жылқы, дельфин т.с.с. жануарларды жатқызуға болады. Олардың кейбіреуі өз даму барысында
нақтылы түрде ойлау (жасап - қателесу арқылы) , өз өмір шеңберінде бірдемеге үйрену,
жағалай ортаға ыңғайлы түрде бейімделу мүмкіндіктеріне жетеді. Зоологиялық күшке
негізделген үйірлік өмір сүру түрі дүниеге келеді. Бұл биологиялық өмір сүрі тәсілінің жеткен
ең биік шыңдары еді – оның шеңберінде әрі қарай жетілудің мүмкіндері толығынан сарқылып
біткен болатын.
Енді әрі қарай жетілу үшін әлеуметтік және дүниені идеалды түрде бейнелей алатын сана,
рухтың дүниеге келуі қажет болды. Міне, мұндай мүмкіншілік табиғаттың күрт өзгеруімен
байланысты өмірге келді. Жер бетінде ауа райы өзгеріп, ну ормандар сиреп,
ақырында
маймылдар жер бетіне түсуге мәжбүр болды. Нәтижесінде, олар артқы екі аяғына тұрып,
алдыңғы аяқтарымен жердегі жатқан кепкен бұтақты, тасты т.с.с. алып пайдаланды. Бірте-
бірте маймылдың алғы аяқтары адамның қолына ұқсас бола бастады.
Бұл өзгерудегі шешуші нәрсе – еңбек құралдарын жасап, оларды үне бойы пайдалануда еді.
Өйткені, “бірде-бір маймыл ешқашанда бірде-бір еңбек құралын жасап көрген жоқ”,- дейді
Ф.Энгельс.
Енді теоретикалық тұрғыдан сонау көне заманда болған осы үрдісті талдап көрелік. Ең
қарапайым тасты тасқа ұру арқылы жасалған “ашель кескішін” алсақ, оны жасау үшін ең
қажет нәрсе - оның тұрпайы формасын үне бойы есте сақтау қажеттігі. Екіншіден, өзеннің
жағасында көп жүріп соған ұқсас тасты тауып алу. Содан кейін ол тасты екінші таспен соғып
өңдеуі керек. Ол аса ұқыптылықты талап етіп оның назарын дамытады. Егер ол тасты
ақырындап соқса, ол өңделмейді,
қатты соқса, - қаққа жарылып, бүкіл істелген іс заяға кетеді.
Нәтижесінде, өкінішке ұқсас сезім пайда болады. Енді ол тағы да жаңа тас іздеуге мәжбүр
болады, яғни, оның ырқы қалыптасады. Енді екінші тасты ол аса ұқыптылықпен өңдеп,
ақырында құралды істеп шығарады. Сол сәтте қуаныш, шаттыққа ұқсас сезім оның жүрегін
кернейді.
Егер істелінген зат қисықтау болып шықса, ол ыңғайсыз және еңбек ету барысында тез сынып
қалады. Сондықтан, ол екінші құралды симметриялық тұрғыдан мұқият қарап жасайды – ол
оған үлкен қанағат, қуаныш сезімін әкеледі. Симметриялық форма бірте-бірте оның санасына
кіріп, нәтижесінде, қарағайдың симметриялық бұтақтарын, т.с.с. заттарды көргенде оның
жүрегінде себепсіз тамаша сезім пайда болады. Ол сезім болашақта сұлулық ұғымын тудырып
адамның жан-дүниесінің ажырамас бөлігіне айналады.
Сонымен,
қарап отырсақ, ең тұрпайы еңбек құралын жасаудың өзі адамның сана-сезімін,
назарын, ырқын, керек десеңіз,тіпті оның эстетикалық сезімін оятады екен.
Еңбек құралдарын жасап, бірге еңбек ету барысында, әсіресе, аң аулауда бір-біріне ақпарат
жеткізу қажеттігі пайда болады. Олай болса, тілдің алғашқы формасы – ымдау, дене, қол
қимылы арқылы байланыс жасау дүниеге келеді. Ал сезім толқындары негізінен неше- түрлі
дыбыс арқылы жеткізілді. Соңынан үйірдің ішіндегі аса дарынды пенделер күнбе-күнгі жиі
кездесетін қажетті нәрселерге ат қойып, басқаларды соларға үйретеді. Жер бетінде әр-түрлі
тілдердің пайда болуы, құрылым ерекшеліктері – олардың жағалай қоршаған табиғаттағы
дыбыстарға еліктеуінен пайда болса керек деген ойдамыз.
Адамның санасы мен дене құрылысының өзгеруіне, әсіресе, оның миының өсуіне отты игеріп
пайдалану үлкен әсерін тигізді. Отқа пісіріп жеген тамақ, әсіресе, отқа қақталған ет мидың тез
дамып көлемінің өсуіне әкелді. Екінші жағынан, піскен тамақ жеңіл қорытылғаннан кейін
оның іш-қазаны өзгеріп, жақ сүйегі мен азу тістері де кішірейді. Үшіншіден, үңгірдің іші
отпен жылынып дене үстіндегі жүндердің азайуына әкелді.
