Әдебиеттегі кеңістік және уақыт проблемасы.
Материя кеңістік пен уақытта өмір сүреді. Уақыт дегеніміз заттар мен құбылыстардың өмір сүруінің ұзындығын, олардың әр түрлі жағдайының ауысуын білдіреді. Ол оқиғалар ағымы. Платонның сөзімен айтсақ “Мәңгіліктің қозғалу бейнесі”. Әр түрлі материалдық обьектінің өз уақыты бар. Сондықтанда физикалық, әлеуметтік уақыт болады. Уақыттың үш өлшемі бар: қазіргі, кешегі және болашақ. Уақыт ұдайы алға ұмтылады , ешнәрсе, ешкім оның обьективті бағытын өзгерте алмайды. Оны тоқтатуға болмайды. Қоғамда уақыт ағысы жылдам және күрделі. Ол адамның іс әрекетімен тығыз байланысты. Уақыт — тіршіліктің мықты да аяусыз өшірушісі, сонымен қатар оны жаратушысы да. Уақытша деген ұғым өткіншілікті жоғалып кетуді білдіреді. Керісінше, мәңгілік ұғымы ұдайылықты, ұдайы болып отыруды меңзейді. Адам өмірі биологиялық тұрғыдан өткінші. Сондықтан да ойлы адам өзінің өмірінің жүгіртпе секундтарына жоғарыдан қарай алмайды. Ол өзінің бұл дүниедегі өткінші жағдайын жақсы түсініп, өз өмірінің мән мағынасы, мақсаты туралы ойланып, толғанады. Адамзат тарихы табиғи-тарихи процестің аяқталу кезеңі деп пайымдалды. Жанды нәрсенің даму пішіні ретінде ұғынылған уақыт мәңгілікке жатқызылмайды, жаңаның үздіксіз туындауына, яғни келешекке жатқызылады. Кеңістік категориясына қарағанда, уақыт табиғи процестермен ғана емес, тарихи процестермен де тығыз байланысты. Уақыттың ағыны өткеннен келешекке қарай да, келешектен өткенге қарай да жылжиды, уақыт тіпті айналмалы, бұрандалы қозғалыс та жасауы мүмкін. Өйткені ол қозғалыстың объективті сипаттамасы, оның сипаты қозғалыстың табиғатына байланысты. Оның себебі: келешекке біздің бүгінгі болмысымыз ғана өтпейді, оған өткен болмысымыз да өтеді. Сонымен бірге келешек болмыс та бүгінгі арқылы өткен болмысымызға ауыса алады. Бүгін әрқашан да өткеннің бүгіні әрі келешектің де бүгіні, ол өткен мен келешекті ажыратып қана қоймайды, сонымен бірге екеуін сабақтастырып та тұрады. Бүгінгіміз өткеннен шыққан. Өткен жоқ болса, бүгінгі де жоқ, ертең де болмайды. Онда жалпы уақыт та жоқ. Уақыт жоқ болса, қозғалыс та жоқ, өмір де жоқ. Ал адамның психикасы, жан дүниесі, санасы үшін мұның өзі оның жады жоқ деген сөз. Яғни ол өзінің кім екенін, басқалардың, қоршаған дүниенің ол үшін кім, не екенін және өзінің олар үшін кім немесе не екенін білмейді, сезбейді. Демек, ол адамдық қасиеттен мақрұм. Бұл өткеннің, болғанның бізде, болмыста ешбір ізі қалмағаны деген сөз. Онда болғанды еске түсіру, оны ой-сезім арқылы болса да қайта бастан кешіру болмайды. Яғни психиканың, ойлаудың, “меннің” тұтастығы жоғалады.
Достарыңызбен бөлісу: |