2. Қазақ халқының ұлттық ойындарының зерттелуі
Қай халықтың болмасын, оның ұлттық ойындарының белгілі бір мақсаты мен әлеуметтік-психологиялық тұрғыдан ерекше қасиеттері болады. Сондықтан халық арасында қалыптасқан ойындар туралы сипаттамалық жинақтар, деректер және құжаттар дұрыс зерттеу мен талдауды қажет етеді.
Ұлттық дәстүрлі халық ойындарының ел арасындағы беделі, тарихи қоғамдағы алатын орны және болашақ ұрпақты өсірудегі қажеттілігі, оның шығу тарихы туралы ғылыми тұрғыдан бізге дейінгі ғалымдар да көп ізденді. Осы мәселеге байланысты зертелеген ғылыми еңбектерді біз хронологиялық шектігіне қарай бірнеше топқа бөліп қарастырамыз.
1. Орыстың отарлау саясаты кезеңіндегі алғашқы орыс әскери шенеуніктері мен миссионерлерінің көшпенділер хақындағы зерттеу жұмыстары;
2. Кеңес заманы кезеңіндегі Орта Азия және Қазақстан халықтарының ұлттық ойындары туралы жазылған ғылыми еңбектер;
3. Мектеп жасына дейінгі балаларды дене шынықтыруға баулу әдістерін педагогикалық сипаттағы бағыт-бағдарлама тұрғысынан зерттелген жинақтар.
4. Тәуелсіз егеменді елдер кезеңіндегі (1992 жылдан бүгінге дейін) аталған тақырыпқа қатысты ізденістер.
Алғашқы топтама еңбектің тарихнамалық тізгінін Ә.Диваевтың еңбегін талдаудан бастайық. Ол өзінің «Игры киргизских детей» атты еңбегінде тарихта алғаш рет қазақтың ұлттық ойындарын үш топқа бөліп қарастырады.
Ә.Диваев алғашқы топтағы ойын түріне рулық-қауымдық құрылыс кезеңінде өмірге келген ойындарды, екінші топтамадағы дәстүрлі ойындарға қозғалыс ойындарын, үшінші топқа – спорттық ойын түрлерін жатқызады. Ізденуші этнографтың дәлелдеуінше, халық ойындары балалардың іс-әрекетін, қимыл-қозғалысын дамытумен қатар денсаулығын шыңдауда тездетуші үрдіс әрекетін атқарады. Ә.Диваев: «Как киргизы развлекают детей» деген мақаласында: «бала бас бармағын көтеріп оған пайғамбарымыз не дейді деп көк аспанға қарап, құдай тәңірінен рұқсат сұраған», - дей келіп, «Бес саусақ» ойыны мен саусақ атауларын алға тартады және аталған мақалада саусақ пен қимыл-қозғалыс жасау әрекеті негізінде баланы тәрбиелеп, шынықтырудың үлкен даналық философиялық мағынасы жатқандығы сөз етіледі.
Қазақ балаларының ұлттық ойынына тоқталғандардың бірі – орыс ғалымы А.Алекторов. Мәселен, оның «О рождении и воспитании детей киргизов, правилах и власти родителей» (Орынбор, 1891) атты еңбегін атауға болады.
Автор бұл еңбегінде көшпенді қазақ халқының өмір сүру салтындағы баланың дүниеге келген сәтінен бастап өсу динамикасына дейін ұлттық ойын мен қимыл-қозғалыс әрекетінің алатын орны және балғындардың денсаулығы мен дене мүшесінің қалыптасып дамуындағы жеке халық ойындарының қажетті жақтарын ашып көрсетеді. Қазақтың белгілі ғалым ағартушылары А.Құнанбаев, Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин халық ойындарының балаларға білім берудегі тәрбиелік мәнін жоғары бағалап, өткен ұрпақтың дәстүрі мен алтын құрметтеп, адамдардың ойы мен іс-әрекетін танып түсінуде жастардың эстетикалық, адамгершілік ой талабының өсуіне оның атқаратын қызметін жоғары бағаласа, М.Жұмабаев ойындарды халық мәдениетінің бастау алар қайнар көзі, ойлау қабілетінің өсу қажеттілігі, тілдің, дене шынықтыру тәрбиесінің негізгі элементі деп тұжырымдайды. Ұлттық ойындар халық тәрбиесінің дәстүрлі табиғатының жалғасы. Ежелден дәстүрлі ойындарда халықтың өмір сүру әдісі, тұрмыс-тіршілік еңбегі, ұлттық дәстүрлері, батырлық-батылдық туралы түсінігі, адалдыққа, күштілікке ұмтылуы, шыдамдылық, т.б. құндылықтарға мән берілуі – халық данышпандығының белгісі.
