Кодексі салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы


-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДА ҚЫЗМЕТІН ТҰРАҚТЫ МЕКЕМЕ ҚҰРМАЙ ЖҮЗЕГЕ АСЫРАТЫН РЕЗИДЕНТ ЕМЕС ЗАҢДЫ ТҰЛҒАЛАРДЫҢ ТАБЫСТАРЫНА САЛЫҚ САЛУ ТӘРТІБІ



бет14/53
Дата15.06.2016
өлшемі4.07 Mb.
#137653
түріКодекс
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   53

23-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДА ҚЫЗМЕТІН ТҰРАҚТЫ МЕКЕМЕ ҚҰРМАЙ ЖҮЗЕГЕ АСЫРАТЫН РЕЗИДЕНТ ЕМЕС ЗАҢДЫ ТҰЛҒАЛАРДЫҢ ТАБЫСТАРЫНА САЛЫҚ САЛУ ТӘРТІБІ

193-бап. Төлем көзінен табыс салығын есептеу мен ұстау тәртібі

1. Қызметін тұрақты мекеме құрмай жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлғаның осы Кодекстің 192-бабында айқындалған табыстарына осы Кодекстің 194-бабында көрсетілген ставкалар бойынша, шегерімдер жүзеге асырылмай, төлем көзінен табыс салығы салынады.

2. Төлем көзінен табыс салығын салық агенті табысты төлеуді жүзеге асырудың нысаны мен орнына қарамастан, резидент емес заңды тұлғаға табысын төлеу кезінде ұстайды.

3. Төлем көзінен табыс салығын бюджетке есептеу, ұстау және аудару жөніндегі міндет пен жауапкершілік резидент емеске табысты төлейтін және салық агенттері болып табылатын мынадай тұлғаларға:

1) дара кәсіпкерге;

2) егер филиал, өкілдік қосарланған салық салуды болғызбау туралы халықаралық шартқа немесе осы Кодекстің 191-бабының 6-тармағына сәйкес тұрақты мекеме құрмаған жағдайда, Қазақстан Республикасында қызметін филиал, өкілдік арқылы жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлғаға;

3) заңды тұлғаға, оның ішінде Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын резидент емеске жүктеледі.

Бұл ретте резидент емес заңды тұлға кейіннен тұрақты мекеме құруға алып келген Қазақстан Республикасындағы қызметін жүзеге асыру басталған күннен бастап салық агенті болып танылады;

4) депозитарлық қолхаттардың базалық активінің резидент эмитентіне жүктеледі.

4. Қолма-қол және (нeмece) қолма-қол емес түрде ақшаны, бағалы қағаздарды, қатысу үлесін, тауарларды, мүлікті беру, жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету, Қазақстан Республикасындағы көздерден табыстарды төлеу бойынша резидент еместің алдындағы берешекті өтеу есебінен жүргізілетін борышты талап етуді есептен шығару немесе есебіне жатқызу табысты төлеу деп түсініледі.

5. Мыналар:

1) сыртқы сауда қызметі шеңберінде Қазақстан Республикасының аумағына тауарлар жеткізуге байланысты төлемдер;

2) резидент банктердің корреспонденттік шоттарын ашу және жүргізу және солар бойынша есеп айырысулар, сондай-ақ халықаралық төлем карточкалары арқылы eceп айырысуларды жүргізу жөніндегі қызметтер көрсетуден түсетін табыстар;

3) бір мезгілде мынадай талаптар:

акцияларға немесе қатысу үлестеріне үш жылдан астам иелену;

дивидендтер төлейтін заңды тұлғаның немесе консорциумның жарғылық (акционерлік) капиталы немесе акциялары (қатысу үлестері) құнының 50 және одан да көп процентінің дивидендтерді төлеуі күнінде Қазақстан Республикасында жер қойнауын пайдаланушылар (пайдаланушы) болып табылмайтын тұлғалардың (тұлғаның) мүлкін құрауы орындалған күнгі дивидендтер;

4) ашық пайлық инвестициялық қорлардың пайлары бойынша, оларды осы қордың басқарушы компаниясы құнын төлеп сатып алған кездегі табыстар;

5) осындай дивидендтер мен сыйақыларды есебіне жазу күніне Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін қор биржасының ресми тізімінде болатын бағалы қағаздар бойынша дивидендтер мен сыйақылар;

6) мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздар, агенттік облигациялар бойынша сыйақылар, мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарды және агенттік облигацияларды өткізу кезінде құн өсімінен түсетін табыстар;

7) осы Кодекстің 197-бабында көрсетілгендерді қоспағанда, осы Кодекстің 192-бабы 1-тармағының 5) тармақшасында көрсетілген акцияларды немесе қатысу үлестерін өткізу кезінде құн өсімінен түсетін табыстар;

8) өткізу күні Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін қор биржасының ресми тізімдерінде болатын бағалы қағаздарды осы қор биржасында немесе шетелдік қор биржасында ашық сауда-саттық әдісімен өткізу кезінде құн өсімінен түсетін табыстар;

9) осы Кодекстің 216-бабында көрсетілген резидент емес заңды тұлғаның шартты банктік салымдары бойынша сыйақылары;

10) біртұтас құбыр жүйесі арқылы Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерге тасымалданатын шикі мұнайды өткізу сапасы бойынша құнды түзетуге байланысты төлемдер;

11) резидент сатып алушылар борыштық бағалы қағаздар бойынша оларды сатып алу кезінде төлеген жинақталған (есебіне жазылған) сыйақылар сомасы;

12) халықаралық қаржы лизингі шарттары бойынша негізгі құралдарды қаржы лизингіне беруден түсетін табыстар;

13) осы Кодекстің 192-бабы 1-тармағының 3), 4) тармақшаларында көрсетілген табыстарды қоспағанда, Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде жұмыстарды орындаудан, қызметтер көрсетуден түсетін табыстар салық салуға жатпайды.

6. Резидент емес заңды тұлғаның өз табыстарын үшінші тұлғалардың және (немесе) басқа мемлекеттердегі өз бөлімшелерінің пайдасына жұмсауына қарамастан, осы резидент еместің табыстарына төлем көзінен салық салынады.

194-бап. Төлем көзінен табыс салығының ставкалары

Қызметін тұрақты мекеме құрмай жүзеге асыратын резидент еместің Қазақстан Республикасындағы көздерден алатын табыстары мынадай ставкалар бойынша төлем көзінен салық салуға жатады:

1) осы баптың 2) - 6) тармақшаларында көрсетілген табыстарды қоспағанда, осы Кодекстің 192-бабында айқындалған табыстар –15 процент;

2) осы Кодекстің 192-бабының 4) тармақшасында көрсетілген табыстар – 20 процент;

3) тәуекелдерді сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру сыйлықақылары – 15 процент;

4) тәуекелдерді қайта сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру сыйлықақылары – 5 процент;

5) халықаралық тасымалдарда көлік қызметтерін көрсетуден түсетін табыстар – 5 процент;

6) құн өсімінен түсетін табыстар, дивидендтер, сыйақылар, роялти –15 процент.



195-бап. Төлем көзінен табыс салығын аударудың тәртібі

мен мерзімдері

1. Резидент емес заңды тұлғаның табыстарынан ұсталатын төлем көзінен табыс салығын салық агенті бюджетке:

1) осы тармақтың 3) тармақшасында көрсетілгеннен басқа жағдайда, есебіне жазылған және төленген табыс сомасы бойынша – табысты төлеу күніндегі валюта айырбастаудың нарықтық бағамы бойынша оны төлеу жүргізілген ай аяқталғаннан кейін күнтізбелік жиырма бес күннен кешіктірмей;

2) есебіне жазылған, бірақ шегерімге жатқызылған кезде төленбеген табыс сомасы бойынша – резидент еместің шегерімге жатқызылған табыстары есепті салық кезеңінің отыз бірінші желтоқсанындағы валюта айырбастаудың нарықтық бағамы бойынша корпоративтік табыс салығы бойынша декларацияны табыс ету үшін белгіленген мерзімнен кейінгі күнтізбелік он күннен кешіктірмей аударуға тиіс.

Осы тармақшаның ережелері өтеу мерзімдері корпоративтік табыс салығы бойынша декларацияны табыс ету үшін белгіленген мерзімнен кейінгі күнтізбелік он күн өткен соң басталатын борыштық бағалы қағаздар мен депозиттер бойынша сыйақыларға қолданылмайды. Мұндай жағдайда осы баптың 1-тармағы 1) тармақшасының ережелері қолданылады;

3) алдын ала төленген төлем бойынша – табысты есептеу күніндегі валюта айырбастаудың нарықтық бағамы бойынша резидент еместің табысы есебіне жазылған ай аяқталғаннан кейін күнтізбелік жиырма бес күннен кешіктірмей аударуға тиіс.

2. Егер резидент еместің табысының есептелген сомасы ағымдағы салық кезеңінде шегерімге жатқызылған болса, бірақ бұл ретте резидент емеске мұндай табысты төлеу келесі салық кезеңдерінде жүргізілсе, онда төлем көзінен табыс салығын салық агенті осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында белгіленген мерзімде бюджетке аударуға тиіс.

3. Төлем көзінен табыс салығының сомасын резидент емес заңды тұлғаның табыстарынан бюджетке аударуды салық агенті өзі орналасқан жер бойынша жүзеге асырады.

Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлға төлем көзінен табыс салығының сомасын резидент еместің табыстарынан бюджетке аударуды өзінің тұрақты мекемесі орналасқан жер бойынша жүргізеді.



196-бап. Салық есептілігін табыс ету

Салық агенті өзі орналасқан жердегі салық органына резидент еместің табысынан төлем көзінен ұсталатын корпоративтік табыс салығы бойынша есеп-қисапты мынадай мерзімде:

1) төлем көзінен табыс салығын ұстау жөніндегі міндеттеме туындаған есепті тоқсаннан кейінгі екінші айдың 15-інен кешіктірмей;

2) резидент еместің есебіне жазылған, бірақ төленбеген табыстары шегерімге жатқызылған есепті салық кезеңінен кейінгі жылдың 15 ақпанынан кешіктірмей табыс етуге міндетті.

Бұл ретте есепті салық кезеңінің 31 желтоқсаны резидент еместің есебіне жазылған, бірақ төленбеген табыстарын шегерімге жатқызу күні болып танылады.

197-бап. Қазақстан Республикасында орналасқан жылжымайтын мүлікті және Қазақстан Республикасында жер қойнауын пайдалануға байланысты бағалы қағаздарды, қатысу үлестерін өткізу кезінде құн өсімінен түсетін табыстардан салықты есептеу, ұстау және аудару
1. Осы бап мыналарды:

1) Қазақстан Республикасында орналасқан жылжымайтын мүлікті;

2) резидент шығарған акцияларды және Қазақстан Республикасында жер қойнауын пайдалану құқығын иеленуші резидент заңды тұлғадағы немесе консорциумдағы қатысу үлестерін;

3) егер аталған резидент заңды тұлғаның немесе консорциумның жарғылық (акционерлік) капиталы немесе акциялары (қатысу үлестері) құнының 50 және одан да көп проценті осындай өткізу күніне жер қойнауын пайдаланушылар (жер қойнауын пайдаланушы) болып табылатын тұлғалардың (тұлғаның) мүлкін құраса, резидент шығарған акцияларды және резидент заңды тұлғадағы немесе консорциумдағы қатысу үлестерін;

4) егер аталған резидент емес заңды тұлғаның немесе консорциумның жарғылық (акционерлік) капиталы немесе акциялары (қатысу үлестері) құнының 50 және одан да көп проценті осындай өткізу күніне жер қойнауын пайдаланушылар (жер қойнауын пайдаланушы) болып табылатын тұлғалардың (тұлғаның) мүлкін құраса, резидент емес шығарған акцияларды және резидент емес заңды тұлғадағы немесе консорциумдағы қатысу үлестерін өткізу кезінде резидент еместің құн өсімінен түсетін табыстарына қолданылады.

Бұл ретте құн өсімі осы Кодекстің 87-бабына сәйкес айқындалады.

