Қорытынды.
Ұлттық ойын жарыстарында денсаулықты сақтау жолы да, өзiн-өзi қорғау амалдары да айқын. Денсаулықты сақтаудың шарты — дененi шынықтыратын қозғалыс пен жаттығуда, ағза мен жүйке тамырлардың тынысын реттеуде, рухты жоғары ұстай бiлуде.
Денешынықтыру — денсаулық көзi, денсаулықты сақтау үшiн әрекет, адамның күш мүмкiншiлiгiн дамыту, жеңiске деген жiгерiн шыңдау, қиыншылыққа төзу қимыл-әрекетiн шоғырландыра бiлу, соларға үйрену:
- дене еңбегiмен үнемi шұғылданып, жаттыққан адамның бұлшық ет талшықтары тез өседi, бойының күш-қуаты қалыптасады;
- сыртқы ортаның түрлi қолайсыз жағдайларына төзiмдiрек келедi;
- қозғалысы жинақы, ширақ, тез, әдемi жарасқан, қарым-қатынастық ережеге бейiмделуi жоғары;
- сезiну, ойлану және еңбектену қабiлеттерi бiр-бiрiмен үйлесiмдi және бiрiн-бiрi толықтырады. Аз қозғалыссыз ортада нерв талшықтары тез тозады, қан айналым жүйкесi бiртiндеп ауруға шалдығады, жүрек қабынады, бойды әуре-сарсаң құрыстырады. Жүрегi шынықпаған адам тез шаршайды, тырысқақ немесе ашушаң келедi. Жалқаулық жекенiң де, ұлттың да қасiретi. Онда санасыздық басым. Жүрегi шыныққан адамның мiнезi де төзiмдi, кеңпейiл, батыл соғады, қарсыласынан қайтпайтын тынымсыз, күрескер келедi. Жүрегi ашық жан қиыншылықтан құтылудың, қуанышқа жетудiң саналы жолын таңдайды, өзiн қарпайымдылық пен қайырымдылықтан ауытқыта бермейдi. Өзiн емдеудiң, сергiтудiң тиiмдi тәсiлдерiн қолданады.
Халқымызда қозғалмалы ойындардың түрi кең таралған. Мамандар қозғалмалы ойындарды төрт топқа бөледi:
1. Табиғи заттарды қолданып ойнайтын ойындар: асық, бестас, лек жалау, сиқырлы таяқ, бақай пiстi, жылмаң т.б.;
2. Жануарлар бейнесiн елестетiп ойнайтын ойындар: соқыр теке, түйе-түйе, ақ байпақ, көк сиыр және т.б.;
3. Мүлiктiк бұйымдарды қолданып ойнайтын ойындар: шалма, бөрiк жасырмақ, түйiлген шыт, тақия телпек, белбеу тастау, орамал тастау, т.б.
4. Құрал-жабдықсыз ойнайтын ойындар: айгөлек, ақсерек-көксерек, шымбике, мәлке тотай, тоқтышақ, шертпек, жасырынбақ, бұғынай, т.б.
Ер адамдардың ойын-сауықтары әрқалай қалыптасады. Оның бiрiншi тобына қозғалмалы ойындар — ақсүйек, ақшамшық, алтыбақан, көршi, тиын салу, қысқұлақ, айдап сал, қарамырза, белбеу тастау сияқтылар жатады; екiншi топқа спорттық дара ойындар - аударыспақ, арқан тартыс, ат омырауластыру, аламан бәйге, бәйге, көкпар, қыз қуу, күмiс алу, жаяу көкпар, жаяу жарыс, жiгiт қуу, жорға жарыс, түйе жарыс, қазақша күрес, тұмақ қуу, сайыс, таяқ жүгiрту сияқтылар жатады; үшiншi топты саяси-әлеуметтiк өмiрдiң даму ерекшелiктерiн көрсететiн ойындар — хан жақсыма, қаһарлы бану, ұжымақ-тозақ, мырш-мырш, сиқырлы таяқ, тобық ойнау сияқтылар құрайды.
Ойын-сауық — ақыл мен жiгердiң тартысы, қозғалыстағының таласы мен жарысуы, мықтылар мен ептiлердiң жеңiсi:
- жарысқандардың әңгiмелесiп желпiнуi, әндетiп серпiлуi, әсемдене есеюi;
- әзiл-әңгiмесi мен әдебi жарасқандардың сәндiлiгi мен сенiмдiлiгi;
- тапқырлықтың алданышы, қуанышы, жұбанышы, ептiлiктi үйрену, батылдықпен үйлесу, қайсарлықты үйрету;
- нақты мақсатқа ұмтылу, жүйелi әрекеттi ұйымдастыру, тиiмдi әдiстi ұтымды пайдалану. Ойын-сауық - жамағаттың белдесуi, бәсекелесуi, бауырласуы немесе айтысуы, аңдысуы, айқасуы. Ойын-сауық шабуылдан қорғану, шабытты қолдану, жеңiмпаздармен қолтықтасу. Сауықшылар күштiлермен көршiлес, ептi өнегелiлермен қоныстас, жанашырларға тiлектес, өз ортасымен тағдырлас болады. Мұндай адамдық бәсекелi қатынаста тазалық, тұралық, татулық жоғары бағаланады. Өмiр сүрудiң қолайлы, дәстүрлi, тартымды, өтiмдi жолдары уағыздалады. Өнерлiлер тiршiлiктiң иесiне, құндылықтың көзiне айналады. Өзi мен ұрпақтың байлығын арттырған өнерлiден әркiм үйренедi, өз қуатына икемсiз жаманнан тез жиренедi.
Достарыңызбен бөлісу: |