Қазіргі қоғамдық өмірде «саясат» ұғымы мына мәндерге ие болады:
1-ші, мемлекеттің, мемлекеттік ұйымдардың ірі әлеуметтік топтар арасындағы қоғамдық қатынастарды реттеу қызметтері: әлеуметтік, этникалық, кәсіби, жыныстық, т.б.
2-ші, азаматтардың қатысуы, мемлекеттік биліктің қалыптасуы мен қызмет етуі, мемлекеттік құрылыстың формасын анықтау, қоғамды басқару, билік ықпал етуінің тиімді әдістері мен құралдарын анықтау, билік пен оның шешімдерінің легитимділігін мойындау.
3-ші, барлық мемлекеттік билік шешімдері, олардың қоғамдық өмірдің барлық салаларына ықпалы, саяси ықпал етудің тиімділігі.
4-ші, басқару өнері, өз еркі мен мақсатына жету, ол үшін барлық ресурстарды жұмылдыру, билік өкілеттілігін пайдалана білу, оны жүзеге асырудың тиімді күштері мен құралдарын анықтау, үстемдік ету мәдениеті. Билікке қысым жасау өнері.
Саясаттың атқаратын қызметтерi:
қоғамның жалпы мақсатын анықтау;
қоғамның тұтастығы мен тұрақтылығын сақтау,
қоғамдағы қатынастарды реттеу мен бөлу;
шешiмдер қабылдау.
Саясаттың обьектiсi – қоғам болып есептеледi. Саясаттың субьектiсi – қоғамдағы үлкен әлеуметтiк топтар, (таптар, ұлттар, ұлыстар) мемлекет, партиялар, жеке адам. Сонымен, саясаттың қарастыратын басты мәселелерiнiң бiрi – саяси қатынас мәселесi. Саяси қатынас – мемлекеттiк билiк жөнiндегi қатынас.
Саясат пен экономиканың бiр-бiрiне ықпалын айтсақ, мұнда анықтаушы рөлдi экономика атқарады, себебi ол саясаттың материалдық негiзi болып есептелiнедi. Саясаттың мақсаттары мен мiндеттерi – нақтылы экономикалық, әлеуметтiк факторлар мен заңдылықтарға негiзделiнiп жасалынады. Демек, саясат экономика заңдарын қатаң сақтауы және оған бағынуы тиiс. Сондықтан В.И. Ленин саясатты экономиканың жинақталған көрiнiсi деп атаған.
Саясатқа ықпал ететiн факторлар қатарына: мәдени, тарихи, ұлттық салт-дәстүр, әлеуметтiк-психологиялық, географиялық, демографиялық ахуалдар жатады.
Саясат ұғымы саясаттанудағы басты зерттеу мәселесi. Саясат ұғымы күнделiктi өмiрде, ғылымда әр түрлi тұжырымдалынады. Мәселен, О.Шпенглер «саясат жоғары мәнде өмiр, ал өмiр дегенiмiз саясат» - деп жазады. К.Маркс пiкiрiнше «саясаттың барлық сиқыры мемлекеттiк билiкке таптардың қатынасында». В.И.Ленин «саясат мемлекет iсiне қатысу, мемлекет бағыты, мемлекеттiк қызметтiң формасын, мiндеттерiн, мазмұнын анықтау» - деп есептеген. Белгiлi немiс социологы М.Вебер «саясат билiкке қатынасуға талпынысты немесе билiктi бөлуге ықпалды бiлдiредi, ол мемлекеттер арасында, мемлекеттiң өз iшiнде, адамдар топтары арасында болуы мүмкiн» - деп айтады.
Кейбiр ғалымдар саясатты азаматтық келiсiмге қол жеткiзуге бағытталған қызмет деп есептейдi. Мәселен, Платон «саясат бiрге өмiр сүру өнерi» деген пiкiрдi айтады.
Саясаттану классиктерi Г.Лассуэлл, А.Каплан «Күш және қоғам» атты еңбектерiнде саясат билiктiң қалыптасуы мен көлемiне байланысты деп жазды.
Сонымен, саясат ұғымын мемлекеттi басқару ғылымы, мемлекет мақсаты туралы ғылым, бiрге өмiр сүру өнерi, билiк және оны сақтау үшiн күрес деп түсiнемiз. Мұнда саясатты талдауда екi феномендi есепке алу керек: билiк және мемлекет.
Саясат дегенiмiз қоғамдағы үлкен әлеуметтiк таптар мен топтар, ұлттар мен ұлыстар, олар мен мемлекет арасындағы қарым-қатынас барысындағы олардың өз мүдделерiн қорғауға, iске асыруға, саяси билiктi жеңiп алуға, сақтап қалуға бағытталған әрекеттер жүйесi. Басқаша айтқанда, саясат ұғымы қоғамның саяси саласындағы барлық құбылыстар мен үрдiстердi, тенденцияларды бейнелейдi. Осы тұрғыдан алғанда, саясатты белгiлi бiр таптың, партияның, мемлекеттiң мүдделерi, мақсат-мiндеттерiнiң мазмұны мен ауқымы көрсетiлген құжаттарының жиынтығы деп айтуға болады.
Саясат қоғам дұрыс өмiр сүруi үшін қажет және сол үшiн өмiрге келген. Сондықтан да саясат қоғамның қажеттi, әрi маңызды элементi болып табылады.
2. Саясаттың қоғамның басқа да салаларымен өзара әрекеттестігі. Саясат және экономика. Саясат және құқық. Саясат, мораль және дін. Саясаттың әлеуметтік негіздері, саясаттың субъектілері мен объектілері. Саясаттағы объективтілік пен субъективтілік, оның қоғамдық дамудағы рөлі. Саясаттың гумандық сипаты.
Достарыңызбен бөлісу: |