Жоспар:
1. Онлайн және офлайн оқыту формалары.
2. Чат сабақтары, тестілеу, форум немесе бейнеконференция, электронды тарату, өзіндік жұмыс, Білім сапасын бақылау.
3. Қашықтықтан оқыту әдістері.
4. Қашықтықтан оқытудың педагогикалық технологиялары.
Әлемдік білім-ғылым кеңістігінде қашықтықтан оқыту жүйесі қарқынды түрде дамып келеді. Қашықтықтан оқыту жүйесі – қазіргі таңда оқу-ағарту саласында білім алушының өзін-өзі өсіру мен тұлға ретінде дамытуға мүмкіндік беретін сала. Біздің елімізде қашықтықтан оқыту жүйесі жаңадан қанат жайып келе жатқан білім беру саласындағы инновациялық бағыт болып табылады. Қашықтықтан оқыту саласы бүгін ғана пайда болған оқу үдерісі емес. Қашықтықтан оқыту үдерісі – қазіргі уақытта күннен-күнге дамып келе жатқан жаңа оқу бағдарламасы.
Онлайн оқыту саласының дәстүрлі оқыту жүйесінен өзіндік артықшылықтары бар. Мысалы, білім алушы жеке дара оқи алады, қатып қалған сабақ кестесі бойынша емес, белгіленген уақытта оқи алады. Немесе сабақ кестесін өзіне ыңғайлап құра алады, қалаған кезінде, бос уақытында оқи алады, тілек білдірушілердің – оқығысы келетіндердің бәрінің қол жететін оқу жүйесі, әлеуметтік тараптан алғанда, онлайн білім алушылар өзге күндізгі, кешкі бөлімдей іштей оқитын білім алушылармен бірдей тең құқыққа ие. Сонымен қатар онлайн курстың тыңдаушысы жырақта болса да, өзіне қажетті білім ресурстарын пайдалана алады және де оқытушымен тікелей байланыса алады, оқу барысында түсінбеген сабақтың тұстарына, мазмұнына қатысты сұрақтарын сол сәтте-ақ қоя алады, сабаққа қатысты туындаған өзекті мәселелерді бірлесе отырып шеше алады. Қашықтан оқыту жүйесін онлайн немесе офлайн түрінде ұйымдастыруға болады. Мысалы, қыс кезінде еліміздің кейбір аймағында табиғаттың қаталдығына байланысты және тағы да басқа себептермен орта мектептерде сабақ кейде уақытша үзіліп қалады. Осындай кездерде де сабақты тоқтатпай онлайн не офлайн жүйесімен оқытуға болар еді. Әрине, қашықтықтан оқу үдерісі – мемлекет пен билік тарапынан материалдық-моральдық тұрғыдан қолдауды және білім мекемесінен жағдайға орай ұйымдастыруды қажет ететін оқу жүйесі.
Қашықтықтан оқыту жүйесі басты екі сала бойынша жүзеге асырылады. Онлайн және офлайн жүйелері бойынша оқу бағыты ұйымдастырылады. Енді осы екі оқу жүйесінің өзіндік ерекшеліктеріне тоқталсақ. «Онлайн» термині ағылшын тілінің «to be on line» – желіде болу деген мағынаны білдіретін сөзінен шыққан.
Онлайн оқу үдерісінде жекелеген және жалпы пәндерден білім алумен қатар білім алушы өзінің білімін тереңдете отырып, өзін-өзі өсіру, жеке тұлға ретінде дамыту мүмкіндігіне қол жеткізе алады. Онлайн оқытудың басты ерекшеліктері:
1) оқытудың онлайн форматы,
2) оқудың практикаға бағытталуы,
3) өзіндік ізденіске жетелейтін кеңес-бағдар беруі болып табылады.
