2. Минимум, оптимум, максимум заңы.²Өнiм деңгейi минимумда (аз мөлшерде) болатын фактормен анықталады; ең жоғарғы өнiм фактор оптималды (оңтайлы мөлшерде) болғанда алынады; фактор минималды және максималды болғанда өнiм мөлшерi төмендейдi немесе ол болмауы мүмкiн².
Өнiм деңгейiнiң минимумда болатын факторға байланысты екенiн бiрiншi айтқан өсiмдiк қоректенуiнiң минералды теориясының авторы Юстус фон Либих (1803-1873 жж.) болды. Жетiспейтiн фактордың орнын толтыра бастағанда, өнiмнiң деңгейi көтерiлiп, екiншi бiр жетiспейтiн фактор минимумда қалған кезде, өнiмнiң өсуi тоқтайтыны байқалған.
Бұл заңды дәлелдеу үшiн Гельригельдiң вегетациялық тәжiрибесiн келтiруге болады. Бiркелкi құнарлы топырақпен толтырылған шыны ыдыстарда арпа өсiрiлген. Ылғалдығынан басқа өсiмдiкке керек жағдайларды бiрдей етiп ұстаған. Әр-бiр 8 ыдыстағы топырақтың ылғалдылығы толық ылғал сиымдылығынан 5,10,20,30,40,60,80 және 100% деңгейде болған. Тәжiрибе нәтижесiнде ең жоғарғы өнiм топырақ ылғалдылығы 60% (оптимум) болғанда алынса, құрғақ топырақта (минимум) және ол суға толық қаныққанда (максимум) өнiм болмаған. Осы қорытындыны басқада (температура ж.б.) факторлармен жүргiзген тәжiрибе нәтижелерi дәлелдейдi. Сайып келгенде, ең жоғарғы өнiм фактордың оптималды жағдайында, ал оның минималды және максималды болуы өнiмнiң төмендеуiне әкелiп соғатыны айқындалған.
Достарыңызбен бөлісу: |