ХХ ғасырдың басында өмір сүрген этнограф М.Гуннер қазақтың ұлттық ойындарын былайша жіктейді:
Жалпы ойындар;
Қарсыласу мен күресу сипатындағы ойындар;
Ашық алаңқайдағы ойындар;
Қыс мезгіліндегі ойындар;
Демалыс ойындары;
Ат үстіндегі ойындар;
Аттракциондық-көрініс ойындар.
Қазақтың ұлттық қозғалыс ойындарын спорттық ойындардан ажыратып, алғаш рет бөліп қараған ғалым М.Гуннер қазақ ойындарына топтамалық жіктеу жасай отырып, ұлттық ойындарды оқу үрдісінде пайдалануға ұсыныс жасайды. Бұл жерде айта кететін бір жайт, Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесінің 1943 жылғы шешіміне сәйкес 1949 жылы жарық көрген «Краткий сборник казахских народно-национальных видов спорта» атты еңбегі М.Гуннердің толықтырып, өңделген кітабы. ХХ ғасырдың басында көшпенді халықтар: қазақ, өзбек, қырғыз, түркімен, қалмақ, т.б. отар елдері туралы этнографиялық деректер жинақтап, олардың ұлттық мәдениетінің тармағы – халық ойындары, оның ішіндегі құрамдас бөлшегі болар ойынын жинап зерттеуді Түркістан генерал-губернаторы арнайы шенеуніктер мен миссионер ғалымдарға жүктеген. Орыс ғалымы А.Васильев «Игры сартовских детей» атты мақаласында Ферғана және Сырдария аймақтарын мекендеген өзбек халқының ұлттық ойындарының бірнеше түрлерін ажыратып, топқа бөліп, нақты зерттеген.
Ізденіс барысында автор Ферғана балаларының күнделікті ойнайтын ертеден келе жатқан дәстүрлі «Гимчук тушты бошимга» ойыны Ташкенттегі сарт балаларына таныс емес екендігін айтады. Ал М.Гавриловтың авторлығымен жазылған «Перепелиный спорт у Ташкентских сартов» атты мақаласына өзбек халқының ойын түрлерінің айрықша маңыздысы жыл мезгілдерінің белгілері уақытында «Құстар ойынын» (тауық, қаз, т.б.) ойнаудың ережесі, ойын түрлері, тәртібі зерттеледі.
Кеңес дәуірі жылдарында қазақтың ұлттық дәстүрлі халық ойындары күн тәртібіндегі өзекті мәселе болғанына қарамастан, сол тоталитаризм кезінде дәстүрлі ұлттық ойындарды зерттеген авторлар қатарында М.Тәнекеев, Б.Төтенаев, М.Балғымбаев, Ә.Бүркітбаев, т.б. есімдерін атауға болады. Әсіресе М.Тәнекеевтің қазақтың ұлттық және дәстүрлі ойындарын зерттеген деректерінің өзі жеке мәселе. Оның негізгі еңбектері Қазақстандағы спорт пен дене тәрбиесі саласына арналған. Ең бастысы, ол дене тәрбиесінің халықтық педагогикасы сияқты көкейтесті мәселесінің негізін қалаған М.Тәнекеевтің авторлығымен шыққан алғашқы туынды «Казахские национальные виды спорта и игры» (Алматы, 1957). Бұл зерттеуінде ізденуші қазақтың «Тоғызқұмалақ» ойынының ереже тәтіптерін таразылап, халық ойынының қажетті жақтарын ашып, сонымен қатар басқа да ұлттық қозғалмалы, спорттық ойын түрлеріне тоқталып, анықтама беріп жіктеп, құнды мұрағат деркетеріне сүйене отырып, ғылыми сараланған пікірлер айтады. Ғалым негізінен Қазақстандағы Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңде дене тәрбиесі мәдениетінің дамуын талдай отырып, тарихта тұңғыш рет, дене мәдениеті мен спорттың екі даму бағытын қара халқтық және ақсүйектік деп көрсетіп, оны формациялық әдістемеге сүйеніп, яғни таптық тұрғыдан қарастырады. Сонымен бірге ғалым зерттеуіне әскери қолданбалы маңызы бар кейбір спорт және ойын түрлерінің өрлеуіне отаршыл Ресей патшалық өкіметінің саяси көзқарасын көрсетеді. М.Тәнекеевтің аталған еңбегінде таптық-формациялық идеологиялық көзқарас тұрғысынан сол заманға сай зерттелгеніне қарамастан, бүгінгі күні өз құндылығын жоймаған, ғылыми тұрғыдан аса жоғары еңбек болып табылады. М.Тәнекеевтің басшылығымен бұдан басқа да бірнеше ғылыми монографиялық еңбектер жазылды. Кеңестік кезеңдегі ұлттық ойындардың маңызы мен қажеттілдігін көрегендікпен қарастырған ғалым Б.Төтенаев «Қазақтың ұлттық ойындары» (Алматы, 1994) атты еңбегінде дәстүрлі қазақ ойындарын бірнеше топқа бөліп, ойын шарттарын жазып, жастар үшін тәрбиелік мәнін дәлелдеп, ойын зерделеген.
