Орта ылғалдылығы. Жануарлардың басқа топтарымен салыстырғанда насекомдар мен кенелердiң денесi едәуiр ұсақ болғандықтан, қарқынды түрде буланып тез құрғайды. Сондықтан олар қоршаған ортаның ылғалдылығына өте тәуелдi болады. Су алмасу процесiн реттеп тұру үшiн олардың денесi бiрқатар қорғану тетiктерiмен жабдықталған. Мысалы, жер үстiнде ашық ауада тiршiлiк ететiн насекомдардың кутикуласы едәуiр қалың (қоңыздарда) болады, немесе қосымша балауызданады (бiтелер мен кокцидтерде), ал олардың қуыршақтары өрмек пiлләсiне орнатады. Қоректенген кезде насекомдар iшегiнiң артқы бөлiмiндегi шала қорытылған тамақ қалдықтарын сору арқылы су қорын толықтырады, ал қысқы тыныштық күйде жатқанда көмiрсутектерi мен майдың тотықтануынан пайда болатын метаболдық суды пайдаланады. Топырақты мекендейтiн насекомдар оның жоғарғы қабаты құрғаған кезде төменгi дымқыл қабатына қарай көшедi.
Басқа насекомдардың денесiнiң сөлiн сорып қоректенетiн насекомдар мен кенелерде алдыңғы iшектегi артық суды ортаңғы iшекке жiбермей тiкелей артқы iшекке өткiзетiн сүзгiш камералар болады.
Қоршаған ортаның ылғалдылығына қоятын талаптың дәрежесiне қарай организмдердi гигрофильдi, мезофильдi және ксерофильдi деп үш топқа бөледi. Гигрофильдi түрлерге жалаңаш шырыш, сабақ көбелегi, маса, сона, өсiмдiк қоректi нематодтар сияқты ылғалы мол жерлердi талғайтын организмдер, мезофильдiлерге күздiк және шалғын көбелектерi сияқты орташа ылғалдылықты ұнататындар, ал ксерофильдiлерге шөл шегiрткесi, қара денелi қоңыздар сияқты шөлейттi және шөлдi мекендердi ұнататын организмдер жатады. Бiрақ мұндай етiп бөлу белгiлi бiр дәрежеде салыстырмалы сипатта болады, себебi табиғатта ылғалдылықтың әсерiн көпшiлiк жағдайларда экологиялық факторлардың басқаларынан бөлiп қарауға болмайды, әсiресе температура мен қоректiк заттардан бөлуге болмайды.
Ылғалдылық пен қоректiк зат бiрiгiп қалай әсер ететiнiн қойма зиянкестерiнiң тiршiлiк әрекетiнен көруге болады. Мысалы, қойма бiзтұмсығы ылғалдылығы 20% аспайтын дәнмен қоректенедi, ал оның қарқынды түрде өсiп-өнiп көбею ылғалдығы 14-16% дәнмен қоректенгенде байқалады. Дәннiң ылғалдығы 12%-ке дейiн төмендесе оның дамуы кiлт баяулайды да, 11%-те өледi. Ылғалдылығы төмен дәнмен қойма кенелерi де қоректене алмайды.
Насекомдардың тiршiлiк әрекетiне әсiресе температура мен ылғалдылықтың бiрiгiп тигiзетiн әсерi өте күштi. Мысалы, тәжiрибеде күздiк көбелектiң ең жоғарғы өсiмталдылығы (бiр ұрғашы көбелекке 840 жұмыртқадан келетiн) температура 200С және салыстырмалы ылғалдылық 85% байқалған. Температура 300С-қа дейiн көтерiлгенде оның өсiмталдығы 377 жұмыртқаға дейiн төмендеген. Ал осы температурада бiрақ ылғалдылық 95%-ке дейiн көтерiлгенде көбелектiң салған жұмыртқаларының саны 30 аспаған.
Организмдердiң даму ұзақтығы мен тiршiлiгiн сақтау қабiлеттiлiгi де қоршаған орта температурасы мен ылғалдылығының қосыла тигiзетiн әсерiне тәуелдi. Табиғи жағдайда насекомдарға температура мен жауын-шашынның қосылған әсерiне баға беру үшiн сол көрсеткiштердiң климограмма және биоклимограмма түрiндегi графикалық талдау тәсiлi қолданылады. Климограмманы жасау үшiн ординат осiне температураның орташа айлық көрсеткiштерi, абцисс осiне жауын-шашынның мөлшерi қондырылады. Одан соң сол көрсеткiштердiң ай сайынғы қиылысу нүктелерiн сызықтармен қосады.
Белгiлi бiр түрдiң ареалының әртүрлi екi бөлiмi үшiн температура мен жауын-шашын жинағының көпжылдық орташа көрсеткiштерi негiзiнде жасалған климограммаларды салыстыра отырып сол түрдiң экологиялық стандартына азды-көптi сәйкес келетiн жағдайлар туралы пiкiр айтуға болады. Мысалы, В.В.Яхоновтың (1964) бақылауы бойынша беде бiзтұмсығы фитономус Бухара қаласының төңiрегiнде жыл сайын өте көп болып қаулап өсiп-өнедi. Ол Марсель (Франция) қаласы төңiрегiнде кездеседi, бiрақ онда оның сан мөлшерi көп болмайды. Температура мен жауын-шашын көрсеткiштерiнiң шекарасы пунктирмен көрсетiп жасаған климограмманы Марсель қаласы үшiн жасаған климограммаға қондырғанда көрсеткiштердiң арасындағы айырмашылық өте айқын байқалады. Климограмманың оңға қарай созылып кетуi фитономустың өсiп-өну кезiнде Францияның оңтүстiгiнде жауын-шашын мөлшерiнiң көп болуын дәлелдейдi. Бұл жағдай зиянкестiң сан мөлшерiнiң көбеюiне кедергi келтiредi.
Жыл сайынғы айлық температуралар мен айлық жауын-шашын жинағының орта мөлшерiн пайдалана отырып, белгiлi бiр мекен үшiн қатарынан бiрнеше жылға климограмма жасауға болады. Бақылаудағы насеком жаппай қаулап көбейген және оның сан мөлшерiнiң кiлт төмендеген жылдардағы климограммаларды салыстыра отырып, оның дамуы үшiн температура мен ылғалдылықтың бiрiккен жерiнiң қолайлы және қолайсыз жақтарын анықтауға болады.
Биоклимограмманы құруда жылдың әрбiр жеке айлары үшiн температура мен жауын-шашын көрсеткiштерiнiң қиылу нүктелерiн кәдiмгi тұтас сызықпен емес, насекомның әрбiр жеке фазасы үшiн қабылданған тиiстi шартты белгiлермен қосады. Мысалы, пунктир сызықшамен личинканың, тұтас сызықпен ересек насекомның, түктемен жұмыртқа фазасының даму кездерiндегi көрсеткiштердi қосады. Сондықтан биоклимограмма температура мен ылғалдылықтың тек насекомның жалпы дамуына ғана емес, сонымен қатар оның жеке фазаларының дамуына да әсер ететiнi туралы түсiнiк бередi.
Жарық. Құрлықта тiршiлiк ететiн омыртқасыз жануарларға жарықтың тигiзетiн әсерi алуан түрлi. Тура және шашыраңқы күн сәулесi насекомдар мен кенелердiң дене температурасы мен қимыл әрекетiнiң өзгерiп тұруына әсер етедi. Әр түрлi организмдердiң активтi әрекетi тәулiктiң жарық және қараңғы кезеңдерiнде де түрлi дәрежеде өзгерiп тұрады. Осыған сәйкес насекомдарды күндiзгi, кешкi және түнгi насекомдар деп 3 топқа бөледi. Мысалы, күндiзгi көбелектер (ақ көбелектер, нифалидтер, желкен қанаттар) тек күндiз ғана ұшады, қоректенедi, жұмыртқалайды, ал қоңыр көбелектер тұқымдасының өкiлдерi тек түнде ғана активтi болады. Сондықтан оларды түн көбелектерi деп атайды. Кешкi сағаттарда ғана (ымырт түскен кезде) активтi болатын насекомдарға бражник тұқымдасына жататын көбелектер, зауза қоңыздары және т.б. жатады.
Насекомдар әр түрлi спектор құрамын жақсы сезедi. Әсiресе қысқа толқынды (соның iшiнде ультрокүлгiн сәулелердi) спектор бөлiгiн өте жақсы қабылдайды. Көптеген насекомдар ультрокүлгiн сәулелердiң нәтижелi көзi болып саналатын сынап шамдары жарығына жақсы ұшады. Олардың жарығы зиянды насекомдардың бiрқатарын (соның iшiнде жемiр көбелегiн) жақсы тартады да, керiсiнше тор қанаттылар, кокцинеллидтер сияқты пайдалы насекомдарды онша қызықтырмайды. Жарықта жақсы ұшатын насекомдардың едәуiр бөлiмi жыныс мүшелерi пiсiп жетiлмеген күйде болады. Осыған байланысты жарық қақпандары тек насекомдардың сан мөлшерiн есепке алу және олардың iшiндегi зиянды түрлерiнiң шығатын мерзiмдерiн бiлу ғана емес, сонымен қатар солардың арасындағы зиянкестермен күресу шараларын iздестiру үшiн де пайдаланылады.
Насекомдар мен кенелердiң тiршiлiк циклiн реттеуде күндiз бен түннiң, яғни фотопериодтың ұзақтығына байланысты туатын реакцияның маңызы зор. ұзақ фотопериодта организмнiң бiрқатар ұрпақтарының дамуы үздiксiз жүредi. Ал фотопериодтың ұзақтығы сол түрге тән аумалы табалдырықтан төмендеген кезде даму тежеледi де, насеком қысқа диапауза күйiне көшедi. Дамудың мұндай түрi поливольтиндi насекомдардың көпшiлiгiне тән болады да ңұзақ күндiк дамуң типi деп аталады. Бұл жағдайда қысқа фотопериод осы мекен үшiн қолайсыз күз маусымының жақындап келе жатқандығы туралы дәл, космос сигналы болып саналады да, организмге күнi бұрын қысқа қажеттi физиологиялық даярлық жасауға мүмкiндiк туғызады.
«ұзақ күндiк даму» типiнен басқа «қысқа күндiк даму» да бөлiгi (тұт көбелегi, қызыл құйрықты көбелек, үшбұрышты түн көбелегi және басқалары). Мұндай үздiксiз даму тек қысқа күн жағдайында ғана байқалады, ал ұзақ күн жағдайында насекомның өсуi кiлт баяулайды немесе диапауза басталады.
Достарыңызбен бөлісу: |