Тезистер
1833 жылы Жәңгір ханның қайын атасы Қарауылқожа Бабажанұлының Каспий теңізі өңіріндегі қазақ руларына билеуші етіп тағайындалуы көтеріліске түрткі болды.
Жаңа тағайындалған басқарушы қарапайым халықты қатты қанауға ұшыратты. Ол қазақтарға жерді «жалға беру» дегенді шығарып, қазақ шаруалары жер үшін ауыр салық төлеуге мәжбүр болды.
Осындай жер қатынасындағы әділетсіздіктер, Орал казак-орыстарының көрсеткен озбырлығы, түрлі салықтардан түскен ауыртпалықтар Орда халқының наразылығын тудырып,1836-1838 жылдары халықтың көтеріліске шығуына әкеліп соқты.
Көтерілістің негізгі себептері: Ақшалай салықтың өсуі; әр күз сайын әр шаңырақтың хан сарайының мұқтажына құны 70 сомдық жылқы беруге міндеттелінуі; халықтың көшіп-қонғаны, шөп жинағаны, орыс помещиктерінің шабындығын басып өткені үшін салық төлеуі; Жәңгір ханның әділетсіздігі мен рақымсыздығы.
Көтерілістің негізгі қозғаушы күші шаруалар болды, сонымен бірге оған старшын, билер де қатысты.
Көтеріліс басшылары Исатай Тайманұлы, Махамбет Өтемісұлы болды.
Бөкей хан Исатайды 1812 жылы 21 жасында беріш руының Жайық бөлімінің старшыны етіп тағайындап, 1814 жылы Орынбор шегаралық комиссиясы старшындыққа бекітті.
Исатайдың ең жақын серігі – ақын, беріш руының старшыны Махамбет Өтемісұлы (1804-1846 жж.) болды.
Махамбет жасынан ақын ретінде қалыптасып, татар және орыс тілдерін үйренеді.
Махамбет орыс жазушысы әрі этнографы Р.И. Дальмен және оқымысты саяхатшы Г.С. Карелинмен тығыз қарым-қатынаста болды.
Көтерілістің басты мақсаты: 1. Хан озбырлығына шек қою. 2. Шаруалар жағдайын жақсарту. 3. Жер мәселесіндегі патша үкіметінің отаршылдық саясатын өзгерту .4. Әскери бекіністердің салынуын тоқтату.
Көтеріліс үш кезеңнен тұрды.
1838 жылы 12 шілдеде Ақбұлақ деген жерде көтерілісшілер Гекке мен Айшуақұлы басқарған отрядтан жеңілді.
1838 жылы 23 шілдеде Махамбет бастаған көтерілісшілер хан ауылына шабады.
Кейін Орынбор әкімшілігі Махамбетті қолға түсіріп, сотқа тартып, Атырау өңіріне жер аударып жібереді. Сот үкіміне риза болмаған Баймағамбет сұлтанның адамдары 1846 жылы қыргүйекте Махамбетті үйінде өлтіріп кетеді.
1836-1838 жылдардағы көтерілістің негізгі мақсаттары орындалмады.
Көтерілістің жеңілу себептері: 1. Үстем тап өкілдерінің опасыздығы. 2. Көтеріліс басшыларының Кіші жүздегі және Ішкі Ордадағы көтерілістерді біріктіре алмауы. 3. Қару-жарақтың теңсіздігі. 4.Стихиялығы, ұйымшылдықтың жеткіліксіздігі. 5.Патша үкіметінің жазалау отрядтарының күшінің басым болуы. 6.Көтерілісшілердің бір бөлігінің өз ісіне сенімсіз болуы.7 . Көтерілістің жергілікті сипатта болуы.
Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған көтеріліс – қоғамдағы әлеуметтік теңдік үшін болған, қазақ халқының Ресей империясының отаршылдық саясатына қарсы халықтың азаттық рухын жігерлендірген көтеріліс.
Көтерілістің алғышарттары. Ресей империясының қазақ даласындағы хандық билікті жоюы, шегаралық аймақтарда жаңа бекіністер салып, қазақ жерлерін күштеп тартып алуды одан әрі жалғастыруы және қазақ қоғамында әлеуметтік қатынастардың шиеленісуі Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілістің шығуына себеп болды.
ХVІІІ-ХІХ ғасырларда болған басқа барлық көтерілістермен салыстырғанда Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық күрестің басты ерекшелігі оған үш жүздің толық қатысуында болды. Көтеріліс кең қанат жайып, бүкілхалықтық сипат алды.
Көтерілістің мақсаты:
Ресейдің отарлау саясатына шек қою;
Патша үкіметінің құрамына кірмеген өңірлердің дербестігін сақтау;
Қазақ жеріне бекіністер мен әскери шептердің салынуын тоқтату;
Қазақтарды Қоқан бектері мен Хиуа хандығының езгісінен азат ету.
1837-1847 жылдардағы көтеріліс бүкіл Қазақстан жерін қамтыды. Көтеріліске Абылай ханның немересі, Қасым сұлтанның баласы Кенесары сұлтан (1802-1847 жж.) басшылық жасайды.
1837 жылы қараша айында Кенесары Қызылжар (Петропавл) маңында Ақтау бекінісіндегі казак отрядына шабуыл жасап, патша үкіметіне ашық қарсылық білдірді. Бұл көтерілістің бастауы болды. 1838 жылы 26 мамыр күні Кенесары бастаған көтерілісшілер Ақмола бекінісін шабуылмен басып алып, өртеп жіберді. Ақмолаға иелік еткен Карбышев пен сұлтан Қоңырқұлжа Құдаймендіұлы бекіністі тастап, қашып кетеді. 1838 жылы күзде көтеріліс Кіші жүз өңіріне тарайды. Батыр Жоламан Тіленшіұлы көтеріліске қосылады.
1841 жылы тамыз айында Кенесары сарбаздары Ташкентке аттанып, бірақ жұқпалы аурудың таралуынан жорықты тоқтатады. Бұл жолы Кенесары қолы қоқандықтардың билігіндегі Созақ, Жаңақорған, Ақмешіт, Жүлек бекіністерін қоршайды және бірнеше бекіністі алады. Қоқан ханы Кенесарыға одақ құруды ұсынады, бірақ батыр оны қабылдамайды.
Көтерілістің кеңеюінен сескенген патша үкіметі көтерілісті тезірек басуға тырысады. Орынбор губернаторы Обручев пен Батыс Сібір генерал-губернаторы Горчаков көтерілісті басуға әскер жібереді. 1842 жылы Кенесары қолына қарсы бағытталған Сотников басқарған жазалау отрядтары жіберілді. Сібір жазалау отрядтары бейбіт қазақ ауылдарын ойрандап, 14000-ға жуық малын алып, 100-ге жуық адамды өлтіреді.
1843 жылы 27 маусымда старшын Лебедев басқарған, 300 адамнан тұратын казак отрядтары көтерілісшілерге қарсы аттанады. 1843 жылы тамызда көтерілісшілерге қарсы Жантөреұлы, Айшуақұлы, Бизанов, подполковник Генс басқарған 5000 адамнан құралған жазалаушы топ ұйымдастырылды. Кенесарының басын кескенге 3 мың сом сыйақы белгіленді.
1844 жылы 21 шілдеде көтерілісшілер сұлтан Жантөреұлы басқарған отрядты жеңіп, 44 сұлтан қаза табады, сұлтанның аман қалған тобы Тобыл өзеніне қарай шегінеді. Кенесарыға қарсы күресте дәрменсіздігі үшін старшын Лебедев Орынборға шақырылып, жауапқа тартылды.
1844 жылғы Кенесарының жеңістері Орынбор әкімшілігін Кенесарымен келіссөз жүргізуді бастауға мәжбүр етті. 1838 жылғы желтоқсанда Батыс Сібір генерал-губернаторы князь Горчаков пен I Николайға арналған хатты тапсыруға жіберген елшілігінде Кенесарының қойған алғашқы талаптары мынандай болды:
Қазақ жеріндегі округтік бұйрықтарды жою;
Абылай хан кезіндегі қазақ жерінің дербестігін қалпына келтіру;
Салық жинауды тоқтату.
Бірақ Кенесары жіберген елшіліктің бес өкілі тұтқынға алынып, жазаға тартылады.
Кенесарының қойған екінші талабы әскери бекіністер салынбаған Ақтау, Есіл және Нұра мен Жайық өзендеріне дейінгі өңірлерді Ресей билігінен босату болды.
Кенесары ханның соңғы шайқасы қырғыздардың Кекілік-Сеңгір деген жерінде болады. Қырғыз манаптарымен Вишневскийдің отряды және Қоқан хандығының әскері «Алмалы сай» шатқалында Кенесарының сарбаздарын үш жақтан қоршауға алады. Өздерінен бірнеше есе күші көп жаумен болған шайқаста Кенесары хан 32 қазақ сұлтанымен бірге тұтқынға түседі. Наурызбай батыр қаза табады. Қырғыздардың қолына тұтқынға түсіп қалған Кенесары ханды патша тарапынан сыйлықтар алған қырғыз манаптары өлтіреді.
Көтерілістің жеңілу себептері:
Қазақ феодалдарының біразы Кенесарыны қолдамады;
Қазақ халқы арасында рулық алауыздық пен руға бөліну болды;
Ресей билеушілерінен жеңілдіктер алған ақсүйектердің бір бөлігі орталықтанған феодалдық мемлекет құруға мүдделі болмады;
Көтерілісті қолдамаған ауылдарға Кенесары аса қатты жаза қолданды;
Қазақтар қырғыздармен, қоқандықтармен болған шайқастарда Кенесарыны қолдамады.
Бұхар, Қоқан феодалдарымен соғысып, күшін сарқыған Кенесары қолы Ресейге қарсы тұра алмады.
1841 жылдың қыргүйек айында үш жүздің өкілдері бас қосқан жиында Кенесары Қасымұлы хан сайланды. Ұлт-азаттық күресті табысты жүргізу үшін Кенесары хан бір орталықтан басқарылатын мемлекет құрды. Оны ханның өзі басқарды. Ханның жанынан жоғарғы кеңесші орган – өзіне барынша адал берілген батырлардан, билерден, сұлтандар мен жақын туыстарынан тұратын арнайы Кеңес құрылды.
Кенесары хандықты өзінің сенімді адамдары – жасауылдар арқылы басқарды. Жасауылдар сот ісімен, шаруашылық мәселелерімен, дипломатиялық жұмыстармен, алым-салық жинаумен және әскери істермен айналысты.
Ханның алым-салық және сауда-саттық саясаты. Кенесары ең алдымен алым-салық төлеудің тәртібін ретке келтірді. Ол бойынша мал өсірушілер зекет, ал диқандар ұшыр төлейтін болды. Патша әскерімен соғысты одан әрі жалғастыру үшін қосымша қаржы қажет болды. Сондықтан алым-салықтың да қосымша түрі енгізілді: халықтан киім-кешек, қару-жарақ, ат әбзелдерін жинау басталды. Салық жинауда әр отбасының жағдайы жеке-жеке ескерілді. Малы 40 бастан аспайтын үйлер алым-салықтан босатылды. 40-тан 100 басқа дейін малы барлар бір малдан, ал 100 бастан малы көптер болса 100 бастан артық малының әрбір 40 басына бір малдан төлеп тұратын болды.
Қарулы күштердің құрылуы. Кенесары хан 20 мың сарбаздан тұратын әрі жауынгерлік қабілеті күшті, тұрақты әскер жасақтады. Кенесары әскері жүздіктер мен мыңдықтарға бөлінді. Ерлігімен ерекше көзге түскен сарбаздар жүзбасы, мыңбасы болып тағайындалды. Сондай-ақ Кенесары құралайды көзге ататын мергендерден іріктеп, мергенбасы басқаратын ерекше жасақ құрды.
Кенесары сарбаздарынан шайқас тактикасы мен әскери өнердің амал-тәсілдерін меңгеруді талап етті. Орыстың, татардың және башқұрттардың бұрын тұрақты орыс армиясында қызмет еткен тәжірибелі солдаттары хан сарбаздарына әскери өнер үйретті. Хан армияда қатаң тәртіп орната білді. Мәселен, сатқындық жасаған немесе әскери күзетте ұйықтап қалған сарбаздар өлім жазасына кесілді. Ал әскери тәртіпті бұзғандар қатаң жазаланды, қару-жарақ арнайы қоймаларда сақталды.
Кенесары барлаушылардың қызметін де шебер пайдалана алды. Олар патша әскерінің қашан және қайда бет алатынын алдын ала хабарлап отырды. Кенесары әскерінің тыл қызметі де жолға қойылды. Ол көтерілісшілерді азық-түлікпен, жем-шөппен қамтамасыз етті.
Кенесары Қасымұлы – үш жүздің басын қосып, Ресей империясына қарсы тұра білген, қазақ жерінің біртұтастығын сақтап қалуға тырысқан, қазақтың соңғы ханы.
Достарыңызбен бөлісу: |