Осы Кодекстің мақсаты үшін акцияларды (қатысу үлестерін) өткізу күніне заңды тұлғаның немесе консорциумның жарғылық (акционерлік) капиталы немесе акциялары (қатысу үлестері) құнында жер қойнауын пайдаланушылар (жер қойнауын пайдаланушы) болып табылатын (табылған) тұлғалардың (тұлғаның) мүлкінің үлесін айқындау тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.

2. Осы Кодекстің 193-бабының 5-тармағының 8) тармақшасында көрсетілген табыстарды қоспағанда, резидент еместің осы баптың 1-тармағында көрсетілген табыстары осы Кодекстің 194-бабында белгіленген ставка бойынша төлем көзінен табыс салығын салуға жатады.

3. Салық органы энергетика және минералдық ресурстарды реттеу және қадағалау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органнан Қазақстан Республикасында жер қойнауын пайдалану құқығын иеленуші резидент заңды тұлғаның немесе консорциумның мүлкіне байланысты бағалы қағаздарды, қатысу үлестерін сатып алу-сату жөніндегі мәміле туралы мәлімет алған кезде осындай резидентке немесе консорциумға бағалы қағаздарды, қатысу үлестерін сатып алушы туралы, сондай-ақ осындай бағалы қағаздарды, қатысу үлестерін сатып алу бағасы туралы мәліметтерді көрсете отырып, хабарлама жіберуге міндетті.

4. Акцияларды, қатысу үлестерін, жылжымайтын мүлікті өткізуші тұлға сатып алушыға - салық агентіне сатып алу (салым) құнын растайтын құжаттың көшірмесін табыс етуге міндетті.

Салық агентіне сатып алу (салым) құнын растайтын құжаттың көшірмесін табыс етпеген жағдайда, өткізу құны төлем көзінен табыс салығын салуға жатады.

5. Төлем көзінен табыс салығын бюджетке есептеу, ұстау және аудару жөніндегі міндет пен жауапкершілік табысты төлейтін тұлғаға, оның ішінде резидент еместің Қазақстан Республикасында тұрақты мекемесінің болуына немесе болмауына қарамастан, резидент емеске жүктеледі. Мұндай тұлға салық агенті болып танылады.

6. Салық агенті болып табылатын резидент емес осы Кодекстің 562-бабында белгілеген тәртіппен салық органында салық төлеуші ретінде тіркелуге міндетті.

7. Төлем көзінен табыс салығын салық агенті табыс төлеуді жүзеге асырудың нысаны мен орнына қарамастан, резидент емеске табысты төлеу кезінде ұстайды.

8. Корпоративтік табыс салығының сомасын аударуды салық агенті осы Кодекстің 196-бабында белгіленген мерзімдерде резидент еместердің табыстарынан төлем көзінен ұсталатын корпоративтік табыс салығы бойынша есеп-қисапты табыс ете отырып, осы Кодекстің 195-бабында белгіленген мерзімдерде Қазақстан Республикасындағы салық агенті тіркеу есебіне алынған жердегі салық органына жүргізеді.

9. Салықты осы баптың 1-тармағының 2) - 4) тармақшаларында көрсетілген, Қазақстан Республикасында жер қойнауын пайдалану құқығын иеленуші резидент заңды тұлға немесе консорциум салық агентінің қаражаты есебінен төлеуі мүмкін. Бұл ретте осындай резидент заңды тұлға немесе консорциум салықты осы Кодекстің 196-бабында белгіленген мерзімдерде резидент еместің табысынан төлем көзінен ұсталатын корпоративтік табыс салығы бойынша есеп-қисапты табыс ете отырып, осы Кодекстің 195-бабында белгіленген мерзімдерде Қазақстан Республикасындағы резидент заңды тұлға немесе консорциум орналасқан жердегі салық органына аударуға тиіс.

Осы баптың 1-тармағының 2) - 4) тармақшаларында көрсетілген, Қазақстан Республикасында жер қойнауын пайдалану құқығын иеленуші резидент заңды тұлғаға немесе консорциумға салық агенті аударған салық сомасы осындай резидент заңды тұлғаның немесе консорциумның табысы болып танылмайды.

10. Салық агенті осы баптың 8 және 9-тармақтарын қолданбаған жағдайда, Қазақстан Республикасында жер қойнауын пайдалану құқығын иеленуші резидент заңды тұлға немесе консорциум құн өсімінен түсетін табыстардан табыс салығын резидент емес үшін төлеуді осы баптың 9-тармағында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде өз қаражаты есебінен дербес жүргізуге құқылы.

Бұл ретте резидент емес үшін төленген салық сомасы Қазақстан Республикасында жер қойнауын пайдалану құқығын иеленуші резидент заңды тұлғаның немесе консорциумның салық салынатын табысын айқындау кезінде шегерімге жатқызылмайды.

11. Салық агенті, осы баптың 1-тармағының 2) - 4) тармақшаларында көрсетілген, Қазақстан Республикасында жер қойнауын пайдалану құқығын иеленуші резидент заңды тұлға немесе консорциум осы баптың 7 - 10-тармақтарындағы ережелерді қолданбаған жағдайда, салық берешегінің сомасы Қазақстан Республикасында жер қойнауын пайдалану құқығын иеленуші резидент заңды тұлғадан немесе консорциумнан өндіріп алуға жатады.

12. Қазақстан Республикасында орналасқан жылжымайтын мүлікті өткізу кезінде салық агенті резидент еместің құн өсімінен түсетін табысынан табыс салығын аудармаған немесе толық аудармаған жағдайда, салық берешегі жылжымайтын мүлікті осы Кодексте белгіленген тәртіппен өткізу есебінен өтеуге жатады.

24-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДА ҚЫЗМЕТІН ТҰРАҚТЫ МЕКЕМЕ АРҚЫЛЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРАТЫН РЕЗИДЕНТ ЕМЕС ЗАҢДЫ ТҰЛҒАЛАРДЫҢ ТАБЫСТАРЫНА САЛЫҚ САЛУ ТӘРТІБІ

198-бап. Салық салынатын табысты анықтау

1. Салық салынатын табысты анықтау, резидент емес заңды тұлғаның Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асырудан түсетін табысынан корпоративтік табыс салығын есептеу мен төлеу тәртібі осы баптың және осы Кодекстің 83 – 149-баптарының ережелерімен белгіленеді.

2. Резидент емес заңды тұлғаның Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асырудан түсетін жылдық жиынтық табысын тұрақты мекеме қызметімен байланысты, Қазақстан Республикасында қызметін жүзеге асыру басталған күннен бастап алынған (алынуға жататын) мынадай табыс түрлері:

1) осы Кодекстің 192-бабының 1-тармағында көзделген, Қазақстан Республикасындағы көздерден алынатын табыстар;

2) осы Кодекстің 85-бабының 1-тармағында көрсетілген, осы тармақтың 1) тармақшасына енгізілмеген табыстар;

3) резидент емес заңды тұлғаның тұрақты мекемесі Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі көздерден, оның ішінде қызметшілер немесе басқа да жалданған персонал арқылы алған табыстар;

4) резидент емес заңды тұлғаның басқа мемлекеттердегі құрылымдық бөлімшелерінің табыстарын қоса алғанда, Қазақстан Республикасында қызметін жүзеге асырудан алатын осы резидент емес заңды тұлғаның Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекемесі арқылы жүзеге асырылатын қызметіне ұқсас немесе біртектес табыстары құрайды.

3. Резидент емес кәсіпкерлік қызметті өзінің Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекемесімен бірлесіп орындалатын бір жобаның немесе байланысты жобалардың шеңберінде Қазақстан Республикасында да, одан тысқары жерлерде де жүзеге асыратын жағдайда, егер ол осындай немесе осы сияқты қызметпен дәл сондай немесе ұқсас жағдайларда айналысатын оқшауланған және жекелеген заңды тұлға болса және өзі соның тұрақты мекемесі болып табылатын резидент емес заңды тұлғаға тәуелсіз әрекет ететін болса, ол алуы мүмкін табыс осындай тұрақты мекеменің табысы болып есептеледі. «Байланысты жобалар» ұғымы осы Кодекстің 191-бабының 2-тармағында айқындалған.

Тұрақты мекеменің табысы осы тармақты қолдану мақсатында Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасына сәйкес айқындалады.

4. Қазақстан Республикасындағы резидент емес заңды тұлғаның тұрақты мекемесі өндірген тауарларды резидент емес заңды тұлғаның Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде орналасқан басқа құрылымдық бөлімшесі өткізетін жағдайда, егер ол осындай немесе осы сияқты қызметпен дәл сондай немесе ұқсас жағдайларда айналысатын оқшауланған және жекелеген заңды тұлға болса және өзі соның тұрақты мекемесі болып табылатын резидент емес заңды тұлғаға тәуелсіз әрекет ететін болса, ол алуы мүмкін табыс резидент емес заңды тұлғаның осындай тұрақты мекемесінің табысы болып есептеледі.

Тұрақты мекеменің табысы осы тармақты қолдану мақсатында Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасына сәйкес айқындалады.

5. Осы Кодекске сәйкес шегерімге жатқызылмайтын шығыстарды қоспағанда, тұрақты мекеме арқылы Қазақстан Республикасындағы қызметтен түсетін табыстарды алумен тікелей байланысты шығыстар олардың Қазақстан Республикасында немесе одан тысқары жерлерде жұмсалғанына қарамастан шегерімге жатады.

6. Резидент емес заңды тұлғаның тұрақты мекемеге:

1) осы резидент емес заңды тұлғаның меншігін немесе зияткерлік меншігін пайдаланғаны немесе пайдалану құқығын бергені үшін төленетін роялти, гонорарлар, алымдар және басқа да төлемдер;

2) резидент емес заңды тұлғаның өзінің тұрақты мекемесіне көрсеткен қызметтері үшін табыстар;

3) осы резидент емес заңды тұлғаның өзінің тұрақты мекемесіне берген қарыздары бойынша сыйақылар;

4) резидент емес заңды тұлғаның Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекеме арқылы қызметінен табыстар алуымен байланысты емес шығыстар;

5) құжатпен расталмаған шығыстар;

6) резидент емес заңды тұлғаның осы Кодекстің 208-бабының 2-тармағында айқындалған, Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерлерде жұмсалған басқару және жалпыәкімшілік шығыстары ретінде табыс етілген соманы тұрақты мекемеден шегерімге жатқызуға құқығы жоқ.

199-бап. Таза табысқа салық салу тәртібі

1. Резидент емес заңды тұлғаның тұрақты мекеме арқылы Қазақстан Республикасындағы қызметінен түсетін таза табысына 15 проценттік ставка бойынша корпоративтік табыс салығы салынады.

Есептелген корпоративтік табыс салығының сомасы алып тасталған, осы Кодекстің 133-бабында көзделген табыстар мен шығыстар сомасына, сондай-ақ осы Кодекстің 137-бабына сәйкес ауыстырылатын залалдар сомасына азайтылған салық салынатын табыс таза табыс деп танылады.

2. Таза табысқа корпоративтік табыс салығының есептелген сомасы корпоративтік табыс салығы бойынша декларацияда көрсетіледі.

3. Резидент емес заңды тұлға тұрақты мекеме арқылы қызметінен түсетін таза табысына корпоративтік табыс салығын төлеуді корпоративтік табыс салығы бойынша декларацияны табыс ету үшін белгіленген мерзімнен кейінгі күнтізбелік он күн ішінде жүргізуге міндетті.

200-бап. Жекелеген жағдайларда табыстарға салық салу тәртібі

1. Резидент емес заңды тұлғаның Қазақстан Республикасында тұрақты мекемесі біреуден артық болған жағдайда резидент емес корпоративтік табыс салығын осы резидент емес заңды тұлғаның тұрақты мекемелерінің бірі арқылы оның тұрақты мекемелерінің тобы бойынша жиынтық түрде төлеуге құқылы.

Бұл ретте резидент емес заңды тұлға есепті салық кезеңінің алдындағы жылдың 31 желтоқсанынан кешіктірмей, мыналарды:

1) уәкілетті органды – тұрақты мекемелердің қайсысы корпоративтік табыс салығын есептеуді және төлеуді жүргізетіні туралы;

2) өзінің тұрақты мекемелері орналасқан жердегі салық органдарын – таңдап алынған тұрақты мекеме оның барлық тұрақты мекемелері бойынша бюджетке салық төлеуді жүргізетіні туралы жазбаша нысанда хабардар етуге тиіс.

Бюджетке төленуге тиіс корпоративтік табыс салығының сомасы мұндай жағдайда Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан резидент емес заңды тұлғаның тұрақты мекемелерінің салық салынатын табыстарының жиынтығынан есептеледі.

Бұл ретте таңдап алынған тұрақты мекеме өзінің орналасқан жері бойынша резидент емес заңды тұлғаның осындай тұрақты мекемелерінің бүкіл тобы бойынша корпоративтік табыс салығы бойынша жалпы декларацияны табыс етуге тиіс.

2. Осы Кодекстің 198-бабының ережелеріне қарамастан, осы Кодекстің 198-бабы 2-тармағының 4) тармақшасында және 3-тармағында көрсетілген табыстарды төлеуді жүргізетін салық агенті осы Кодекстің 194-бабының 1) тармақшасында белгіленген ставка бойынша шегерімдерді жүзеге асырмай, көрсетілген табыстардан табыс салығын есептеуді, ұстауды және аударуды өзінің орналасқан жері бойынша жүргізуге міндетті. Осы тармақтың ережелері осы баптың 3-тармағы екінші бөлігінің ережелері сақталған кезде қолданылмайды.

Бұл ретте салық агенті ұстаған төлем көзінен табыс салығы осы баптың 4-тармағында белгіленген тәртіппен осы резидент емес заңды тұлғаның тұрақты мекемесінің салықтық міндеттемелерін өтеу есебінен есепке жатқызылуға тиіс.

3. Резидент емес заңды тұлғаның филиалымен, өкілдігімен, қызметін Қазақстан Республикасында филиал, өкілдік ашпай, тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлғамен жасалған келісімшарт және (немесе) резидент емес заңды тұлғаның осындай филиалы, өкілдігі, тұрақты мекемесі жазып берген шот-фактура болмаған жағдайда, резидент емес заңды тұлғаның табыстарына осы Кодекстің 198-бабының ережелеріне қарамастан, шегерімдер жүзеге асырылмай, осы Кодекстің 194-бабында белгіленген ставка бойынша төлем көзінен табыс салығы салынады. Мұндай жағдайда, салық агенті ұстап қалған төлем көзінен табыс салығы осы баптың 4-тармағында белгіленген тәртіппен осы резидент емес заңды тұлғаның филиалының, өкілдігінің, тұрақты мекемесінің салықтық міндеттемелерін өтеу есебінен есепке жатқызылуға тиіс.

Резидент емес заңды тұлғаның филиалымен, өкілдігімен, қызметін Қазақстан Республикасында филиал, өкілдік ашпай, тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлғамен жасалған келісімшарт және (немесе) резидент емес заңды тұлғаның осындай филиалы, өкілдігі, тұрақты мекемесі жазып берген шот-фактура болған кезде осы тармақтың ережелері қолданылмайды және мұндай резидент емес заңды тұлғаның табыстарына осы Кодекстің 198-бабының ережелеріне сәйкес табыс салығы салынады. Бұл ретте, резидент емес заңды тұлға салық агентіне филиалдың, өкілдіктің, тұрақты мекеменің сәйкестендіру нөмірі бар құжаттың нотариаттық куәландырылған көшірмесін табыс етуге міндетті.

4. Салық агенті осы баптың ережелеріне сәйкес ұстаған корпоративтік табыс салығын қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлға ретроспективті тәртіппен қайта есептеуге тиіс.

Қайта есептеу осы Кодекстің 198, 199-баптарына сәйкес корпоративтік табыс салығын есептеумен және осы баптың 2 және 3-тармақтарында көрсетілген табыстар көрсетіле отырып, тұрақты мекеме орналасқан жердегі салық органына корпоративтік табыс салығы бойынша декларацияны табыс етуді білдіреді.

Ұсталған табыс салығы мен қайта есептелген табыс салығы арасындағы айырма ретінде есептелген корпоративтік табыс салығы осы Кодексте белгіленген тәртіппен резидент емес заңды тұлғаның тұрақты мекемесінің салықтық міндеттемелерін өтеу есебінен есепке жатқызылуға тиіс.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   53




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет