Қазіргі заманғы дидактикалық жүйелердің мәні мен мазмұны
Оқыту теориясының негізгі компоненттерінің бірі оның заңдылықтары. Олардан құбылыстар, үрдістер, оның нәтижелері арасындағы обьективті, тұрақты және қайталанып келіп отыратын байланыстар көрініс табады.
Дидактикалық принциптер – оқыту процесінің жалпы мақсаттарына және заңдылықтарына сәйкесті мазмұнды, ұйымдастырушылық формалар мен әдістерді анықтайтын базистік жағдайлар.
Я.А.Коменский педагогикалық ойдың тарихында ең бірінші болып оқыту процесінің құрылыуын анықтайтын оқыту принциптерінің жүйесін жасады. Я.А.Коменскийдің оқыту табиғаттың және адамның дамуының жалпы заңдылықтарына бағынады деген идеясы «оқытудың табиғатқа сәйкестігі» деген атқа ие болды. Ж.Ж.Руссо оқыту процесінің принципалдық негізі баланың табиғатпен тікелей жанасуы деп есептеді. И.Г.Песталоцци оқытудың мазмұнын көрнекілік принципінен шығарады.
А.Дистервег оқыту жүйесін нақты ережелермен толтырады. Ол оларды оқыту мазмұнына, оқытушыларға, оқушыларға талаптар түрінде қарастырды. Оқыту прициптерін жасауда К.Д.Ушинский үлкен үлес қосты. Ол мынадай принциптерді бөліп шығарды: оқытудың халықтық идеясында көрініс табатын оқытудың тәрбиелеушілік сипаты; оқытудың жүйелігі, шамаға лайықтылығы және әлі жетерлігі; білімнің беріктігі; оқытудың саналылығы және белсенділігі; оқытудың көрнекілігі. К.Д.Ушинский осы принциптерге терең психологиялық негіздеме берді.
Оқыту процесінде қызмет ететін заңдылықтары жалпы өз әрекетімен бүкіл жүйені қамтиды және жеке немесе нақты жүйенің белгілі бір компонентіне әсері болып бөлінеді.
2. Оқыту процесінің жалпы заңдылықтар:
1. Оқытудың мақсаты тәуелді: а) қоғамның дамуының деңгейіне және қарқынына; б) қоғамның сұранысына және мүмкіншілігіне; в) педагогика ғылымының және практикасының даму деңгейіне және мүмкіншілігіне.
2. Оқытудың мазмұны тәуелді: а) қоғамдық сұранысқа және оқыту мақсатына; б) әлеуметтік және ғылыми техникалық прогрестің қарқынына; в) оқушылардың жастық мүмкіншіліктеріне; г) оқытудың теориясы мен практикасының дамуының деңгейіне; д) оқу орындарының материалдық техникалық және экономикалық мүмкіншіліктеріне.
3. Білім сапасы оқытудың әрбір жаңа кезеңінің тиімділігі тәуелді:
а) оның алдындағы кезеңнің өнімділігіне және ондағы қол жеткен нәтижеге;
в) оқылып жатқан жадығаттың сипатына және көлеміне; в) мұғалімдердің ұйымдастырушылық педагогикалық әсеріне; г) оқушылардың оқығандығына; д) оқыту уақытына.
4. Оқыту әдістерінің тиімділігі тәуелді: а) әдістерді қолданудағы біліміне және дағдысына; б) оқыту мақсатына; в) оқытудың мазмұнына; г) оқушылардың жасына; д) оқушылардың оқу мүмкіншіліктеріне; е) материалдық техникалық қамтамасыз етілуіне, ж) оқыту процесін ұйымдастырылуына.
5. Оқытуды басқару. Оқытудың өнімділігі тәуелді: а) оқыту жүйесінде кері байланыстың қарқындылығына; б) түзетуші әсердің дұрыстығына.
6. Оқытуды ынталандыру мыналардың есебінен болады: а) оқытудың мотивтері а) сыртқы /қоғамдық, экономикалық, педагогикалық/ стимулдардың.
3. Оқытудың жеке /нақты/ заңдылықтары
1. Дидактикалық заңдылықтары. Оқытудың нәтижесі оқытудың ұзақтығына, меңгеріліп жатқан мазмұнның оқушыға мәнділігіне тікелей пропорционалды. Берілген көлемдегі білім мен іскерліктің меңгерілу өнімділігі оқылып жатқан материалдың санына, қиындығына және күрделілігіне кері пропорционалды. Оқытудың нәтижесі қолданылған әдістердің, құралдарға және мұғалімнің шеберлігіне тәуелді. Оқытудың «жасату» жолы «тыңдау» жолынан 6-7 есе өнімді.
2. Танымдық /гносеологиялық/ заңдылықтар. Оқытудың нәтижесі оқушылардың оқуға деген сұранысына және оқушылардың оқу іс-әрекетінің көлеміне, білімдерді, іскерлікті практикалық қолдану көлеміне тікелей пропорционалды. Оқушылардың ақыл-ой дамуы өзара байланысты білімдердің, іскерліктердің, шығармашылық әрекеттің тәжірибесін меңгеру көлеміне тікелей пропорционалды. Оқыту нәтижесі оқушылардың үй тапсырмасын әрдайым және жүйелі орындалуына, оқытудың проблемділік деңгейіне, оқушыларды әлі келетін және мәнді оқу проблемаларын шешуге қатыстырылу қарқынына тәуелді.
3. Психологиялық заңдылықтар. Оқытудың өнімділігі оқушылардың оқу іс-әрекетіне қызығушылығына, оқушылардың оқу мүмкіншілігіне, тренировкалық жаттығулардың санына, тренировканың қарқынына, оқушылардың танымдық белсенділігінің деңгейіне, оқушылардың зейінінің деңгейіне және тұрақтылығына, оқушылардың еңбек істеуге деген қабілеттілігіне байланысты. Нақты оқу материалын меңгерудің нәтижесі оқушылардың қабілетіне жекелеген ынтасына, оқушылардың ойлауының деңгейіне, күшіне, қарқындылығына және ерекшелігіне, еске сақтаудың даму деңгейіне тәуелді.
4. Кибернитикалық заңдылық. Оқыту тиімділігі кері байланыстың жиілігіне және көлеміне, оқыту процесін басқару сапасына тікелей пропорциональды болады. Білім сапасы қадағалаудың тиімділігіне де байланысты болады.
5. Әлеуметтік заңдылықтар. Индивидтің дамуы тікелей немесе жанамалай қарым-қатынасқа түсетін басқа да индивидтердің дамуымен шартталған. Оқытудың өнімділігі танымдық контактінің көлеміне және қарқындылығына, «интеллектуалдық ортаның» деңгейіне, өз-өздерін оқытудың қарқындылығына тәуелді.
6. Ұйымдастырушылық заңдылықтар. Оқытудың тиімділігі мұғалімнің ұйымдастырушылық жұмысына, жұмыс істеу қабілетіне тәуелді. Ақыл-ой шаршауы сезім органдарының тежелеуіне соқтырады: төрт сағат оқу сабағы анализаторлардың сезімдігін 2 есе кемітеді. Балалардың ақыл-ой жұмыс істеу қабілеті денсаулық жағдайына, ақыл-ой іс-әрекетінің режиміне, жынысына, жасына, жылдың уақытына, апта күніне, тәулік уақытына тәуелді болады. Балалардың ақыл-ой іс-әрекетінің белсенділігі оқу сабақтарының кестесіне де тәуелді болады.
4. Оқытудың принциптері /ұстанымдары/ мен ережелері:
Саналылық және белсенділік принципінің негізіне ғылым орнатқан заңдылықты жағдайлар жатыр: білім алудың мәні терең және дербес ұғынылған білімдер құрайды, олар өз ойын қарқынды жұмыс істеу жолымен игеріледі.
Көрнекілік принцип негізінде мынадай ғылыми заңдылықтар жатыр: адамдардың басым көпшілігінде көру органдары ең үлкен сезімділікке ие, көру органынан миға түсетін ақпарат кодировканы қайта жасауды талап етпейді, ол оқушының есінде жеңіл, тез және берік орын алады.
Жүйелілік және бірізділік принципі мынадай ғылыми жағдайларға негізделеді: оқушының миында қоршаған дүниенің анық суреті бейнеленгенде ғана ол нағыз және іскер білімге ие болады.
Ғылымилық принципінде мына заңдылық бекітілген: білім беру мазмұнын меңгеру және оқушылардың танымдық күшін дамыту – оқыту процесінің екі өзара байланысты жақтары; оқу материалын меңгерудің беріктігі тек қана объективті факторға емес, сонымен бірге субъективті факторға да тәуелді; білімді меңгерудің беріктігі оқытуды ұйымдастырумен, әр түрлі формалар мен әдістерді қолданумен, оқытудың уақытымен шартталады; оқушылардың еске сақтауы таңдаушылық сипатта болады.
Шамаға лайықтылық принципі оқытудың көп ғасырлық практикасы жасаған талаптардан шығады: оқушылардың жастық даму заңдылықтары және оқушылардың даму деңгейіне сәйкесті дидактикалық процесті жүзеге асыру. Я.А.Коменский шамаға лайықтылық принципін жүзеге асыруға арналған ережелерді анықтады: жеңілден қиынға, белгіліден белгісізге, оңайдан күрделіге.
Ғылымилық принципі оқушыларға ғылым орнатқан білімдерді меңгертуді талап етеді.
Теория мен практиканың байланысы принципінің негізіне философияның мынадай басты қағидасы жатқызылған: өмір, практика – шындықтың өлшемі, танымдық іс-әрекеттің қайнар көзі.
Оқыту принципінің талаптары ережелер жүйесі арқылы жүзеге асады. Ереже – бұл нақты жағдайда белгілі бір мақсатты орындаудағы педагогикалық іс-әрекетті суреттеу. Көбінесе оқытудың ережесі деп қандай да бір принципті қолданудың жекелеген жақтарын ашатын басшылықтық жағдайларды түсінеді.
Оқытудың ережесі теориядан практикаға көшу буыны болады. Ереже мұғалімге қандай да бір жағдайда белгілі бір әрекеттерді орындауды тапсырады, оны талаптарды орындауға бағыттайды.
Достарыңызбен бөлісу: |