Ғылыми (тарихи, философиялық, әлеуметтік еңбектер)
Жазба деректерді түрге бөлу кезінде, әсіресе ескеретін нәрсе олардың әлеуметтік фукнциялары, олардың жасалу кезіндегі арналған мақсаты. Дәл осы жағдай деректердің ішкі құрылымына көп ықпал етеді. Сонымен, түрлер деп жазба деректердің ішкі құрылымының бірлігіне негізделген үлкен де тұрақты топтарын айтамыз, Олардың тұрақтылығы ең алдымен әлеуметтік функцияларының ортақтығымен айқындалады. Түр тарихи реальдылықтың жемісі және деректанудың танымдық категориясы ретінде қаралады.
Жазба деректердің мынандай түрлерін атауға болады: жылнамалар, заң актілері, жеке актілері, іс қағаздық құжаттар, жеке адамдық деректер (хаттар, күнделіктер, заманхаттар), әдеби ескерткіштер, публицистикалық және саяси шығармалар, ғылыми еңбектер мерзімді басылымдар. Бұрынғы совет халқының 70 жылдан астам өмірінде өшпес қайғылы із қалдырғандықтан марксизм-ленинизм классиктерінің еңбектері, КОКП-ның құжаттары, партия көсемдерінің еңбектері де жазба деректердің түрі болып табылады.
Дегенмен, жазба деректердің бұл түрлері мәңгі бақи қатып қалған түрлер емес. Кей түрлер біртіндеп дамуы бәсеңдейді және жойылады (жылнамалар), кей түрілер керісінше тез қарқынмен дамиды, сөйтіп түрлер ішінде құжаттар кешенін құрайды. Бір сөзбен айтқанда, түрлер эволюциясы жүріп жатады. Бұл эволюция негігі екі бағытта жүреді:
-біріншісі,түрлер ішінде жаңа топтар мен әр түрліліктердің пайда болуы, бұл деректердің жалпы дифференциялану процесінің, олардың сандық әр алуандылығының өсуінің көрінісі. Мысалы, баспасөздің, мерзімді басылымының пайда болуының алғашқы кезеңінде олар өте әлсіз мамандандырылған болса, ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап салалы мерзімді басылым тез қарқынмен дами бастады. Соңғы жылдары көптеген тәуелсіз газеттер пайда болды.
-екіншісі, тарихтың әр түрлі кезеңінде деректің әлеуметтік функцияларының трансформациялануы. Бұл оның мазмұнының елеулі өзгерістерге ұшырауына әкеліп соғады. Мысалы, мерзімді басылым пайда болған кезінде негізінен ақпарат тарату функциясы атқарса, ХІХ ғасырда идеологиялық қару функциясын атқарып, ал “социализм” кезеңінде баспасөз бүкіл мемлекет көлемінде халықты алдау, жаппай мәңгүрттендіру міндетін атқарады.
Жазба деректердің эволюцияға ұшырауы әр түрлі факторлар кешенінің мақсаты әсер етуімен жүреді:
а)Әлеуметтік-экономикалық формацияның өзгеруі-жазба деректердің түрлік өзгеріске ұшырауының маңызды факторы.
ә)Түрлердің эволюцияға ұшырау процесінде әр түрлі формацияның жеке кезеңдері мен дәуірлері де үлкен роль атқарады, бұл ең алдымен қоғамның әлеуметтік-саяси құрылымының өзгеруіне байланысты.
б)Кейбір түрлердің эволюцияға ұшырауына ірі тарихи оқиғалар, құбылыстар да әсер етеді. Мысалы, қазан төңкерісі, КСРО-ның күйреуі, Қазақстанның тәуелсіздік алуы т.б.
в)Байланыс-қатынас құралдарының дамуына байланысты ғылым мен техника саласында болған ірі жаңалықтар да түрлер эволюциясына әсер етті.
Сонымен, өзінің тарихи даму барысында жазба деректердің әр алуан түрлері үнемі эволюциялық өзгерістерге ұшырап отырады, бірақ ол өзгерістер деректердің формасына және мазмұнына әсер еткенімен, олардың әлеуметтік функцияларын едәуір өзгерістерге ұшыратқанымен, олардың негізгі түрлік ерекшеліктерін сақтайды. Демек, түрлердің өзгеруі –ол табиғи-тарихи процесс.
Соңғы жылдары ғылыми айналымға статистикалық деректер кешенінің, іс-қағаздық құжаттардың көптеп түсуіне байланысты деректерді тағы үлкен екі сыныпқа бөлуге болады деген пікір айтылып жүр. Олар: қайталанбайтын (уникальные) және қайталанатын (массовые) деректер. Қайталанатын деректер статистикалық деректер, іс қағаздық құжаттар, халықтың демографиялық санын алуға немесе соңғы жылдары қоғамдық пікірді анықтау мақсатында кеңінен пайдаланылып жүрген әлеуметтік зерттеу мәліметтері. Ал басқа деректердің бәрін қайталанбайтын деректерге жатқызуға болады. Дегенмен, бұл салада әлі зерттеушілер пікірі толық айқындалған жоқ.
Сонымен қорыта айтқанда, тарихи деректерді типтік сыныптау да, жазба деректерді түрлерге бөлу де зерттеу қажеттілігінен, зерттеушінің деректер теңізінде дұрыс бағыт ұстау мақсатында жүргізіледі.