Онлайн оқыту жүйесінің дәстүрлі оқыту саласынан өзіндік артықшылықтары да бар. Білім алғысы келген кез келген талапкер жас ерекшелігіне қарамастан өзінің мүмкіндігіне қарай және қалауы бойынша таңдаған пәні, мамандығы бойынша білім ала алады. Онлайн оқытуда адам бойындағы әлдебір ерекшеліктеріне қарамастан шектеусіз білім ала алады. Меңгере алмаған тақырыбын өз қалауынша бірнеше рет қайталап оқиды. Адам қалауына қарай: кез келген уақытта, кез келген жерде оқи алады, ал онлайн сабаққа әрқашан ғаламтор ғана қажет. Арнайы бейімделген сайт ресурсы білім алушының қондырғысының рұқсатымен орналастырылады және сан алуан экрандармен/дисплейлермен ыңғайлы жұмыс істеуді жүзеге асыра алады.
Онлайн оқытуда білім алушы қалай оқитынын өзін шешеді. Жеке дара білім алуға немесе топпен бірге білім алуыңызға болады. Жеке дара оқу жүйесінде оқытушы тек бір ғана тыңдаушымен тікелей жұмыс істейді, оқудың жоспары тек бір ғана адамға арналады, білім алушы ешкімнен де қысылып-қымтырылмай көкейінде туындаған мәселелерді ашық айта алады. Сонымен бірге топта бірлесіп оқу жүйесі де өзіндік артықшылықтарға ие. Мысалы, тыңдаушы басқа білім алушылармен бірге оқи отыра, олармен қарым-қатынасқа түсе алады. Басқа сабаққа қатысушылардың көмегіне жүгіне алады. Бір-біріне көмектесіп, алған білімдерімен алмаса отырып, бір-бірінің білім деңгейін бағалай және өзгелермен өзінің нәтижесін салыстыра алады.
«Офлайн» термині де ағылшындардың «off line» сөзінен шыққан, мағынасы желіден үзілген, автономды деген мағынаны білдіреді. Мысалы, офлайн – перифериялық қондырғы, ол пайдаланушының компьютеріне қосылмаған. Бірақ сайттың қажетті ақпаратын, парағын өз компьютеріне сақтау арқылы, ғаламторға кірмей-ақ, автономды – офлайн жүйеде қолдануға болады. Арнайы офлайн-браузерлер бар, бұндай браузерлер сайтты толығымен жүктеп алуға мүмкіндік береді. Офлайн түрінде оқыту дегеніміз – сабақты алдын-ала жазып дайындап, сайт салып қою. Онлайн жүйесі әрқашан қол астында ғаламтордың болуын қажет етеді. Ғаламтор жоқ жерде оқи алмайды. Офлайнның артықшылығы ғаламтордың үнемі болуын қажет етпейді. Офлайн сабақ алдын-ала дайындалады, сондықтан ұйымдастырудың барлық сәттерін ұтымды ету мүмкіндігіне ие, алайда, кемшілігі байланыс тікелей емес. Бүгінгі білімді студент – ертеңгі білікті маман. Адам өз арманына, таңдаған мамандығына тек біліммен, арнайы кәсіби білім алумен ғана қол жеткізеді. Бұрын арнайы білім ордаларына келіп оқып, дипломды маман болу мүмкіндігіне бәрінің бірдей қолы жете бермейтін еді. Ал енді кез келген адам өз мүмкіндігіне қарай жоғары немесе арнайы орталау білімді оқу орнына қажетті саласына қатысты қашықтықтан оқу үдерісі бойынша арнайы академиялық білім ала алады. Қашықтықтан оқыту саласы – талайдың арманын жүзеге асыруына мол мүмкіндік беретін жаңа бағыттағы оқу жүйесі.
Офлайн оқытудың онлайннан ұтатын ең маңызды тұсы – оқушымен жақын қарым-қатынас орнатып, тікелей сөйлесуге, табиғи байланыс жасауға мүмкіндік бар. Алайда алыста, басқа өлкеде тұратын тәлім алушылар үшін офлайнның қиын болары сөзсіз. Мұндайда оқытушымен байланысу жайлы айтудың өзі артық.
Достарыңызбен бөлісу: |