінде келді.

Сәкен сияқты Бейімбет Майлин де Ғ.Ибраһимовты өте қадір тұтқан. Бейімбет сонау Уфадағы «Ғалия» медресесінде оқып жүргенде, Ғалымжан сабақ беріп, ұстаздық еткен. Содан былай қарай олардың арасы үзілмеген.

Татардың көрнекті жазушысы Шамиль Усманов (1894-1937) жас кезінде Астраханьда, Орынборда оқыған, Ақтөбеде жұмыс істеген. Азамат соғысы жылдарында да Қазақстанда болған. Азамат соғысына қатысушы татар, қазақ еңбекшілерінің ерлік істерін өз көзімен көрген, солардың куәсі болған. Кейін Ш.Усманов қолына қалам алып, жазушылық жұмысына кіріседі. Ол өзі жазған «Легион жолы», «Қанды күндерде» т.б. шығармаларында көбінесе Қазақстанда болған азамат соғысын, оның ерлік эпизодтарын суреттейді.

Татар жазушылары қазақ еліне осындай ілтипат білдірсе, қазақ қазақ ақындарына да татар халқына, оның мәдениетіне құрметпен қарап, татар әдебиетшілерімен тығыз қарым-қатынас жасап отырған. Солардың ішінде С.Сейфуллин (1894-1938) шығармашылығы ерекше орын алады. Сәкен жастайынан татар тілі мен әдебиетін жақсы білген. Ол, әсіресе, татардың ән-күйін, өлең-жырын жоғары бағалаған. Бұл жөнінде ол: «Мен туғалы ноғай күйінен күйікті, ащы, зарлы күйді әлі естігенім жоқ!»[48:53],-дейді. С.Сейфуллин де татар баспаларында шыққан газет-журнал, кітаптарды үзбей оқып отырған. Сәкеннің тұңғыш кітабы – «Өткен күндер» атты өлеңдер жинағы 1914 жылдың өзінде – ақ Қазан қаласында, татар баспасында басылып шыққан.

С.Сейфуллин 1930 жылдары Алматыдағы Қазақтың педагогикалық институтында қазақ әдебиеті тарихына байланысты ғылыми еңбектер жаза бастағанда, қазақ әдебиетінің шығу, даму жолдарын тікелей татар (ноғай) әдебиетімен байланыстыра қарайды. Мәселен, ол ертедегі ноғайлы дәуірі кезінде жасалған қазақ әдебиеті нұсқаларын, әсіресе, батырлар және ғашықтық жырларын татар, қазақ, башқұрт, өзбек, қарақалпақ халықтарының бірігіп жасаған ортақ әдебиеті деп есептейді.

Көркем сөз шебері Бейімбет Майлин (1894-1938) алғашқы сауатын Шаншар деген татар молдасынан ашқан. Сөйтіп, ол да жастайынан татарша хат таныған, татар тілін еркін меңгерген. 1912 жылы Троицк қаласында «Уазифа» медрсесінде,ал 1914 жылдары Уфадағы «Ғалия» медресесінде оқыған. Ш.Бабич, С.Құдаш, Ф.Бурнаш, Х. Туфан, т.б. татардың ақын- жазушылары Бейімбетпен бірге оқыған. Х.Туфан кейін Бейімбетке арнап өлең жазған. Ал С. Құдаш болса, өзінің кітаптарында Бейімбет есімін ізгілікпен еске алады.

1922 жылы Қостанайда қазақ тілінде газет шығаратын болып, баспаханаға керекті материалдар алып келу үшін Бейімбет Қазан қаласына барады. Онда да Қазанның әдеби өмірі, баспасөз жағдайымен т.б. танысып қайтады.

