29-лекция
Эпистемология
Адамның дүниеге танымдық қатынасының ерекшелігі. Тәжірибеге дейінгі білім. Білім және таным. Білім және сенім. Білімнің құрылымы. Сезімдік және рационалдық таным. Ұғым рационалдық танымның формасы ретінде. Таным және шығармашылық. Шығармашылық және интуиция. Түсіндіру және түсіну. Ақиқат. Ақиқат және адасу. Акиқат теориясы.
Ғылыми танымның спецификасы. Ғылыми білімнің архитектоникасы. ғылыми білімнің динамикасы. Білім-билік. Білім мен билік контаминациясы мәселесі.
Әдіс мәселесі. Танымның негізгі әдістері. Логика және әдіснама ғылыми танымның әдістері. Философиялық әдістер. Рационалдылық феномені. Ғылым және ғылымның институттандану феномені. Ғылым дамуының перспективалары. Ең жаңа ғылыми жетістіктер мен көне ғылымнан тысқары білімдердің параллелизмі туралы дискуссия.
Таным – бұл адамның бейнелеу әрекетінің ерекше түрі. Философия тарихында таным деп адамның дәлелденген білім алу үшін әлемді, ондағы өзін мақсатты түрде бейнелеу аталған. Таным дегеніміз – білім алу үшін шығармашылық ізденіс.
Таным адамның практикалық іс - әрекетінің рухани жағы болып табылады. Ол еңбек құралдары – табиғат жүйесінің аясында іске асады, өйткені, адам еңбек құралдарының көмегімен заттардың мәнін жауып, көлеңкелеп тұратын сыртқы қабығын алып тастауға тырысады. Оны ашып, әлемнің құпиясына үңіледі.
Таным – адам арнайы танымдық мәселе мен есептерді қойып, мақсатты түрде қол жеткізетін ақпараттың жоғарғы деңгейі.
Таным – адамның нақты мақсатына бағытталған және шығармашылық іс - әрекетінің әлеуметтік процесі. Оның нәтижесінде сыртқы әлемнің идеалды образдары қалыптасып, олар туралы білім пайда болады.
Таным теориясы немесе гносеология – таным табиғаты мен оның мүмкіндіктері, шегі туралы мәселені арнайы зерттейтін философия ғылымының бір бөлігі.
Таным теориясы туралы термин философия ғылымына 1854 жылы шотланд философы Дз. Феррерердің еңбектері арқылы енді. Өйткені танымнан тыс білім де, ғылымда да болуы мүмкін емес.
Философия тарихында таным теориясына ерекше мән беріп, оның ерекшеліктерін анықтаған философ Кант.
Таным теориясы этика, эстетика, адам туралы философиялық ілімдермен тығыз байланысты. Дегенмен, ол жалпы философия теориясының дербес бөлімінің ретінде өзінің мағынасын сақтайды.
Философиялық таным теориясының ерекшеліктері оны басқа ғылымдармен салыстырғанда көзге түседі. Таным мәселесін зерттейтін ғылымдардың саны көбейе түсуде.
Қазіргі уақытта танымдық іс - әрекет психологияда, жоғары нерв қызметінің физиологиясында, кибернетикада, формальді логикада, тіл туралы ілімде, семиотикада, структуралық лингвистикада, мәдениет тарихында, ғылым тарихында зерттеледі.
Соңғы жылдары психологияда когнитивтік немесе танымдық психология деген бағыт пайда болды. Ол үшін ең бастысы компьютермен аналогия болып табылады. Негізгі мақсаты – белгілі бір жүйедегі ақпарат ағынының қозғалысын бақылау.
Танымдық психология білімді игеріп, ұйымдастырып, пайдаланудағы танымдық белсенділіктің заңдылықтарын зерттейді. Ойлау психологиясында жасанды интеллект мәселесін зерттейтін бағыт қалыптасты. Жасанды интеллект деп адам бұрын шешіп қойған есептерді электрондық есептегіш машиналар арқылы қайталау үшін жасалынатын программаны дүниеге келтіруді айтады. Автоматтандырылған оқудың дидактикасы пайда болуда. Жасанды интеллект ғылыми, техникалық, көркемдік салаларға де кеңінен ене бастады.
Жасанды интеллект туралы еңбектер психикалық және ақпараттық процестердің өзара қарым – қатынасы, писхикалық және одан тыс жүйелерді бөлектеу, бейорганикалық тасымалдау жүйелерінде жасанды психиканы дүниеге келтірудің мүмкіндіктері туралы мәселелерді қоюда.
Жалпы психология танымдық формалар мен процестерді, түйсіктерді қабылдауды, ес, қиял, ойлауды, сонымен қатар, сенім, көңіл – күй, аффект мәселелерін жеке адамдар мен коллектив арасындағы қарым – қатынас тұрғысынан зерттейді.
Философия да осы аталған мәселелерге көңіл бөледі., бірақ оны басқа ракурста, яғни таным процестерінің объективті болмысқа, ақиқатқа қарым – қатынасы тұрғысынан қарастырады.
Гносеологияның ең негізгі категориясы ақиқат болып табылады. Түйсік, ұғым, интуиция психология үшін индивидтің өмірлік іс - әрекетінің немесе оның тәртібінің психикалық формасы ретінде анықталады, ол философиялық таным теориясында олар ақиқатқа апаратын құрал ретінде зерттеледі. Ақиқат дегеніміз – қоғам, табиғат, құбылыстарының адам санасында объективті көрініс табуы.
Философия таным мәселелерін зерттеуде басқа ғылымдардың жетістіктерін жоққа шығармайды, қайта оған сүйеніп отырады. Таным теориясы философия тарихына, жеке ғылымдардың тарихында баланың ақылы қалыптасуы тарихына, тіл тарихына сүйенеді. Таным – бұл тек ізденіс қана емес, ол, сонымен қатар, білімнің одан әрі дамуы. Таным процесс ретінде субъект пен объектінің өзара қарым – қатынасы. Таным процесінің субъектісі – пенде, әлеуметтік топ, жалпы қоғам – танымдық іс - әрекетті іске асырады, кез келген мақсатты қояды және оны шешеді. Субъектің танымдық белсенділігі танымның объектісіне – жеке зат, материалдық әлемнің бір бөлігі немесе бүкіл әлемге – бағытталған.
Таным өте күрделі процесс, ол ұдайы даму үстінде болып отырады. Ол адамға зат пен құбылыстардың сыртқы, көзге түсер қасиеттері мен қатынастарынан бастап, оның тереңде жатқан ішкі салыстырмалы тұрақты байланыстарына дейін бойлауға мүмкіндік береді, яғни заттың мәнін, ішкі құпиясын меңгеруге жағдай жасайды.
Таным процесі екі сатыдан тұрады: сезімдік және рационалдық таным. Бұл екі саты бірінен кейін бірі болатын жекеленген деңгейлер емес, олар біртұтас таным процесінің екі қарама – қарсы, бірақ бір – бірімен өте тығыз байланысқан жақтары. Әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері де бар. Оны көрнекті етіп көрсету үшін мынадай кестені жасауға болады:
Сезімдік таным Рационалдық таным
1. Тікелей бейнелеу 1. Жанама бейнелеу
2. Сыртқыны бейнелеу 2. Ішкіні бейнелеу
3. Жекені бейнелеу 3. Жалпыны бейнелеу
Бұл кестеде сезімдік танымды сипаттайтын әрбір ережеге қарама – қарсы рационалдық танымға тән ерекшелік көрсетілген. Мұның мәні танымда бір – біріне қарама – қарсы екі процесс өзара әрекеттеседі, оның біреуі шындықты тікелей қабылдаумен, сезімдік образды бейнелеумен, ал екіншісі абстракты ойлаумен тығыз байланысты.
Сезімдік таным – танымның төменгі деңгейі. Адамдар өзінің өмірлік іс - әрекетінде қоршаған ортамен тікелей қатынасқа түседі. Олар заттар мен құбылыстар және адами қатынастар әлемінде өмір сүреді, өзін қоршаған ортада еркін сезіну үшін осы ортаның қисынын түсінуі қажет. Практикалық іс - әрекет процесінде адамдарда түйсіктер, қабылдаулар, елестер қалыптасады. Бірақ сезімдік тәжірибенің аясы тар. Қоршаған ортаны өзгерте отырып, субъект заттың тұңғиығына үңіледі. Оның іс - әрекеті тиімді болуы үшін нысанның сыртқы ерекшеліктерін білуі жеткіліксіз, оған оның ішкі қатынастарын, қасиеттерін, заңдылықтарын да тануы қажет. Сөйтіп, сезімдік тәжірибеге сүйене отырып, оны талдап, жинақтап, соның негізінде абстрактілі ұғымдарды, ғылыми көзқарастарды тудырады.
Сезімдік таным мен абстрактілі ойлау бір – бірімен тарихи және логикалық байланысқан. Сезім мен ақылдың өзара байланысы тіпті терең. Олар бірінсіз бірі бола алмайды. Өйткені, адамның сезімдік образдары ойлы сипатта болады, олар тілмен тікелей байланысты, ал мұның өзі сезімдік образдарда әлеуметтік бағалаудың болуына меңзейді. Сонымен қатар, логикалық ұғымдар, абстракциялар танымда сезімдік тәжірибемен тығыз байланыста қолданылады.
Сезімдік және рационалдық танымның бейнелеу түрі жағынан да бір – бірінен айырмашылықтары бар. Көрнекті етіп айқындау үшін төмендегі кестені ұсынамыз:
Сезімдік таным мен рационалдық танымның бейнелеу түрлері:
1. Түйсік 1. Ұғым
2. Қабылдау 2. Пікір
3. Елес 3. Ой тұжырымы
Субъектің заттармен, құбылыстармен тікелей өзара әрекеттесуі кезінде туындаған сезімдік әсерлері түйсік пен қабылдау деп аталады. Түйсіктер нысандардың жеке қасиеттерін бейнелейді – қызыл, қатты, тәтті т.б.; ал қабылдау – затты, құбылысты толық бейнелеу. Біз оның жеке белгілерін ғана емес, пішінін, көлемін көреміз, иісін сеземіз, дәмін татамыз, яғни затты барлық қасиеттерімен бірге толық қабылдаймыз.
Сезімдік әсерлер ес арқылы да қайталануы мүмкін. Мысалы, ойша Евразия университетін елестетуге болады, немесе жүріп бара жатқан поезды, машинаны елестетуге болады. Бірақ, бұл образ адамның бұрынғы тәжірибесімен тығыз байланыста туындайды. Мұндай образдарды елес деп атаймыз. Елес дегеніміз – дәл осы уақытта тікелей әрекеттеспесе де, қажет уақытында пайда болып отыратын сезімдік бейне.
Шындықтан алған әсерлерінің негізінде адам жаңа сезімдік бейнелер ойлап табуы мүмкін, яғни онда қиялдау қабілеті қалыптасады. Сезім органдарының көмегімен біз заттардың сапалары мен қасиеттерінің көп жақтылығын бейнелейміз.
Сезімдік қабылдау тек нақты затты бейнелейді, ал жалпы затты көрсете алмайды. Мысалы, сезімнің көмегімен заттың құлағанын көруге болады, ал жалпы тартылыс заңын білу үшін ойлаудың күші қажет. Тәжірибеге сүйеніп, тіл құралдарын пайдаланып, адам сезімдік – көрнекті белгілерден бас тарта отырып, абстракциялар құра бастайды. Ойлау дегеніміз - әлемді логикалық абстракциялардың көмегімен тану деген сөз.
Ойлаудың қарапайым түрі ұғым деп аталады. Ұғым дегеніміз – шындықтағы заттардың, құбылыстардың өзара байланыстарын жүйелеп жинақтайтын, қорытатын ой. Яғни, объективті шындықтың өзіндік табиғатын игеру, бейнелеу ұғымдар түрінде іске асады. «Ұғым» сезімнен толық арылған ой жүзінде танылған заттың дүниеде болу тәсілін ішкі қажеттілігінде және сондай құбылыстардың бәріне де міндетті түрде тән жалпылығында идеалдық түрде қайта жасайды.
Ұғымның бастапқы белгісі – танылатын саладағы барлық құбылыстарға тән болудың формасын анықтау.
«Қайың», «ағаш», «өсімдік» ұғымдарын алайық. Бұл ұғымдардың айырмашылығы жинақтаудың, жалпылаудың дәрежесінде тұр. «Ағаш» ұғымы «қайыңнан», кең, ал «өсімдік» ұғымы, «ағаш» ұғымынан кең. Ұғымның жинақтау, жалпылау мүмкіндігінің үдей беруі бір затты екінші заттан айыратын белгілердің сылына беруінде».
«Өсімдік» ұғымында барлық өсімдіктерге тән жалпы белгілер бейнеленген. Ғылыми танымда мұндай ұғымдарды абстрактілі ұғымдар деп атайды, олардың көмегімен заттар бір топтарға бөлінеді, салыстырылады, ұқсастығы, айырмашылықтары анықталады.
Ұғым – жай ғана жалпылау немесе жинақтау емес, ол заттың не құбылыстың дүниеде болу жолын, болу тәсілін анықтайтын іргелі жалпылау.
Ұғымдардың өзара байланысын пікір анықтайды. Пікір – заттар мен құбылыстар туралы айтылатын кез келген сауал, ол бір нәрсені растау не терістеу түрінде болады. пікір құбылыстардың сан алуан байланыстарын көрсетеді. Пікір туралы жан – жақты мәліметтерді логика пәнінен алуға болады.
Ой – тұжырым деп бұрынғы қалыптасқан білімнен жаңа білімнің, бұрынғы белгілі ойдан жаңа ойдың шығуын іске асыратын ойлаудың маңызды формасын айтамыз. Адам ойларының жасампаздық сипаты осы феноменде айқын көрінеді.
Ойдан ой туады – деген пікір бекер айтылмаса керек. Белгілі білімдерден белгісіз білімдер ой тұжырымы арқылы өрбіп отырған.
Ой – тұжырымы «үш түрлі білімдерден немесе ойлардан құралады: бастама ой (посылка), яғни түйіннің (заключение) шығатын көзі, туындаған (туатын) ой (выводное знание), яғни бастама ойдан шығатын өсудің мүмкіндігін көрсететін ой не білім».
Ой – тұжырымы екі немесе одан да көп бірнеше пікірлердің байланысын білдіреді. Қарапайым ой тұжырымының мысалы: «Адам ақылды жан. Сондықтан ол дүниені тани алады».
Сөйтіп, біз адам танымының ішкі жүйелік құрылымы туралы жалпы мағлұматтар алдық. Таным – адамның ажырамас, тылсым қасиеттерінің бірі. Өйткені көрсем, білсем деген ниет оны өзі дамыған сайын мазалай береді. Осындай мазасыздық, тынымсыз іздену, ұдайы қарману адам баласын жетілдіре түседі, жетілген сайын таным көкжиегін кеңейте, ұлғайта береді.
Интуиция дегеніміз – адамның зерттеу нысанын тікелей, бірден толық тану мүмкіндігі. Таным объектісін зерттеу немесе анықтау процесінде адамның оның мәнін, заңдылығын кенеттен тани кетуі.
Интуиция – ерекше қабілет, оны дәстүрлі тәсідермен түсіндіру қиын.
30-лекция
Глобалдық мәселелер философиясы
Глобалдық мәселелер және олардың пайда болуының себептері. Экологиялық апат қаупі және оны жеңудің негізгі сценарийлерінің философиялық мағынасы. Глобалдану, глобализм және антиглобализм тарихтың қазіргі ұйғарым-талабы ретінде. Глобалдық модельдеу «Римдік клубтың» негізгі мәселесі ретінде. Глобалдық мәселелерді зерттеудің негізгі бағыттары. Футурологиялық мәселдеменің қалыптасуы. Өршіп келе жатқан экологиялық дағдарыс мәселесінің көпшілікке жайылуы. «Римдік клубтың» философиялық ізденістері. Глобалдық сана қалыптасуы мәселесі
Философияның негізгі сұрағы ойлаудың болмысқа қатынасын іздестіреді.
Материя мен сана болмыстың бір – бірімен байланысқан, бір – біріне қарама – қарсы екі жағы. Сондықтан да философияның негізгі сұрағының екі жағы бар. Оның онтологиялық қыры материя бірінші ме, жоқ әлде сана бірінші ме? деген сұраққа жауап іздейді.
Философияның негізгі сұрағының танымдық қыры дүниені тануға бола ма, болмай ма деген сұрақты қарастырады.
Осы сұрақтарға жауап беру қисынына байланысты негізгі бағыттар – материализм және идеализм, рационализм және эмпиризм қалыптасады.
Философияның негізгі сұрағының онтологиялық қырына жауап беруіне байланысты объективті идеализм, субъективті идеализм, материализм, тұрпайы материализм, дуализм, деизм, ал гносеологиялық қырына жауап беруіне байланысты гностицизм , агностицизм, эмпиризм, рационализм бағыттары қалыптасады.
Материализм (әдебиетте оны Демокриттің бағыты деп атайды) – материя бірінші, ал сана екінші деп есептейтін философиялық бағыт. Оның негізгі ұстанымдары мынадай:
-
материя нақты өмір сүреді;
-
материя адамның санасынан тыс өмір сүреді;
-
материя өзінен басқа ешнәрсеге бағынбайтын, дербес өмір сүретін реалдылықты бейнелейтін философиялық ұғым;
-
материя өз еркімен дамиды және өзіндік заңдарына бағынады;
-
сана жоғары ұйымдастырылған материяның қасиеті;
-
сана материямен қатар қоюға болатын дербес субстанция емес;
-
сана материя, яғни болмыспен анықталады.
Материалистік бағыттың көрнекті өкілдері Демокрит, Фалес, Анаксимандр, Анаксимен, Эпикур, Бэкон, Локк, Спиноза, Дидро, Француз материалистері, Герцен, Чернышевский, Маркс, Энгельс, Ленин болып табылады.
Материализмнің күшті жағы – ғылымға, әсіресе, физика, математика, химия сияқты іргелі білім салаларына сүйенуі, көптеген ұстанымдарының толық дәлелденуі.
Материализмнің әлсіз жағы – сананың мәнін жеткілікті түсіндіре алмуы, сонымен қатар, объективті әлемнің әлі де сипатталмаған, анықталмаған қасиеттерінің болуы.
Фохт, Молешотт негіздеген тұрпайы материализм материяның маңызын біржақты абсолютке айналдырады, сананы, оның ерекшеліктерін түсіндіруге тырыспайды.
Материализм Грецияда, XVII ғасырдағы Англияда, XVIII ғасырда Францияда, XX ғасырда СССРда, социалистік елдерде ерекше дамыды.
2. Идеализм – сананы, идеяны, рухты алғашқы, ал материя оның туындысы деп есептейтін философиялық бағыт. Оның өзі екі түрге бөлінеді.
- объективті идеализм (Платон, Лейбниц, Гегель);
- субъективті идеализм (Беркли, Юм).
Объективті идеализмнің негізін Платон қалаған. Оның іргелі ұстанымдары
-
шын мәнінде идея өмір сүреді;
-
идея алғашқы;
-
барлық шындық идеялар әлеміне және заттар әлеміне бөлінеді;
-
идеялар әлемі о бастан – ақ әлемдік ақылда, яғни Құдайдың жобасында өмір сүреді;
-
заттар әлемі жеке, дербес өмір сүре алмайды, ол идеялар әлемінің түлеуі, іске асуы;
-
әрбір жеке зат жалпы идеяның іске асуы, мысалы, үй – үй идеясының, кеме – кеме идеясының жүзеге асуы;
-
таза идеяның нақты бір затқа айналуында Жаратушы – Құдай үлкен роль атқарады;
-
жеке идеялар біздің санамыздан тыс объективті өмір сүреді.
Субъективті идеалистер (Беркли, Юм) ұстанымдары мынадай:
-
барлық нәрсе тек дүниені танитын субъектің, яғни адамның санасында өмір сүреді;
-
идеялар адамның ақылында;
-
материалды заттардың бейнелері де адамның ақылында;
-
жеке адамның санасынсыз материя да, рух та, идея да болуы мүмкін емес.
Идеализмнің әлсіз жағы – таза идеялар әлемінің болмысы мен олардың нақты заттарға құбылыстарға айналу процесінің қисынды дәлелдерінің болмауы. Идеализм философиялық бағыт ретінде көне Грецияда, орта ғасырларда, батыс Европаның басқа да елдерінде кеңінен тараған.
XIX – XX ғасырда қалыптасып, кеңінен тараған ықпалды философиялық ілімдер экзистенциализм, неопозитивизм, неотомизм, прагматизм, феноменология, постмодернизм, герменевтика идеалистік бағытқа жатады. Мұның өзі идеалистік бағыттың зерттеу нысандары мен ізденіс аясының кеңдігін әдлелдейді.
Соңғы кездері эзотериялық философия деген айдармен шығып жүрген теософия, храм ілімі, жанды этика ілімдері де идеализмге жатады.
Дуализм философиялық бағыт ретінде Декарт шығармашылығында негізделді.
Оның мәні мынада:
-
бір –біріне бағынбайтын дербес екі субстанция бар; бірі – материалдық бастау, екіншісі – рухани бастау;
-
әлемдегі материалдық заттар материалдық бастаудан, ал рухани құбылыстар рухани бастаудан туындайды;
-
адамда материалдық және рухани бастау біріккен;
-
материя мен сана біртұтас болмыстың бір – біріне қарама – қарсы, бірақ өзара тығыз байланысқан қырлары;
-
материя мен сана бірін – бірі өзара толықтыратын болғандықтан философияның негізгі сұрағы жоқ.
Деизм – Құдай дүниені қозғалысқа келтірген, жаратқан бастау, сонан кейін оның дамуына тікелей араласпайды деп есептейтін философиялық бағыт. Ол біртұтас емес, оған материалисті де, идеалисті де жатқызуға болады. Деизмді Англияда Ньютон, Локк, Толанд, АҚШ-та Франклин, Джефферсон, Францияда – Руссо мен Вольтер, Ресейде Ломоносов, Радищев, Қазақстанда Абай мен Ы.Алтынсарин жақтады.
Философияның негізгі сұрағының екінші жағын шешу барысында эмпиризм мен рационализм пісіп – жетілді. Эмпиризмнің негізін Ф.Бэкон қалады. Оның пікірінше, танымның негізінде тәжірибе мен сезімдік түйсіктер жатыр. Рационализмді дамытқан Р.Декарт. Оның негізгі идеясы – шынайы дәлелденген білім ақылдың көмегімен ғана қалыптаса алады, ол сезімдік тәжірибеге бағынышты емес.
Біріншіден, шын мәнінде бәріне күмәндану ғана бар, ал күмән – ой, ақылдың іс - әрекеті. Екіншіден, ақылға түсінікті ақиқаттар ғана бар. Мысалы «Бүгін оның бөлшегінен әруақытта үлкен».
Ерекше бағыт ретінде иррационализмді бөліп көрсетуге болады. Оның өкілдері (Ницше, Шопенгауэр) әлем шым – шытырық, оның біртұтас қисыны жоқ, оны ақылмен ешқашан тануға болмайды деп есептейді.
Гностицизмнің өкілдері әлемді тануға болады, таным мүмкіндіктері шексіз деген ойды жақтайды. Бұған қарама – қарсы пікірді агностиктер білдіреді. Олардың ойынша, әлемді толық тануға болмайды, танымның мүмкіндіктері шектеулі. Агностицизмнің көрнекті өкілі - Иммануил Кант.
Қазіргі уақытта, философтардың мыңдаған жылдарды қамтитын тәжірибесіне қарамастан, философияның негізгі сұрағы әлі де өзінің шешімін тапқан жоқ. Тіпті соңғы кезде өзінің маңыздылығын жоғалта бастады десек те болады.
Ясперс, Хайдеггер, Камю, тағы да басқа философтар болашақта философияның негізгі сұрағы ретінде экзистенциалдық мәселелерді қарастыруға болады деген болжам ұсынды. Мұның негізі бар.
Жаһандану дәуірінің адамы үшін әлемді игеру, өмір сүрудің мәні мен мағынасы, рухани әлемді игеру, таңдау еркіндігі, қоғам мен тұлға қарым – қатынасы мәселері маңызды екені даусыз нәрсе.
4. Пәннің методикалық жағынан қамтамасыз етілуі.
4.1. Оқулықтар, оқу құралдары, анықтамалар
Негізгі оқулықтар:
-
Құдайбердiұлы Ш.
Үш анық. / Құдайбердiұлы Ш. - Алматы : Қазақстан "Ғақлия" ғылыми-әдеби орталығы, 1991. - 80 с. - (Қаз ССР Ғылым акад.,М.О.Әуезов атын.Әдебиет және өнер ин-ты)
-
Қазақ халқының философиялық мұрасы : жиырма томдық / Ғылыми ред. Ә.Нысанбаев. - Астана : Аударма. - 2006
16-ші том : Фарабитану. - 440 с. - ("Мәдени мұра")
-
Қазақ халқының философиялық мұрасы : Жиырма томдық. - Астана : Аударма. - 2005
2-ші том : Әл-Фараби философиясы. - 480 с. - ("Мәдени мұра")
-
Қазақ халқының философиялық мұрасы : жиырма томдық. - Астана : Аударма. - 2005
3-ші том : Әл-Фараби философиясы. - 496 с. - ("Мәдени мұра")
-
Қазақ халқының философиялық мұрасы : жиырма томдық. - Астана : Аударма. - 2005
4-ші том : Ислам философиясы. - 534 с
-
Қазақ халқының философиялық мұрасы : жиырма томдық. - Астана : Аударма. - 2005
5-ші том : Орта ғасырдағы түркі ойшылдары. - 528 с. - ("Мәдени мұра")
-
Әл-Фараби
Әлеуметтiк-этикалық трактаттары / Әл-Фараби. - Алматы : Ғылым, 1975. - 419 с. - (Каз.ССР Ғылым Академиясы.Философия және право институты)
-
Әл-Фараби
Философиялық трактаттар / Әл-Фараби- Алматы : Ғылым, 1973. - 446 с
-
Әлемдік философиялық мұра : Жиырма томдық. - Алматы : Жазушы. - 2005
1-ші том. : Ежелгі шығыс философиясы. - 560 с. - («Мәдени мұра»)
-
Әлемдік философиялық мұра : жиырма томдық. - Алматы : Жазушы. - 2006
11-ші том : Өмір сұру философиясы. - 512 с
-
Әлемдік философиялық мұра : жиырма томдық. - Алматы : Жазушы. - 2006
12-ші том : Орыс философиясы. - 568 с
-
Әлемдік философиялық мұра : жиырма томдық. - Алматы : Жазушы. - 2006
13-ші том : Классикалық емес батыс философиясы. - 528 с
-
Әлемдік философиялық мұра : жиырма томдық. - Алматы : Жазушы. - 2005
2-ші том : Антикалық философия. - 568 с. - («Мәдени мұра»)
-
Әлемдік философиялық мұра : жиырма томдық. - Алматы : Жазушы. - 2005
3-ші том : Аристотель философиясы. - 568 с. - («Мәдени мұра»)
-
Әлемдік философиялық мұра : жиырма томдық. - Алматы : Жазушы. - 2005
4-ші : Әл-Фараби мен Ибн-Сина философиясы. - 568 с. - («Мәдени мұра»)
-
Әлемдік философиялық мұра : жиырма томдық. - Алматы : Жазушы. - 2005
5-ші том : Ортағасырлық діни философия. - 560 с. - («Мәдени мұра»)
-
Әлемдік философиялық мұра : жиырма томдық. - Алматы : Жазушы. - 2006
9-ші том : Өмір философиясы. - 464 с
-
Әлемдік философиялық мұра : жиырма томдық. - Алматы : Жазушы. - 2006
Т.10 : Ғылым мен техниканың батыстық философиясы. - 560 с. - («Мәдени мұра»)
-
Әлемдік философиялық мұра : жиырма томдық. - Алматы : Жазушы
Т.14 : Ашық қоғам философиясы. - 528 с. - («Мәдени мұра»)
-
Әлемдік философиялық мұра : жиырма томдық. - Алматы : Жазушы. - 2007
Т.15 : Постмодерн философиясы. - 464 с. - («Мәдени мұра»)
-
Әлемдік философиялық мұра : жиырма томдық. - Алматы : Жазушы. - 2006
Т.6 : Жаңа дәуір философиясы. - 512 с. - («Мәдени мұра»)
-
Әлемдік философиялық мұра : жиырма томдық. - Алматы : Жазушы. - 2006
Т.7 : Жаңа дәуірдегі француз философиясы. - 560 с. - («Мәдени мұра»)
-
Әлемдік философиялық мұра : жиырма томдық. - Алматы : Жазушы. - 2006
Т.8 : Кант және Гегель философиясы. - 520 с. - («Мәдени мұра»)
Қосымша әдебиеттер:
-
Ғабитов Т.
Философия [Электронный ресурс] / Т. Ғабитов. - Электрон. текстовые дан. ( 10,2 мб). - [б. м.] : [б. и.], 2003 эл. опт. диск (CD-ROM). (Шифр -572647)
Достарыңызбен бөлісу: |