Аталған автор қаламынан халықтың этнопедагогика мен ұлттық ойындар арасындағы байланыс және ойындардың ертеңгі болашаққа керекті қасиеттілігін зерттеген басқа да қомақты ізденістер дүниеге келеді. Е.Сағындықовтың авторлығымен жазылған ғылыми монография «Ұлттық ойындарды оқу-тәрбие ісінде пайдалану» (Алматы, 1993) деп аталады. Ғылыми еңбекте қазақ мектептерінде І-ҮІ сыныптарда қазақ халық ойындарын жекелеген классификацияларға топтап, оны сабақта және сабақтан тыс тәрбие жұмыстарында қолдану әдістері анықталып, қазақ халық ойындарына педагогикалық талдау жасалып, оқу үрдісінде пайдалану қажеттілігі негізделеді. Ә.Бүркітбаевтың авторлығымен 1985 жылы жазылған «Спорттық ұлттық ойын түрлері және оның тәрбиелік мәні» жинағында ұлт спорты түрлері мен ұлттық спорт ойындарының балалардың күнделікті өміріндегі алатын орны, тәрбиелік маңызы және ат спорты мен ұлттық ойындардың ережесі қарастырылса, М.Балғымбаевтың «Қазақтың ұлттық спорт ойыны түрлері» (Алматы, 1985) атты еңбегіндегі ат спортына қатысты бәйгені бастап жорға жарыс, аударыспақ, жамбы ату, аламан бәйге, т.б. жарыс түрлеріне салыстырмалы талдау жасалады. Бала өміріндегі ұлттық және спорттық қимыл-қозғалыстың және ойынның алатын орны, формасы және мазмұны үлкен адамның тұрмыстық күйімен, еңбек түрімен және мазмұнымен салыстырылса, қаладағы қажеттіліктің бір тұсы адамды дағдыға үйрету екендігін байқаймыз. Ғалым А.Усова өз еңбегінде ойынның мәнін баланың дербес іс-әрекеті, айналасындағы өзгерістерді танып-білуге, белсенді әрекет етуге жол ашуы ретінде түсіндіреді. Автордың айтуынша шынайы өмірде баланың аты – бала. Өз бетінше әлі ештеңе тындырып жарытпайтын жан. Қам-қарекетсіз өмір ағысына ілесіп кете барады. Ол ойын үстінде ол бейнебір ересек адам тәрізді өз күшін сынап көреді». Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту барысндағы спорттық жаттығулар И.Давыдов, Л.Былеева, В.Яковлев, Н.Поддьякова, Н.Михайленко, Д.Куклова және тағы басқалар ерекше назар аударған. И.Давыдов ойын мен ойыншық және дидактикалық құралдарға ғана сүйеніп, мектепке дейінгі балалық кезді заттар жөнінде жекелеген нақты түсініктер, жинақтау кезеңі деп түсіну қателік деп дәлелдейді. Бұл кезде дене шынықтыру мен ақыл-ойын ақыл-ой дамуына, жалпы түсінік пен ұғымның қалыптасуында, маңызды ойлау операциялары: талдау, салыстыру, қорыту, қабілетіне қажетті организм деп аударған. И.Давыдов ойын-ойыншық және дидактикалық құралдарға ғана сүйеніп мектептке дейінгі барлық кездерге заттар жөнінде жекелеген нақты түсініктер жинақтау кезеңі деп түсіну қателік деп дәлелдейді. Бұл кезде дене шынықтыру мен ақыл-ой дамуына, жалпы түсінік пен ұғымның қалыптасуына, маңызды ойлау операциялары: талдау, салыстыру, қорыту қабілеттеріне қажетті организм деп тұжырымдайды.
Д.Хухлаеваның пікірінше, дене шынықтыру жаттығуларын ойынмен ұштастырған сәтте баланың тұрақты іс-әрекетке бейімділігінің қалыптасуы айқын сезіледі, сондықтан дене шынықтыру күнделікті қажеттілік болуымен қатар денсаулықтың, шыдамдылық пен тез қимыл-әрекеттің символы болып табылады.
М.Контарович, Л.Михайлованың авторлығымен жазылған еңбекте жыл мезгіліне сәйкес қыс айларында ойналатын ойындар, топ болып ойнайтын, жеке бір балаға арналған далада өткізілетін қимыл-қозғалыс ойындарының әдістемелік нұсқауы берілген. Ойын түрлері мен шарттарын бала жасына қарай бөліп классификация жасап, бірнеше халық ойындарын ұсынған. Олардың ішінде «Қояндар» (2-3 жасарларға), «Аңшы мен ит және қояндар» (4 жастағылар үшін), «Торғай мен мысық» (5-6 жастағыларға арналған) қозғалмалы ойындарын зерттеп, қолданысқа түсірген.
А.Быкованың басшылығымен баспадан шыққан «Физическое воспитание в детском саду» кітабында балабақшаның әр тобында жас ерекшелігіне қарай өткізетін қарым-қатынас ойындарын ұйымдастыру және оны өткізу әдістері, т.б. мәселелер қарастырылған. Мысалы, қозғалып ойнау барысында алғашқы күннен бастап балаларды өзін-өзі тежеуге үйрету, сонымен қатар барлық баланың қабылдау қабілеті бірдей емес екендігі, яғни белсенділер мен жайбасар әлсіз балалар арасындағы тепе-теңдікті сақтау қасиеті, оларды әр түрлі ойынға тарту арқылы шыңдау, ұмтылдыру, бірнеше рет бір ойынды ойнату барысындағы баланың физиологиялық өзгерісімен қатар психологиялық тұрғыдан сенімділігінің артуы ғылыми еңбектің құндылығын жоғарылатады.
Еліміздің егемендік алуы Қазақстандағы дене шынықтыру, ұлттық ойындар мәселесіне басқаша сын көзбен қарауды талап етеді. Осы орайда соңғы жылдары біздің қарастырып отырған ізденіс тьақырыбымызға орай бірнеше ғылыми еңбектер жарық көрді. Е.Мұхиддинов қазақтың ұлттық ойындарын дамыған қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық құрылыммен байланысты қарастырады. Дене шынықтыру пәнінің теориялық дәлелдемесін қазақтың ұлттық ойындарының тәжірибелік жағымен біртұтас алып қарайды.
А.Құралбекұлы мен С.Әкімбайұлы жалпы білім беретін қазақ мектептерінің дене шынықтыру жүйесінде қазақ этнопедагогикасы материалдарына, оның ішінде халық шығармашылығы мен ұлттық ойындарды тиімді пайдаланудың ғылыми теориялық-әдістемелік негіздеріне сүйене отырып талдау жасаса, А.Айтпаеваның ғылыми еңбегінде орыс тілінде оқытатын мектептердің бастауыш сынып оқушыларын тәрбиелеу құралы ретінде қазақ халқының ойындарын пайдаланудың теориялық-әдістемелік негіздері жасалып, олардың тәрбиелік мүмкіндіктері айқындалған.
Сонымен түйіндеп айтарымыз, қазақтың ұлттық ойындарының басқа халықтардың ұлттық ойындарынан айырмашылығы - оның шығу, пайда болу тегінің ерекшелігіне байланысты белгілі бір тәрбиелік мақсат бірлігін көздейтінінде.
Ойнамайтын бала жоқ. Ойынға қызықпайтын адам жоқ. Көңiл көтермейтiн адам, сауық құрмайтын халық жоқ. Үлкен де, кiшi де ойнап көңiл көтередi, бiр нәрсеге берiле қызығады, әр жетiстiктен қанағат табады. Ал қызығу, қуану, қанағаттану - өмiрдi тамашалаудың көрiнiсi немесе өмiрде сауық құрудың нышаны. Ойын-сауыққа үлкен-кiшiнiң бәрi де әуес. Айтпағымыз, өмiр кейде ойын-сауыққа ұқсас, ойын-сауықсыз адамның өмiрiн көз алдыңа елестете алмайсың. Ойынның тарихы тереңде, көне дәуiрден басталады. Оның қалыптасу кезеңдерi мен тарихы өз алдына әңгiме. Ойын халықтың өмiр сүру салтынан, өмiр сүру үшiн күресiнен туындаған қажеттiлiктiң бiрi. Ойын-сауық еңбектiң мазмұны мен құралына орай түрленген, жетiлген. Қазақ — ойын-сауықшыл халық. Бүгiнде қазақтың 100 ден аса ойын түрлерi мәлiм. Қазақ “баланы жастан” дегенде, ойын-сауық арқылы жасөспiрiммен тәрбиелiк жұмысты ертерек және жас ерекшелiктерiне қарай жүргiзудi пайымдайды. Ойынсыз ұрпақтың кiм екенiн, халықтың қандай екенiн бағалау екiталай. Адам мен ойын түйiндес, түбiрлес. Ойын-сауық қазақтың әдет-ғұрпына үнемi және айқын ықпал еткен.
Айталық, тас дәуiрiнде қалыптасқан - таяқ жүгiрту, асық, ақсүйек, темiр дәуiрiнде тараған — қарағие, садақ, бергi феодалдық дәуiрдегi, яғни үйсiн, қаңлы хандығы кезiндегi — ақбайпақ, алтыбақан, арқан тартыс, белбеу тастау, жасырынбақ, көршi бұғынай, айдапсал т.б. ойындарды бүгiнде бiлетiндер де, бiлмейтiндер де аз емес. Жануарлардың қозғалысына елiктеп жасалынған қозғалыстар да бертiн келе ойын бидiң арқауына айналған. “Аң аулау” билерiнiң түрлерi бiр iзге келтiрiлмеген. Дегенмен олар барлық қауымдастық мүшелерiн қызықтырғанын ескерсек, оның тартымды түрлерiнiң көп және жаттығуға икемдi болғанына күмәнданбаймыз.
Қыпшақтардың тайпалық одақтары түрiк қағанатына қосылғанда хан жақсы ма, ханды қара басты, шалма, қарамырза, сайыс, ат үстiндегi тартыс, аударыспақ, балтам тап, аударыспақ, “көк бөрi тарту” сияқты ойын түрлерi таралған. Ұлттық ойынымыздың тарихы туралы Рашид-ад дин, Низами әл-Мулк, Мосуди, Махмұд Қашқари сынды ғұламалар пiкiрлерiн қалдырған. Батыстың XIII ғасырдағы саяхатшысы Марко Поло Жетiсу жерiндегi үлкен жиында “Қыз қуу” ойыны мен “Қыз бөрi” ойынын көргенiн естелiктерiнде тамашалап баяндайды.
Ойында өмiрдiң еркiндiгi, кедергiсi мен мақсаты анықталынады. Ойын-сауық — жеке адамның даму қажеттiлiгiн арттырады, қарсыласпен татуласу немесе оны жеңу жолдарын iздестiредi. Шаруашылықтағы қимыл-әрекеттi осы биiк мақсатқа көтердi. Ойын — адам ойлану және дене қабiлетiнiң бәсекесi, қарсыласпен ашық жарыс. Оның мақсаты — жеңiске жету, ойындағы адамның қабiлет күшiнiң үстемдiгiн көрсету, дәлелдеу.
Кейде ойындардың аттары, атаулары өзгерiп жатса да, олардың ойналу мазмұны сақталып қалған, сөйтiп әдептiң түрлерiн қалыптастыруға септiгiн тигiзген. Мысалыға, ақсүйек ойынының басқа түрiк тiлдес елдерде орда, тоқтышақ сияқты атауы да бар немесе лек жалау ойынының шiлiк, қарыс ағаш, шөлдiк және т.б. түрлерi бар. Бұл ойындарды әуелi балалар ойнаса, кейiннен оған жiгiттер мен ересектер де қосылған. Таралуы жағынан ойындар ересектерден балаға мұра ретiнде жиi қалдырылған. Мемлекеттiк құрылым қалыптасқан сайын ойындар халықтық мерекенiң құрамына енген. Ойындар халықтық той-думанның оттығына, көпшiлiктiң ортақ сауығына айналды. Кез келген жыйын-той күрессiз, ат пен жаяу жарыссыз, айтыс, ән мен күйсiз, аң аулаусыз өтпейтiн болған.
Көшпендiлер табиғи күш атасы атанған. Малмен жүрген көшпелi халықтың алдымен далада, ашық алаңда, түнде ай жарығында сауық құратын ойындары қалыптасты. Жарыста адам да, оған қатысқан төрт түлiк түрлерi де сынға түстi. Солардың iшiнде бiзге мәлiмi ақсүйек, алтыбақан, айгөлек, арқантартыс, көксиыр, соқыртеке, түйе-түйе, белбеу тастау, қасқұлақ, моңданақ, ақбайпақ, түйiлген шыт, тиын салу, ақшамшық, ақсерек-көксерек, көршi, шалма, шымбике, инемдi тап, айдапсал, қарамырза, қарт-қарт, жылман т.б., сондай-ақ ат жарысы, түйе жарысы кеңiнен таралған. Жарысқа астында көлiгi бар, бiлегiнiң қарымы мықты адамдардың бәрi де қатыса алған. Өйткенi көшпендiлердiң кiшiсiнен үлкенiне дейiнгiлер әлгi аталған түрлi ойындардың тәсiлдерiн шебер меңгере бiлген. Ойынның түрлерi күнделiктi тiршiлiкте, маусымдық жиындарда тартымды орын алды. Ойын адамның жаны мен тәнiн сергiттi, өз бетiнше еңбектенуiне баулыды, топ таңдауды үйреттi.
Шаруашылық пен еңбек процесi ойынның түрлерiн көбейттi, ойынға қойылатын талапты күшейттi. Ойында қолданатын әдiстерге арнайы жаттығу керек болды. Ойын заттары мен бұйымдарына деген ұқыптылық жалғасын тапты. Ойынды өткiзу туралы келiсiм жұмыстары жанданды. Ойынды өткiзетiн арнайы кеңiстiк алаңдар таңдалды. Бiртiндеп атамекенiне және атажұрт салтына деген құрмет көзқарастар қалыптасты. Әр ойынның белбасарлары анықталды, олар көптiң құрмет-сыйына бөлендi. Ойын өнердiң түрiне, топты ұйымдастыру тетiгiне айналды. Содан ойын өнерi ұлттық әдеп-ғұрыптың қалыптасуына, сақталуына үлкен ұйытқы болды, ықпал еттi.
Дала ойындары ашық та, икемдi. Талаптарына шартты түрде келiсуге болады. Ойын тәртiбiн ойыншылардың өздерi де, көрермен де бағалауға бiрдей мүмкiндiк алды. Ойынға төрешiлiк халықтық сипатта жүргiзiлдi. Үлкендер, ел ақсақалдары баталарын берiп, ойынның басталуына рұқсат бердi немесе жеңгендерге табыс пен шапағат тiледi. Халықтық ойындар бiртiндеп дәстүр мен еңбек мерекесiне айналды, әдет-ғұрып негiзiнде тамыр жайды, жасөспiрiмдердiң қозғалмалы ойындары ретiнде өрiс алды.
Қазақтың әдет-ғұрып ойындары халықтың бастан кешкен қилы-қилы оқиғаларын бейнелеп, баяндап бередi. Оған Наурыз мерекесiндегi ойын-сауық түрлерi дәлел болмақ. Наурыз — күн мен түн теңелген, “ұлыстың ұлы күнi”, шығыстағы көптеген көне халықтардың дәстүрiнде жаңа жыл күнi. Наурыз — наурыз ойын-сауық, спорт пен өнер тоғысқан халықтық мерекенiң думанды салты. Наурыз үлкен мен кiшiнiң, еркек пен әйелдiң, ақын мен бишiнiң, ауылдағы мен қаладағылардың спорт пен өнер саласындағы ашық жарысы. Жарыста күштiлердiң күштiсi, жүйрiктердiң жүйрiгi “жүгiрiп озады, қуып жетедi”, бiлектесiп жеңедi, сол өнерiмен ел құрметiне бөленедi.
Ойын — бiржағы, дене қозғалысы, шыныққан дененiң шеберлiгi, бiржағы көңiл көтеру, дем алу, бiржағы бас қосып бiрлесу, әдет-ғұрыпты жалғастыруға үндесу. Шаруашылықтан бос кезде той-думан мен ойын-сауықтар жиi атқарылады. Той-думан, ойын-сауық адамды, ел-жұртты жаттыққа жiбермейдi, тұтастыққа, бiрлiкке тартады. Ойын-сауықта адам табиғатпен табысты, тынысын кеңейте алды, ұнатқандарымен жақындасты. Табиғи көркемдiкке қызыру, оны тамашалау көшпендiлердiң жас кезiнен қанына сiңген қасиет. Ойын - ұрпақтар өмiрiн үйлестiрудiң дәстүрлi ән-бимен өрнектелген сауық түрi. Оған қатысушылар тамаша құратын орынды, уақытты, ортаны өз ерiктерiмен iрiктейдi, оны өткiзудiң рәсiм-салтын икемдейдi. Осыдан орын мен ортаға деген әуесқойлық күшеедi. Ойыншылар тағдырластарымен, өзiмен жақындастарымен кездесiп, өзара сырласуға және жарысуға мүмкiндiк алады. Бұдан ашық мiнездiң, жарқын жүздiлiктiң лебi естiп, ән-күйдiң тоғысы жаңарып жатады. Ойыншылар — көптiң көңiлiн аулайтын өнерлiлер, өзiнiң мәртебесiн көтермелейтiн өнегелiлер. Ойын үй мен даланың төрiнде өттi, ойыншылар — елдiң көз алдында, көңiлiнен құрмет тапты.
Қазақтың ойын-сауығы достық пен қонақжайлықтың белгiсi және көптiң басын бiрiктiрудiң кепiлдiгi, сүйкiмдi әншi мен әңгiмешiлерге мұқтаждықтың айғағы. Ойын-сауықта жалғыздық сезiм, арам ниет адамды билей алмады, ойыншы үнемi iзденiсте болады. Ондағы құдiрет -өнерпаздық, өзара түсiнiстiк және келiсiмге жол табу. Адамзат қашанда болмасын осы үш құдiретке тәнтi болған, сол құндылыққа жетудiң мүмкiндiгiн арнайы және үнемi iздестiрумен әуреленген.
Қазақтар әдемiлiкке әуес халық болғандықтан, оны әшекейлеудi дәстүрге айналдырған. Сол рәсiм — қыз-келiншектер мен тұяғы жерге тимес тұлпарлардан басталған. Әйелдер гауһар тастан жасалған әшекей бұйымдарды, жылтырақ, зергерлiк бұйымдарды жақсы көрген. Өздерi жiбектен, матадан, жүннен әшекейлеп тiгiлген алуан түстi өрнектi киiмдер киген. Әйелдер үшiн әсемдiкке, әдемiлiкке, әшекейлiкке әуестiк олардың қанына туа бiткен қасиет. Әсемдiк пен әдемiлiк еңбекпен келдi, оны жақсы көргендер ойын-сауыққа үйiр болады. Сондықтан әйелдердiң ұқыптылары, шыдамдылары, еңбекқорлары ойын үстiнде әсемдiкке деген тәнтiлiгi мен сезiмталдығы мен ықшамдылығы еркектерден асып түседi. Көшi-қонның барлық шаруасы мен жұмыстарын ештемеден ерiнбейтiн әйелдер мiнсiз атқарады. Әйелдер өз байлығын, әшекейiн көрсету үшiн көңiл көтеруге, әдемi мiнезiмен сүйiктi болуға тырысады, өнеге көрсетедi. Сондай сүйкiмдiлiк пен сүйiспеншiлiктi ортадан, жақын жандардан да күттi. Әдемiлiктi әнмен, шешендiкпен жеткiздi. Отбасындағы тұрмыс та, көңiл-күй базары да, негiзiнен, әйелдiң еңбегiне байланысты. Сырт қонақтар бiрауыздан: “Қазақ әйелдерiнiң бет әлпеттерiнен ақылдың белгiсiн жиi көруге болады” — деп шындыққа оралып жатты.
Достарыңызбен бөлісу: |