2. Полеолит, мезолит және неолит өнері
Тас дәуірінің алғашқы кезеңі полеолит заманында, адамдар өнердің алғашқы нышандарын тудырып қана қоймай, оны ары қарай дамытты. Алғашқы айқұш-ұйқыш ретсіз сызық белгілерден бастап, сан түрлі аңдардың, тіпті адамдардың нобайына дейін бейнелейтін дәрежеге көтерілді. Палеолит дәуіріндегі өнердің бір топ үлгісі Испанияның атақты Альтамира үңгірінен табылды. Үңгірде ертедегі адамдар салған көптеген аңдардың негізінен қодастың, жылқының, қабанның әр түрлі қимыл-қозғалыстағы кейіптері шеберлікпен кескінделген. Адамдар өздерімен күнделікті кездесіп жүрген жабайы аңдарды жете зерттегені сондай олардың ерекше қасиеттерін, жүріс-тұрысын өзгеріс үстіндегі қас-қағым сәттік кейпін дөп басып, айнытпай бере білген. Түрлі-түсті табиғи бояулармен салынған бұл суреттер өзінің шынайылығымен, аңдардың дене бітімінің пропорциялық дәлділігімен бейнелеген. Сондай суреттің бірі- Альтамира үңгіріндегі қодастың кескіні. Мұнда аң бейнесі ширыққан қимыл-қозғалысты, әсем ырғақты сызық толқындарымен жоғары профессионалдық деңгейде салынған. Палеолит адамдары осындай шебер суретші бола тұра композициялық құрылымға келгенде қарабайыр, ретсіз шашырандылыққа ұрынған. Өйткені олардың санасында белгілі бір заңдылыққа негізделген ережемен бейнелеу, айнала кеңістіктің кескінделген аңдармен байланысын беру қолданылмаған, бар ниеті тіршіліктегі ең басты қарсыласы жабайы аңдардың болмыс-бітімін, мінез даралығын тереңірек білу болатын. Сондықтан да олардың суретін аса бір зейінділікпен шұқшия зерттеп, кескіндеуді шебер меңгере білген.
Алғашқы қауымдық құрылыс кезеңіндегі адамдарының өнерін зерттеу барысында олардың шығармаларынан тек аңдарға баса көңіл бөлу қатты байқалады, сол себептен де болар тасқа таңбаланған суреттерден адам кескіні өте сирек кездеседі. Кездескен суреттердің ішінде, әсіресе мүсін кейіптері көп кездеседі. Сондай мүсіннің бірі «Костенки венерасы». Мүсінде ертедегі адам жалпылама қарабайыр сомдалып, ешқандай дене мүшелерін анық көрсетпей, абстрактілі түрде бейнеленген. Ал екінші бір мүсін «Савиньяно венерасы» мүсіншесінде әйел бейнесі, оның әйелге тән нәзіктеу дене бітімі, қимыл-қозғалысы әсерлі сомдалуы, «Костенки венерасы» мүсінінен ерекшеленіп тұр. Бірақ шыншыл бейнелеуге жақындағанымен, шарттылық нышаны мұнда да сезіледі. Оны мүсіншенің басы мен аяқ-қолдарының сомдалуынан байқауға болады. Сонымен қатар палеолит әйел мүсіндерінің сомдау ерекшеліктеріне ойлана, тереңдей үңілер болсақ олардың белгілі бір діни наным бойынша немесе табыну символы ретінде жасалған. Сол кезеңдегі мүсіндердің дені- әйел кейіптері, сондықтан да алғашқы қауымдық құрылыста белді қоғам басқарушысы әйелдер болды деген негіз бар. Екінші бір негіз- әйел қоғамның басқарушысы ғана емес, сонымен бірге ошақ басының қамқоршысы, ұрпақ жаюшы ретінде көрініс береді, оны сол артықшылықтары адам табынарлықтай құдай кейпіне дейін көтерген. Сол себептен де олардың бет-әлпетін бейнелеуге суретшілердің дәрменсіздік танытып, батылы бармаған.
Палеолит дәуірінің аяққы кезеңі мен неолит дәуірінде жартас суреттері кең етек жайды.Бұындары тек жабайы хайуанаттарды ғана бейнелеп келсе, енді белгілі бір кіші-гірім тақырыптарға құрылған адамдар мен аңның қарым- қатынасын көрсететін суреттер пайда бола бастады. Суреттер бұрынғыдай тәптіштелініп, оның табиғи қалпында салынбай, тәсімді түрде бейнелеу өмірге келді. Бұл әдіс адамға айналадағы күнделікті құбылысты, қоғамдық қақтығыстарды қарапайым тәсімдік әдіспен тез бейнелеп отыруға құлшындырды.
Жан-жануарлардың, адамның тәсімдік абстракциялы бейнелері адамзатқа ой салып, оның қиял-ғажайып сана-сезімін өсіріп, жаңадан тың бейнелер тудыруға, пиктограммалық жазудың (әр түрлі нышандармен (суреттермен) бейнелеп ойды жеткізу) пайда болуына үлкен әсерін тигізді.
Осындай өнердің пайда болуы арқасында адам ауқымды ойлауға икемделініп, өмірді саналылықпен тұжырымдауға барынша батыл бет бұрды. Бұрынғыдай көргенін бұлжытпай көшіре салмай, терең ойлы философиялық тұрғыда кескіндеу кең құлаш жайды. Соның арқасында өнерлі сана-сезім философиялық оймен байтылып, түйіні қиын өнер белгі тәсімді немесе ою-өрнекті бейнелеу пайда болды.
Егер бұрынғы (палеолит дәуірі өнерінде) адамдар қалдырған өнер белгілерінде олардың айтар ойын бір көргенде тез табатын болсақ, кейінгі неолит дәуірі өнерінің алдында біраз ойланып-толғануға тура келеді. Осы кезеңдегі суреттер өзінің тақырыбының сан алуандылығымен адам назарын өзіне аударады. Жартасқа таңбаланған кейбір суреттерде сол заманның қоғамдық құрылысын, тайпа аралық алапат соғыстарын тамашалауға, сол арқылы тарих тереңіне байыпты үңіліп, көз алдыңа елестетуге болады.
Осындай қарапайым да тәсімдік стилизациялы бейнелеу өнерінің өркендеуіне үлкен серпіліс туғызды. Өнерге деген ойдың ұшталуына септігін тигізіп, қолдың ырғақты иірім-сызықтарына деген икемділігін тез қалыптастырды. Тәсімдік суреттерден туындаған ою-өрнек нақышты өнердің дамуына жол ашты. Түрлі тәсімді суреттер нақты белгіге, одан пиктограммалық әріптерге айналды. Осы кезеңде өнер үш-төрт салаға бөлініп, өзіндік бет-бейнесін қалыптастырды. Алғаш рет саз балшықтан қыш кеселер жасалып, олардың жиектері, қабырғалары түрлі белгілермен (нүкте,сызық,т.б.) өрнектермен көркемделетін болды. Енді өнер тек қызықтайтын жартастағы сурет қана емес, адам қажетіне жарайтын заттардың әсемдік әрін беретін қажеттілікке айналды.
Таяу уақытқа дейін алғашқы қауымдық өнердегі бейнелеу формаларының эволюциясына қарама-қарсы екі көзқарас болып келді: бірінші көзқарас бойынша оның бастапқы қайнар бұлағы үңгірлердегі натуралистік кескіндеме мен мүсін деп есептелінсе, екінші көзқарас бойынша –палеолиттік өнерде кең орын алған схемалық таңбалар, геометриялық шартты формалар деп саналды. Палеолиттік үңгірлердің қабырғаларындағы нағыз ежелгі суреттердің қатарына натуралистік суреттерді де-адам қолының дымқыл саз балшыққа түсірілген таңбаларын және тағы да сол саз балшыққа қолмен жөн-жосықсыз сызғылап түсірген айқыш-ұйқыш ирек сызықтарды – «макарондар» мен «меандрлерге» жатқызуға болады, бұл суреттер осы дәуірде салынған. Нағыз ежелгі мүсіндемелердің бірі-франциядан табылған әйелдің кеуде мүсінінің фрагменті қарапайым-реалистік стильде жасалып, қысқа-қысқа қатарласқан штрихтардан тұратын схемалық өрнектермен әшекейленген. Палеолиттік әйел бейнелерінің бәріне дерлік ортақ форма белгілерін дененің жеке мүшелерін бет әлпеті мен аяқ табандарының жоқтығы, бұл арада таза стильдік ортақтық айқын байқалады. Бүкіл палеолиттік мүсін тас пен сүйектен жасала тұрса да, бұл мәнерге ұқсас мәнерді тек Мексиканың архайкалық саз балшық мүсінінен ғана кездестіруге болады. Бұдан жиырма бес мың жылдан астам уақыт бұрын сөнген ошақтағы оттың орнынан, тас, сүйек құралдардың арасынан, адамзат мәдениетінің тарихында бірінші рет керамикалық бұйымдар табылды, олардың ішінде палеолиттік «венералар» стилінде жасалған әйел бейнелері де бар. Палеолиттік әйел бейнелерінің басым көпшілігінің өзіндік ерекшелігі жоқ, мұнда нақтылы бір натураны қаз-қалпында бейнелеуде емес, ошақ басының қамқоршысы, ұрпақ жаюшы ана-әйелдің жиынтық образын жасауда болған. Палеолиттік аңшылар адамның бет-жүзін барлық детальдарымен шебер бейнелеп қана қоймай, сонымен бірге оған едәуір даралық сипат та бере білген. Мысалы; мамонттың сүйегінен ойып жасалған еркек адамның басы: онда сопақтау келген бет пішін, мұрынның, екі көздің, ауыздың өзіне тән формалары айқын көрінеді.
Соңғы мұздық дәуірден кейінгі дәуірдің бас кезінде Европаның өсімдік және жануарлар дүниесінде елеулі өзгерістер болды. Адамдар теңіз жағалауына жақын жерлерге, өзендер мен көлдердің жағалауларында мекендеді. Палеолит дәуірінде негізгі назар жануарларға аударылса, мұнда басты тұлға-адам. Егер палеолиттік дәуірден қалған үңгірлердегі суреттер бір-бірімен байланысы жоқ жеке пішіндер болса, жартастағы суреттер мезолит аңшыларының өмірінен алынған әр-түрлі эпизодттарды бейнелейтін, көп пішінді композициялар басым. Бірақ жалпы алғанда мұнда петроглифтер өте сирек кездеседі. Мұның себебі: суреттің бұл әдісі шығыс испандық өнердің ширақтық, динамикалық сипатына сәйкес келмеген. Осы себептен суреттердің мөлшері де біршама шағын болған. Жанурлардың пішіндері 75 см. Жетеді, ал адамдар одан да кіші. Оның есесіне композициялардың жалпы аумағы үлкен, пішіндерінің саны көп. Суреттердің саны мен сапасы жағынан аңшылық көріністері негізгі орын алады.
Неолит дәуіріндегі және одан көп кейінірек уақыттағы жартас өнерінің ескерткіштері барлық жерден кездеседі. Неолиттің, қола дәуірінің және темір дәуірінің бас кезінің схемалық бейнелері Испания мен Португалияның жартастарына да қашап түсірілген; ондай бейнелер Англия мен Германиядағы Италия мен Скандинавиядағы бейіттердің тас блоктарын да безендіріп тұр.
Тұтас алғанда неолиттік өнер өмір шындығынан барған сайын алыстап, жаңа анималистік ұғымдарды бейнелейтін символдарды абстрактілі әлеміне бата берсе, әйел образын жасауда шынайы формалармен байланыс еш уақытта ақырына дейін үзілмеген.
Бақылау сұрақтары:
Тас дәуірі қанша кезеңге бөлінеді?
Тас дәуіріндегі үңгірлер жазбасындағы басты бейнелер кімдер болды?
Мезолит жартастағы бейнелерінің палеолит бейнесінен айырмашылығы неде?
Тас дәуірінің қай кезеңінде схемалық және шарттық жартас бейнелері бекітілген?
Меголистік ғимараттар тас дәуірінің қай кезеңінде пайда болған?
Полеолиттік «венералар» стилінде жасалған әйел бейнелері
№ 3. Лекция сабағының тақырыбы: Еуразия көшпенділерінің өнері. Аң стилі.
Достарыңызбен бөлісу: |