Аса көрнекті қазақ ақыны Ілияс Жансүгіров (1894-1938) өзінің сауатын Қыли деген татар молдасынан ашты.Жастайынан татар тілі мен әдебиетімен таныс болды. Бұған оның әкесі Жансүгір жинаған кітаптар, кейін Қарағаш мектебінде оқуы елеулі әсер етеді. Өйткені бұл кітаптардың ішінде татар кітаптары да аз болмайтын. Сондай-ақ бұл мектеп негізінен Қазандағы, Уфадағы татар медреселерінің үлгісінде салынған және мұнда татар мұғалімдері де сабақ бергендіктен, олар татар тілі мен әдебиетіне елеулі назар аударатын.Сондықтан мектеп оқушыларына татар ақындары Ғ.Тоқай, М.Ғафури, Ф.Әмірхан, Ғ.Камал шығармалары кеңінен таныс болатын. Әрі татардың Қазанда, Уфада, Орынборда шығып тұратын мерзімді баспасөздері де Қарағашқа үнемі келіп тұратын [49:50].

Міне, осындай ортада өсіп, білім алған Ілияс жастайынан татар әдебиетін жақсы білді. Ол тіпті, Ғ.Тоқайдың кейбір өлеңдерін қазақ тіліне аударды. Осындай өлеңдердің бірі – «Жазғы таң» Ілиястың 1928 жылы шыққан «Сағанақ» атты жинағына да енді.

Көрнекті қазақ жазушысы С.Мұқанов (1900-1973) қаршадайынан қазақтың ауыз әдебиетімен бірге татардың өлең-жырларының да қанық еді. Татар молдаларынан сабақ ала жүріп, шығыс дастандарын оқып жаттаған ол жасөспірім кезінің өзінде- ақ татар ақыны Ғ.Тоқайдың өлеңдерін оқып жадында тоқыды. Бұл жөнінде «Өмір мектебі» атты романының бірінші кітабындағы «Ғабдолла Тоқай» деген тарауда жақсы айтқан. С.Мұқанов сол сияқты татар әдебиеті, оның аса көрнекті өкілі Ғ.Тоқай шығармашылығын жоғары бағалаған, ол жөнінде сан рет салиқалы пікірлер айтқан. Оның бұл ой-пікірлері, әсіресе, Ғ.Тоқайдың туғанына 75 жыл толуына байланысты жазған «Мәңгі жасайтын ақын» [51:241] атты мақаласында баса айтылған.

С.Мұқанов сонымен бірге «Ботакөз» романында және басқа көптеген шығармаларында орыс, қазақ адамдарымен бірге көптеген татар халқының өкілдерін кейіпкер етіп алып, туысқан татар халқы өкілдерінің сүйкімді де шынайы бейнесін жасайды.

Қазақ халқын өзіне жақын тұтып, бауыр санап, оның бақыты үшін қарумен де, қаламмен де қызмет еткен татар ұлдарының бірі – Сабыр Шәріпов (1882-1942). Оның бүкіл өмірі мен шығармашылығы қазақ елімен, әдебиетімен, Сәкен, Сәбиттер тікелей байланысты. Ол (шын аты-жөні – Мұхаметсабыр Шәріфұлы Дәулетин) Татарстанның Әгіржі ауданында, Баржы аулында туады. Ата-анасынан жастай жетім қалып, 1898 жылы қазақ даласына келеді.Содан бастап Қазақстан оның екінші Отанына айналады. Сабыр 1903 жылы Керекудегі (Павлодар) мектеп-интернатта оқиды. Осы жылдардан бастап татар жазушыларының шығармаларын оқиды, қазақ ақындарының өлең-жырларын тыңдайды. Қазақ тілі мен әдебиетін жетік біледі. Қазақ тілі оның екінші ана тіліне айналады.

Сабыр Шәріпов мемлекет қайраткері болды. Сонымен бірге ол қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі болды. Ол өзінің шығармаларын қазақ тілінде жазды, сөйтіп, таза қазақ жазушысы болып кетті. Оның алғашқы шығармасы – «Алтыбасар» повесі 1918-1919 жылдары жазылып, 1924 жылы жарық көрді. Кітаптың редакторы болған және алғы сөзін жазған С.Сейфуллин. Сәкен бұл повесть былай деген: «Алтыбасар» - қазақ тұрмысы көрсетуге арналған шығармалардың арасындағы ең тәуір кітаптарының бірі. Қазақ тұрмысын, қазақ шаруаларының тіршілігін көрсетуде ол үлгі-өнеге бола алады. Шығарманың тілі таза, жеңіл, сөз кестесі көркем. Жазушының қазақ тұрмысын өте жақсы білетіндігі көрініп тұр» [52:4].

