Кодексі салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы


-бап. Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған табыстардың және ұсталған (төленген) салықтардың сомасы туралы анықтама



бет17/53
Дата15.06.2016
өлшемі4.07 Mb.
#137653
түріКодекс
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   53

220-бап. Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған табыстардың және ұсталған (төленген) салықтардың сомасы туралы анықтама

1. Резиденттік елінде Қазақстан Республикасында төленген салықтарды есепке жатқызуды немесе Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған табыстар шегерімін алу мақсатында резидент еместің Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған табыстардың және ұсталған (төленген) салықтардың сомасы туралы анықтаманы салық органынан алуға құқығы бар.

2. Резидент емес Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған табыстардың және ұсталған (төленген) салықтардың сомасы туралы анықтаманы алу үшін салықтық өтінішті төменде көрсетілген салық органына:

1) Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме құрмай жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлға – салық агенті орналасқан жер бойынша;

2) Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлға – тұрақты мекеме орналасқан жер бойынша;

3) шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам – салық агенті орналасқан жер бойынша;

4) Қазақстан Республикасындағы көздерден алынатын табыстардан салықтарды дербес төлейтін шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам – Қазақстан Республикасында болатын (тұрғылықты) жері бойынша табыс етуге міндетті.

3. Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған табыстардың және ұсталған (төленген) салықтардың сомалары туралы анықтаманы салық органы мынадай күндерден неғұрлым кеш:

өтініш берілген күннен;

резидент еместің есебіне жазылған табыстарының және төлеуге жататын салықтардың сомалары көрсетілген салық есептілігінің тиісті нысанын резидент емес және (немесе) салық агенті табыс еткен күннен бастап күнтізбелік он бес күннен кешіктірмей береді.

4. Салық төлеушінің салықтық өтініші деректерінің салық төлеушінің және (немесе) салық агентінің салық есептілігі нысандарында көрсетілген деректерге сәйкес келмеуі анықталған кезде, сондай-ақ салық төлемі болмаған немесе салық агентінде салық өтініші берілген күні резидент еместердің табысынан салықты аудару бойынша салықтық берешек болған жағдайда, салық органы резидент емеске анықтама беруден жазбаша бас тартуды жібереді.

5. Резидент емес салық органына салықтық өтінішті табыс етпеген жағдайда, Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған табыстардың және ұсталған (төленген) салықтардың сомасы туралы анықтама берілмейді.

6. Салық органы уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша анықтамаларды тіркеу журналын жүргізуге міндетті.

27-тарау. РЕЗИДЕНТТЕРДІҢ СЫРТҚЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚЫЗМЕТТЕН ТҮСЕТІН ТАБЫСТАРЫНА САЛЫҚ САЛУДЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

221-бап. Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі көздерден алынған табыстар

1. Осы Кодекстің мақсаты үшін Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі көздерден алынған табыстар деп төленген жеріне қарамастан, Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған табыстар болып табылмайтын барлық табыс түрлері танылады.

2. Резидент – салық төлеуші Қазақстан Республикасындағы салық декларациясында Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі көздерден алынған, оның ішінде салық салуда жеңілдігі бар мемлекеттердегі көздерден алынған табыстарды көрсетуге міндетті.

222-бап. Резидент – заңды тұлғаның Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде табыстар алуымен байланысты

шығыстарын шегерімге жатқызу тәртібі

1. Резидент – салық төлеуші табыс, оның ішінде Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі көздерден табыс алумен байланысты шығыстарды осы Кодекстің 4 және 6-бөлімдерінің ережелерінде белгіленген тәртіппен шегерімге жатқызады.

2. Резидент – салық төлеуші өзінің шет мемлекетте орналасқан тұрақты мекемесіне Қазақстан Республикасында да, одан тысқары жерлерде де шеккен, тұрақты мекеме арқылы Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі көздерден табыс алумен байланысты шығыстарды осындай шет мемлекеттің салық заңнамасының ережелеріне сәйкес шегерімге жатқызады.