Сонымен, еңбек құралдарын жасау және оны пайдаланып еңбек ету – басқалармен бірігіп қана
іске асатынын байқадық. Миллиондаған жылдар бойы үйір – негізгі қауымдасу формасы
болғанын білеміз. Әрине, ол
жартылай биологиялық, жартылай әлеуметтік құбылыс болса
керек. Антропологтардың пайымдауы бойынша, осыдан 40-50 мың жыл бұрын үлкен секіріс
болып - үйір руға айналады, нағыз таза әлеуметтілік
дүниеге келеді. Міне, осы уақыттан бастап қазіргі адам толығынан қалыптасып (кроманьон
адамы), оның жер бетіндегі тарихы басталады. Рудың шеңберінде бұрынғыдай ретке
келтірілмеген жыныс қатынастары жойылады, өйткені, бәрі бір-бірімен қанға негізделген
туыстықта. Егер де алғашқы үйір өз-өзіне жеткілікті құбылыс болса, енді рулардың арасында
жан-жақты қарым-қатынас пайда болады. Оның негізінде болашақ ұрпақтарды жалғастыру
мәселесі жатты: ол үшін “қыз алу, қыз беру” керек болды, құдалық рәсімдер, неше-түрлі әдет-
ғұрыптар тез уақытта пайда болып, қалыптаса бастайды.
Тек рудың шеңберінде ғана нағыз адами махаббат сезімі дүниеге келеді, өйткені, ұнатқан
қызы, я болмаса, жігіті жанында емес, алыста, - басқа руда.
Сондықтан ол оны аңсап, қиял-
арманға шомылады, бір сәт болса да көзінің қиығымен көріп қалғысы келеді, сүйіктісін
дүниедегі ең әсем сұлуға теңеп өз шығармашылық шабытын оятады.
Моральдық қағидалар мен құндылықтар да рудың шеңберінде қалыптаса бастайды. Егер де
үйірдің шеңберінде біреу аяғын сындырып алса, ол өлер еді,- оған ешкім көмектеспейді.
Рудың шеңберінде өзара көмек беру, аяу, жақсы көру, қорғау, қамқорлық көрсету т.с.с.
моральдық құндылықтар мен сезімдер пайда болады.
Үйірдің руға айналуын түсіну - қоғам тану ғылымдарындағы ең қиын мәселелердің бірі.
Уақытында Ф.Энгельс “гносеологиялық тұжырымды” ұсынған болатын. Оның ойынша,
алғашқы адамдардың сана-сәзімі өскен сайын олар қаны жақын адамдардың жыныстық
байланысы жаңа ұрпақтарды әлсірететінін байқап, үйірдің ішіндегі жыныстық қатынастарға
тиым салады. Сол себепті үйір руға айналады. “Тотемдік” және З.Фрейдтің “әкені өлтіру”
тұжырымдары да терең қарағанда гносеологиялық негіздеуге жақын. “Тотемдік” тұжырым
“біздің шыққан тегіміз неде?”,- деген сұраққа жауап беруді талап етеді, ал “әкені өлтіру” де
балалардың арасындағы жақындықты сезінумен байланысты. Бүгінгі таңда біршама
этнографтар мұндай көзқарастарды сынға алады.
Біздің ойымызша, шындыққа жақын “бейбіт өмір қажеттігі” жөніндегі тұжырым болса керек.
Ол және де біршама тарихи деректерге негізделген. Алғашқы үйірлер тұрақталған жерлерде
археологтар бір мәнермен өлтірілген адамдардың сүйектерін табады. Оларды арт жағынан
байқатпай келіп таспен басына ұрып өлтірген. Жүргізілген зерттеулер өлгендердің бәрі де
еркектер екенін көрсетті. Осыдан ғалымдар оның себебін әйелдер үшін талас арқылы
болғанын болжайды. Еркектердің санының азайуы - олар негізінен аңшы болғаннан кейін -
аштыққа, тіпті үйірдің құрып кетуіне әкелетін қатер туғызады. Сондықтан, бейбіт өмір
қажеттігі үйірдің ішіндегі жыныс қатынастарына тиым салуға мәжбүр етіп, нәтижесінде, үйір
руға ауысады.
Міне, қисындық жолмен, кейбір тарихи деректерге сүйене отырып біз адамға ұқсас
маймылдардың (архантроптардың) адамға айналу жолын көрсеткен тәріздіміз. Әрине, көп
нәрселер әлі күңгірт екенін жасыруға болмайды. Мысалы, сонау Зинджантроптан бастап (2
млн. жыл бұрын өмір сүрген, Оңтүстік Африкадан табылған)) Синантроп (қытай адамы),
Явандық (Ява аралынан табылған), Еуропада Гейдельберг, Неандерталь адамымен
Кроманьонға (қазіргі адам) дейінгі уақыттың шеңберінде өмір сүрген көп өтпелі түрлердің
сүйектері әлі табылған жоқ. Дегенмен де, жоғарыда көрсетілген болжамның өміршеңдігіне
сенгіміз келеді.
Достарыңызбен бөлісу: