Жолсапар очеркі. Бұл очерк жанрының ең көне түрі. Ол автор жол-жөнекей көрген-білгенін, кездесулер мен куәсі болған оқиғалардың негізінде жазылады. Автор өзін толғандыратын әлеуметтік – экономикалық, ғылми, мәдени, салттық-саналық мәселелерді ғана іріктеп әңгімелейді.
Суреттеме очерк. Мұнда кейіпкер мен ұжым бейнесін ашатын өмірбаяндық бірер ғана емес, нақты факті алынады. Оны көрсетуге очерк табиғаты суреттеудің очерктік жүйесі қолданылады. Ол болған оқиға, орын алған фактімен оперативті түрде жазылады.
Сондай – ақ қазіргі кезде очерктерде авторлық баяндаудың 3 негізгі түрі бар, оған: 3-ші жақпен автордың әңгімелеуі, баяндауыштың 1-ші жақта,өткен шақта қолданылуы, автордың 1-жақта баяндауы жатады. Олардың синтаксис құрылымы жай сөйлемдерден тұрады. Мұндай баяндау оқиғаны автормен жақсы байланыстырады. Автор бұл жерде оқиғаны жақсы білетін, соған белсене араласқан адам ретінде көрінеді. Бұл баяндау түрінде автордың «мені» айрықша аңғарылып тұрады. Орыс ғаламы Е.И.Журбинаның: «Очерктегі баяндау көбінесе 1-ші жақта болып келеді», - деген сөзі осы баяндаудың екі түрі де авторға өте ыңғайлы екенін дәлелдей түссе керек.
Очерктің басты объектісі – адам, оның өмір сүріп отырған ортасы.Олар туралы жазылған дүниесінде автор түрлі құжат, статистикалық мәлімет, саясат, мәдениет және экономика салалары қайраткерлерінің өмірінен үзінділер, ғылыми шығармалардан цитаталар келтіруге, түрлендіріп, ойнатып пайдалануға мүмкіндігі бар. әр нәрсені жаза отырып – автор қорытынды жасай білуі керек. Қорытынды қайбір журналистің болмасын ойлау қабілетінің идеясының мықтылығын байқататын фактор.
Очерк – көркем- публицистикалық жанр. Оның көркемдік табиғаты оқиға, болмысты бейнелі түрде ойлап суреттеуінде, көбінесе басталуы, ілінісуі, дамуы, шарықтауы, шешілуі бар сюжетке құрылуында, оған қатысты адамды көзге елестетіп, образ жасауында тілі мен стилінің ажарлы болуына байланысты. Очерктің тартымдылығы, эмоциялық күші, елес беріп суреттеуіндегі бояу қанықтығы, автор ой-пікірінің дәлдігі, кейіпкер қасиеттерінің әсерлі берілуі – бәрі де тіл, стильге байланысты. Сондықтан очеркте бейнені, елесті, болмысты әсерлі де дәл жеткізетін тілдік, стильдік құралдар пайдаланылады. Бұл орайда орыстың М.Горкий: «Сөз – күллі фактінің, күллі ой – пікірдің пішіні» деген болатын. Тіл шеберлігі, сөз шеберлігі очеркиске де керек. Газет, журнал очерктерінің тілі әрі көркем, бейнелі, айшықты, сонымен қоса әрі жатық, қарапайым, қалың көпшілікке түсінікті болуы шарт. Газет очеркінің шағын көлеміне орай тілі орамды әрі ықшам болғаны, артық сөздің кездеспегені жақсы.
Жоғарыда айтқанымыздай очеркке, жалпы жазу өнеріне байланысты. М.Горкийдің ұлағатты сөздері өте көп. Газет тілшісі М.Максимовке жазған хатында жазушы: «Диалог аздау, сурет молырақ болсын. Лирика қажет емес, факт жақсы. Бірақ фактіні мүмкіндігінше көркемдеп, өткірлеп беріңіз» , - деген екен. Осыдан-ақ, очерктің әрі қызықты, әрі қиын жанр екеніне көз жеткізу қиын емес.
Егер қазақ очерктерінің тәуір нұсқаларына жүгінсек, табиғат суреті де, кейіпкер портреті де, характер бітімі де , тартыс – қақтығыс, дәлелі де, еңбек адамының жеке – дара сөздері де әр шығармада әр түрлы. Мәселен, С.Мұқанов баяндау тәсілін жиі қолданса, Ғ.Мүсіреповтың очерктерінде тұжырымды ой- түйіндері, шабытты шарықтаулар, шешендік сөздер көп. М.Әуезов табиғпт суреті мен кейіпкер мінезін мүсіндеуге ұста. Ал, Ә.Нұршайықовтың очерктерінде оқиға желісі белгілі бір жүйемен өрбітіліп отырады. Газет очеркі көпірме бос сөзді немесе, әсіресе, қызыл тілді көтермейді. Кейбір очерктер әдемі теңеу, эпитет, метафора, ұтымды диалог, мақал – мәтел қолданудан, халық тілін мол пайдаланудан қашады. Бұл дұрыс емес, қайта бұлар ажар, көрік береді, оны сұранысқа ие етеді, образ мен характерді даралауға көмектеседі.
Кімде-кім жақсы очерк жазамын десе, тілді шебер меңгере білуі, сөздік қорын молайтып, халық тілінің небір асыл қазынасын игеруі керек. Сондықтан, сөйлей білу де өнер дейміз. Себебі, ойлай адам ғана әдемі сөйлей алады. Тіл, стиль шеберлігін Б.Майлиннің, І.Жансүгіровтың, М.Әуезовтың, Ғ.Мүсіреповтың, М.Иманжановтың, Х.Ерғалиевтің және т.б. очерктерінен үйренуге болады. Мәселен, Ғ.Мүсірепов - әңгіме, новелла жанрының шебері ғана емес, көркем очерктің де ұстасы. Ол әрбір сөзді іріктеп, орнымен таңдап қолданады. Сөйлемдер ықшам да ойлы құрылады. Оны мынадай мысалдан айқын байқап, сезінуімізге болады: «Алматының оқтай түзу кең көшелерінде сырғадай тізілген электр шамдарының бір шеті тау шатқалдарына дейін шұбап, бір шеті айналасындағы колхоз шамдарына тоғысып, одан әрі етекті жұлдыздарға араласып кеткен. Бүгін Алматыда шамын сөндірген үйлер өте аз. Терезеден көрінген қызғылт, қызылсары, көгілдір жарықтардан әрбір үйдің, әрбір адамның мерекелі түнін танығандайсың».
Очеркте ресми деректердің, санақ мәліметтердің, цифрлардың келтірілуі заңды. Бірақ, цифрды тізе бермей, сөйлете білуі керек. Көркемдік құралдарымен тігісін жатқызып, желдірте жазған жөн. Цифрды орынсыз қолдану очерктің өңін қашырады. Сондай – ақ, очеркте еріктілікке, фантазияға, қиял қанатына ой қосуға да мүмкіншілік мол. Бұл тұрғыда кезінде М.Горкий: «Очеркист ой қосуға бара алады, бірақ ол ақиқат фактіні бұрмаламайтын болсын, фактіге залалы тимеуі керек», - деген болатын.
Бұл арада айтқанымыз, тіпті, жай фактінің өзін журналистің ой – қиялынсыз жазу мүмкін емес. Фактіні суреттемес бұрын журналист өмірлік фактіден қажеттісін тауып алады, оны жан – жақты зерттейді, оның қоғамдық - әлеуметтік мәнін ойластырады.
Ал, жалпы очеркті газет очеркі, көркем очерк деп бөлу жайына келетін болсақ ондағы айырмашылық мынада: біріншіден, газет очеркінің көлемі шағын, екіншіден, газет очеркі өте оперативті, жедел жазылады. Аса маңызды оқиғаларды, құбылыстарды өмірмен ілесе, қатарласа шапшаң суреттей алады.
Газет очеркінің мақсаты - өмірдің нақты фактілерімен үгіттеу, озаттардың тәжірибесі мен үлгісін көпшілік игілігіне айналдыру.
Бірақ, бұл ерекшеліктер очерктің көркемдік қасиетіне еш нұқсан келтірмейді. Газет очеркі де – көркем-публицистикалық туынды. Сондықтан, жалпы очерк жанрларына қойылатын талап, шарт оған да ортақ.
Бақылау сұрақтары:
1.Очерктің тілдік, стильдік артықшылықтары.
2.Очерктің көркем-публицистік жанр ретіндегі тілдік, стильдік белгілері.
3.Белгілі бір очеркистің тіл қолданыстағы шеберлігі.
Ұсынылатын әдебиеттер:
1. Баялиева Д. Қазіргі қазақ баспасөзіндегі ұлттық, мәдениет, салт-дәстүр және тіл мен стиль мәселелері. Қарағанды, 1999.
2.Әміров Р.Газет тілінде ұсырасатын кейбір сөз тіркестері жөнінде. 114-б.
Тіл мәдениеті және баспасөз. А., 2002.
Достарыңызбен бөлісу: |