5. Шал ақынның сөз өнерi, ақындық туралы ойларының шығармаларындағы көрінісі.
Шал шығармалларында тiл, сөз өнерi туралы ой-пiкiрлерi де біршама бейнелi көрініс тапқан.
Ақынның сөз өнерi, ақындық туралы ойлары ақынның мына өлеңдерiнде айтылады: “Өлеңге тоқтамайды Шал дегенiң”, “Күлен шешенге”, “Түседi өлең десе қайғы-шерiм”, “Сөйлеп қал, сөйле тiлiм Арыс келдi”, т.б.
Шал ақын өмiр бойы ақындық өнердi кедейлiк көрсе де қасиет тұтып, мал табудың құралы деп қарамаған. Ақынның сөздің, өлеңнiң қоғамдық мәнiн дұрыс түсiнгенi, ақындық өнерде өзiне, сөз шеберлерiне қояр талабы шығармаларындағы біршама көрiнiс тапқан. Тапқыр, сезімтал ақынға сыртқы дүниенің әсері де аз болмағанға ұқсайды. Рухани тіршілікке ұмтылған ақын сөз қадірін, оның мысын, жезін, күмісін, алтынын қолмен қойғандай ажыратып, шаң жуытқан жоқ. Ол адамның ішкі психологиялық портретін жасау харекетіне терең бойлап бара алмағанмен, қазақтың кейінгі жазба поэзиясына тәуір баспалдақ орнатып беріп кетті.
Шал ақын үшін шешендік, ақындықтан биік ешнәрсе жоқ. Сондықтан да орайы келіп тұрғанда ірі айтуды қалайды. Ақын жалаң дидактикадан да аулақ. Лирикалық геройы қайталанбайды. Кейде жеке басының мұң-күйін айтып отырып, жалпы өз ортасына тән шерді айтып өтеді.
Айдынды жақсы аймен тең,
Жомарт жігіт баймен тең,
Шешен жігіт дүрмен тең,
Иманды көңіл нұрмен тең –
дейді ақын.
Бұнда ақынның шешендікті дүрге теңеуі тегін емес. Бұл ойы бүгінгі талаптармен де сәйкес келіп жатады. Өз жаны пәк таза адам ғана осылай айта алады. Рухани ақындық өмірдің тамыры жақсы соғуы үшін шешендік өнер қараңғыны қақ жарып жанған шаммен бірдей.
Ақынның:
Елу жасқа келген соң,
Пірдің сөзін сақтадым.
Алпысқа жасым келген соң,
Өлімнен хабар келер деп,
Тәубә бір қылып тоқтадым, –
деуінде мағыналы мән бар. Пенде ғұмыры сияқты сөздің де өлшеуі барын меңзейді. Соны білген ақын сөзді сараптай қолдана біледі. Турашыл, ашық жанды, шыншыл Шал өз қоғамының жағымсыз жайттарын өз өлеңдерінде бүгіп қалмайды. Көрген, түйгенін, түңілгенін, сүйгені мен сүйсінгенін, сағынышын тыңдарманының назарына ұсынады.
Асыл мұраттарының келешекке іске асарына сенеді. «Бақытты жігіт қол бастар, Шешен жігіт дау бастар» деп жастыққа үміт артады. Шебер сөздің кестесін келістіріп салып, көздің де, көңілдің де сусынын қандырады. Шал сөздерінің сұлулығы, сыңғыр келісімі көбіне сыртында емес, ішінде - мазмұнында жатады. Дүние жинамай, сөз өнерін шыңдаған Шал ақынның әдеби мұрасының бізге жетуінің бір сыры осында болса керек.
Достарыңызбен бөлісу: |