3. Резидент – заңды тұлғаның шет мемлекеттегі тұрақты мекемесінің салық салынатын табысын айқындау кезінде мұндай шет мемлекеттің салық заңнамасының немесе халықаралық шарттың ережелеріне сәйкес осындай салық салынатын табысты алу мақсатында Қазақстан Республикасында да, одан тысқары жерлерде де шеккен басқару және жалпыәкімшілік шығыстарды шегерім жасауға жол беріледі.

4. Басқару және жалпыәкімшілік шығыстардың сомасы резидент – заңды тұлға сондағы көздерден табыс алған шет мемлекетте осындай шет мемлекеттің салық заңнамасында көзделген тәртіппен шегерімге жатады.

Егер резидент – заңды тұлға сондағы көздерден табыс алған шет мемлекеттің салық заңнамасында немесе халықаралық шартта басқару және жалпыәкімшілік шығыстарды шегерім жасауға жол берілсе, бірақ бұл ретте шет мемлекеттің салық заңнамасында мұндай шығыстарды шегерімге жатқызудың тәртібі көзделмеген болса, резидент – салық төлеуші көрсетілген шет мемлекеттегі басқару және жалпыәкімшілік шығыстарды осы Кодекстің 208 – 211-баптарында көзделген тәртіппен шегерімге жатқызады.

223-бап. Шетелдік салықты есепке жатқызу

1. Табыстарға салынатын, Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде төленген салықтардың немесе резидент – салық төлеушінің Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі көздерден алған табыстарынан табыс салығының бірдей түрінің сомасы Қазақстан Республикасында корпоративтік немесе жеке табыс салығын төлеу кезінде салықтың төленгенін растайтын құжат болған кезде есепке жатқызылады.

Мұндай құжат шет мемлекеттің салық органы куәландырған, шет мемлекеттегі көздерден алынған табыстардың және төленген салықтардың сомалары туралы анықтама болып табылады.

2. Шетелдік салықты есепке жатқызу Қазақстан Республикасында резидент – салық төлеушінің Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі көздерден алған:

1) осы Кодекстің ережелеріне сәйкес салық салудан босатылған;

2) осы Кодекстің 99-бабына сәйкес түзетуге жататын;

3) шет мемлекетте артық төленген салық сомасы шегінде шет мемлекеттегі осындай табыстардан салықтарды төлеу және (немесе) ұстау фактісіне қарамастан, халықаралық шарттың ережелеріне сәйкес Қазақстан Республикасында салық салуға жататын табыстарынан берілмейді. Бұл ретте салықтың артық төленген сомасы салықтың іс жүзінде төленген сомасы мен халықаралық шарттың ережелеріне сәйкес шет мемлекетте төлеуге жататын салық сомасының арасындағы айырма ретінде айқындалады.

3. Осы бапта көзделген есепке жатқызылатын сомалардың мөлшері әрбір шет мемлекет бойынша жеке айқындалады.

Бұл ретте, салықтың есепке жатқызылатын сомасының мөлшері мынадай сомалардың:

1) резидент – салық төлеушінің Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі көздерден алған табыстарынан салықтың шет мемлекетте іс жүзінде төленген сомасының;

2) Қазақстан Республикасында осы Кодекстің осы тарауының және 4 немесе 6-бөлімдерінің ережелеріне, сондай-ақ халықаралық шарт ережелеріне сәйкес есептелген, Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі көздерден алынған табыстардан табыс салығы сомасының ең төменін білдіреді.

Салық төлеуші осы Кодекстің 46-бабында белгіленген талап қою мерзімі ішінде көрсетілген табыс алынуға жататын салық кезеңінде Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі көздерден алынған табыстардан шетелдік табыс салығын есепке жатқызуды жүргізеді.

4. Шет мемлекеттегі көздерден алынған табыстардан осы мемлекетте төленген табыс салығын есепке жатқызудың жалпы сомасын айқындау үшін резидент корпоративтік немесе жеке табыс салығы бойынша декларацияға тиісті қосымшаны толтырады.

5. Салық төлеуші шет мемлекеттегі көздерден алған табыстарының және төлеген салықтарының сомалары туралы анықтамаға оның нотариаттық куәландырылған мемлекеттік тілдегі немесе орыс тіліндегі аудармасын қоса беруге міндетті.



224-бап. Жеңілдікті салық салынатын мемлекетте алынған табыс

1. Егер резидентке салық салуда жеңілдігі бар мемлекетте орналасқан және (немесе) тіркелген резидент емес – заңды тұлғаның жарғылық капиталының 10 және одан да көп проценті тікелей немесе жанама түрде тиесілі болса немесе ол осы резидент емес – заңды тұлғаның дауыс беретін акцияларының 10 және одан да көп процентіне тікелей немесе жанама түрде ие болса, онда резидент емес – заңды тұлғаның осындай резидент емес – заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесіне негізделе отырып айқындалатын пайдасының бір бөлігі резиденттің Қазақстан Республикасында салық салынатын табысына енгізіледі. Осы тармақтың ережесі қатысу үлесі тікелей немесе жанама түрде 10 және одан да көп процентті құрайтын, заңды тұлға құрмайтын кәсіпкерлік қызметті ұйымдастырудың басқа нысандарына резиденттің қатысуына да қолданылады.

Осы баптың мақсаты үшін пайда резидент емес – заңды тұлғаның қаржылық есептілігінде танылған, табыс салығы шегерілген есепті кезеңнің пайдасы ретінде айқындалады.

2. Салық салуда жеңілдігі бар мемлекетте орналасқан және (немесе) тіркелген пайдасының бір бөлігі Қазақстан Республикасы резидентінің салық салынатын табысына қосылатын резидент емес – заңды тұлға пайдасының жалпы сомасы, резидент еместің қаржылық есептілігімен расталуға тиіс.

3. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген резидент өзі орналасқан (тұрғылықты) жердегі салық органына есепті салық кезеңінен кейінгі жылдың 31 желтоқсанынан кешіктірмей, нотариаттық куәландырылған мемлекеттік тілдегі немесе орыс тіліндегі аудармасын қоса бере отырып, мынадай құжаттардың:

1) резиденттің шоғырландырылған қаржылық есептілігінің (егер салық төлеуші еншілес ұйымы бар заңды тұлға болып табылса);

2) осы баптың 1-тармағында көрсетілген резидент емес – заңды тұлғаның қаржылық есептілігінің;

3) жеңілдікті салық салынатын мемлекеттерде орналасқан еншілес ұйымдар бойынша ақпараттардың мәнін аша отырып (егер резидент емес – заңды тұлғаның еншілес ұйымы болған жағдайда), резидент емес – заңды тұлғаның шоғырландырылған қаржылық есептілігінің;

4) егер жоғарыда аталған тұлғалар үшін Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттің заңнамалық актілерінде міндетті түрде аудит жүргізу белгіленген жағдайда, осы тармақта көрсетілген құжаттарға аудиторлық есептің көшірмелерін табыс етуге міндетті.

4. Егер шет мемлекет мынадай талаптардың біріне жауап берген жағдайда:

1) мұндай мемлекетте табыс салығының ставкасы 10 проценттен аспайтын мөлшерді құраса;

2) мұндай мемлекетте қаржы ақпаратының құпиялылығы туралы заңдар немесе мүліктің, табыстың нақты иесі немесе компанияның нақты иелері, құрылтайшылары, акционерлері туралы құпияны сақтауға мүмкіндік беретін заңдар болса, ол салық салуда жеңілдігі бар мемлекет деп танылады.

Салық салуда жеңілдігі бар мемлекеттердің тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

5. Осы баптың мақсатында шет мемлекеттің әкімшілік-аумақтық бірлігі де, егер ол мынадай талаптардың біріне жауап берген жағдайда:

1) мұндай әкімшілік-аумақтық бірлікте мемлекет резидент емес – заңды тұлғаға іс жүзінде қолданатын табыс салығының ставкасы 10 проценттен аспайтын мөлшерді құраса;

2) мұндай әкімшілік-аумақтық бірлікте қаржы ақпаратының құпиялылығы туралы заңдар немесе мүліктің, табыстың нақты иесі немесе компанияның нақты иелері, құрылтайшылары, акционерлері туралы құпияны сақтауға мүмкіндік беретін заңдар болса, салық салуда жеңілдігі бар мемлекет деп танылады.

6. Осы баптың ережелері Қазақстан Республикасы резидентке берген және (немесе) резидент үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жеңілдіктерге, инвестициялық салық преференцияларына, барынша қолайлылық режиміне, сондай-ақ осы Кодексте көзделгендерден неғұрлым қолайлырақ өзге де салық салу шарттарына қарамастан қолданылады.

225-бап. Резиденттің халықаралық шартты шет мемлекетте қолдану тәртібі

1. Резидент Қазақстан Республикасы халықаралық шарт жасасқан шет мемлекеттегі көздерден табыстар алған жағдайда, тиісті халықаралық шарттың талаптарын орындаған кезде резидент шет мемлекетте мұндай табыстарға салық салудан босатылу немесе төмендетілген салық ставкасын қолдану мақсатында көрсетілген мемлекетте осындай халықаралық шарттың ережелерін қолдануға құқылы.

2. Халықаралық шарттың ережелері осы Кодекстің 206-бабында белгіленген талаптар орындалған кезде резиденттің Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі көздерден алатын табыстарына қолданылады.

3. Қазақстан Республикасының резиденттігін растау қажет болған жағдайда, резидент орналасқан (тұрғылықты) жердегі салық органына қатысты жоғары тұрған орган болып табылатын салық органына (уәкілетті органды қоспағанда) салық резиденттігін растауды алуға салықтық өтініш береді.

Бұл ретте төменде көрсетілген салық төлеушілер салық органына салық резиденттігін растауды алуға салық өтінішімен қоса мыналардың:

1) өзінің тиімді басқару орны Қазақстан Республикасында орналасқаны негізінде резидент болып табылатын шетелдік заңды тұлға - заңды тұлғаны тиімді басқару орны (нақты басқару органының орналасқан жері) Қазақстан Республикасында болуын растайтын құжаттың (өткізілген орны көрсетіле отырып, директорлар кеңесінің немесе осы сияқты органның жалпы жиналысы хаттамасының немесе негізгі басқару және (немесе) бақылау, сондай-ақ заңды тұлғаның кәсіпкерлік қызметін жүргізу үшін қажетті стратегиялық коммерциялық шешімдер қабылдау орнын растайтын өзге де құжаттардың);

2) резидент болып табылатын Қазақстан Республикасының азаматы - жеке куәлігінің немесе Қазақстан Республикасы паспортының;

3) резидент болып табылатын шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам:

жеке куәлігінің немесе паспортының;

Қазақстан Республикасында болу кезеңін растайтын құжаттың (визаның немесе өзге де құжаттардың) нотариаттық куәландырылған көшірмелерін табыс етуге міндетті.

4. Резиденттікті растайтын құжатты орналасқан (тұрғылықты) жеріндегі салық органына қатысты жоғары тұрған орган болып табылатын салық органы (уәкілетті органды қоспағанда) резидент салық өтінішін берген күннен бастап күнтізбелік он бес күннен кешіктірмей береді.

5. Егер резидент шет мемлекеттегі табыстарға салық салу тиісті халықаралық шарттың ережелеріне қайшы келеді деп есептесе, ол шет мемлекеттің ішкі заңнамасында көзделген қорғану құралдарына қарамастан, шет мемлекеттің құзыретті органына немесе уәкілетті органға халықаралық шарт ережелерінің өз табыстарына салық салуға қатысты қолданылуының заңдылығы туралы мәселені қарау туралы өтінішпен жүгіне алады.



226-бап. Өзара келісу рәсімі

1. Егер резидент уәкілетті органға халықаралық шарт ережелерінің өз табыстарына салық салуға қатысты қолданылуы туралы мәселені қарау туралы өтінішпен жүгінген жағдайда, ол:

1) жұмыстарды орындауға (қызметтер көрсетуге) немесе өзге де мақсаттарға арналған келісімшарттардың (шарттардың, келісімдердің);

2) құрылтайшылар (қатысушылар) және резидент емес – заңды тұлғаның мажоритарлық акционерлері көрсетілген құжаттардың (құрылтайшы құжаттардың не сауда тізілімінен көшірме үзіндінің);

3) есебіне жазылған және төленген табыстардың және ұсталған салықтардың сомасын растайтын бухгалтерлік құжаттардың;

4) осы Кодекстің 225-бабының 3-тармағында көрсетілген құжаттардың нотариаттық куәландырылған көшірмелерін қоса беруге міндетті.

2. Резидент өтінішті, егер халықаралық шартта өзге мерзімдер белгіленбесе, шет мемлекетте халықаралық шарттың ережелеріне сәйкес келмейтін салық салу туындаған кезден бастап осы Кодекстің 46-бабында белгіленген талап қою мерзімі ішінде табыс етуге тиіс.

3. Уәкілетті орган резиденттен өтініш алынған кезден бастап күнтізбелік қырық бес күн ішінде оның өтінішін қарауға және резиденттің шет мемлекетте халықаралық шарт ережелерін қолдануы заңды болған жағдайда шет мемлекеттің құзыретті органына өзара келісу рәсімін жүргізу туралы сұрау салумен жүгінуге міндетті.



227-бап. Салық жинаудағы көмек

1. Уәкілетті орган орындалмаған салық міндеттемесін орындау мақсатында халықаралық шарт ережелеріне сәйкес уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша салық талабын жіберу жолымен шет мемлекеттің құзыретті органынан жәрдем сұрауға құқылы. Салық талабы резидент еместің Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған табыстардан, сондай-ақ резидент еместің тұрақты мекемесінің Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі көздерден алынған табыстарынан салық міндеттемесін орындамаған немесе толық орындамаған жағдайда осы Кодексте белгіленген мәжбүрлеп өндіріп алудың барлық ықтимал шаралары қолданылғаннан кейін ғана шет мемлекеттің құзыретті органына жіберіледі.

2. Шет мемлекеттің құзыретті органынан жәрдемдесуге сұрау салу келіп түскен кезде уәкілетті органның резиденттің шет мемлекетте туындаған салықтық міндеттемесінің атқарылуын қамтамасыз етуге құқығы бар. Бұл ретте уәкілетті орган халықаралық шарттың ережелеріне сәйкес резиденттің шет мемлекеттегі көздерден алынатын табыстарынан салық төлеудің заңдылығын қарайды және қорытынды шығарады.

3. Шет мемлекеттің құзыретті органының сұрау салуы бойынша оң қорытынды шығарылған жағдайда уәкілетті орган халықаралық шарттың ережелеріне сәйкес резиденттің салықтық міндеттемелерді осы Кодексте белгіленген тәртіппен атқаруын қамтамасыз етеді. Резидент салық төлеуші салық сомасын уәкілетті органның талабы бойынша халықаралық шарттың ережелеріне сәйкес жіберілген салық жинауға жәрдемдесу туралы сұрау салуда көрсетілген шет мемлекеттің құзыретті органының шотына аударады.

4. Уәкілетті орган шет мемлекеттің құзыретті органының сұрау салуларын өзара түсіністік принциптері негізінде қарайды.

5. Егер халықаралық шартта өзгеше айқындалмаса, осы баптың ережелері осы Кодекстің 46-бабында белгіленген талап қою мерзімі өткенге дейін қолданылады.



8-БӨЛІМ. ҚОСЫЛҒАН ҚҰН САЛЫҒЫ

28-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

228-бап. Төлеушілер

1. Мыналар:

1) Қазақстан Республикасында қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне тұрған мынадай тұлғалар:

дара кәсіпкерлер;

мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, резидент – заңды тұлғалар;

қызметін Қазақстан Республикасында филиал, өкілдік арқылы жүзеге асыратын резидент еместер;

сенімгерлікпен басқару құрылтайшыларымен не сенімгерлікпен басқару туындайтын өзге жағдайларда пайда алушылармен сенімгерлікпен басқару шарттары бойынша тауарларды, жұмыстарды, қызмет көрсетулерді өткізу бойынша айналымды жүзеге асыратын сенімгерлікпен басқарушылар;

2) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағына тауарларды импорттаушы тұлғалар қосылған құн салығын төлеушілер болып табылады.

2. Қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қою осы Кодекстің 568, 569-баптарына сәйкес жүргізіледі.

229-бап. Салық салу объектілері

Мыналар:


1) салық салынатын айналым;

2) салық салынатын импорт қосылған құн салығы салынатын объектілер болып табылады.



29-тарау. САЛЫҚ САЛЫНАТЫН АЙНАЛЫМ

230-бап. Салық салынатын айналымды айқындау

1. Мыналар:

1) осы Кодекстің 232-бабында көрсетілген салық салынбайтын айналымды қоспағанда, Қазақстан Республикасында тауарларды, жұмыстарды, қызмет көрсетулерді өткізу бойынша;

2) Қазақстан Республикасында қосылған құн салығын төлеуші болып табылмайтын және қызметін филиал, өкілдік арқылы жүзеге асырмайтын резидент еместен жұмыстарды, қызмет көрсетулерді сатып алу бойынша қосылған құн салығын төлеуші жасайтын айналым салық салынатын айналым болып табылады.

2. Қосылған құн салығы осы Кодекстің 256-бабына сәйкес есепке жатқызылған (оның ішінде негізгі құралдар, материалдық емес және биологиялық активтер, жылжымайтын мүлікке инвестициялар бойынша) тауарлар қалдықтары тұлғаны қосымша құн салығы бойынша тіркеу есебінен шығарған кезде Қазақстан Республикасында тауарларды өткізу бойынша айналым ретінде қарастырылады.

Осы тармақтың ережелері заңды тұлғаның қайта ұйымдастырылуына байланысты қосылу нәтижесінде барлық жаңадан құрылған заңды тұлғалар немесе заңды тұлғаға қосылған басқа заңды тұлға (заңды тұлғалар) қайта құрылғаннан кейін қосылған құн салығын төлеушілер болып табылатын шарттарды орындаған жағдайда оны қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен шығарған кезде қолданылмайды.



231-бап. Тауарларды, жұмыстарды, қызмет көрсетулерді өткізу бойынша айналым

1. Тауарларды өткізу бойынша айналым:

1) тауарға меншік құқығын беруді, оның ішінде:

тауарды сатуды;

кәсіпорынды тұтастай мүліктік кешен ретінде сатуды;

тауарды тиеп-жөнелтуді, оның ішінде басқа тауарларға, жұмыстарға, қызмет көрсетулерге айырбастауды;

тауар экспортын;

тауарды өтеусіз беруді;

жұмыс берушінің тауарды қызметкерге жалақы есебінен беруін;

2) тауарды бөліп-бөліп төлеу шартымен тиеп-жөнелтуді;

3) мүлікті қаржы лизингіне беруді;

4) тауарды комиссия шарты бойынша тиеп-жөнелтуді;

5) кепіл берушінің кепілге берілген мүлікті (тауарды) борыштың төленбеуі жағдайында беруін;

6) бұрын экспорт режимінде шығарылған тауарды кері импорт режимінде қайтаруды білдіреді.

2. Жұмыстарды, қызмет көрсетулерді өткізу бойынша айналым жұмыстарды кез келген оның ішінде өтеусіз орындауды немесе қызмет көрсетулерді, сондай-ақ тауарды өткізуден ерекшеленетін, сыйақы үшін кез келген қызметті, оның ішінде:

1) мүліктік жалдау шарттары бойынша мүлікті уақытша иелікке және пайдалануға беруді;

2) зияткерлік меншік объектілеріне құқықтар беруді;

3) жұмыс берушінің қызметкерге жалақы есебінен жұмыстарды орындауын, қызмет көрсетулерін;

4) аванстарды және айыппұл санкцияларын қоспағанда, тауарларды, жұмыстарды, қызмет көрсетулерді өткізуге байланысты талап ету құқықта рын беруді;

5) сыйақы үшін кәсіпкерлік қызметті шектеуге немесе тоқтатуға келісім беруді білдіреді.

3. Мыналар:

1) мүлікті жарғылық капиталға салым ретінде беру;

2) жарғылық капиталға салым ретінде алынған мүлікті қайтару;

3) бірлігінің құны тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 2 еселенген мөлшерінен аспайтын тауарды жарнамалық мақсатта өтеусіз беру не сыйлау;

4) тапсырысшының мердігерге дайын өнімді мердігердің дайындауы, қайта өңдеуі, құрастыруы (монтаждауы, орнатуы), жөндеуі және (немесе) объектілер салуы үшін алыс-беріс тауарларын тиеп-жөнелтуі. Көрсетілген тауарлар Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде дайындалған, қайта өңделген, құрастырылған, жөнделген жағдайда, егер оларды әкету Қазақстан Республикасының кеден заңдарына сәйкес «Тауарларды кеден аумағынан тысқары жерлерде қайта өңдеу» режимімен жүзеге асырылса, көрсетілген тауарлардың тиеп-жөнелтілуі өткізу бойынша айналым болып табылмайды;

5) қайтарылатын ыдысты тиеп-жөнелту. Құны онымен жіберілетін өнімді өткізу құнына кірмейтін және осы өнімді беру жөніндегі шартта (келісімшартта) белгіленген талаптармен және мерзімде, бірақ ұзақтығы алты айдан аспайтын мерзімде өнім берушіге қайтаруға жататын ыдыс қайтарылатын ыдыс болып табылады. Егер ыдыс белгіленген мерзімде қайтарылмаса, мұндай ыдыстың құны өткізу бойынша айналымға енгізіледі;

6) бұрын экспорт режимінде шығарылған тауарды кері импорт режимінде қайтаруды қоспағанда, тауарды қайтару;

7) егер мұндай әкету Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес «Тауарларды уақытша әкету» кеден режимімен ресімделсе, шартта белгіленген талаптар мен мерзімдерде қайта алып келуге жататын тауарларды көрмелер, басқа да мәдени және спорт шараларын өткізу үшін Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерге әкету;

8) жер қойнауын пайдаланушы жаңадан құрған және (немесе) жер қойнауын пайдаланушы сатып алған, жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды орындау үшін пайдаланған және жер қойнауын пайдалануға жасалған келісімшарт талаптарына сәйкес Қазақстан Республикасына беруге жататын мүлікті жер қойнауын пайдаланушының Қазақстан Республикасының меншігіне беруі;

9) эмитенттің эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыруы;

10) қайта ұйымдастырылатын заңды тұлғаның негізгі құралдарын, материалдық емес активтерін және өзге де мүлкін оның құқықтық мирасқорына (құқықтық мирасқорларына) беруі;

11) концессия объектісін концедентке беру, сондай-ақ концессия объектісін концессия шарты шеңберінде пайдалану үшін кейіннен концессионерге (құқықтық мирасқорына немесе тек қана концессионердің концессия шартын іске асыру үшін арнайы құрған заңды тұлғаға) беруі;

12) егер жеке тұлғаның жеке мүлкі кәсіпкерлік қызмет мақсатында пайдаланылмаса, осы тұлғаның осындай мүлікті өткізу бойынша айналымы;

13) сенімгерлікпен басқару шарты бойынша сенімгерлікпен басқару құрылтайшысының немесе сенімгерлікпен басқару туындайтын өзге жағдайларда пайда алушының мүлікті сенімгерлікпен басқарушыға беруі;

14) сенімгерлікпен басқару туындауының негізі болып табылатын құжаттың қолданылуы тоқтатылған кезде сенімгерлікпен басқарушының мүлікті қайтаруы;

15) сенімгерлікпен басқарушының сенімгерлікпен басқарудан түсетін таза табысты мүлікті сенімгерлікпен басқару шарты бойынша сенімгерлікпен басқару құрылтайшысына немесе сенімгерлікпен басқару туындайтын өзге жағдайларда пайда алушыға беруі өткізу бойынша айналым болып табылмайды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   53




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет