Тезистер
VI-VII ғасырларда Орталық Азияның, Төменгі Еділ бойының, Солтүстік Кавказдың түркітілдес тайпалары өз жазуларын пайдаланды.
Біздің ата-бабаларымыз пайдаланған жазудың ежелгі үлгілері Орхон-Енисей немесе көне түркі руна жазуы деп аталады.
Жазудың қажеттілігі әкімшілік және дипломатиялық істер барысында пайда болды. Мұнда діни сарындар да айтарлықтай рөл атқарды.
582 жылы алғашқы түркі қағандарының ерлік істері жазылған құлпытас орнатылды. Бұғыты аталған осы құлпытастан бастап көне түркі жазба деректер басталады.
Көне түркі руналық әліпбиі I мыңжылдықтың ортасында пайда болды.
XVIII ғасырдан бастап еуропалық ғалымдар көне түркі жазуын зерттей бастады.
Ғалымдар Руна сөзін runa – «құпия» деген гот сөзімен байланыстырады.
1893 жылы дат ғалымы В. Томсен алғашқы «Тәңір» сөзінің құпиясын ашты.
Оның «Кілті ашылған орхон жазулары» атты кітабында көне түркі жазуларының толық әліпбиі ғана емес, аудармасы да жарияланды.
Одан кейін Орхон жазуларын орыс тіліне аударған түрколог В. Радлов болды.
Түркі жазуының бір-бірімен қосылмай жазылатын 38 әріптен тұратыны белгілі.
Түркі жазуы құпиясының ашылуы Орталық Азияда сонау орта ғасырлар басында өркениет болғанын көрсетті.
Енисей алқабынан 150-ден астам руна жазуы табылды. Олардың көп бөлігін ақсүйектер өкілдерін жерлегенде қойылған құлпытастар құрайды.
Құлпытастардың барлығы көне түркі әдеби тілімен жазылған. Көптеген жартас жазулары Алтай мен Шығыс Түркістаннан табылды
Шардара су қоймасын саларда ескі қамал орнынан сазбалшықтан күйдіріліп жасалған түркі жазулы мөр табылды.
Руна жазуымен түркі мәтіндері құлпытастарда, теңгелер мен қола айналарда, қыш, тері, алтын және күміс ыдыстарда, қағазда жазылды.
Орхон-Енисей өзендері алқаптарындағы ескерткіштер түркі руна жазуының ғажайып үлгісі саналады. Ескерткіштер осы өңірде табылғандықтан «Орхон-Енисей жазуы» деп аталды.
Олардың ішінде Білге қаған мен оның інісі, қолбасшы Күлтегіннің және қаған кеңесшісі Тоныкөктің құлпытастары тарихи құнды жәдігерлер саналады.
Қазақ халқы ол дастандарды өздерінің төл дүниесіндей қарсы алды. Оған басты себеп, ондағы жазылған әдет-ғұрып, салт-сана, діни наным-сенім, мақал-мәтел, батырлық жырлардың үлгілері – бәрі халқымыздың тыныс-тіршілігімен өте ұқсас.
Құлпытастарда түркі халқының неден сақтанып, нені ұстанатыны қашалып жазылған. Бұрынғы және қазіргі ұрпақты мақтау мен кінәлау, тыңдаушысына ылғи да үндеу тастап отыруы бұл мәтіндерді әсерлі етеді.
Құлпытас жазулары түркі қоғамының бүкіл жұртшылығына арналған үндеу болып саналады.
Үндеу авторлары халықты қаған маңына бірігіп, топтасуға шақырады.
Білге қаған мен Күлтегін құрметіне арналған жазулар шешендік өнер мен саяси прозаның тамаша үлгілері саналады.
Бұл жазулар қағанаттың тарихын зерттеуде аса құнды дереккөздер болып саналады.
Ағашқа оймыш (ксилография) әдісімен басып жазу да түркілердің жетістігі болып табылады. Ксилографияның шығу тегі мөрден басталады.
Түркі тілінде бұл әдіс алғаш рет VII ғасырдың бас кезінде қолданылған. Ғалым С.Е. Малов өзінің «Көне түркі жазуының ескерткіштері» атты еңбегінде «Шығыс Түркістанда қағаз өндіру Қытайдағыдай сол кезеңде басталған» деп атап көрсетеді.
Қимақ қағанаты – Шығыс және Орталық Қазақстанда тоғызыншы ғасырдың соңы мен он бірінші ғасырдың басында өмір сүрген мемлекет.
Мемлекеттің орталығы Ертістің орта алабында болған. Қимақтар жетінші ғасырда Алтайдың солтүстігіне, Ертіс жағалауына орналасып, Батыс Түркі қағанатының құрамына кірген.
Сегізінші ғасырда қимақ тайпалары Ертістің орта ағысын мекендеді. Тоғызыншы ғасырдың алғашқы жартысынан Жетісудың солтүстік-батысындағы Алакөл аймағына қоныстана бастады.
656-ыншы жылы Батыс Түрік қағанаты тарағаннан кейін қимақтар өз алдына бөлініп шықты. 840-ыншы жылы Турфан қағандығы ыдырағаннан кейін оның құрамындағы эймур, баяндур, татар тайпалары қимақтарға қосылды. Қимақ тайпалары федерациясының қалыптасуы осы кезге сай келеді.
Гардизидің баяндауынша қимақтардың тайпалық одағы алғашында жеті тайпадан: эймур, имақ, татар, баяндур, қыпшақ, ланиказ, ажлад тайпаларынан құрылған. Олардың ішінде сан жағынан басымы қыпшақтар болды. Қимақтар Тоғыз-оғыз және Енисейдегі қырғыз мемлекеттеріне әскери жорыққа шығып, сегіз-тоғызыншы ғасырлардағы оқиғалар барысында Ертістен Жоңғар қақпасы аралығындағы аумаққа берік орнықты. Қимақ қағанатының құрылуы тоғызыншы ғасырдың ортасында аяқталды. Мемлекеттің орталығы Ертістің жоғарғы жағында орналасты.
Осылайша Қимақ мемлекетінің құрылуына қадам жасалды.
Қимақ қағанаты құрылған күннен бастап олардың патшалары ең жоғарғы түркі атағымен хакан (немесе қаған) деп аталды. Ол жабғу атағынан екі дәреже жоғары болды. Қимақ қағанаты үлестік-тайпалық құрылымда болды. Елді хакан мен оның аймақтардағы он бір мұрагері (әмір) биледі. Ел билеушілері бір жағынан әскери көсемдер болды да, хаканнан тиісінше үлес алды. Әрбір иелік хаканға белгілі көлемде әскер беріп тұрды. Бұл мемлекетте салық жиналған, көне түркі жазуы болған. Қимақтарда жазу болған деп топшылауға дәлел бар. Мұны Әбу Дулафтың мына сөзінен көреміз «Оларда қамыс өседі, бұл қамыспен олар жазады». Тегі қимақтар қамыс қаламмен жазып, мұнда ежелгі түркі әліппесін пайдаланған болуы керек. Мұны Ертіс бойынан, Тарбағатай тауларынан тоғыз-оныншы ғасырларға қатысты табылған заттар, жазулары бар қола айналар да көрсетеді.
Салыстыру тұрғысынан алғанда ертедегі түркіердің шонжарларына мынадай дәреже сатылары: шад, ябғу (ұлы шад), кіші қаған, ұлы қаған атақтары тән болған. Қимақтар негізінен малшаруашылығымен айналысты. Олар егіншілікпен де шұғылданды, балық, аң аулады, тайгада қымбат аң терілерін дайындады. Қимақтар арасында қолөнер де дамыды, мата тоқып, киім тікті, металл бұйымдар шығарды, темір, күміс, алтын өндіріп, металл құйды.
Тоғыз-он бірінші ғасырлардағы араб-парсы авторлары отырықшы қимақтардың тұрақты мекендері болғанын жазады. Әл-Идрисидің дерегіне қарағанда олардың өзендер мен көлдер жағасына, таулы аудандарда, пайдалы қазба байлықтары орналасқан жерлерде 16 қаласы болғаны келтіріледі. Олардың көпшілігі сауда жолдарында орналасқан. Әл-Идриси қимақтар хақанының Ертіс өзенінің жағасындағы астанасы мықты қорғанмен қоршалғанын жазады.
Оныншы ғасырдың аяғы, он бірінші ғасырдың басында Қимақ мемлекеті ыдырайды. Оның құлауының екі себебі болды: Бірінші, Өзін-өзі билеуге және өз мемлекетін құруға ұмтылған қыпшақ хандарының қимақтардың орталық билігіне бағынбауына байланысты ішкі сипаттағы себеп. Екінші себебі, он бірінші ғасырдың басында көшпелі Орталық Азия тайпаларының қоныс аударуының ықпалымен болған сыртқы оқиғалар.
Тайпалардың қоныс аударуының негізгі себебі 916-ыншы жылы Солтүстік Қытайда қидандардың Ляо мемлекетінің кұрылуы болды. Бұл держава жерінің батысқа қарай ұлғаюы көшпелі тайпалардың одан әрі ығысуына әкеп соқты.
Қай және құн тайпалары қимақ-қыпшақ тайпаларының бір тобын Солтүстік-шығыс Жетісу мен Ертіс өңіріне ығыстырып, Қимақ мемлекетіне соққы береді. Сөйтіп қайлар қыпшақтарды орнынан қозғайды, ал қыпшақтар оғыздарды Сырдария өзенінің аңғарынан, Аралдың батыс өңірі мен Каспийдің солтүстік өңірінен ығыстырып, оларды орыстың оңтүстігіндегі және Қара теңіз өңірі далаларына көшуге мәжбүр етеді. Оғыздардың жерін басып алғаннан кейін қыпшақ хандары едәуір күшейіп, қимақ-қыпшақ және құман тайпаларының бұрынғы қоныстанған негізгі жерінде күш-қуаты жағынан басым болады, ал қимақтар осы оқиғалар барысында саяси үстемдігінен айырылып қана қойған жоқ, сонымен қатар қыпшақтарға тәуелді болып қалды. Он бірінші ғасырдың басында қимақтардың орнына жаңадан нығайған қыпшақ тайпалары келді. Қыпшақтар Қимақ мемлекетінің орнын басты.
Достарыңызбен бөлісу: |