Сабыр мұнан кейін «Бағаналы елінің жайы», «Ерден батыр», «Заң зәбірі», Қала шығу», «Сүлік» атты әңгіме, очерк, повестер жазды.

Сабыр Шәріповтың соңғы көлемді шығармасы – «Бекболат» повесі (1937).Ол идеялық-көркемдік жағынан қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар туынды. Онда 1916 жылғы ұлт- азаттық көтерілісі әңгіме болады. Кедейлер арасынан шыққан қазақ күрескері – Бекболаттың өмір жолы, оның рухани өсуі, ерлік күресі көрсетілуі. Сонымен бірге циркші Осип, ауыл жігіті Кәрібай, айдауда жүрген Рахымжан, партизан отрядының бастығы Иса бейнелерін автор сүйіспеншілікпен суреттейді. С.Шәріпов шығармаларында мазмұн – бай, оқиға тығыз, кейіпкер іс үстінде көрінеді. С.Мұқанов: «Шәріпов – романдарының сюжетін қызықты етіп құра білетін жазушы, оның шығармаларын кісі қызығып оқиды»,- деп жазады.

Бұл жылдары қазақ-татар әдебиетінің байланысын нығайтуға бұлардан басқа татарлардан – Ф.Бурнаш, Һ.Тоқташ, А.Ерикей, А. Исхақ,, қазақтардан – Т.Жароков, Ж.Сыздықов, М.Дәулетбаев, С.Машақов, Ә. Есмәмбетов едәуір еңбек етті. Егер қазақ ақындарын татардың ақ Еділі, нұрлы Қазаны, олардың мәдениетімен, Ғ.Тоқай, Ғ.Ибраһимов, Һ.Тоқташ сияқты жекелеген өкілдерінің өмірі мен шығармашылығы қызықтыратын болса, татар ақын-жазушылары қазақтың кең даласын, оның дархан өмірін, жасампаз еңбегін, қазақтардың ақындық, әншілік өнеріне қызыға қарап, оларды сүйсіне жырлады.

Кеңестік дәуірде жаңа сипат алып, кең түрде дамып келе жатқан қазақ-татар әдебиеттерінің достық байланысын 1937-38 жылдары аздап болса да тоқырап қалды.

1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталды. Осы Үлкен сын, ұлы күрес үстінде, халықтар достығы бұрынғыдан да бекіп, нығая түсті. Бір окопта қатар жатып, бір қазаннан ас ішіп, бір зеңбіректен оқ атқан қазақ, татар жігіттері ерлік пен достықтың нелер тамаша үлгілерін көрсетті.

Міне, осындай ұлы сын үстінде қазақ- татар ақын жазушыларының достық, туысқандық байланысы қайта қалпына келе бастады. Өйткені, көптеген қазақ-татар ақын-жазушылары бір бөлімде қызмет етті, бір майданда соғысты.Мәселен татар ақын-жазушылары М.Жәлел, Ә.Әліш, Ә.Кутуй, Ф.Кәрім, Н.Арслан, З.Нури, М.Хусаин, қазақ жазушылары Ж.Саин, Ә. Шәріпов, Қ.Аманжолов, Қ.Бекхожин, Х.Ерғалиев, С.Мәуленов, т.б. солдаттық ауыр өмірді бастан кешірді.Мұның өзі қазақ, татар ақын-жазушыларының жаңа буынын тудырып, қазақ-татар әдебиеттері байланысының жаңа беттерін жасады.

Татардың көрнекті жазушысы Асхат Айдар Ұлы Отан соғысына дейінгі жылдардың өзінде-ақ Кеңес армиясының өмірінен «Ташбай» атты повесть жазып бастырған болатын. Жазушы бұл повесінде қазақ жауынгері – Ташбайды басты кейіпкер етіп алады да, оның жарқын образын жасайды.

Татардың екінші бір жазушысы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әбдірахман Әбсәләмов соғыс жылдары «Қазақ жігіті» атты очерк жазды. Оны «Отан үшін ұрыста» деген майдандық газетке (1944 жылы) жариялады.

Бұл очеркте қазақ жігітінің ұрыс даласында көрсеткен асқан ерлігі суреттеледі. Көрнекті татар жазушылары Ахмет Файзи, Хатиб Усман, Әбдірахман Әбсәләмов майданда жүріп, майдандық газеттерде қызмет істеп, қазақтың көптеген ақын- жазушыларымен, солардың ішінде Ә.Сәрсенбаев, Д.Әбілов, С.Машақов, Ы.Дүйсенбаев, Ж.Молдағалиев, Е.Әукебаев, С.Сейітов, Ә.Бектемісов, т.б. жүздесіп достасады.

Кеңес Одағының Батыры, татар ақыны Мұса Жәлелдің есімі (1906-1944) дүние жүзіне белгілі.

Мұса Жәлел – жастайынан көп оқыған, көп ізденген ақын. Ол татар, орыс, Еуропа әдебиеттерімен бірге классикалық шығыс поэзиясын да сүйіп оқитын. Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың өлеңдерін оқып, танысқан, одан өзіне үлгі-өнеге алған. Бұған оның жеке кітапханасынан орын алған А.Құнанбаевтың өлеңдер жинағы айғақ. Осыдан да болса керек, тіпті, Абай мен Жәлелдің кейбір өлең жолдары өте ұқсап жатады. Мәселен, Абай :

«Өлді» деуге бола ма, ойлаңдаршы,

Өлмейтұғын артына сөз қалдырған?![53:178]-

десе, Мұса Жәлел:

«Өлді» деуге сыя ма, айтыңдаршы,

Жеңіп өлген сұрапыл бұл өлімді?![54:172]-

деп жазады.

Мұса Жәлелдің ізгі есімі мен оның жалынды жырларының қазақ оқушылары арасына белгілі бола бастаған жылдардың өзінде-ақ есімі мен өлеңдері қазақ әдебиетінің төл туындысындай сіңісіп, араласып кетті. Қазіргі уақытта Жәлел шығармалары түгелдей дерліе қазақ тіліне аударылған десе болады.1955 жылы Мұса Жәлелдің Моабит түрмесінде жазылған өлеңдері «Жырларым» деген атпен жеке жинақ болып шықты. М.Жәлелдің өлеңдерін аударуға Т.Жароков, Ж.Сыздықов, С.Сейітов, Қ.Жармағамбетов, С.Мәуленов, Ғ.Қайырбеков, І.Мәмбетов сияқты қазақтың ең таланты ақындары қатыстырылды.

Сөйтіп, өзінің әріптес ағалары мен Ғ.Тоқай мен Ғ. Ибраһимов сияқты Мұса Жәлелдің де есімі мен еңбегі қазақ арасына кеңінен тарап, халқымыздың Абай, Жамбыл, Мұхтар сияқты сүйікті ақын-жазушыларының қатарынан орын алды.

Мұхтар Омарханұлы Әуезов (1897-1961) осы күнгі Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданында дүниеге келген. Семей өңірі де қазақ, татар, аралас отырған көп ұлтты өлке болатын. Сондықтан да М.Әуезов жастайынан татарлармен араласып, олардың ән-күйін тыңдап өсті. Оның үстіне Мұхтардың атасы Әуез сауатты адам болды да, Қазан, Уфа, Ташкент баспаларынан көне түркі, шағатай, татар тілдерінде шыққан ескі хиссалар мен кітаптарды ұстап, көп оқиды.

Мұның өзі бала Мұхтардың балғын көңілінде еріксіз із қалдырды, әрі Мұхтардың алғашқы ашқан мектебі – татар медресесі, алғаш алдын көрген мұғалімі татар молдасы екенін де айта кеткен жөн [55:56].

М.Әуезов кейін Семей мұғалімдер семинариясында оқыған кезінде де көптеген татарлармен әріптес, істес болуға тура келді. Семейде толып жатқан татар мешіттері мен медреселері, оқу-ағарту мекемелері, мәдени ұйымдары, ойын-сауық орындары болды. Мұғалімдер семинариясында да көптеген татар балалары оқыды. Мұхтар олармен бір сыныпта оқып, бір партада отырды.

Міне, осылардың бәрі жинала келіп, М.Әуезовтің жасынан татар халқының тұрмысымен таныс болуына, олардың тілін, тарихын, әдет-ғұрып, салт-санасын жақсы білуіне, ең ақырында, татардың мәдениеті мен әдебиетін еркін игеруіне едәуір жағдай жасады. Соның үшін де М.Әуезов: «Мені тәрбиелеп өсірген үш анам болды. Оның біріншісі – қазақ халқының ауыз әдебиеті болса, екінші және үшіншісі – орыстың классикалық әдебиеті мен татардың классик әдебиеті»[56:161],-дейді.

Кейбір татар әдебиетшілерінің (мәселен, Х.Усман, Г. Кашшаф, Ф.Мусиндердің) жазуларына қарағанда, татар жазушысы Ғ.Ибраһимовтың «Қазақ қызы» атты романы қазақ халқының тұрмысын, әдет-ғұрып, салт-санасын, әсіресе, ондағы ру таластары мне таптар тартысын реализм әдісімен көрсететін тұңғыш прозалық шығарма болып есептеледі. Ал, кейін қазақ өмірінен шығарма жазған көптеген қазақ жазушылары, соның ішінде М.Әуезов те, Ғ.Ибраһимовтың әлгі романынан көп нәрсені үйренгенге ұқсайды. Х.Усманның ойынша, М.Әуезов өзінің алдында өмір сүріп, еңбек еткен Ғ.Ибраһимовтың шығармашылық тәсілі мен көркемдік әдісін еркін игерген және оны ілгері дамытқан, соның нәтижесінде «Абай жолы» сияқты эпопея тудыра алған, демек, М.Әуезовтің бұл роман-эпопеясы Ғ.Ибраһимовтың «Қазақ қызы» романының заңды жалғасы және биік шыңы болып табылады.

М.Әуезовтің ұлы Абай жөнінде жазған «Абай жолы» атты эпопеясы көптеген ақын-жазушыларға, соның ішінде татар жазушыларына да әсер етіп, ықпал жасады. Мәселен, белгілі татар жазушысы Ахмет Файзи М.Әуезовтің Абай туралы роман жазуынан үлгі-өнеге ала отырып, Тоқай жөнінде «Тоқай»атты көп томды роман жаза бастады. Романның композициялық желісі мен сюжетін құруда да, туған халқының қамын жеген, еңбекші халықтың мүддесін қорғаған күрескер ақынның образын жасауда да А.Файзидің М.Әуезовтен көп нәрсені оқып, үйренгені байқалады. Өкінішке орай, А.Файзи Тоқай туралы толғаныстарын аяқтай алмай, романның 1 кітабын ғана жазып үлгерді. Соның өзінде жазушының бұл романы татар прозасының таңдаулы үлгілерінің бірінен саналады. Роман орыс,қазақ тілдеріне аударылды.

Қазақ-татар әдебиеттері байланысын нығайтуға ерекше еңбек еткен, татар әдебиетінің Қазақстандағы жаршысы болған ақындардың бірі – Жақан Сыздықов. Ақын Ж.Молдағалиев Жақанды «татар әдебиетінің ғашығы» деп атады. Расында да, Ж.Сыздықов татар әдебиетін жастайынан оқып, одан көп нәрсені үйреніп, оны насихаттаумен болды.

Ақын Жақан Сыздықов өз сауатын алғаш рет татар медересесінен ашқан, кейін хат танып, қара жүргізе бастаған кезде татар тіліндегі кітаптарды, газет-журналдарды көбірек оқыған.Оған, әсіресе, татардың ағартушы-демократ ғалымы Қаюм Насыридің шығармалары, татардың ұлы ақыны Ғ.Тоқайдың, Һади Тақташтың өлеңдері, Ғ.Ибраһимовтың романдары мен Ғ.Камалдың пьесалары ұнаған. Солардан көп әсер алған.

Жақанның Татарстан туралы жазған өлең- жырлары негізінен екі тақырыпқа және екі кезеңге бөлуге болады. Олар, бірінші- Татарстанның көрікті жерлері, тарихи орындары, екінші- даңқты адамдары, тамаша ерлері. Жақан жырлары, көбінесе осы екі тақырыптың төңірегінде тоқталған. Ал екі кезең дегеніміз- 1936-1937 және 1957-1963 жылдары жазылған шығармалары.

Ақын Жақан Сыздықовтың туысқан Татар республикасына, оның астанасы – Қазан қаласына татар халқының даңқты ұлдары мен қыздарына арнаған өлең-жырлары екі халықтың ежелден бергі туыстығы мен достығын, көркемдік шешімін тапқан көрінісі, татар-қазақ әдебиеттері байланысының жарқын беттерінің бірі демекпіз.

Ж.Сыздықов көптеген татар ақын-жазушыларының шығармаларын қазақ тіліне аударды. Мәселен, Ғ.Тоқайдың өлеңдері мен поэмалары, Ғ.Ибраһимовтың «Қазақ қызы» романы мен «Алма шұбар» повесі Жақан аудармасында жарық көрді. Мұса Жәлел жырларын қазақтарға тұңғыш танытқан да осы Ж.Сыздықов. Бұл аудармалардың қайсысы болса да, сәтті шығып, оқушы жұртшылықтан тәуір баға алды.

Татар әдебиетін көп оқып, одан өзіне көп үлгі- өнеге ала білген қазақ ақындарының бірі – Сәду Машақов. Ақын Ж. Сыздықов сияқты С.Машақов та жастайынан татар мұғалимасынан сабақ алып татар әдебиетімен таныс болған.Ғ.Тоқай, Ф.Әмірхан, Ш.Бабич, Һ.Тақташ өлеңдерін сүйіп оқыған. Өсе келе өзі де өлең шығара бастағанда, татардың кейбір ақын-жазушыларының шығармаларын қазақ тіліне аударған. Ол әсіресе Һ. Тақташ шығармашылығын ұнатқан, соған байланысты көбінесе соның өлеңдерін аударған. Мәселен, Һ. Тақташьың «Келешекке хаттар» атты өлеңдер циклі С.Машақовтың аудармасы арқылы қазақ оқырмандарына мәлім болды.

Қазақ және татар халықтары достығының жолындағы жаршыларының бірі – ақын Жұбан Молдағалиев. Оның балалық және жастық шағы Орал өңірінде өтеді. Ал Орал өңірі Махамбет Өтемісұлының, Ғ.Тоқайдың жырларына әбден қанық.

Жұбан жастайынан қазақ-татар жырларын қатар тыңдап, Абай мен Тоқай есімін жадында бірдей сақтап өскен Жұбан татар халқын, оның ұлы адамдарын назарынан тастамайды.1956 жылы татардың тамаша ақыны Мұса Жәлел жөнінде дастан жазды. Бұл поэма бірден оқушылар назарын аударып , әдебиет жұртшылығынан зор баға алды.

1963 жылдың шілдесінде Қазанда қазақ әдебиетінің апталығы өтеді. Апталыққа қатысқан қазақ жазушыларының құрамында Жұбан да болды. Бұл сапар, бұл таныстық Жұбанға үлкен әсер қалдырды.

Апталықтан қайтып оралғаннан кейін ақын Жұбан туысқан Татарстан туралы, оның өскелең өмірі, көрікті әсерлері, атақты адамдары туралы «Біз Қазанға барғанда» атты үлкен өлеңдер циклін жазды.

Ақынның бұл өлеңдер цикліне «Қандай ыстық», « Өлке тану», «Ол осында оқыған», «Қазан теңізі», «Сүйімбике мұнарасы», «Сабантой», «Қазақ гүлі», «Қырық қыз», «Әттең-ай», «Сағынам» деген өлеңдері кіреді. Бұл өлеңдерден ақынның туысқан татар халқына деген ыстық махаббаты, осы елге деген шынайы сезімі сезіледі. Сонымен бірге бұл өлеңдерден татар халқының да қазақ халқына деген ыстық сезімін көруге болады.

Татар халқының батырлық бейнесі, ән мен жырға толы ақындық тұлғасы Жұбан Молдағалиевтың «Жыр туралы жыр» поэмасында тамаша көрсетілген. Мұны ол Мұса Жәлеледің сом тұлғасын жасау арқылы жүзеге асырған. «Жыр туралы жыр» поэмасы Жұбан шығармашылығының биік бір белесі деуге болады [57:64-69].

Жұбан Молдағалиев «Жыр туралы жыр» поэмасымен қазақ поэзиясын бір белеске көтеріп тастады және татар халқының ержүрек патриот ақыны Мұса Жәлеледің ерлік өмірін келелі дастан етіп, оның ғажайып тұлғасын жасады, сөйтіп, қазақ-татар әдебиеттері байланысының тарихына тағы да бір тамаша бір бет қосты.

Қазақстандағы татар әдебиетінің жанашыр жаршысы деп ақын, әрі ғалым Сағынғали Сейітовті атауға болады. Ол жастайынан татарлар арасында өскен, татар тілі мен әдебиетін жақсы білген. Ер жетіп, есейе келе орыс, батыс әдебиеттерімен бірге татар әдебиетін де көптеп оқыған, оны еркін игерген.

Ұлы Отан соғысының отты жылдарында жауынгер журналист, С.Сейітов көптеген татар жігітерімен істес, жолдас, қарулас болады. Олармен бір бөлімде қызмет етіп, бір майданда ұрыс жүргізеді.Бұлардың ішінде аса көрнекті ақын-жазушылары, әдебиетші-ғалымдары Ф.Кәрім, Х.Усман, А.Файзи, т.б. бар еді. С.Сейітов ұрыс даласында жүргеннің өзінде де татардың ұлы халық ақыны Ғ.Тоқай туралы, оның өмірі мен шығармашылығы жөнінде майдандық газеттерге мақалалар жазды. Қазақ, қырғыз, татар, башқұрт жауынгерлері арасында ол жөнінде баяндама жасады.

С.Сейітов өзінің ақындық, аудармашылық өнерін татар әдебиетінің озат үлгілерін қазақтар арасында насихаттауда да құрал етіп пайдаланады.Оның Мұса Жәлелде аударған өлеңдері- қазақтың аудармашылық өнерінің озық үлгілерінің бірі саналады. Мәселен, Мұса Жәлелдің С.Сейітов аударған «Жырлары», «Басымда тек ерік болса», «Сүйгеніме», «Құрыш», «Соғыстан соң», «Жаңа жылғы тілек» атты өлеңдері мазмұн, көркемдік және оқушысына әсер етуі жағынан түп нұсқадан кем түспейді. С.Сейітов жалғыз Жәлел емес, татардың Хасан Туфан, Шайхи Маннур, Ахмет Файзи, Сибғат Хаким, Зәки Нури, Самат Шәкір сияқты ақындарының өлеңдерін қазақ тіліне аударып жариялаған. «Сөз зергерлері» (1966), «Татар жырлары» (1970) деген жинақтар С.Сейітовтың құрастыруымен, алғы сөзімен жарық көрді.

Қазақ-татар әдеби байланысы жөнінде сөз болғанда, белгілі қазақ ақыны, Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сырбай Мәуленов есімі ерекше еске түседі. Торғай даласында, Қостанай қаласында, қалың қазақ татар арасында туып өскен Сырбай татар халқымен, оның өлең жырымен ертеден-ақ таныс болған. Жастайынан Ғ.Тоқай, Һ.Тақташ өлеңдерін жаттап өскен.Өзінің ақындық жолында көп нәрсені үйренген. С.Мәуленов 1968 жылдың жазында Қазанға барады, сол сапарынан алған әсерімен «Мен Қазанға барғанда» атты өлеңдер циклін жазады. Ақынның бұл өлеңдер цикліне оның он сегіз өлеңі енген. Олардың ішінен «Ағыс», «Мен Еділді көрдім барып Май күні», «Қазанның қақ ортасында», «Тоқай бейіті басында», «Тақташ», «Мұса Жәлел ескерткіші», «Сүйімбике мұнарасы», «Татар қызы Ғалиябану», «Сағынбастан сарғайма» деген өлеңдерін ерекше атап өткен жөн.

Сырбай сонымен шебер аудармашы. Ол татардың көптеген ақын-жазушыларының Ғ. Тоқай, М.Жәлел, Н.Баян т.б. шығармаларын қазақ тіліне аударып жариялады. С.Мәуленов шығармашылығы татар-қазақ әдеби байланысы тарихына жарқын бет болып жазылмақ.

Қазақ халқының Ұлы Отан соғысынан кейінгі дарқан өмірі, жасампаз еңбегі, әсіресе, тың және тыңайған жерлерді игеру жолындағы қажырлы күресі татар ақын-жазушыларының да назарын аударып, олардың қаламына қуат беріп, көңіліне шабыт тудырды. Көптеген татар жазушылары Қазақстанға келіп, тың игерушілердің ерлік еңбегімен, тұрмыс-тіршілігімен танысты. Олардың ішінен белгілі татар ақындары бұрыннан қазақ халқына етене жақын Н.Арслан, И.Салахов, М.Хусаин, Н.Фаттах есімдерін ерекше атаған жөн. Әрине, бұлардың Қазақстанға келуі кездейсоқ емес еді. Өйткені, олардың көпшілігі Қазақстанда туған, оқыған немесе қызмет істеген адамдар болатын. Соған байланысты қазақ елін, оның тілі мен әдебиетін жақсы білетін, Қазақстанда туып-өскен татар ақындарының бірі – Нури Ғазизұлы Арслан. Ол 1912 жылы Солтүстік Қазақстанның Петропавл (Қызылжар) қаласында туған. Нури өзінің қазақ тақырыбына жазған шығармаларында дарқан қазақ даласына, оның асыл жандарына деген ыстық ықыласы мен зор сүйіспеншілігін білдіреді. Нури қазақ әдебиетінің жанашыр жақыны, жақсы досы. Ол көптеген қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын татар тіліне аударған. Олардың Т.Жароков, Ж.Сыздықов, Қ.Бекқожин, Х.Ерғалиев, Т.Әбдірахманова, М.Әлімбаев, Н.Шәкенов өлеңдері мен Ғ.Мүсірепов, Н.Ғабдуллин, К.Құттыбаев, М.Сүндетов әңгімелері бар. Н.Арсланның да бірнеше өлеңдері қазақ тіліне аударылып, жарық көрген. Ақын өлеңдерін қазақ тіліне аудруға Т.Жароков, С.Сейітов, Қ. Абдуллин, Е.Байтоқовтар қатысты.

Тың игерушілер өмірінен шығарма жазып, көзге көрінген татар жазушыларының бірі – Ибраһим Низамұлы Салахов. Ол 1911 жылы Көкшетау қаласында туады. Жастайынан қазақтармен араласып, қазақ тұрмысын, әдет-ғұрпын, тіл мәдениетін жақсы біледі. Салахов өз шығармаларын татар тілінде жазады.Оның «Махаббат»(1935), «Жепе-жек» (1936), «Күзетте»(1937) атты кітаптары шығады.Кейін «Түн қызы»(1970), «Қаздар ұшады»(1971) жинақтары жарық көрді.

И.Салахов өз ортасында тұрған Көкшетау тың игерушілерінің өмірінен бірнеше поэзиялық және прозалық шығармалар жазды. Оның бірі – « Дала толқындары» атты өлеңдер жинағы. Ол 1957 жылы Қазанда татар тілінде басылып шықты. Кейін ол «Көкшетау даласында» романын жазып,1957 жылы Қазанда бастырды.Ал «Көкшетау жырлары» атты өлеңдер жинағы (1959) мен



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет