25.Көркем әдебиет және модернизм.
Модернизм (фр. Moderne – жаңа, қазіргі заманғы) – ХХ ғасырдың 20-жылдары пайда болған адамдардың рухани дағдарысын бейнелеуге негізделген көркемдік-эстетикалық жүйе. Модернизмнің төменгі шегі реалистік мәдениет болса, жоғарғы шегі 1950 жылдары пайда болған постмодернизм болып саналады. Модернистік өнерді авангардтық өнермен шатастыруға болмайды, бірақ олардың ара-жігін ашып, ажыратып берудің өзі қиын. Модернистік өнердің түрлеріне символизм, экспрессионизм, акмеизм жатса, авангардтық өнер түрлеріне футуризм, сюрреализм, дадаизм кіреді. Модернизм мен авангардизмнің өнерде жаңа бір нәрсені жасауды басты мақсат етіп ұстағанымен, модернизм сол жаңаны көркемдік пішін арқылы жасауды мұрат тұтады.
Кейбір кеңестік зерттеушілер модернизм мен позитивизмді бір дүниетаным ретінде қарастырады және коммунистік идеологияға сәйкес келе бермегендіктен, модернизмнің тек ұнамсыз жақтарын ғана қазбалап көрсетуге тырысқан. Сондықтан да олар модернизмді буржуазиялық қоғамдағы рухани дағдарыстың көрінісі, буржуазиялық жекелік және бұқаралық сананың қайшылықтарының жемісі деп бағалады. Бірақ сол модернистік пайымдаулардың социалистік қоғамда да өркен жайып, көрініс бере бастағанын өздері де бірден тап басып тани алмады. Кеңес зерттеушілері Н.Пастернак, М.Булгаков шығармаларының модернистік сипатын ХХ ғасырдың жетпіс, сексенінші жылдары ғана мойындай бастаса, ондай дәстүр біздің М.Әуезов, Ж.Аймауытов шығармаларының желісінде де бар екенін кезінде ғалым Б.Майтанов жазып қалдырған болатын. Асылында академик З.Қабдолов: «..кертартпа ағымдар бүкіл әлемдік әдеби дамудың кезең-кезеңдерінде көптен-көп: әдебиеттегі мазмұн дегенді біржола ұмытып, жалаң пішінді ғана қуалаған жат сарынды формализм, оның асқынған түрі – абстракционизм, бұлардың «бел балалары» – әсіресе қызыл экспрессионизм, бет алды лаққан футуризм, дарашыл, күйрек импрессионизм, күңіренген символизм, діни-мистикалық акмеизм, қылтың-сылтың трюкке толы имажинизм, күллі кертартпа ағым атаулының бүгінгі буржуазиялық өнердегі қырық құрау қосындысы – өңі айналдырылып, қайта тысталған түрі – модернизм…» – деп дұрыс айтқан.
Достарыңызбен бөлісу: |